Ислам философиясындағы әлем мәселесі. Түркі ойшылдарының философиясындағы әлем мәселесі


Ислам философиясындағы әлем мәселесі
Жоспар
Кіріспе
Түркі ойшылдарының философиясындағы әлем мәселесі.
1. Ж. Баласағұнның философиялық көзқарасындағы әлем үлгісінің ерекшеліктері.
2. А. Ясауидың іліміндегі әлемнің мәні.
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер
Кіріспе
Орта ғасырларда әлем үлгісін екі әлемнен, яғни макро және микро-космостық әлемнің қатынасынан тұрады деп таныды. Микро-космостық әлем макро әлемнің бейнесі деп қабылданды. Шығыстық философиялық дүниетанымда әлемнің Қоғам мен Адамның ішкі мәніне, ішкі дүниесіне назар аудару ерекше орын алады. [4, 2 б. ]
Ойшылдар адам бойынан әлемге тән белгілер мен қасиеттерді таба бастады. Ортағасыр ойшылдарының еңбектерінде әлем, табиғат және адам арасындағы байланысты ұқсас, шамалас сипаттарды көріп, соны жеткізуге тырысты. Жүсіп Баласағұн осы бағытты ұстанған ұлы түркі ойшылдарының бірі болды. Ойшыл әлемдік құрылымды, адамдарға тән іс-әрекетті жеткізуде космогония мен космологиялық танымды қолдана отырып, адам өмірінің табиғат заңдылықтарымен біте қайнасқан бірлігін көрсете алды.
Жүсіп Баласағұн өз шығармасын әлем мен дүниенің жаратылуын сипаттаудан бастайды:
Алла атымен айттым сөздің әлібін,
Жарылқаған, жаратқан бір тәңірім!
Құрметі көп, шүкіршілік мың да бір,
Еш зауал жоқ, хаққа лайық кіл қадір . . .
Жаратты ол: жасыл көк, ай, күн, түнді,
Қара жер, ел, заман, уақыт, бұл күнді.
Тіледі де, жаратты бар болмысты,
Бол-деді де бірден бәрін болғызды.
Бұл өлең жолдарында тәңір құдыреттілігінің бар болмысы - айды, күнді, жерді, көкті жаратқандығы баяндалып, тәңірдің сандық қатынастардан, кеңістік пен уақыттан тыс екендігі, көзден жырақ, бірақ көңілге жақындығы ескертіледі. Оның еш жерде тұрағы жоқ, ол мәңгі табиғаттың барлық құбылыстары тауы, орманы, көлі - бәрі құдыреттің жасампаздық әректінің ізі, суреті екенін айтты. [4, 3 б. ]
Әлем құрылымының орталығы - жер, одан әрі жеті планетаның жұлдыздар орналасқан белдеуі бар. [4, 3 б. ]
Жер сияқты олар да қимылсыз. «Құтадғу білік» шығармасында Сакантір (Сатурн), Оңай (Юпитер), Күрүд (Марс), Иашик (Күн), Сәбит (Венера), Арзу (Меркурий), Иалчик (Ай), сияқты жеті жұлдыздың атауы берілген:
Секантр бәрін ең үстінен айналар,
Бір бұрұжда [8] екі жыл, сегіз ай қалар.
Сонсоң Оңай болар екінші орында,
Он және екі ай уақыты бар оның да.
Үшіншісі Күрүд, көк мұз қасарған,
Жақындасса, құрыр жасап, жасарған.
Төртінші Күн жарық шашқан ғаламға,
Жылу жарық төгер жақындағанға.
Бесіншісі Сәбит, нұрлы жүзін бұрғанда,
Сүйенерсің, тыншып қандай мұңнан да!
Одан кейін Арзу тілек келеді,
Жақындасаң, бар тілегің береді.
Бұлардың алдын Иалчык жүріп, шолады.
Күнмен қарсы келсе, жайнап толады [7, 61б. ] .
Жаратылыс тілін ғарыш денелеріне қарап түсіну, оның көмегімен табиғат заңдылықтарын шешіп, ғарыштан әлем жұмбақтарына бойлау ежелгі түркілердің таным дүниесінің ерекше таным үрдісі болып табылады.
Ғалам құрылымындағы жеті жұлдыз адамның жеті мүшесіне көшеді. Бұл жөнінде Малов С. Е. былай дейді: «Тән егер жеті мүшеге қараса, онда өзінің мөлшеріне сыйғызылғанның барлығы да өз ұнасымын тапқанын көреді». Мұндағы сан символикасы ортағасырлық танымның әлемді де, адамды да тануында ерекше мәнге ие болды. [4, 4 б. ]
Жүсіп Баласағұн космологиялық жүйесінде жаратқанның көкте тізілген жұлдыздарының ішінен он екісін бөліп алады да, үш-үштен төрт мезгілге бөледі. Сонымен, көктем жұлдыздары - Қозы, Уд, Әрәндіз, жаз, жұлдыздары - Қушық, Арыстан, Бұғдай, күз жұлдыздары- Үлгі, Чадан, Иа, қыс жұлдыздары- Оғлақ, Көнәк, Балық. Олардың үшеуі - су, үшеуі-жел, үшеуі-от, үшеуі-топырақ.
Оларды толығымен бірізділікке мәжбүр ететін жаратушы Хақ:
Үші - көктем, үші - күздің жұлдызы,
Үші - қыстың, үші жаздың жұлдызы.
Үшеуі - су, үшеуі - жел, үшеуі - от,
Үш - топырақ; жаһан туған түгел боп!
Үш от, үш су, үш жел түгел таралды,
Үш топырақ - ғалам солай жаралды.
Бірі-біріне жаулар бұлар өлгенше,
Жауды жауға салып қойған сөнгенше . . .
Қатыспас жаулар, іштей тынып жарасқан,
Көріспес жаулар, өшін бүгін тарасқан.
Жаратушы хақ жаратты апарып,
Жаратты да, жарастырды қатарын [7, 62б. ] .
Аталған өлең жолдарында Жүсіп Баласағұн үштік қағида арасындағы қарама-қарсылықтың тұтаса келің, татулық тапқаңын баяндайды.
Дәл сол үштік қағиданың жақындасуы нәтижесінде әлем мен өмір пайда болды. Үштік қағида ұстанымын дамуға негіз болатын процесс деп қарауға болады. Осылайша, Жүсіп Баласағұн дүниенің бастауын от, су, ауа, жер апаттарының бірлігінен туындайды деп қарайды. [4, 4 б. ]
Жүсіп Баласағұн шығармаларымдағы космологиялық проблемалар Әл-Фараби, Бируни еңбектеріндей толық, әрі терең зерттелген емес. Оны әсіресе, дүниенің жаратылысы мен адам тірішілігінің пайда болуы айрықша толғандырады. Қоғамды, адамды, табиғатты тану ілімінің құрамдас бөлігі деп қарастырылды. Бұл концепция ортағасырлық ұғым-түсінікке тән ерешелік деп қаралды. [4, 4 б. ]
Жүсіп Баласағұн табиғаттың төрт негізін қарастыра отырып, адам мәселесінің де төрт тұғырын тапқырлықпен көрсеткен. Олар - Әділет, Бақыт, Ақыл, Қанағат ретінде аталды және бұл қасиеттер «Құтадғұ білік» шығармасындағы төрт кейпкерінің бойына жинақталды:
Кітабында талай жайды айтады ол,
Бұл төрт ұлық сөздерінен байқалар:
Бірі оның - шындық жолы, Әділет,
Екіншісі - құт пен ырыс. Дәулет.
Үшіншісі - Ақыл менен парасат,
Төртіншісі - ұстамдылық, Қанағат.
«Төрт тұғырлық» өлшемдік қағида «Құтадғұ біліктің» құрылымдық арқауы болып табылады. Бұл шығармада қоғамдағы, өмірдегі үйлесім осы төрт нәрседен тұрады. Олар төрт кейіпкердің атымен аталады: Күнтуды-Әділет, Айтолды-Бақыт, Огдүлміш-Ақыл, Одғұрмыш-Қанағат. Шығарма осы төрт кейіпкердің сұрақ жауабына құрылды.
«Құтадғу білік» шығармасындағы кейіпкерлері атының Күн, Ай планеталары болып келуі, олардың көне замандағы есімдер екенін білдіреді. Біздің заманымыздан бұрынғы ежелгі адамдардың космогонияның түсінігіне алынған. [4, 5 б. ]
Сөйтіп, ұлы Ғалам мен микроғаламның қарама-қарсылығы мен тұтастығының бірлігі Жүсіп Баласағұн дүниетанымында ерекше сипатпен көрініс тапқандығына көз жеткіземіз.
Жүсіп Баласағұнның Әлем, Қоғам және Адам мәселелерін зерделеуі адам өмірі мен табиғат заңдарының ортақтығы жайлы еріксіз ой туғызады. Ойшыл өз шығармасында адамның сыртқы көрінісі мен космостан үйлесімділік іздеді. Ол үйлесімділікті әлемнен бөліп алуға келмейтін қасиеті деп таныды. Алайда, оның танымында сол үйлесімділіктің пайда болуының негізін белгісіздікке ұластыруын әлемнің шексіздігіне ден қою екендігін аңғарамыз.
Йасауидің хәл ілімінің мәнін ашуда әлем мәселесінің де маңызы ерекше. Біз бұл бөлімде сопылықтағы әлемнің мәні мен маңызына, жалпы Йасауи дүниетанымындағы әлемнің орнына тоқталамыз. Сондай-ақ Йасауи іліміндегі «малакут», «насут», «лахут», «жабарут», «көңіл», «ғайып», «макрокосмос» (үлкен әлем) және «микрокосмос» (кіші әлем-адам), «он сегіз мың әлем» және т. б. ғаламдарды да сопылық дүниетанымдық тұрғыдан анықтауға тырысамыз. Ондағы мақсатымыз Йасауидің ойлау категорияларын анықтау және оның өмір сүрген дүниетанымдық мәдени кеңістігін тану болып табылады. [5, 177 б. ]
Тілдік тұрғыдан «әлем» сөзі (арабша) «белгі», «осы дүние», «күн жүйесіндегі планеталар», «дүние», «жиһан», «халық», «жаратылған болмыстар», «адамдар», «қоғам» және т. с. с ұғымдарды білдіреді. Сопылық дүниетанымдық терминологияда Тәңірден басқа нәрселердің барлығын «әлем» дейді. «Әлем» деп басқа нәрселердің білінуіне, танылуына дәлел болатын және ең бастысы Тәңірдің «Бар және Бір» екендігін көрсететін белгілер мен рәміздер жиынтығын айтамыз. Яғни Жаратушының Бар және Бір екендігін көрсететін жаратылған болмыстарды- әлем дейміз. Өйткені, әлем өнер туындысы ретінде өзінің Жаратушысының бар екендігін дәлелдеп тұр. Әлем- Тәңірдің шеберлігі мен ұлылығын көрсететін өнер болғандықтан, оған қарап Тәңірді тану, иманға келу- адамның басты мақсаты.
Құран да әлемді «аят» яғни, белгі ретінде түсіндіреді. Адам осы белгілер арқылы Тәңірге ұласа алады. Құранда жұп әлем түсінігі де бар. Мысалы, «бұл дүние-ақырет», «көрінбейтін әлем (ғайып) -физикалық әлем (шахадат) », «бұйрық әлемі (амир-абстрактілі, уақыт өлшемінен тыс бірден жаратылған әлем) -жаратылған әлем (Халқ-уақыт ішінде сатылай жаратылған әлем) », «мулк (көрінетін формалық сыртқы әлем) - малакут (трансцендентальды-метафизикалық-ішкі-көңіл-рух әлемі) », «жабарут» (құдайлық есімдер мен сипаттар әлемі) және т. с. с. әлемдер бар [5, 178 б. ]
Сопылықта әлемге қатысты анықтамалардың метафизикалық немесе философиялық ой толғау үшін қолданылмағандығын көреміз. Сопылық дүниетанымның ондай мақсаты да жоқ. Өйткені, сопылар өздерінің ілімін «қал ілімі емес, хәл ілімі» ретінде танытады. Дегенмен, хәл іліміне ұласуда қал ілімінің шарт екендігін де жоққа шығармайды. Бұл қажеттілік, әрине, адамның табиғатынан туындайды. Өйткені адам кез келген мәселеде алдымен ақыл таразысымен әрекет етеді яғни, танымға ұласудың рационалдық-теориялық әдісі мен анықтамасын және мәліметтерді қажет етеді. Негізінен, сопылық философиясының жүйелі түрде қалыптасуының себебі де осы құбылысқа тіреледі.
Бірақ, сопылар, философиялық анықтамаларды тек қажеттілік тұрғысынан ғана қолданған десек, қателесеміз. Мысалы Ахмет Йасауи ілімінде әлем туралы танымдар философиялық, метафизикалық ой айту үшін емес, тікелей моральдық рухани-тәрбиелік, сопылық, психотехникалық тәжірибелерді өмірмен үйлестірудің жолы ретінде қаралған. Оның " . . . бірінші мақам - малакут, екіншісі - лаһут, үшіншісі - насут, төртіншісі - жабарут"- деп, әлемдерді рухани кемелденудің мақамдары ретінде ұсынып, "Жабарут мақамы - шариғат, Малакут мақамы - тариқат, Лаһут мақамы - мағрифат, Насут мақамы - хақиқатқа сай келеді" деу арқылы абстрактілі-категориялық әлемдерді хәл іліміндегі шариғат, тариқат, мағрифат, хақиқат мақамдарымен тұтастықта қарастырып, теориялық-категориялық деңгейдегі метафизикалық әлемді қоғам өміріндегі моральдық-рухани жетілудің сатылары ретінде танытқан. Мақам, негізінен, ахлақи-рухани тәжірибе арқылы игерілетін кемелдіктің сатылары. Йасауи әрбір әлемге сай моральдық адамгершілік қасиеттер мен құндылықтарды игерудің шарттары мен критерийлерін де "мақам" ұғымы арқылы ашып көрсеткен.
Демек, Йасауи ілімінде әлем- теориялық-философиялық анықтамалар арқылы емес, адамның ішкі-рухани тәжірибелері арқылы меңгерілетін Тәңірді танудың моральдық сатылары. [5, 179 б. ]
Хикметтердегі "Риязатсыз еш әлемді көрсетпейді Ол (Алла) " деген мәліметтерден-ақ, Иасауидің ілімінде әлемнің Тәңірдің нұрын жасырып тұрған "перделер" екендігін көруімізге болады. Иасауи осы перделерді ашудың шарты ретінде "риязат", яғни, сопылық рухани тәжірибелер мен психотехникаларды игеру керектігін айтып отыр. [5, 179 б. ]
Қожа Ахмет Йасауи "Мират-ул Қулуб" атты мұрасында: "Көңіл әлемінің айыбы мен кірлері көп. Олар мыналар: дүииеқұмарлық, құмарлық, қызғаныш, ашу, дұшпандық, асылық, ұмытшақтық, менмендік, рия және көзбояушылық т. б" дейді. Бұл жерде әлем адам және оның рухани-психологиялық ерекшеліктерін білдіру үшін қолданылып тұр. "Фақнамасында" Йасауи: " . . . Алла тағаланың Қараңғылық пен нұрдан жетпіс мың пердесі бар. Егер бұл Перделер ашылса, назары түскен нәрсенің барлығы жанар еді -дейді. Бұл жердегі әлем Алла тағаланың сипаттарының көрінісі болып табылатын барлық болмыстар үшін қолданылып тұр. "Диуани Хикметінде" Йасауи: "Халиқ (Жаратушы) - Хақты іздеймін күн-түні жиһан (әлем) ішінен, төрт жағымнан жол шықты "каун уа макан" (әлем және кеңістік) ішінен" - дегенде, осы жаратылған болмыстар әлемін меңзейді. Ол әлемнің ішкі мәніне, оның арғы жағындағы ақиқатқа ұмтылады. Әлемнен Алланың дидарын көргісі келеді. Оны көретін қабілет адамның ішкі көзінде (басират) бар. "Захир көзі ғафлетте, Батин көзі ашылса, барлық перде (жумла) ашылып, ешқандай хижаб (шымылдық) қалмайды"- дейді. Байқасаңыз, әлемнің мәні де, маңызы да оның Тәңірді жасырып тұрған перде болуында жатыр. Адамның әлемді Тәңірді жасырып тұрған перде ретінде көруі өте маңызды. Егер Тәңір пердесіз ашық болса, барлық нәрсе мәнсіз, мағынасыз болған болар еді. Онда ғашықтық та, сыр да, иман да, күпірлік те, жақсылық та, жамандық та болмас еді. Сондықтан тіршілікті мәнді де мағыналы қылып тұрған махаббатпен жаратылған әлем. Адам перделерді аралап, оның ар жағындағы мәнді, ақиқатты көргенде ғана перденің перделік сипаты жойылады. Яғни, жаратылған әлемнен сыртқы пішін емес, мән ізделуі керек. Адам осы әлемнің пердесін айқара ашқанда ғана шынайы еркіндікке қауыша алады. Бірақ, бұл пердені ашу оңай емес, ол үшін шынайы сопы болу керек. Насафи: "Адамның тұрағы физикалық әлем емес, яғни бұл дүние емес. Біз - жолаушылармыз. Сондықтан өткінші дүниеде ешкімнің көңілін қалдырма, жүрегін жаралама, қолыңнан келсе адамның көңіліне медеу болатын, бақыт сыйлайтын қам жаса, дүние нығметтеріне алданып, мал-мүлік, атақ-тақ іздеу надандық" -дейді. Дегенмен, бұл әлем өткінші болса да, яғни жалған дүниеде алдансақ та, алданбасақ та бұл әлемге мұқтажбыз. Бірақ, Йасауидің айтпақ болған ойы мүлде басқа. Оның айтпақ болған ойы - осы қажеттілікті сылтауратып, нәмәрт адамдармен сұхбат құруға, надандармен бірге болуға болмайды. Әйтпесе, әлем нағыз бәле, азап, михнат пен сорға толы мағынасыз болуы мүмкін.
Адамның өзін-өзі зерттеп, әлемді танып, Тәңірге ұмтылуының бәрі - адамдық қалыпты сақтап, өзінің мәніне жетіп, бұл әлемде "алданған - алданбағандығын" әрдайым бақылан отыруы керектігін ескерту болып табылады. Оның ойынша, көкірегінде нұры бар адам баянсыз, тұрақсыз әлемнің мал-атағына көңіл бөлмейді. [5, 181 б. ]
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz