Импорттық тәуелділіктен құтылудың жолы


Ақан ЖҮНІСОВ , Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының доценті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты
Импорттық тәуелділіктен құтылудың жолы
Отандық құс шаруашылығын кешенді түрде әрі озық технология негізінде дамыта отырып, сапалы, арзан өнім өндіру - көкейкесті мәселелердің бірі
Елімізде құс шаруашылығының өркендеп, одан алынатын өнім көлемінің өсіп келе жатқанына ешкім шүбә келтіре қоймас. Біздің бұл ойымызды статистикалық деректер де қуаттайды. Он жыл аралығында құс басы 70 пайызға көбейіп, жұмыртқа өндіру 3, 7 миллиард данаға, ет өндіру 74 пайызға ұлғайған. Жыл аяғына дейін 170 мың тонна құс етін өндіру жоспарланған. Ауыл шаруашылығы құстарының жалпы саны 34, 5 миллионды құраса, 60 пайызға жуығы материалдық-техникалық базасы жақсы қалыптасқан өнеркәсіптік негізде өсіріледі. Қазақстанда құс басының негізгі бөлігі Алматы, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында шоғырландырылған. Қазіргі қол жеткізілген өндірістік көрсеткіштер бұл саланың әлеуетінің молдығын көрсетеді. Соған орай Ауыл шаруашылығы министрлігі құс өнімдерін өндірушілерге жәрдемдесу мақсатымен нақты көмек шараларын ұйымдастырып келеді.
Биыл құс етін өндіруге жұмсалатын шығындарды субсидиялауға 8, 5 миллиард теңге қарастырылған. Бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 30 пайызға көп. Құс шаруашылықтарының тұқымдық жұмыртқа мен тәуліктік балапандар түрінде сатып алынған асыл тұқымды түрлері де субсидияландырылады. Атап айтқанда, республикалық бюджеттен тұқымдық жұмыртқаларды сатып алуға жұмсалатын шығындарды өтеуге 91, 9 миллион, тәуліктік балапандарды сатып алуға 123, 7 миллион теңге субсидия қарастырылған. Келесі жылдан бастап тауар өндірушілердің өндірістік құрылыстарға жұмсалатын шығындарының белгілі бір бөлігін өтеу үшін инвестициялық субсидиялау құрылымы қолданылады. Мұндай қаржылық демеу құс шаруашылығына қаржы тарту мүмкіндігін арттырары сөзсіз. 2012 жылғы құрғақшылыққа байланысты туындаған жемазық мәселесін шешу үшін және құс басы мен өнімдерінің көлемін төмендетпеу мақсатымен Үкімет қорынан 264, 7 мың тонна жемдік астық бөлінді. Бұл қолданылған шаралар өндірістегі ахуалды тұрақтандыруға себін тигізгені анық.
Республиканың шетелден әкелінетін құс етіне тәуелділігін азайту әлі күрделі күйінде қалып отыр. Мәселен, 2012 жылы шетелден әкелінген ет өнімдері жалпы тұтыныстың 61 пайызын құрауы ойландырмай қоймайды. Соның салдарынан отандық кәсіпорындар өз өнімдерін өткізуде көптеген қиындықтарға кезігіп отырғаны жасырын емес. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің жуырдағы кеңейтілген отырысында аграрлық секторда, оның ішінде ет өнімдерін экспорттауда қалыптасқан қордалы мәселелер атап көрсетіліп, осыған орай нақты шараларды жүзеге асыру талап етілді. Президенттің аграрлық сектор секілді стратегиялық салаға айрықша назар аударуы өте құптарлық. Ішкі-сыртқы, өңірлік, салалық орасан ресурстарға ие бола тұра игерілмей жатқанын, орнымен пайдалана білсек, ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу секілді үлкен мақсатқа жетудің зор мүмкіндіктерін көрсетіп берді.
Алдымызда 2016 жылға таман 60 мың тоннаға дейін ет өнімдерін алыс-жақын шетелдерге сату секілді жауапты міндеттер тұр. Тиісті бағдарламаны орындауға 120 миллиард теңге бөлінгеніне қарамастан істің алға жылжымауы бәрімізді қатты ойландырса керек. Айтылған сын-пікірлердің құс еті экспортына да қатысы бар. Сөз арасында бұл мәселе «Егемен Қазақстан» газеті беттерінде жүйелі көтерілетінін, соның бір мысалына жақында жарияланған «Сыртқа ет шығарудың орнына етті сырттан тасимыз» атты мақаланы келтіруге болады. Сүйікті газетімнің тұрақты оқырманы ретінде қолыма қалам алуға осындай түйткілді жайлардың себеп болғанын айта кеткім келеді. Әрі құс шаруашылығының тәжірибелі маман-ғалымы ретінде кей ойларымды оқырмандармен бөліскенді жөн көрдім.
Әңгіменің тоқетеріне көшсек, бірыңғай Кеден одағы талаптарына ыңғайланып, Дүниежүзілік сауда ұйымына кірер алдында құс өнімдерінің тізімдемесін кеңейту мақсатындағы іс-шараларды жеделдеткен жөн. Айталық, АҚШ-та өндірілетін және бірдей стандарттар негізінде ішкі нарыққа шығарылатын шикілей суытылған және мұздатылған құс өнімдерінің тауар ретінде 77 саудалық сипаттамасы бар екен. Ал, біздің ассортиментімізде 10-12 аталым ғана көрсетілген. Демек, ассортименттегі өнімдер көлемін ұлғайту үшін түбегейлі өңдеуге баса назар аудара отырып, еліміздегі құс фабрикалары инвестицияны пайдалану жолдарын оңтайлы шешіп, құс өнімдерін өндіру технологиясын уақыт талабына сай жаңартулары керек. Бұл - бір. Уақытты созбай, тездетіп шешетін екінші мәселе - республикаға шетелдік құс өнімдерін шамадан тыс әкелуді шектеу, былайша айтқанда, құс етінің импортына тарифтік квота қою. Сонда еліміздің құс өсірушілері өз жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастыра алары анық.
Тағы да қайталап айтамын: Қазақстанға әкелінетін импорттық өнімдерге кедендік салық енгізбей және тарифтік квота қоймай болмайды. Себебі, құс өнімдері нарығында алдымен отандық тауар өндірушілердің өнімдерін сатып алуға жағдай жасау керек. Тұқымдық, инкубациялық жұмыртқалармен, сапалы тәуліктік балапандармен қамтамасыз ету, құс тұқымын асылдандыру жұмыстарын жолға қою бағыттарында да шешімін күткен мәселелер аз емес. Солардың біріне отандық құс кростарының жоқтығын жатқызуға болады. Амал жоқ, олардың асыл тұқымдық арғы тектік және аналық түрлеріне, инкубациялық жұмыртқаларына 8-10 миллион АҚШ долларын жұмсап, шетелдерден алуға мәжбүрміз. Осылайша, импорттық тәуелділіктен құтыла алмай отырған жайымыз бар. Әлемдік және отандық генотиптер негізінде елімізде жоғары өнімді құстардың асыл тұқымды жүйесін құру үшін асылдандыру жұмыстарын ұйымдастыруды жоғары деңгейге көтеріп, селекциялық-тектік орталықтар мен асыл тұқымды құс зауыттарын ашу арқылы бәсекелестікке қабілетті құс желілері мен кростарын шығару қажет. Бұл мәселенің оң шешілуі шетелдерден әкелінетін құс өнімдерінің көлемін қысқартып, отандық тауар өндірушілердің жұмысына және биоазықтық қауіпсіздігіне оң әсерін тигізері, құс індеттерінің өтуіне шектеу қойылып, осы сала өнімдерінің өзіндік құнының анағұрлым төмендеуіне жетелері тәжірибеде талай қуатталған.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz