Көне түркі руна жазба әдебиеті



Пән: Жалпы тарих
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 9 бет
Таңдаулыға:   
Тоқболат Еңсегенұлы,
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің
профессоры, филология ғылымдарының докторы

ЖЫРШЫ ТАСТАРДАҒЫ ТҮРКІЛІК РУХТЫ ҚАСТЕРЛЕЙІК

Адам баласының қуанбай, шаттанбай, күлкіге кенелмей және кейде
ренжімей, қапылыста қайғырмай өмір сүруі мүмкін емес. Бұл табиғат заңдылығы
мен адам тірлігінің сабақтастығының белгісі. Сол толқымалы көңіл-күйдің
жүректі жадыратар мөлдір сыры мен алмағайыпта ұшырасатын мұң-қайғысы жыр
болып төгіліп, ән болып есіліп және шер болып айтылмауы тағы мүмкін емес.
Бүкіл адамзаттың сол ішкі алапат толқыныс сезімі көбіне шағын көлемді
өлеңмен беріледі. Біздің бағзы заманда жасаған бабаларымыз бұл бағытта да
мәңгі тозбас рухани асыл мұраларды молынан жасады. Нақты дәлел келтірсек,
көне түркілер ежелгі заманда жер бетіндегі бірталай аймақтарды мекендеп,
билік жүргізумен бірге сол өңірде өздерінің жазба рухани мұраларын да
молынан қалдырды. Мысалға Алтай, Орхон, Енисей, Турфан, Талас, Іле
аймақтары мен Венгрия жерінен табылған руна жазбаларының көбісі шағын
көлемді поэзиялық шығармалар.
Бір ғана Енисей өзенінің жоғарғы ағысы бойындағы дәу тастарға және
алтын, күміс тостағандарға, әшекейлі бұйымдарға түсірілген түркі руна жазба
ескерткіштер жария болғандарының саны қазір екі жүзге жуық. Айрықша
құндылығы – осы руна жазбаларының бәрі дерлік көркем рухани мұра, шағын
көлемді өлеңдер. Ондағы әрбір таста ең кемі төрт-бес тармақтан тұратын бір
шумақ өлеңнен бастап, бес-алты шумақтан құралған өлең жазылған. Сосынғы бір
ерекшелік – Енисей бойындағы жазбалардың бәрі тек кісі бойындай биік,
енді, ғажап тастарға қашап түсірілген шығармалар. Ағаш, теріге жазған
бұйымдар өте сирек кездеседі. Бұл өңірдегі жазбалардың тағы бір құндылығы –
Енисей руна жазба шығармалары түгелдей намыс, рух, ерлікке құрылған
жауынгерлік жырлар және елді бірлікке, ортақ мақсатқа жетуге шақырған ұран-
үндеу, өсиет өлеңдер деуге болады. Осы тұста арнайы айтарымыз, көне түркі
руна жазбаларының бәрі дерлік жырмен жасалған рухани мұралар екенін әлем
түркітанушылары түгел мойындап, сол поэзиялық шығармалардың көркемдік
деңгейіне талдау жасаған алғашқы зерттеу еңбектер жарық көрді. Қазір осы
сала мамандары арасында “Көне түркі руна жазба әдебиеті” деген тұжырым
бекем қалыптасты.
Осы құнды шығармалардың көркемдік ерекшеліктеріне талдау
жасамас бұрын, сол Енисей жазбаларының табылуы, жиналуы, болмысы, құрылысы,
танылуы, тұрпаты, аударылуы жайлы, яғни әуелі зерттейтін шығармаларымыздың
сыр-сипатын түгел танып, біліп алуымыз керек. Меніңше, көне түркі руна
жазба ескерткіштердің әрбірі – сол елдің бетке ұстар азаматы сияқты. Әр
тастағы жазудың алфавитін танымай, жазудың қалай қарай оқылатыны, қай
қырына әріп таңбалары түсірілгенін білмей, онда кескінделген түркі таңба,
белгілерінің мәнін, маңызын анықтамай, сол мұраға дұрыс аударма жасау
мүмкін емес. Түркі руна жазуы көбіне тастың үш немесе төрт қырына жазылған.
Тасқа дөңгелетіп және көлденең түсірілген жазулар жетерлік.Жақпартастағы
жазбалар сол елдің, жұрттың мақсат, мүддесін, әсіресе жауынгерлік
келбетін, осы халықтың психологиясын, дәстүр-салтын, ар-намысын
танытады және тұрмысынан да мәлімет береді. Демек жазба тас – сол елдің
шежіре данасы, қолбасшысы, батыры.
Жазбаның барлық болмысын танып, түсініп тіл қатсаң, бұл тастар да үн
қатады. Сондықтан, көне түркі руна жазуы түсірілген жақпар тастарды көзбен
көрумен бірге зерттеу үшін әр қырынан суретке түсіріп пайдалану аса қажет.
Өйткені, Енисей бойындағы көне түркі руна жазба тастарының әрқайсысының
барлық қырына үңіліп қарағанда саусақ сияр ашық орын табылмайды. Онда руна
жазбаларымен қоса бейне суреттер салынған. Сол хайуанат бейне суреттері де
тастағы жазумен бір үндестікте жасалған. Көптеген зерттеушілер тастағы
түркі руна жазуы жайлы сөз қозғайды да сол тастағы таңба, суреттерді тіпті
ескермейді. Соған сәйкес, бұл мақалада әрбір жазба тастың бүге-шігесіне
дейін қысқаша мәлімдеп, жазба тас фото суретін реті келгенше жұртшылық
назарына ұсыну көзделді. Сонда ғана істің ақиқаты ашылуына жол түседі.
Бізден кейінгілер жалғастырып дамытуға мүмкіндік туады.
Көне түркілердің Орхон жазбаларымен салыстырғанда Енисей
бойындағы жазба ескерткіштерді зерттеу осы кезге дейін қолға алынбады десе
де болады. Енисей бойындағы қаптаған жазба тастарды алғаш жинап, тануға
Еуропаның көптеген ғалымдары қызығушылықпен белсене араласқаны белгілі. Ал
сол жазбаларды арнайы тереңдете зерттеуге келгенде батылдық танытқандар өте
сирек. Әрине, Енисей жазбаларын жария етуде атақты ғалымдар: В.В.Радлов,
С.Е.Малов, еңбектерін және И.В.Стеблеваның жалпылама болса да ғылыми
талдауын, оның Орхон-Енисей жазбаларын поэзиялық шығармалар екеніне ғылыми
тұрғыда көз жеткізуін айрықша атауымыз керек (1, 2, 3.).
Ақиқатын білдірсек, түркітанушы ғалымдардың көпшілігі Енисей
жазбаларының бар екені жөнінде В.В.Радлов, С.Е.Малов еңбектерінен бір, екі
жазба ескерткіштердің аудармасын көшіріп алып, жаттанды пікір, болжамдарды
қайталаумен шектелді. Қазақ ғалымдарынан Енисей жазбаларын арнайы
зерттеуге әзір ешкім бет бұрған емес. Әрине, оған бару оңай емес. Бұл аса
күрделі салаға үлкен даярлық, терең біліммен, ұлттық рух, сана, намыс үшін
бабалар жасаған зор көне мәдениетті, әсіресе, дәстүр-салт, нанымды, жазба
мұраларды игеріп талдап, өз халқымызға жеткізіп, елдің рухани байлығына
айналдыру ниетімен, жанкештілікпен барады.
Көне түркілердің Тәңірлік дәуірдегі руна жазба мұраларының аса
көптігіне байланысты бұларды жинастырып, зерттеу, тану барысында бір-
бірінен
жаңылыстырып алмай, талапқа сай
жүйеге түсіру мақсатында халықаралық түркітану ғылымында арнайы шартты
белгілер қалыптасқан. Сол шарттарға сәйкес, іздестіріп тапқан әрбір жазба
тасқа нақты түрде ережеге сай атау беріліп, арнайы ретті номермен
белгіленді. Бұл істің де өзіндік ерекшелігі бар. Мысалға, көне түркі руна
жазба жәдігерлерді: Алтай, Орхон, Енисей, Онгин, Турфан, Талас, Іле
жазбалары деп атағанымен, бұл аймақтардың әрқайсысында саусақ жетпейтіндей
жазба ескерткіштер көп. Әрбір жазба ескерткіштерді нақты ажырату үшін сол
мұра табылған аймақ, өзен, аңғар, елді мекен атауының алғашқы әрпі алынады,
сосын ретті номері көрсетіліп, жақша ішіне әлгі ескерткіштің сол аймақтың
тура қай жерінен табылғаны жазылады. Енисей бойындағы дәу тастарға
түсірілген көне түркі руна жазба шығармалары ішінен әуелгі сөзді назарға
бірден іліккен, жұртшылықтың да көңілін ептеп аударған Уюк-Тұран жазба
ескерткішінен бастаудың ыңғайы туды. Өйткені, бұл тастағы жазбаны оқығанда
осы зерттеу мақаланың өзегі–“көне түркі руна жазба ескерткіштері қазақ
халқына да ортақ мұра” деген ұйғарымымызға куә ретінде жыршы тас
бетіндегі сөзді жазған ежелгі баба орнына тік көтеріліп, тебірене сөйлеп
тұрғандай әсер етті. Бұған құлақ түріп, ынта қойып тыңдағанда бұл тектес
ғана емес, қандас баба жазған жырдай болып танылды. Расында, айнымаған
қазақтың өзінің ел басқарып, қорғаған батырына арнаған ерлік жоқтау жыры.
Бұған дәлел келтірейік, сол жазба тастың алдыңғы(а) бетіндегі бірінші
бөлшегінің негізгі мәтіні мынау(көне түркі руна жазбаларының негізгі
мәтінінің көбісі Х.Н.Оркун құрастырған кітаптан алынды, алда сілтеме сол
кітапқа жасалынады):

(4, 449-б.).
Қазақшаға аударғанда:
1.Әйелдерім менің, о,қайғы! Барлық менің ұлдарым.
Сендердің рахаттарыңды көрмей көз жаздым.
Қасіретті әйелдерім, туыстарым, достарым, сендерден
алыстадым,(
деп баяндалған. Неге ол күңіренеді? Оның бұл дүниеден мәңгі қоштасуына
қандай себеп болған? Бұл сұраққа жауап беруге осы тастың артқы жағы (в)
бетіндегі ең соңғы, үшінші бөлшегіндегі руна жазуы жауап береді.
Үшінші бөлшектегі руна жазуының негізгі мәтіні мынау:

( 4,450-б.).
Қазақшаға аударғанда:
3.Түлбөрі ханыммен, бұқара халықпен, жайсаң
туыстарыммен,
Қайран жауынгер, ерлермен, атақты батырлармен,
Күйеу, қыз, келіндеріммен шаттық құрмадым,(
деп мәлімденген. Осы жыр шумағын оқығанда байқалғандай, оның тайпа
жауынгерлерін, ерлерін, атақты батырларын өзінің отының басындағы әйелі
және бауырынан өрген қызы, ұлы мен келіні, күйеуіндей аса ардақ тұтуы ( бұл
қайтыс болған адам тайпа жауынгерлерінің қолбасшысы болғанын танытады. Осы
айтқанымызды тастағы жазудың алдыңғы (а) жағындағы, екінші
бөлшектегі:”Алтындаған кемерімді беліме байладым”,(деген сөз нақтылай
түседі. Өйткені, көне түркілердің қалыптасқан дәстүрі, ел басқару ережесі
бойынша алтынданған белбеуді тайпа мен әскер басшылары тағып байлайды.
Лауазымына қарай алтын, күміс белбеу түсі, түрі де өзгереді. Осылай тастағы
жазуда дүниеден өткен адамның өмірінен қысқаша деректер беріледі. Тастағы
шығарманың үшінші бөлшегінде оның есімі Үчін Күлүг екені жазылып, оны елі
Тәңірдей құрметтеп жерлегені мәлімденеді. Осы шығарманың жалғасы жазба
тастың артқы жаға (в) бетіндегі бірінші бөлшекте дүниеден өткен Үчін Күлүг
алпыс үш жасында қайтыс болып, өзінің туып өскен жері Еғүк Қатунда
жерленгенін баяндайды. Бұл тастағы жазбада дүниеден өткен азамат өмір
сүрген елдің бірлігі, даңқы, халықтың тұрмыс жағдайы жөнінде де айтылған.
Мысалға, тастың артқы жағы жазуындағы екінші бөлшегінде осы елдің даңқы
айналасына жаратушы Тәңірдей танылып, бірлікте өмір сүргендігі және қайтыс
болған Үчін Күлүгтің артында алты мың жылқысы қалғандығы жазылған. Бұдан
кейінгі үшінші бөлшектегі жазуда қайтыс болған тұлға Түлбөрі тайпасының
перзенті екені білдіріледі. Осы келтірілген деректер мен жазба мазмұнына
қарап бұл туындыны өмірбаяндық жоқтау деуге толық болады.
Осы тұста еске саларымыз, көне түркі руна жазбаларындағы шығарма
жолдары (тармақтары) санмен белгіленіп бөлініп қойылған, солай ретімен
жалғаса береді. Өйткені, руна жазбасындағы бір санмен белгіленген шығарма
жолдары біткен бір ойды, оқиғаны, істі білдіреді. Мысалға, Ұюк-Тұран жазба
тастың артқы жағы (в) бетіндегі жазба жолдары үш санмен бөліп көрсетілген.
Сондағы”1” санымен белгіленген жазбаны сол қалпында келтірейік.

(4, 450-б.).
Қазақша аударғанда:
1. Алпыс үш жыл өмір кештім, енді алыстай түстім,
Еғүк Қатунда өлдім, туған жерді құштым,(
деп жазылған. Демек, осы жазбаға қатысты бір күрделі жәйттің түйіні
сыйғызылған жазба жолдары арнайы “1” санымен белгіленіп көрсетілген. Бұл
ереже көне түркі руна жазбаларында бағзы заманда қалыптасып, жалғастық
тапты. Осы әдіс Енисей бойындағы көне түркі руна жазба шығармаларында бекем
сақталынған. Мұндай санмен белгілеу шарттары түркілермен көрші елдердің
және Таяу Шығыс халықтарының бірнешеуінде бар. Мәселен, біздің заманымыздан
бірнеше ғасыр бұрын жасалынған “Гильгамеш туралы жыр” атты шығарма жолдары
санмен белгіленіп жазылған(5, 8-б.).
Қытай халқының көне даналық шығармалары да осындай әдіспен жазылған.
Атап айтқанда, шамамен б.з.б.VІ-ІІІ ғасырлар аралығында жазылып тараған
Конфуцзының даналық жазбаларындағы әрбір біткен ой осындай санмен
белгіленіп жарияланған. Мысалға Конфуцзы шығармасындағы:
Ұстаз айтты:
(Таңертең Дао жолын таңдаған
Кешкісін армансыз өледі,(
деген жазба жолдары кітапта “төртінші тарау сегізінші бөлек” деп
көрсетілген( 6,329-б.). Осылай жазба мәдениеті көрші елдердің бір-бірімен
байланысы, үйренуі арқылы дамыған. Жазба шығармалардағы өлең жолдарын
санмен белгілеу кейін шығыс халықтарының көбіне тарады. Уюк-Тұран жазба
ескерткішіндегі өлең көлемі алты жол болады. Соған қарамастан осы
ескерткіштің маңызы көп қырлы. Жазбаның бұрын атап көрсеткен құндылығына
тағы қосарымыз, біріншіден, мұнда қолбасшының намысы, ары, жауынгерлік рухы
образды түрде ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Түркі руна жазбалары тұңғыш рет тұтастай зерттелінді
«Ырқ бітіг» кітабы – көне түркілердің даналық мұрасы
ӘДЕБИЕТТАНУДЫҢ ЖАҢА БАҒЫТТАРЫ
Көне түркілердің діні, наным – сенімдер және салт-дәстүрлері
ТҮРКІ РУНА ЖАЗУЫ МЕН ҚАЗАҚ ТАҢБА-БЕЛГІЛЕРІ АРАСЫНДАҒЫ ҮЙЛЕСІМДІЛІК
Енисей мен Моңғолияда көне түркі жазуы ескерткіштерінің ашылуы
КӨНЕ ТҮРКІ РУНА ЖАЗУЫНЫҢ ҚАЗАҚ ТАҢБА-БЕЛГІЛЕРІМЕН ҮЙЛЕСІМДІЛІГІ
Көне түркілер
Көне түркілердің жазба мәдениеті
Ежелгі түркі әдебиетінің ескерткіштері жайлы ақпарат
Пәндер