Білім социологиясының ғылыми-теориялық негізі


1. 1 Жоғары білім беру әлеуметтік институт ретінде
Білім социологиясының ғылыми-теориялық негізі ХІХ ғасырда қалыптаса бастаған. Белгілі философ және социологияның негізін қалаушы Герберт Спенсердің 1860 ж. кітабы жарық көрген. Кітаптың аты “Образование: интеллектуальное, моральное и физическое”. Спенсердің түсіндіруінде білім адамдардың өмірін тиімді түрде бақылау үшін қажет. Білім берудің түрлі жүйелеріне тоқтала келіп, Спенсер, бұл құндылықтарды салыстыру арқылы түсінуге болады деген. Спенсер “Естественный метод образования” деген әдісті ұсынған . Білім беру мәселесі ХІХ ғасырдың аяқ кезі мен ХХ ғасырдың бас кезінен бастап өте өзекті мәселелердің біріне айналған. 1883 ж. АҚШ-та Лестер Франк Уорд деген ғалымның “Динамическая социология” деген кітабы жарық көрген. Уорд өзінің осы кітабында мектептің жалпы білім беретін орталықтардың қоғамның өзгеруіне әсер етуі туралы жазған. Білім социологиясының қалыптасуы және дамуы белгілі социолог Эмиль Дюркгеймнің атымен байланысты. Ғылыми қауым сол кезде Парижде Дюркгеймді білім социологиясының негізгі теориясын қалаушы деп атаған. Дюркгейм, Франциядағы Бордо университетінің профессоры өзінің оқыған лекцияларын жинақтап кітап ретінде шығарған. Оның атын “Общество и образование” деп атаған. Оның түсіндіруі бойынша қоғамдағы экономиканың және саясаттың жағдайы білімге байланысты делінген. Ал “Моральное образование” [42] деген кітабында Дюркгейм мектептің қоғамдағы функциясы туралы терең пікірлер білдірген.
1899 ж. американдық психолог, педагог және социолог Джон Дьюидің “Школа и общество” деген кітабы жарық көрген. Көптеген зерттеушілер бұл кітапқа қазірдің өзінде жиі-жиі сілтемелер жасайды. Жоғарыда аттары аталған ғалымдар біршама өзекті, өткір мәселелерді қозғаған. Олардың ішінде әлеуметтік даму (прогресс) мәселесі де болды. Әлеуметтік даму білім деңгейіне тікелей байланысты деген тұжырымдар жасады. Осы кезеңде ірі, белгілі философ, педагог, психолог және социологтар білім мәселесі бойынша өте құнды, пайдалы пікірлер айтып, білімді дамыту жолдарын ұсынған. Олардың көпшілігі еуропалық және американдық ғалымдар. Олар: Пауль Бергеманн, Макс Рем, Рудольф Штайнер, Отто Вильманн, Пауль Герхарт Натори, Герберт Спенсер, Габриэль Хортон Кули, Альбион Вудбери Смолл, Эдвард Олсуорт Росс, Уильям Грэм Самнер, Уолтер Байет, Джорж Герберт Мид, Уильям Джеймс, т. б. [43, c. 18] . Халыққа жаппай білім берудің мемлекет үшін маңыздылығы ХІХ ғасырдың аяғында түсінікті бола бастаған. Білім беру арқылы халықты, бұқараны тыныштандырып, әлеуметтік тыныштықты орнату, дамып келе жатқан экономика мен мәдениетке мамандар қажет екенін барлық елдерден бұрын АҚШ мемлекеті түсінген және білім беру ісін мемлекет өз қолына алған. Білім беруді социологиялық бағытта зерттеуде осы елде кеңінен өріс алған. АҚШ білім беру жүйесі басшыларының бірі білім берудің маңызын түсіну, оның қоғамдағы мазмұнын білу социологиясыз мүмкін емес деп атап көрсетті. ХХ ғасырдың бас кезінде АҚШ-та білім социологиясы кеңінен орын алып, социологияның беделі мықты көтерілген. ХІХ ғасырдың аяғында американдық социологиялық қоғам құрылып, ал ХХ ғасырдың бас кезінде жоғары оқу орындарында социология факультеттері ашылған. Американың атақты Стэнфорд университетінде 1898 ж. Эдворд О. Росс “Социология для учителя” деген курсты бастаған. 1901 ж. Давид Снедлен сол университетте студенттерге “Образование, общество” деген курсты оқыған. 1907 ж. Генри Сузалло Колумбия университетінде “Образовательная социология” деген пәнді енгізген. Сондай-ақ осы пән 1914 ж. АҚШ-тың 16 жоғары оқу орнына курс ретінде енгізілді, ал 1920 ж. “Образовательная социология” деген журнал шыға бастады. Білім социологиясы АҚШ және Еуропа елдерінде көптеген ұлттық мәселелерді түсіндіріп шешуге өзінің септігін тигізді. Білім социологиясы социологияның негізгі салаларының бірі болып және осы бағытта ғылыми зерттеу жұмыстары кеңінен өріс ала бастады. АҚШ-та 1963 жылдан бастап “Образовательная социология” журналының орнына “Социология образования” деген журнал пайда болды. Бұл журнал АҚШ-та осы күнге дейін бар және қоғамдағы білім беру мәселелерінің жаңа қырларын ашып, білімнің қоғамда алатын орны, функциялары туралы мақалалар жариялауда. Батыс елдеріндегі басымырақ зерттеліп жатқан білім социологиясындағы білім беру мәселелері көбінесе орта мектепке арналған. Ал, жоғары оқу орындарындағы білім беру, оның модельдері, жүйелері азырақ зерттелуде. Әсіресе соңғы 10 жылдың ішінде осы жүйеге көбірек көңіл бөлу Батыс Еуропа елдерінде орын алды. Көлемді ірі зерттеулер болмағанымен де, көптеген құжаттар, декларациялар алынуда. Біз олардың мазмұнына соңынан тоқталмақпыз.
Білім социологиясы білім жүйесін, білім беретін оқу орындарын әлеуметтік институт ретінде қарастырып және осы тұрғыда социологиялық әдістер арқылы зерттейді. Оқу процесін білім социологиясы тікелей зерттемейді. Бірақ социологияның оқу процесіне тікелей қатынасы бар деуге болады. Оқудың әдістемелік жағынан және әрбір пәннің сапасы туралы басқа ғылымдар (педагогика) зерттеулер жүргізеді. Ал социология осы оқу процесіне байланысты, оның сапасына, тиімділігіне әсер ететін әлеуметтік мәселелерді қарастырады. Мысалы, оқытушылардың сапалық құрамы, білімі, мамандық дәрежелері, мәдениеті, т. б. белгілері. Оқу, білім беру сапасын, деңгейін көтерудегі әсер ететін басқа да феномендер бар. Мысалы, отбасы және балаға білім, тәрбие беру; мемлекет орындары және олардың білім беру мәселесіндегі атқаратын рөлі; мәдени орталық және білім беру, білім берудегі дәстүрдің, әдет-ғұрыптың орны; халықтың ұлттық мәдениеті және білім беру, т. б. Қысқаша айтқанда, білім берудегі социологиялық мәселелер толып жатыр. Социология ғылымының білім беру мәселелерінің бәріне де қатысы бар. Осы мәселелерді социологиялық зерттеулер арқылы социологиялық әдістермен анықтайды, жаңа тұжырымдар жасауға септігін тигізеді. Сондықтан да өркениетті елдерде білім, ғылым және басқа да құндылықтар туралы шешімдер жасау ісінде, реформа, Заң шығару да социологиялық зерттеулердің қорытындыларына жүгінеді. Нақтылы социологиялық зерттеулерді жүргізбейінше маңызды саяси істерді бастауға болмайтынына көпшілік саясаткерлердің көзі жетті деуге болады. Білім социологиясының өзіндік құрылымы бар. Олар білімнің деңгейлеріне байланысты осы социологияның өзіндік салалары. Біздің зерттеу нысанымыз - жоғары білім беру жүйесі. Сондықтан да бұл зерттеу жоғары білім беру социологиясының шеңберінде жүргізіледі. Жоғары білім беру социологиясының өзіндік мәселелері бар. Оның бәрін тізбектеп жату қиынға түседі, бірақ негізгі мәселелерін айтып кетуге болады. Олар: жоғары оқу орындарының мамандар дайындаудағы қоғамдағы рөлі; ғылымды, жоғары білімді әлеуметтік құндылық ретінде қарастыру; жоғары білім беру үздіксіз білім алудың ресми түрдегі жоғарғы сатысы; жоғары білім беру процесін гуманизацияландыру; жоғары білім беру жүйесін әлемдік талаптарға сәйкес келтірудің әлеуметтік жақтары; жоғары білім беру және әлеуметтік құрылымдағы өзгерістер; жоғары білім алған мамандардың қоғамдағы орны, статусы; жоғары білім берудің сапасын көтеру және соған байланысты әлеуметтік шаралар; жоғары мектепте оқитын студенттің (бакалавриат), магистранттың, аспиранттың, докторанттың әлеуметтік жағдайлары; оқытушылар, профессорлар және жоғары оқу орындарындағы басқа да қызметкерлер топтарын осы орының субъектісі ретінде қарастыру; жоғары білім беру жүйесіндегі реформаларға, жаңа оқудың формаларына социологиялық талдау жасау, бағалау; осы орындардың материалдық базаларын зерттеп, тұжырымдамалар жасау; социологиялық және статистикалық негіздерге сүйене отырып, әрбір кезеңдерде қандай кәсіби мамандық қоғамға, мемлекетке өте қажет, қандай мамандықтар бойынша осы оқу орындарына студенттерді қабылдау санын азайту не көбейту мәселесі; жоғары оқу орнын бітірген мамандардың жұмысқа орналасу мәселесі; жоғары оқу орындарында әлемдік өлшемде тексерілген білім берудің жаңа формаларын енгізу және оның әлеуметтік нәтижесі; жоғары білім беру жүйесін басқару мәселесі және оның тиімді, тиімсіз жақтарын социологиялық жолдармен дәлелдеу. Әрине, білім берудің басқа да жақтары мен мәселелері жеткілікті. “Білім социологиясында маңызды орынға ие болатын сала - ол жоғары білім берудің әлеуметтік мәселелері. Осы әлеуметтік мәселелердің бәрін бірдей тізбектеп жатудың өзі қиынға түсіп отыр”, - дейді М. С. Әженов [25, с. 69] . Бұл диссертацияда осы шеңбердегі мәселелердің бәрін қамтимыз деген ойымыз жоқ, оны орындау да мүмкін емес. Бұлар (мәселелер) жоғары білім социологиясының мәселелері, ал олар көптеген ғылыми топтардың ісі. Біздің қарастырайын деп отырған басты мәселеміз жоғары білім беру жүйесін әлеуметтік институт ретінде зерттеп және соған байланысты кейбір маңызды проблемаларға социологиялық талдау жасау.
Жоғары білім социологиясының зерттеу шеңберіне жоғары оқу орындарының ісі, орны, статусы, т. б. жайттары кіреді. Жоғары оқу орны - ол әлеуметтік институттың мекемесі. Осы ретте біз осы орындардың қысқаша тарихына, жалпы сипатына тоқталғанды жөн көрдік.
Еуропа құрлығында осыдан бірнеше мың жыл бұрын жоғары оқу орындары - университеттер, академиялар, институттар, колледждер пайда болды. Егер де біз осы орындардың тарихына тоқталатын болсақ, ол үлкен өзіндік тарихи мәселе. Дегенмен біз бұл жөнінде қысқаша баяндағымыз келеді. Еуропада жоғары оқу орны көне Грецияда, Византияда (Константинополь) пайда болды деген деректер бар. Ертедегі Грецияда - біздің заманымыздан бұрын ІV ғасырда (387 ж. ) Афина маңындағы бақта атақты философ Платон негізін қалап, грек мифологиясының қаһарманы Академ (Akademos) атымен “Академия” деген оқу орнын ашқан. Бұл оқу орны негізінен философтар мен математиктерді оқытып дайындаған. Осы Академияда белгілі философ Аристотель оқып білім алған. Ал кейінірек Аристотельдің өзі Афина қаласында Лицей (Lyceum) деп атаған тағы да бір оқу орнын ашып, биология және табиғаттану пәндері бойынша мамандар әзірлеген. Платонның академиясы бір мың ғасырдан аса уақыт білім беріп, көптеген мамандар дайындаған. Ол 529 жылы Юстиниан императорының бұйрығымен жабылған [44] . Осы Академияны кейбір ғалымдар Еуропадағы бірінші жоғары оқу орны деп санайды.
Шығыс елдерінде, оның ішінде, Үнді, Қытай, Мысыр, тағы басқа елдерде әр түрлі бағытта (оның көпшілігі діни бағытта) дәріс беретін оқу орындарының болғаны тарихқа белгілі. Конфуцишілер, Буддизм, Джайнизм, тағы басқа ағымдар, бағыттар Шығыс елдерінде орын алып, осыған байланысты көптеген оқу орындары ашылған. Осындай оқу орындарының өзі әр түрлі деңгейлерде болған. Олардың ішінде бастауыш, орта және терең жоғары білім беретін мектептер болған, олар қазіргі кездерде де орын алады. Ислам дініне байланысты осы дінді уағыздау, үйрету үшін көптеген ислам дінін қабылдаған елдерде, оның ішінде қазақ-қыпшақ даласында мектептер, медреселер ашылған. Олардың да деңгейі әр түрлі болған. Ислам дініне байланысты жоғары оқу орындары Араб елдерінде жұмыс жасай бастаған. Орта ғасырларда біздің Орта Азиялық аумақта жоғары оқу орны болды деп тарихта жазылмаған (біз білетін тарихта) . Бірақ XIV ғасырда Самаркандтың әміршісі, ғұлама ғалым, астроном Ұлықбек (Темірдің немересі) үлкен обсерватория ашып, оны оқу орнына айналдырған. Көп жылдар бойы Ұлықбектің өзі шәкірттерді, жастарды оқытып, оларға терең білім берген дейді. Қазіргі Өзбекстандағы Самарканд университеті өзінің бастау тарихы Ұлықбектің обсерваториясы деп санайды. Ол дұрыс па, жоқ шындыққа келмей ме, онда тұрған мәселе жоқ. Мәселе сол кезде, осындай орынның сол қалада болғандығын тарихи шындық, ақиқат деп дәлелдеген.
Біздің қазіргі түсінігімізше жоғары оқу орны ғылымға негізделген оқу орны. Еуропа елдерінде осы статуста ашылған жоғары оқу орындарын университет деп атаған. Осындай классикалық университеттердің тарихы Еуропада XI ғасырдан басталады. “Дүние жүзіндегі бірінші университет бұдан 1500 жыл бұрын (425 ж. ) Константинопольде ашылды. Онда тек қана поптарды, заңгерлерді, дәрігерлерді дайындаған”, - деп жазады Н. А. Аитов [20, с. 5] .
Бірақ барлық мамандықтардан терең білім беретін классикалық университеттердің тарихы XI ғасырдан басталады. Университеттердің ең біріншісі болып Италиядағы Болонья университеті саналады. Ол 1088 жылы ашылған. Одан кейін 1167 жылы Англияда Оксфорд университеті және 1209 жылы Кембридж университеті ашылған [45, с. 75] .
Орта ғасырларда Еуропа елдерінің көпшілігінде университеттік жоғары оқу орындар кеңінен өріс алып, көптеген білімді мамандар дайындалған. Осы кездегі университеттер үш ғылыми атақ берген. Олар: бакалавр, лиценциат, доктор немесе магистр.
Университеттердің, жалпы жоғары оқу орындарының өркендеуі жаңа дәуірден, яғни XVIII ғасырдан басталады. Бұл жағынан біз тағы да Еуропа елдерін айтамыз. Осы кезеңнен бастап университеттер, институттар, академиялар Америкада, Ресейде, көптеген Азия елдерінде ашыла бастады.
Жаңа дәуірдегі жоғары оқу орындарының ерекшелігі орта ғасырмен салыстырғанда, оның оқу мазмұнында, оның оқу бағдарламасында болды. Мамандық беру мәселесі ең басты міндетке айналды, ал оның негізі - ғылымда еді. Әрине діни білім, философия қазіргі батыс елдерінің университеттерінде де оқытылады. Бірақ жоғары білім беріп оқытудың басты мазмұны, пәндердің басым көпшілігі ғылымның жаңалықтарын жеткізу еді. Сонымен, жаңа жоғары оқу орындары ғылыми оқу орындары болып қалыптасты.
Осы бағытта негізделген жоғары оқу орындары, яғни еуропалық сипаттағы, Америка құрлығында да ашыла бастады. Солардың бірі қазіргі өте ірі оқу орны - Гарвард университеті. Ол 1636 жылы колледж ретінде Американың Массачусетс штатында ашылып, XIX ғасырдың басында университетке айналдырылған [46] .
Мамандардың айтуына қарағанда, толық классикалық университет Еуропа елдерінде XIX ғасырдың бірінші жартысында қалыптасқан. Осындай классикалық университеттің бірі болып Германиядағы Вильгельм Фон Гумбольд атындағы университетті айтуға болады. Классикалық университеттердің үлгісі бойынша үш міндет орындалуы қажет болған. 1. Мамандық беру, оқыту;
2. Ғылыми жұмыстарын жүргізу;
3. Мәдениетке тәрбиелеу, мәдениеті жоғары адамды қалыптастыру [45, с. 35] .
XVIII ғасырдың орта кезінен бастап жоғары оқу орындары Ресейде пайда бола бастады. 1755 ж. М. Б. Ломоносовтың ұйымдастыруымен философия, заң, медицина - үш факультеті бар Москва университеті ашылған. 1802 ж. Дерпт (Юрьев қаласы) университеті, 1804 ж. Қазан университеті, 1804 ж. Харьков университеті, 1819 ж. Петербург университеті ашылды. ХІХ ғасырдың өзінде Ресейде 9 университет болған [47] . Кеңес Одағында жоғары оқу орындарын құру аса маңызды іске айналды. Көптеген институттар, университеттер, академиялар барлық Одақтас Республикаларда ашылып, онда миллиондаған жастар жоғары білім алды. ХХ ғасырдың 50-ші жылдарында Кеңес Одағы жоғары білім беру жағынан дүние жүзінде бірінші орынды иеленді. Кейіннен бұл позициясын біздің ел түрлі себептерге байланысты жоғалтып алды.
Қазақ елінде айтылған стандарттарға сай ұйымдастырылған жоғары оқу орындары Кеңес Одағы кезінде пайда болды. Ең бірінші жоғары оқу орны 1928 ж. Алматы қаласында Қазақ педагогикалық институты (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) ашылды. Одан бұрын Қазақтың педагогикалық институты Ташкент қаласында болған. 1934 ж. Алматыда Қазақтың мемлекеттік университеті (КазГУ) құрылды. Осы жылдары Алматыда басқа да жоғары оқу орындары ашыла бастады. Олардың ішінде мал-дәрігерлік, ауыл-шаруашылық, медициналық институттар және Қазақстанның басқа қалаларында: Орал, Қарағанды, Қызылорда, соңынан басқа да облыс орталығында педагогикалық институттар өз жұмысын бастады. Жалпы 1957 ж. Қазақстанда 25 жоғары оқу орны болды. Бұл жоғары оқу орындарында 70 мамандық бойынша 33, 8 мың студент білім алды [48] .
1970-71 оқу жылында Қазақстанда 44 жоғары оқу орны болып, онда 198904 студент оқыды. 1940 жылға дейін Республиканың жоғары оқу орындары 14 мың жоғары білімді маман даярласа, 1941-1950 жылдар аралығында яғни 10 жыл ішінде 23 мың, 1951-60 жж. 55 мың, 1961-1970 жж. 148 мыңға жуық жоғары білімді мамандар даярланды [49] .
2003-2004 жыл Қазақстан Республикасында жоғары білім беру жүйесінде 180 жоғары оқу орны және ЖОО 86 филиалы бар. Олардың ішінде 48-і мемлекеттік жоғары оқу орны, 9 университеттің ерекше “ұлттық” мәртебесі бар. Жалпы республикадағы жоғары оқу орындарының студенттер саны 656561-ге жеткен [2] .
Сондай-ақ, еліміздегі жоғары оқу орындарының ішінде халықаралық болып саналатын университеттер де бар. Мысалы, мемлекеттік дәрежедегі Түркістан қаласында орналасқан Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Алматыдағы мұнайшылар, технологтар дайындайтын Халықаралық қазақ-британ университеті, ҚМЭБИ (КИМЭП) менеджерлер дайындайтын жоғары оқу орындары бар. Жоғары оқу орындарының ішінде ең үлкені - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Бұл университетте 100-ге жуық мамандық бойынша оқу процесі жүргізіледі, онда 8 ғылыми-зерттеу институты мен ғылыми орталық, 14 факультет, көптеген лабораториялар және тағы басқа оқу жүйелерінің түрлері бар. Сондай-ақ, университетте жалпы оқытушылардың саны 2552, олардың ішінде 18 академик, 20 ҚР еңбегі сіңген қайраткер, 15 ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 4 ҚР жас ғалымдар сыйлығының лауреаты, 278 ғылым докторы, 800-дей ғылым кандидаты. Білім алып жатқан студенттердің саны 17 мыңнан асады [50] . Мұнда бакалавриат, магистратура, аспирантура, докторантура және оқытушылардың біліктілігін жетілдіру институты бар. Докторлық, кандидаттық диссертациялар қорғайтын ғылыми кеңестер басты мамандықтар бойынша қызмет етеді. Бұл университет бұдан біраз жыл бұрын еуропалық классикалық университеттердің ассоциациясына мүше болып кірген. 2003 ж. Болонья университетінде осы ҚазҰУ-нің ректоры ғаламдық университеттердің Ұлы Хартиясы деген құжатқа қол қойды.
“Қазақстан ғаламдық озық ЖОО тәжірибесіндегі ең құнды жақтарын қабылдап және өзіндік ұлттық тәжірибені жоғалтпай, дүниежүзілік білім беру кеңістігінің құрамына толық мүше болып кіруі міндетті іс болып тұр”, - дейді ректор, профессор Төлеген Қожамқұлов [51] .
Жоғары білім беру әлеуметтік институт ретінде бүкіл дүние жүзіндегі елдердің басым көпшілігінде қалыптасқан. ХХ ғасырдың аяқ кезінде дүние жүзінде арнайы жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің саны 60 миллионнан асып кеткен. Бірақ олардың басым көпшілігі, яғни 40 миллионға жуығы озық елдерде оқиды. АҚШ-та дүние жүзі студенттерінің 20 пайызы оқиды, яғни 13 миллион [20, с. 5] . Ал, кейбір деректерге қарағанда, 1960-1995 жылдар аралығында дүние жүзіндегі студенттердің саны 13 миллионнан 82 миллионға жеткен [54] . Қазақстанда жоғары оқу орындары, әсіресе 70-80 жылдар аралығында сан жағынан жақсы қарқынмен дамыды. Осы жылдар ішінде Республикада 11 жаңа ЖОО ашылып, жалпы ЖОО саны 55-ке жетті. 1980 жылдарға таман әрбір 10 мың адамға шаққанда студент саны Қазақстанда Орта Азия республикаларынан, Украина, Грузия, Азербайжаннан асып кетті [41] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz