Қазақстанның территориясы мен табиғаты жайындағы географиялық деректер


Пән: География
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 19 бет
Таңдаулыға:   

гі заман географиясындағы қазақ жері туралы алғашқы мағлұматтар.

Қазақстанның территориясы мен табиғаты жайындағы географиялық деректердің тамыры ықылым замандардың терең түкпірінде жатыр.

Қазір Қазақстан территориясында адамдар сонау әлімсақтан бері мекендеген. Мұны палеолит дәуіріндегі қоныстардың сақталған іздері дәлелдейді. Қазақстан территориясындағы тас ғасырдың ең көне ескерткіштері Қаратау маңынан, Еділдің жоғары сағасынан, Бетпақдаладан, Бұқтарма өзенінің бойынан және басқа жерлерден табылды. Қола дәуірінде Қазақстан ежелгі заманғы металлургияның басты орталықтарының біріне айналған. Қазақстан мен кенді Алтайдың түрліше аудандарында ежелгі заманда темір рудасы шығарыла бастаған. Кен өндірілген забойлар мен шұқырлардың орны осы күнге дейін сақталған. Темір рудасы қазылған кеніштердің ең белгілілері мыналар: Арғанаты, Қаражыланды, Әділсу, Ақсоран., Ақшағыл, Қызылсаяқ, Теміржал, Кенқазған, Қарашеке, Саяқ, Қараүңгір және басқалары. Кейбір кен орындарынан сапалы руда шыққаны жайында деректер бар. Одан темір қорытылып, балқымалардан өткір жүзді құралдар мен аспаптар жасалған.

Қазақ жерінде бірте-бірте сақ тайпаларының ірі одақтары пайда бола бастайды. Мал жайылымдарын өзгертіп отыруға тура келеді. Сондықтан өзендердің (Сырдария, Шу және Жетісу өзен-дері) алқаптары ғана емес, сонымен бірге далалы және шөлейт жерлерді, Тянь-Шаньның биік тауларын да игеру қолға алынады. Бір орыннан екінші орынға жиі көшіп-қону нәтижесінде сақ тайпаларының географиялық танымы кеңейе түскен.

Физикалық-географиялық білімге талпыну ең әуелгі кезеңде адамның материалдық-практикалық қызметімен, оның Қазақстанның табиғаты мен территориясы жөніндегі көмескі де дүдәмал ұғымымен тығыз байланысты болған. Ондай әрекеттер адамның басына туған нақтылы жағдайға орай, немесе аңыз, қиял, діни сенімдерге негізделіп жасалған. Қазақстан тарихының бастапқы тұсында адам өзін айналаны қоршаған ортаға тәуелдімі деп түсінген. Сондықтан ол табиғаттың әрбір құбылысын өз басына немесе ең жақын тайпаластарына туралап келген зауалға балаған. Сөйтіп, бұл әрекеттен құдайға жалынып-жалбарынып, сыйыну арқылы ғана кұтыламын деп ойлаған.

Сонау өткен ықылым заманда Қазақстанды мекендеген халықтардың білімі мен тәжірибесі қаншалықты болғанын дөп басып айта кою қиын. Алайда ежелгі Қазақстанды мекендеген халықтардың өз жерінің табиғаты жайындағы түсінігі мен мағлұматы едәуір мол болғанын атап өткен жөн. Әлбетте, ол кездегі ұғымдар көбіне діни және аңыз түріндегі түйсіктер мен пайымдауларға саяды. Ал мұны Шығыстың көне халықтарынан мұра түрінде жеткен жазба ескерткіштерден байқауға болады.

Сақтардың көне мәдениеті Алтай, Сібір, Шығыс және Европа халықтарымен байланысты болғанмен, олардан жазба ескерткіштер қалмаған. Ал Қазақстан территориясы жөніндегі тырнақалды деректер көршілес мемлекеттердің осы күнге дейін сақталған әдеби және тарихи мұраларынан мәлім болып отыр.

Біздің заманымызға дейінгі бір мыңыншы жылдың орта шеніндегі көне қолжазбаларда Орта Азия мен Қазақстан жерін мекендеген сақ тайпаларының қуатты одағы туралы мағлұматтар бар. Сақ тайпаларының одағына массагеттер, даялар, каспилер, исседондар, кейінірек аландар және савроматтар кірген. Біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда мұнда парсылар келген. Біздің заманымызға дейінгі 518 жылы парсы патшасы Дарий I сақтарға шабуыл жасап, олардың бай жерлерін жаулап алуға әрекеттенген. Алайда патшаның, пиғылы іске аспаған. Сақтар тіршілік қарекетіне қарай екіге бөлінген: біріншісі - мал бағып күнелткендер, олар көшіп-конып жүрген, немесе жартылай көшпенділер болған; екіншісі - көгал жерлерді жайлаған отырықшы тұрғындар. Уақыт оза келе отырықшы сақтар елді мекендермен қатар қалалар салып, оларда колөнер мен сауда өркендей бастаған.

Қазақстан территориясында құл еленушілік кұрылысы болмаған. Ал феодалдық қарым-қатынастар шамамен біздің заманымыздың бір мыңыншы жылдарының орта шенінде пайда болады. Қазақстандағы феодалдық қарым-қатынастардың, ерекшелігі сол - мұнда құл иеленушіліктің кейбір нышандары байқалады. Қазақстан жерінде патриархалдық-феодалдық қарым-қатынастар біркелкі қалыптасқан жоқ. Мұндай қарым-қатынастар мал өсірумен қоса егіншілік кәсібімен айналысқан оңтүстік аудандарда - Шу, Талас, Сырдария өзендерінің алқаптарында шапшаңырақ дамыған. Қазақстанның басқа аймақтарында да таптық қоғамдар құрыла бастаған. Алқаптарда қоныстанған отырықшылар мен даланы жайлаған көшпенділер шаруашылық және сауда-саттық, экономикалық жағынан өзара тығыз байланыста болды. Қолөнер бұйымдарының бір бөлігі Орта Азияға, Иранға, Қавказға, Шығыс және Батыс Европа елдеріне жөнелтілді.

Қазақ жері туралы мағлұмат кездесетін бізге дейін жеткен жазба ескерткіштердің ішінен «Бехустин жазбасын» (біздің заманымызға дейінгі VI-V ғасырлар) атауға болады. Ол парсы патшасы Дарий І-нің атынан құрастырылған. «Бехустин жазбасының» V бағанындағы 20 -30 - жолдарда былай деп мәлімделген: Дарий патша баяндайды: сақ әскерлерімен бірте теңіздің арғы жағындағы сақ еліне бардым. Олар бастарына үшкір дулыға киеді екен. Сосын мен теңіз маңындағы бұрынғы су жолдарын қалпына келтірдім. Осы көпір арқылы өтіп, сақтардың еліне барып, олардың тас-талқанын шығардым . . . Сөйтіп ол елді бағындырып алдым». «Бехустин жазбасында» аты аталған теңіз, сірә, Арал теңізі болса керек.

Кир II мен Дарий жорықтарының, екі түрін зерттеген Геродот та осыны мезгейді. Бірінші жорамал бойынша өзінен бұрын жорық жасаған Кир II сияқты, Дарий де сақтармен Амударияның, арғы бетінде Арал теңізінің, түбінде кездескен, екінші жорамал бойынша Кир II массагеттермен Үзбойдың арғы бетінде соғысқан, ал Дарий сақтардың жеріне Амудария өзенінің орта ағысы тұсынан өткен.

Біздің заманымызға дейінгі V ғасырдың 40-жылдарының аяғында 30- жылдарының басында жазылған Геродоттың «Тарихы» ежелгі қолжазбалардың ішіндегі аса құндыларының бірінен саналады. Онда Дарийдің скифтерге қарсы жорығын баяндаумен қоса, Ойкүменді мекендеген тайпалар және олар жайлаған аймақтар туралы мағлұматтар келтіріледі. Каспий теңізінің алып жатқан орнын оның басқа сулармен жалғаспайтын тұйық су екенін, негізінен алғанда солтүстіктен оңтүстікке қарай созыла біткен жалпы пішінін Геродот бірінші болып дұрыс анықтайды. Тарихтан мынадай деректі оқимыз: «Каспий басқаларға ұқсамайтын ерекше теңіз, оның ұзындығы ескекті кемемен 15 күндік жол, ал енінің, ен жалпақ жеріне небәры 8 күнде жетуге болады». Каспий теңізінің шығыс жағы «қараса көз жетпейтін ұлан-байтақ жазық дала», ал Орал өзенінен әрі қарай «ойлы-қырлы тастақты жерлер, одан өтсең адам өтпес «заңғар» таулар бар. Шамасы, «ойлы-қырлы тастақты жерлер» - Жалпы Сырт, ал «заңғар» таулар - Орал тауы болса керек.

Геродот «заңғар» таулардың бөктерлерінде (сірә, Орал тауының оңтүстік-шығыс беткейі) агриппей тайпалары мекендейтінін, одан әрі «алуан түрлі ну ормандар өскен» жерлерде (Қазақстанның солтүстік-батысы) будин тайпалары тұратынын атап көрсетеді. Исседон тайпалары (олардың мекендейтін аймақтарын Геродот «әбден мәлім» болған жерлер дейді) аргиппейлердің шығыс жағына орналасқан. Исседондардың айтуына қарағанда, деп сөзін жалғастырады Геродот, олардың сол жақ қанатында аты аңызға айналған аримасп және «алып қара құстың алтынын күзетуші» тайпалар тұрады. Бұл, шамасы, сол кездегі аса ірі алтын кен орындары ашылған Қазақстанның солтүстік-шығысы мен Алтай болса керек. С. С. Черников «Алтын корғанның құпиялары» (1965) атты еңбегінде де осындай жорамал жасайды.

Сөйтіп, ежелгі көшпенділер мекендеген тайпалардың тұрағын сипаттай отырып, Геродот Каспий теңізі мен оның төңірегіндегі аймақтар туралы тұңғыш деректер қалдырған. Массагеттер қоныстанған аймақты - Каспий теңізінің шығыс жағындағы Аракс (Амудария) өзенінен әрі шығысқа қарай созылып жатқан қазақ жерін Геродот бәрінен де жақсы білген. Ол: «Массагеттер егін екпейді, мал ұстайды, Аракс өзенінен ауланатын көп балықпен, етпен, сүтпен қоректенеді», деп жазған.

Геродот Акес өзені басын алатын төңіректі де сипаттап жазады. «Азияда айналасын тау жотасы қоршаған жазық алқап жатыр. Жотаның бес шатқалы бар. Әлгі жазық алқаптан Акес атты үлкен өзен ағып шығады. Бұл сипаттама Ферғана алқабына дәл келеді. Өзен басын оны жағалай қоршаған тау жоталарынан алады.

Геродот Акес өзенінде жергілікті халықтары өсірген сол сиякты күрделі суландыру жүйесі болғанын атап көрсетеді.

Осы деректердің бәрі «Геродот салған жер пішіні» атты картада көрсетілген. Жоғарыда аты аталған жер-су атауларымен қоса Геродот картасында Сар (Еділ), Лик (Жайық) және Сергис (Жем) өзендері бейнеленген. Олардың пішіндері мен атауларында көптеген дәлсіздіктер кездеседі.

Александр Македонскийдің (Ескендір Зұлқарнай) Орта Азияны жаулап алуы нәтижесінде (біздің заманымызға дейінгі 380-327 жылдар) ежелгі гректердің Қазақстан жері жөніндегі географиялық, мағлұматтары анағұрлым кеңейе түскен. А. Македонский Қазақстан территориясына иелік ете алмағанымен, оның жорықтары грек оқымыстыларының қазақ жерінің табиғаты мен халықтары туралы білімдерін молықтыруына мүмкіндік туғызды.

Македонскийдің өзі Аристотельдің шәкірті болған. Ұстазы оны ғылымға сүйіспеншілікке тәрбиелеген. Сондықтан ол жорыққа шыкқанда жаулап алған елдерді зерттеу үшін сол кездегі ғылым саласының әр түрінен білімпаздар алып жүрген. Алыс облыстарды зерттейтін экспедициялар жасақтаған. Ол Каспий теңізін зерттеу үшін және оның дүние жүзілік мұхитпен байланысын айкындау үшін Гераклидті Гарканияға жіберуді жоспарлаған. Бірақ Александрдың ерте өлуімен байланысты орындалмаған бұл идея Селевка (біздің заманымызға дейінгі 312-280 жылдар) патшалығының тұсында ғана жүзеге асады.

Македонский жорықтарына қатысқан грек ғалымдарының, еңбектерінде бізге таныс географиялық атаулар кезігеді. Олардың жазбаларында өз көздерімен көріп байкағандарымен қатар теңізшілердің, саяхатшылардың, көпестердің, әскер басыларының мәлімдемелері де келтірілген. Бұл мәлімдемелерде олқылықтар, қайталаулар аз емес, ең өкініштісі, қайшылықтар, тіпті көрінеу-көзге бұрмалаулар да ұшырасады. Айталық, Орта Азияны жаулап алған кезде гректер Сырдарияны Дон деп теріс түсінген. Сондықтан Донды біресе Яксарт, енді бірде Танаид деп атап, ұдайы Сырдариямен шатастырған. «Бактерийліктер Лаксат (Яксарт-Сыр) деп атаған өзенді скифтер Силис деп атаған, ал Александр Македонскийдің әскерлері оны Танаид өзені деп есептеген. Бірақ Селевка мен Антиохтың әскери қолбасшысы Деодам - ол осы өзенді өзі кешіп өткен көбіне-көп сенімді автор -жоғарыда айтылған деректерді жоққа шығарып, оның Танаид емес, басқа өзен екенін дәлелдеген. «Бұл ара Персия мен скифтердің шекарасы астасқан жер», - деп жазды Рим ғұламасы үлкен Плиний.

Македонскийдің шапқыншылығы кезінде Қазақстан территориясы туралы географиялық таным негізінен «жалпылама» өрбіген. Мәселен, Александр Македонскийдің төңірегінде жүрген ғалым Квинт Курций Руф былай деп жазды: «Скифтер солтүстікке карай ұрымтал қоныстанған, ол жақта ну орман, ұланғайыр шөл басталады». Айтылмыш жолдарды Сырдария жағасында Александр Македонскиймен бірге болған автор жазғанын ескерсек, онда оның «ну орман, ұланғайыр шөл» деп отырғаны Орталық, Солтүстік Қазақстан мен Сібір екенін түсіну қиын емес. Гректер ол жерлерді зерттемеген және ол ара туралы олардың өз пікірлері болмаған.

Македонский шапқыншылығынан кейінгі дәуірде Қазақстан географиясы туралы бірқатар маңызды деректер қалдырған адамдар - Римнің географ-ғалымдары Страбон мен Птолемей.

Рим империясының ғалымдары өздерінен бұрынғы ежелгі грек авторларынан мирас болып қалған кейбір жаратылыстану ғылыми мәселелеріне қыруар көңіл бөлген. Страбон (біздің заманымызға дейінгі 63-23 ж. ) таулардың, өзендердің, көлдердің жер бетінен жойылуы және қайта пайда болуы туралы жазып, климат өзгеруінің себептерін көрсеткен. Оның «Географиясында» қар түсетін аймақтар мен мұздықтар туралы сөз болады. Бірақ оның кейбір тұспалдаулары адам нанғысыз болып келеді. Ғылыми бақылау негізінде тұжырым жасамағандықтан, ол көптеген жағдайда ағаттыкка жол береді.

А. Гумбольдт Страбон «Географиясының» жалпы жер құрылысын зерттеу білімін ерекше бағалап, оны дүниені физикалық немесе салыстырмалы танып-білудің бастамасы деп есептеген. Географиялық зерттеулер жүргізгенде Страбон тарихи әдісті колданып, оны кең көлемді талдаумен ұтқыр ұштастырады, әрі осы тәсілге зор маңыз береді. Страбон материкті (елді) бірнеше бөлікке бөлу әдісін ұсынады. Оның бұл қағидасы қазіргі «аудандастыру» деп аталған ұғымға жақын келеді.

Страбонның Геродоттан ерекшелігі сол, ол Каспий теңізін басқа сулармен жалғаспайтын тұйық бассейн емес, Солтүстік мұхиттың шығанағы деп есептеген. Страбон құрылықты өзін қоршаған теңізбен немесе мұхитпен ұласып жатқан арал ретінде түсінеді. Ал мұ х итты ол континентке қолтықтасып кіріп жатқан төрт үлкен шығанақ деп санады. Гиркан (Қаспий) теңізін солтүстік шығанаққа жатқызады.

Ол кезде теңіздің бәрі мұхитпен жалғасып жатады деп есептелген. Каспий мен Арал теңіздерін жалғастыратын тармақ бар деген тұспал содан шыққан. Сөйтіп Арал ол уақытта Каспийдің «Скиф шығанағы» деп аталған.

«Ежелгі замандағы авторлардың болжамы бойынша, Каспий теңізінің Скиф шығанағы шығысқа қарай ұзыннан-ұзақ созылып, Арал теңізінің төңірегін түгелімен қамтыған. Көне әдебиетте Скиф шығанағымен қатар «Оксий қопасы» да жиі сөз болады. Ал бұл Арал теңізінің өзі» - деп жазды белгілі совет тарихшысы әрі археологы С. П. Толстов.

Сырдария мен Амудария жөнінде Страбонның ұғымы дұрыс еді. Орта Азияның өзендерін сипаттай келіп, ол: «Яксарт басынан аяғына дейін Окстан мүлде басқа өзен, ал онымен бір теңізге барып құяды», - деп жазды. Демек, Арал теңізі туралы дұрыс ұғым дүниеге келді. Сырдария мен Амударияның екі бөлек өзен екенін айта отырып, Страбон олар Каспий теңізінің Скиф шығанағына құяды деп есептеді.

Плиний де өзінің «Жаратылыстану тарихы» атты еңбегінде: «Яксарт пен Окс Согдий жоталарынан басталып, Скиф шөлдері арқылы ағып, Скиф шығанағына құяды», - деп жазды.

Рим географиясында Клавдий Птоломейдің (б. з. д. 90-168 жылдар) еңбектері айрықша орын алады. Ежелгі заман географиясында елдерді зерттеу бағытын ұстаған Страбондай емес, Птоломей картографиялық бағытты жақтады. «География, - деді ол, - бізге мәлім болып отырған жер шары бөлігінің тұтас алғандағы сызба бейнесі. География бізге бүкіл жер шарын бір көріністен байқап білуге мүмкіндік береді».

Птоломейдің «География бойынша нұсқауында» жер туралы қолда бар географиялык деректердің бәрі жинақталып, жүйеге келтірілген. Бұл нұсқау өз заманының энциклопедиясы іспетті болған. Птоломей өз еңбектерінде ежелгі дүниені танып білуді дамытып қана қоймай, сонымен бірге европалықтардың қазақ жері туралы географиялық ұғымының деңгейін сан ғасыр бұрын бір арнаға түсіріп, айқындап берді: Біз үшін бесінші кітаптың 8-ші тарауы мен Птоломей салған Азияның екінші картасы өте көңіл аударарлық. Мұнда «Скиф де Имаус» территориясы бейнеленген. Карта градустарға бөлініп, тік конус түрінде жасалған. Онда Қазақстан шамамен солтүстік ендіктің 49-60° аралығында орналасқан. Мұның өзі солтүстік ендіктің 41°мен 55°30' көрсететін осы заманғы картадағыға деңгейлес келеді. Ендік бойынша Қазақстан территориясы 3°30' сыйғызылып, Птолемей картасында 11°-қа теңеледі, ал осы заманғы картада - 14°30'. Скифияның оңтүстік шекарасын Птоломей Яксарт (Сырдария) өзенінің бойымен, оңтүстік-батыс жағын Оксит тауларының (Үстірт қыраты) етегін және Окс (Амудария) өзенінің жоғарғы сағасы солтүстік ендіктің 43° тұспа - тұс тұр, ал бұл осы күнгі Амударияның жоғарғы саласына сәйкес келеді.

Птолемей картасында бойлық бойынша Скифия шығыс бойлықтың 88° мен 140° аралығын алып жатыр, ал осы күнгі картада Қазақстан шығыс бойлықтың 49° - 87° аралығында орналасқан. Сондықтан Птоломей картасында табиғатты бейнелеуде бойлық бойынша көп алшақтық бар. Ал шығысқа қарай бойлаған сайын мұндай алшақтық тіпті молая түседі. Мысалы, Ра (Еділ) өзенінің жоғары сағасы шығысқа қарай 25° ауысып кеткен.

Птолемей «Скифия» шекарасын батыста Азия Сарматиясымен, солтүстікте - «беймәлім жермен», шығыста - Имаус тауымеи, оңтүстік пен оңтүстік шығыста - сақтар, согдийлер және маргиана мекендеген аймақтармен, оңтүстікте - Гиркан теңізінің Ра өзеніне дейін созылып жатқан бөлігімен жүргізеді.

Птолемейдің картасы бойынша Гиркан (Каспий) теңізі шығыстан батысқа қарай созылып жатыр. Шығыс жағында оған Орта Азияның барлық негізгі өзендері - Яксарт пен Окс келіп құяды. Демек, Птоломей де Амудария мен Сырдария өзендері Каспий теңізіне құяды деп тұспалдаған өзінен бұрынғы зерттеушілердің теріс пікірін қостаған. Геродоттың дұрыс ұғымын жоққа шығарып, ол теңіздің көпшілік бөлігі батыстан шығыска қарай созылып жатыр деп есептеген. Бұл қате түсінік, тек Бірінші Петр уақытында ғана жөнге келтірілді.

Птоломей екінші жағынан Каспий теңізін Солтүстік мұхиттың шығанағы емес, тұйық бассейні ретінде бейнелейді. Сөйтіп ол Геродоттың дұрыс пікірін қуаттады.

Птолемей Оксиан (Арал) теңізін картаға түсіріп, оған Согдий тауларынан ағып шыққан өзендер келіп құятынын көрсетті.

Птолемей картасында Ра, Дайкс, Риммис өзендері және т. б. бейнеленген. Риммис өзені Гиркан теңізіне құяды, оның жоғарғы сағасы солтүстік ендіктің 48°30' орналасқан. Риммисті қазіргі Жайық өзені деп карауға болады, өйткені осы күнгі картада ол солтүстік ендіктің 1°30' тұсында көрсетілген. Теңіздің солтүстік-батыс бөлігіне Дайкс (Жайық) өзені құяды оның жоғары сағасы Жем өзенінің жоғары сағасынан солтүстікке қарай 1°-қа орналасқан.

Птолемей шығармаларында жаңсақ пайымдаулар орын алғанымен, дүниежүзілік географияны одан кейінгі дәуірлерде зерттеуде оның еңбектері мен карталарының зор маңызы болды. Немістің ұлы ғұлама географы А. Гумбольдт: «Птолемей географиясы бізге күллі ежелгі дүниені сызып бейнелеу арқылы бар болмысымен елестетіп қана қоймай, сонымен бірге сан жағынан да, бойлықтар мен ендіктері жайлы және күннің ұзақтығы деп аталатын анықтамаларды да санамызға сіңірді», - деп әділ жазды.

Сөйтіп Орта Азия туралы қалам тербеген ежелгі заман авторларының еңбектерінде қазақ жері шала-шарпы, тек Каспий ішінара Арал теңіздері мен Сырдария өзендерінің ауқымында ғана бейнеленеді. Бұл аймақтың солтүстігіндегі Қазақстан территориясы ол

кезде тіпті белгісіз болған. Сондықтан көне авторлар оны көбінесе «беймәлім жер» деп атаған. Скифия территориясын сипаттай келіп, Птолемей: «Скифия батысында Имай тауының арғы бетінде - ар жақтағы Скифиямен және сол таудың бөктеріне дейін оны бойлай -сақтармен, солтүстігінде беймәлім жермен шектеседі», - деп жазған.

Дүние туралы жалпылама пайымдау енді-енді қалыптаса бастаған ол заман үшін табиғатты тұспалдап танып-білудің шешуші маңызы бар еді. Антикалық дүниеде табиғатқа көзкарас шынайы аңғырттық деңгейінен аспады. Адамдар табиғаттың нақты құбылыстарымен бетпе-бет кездесті және оларға сол құбылыстарды бар болмысымен білу керек еді. Ежелгі адамдардың көзкарастары ішінде болжаудан туғанымен, сол тұспалдардың өздері көріп-білгендеріне негізделді. Бір мың жылға жуық антикалык оқымыстылар табиғат құпиясының сырын ашуға әрекеттенеді. Бірақ таным қорының тапшылығынан олар болжамнан аса алмады, кейбір жағдайларда ғана ғылыми білімнің жұрнақтары елес берді. Теория мен практиканы байланыстыру деген ол кезде жоқтың қасы еді.

Грек ғалымдары әуел бастан географияға жаратылыстану ғылымы деп санаудан гөрі үстем таптың мүдделерін көздейтін саяси доктрина ретінде қарады.

Орта Азия мен Қазақстан туралы антикалық географтардың пайымдаулары қаншалықты мардымсыз болғанымен, олар Европада жаңа деректер табылғанға дейін айтарлықтай өзгеріссіз сол бәз-баяғы күйінде сақталып келді.

Біздің заманымызға дейінгі III ғасыр мен біздің заманымыздың III ғасыры аралығында тайпалардың ірі-ірі әрі тұракты ерте таптық бірлестіктері құрыла бастады. Жетісу мен оңтүстік Казақстанда -Үйсін (Үйсін), Сырдария мен Қаратау өңірінде Қанғұй (қаңлы) бірлестіктері өмір сүрді. Шығыс және Батыс Сібірдің бірқатар жерін қоса Орталық және Шығыс Қазақстанда Хунн (гунн) тайпаларының бірлестігі дәуірлеп тұрды. Хунн бірлестіктері Қытаймен төрт ғасырдан астам уақыт бойы созылған кескілескен күрес үстінде шыңдалды

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Географиялық карта
Карта туралы тарихи деректер
Қазақ жері туралы ерте кездегі географиялық мағлұматтар
Қазақстан территориясын табиғи. географиялық зерттеу
Қазақстан территориясын зерттеуші ғалымдар
Рекреациялық ресурстар жайлы түсінік
Қазақстан жерінің зерттелу тарихы
Қазақстанның Ресейге қосылуының алғашқы кезеңдегі зерттеулері
Орта Азия аймағына жүргізген орыс саяхатшыларының зерттеулері
Туризмнің дамуы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz