Жеткіншектерге құқықтық тәрбие берудің педагогикалық шарттары


Пән: Педагогика
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 34 бет
Таңдаулыға:   

ӘОЖ ( 37. 032. 2. ) Қолжазба құқығында

ТҰРҒАНБАЕВА БЕЙБІТГҮЛ ШӘКӘРІМҚЫЗЫ

Жеткіншектерге құқықтық тәрбие берудің

педагогикалық шарттары

13. 00. 01 - Жалпы педагогика, педагогика және білім тарихы,

этнопедагогика

Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми

дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

А В Т О Р Е Ф Е Р А Т Ы

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2010

Жұмыс Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде орындалған.

Ғылыми жетекшісі: педагогика ғылымдарының докторы

Р. К. Төлеубекова

Ресми оппоненттері: педагогика ғылымдарының докторы

І. А. Байсерке

педагогика ғылымдарының кандидаты

А. Т. Утебаева

Жетекші ұйым: C. Торайғыров атындағы

Павлодар мемлекеттік университеті

Қорғау 2010 жылы 10 наурыз сағат 12. 00 де Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 14. 05. 01 диссертациялық кеңесінің мәжілісінде өтеді.

Мекен жайы: 050010, Алматы қаласы, Достық даңғылы, 13, 2- қабат, мәжіліс залы.

Диссертациямен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ғылыми кітапханасында танысуға болады. Мекен - жайы: 050010, Алматы қаласы, Қазыбек би көшесі 30, 3 - қабат.

Автореферат 10 ақпанда 2010 жылы таратылды.

Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы: Ә. Н. Көшербаева

Кiрiспе

Зерттеудің көкейкестігі . Қазақстан тәуелсіздікке ие болғаннан кейін егемен мемлекет пен оның азаматтарының өміріне тікелей тірек болатын барша құқықтық негізді қайта құру қажеттігі туды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында « біздің Республика өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады » деп бекітілген. Өркениет пен мәдениеттiң маңызды құбылысы ретiнде құқық мемлекеттiң жағымсыз iс-әрекеттерiне заңды түрде тосқауыл қоя отырып, адамның табиғи тарихи еркiндiгi мен бостандығының жанашыры, гаранты рөлiн атқарып отырады. Сөйтiп, адамға оның жан-жақты еркiн дамуына, қысылмай ыңғайлы өмiр сүруiне кепiл болады.

Осы тұрғыдан алғанда, құқық - қоғамдағы ең негізгі және маңызды қатынастарды реттейтін, қоғамға пайдалы әрі қажетті қатынастардың дамуына жол ашып, қорғап, қоғамға зиянды қатынастарды шектеп, тыйым салатын құрал ретінде адамдардың іс-әрекеттері мен мінез-құлықтарының қоғамдық мүддеге, белгіленген тәртіпке, қабылданған заңдарға сай келуін талап етеді. Сондықтан қоғамның дамуы әрбір адамның өз құқықтары мен еркіндіктерін жүзеге асыра алатын мүмкіндіктерінің болуы арқылы көрініс табатын болса, ол мектеп қабырғасынан бастап қалыптасқан құқықтық тәрбиеге тікелей байланысты.

Қазіргі мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында (0-18 жас аралығында) 5 млн. жуық бала өмір сүреді, оның 508 мыңы мектеп жасына дейінгі, ал 3 млн. жуығы. мектеп жасындағы балалар. Соның ішінде, Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы, Ішкі істер бөлімінің кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар туралы алынған мәліметтер бойынша 2005-2007 оқу жылдарында жеткіншектердің аралығында құқық бұзушылық 5, 9 пайызға дейін жоғарлағанын, ал 2007-2009 оқу жылында 17, 8 пайызға төмендегенін көрсетеді. Бұл Республикада балалық шақ мәселесімен айналысатын 9 министрлік пен ведомство мен 16 балалардың құқықтарын қорғау департаментінің жұмысына және 2007-2011 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бағдарламасын бекітілуіне, құқық бұзушылықтың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу іс - шараларының жиі өткізілуіне, әр мектепке мектеп инспекторларының бөлінуіне тікелей байланысты. Соған қарамастан қазіргі қоғамдағы жеткіншектер арасында нашақорлықтың, зорлықтың, ұрлықтың, бұзақылықтың орын алуы және заңдарды бұзушылық, адам құқықтарын қорғаудың механизмінің болмауы, адамның өз құқықтарын қорғау тәсілдерін білмеуі құқықтық тәрбиелеуге қатысты жаңа бағытты қалыптастыруды талап етеді.

Сондықтан дұрыс ұйымдастырылған тәрбие мен отбасының жағдайы арқылы тұлғаны қалыптастыруға педагогикалық басшылықтың шамасы жететінін ескеру қажет. Тәрбие - бүгінде ұлттардың бірігіп нығаюының бөлінбейтін механизмі ретінде әлемдік өркениет пен мәдениеттің дамуында әрбір халықтың өзінің тарихи тағдырын, өзінің орны мен рөлін саналы түсінуіне әкелетін құбылыс. ХХI ғасырдың басында жаһандануға байланысты ұлттық тенденциялардың бірлігі мен күресі, үйлесімі мен текетіресі қоғамымыздың қазiргi әлеуметтiк-тарихи даму кезеңiнде, бiлiм беру жүйесiн реформалау үдерісiнде отбасы мен жалпы бiлiм беретін мектепте туындаған тәрбиелеу үдерісінің педагогикалық ерекшелiктерiнің маңызы өсiп отыр.

Тарихқа көз жіберсек, құқық, қазақ халқының тұрмысындағы құқықтық мәдениет, құқықтық қарым-қатынас нормалары туралы құнды пікірлерді Әл-Фараби, Ж. Баласағұни, А. Яссауи, М. Қашқари, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Есім хан, Қасым хан, Әбілқайыр хан, Абылай хан, Тәуке хан өнегелерінен; одан кейінгі кездегі Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев, Ш. Құдайбердиев, А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов сынды ағартушылар еңбектерінен көреміз . Бертін келе, жеткіншектерге құқықтық тәрбие беруде, азаматттық ұстанымдарды қалыптастыруда қазақ халқының ұлттық тәлім-тәрбиесінің озық тәжірибелерін пайдалануды Қ. Б. Жарықбаев, С. Қ. Қалиев, С. А. Ұзақбаева, Ж. Наурызбай, К. Қожахметова, Ә. Табылдиев, Қ. Бөлеев және т. б. еңбектерінде қарастырады.

Зерттеліп отырған мәселенің теориялық негізі шетел ғалымдары Э. Дрюкгейм, М. Вебер, Т. Парсонс және т. б; ТМД ғалымдары Г. П. Давыдов, Н. М. Кейзеров, И. Ф. Рябко және т. б . ; Қазақстан ғалымдары М. Т. Баймаханов, Д. О. Сартаев, Г. С. Сапарғалиев, Е. К. Нұрпейісов, Л. А. Байсерке, В . В. Трифонов, Л. К. Керімов, К. Б. Бегалиев, В. Г. Баженов, Э. И. Шыныбекова және т. б. ғалымдар еңбектерінде қарастырылады .

ТМД елдеріндегі ғылыми әдебиеттердің сараптамасы көрсеткендей, оқушылардың құқықтық тәрбиесінің әлеуметтік-педагогикалық негіздері (А. Ф. Никитин және т. б. ) ; құқықтық мәдениетті қалыптастырудың әлеуметтік-педагогикалық мәселелері (Т. В. Болотина және т. б. ) ; құқықтық тәрбие мен білім беруді оқу-тәрбие практикасында жүзеге асыру (Ф. С. Махов, Г. В. Миньковский, В. Н. Найбич және т. б. ) ; ; тұтас педагогикалық үдерісте әлеуметтік-құқықтық тәжірибені қалыптастыру (В. М. Обухов) еңбектерінде зерттелінеді. Кейбір ғалымдар құқықты нормалар жүйесі (С. С. Алексеев және т. б. ) ; рухани сала (И. А. Ильин, В. А. Каминская, А. Р. Ратинов және т. б. ) ; адамгершілікті заңды мінез-құлықтың ішкі реттеушісі (В. С. Олейников) ; жалпыадамзаттық құндылық (В. А. Караковский, Г. В. Мальцева және т. б. ) ; моралды-адамгершілік құндылық (Г. А. Кузнецов, О. Г. Шапиева және т. б. ) ретінде қарастырады.

Педагогикалық үдеріс ретінде құқықтық тәрбиенің негізгі факторларын, шарттарын анықтау үшін ресейлік және қазақстандық ғалымдардың (А. М. Арсеньев, Ю. К. Бабанский, Е. В. Татарницева, Л. А. Байсерке, Л. Ю. Гордина, С. З. Зиманов, А. С. Ибраева, Р. К. Русинов, А. Ж. Аюпова, Б. Т. Лихачев, А. В. Мудрик, А. В. Мицкевич, И. В. Ковалева, Е. К. Нұрпейісов, Л. И. Новикова, Г. С. Сапарғалиев және т. б. ) ғалымдар еңбектеріндегі теориялық қағидалар мен қорытындылар, тұжырымдар маңызды болып келеді.

Зерттеу мәселесі бағытындағы ғылыми еңбектерді талдау барысында соңғы жылдары құқықтық тәрбие басқа да контексте қарастырылатыны айқындалды. Әсіресе, қоғамда жиі кездесетін құқық бұзушылық, оқушылардың оған бейімділігі, оны жеңетін фактор ретінде жаңа құқықтық ойлауды қалыптастыру және т. б. тұрғыдан зерттелінуде: Отандық ғалымдар, атап айтқанда Н. Н. Өсеров, С. И. Қорықбаев, Р. Ә. Орсаева, Д. Б. Бұғыбай, Г. С. Джусупова, Л. Қ. Ерінбетова, С. Б. Бейсебаева, А. Б. Сманова, А. О. Бейсембаева; Ресей ғалымдары А. Н. Бабенко, Н. И. Матузов, А. В. Малько, В. Н. Кудрявцева, В. В. Латаева, Ю. П. Козюбра және т. б.

Дегенмен, қазіргі мектепті ізгілендіру барысында жеткіншектерге құқықтық тәрбие берудің педагогикалық негіздерін жасау терең зерттелініп шешімін таппай отырған мәселе болып отыр. Бүгінгі күннің әлеуметтік-мәдени жағдайына байланысты жеткіншектердің мінез-құлқы мен жүріс-тұрысындағы адам затына кайшы, ұлттық менталитетімізде жоқ қылықтар мен теріс әрекеттердің тұрмыста кездесіп қалуы, жеткіншектерге құқықтық тәрбие берудің педагогикалық шарттарын анықтаудың қажеттілігін туғызады.

Сонымен, зерттеу мәселесi бойынша ғылыми - теориялық әдебиеттердi жан-жақты талдау, мектептегі оқу-тәрбие үдерісіндегі тәжірибелерді саралау нәтижелері құқықтық тәрбие мен осы бағыттағы әртүрлі зерттеулердiң болғанына қарамастан, құқықтық тәрбиеге байланысты шешімдерін таппаған жекелеген мәселелер көрініс беретіндігін анықтайды. Құқықтық тәртіпті қатайтуға деген заңдылықтарды орындау мен жүзеге асыру бұл үдерістердің теориялық және ғылыми - әдістемесінің әлі де жетік еместігі, мектеп оқушыларының тұлғалық дамуындағы және жалпы білім беретін мектептің оқу-тәрбие үдерісіндегі келеңсіздіктер, құқықтық білім мен тәрбиенің төмендігі арасындағы; мектепте құқықтық білім мен тәрбие беру жүйесінің педагогикалық шарттарының толық меңгерілмеуі мен мектеп оқушыларына құқықтық тәрбие беру бағдарламасының жүйеленбеуі арасындағы қарама-қайшылықтардың орын алуы негіз болып отыр. Осы қарама - қайшылықтарды шешуге байланысты қоғам талаптарына сай жалпы білім беретін мектептегі жеткіншектерге құқықтық тәрбие берудің тиімді жолдары мен шарттарын белгілеу біздің зерттеу мәселемізді айқындауға және ғылыми зерттеу жұмысымыздың тақырыбын «Жеткіншектерге құқықтық тәрбие берудің педагогикалық шарттары» деп таңдауымызға негіз болды.

Зерттеу обьектісі: жалпы білім беретін мектептегі оқу-тәрбие үдерісі.

Зерттеу пәні: жалпы білім беретін мектеп жеткіншектеріне құқықтық тәрбие беру.

Зерттеудің мақсаты: жалпы бiлiм беретін мектептегi жеткіншектерге құқықтық тәрбие беруді теориялық тұрғыдан негіздеу және оны тәжірибеде қолданудың тиімді жолдарын белгілеу.

Зерттеудің ғылыми болжамы: егер, жеткіншектерге құқықтық тәрбие берудің психологиялық-педагогикалық мәселесі зерделеніп, оның теориялық - әдістемелік негізі жасалса, жеткіншектерге құқықтық тәрбие берудің моделі құрылымы, өлшемдері, көрсеткіштері мен деңгейлері айқындалып, педагогикалық шарттары анықталса, бағдарламаны тәжірибелік - эксперименттен өткізіп, мектеп практикасына кешенді түрде енгізсе, онда жалпы білім беретін мектептегі жеткіншектердің құқықтық тәрбиесі туралы теориялық білімдері кеңейіп, сана-сезімі мол, белсенді, тәртіп бұзушылыққа ымырасыздықпен қарайтын жеке тұлға қалыптастыруға мүмкіндік туады.

Зерттеудің міндеттері:

  • «құқықтық сана», «құқықтық тәрбие», «құқықтық жүйе» ұғымдарына берілген анықтамаларды нақтылау;
  • жеткіншектердің жас ерекшеліктерін ескере отырып, құрылымдық-мазмұндық моделін жасау, өлшемдері, көрсеткіштері мен деңгейлерін анықтау;
  • 5-9 сынып оқушыларына құқықтық тәрбие берудің педагогикалық шарттарын айқындау;
  • жалпы орта білім беретін мектептегі 5-9 сынып оқушыларына құқықтық тәрбие берудің педагогикалық шарттардың тиімділігін эксперимент жүзінде дәлелдеу.

Зерттеудің жетекші идеясы: жалпы орта білім беретін мектептегі оқу тәрбие үдерісінде тұлғалық - бағдарлық тұрғыдан жеткіншектерге құқықтық тәрбие беру қазіргі қоғам талаптарына сай тұлғаның әлеуметтік -құқықтық мәдениетін қалыптастырады.

Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері: таным, тұлға, іс-әрекет, тұлғалық - бағдарлық, тұтас педагогикалық процесс, ынтымақтастық теориялары, құқық туралы философиялық, әлеуметтік, психологиялық, педагогикалық тұжырымдамалар, диагностикалаудың жалпы әдістемесі.

Зерттеу әдістері: зерттеліп отырған мәселеге қатысты философиялық, психологиялық, педагогикалық және ғылыми-әдістемелік әдебиеттерге теориялық талдау жасау, салыстыру, нәтижені жобалау, оқу-әдістемелік құжаттарды саралау, озат іс-тәжірибелерді жинақтау, оқу-тәрбие үдерісін бақылау, педагогикалық эксперимент жүргізу, сауалнама жүргізу, тестілеу, әңгімелесу, зерттеу бойынша алынған нәтижелерді математикалық-статистикалық тұрғыдан өңдеу және қорытындылау.

Зерттеу көздері ретінде Қазақстан Республикасының Ата заңы ( 2008 ), «Білім туралы» Заңы (2007), «Бала құқықтары туралы Конвенция» (1989), «Мәдени мұра» бағдарламасы (2003), «Мәдени мұра стратегиялық ұлттық жобасының 2009-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы», «Қазақстан Республикасының тәлім-тәрбие тұжырымдамасы (2000), Қазақстан Республикасының білім беру мекемелерінде тәрбиенің кешенді бағдарламасы (2000), «Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы» (2004), «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы» (2004), Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдаулары: «Қазақстан 2030» стратегиясы (1998ж. ), «Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін» (19 наурыз, 2004ж. ), «Қазақстан экономикалық әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» (2005ж. ), «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» (1 наурыз, 2006ж. ), «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» (28 ақпан, 2007ж. ), зерттеу мәселесіне бойынша отандық және шетел ғалымдарының (философтар, психологтар, педагогтар) еңбектері, жалпы білім беретін мектептердегі озық тәжірибелер және автордың жеке педагогикалық іс-тәжірибесі алынды.

Зерттеу кезеңдері. Ғылыми зерттеу бір-бірімен байланысты үш кезеңнен тұрады.

Бірінші кезеңде (2004-2005 жж. ) зерттеу проблемасы анықталып, оның мақсаты мен міндеттері айқындалды, зерттеудің ғылыми аппараттары дайындалды, зерттеудің теориялық негізі анықталды. Зерттеу тақырыбымызға байланысты ғылыми зерттеулер, философиялық, әлеуметтік, психологиялық, педагогикалық, оқу-әдістемелік әдебиеттер көздері зерделенді. Зерттеу мәселесі бойынша материалдар жинақталып, тәжірибелік-эксперименттік жұмыстардың мақсат-міндеттері, мазмұны анықталды.

Екінші кезеңде (2006-2007 жж. ) зерттеу жұмысымыздың жүйесі құрылды. Жеткіншектерге құқықтық тәрбие берудің құрылымдық-мазмұндық моделі, мектептегi құқықтық тәрбие берудің жүйесі жасалды. Жеткіншектерге құқықтық берудің педагогикалық шарттары айқындалды. Қазіргі мектептердегі 5-9 сынып оқушыларына құқықтық тәрбие беру мүмкіндіктері, оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастырудың оңтайлы әдіс-тәсілдері анықталды. Жеткіншектерге құқықтық тәрбие беру жолдарын талдау және дамыту әдістемесі жасалды. Тәжірибелік-эксперимент жұмыстарының үш кезеңде жоспарлы түрде жүргізілді.

Үшінші кезеңде (2008-2010 жж. ) 5-9 сынып оқушыларына құқықтық тәрбие беру әдістемесі бойынша жүргізілген тәжірибелік-эксперименттік жұмыстардың нәтижелері талқыланып, сараланды, статистикалық-математикалық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Ғылыми-әдістемелік жұмыстар жасалып, нақты тұжырымдар мен ұсыныстар дайындалды, диссертацияны талапқа сай рәсімдеу жүзеге асырылды. “Қазіргі мектептегі жеткіншектерге құқықтық тәрбие берудің негіздері” атты арнайы курс бағдарламасы дайындалды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық маңыздылығы:

  • «құқықтық сана», «құқықтық тәрбие», «құқықтық жүйе» ұғымдарына берілген анықтамалар нақтыланды;
  • жеткіншектердің жас ерекшеліктерін ескере отырып, құрылымдық-мазмұндық моделі жасалып, өлшемдері, көрсеткіштері мен деңгейлері анықталды;
  • 5-9 сынып оқушыларына құқықтық тәрбие берудің педагогикалық шарттары айқындалды;
  • жалпы орта білім беретін мектептегі 5-9 сынып оқушыларына құқықтық тәрбие берудің педагогикалық шарттардың тиімділігі эксперимент жүзінде тексеріліп, дәлелденді.

Зерттеудің практикалық мәнділігі:

- жалпы орта білім беретін мектеп оқушыларына құқықтық тәрбие беруге байланысты мектеп мұғалімдеріне арналған «Қазіргі мектептегі жеткіншектерге құқықтық тәрбие берудің негіздері» арнайы курс бағдарламасы дайындалды;

- жеткіншектерге құқықтық тәрбие беруге байланысты әдістемелік-ғылыми ұсыныстар жасалды.

Зерттеу нәтижелерін жалпы орта білім беретін мектептердің тәрбие және білім беру үрдісінде пайдалануға болады.

Қорғауға ұсынылады:

- «құқықтық сана», «құқықтық тәрбие», «құқықтық жүйе» және т. б. ұғымдардың анықтамаларының мәні ашып көрсетіледі;

  • жеткіншектерге құқықтық тәрбие беру мәселесі ғылыми тұрғыдан негізделген құрылымдық-мазмұндық моделі, оның мотивациялық, мазмұндық, рефлекциялық, іс-әрекеттік компоненттердің бірлігі, өлшемдері, көрсеткіштері мен деңгейлері арқылы қарастырылады;

- 5-9 сынып оқушыларына құқықтық тәрбие берудің педагогикалық шарттары сипатталады;

  • сынып және сыныптан тыс тәрбиелік іс-шаралар негізінде жеткіншектерге құқықтық тәрбие берудің педагогикалық шарттарының тиімділігі эксперимент жүзінде дәлелденеді.

Зерттеу нәтижелерінің дәйектілігі және сенімділігі талапқа сай әдіснамалық және теориялық қағидалармен, зерттеу пәніне сәйкес әдіс-тәсілдерді қолданумен, эксперимент бағдарламасының мақсатқа сәйкестілігімен, бастапқы және соңғы көрсеткіш нәтижелерінің қорытындыларымен, жалпы білім беретін мектеп жағдайында олардың тиімділігін тексерумен қамтамасыз етілді.

Зерттеу нәтижелері дәлелді және негізділігі мен жұмыстың сапалылығын көрсетті.

Зерттеу базасы: ШҚО, Семей қаланың № 5, 37 мектеп-гимназиялары, № 8, 26 жалпы орта білім беретін мектептерде жүзеге асырылды. Экспериментке 230 оқушы қатысты. Оның 92 оқушысы бақылау тобы, 138 эксперименттік топ.

Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және іс-тәжірибеге ендіру . Зерттеудің негізгі қағидалары ғылыми баяндама түрінде халықаралық және республикалық конференцияларда (Семей 2006, 2007, 2008, 2009; Алматы 2007, 2008, 2009), Семей мемлекеттік педагогикалық институтының педагогика кафедрасында, Семей қалалық мұғалімдердің біліктілігін жоғарлату және педагог кадрларды қайта даярлау институтында, мектептердің әдістемелік кеңестерінде жүзеге асты. Баспасөз бетінде жарық көрген ғылыми мақалаларда (18) көрініс тапты.

Диссертацияның құрылымы: Диссертация кіріспеден, 2 бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады.

Кіріспеде зерттеу тақырыбының көкейкестілігі негізделеді, ғылыми аппараты: обьектісі, пәні, мақсаты, міндеттері, жетекші идеясы, әдіснамалық-теориялық негіздері, зерттеу көздері, әдістері, негізгі кезеңдері, ғылыми жаңалығы мен теориялық және практикалық маңыздылығы, қорғауға ұсынылатын қағидалары, нәтижелердің дәлділігі мен негізділігі ашып көрсетіледі.

«Құқықтық тәрбие берудің теориялық негіздері» атты бөлімде зерттеу проблемасының ғылыми-педагогикалық негіздерін анықтау мақсатында «құқық», «құқықтық сана», «құқықтық тәрбие», «құқықтық жүйе» т. б. ұғымдарға берілген анықтамалар мен түсініктерге талдау жасалып, философиялық, әлеуметтік, психологиялық, педагогикалық мәні мен маңызы ашып көрсетіледі. Жеткіншектерге құқықтық тәрбие берудің құрылымдық-мазмұндық моделі жасалынып, көрсеткіштері, өлшемдері мен деңгейлеріне мазмұндық сипаттама беріледі. Қазіргі жалпы орта білім беретін мектептерде 5-9 сынып оқушыларына құқықтық тәрбие берудің шарттары айқындалады.

«Құқықтық тәрбие берудің тәжірибелік-эксперименттік жұмыстары» деп аталатын екінші бөлімде жалпы орта білім беретін мектепте оқушыларға құқықтық тәрбие беру деңгейлерінің әдістемесі негізделді. Мектеп оқушыларына құқықтық тәрбие беруге бағытталған тәжірибелік-эксперименттік жұмыстар нәтижелері талқыланып, қорытындыланады.

Қорытындыда болжамды дәлелдейтін зерттеудің негізгі нәтижелері түйінделіп, тұжырымдалады және оларды пайдалануға байланысты ғылыми-әдістемелік ұсыныстар беріледі. Құқықтық тәрбие беру мәселесінің болашақтағы зерделенетін бағыттары көрсетіледі.

Қосымшада 5-9 сынып оқушыларына құқықтық тәрбие беру жұмыстары бойынша сауалнамалар, пікір-сайыс, кездесу, кештер, интеллектуалдық ойындар ұсынылды.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Еліміздің Ата Заңында Қазақстан Республикасы құқықтық мемлекет деп жарияланды. Құқықтық мемлекет құрудағы талпыныс жас ұрпақ тәрбиесінен басталады, себебі болашақ жастар қолында. Жаңа ғасырға қадам басқан жас ұрпақтың қазіргі өмірге бейімділігінің болуы, әр адамның қоғамдағы өз құқығын білуі, қоғам үшін жауапкершілігінің болуы, қоғамдық қатынастарда заң бұзушылықтың алдын-алатын, әр іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарайтын жеке тұлға тәрбиелеу мәселесінің көкейкестілігі артуда.

Осы орайда қазақ халқы ұрпақ тәрбиесіне ежелден үлкен мән бере отырып, адам құқығын қорғау мәселесінде өзіндік ой-тұжырымдарын жасап келген. Арнайы құқық қорғау органдары мен құқықтың заңнамалары болмаған кездің өзінде -ақ қазақ халқы сөз құдыретіне, сөз қуатына мән беріп, тобықтай түйін арқылы тәрбиенің құқықтық мәселелерін шеше білген. Мәселен, Тәуке ханның Жеті Жарғысы құқықтық тәрбие берудің негізін қалап, бүгінгі уақытқа дейін бұл қағидалар ұлттық тәрбие қалыптастыруға ықпал етіп келеді.

Зерттеу барысында біз, сонау көне грек ойшылдарының еңбектерінде негізі қаланған жеткіншектерге құқықтық тәрбие берудің теориялық негіздерін айқындауда заң білімін насихаттау құқықтық білім және тәрбие берудің бастамасы екендігін көрсетуде Аристотель, Демокрит, Әл Фараби, М. Х. Дулати еңбектеріне шолу жасадық. Құқықтық тәрбиенің негізі қай қоғам болмасын, сол қоғамның өзі тудырған моральдық тәрбиесінің тағылымынан сұрапталған нысан екеніне Аристотель тұғырлы тұжырым жасап берген. Бұл ойы қазіргі заман талабына сай бүгінгі жеткіншектерге құқықтық тәрбие беру мәселесінде өзектілігімен ерекшеленіп отыр.

Демокрит құқықтық тәрбиенің нәтижелі болуының қозғаушы күші - ата-аналар мен мұғалімдердің бірлесіп жұмыс атқаруында деп айқын көрсеткен. Шығыс елі ойшылдарының бастаушысы - Әбу Насыр Әл-Фараби құқықтық тәрбие жайлы «жамандықты жақсылық жеңгенде ғана адам баласы ізгі мұратына жетеді» деп түсінетінін меңзейді.

Құқықтық тәрбие негізі ретінде «Құтты білік» еңбегінде Жүсіп Баласағұн әлеуметтік нормалар, құқықтық тәрбиенің рөлін жоғары бағалап, қоғамдық жағдайлардың, айнала ортаның ықпалымен, оң әсерімен тәрбие арқылы және адам табиғатынан туысынан - дүниеге нәсілдік ерекшелігімен келетінін ескеруді ерекше көрсеткен. Оған «Адамдарды басқару заңы туралы» тараудың «бек деген қандай болуы керек?», т. б. мысал бола алады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Жеткіншектерге құқықтық тәрбие беруді диагностикалау
Оқушылардың құқықтық тәрбиесін қалыптастыру
Сыныптан тыс жұмыстарда жеткіншектердің адамгершілік құндылықтарын қалыптастырудың педагогикалық шарттары
Орта мектеп химиясы бойынша сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыру, сыныптан тыс жұмыстарда жеткіншектердің адамгершілік құндылықтарын қалыптастырудың педагогикалық шарттары
Жасөспірімдердің есірткі қолдануына қарсы кеңес берудің психологиялық маңыздылығы
Жеткіншектерді тәрбиелеудегі мектеп пен ата-ананың ынтымақтастығының теориялық мәселелері
Оқыту процесіндегі экологиялық тәрбие
Болашақ педагогты жеткіншектердің көркемдік мәдениетін қалыптастыруға даярлау
Экономикалық тәрбие
Оқушыларға құқықтық тәрбие беру. Құқықтық білім күндері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz