Когнитивті лингвистиканың қазақ тіл біліміндегі көрінісі



Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 20 бет
Таңдаулыға:   
Когнитивті лингвистиканың қазақ тіл біліміндегі көрінісі

Алынған ресурс: http:www.izden.kzreferat tarkazak-tili-men-debieti-
psihologiya97 Ғылыми жұмыстар жинағы. © izden.kz

Тілдің жасаушысы – халық. Қазіргі біз қолданып жүрген халық тілі көптеген
ғасырлар бойы қалыптасып, ұзақ уақыт қырналып, ұстартылған. Оның мазмұнын
көтеруге қаншама ұрпақтың ақыл-ойы, тарихы, философиялық ой-түсінігі
жұмсалған. Сондықтан да ол бүгін жатық, әдемі, ойлы естіледі. Ана
тіліміздегі әдебиет деген сөздің түп-төркіні арабша атаудан шыққан – сөз,
асыл сөз деген мағынасы бар, литература деген атаудың латын сөзі (littera)
екені – әріп, жазу-сызу деген мағынада қолданылатыны белгілі. Әдебиет – сөз
өнері. Сөз өнері сурет пен музыка секілді жалпыға бірдей жетімді деу қиын:
сөз – бояу немесе дыбыс емес, барлық халыққа бірдей түсінікті бола алмайды.
Әр ұлттың өзгеден ерекше өз тілі бар, әдеби шығарма сол тілде ғана туады.
Батыс елдері христиан дінінің көзқарас, қағидалары бойынша, әуелі сөз пайда
болғанын айтады (вначале было слово). Сөз өнері – бар өнердің басы, өнер
атаулының ең қиыны және күрделісі (Бальзак), ең жоғары түрі (Белинский)
десек, қазақ халқының өнер алды – қызыл тіл деген тұжырымы де тегіннен-
тегін тумаса керек. Хакім Абайдың: Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан
қиыстырар ер данасы. (1) Қисынымен қызықты болмаса сөз Неге айтсын
пайғамбар мен оны алласы. (2) Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын Қазақтың
келістірер қай баласы?. (3) Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел, Сендерге де
келейін енді аяңдап. (4) Өлді деуге сыя ма ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына
сөз қалдырған?. (5) Өзім де басқа шауып, төске өрледім Қазаққа қара сөзге
дес бермедім. (6) Адамзатқа не керек: Сүймек, сезбек, кейімек, Харакет
қылмақ, жүгірмек, Ақылмен ойлап сөйлемек. (7) [152], - деген үзінділерінде
сөз деген сөз 376 рет кездеседі. Абайдың кейінгі (7) шумағымен академик
Ғ.Мүсіреповтің мына сөздері үндес келеді: Ойдан – әрекет, әрекеттен – тіл;
әрекет пен тіл ағалы-қарындасты егіздің сыңары екенінде дау болмасқа керек
[153]. А.Байтұрсынұлынша айтатын болсақ: Тіл – адамның адамдық белгісінің
зоры, жұмсайтын қаруының бірі. Осы дүниядағы адамдар тілінен айрылып,
сөйлеуден қалса, қандай қиындық күйге түсер еді. Осы күнгі адамдар жазудан
айрылып, жаза алмайтын күйге ұшыраса, ондағы күйі де тілінен айрылғаннан
жеңіл болмас еді. Біздің заманымыз – жазу заманы; жазумен сөйлесу ауызбен
сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман. Алыстан ауызбен сөйлесуге болмайды:
жазумен дүнияның бір шетіндегі адам екінші шетіндегі адаммен сөйлеседі.
Сондықтан сөйлей білу қандай керек болса, жаза білудің керектігі онан да
артық. Сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек
болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек. Сөздің
жүйесін, қисынын келтіріп жаза білуге, қай сөз қандай орында қалай өзгеріп,
қалайша біріне-бірі қисындасып, жалғасатын дағдысын білу керек. Халық өмірі
бір жылдап, он жылдап, хәттә жүз жылдап та емес, мың жылдап саналады.
Сондай ұзақ өмірінің ішінде һәм халықтың дағдылы тұтынып келе жатқан
сөздері, ол сөздерінің біріне-бірі жалғасып тізілетін дағдылы жолы, жүйесі,
қисыны болады. Һәр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай
басқалық болса, тілінде һәм сондай басқалық болады. Біздің жасынан орысша,
я ноғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша
келтіріп жаза алмайды, я жазса да қиындықпен жазады. Себебі жасынан қазақша
жазып дағдыланбағандық. Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып
үйренген. Ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген.
Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай сөзінің жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз
қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін һәр жұрт баласын әуелі
өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін
білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін, басқаша оқыта
бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз
тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз [154].
А.Байтұрсынұлының сол кездерде айтып кеткен бұл сөзі қазіргі кезде де мәнін
жоймай, бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Қай халықтың болса
да, - дейді академик Ғ.Мүсірепов – қоғамдық өсу-өркендеу жолында көтеріле
алған биігі мәңгілік болып ана тілінде сақталып отырады. Қай халықтың болса
да, ақыл-ой тереңдігі көп салалармен тармақтала, молыға келіп, тағы да сол
ана тілінің алтын қорына қосыла береді [155]. Тіл байлығының ең басты
белгісі – сөз байлығы. Өйткені барлық білгеніміз бен білуге тиістіміз тек
сөз арқылы ғана белгіленеді. Сөз – тілдің негізгі элементі. Бірақ тіл
байлығы сөздердің жалаң санымен ғана емес, оның сапасымен, мазмұнымен, ішкі
мүмкіншілігімен де өлшенуі тиіс. Тіліміздегі мыңдаған сөздер номинация
(заттың, құбылыстың атауы) ретінде бір көрінсе, олар өзара тіркесуімен,
тілдік қатынас аясында тіл байлығын еселей түседі. Адам өз өмірінде ана
тілінің байлығын толық меңгеруі мүмкін емес. Сондықтан болу керек, Вольтер:
кез келген қиын шет тілін толық меңгеру үшін алты-ақ жыл қажет, ал ана
тіліңді жетік білу үшін бүкіл өміріңді сарып етуің қажет - деген екен. Сол
себептен Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың бастауыш мектебінде басқа білімдермен
қатар қазақ тілінің дыбыс, сөз, сөйлем жүйелерін де үйрету керектігін
өзінің Тіл – құрал кітабында ұсынған [156]. Аталған еңбекте бастауыш
мектепте балаларға тіл таныту үш тарау болып бөлінеді: 1) дыбыс жүйесі мен
түрлері, 2) сөз жүйесі мен түрлері, 3) сөйлем жүйесі мен түрлері. Ахаң бұл
тарауларды іске асыру жолдарын былайша түсіндіреді: Тіл – құрал үш жылға
бөлінгенде, бірінші жылда оқытуға ұйғарғанымыз: сөйлеу мен сөйлемді айыру,
сөз бен сөздің буынын айыру, буын мен буындағы дыбысты айыру, қазақ
тіліндегі дыбыстар һәм оларға арналған харіфтер; қазақ сөзіне жазылатын
харіфтер турасындағы ережелер, қазақ тіліндегі сөздердің тұлғалары. Бірінші
жылда үйретуге осы жеткілікті болар; үйткені Тіл – құралындағы заттар
қазақша һәм арабша алифбалардағы харіфтерді балалар үйреніп болғаннан кейін
үйретіледі. Балаларға көп үйретем деп, асығып шала-шарпы үйретуден, аз да
болса, анықтап нық үйрету абзал. Әсіресе бірінші жыл оқылатын Тіл –
құралы тіл білімінің негізі болғандықтан нық үйретілерге керек. Қазақ тілі
– түрік тілінің бір тарауы. Дүниядағы жұрттың тілі негізінде үшке бөлінеді:
1) түбіршік тіл, 2) жалғамалы тіл, 3) қопармалы тіл. Түбіршік тіл түпкі
қалпынан өзгерілмей жұмсалады, мәселен, қытай һәм жапон тілдері. Жалғамалы
тіл – сөздің аяғына жалғау қосылып өзгерілетін тіл, мәселен, түрік, фин
тілдері. Қопармалы тіл – сөз түбірімен қопарылып өзгерілетін тіл, мәселен,
орыс тілі, араб тілі. Біздің қазақ тілі түркі тілдің бір тарауы
болғандықтан, жалғамалы. Қазақ сөзінің түбірі өзгерілмей аяғына жалғау
қосылып өзгеріледі. Жалғау екі түрлі: бірі сөздің тұлғасын өзгертсе де,
ішкі мағынасын өзгертпейді, екіншісі сөздің тұлғасын да, мағынасын да
өзгертеді. Сондықтан бастапқысы тысқарғы, соңғысы ішкергі жалғау деп
аталады. Екі түрлі жалғаудың тысқарғысы сөйлегенде, жазғанда сөздерді
біріне-бірін қиылыстырып тізу үшін қажет, ішкергісі бір мағыналы сөзден
екінші мағыналы сөз шығарып, сөзден сөз туғызып, көбейтіп, тілді байыту
үшін қажет. Ішкергі жалғаудың бірсыпырасы осы бірінші жылдық Тіл –
құралда сөз тұлғасын сөйлеген орындарда көрсетілді. Тысқарғы жалғау туралы
екінші жылдық Тіл – құралда айтылмақшы. Сөзді дұрыс тізіп сөйлеу, әсіресе
дұрыс тізіп жазу туралы үшінші жылдық Тіл – құралда айтылмақшы [157].
Ахмет Байтұрсынұлының тарихтағы орнын, оның әлеуметтік-қоғамдық істерін,
дүниетанымдағы кейбір қайшылықтарын өз кезінде дұрыс көрсетіп, әділін
айтқан адамдардың бірі – С.Сейфуллин. Ол: Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай,
қызметтерін қылды... Жазушысы аз ғана, әдебиеті нашар қазақ жарлыларына оқу
һәм тіл құралдарымен қылған қызметі таудай... Қазақтың дыбысына, сөзіне
арнап әліппе шығарып, тіл һәм оқу құралдарын шығарып, қазақтың жалпақ тілін
талайға үйреткен Ахаң еді. Ұлт қамы дегенді көксеген адам болмай, қазақ
құлшылыққа кез болғанда, бостандыққа жол көрсеткен Ақаң еді дейді [158].
Тіл адамзаттың бір-бірімен пікірлесуін, түсінісуін, сөйлесуін қамтамасыз
ете келіп, тілдік қарым-қатынасты іс жүзіне асырады. Қазақ тіл білімінде
тілдік қатынас (коммуникация) мәселесін теориялық тұрғыдан да, әдістемелік
жағынан да арнайы зерттеген алғашқы ғалымдардың бірі – профессор
Ф.Ш.Оразбаева [159]. Ғалымның пайымдауынша, тілдік қатынаста өзіндік орны
мен маңызы бар қатысымдық тұлғалар: сөз, фразеологиялық тіркестер, сөйлем
және мәтін. Сөз – лексикалық жағынан да, грамматикалық жағынан да, сөзжасам
тұрғысынан да жан-жақты зерттеліп келе жатқан тілдік тұлға. Сөздің негізгі
екі қасиеті: формасы мен мазмұны, яғни дыбыстық таңбасы мен мағынасы да
қатысымдық процесте қарастырылады. Сөз – сөйлеу, пікір алысу үрдісіндегі ең
басты тұлға. Сөз жеке тұрғанда заттың, сынның, қимылдың т.б. атауы болып,
номинативті қызмет атқарса, тіл арқылы қарым-қатынаста белгілі бір
жағдайға, ортаға байланысты жұмсалып, қарым-қатынастық қызмет атқарады.
Тіптен контекссіз дербес қолданылып, грамматикалық тұлға ретінде әр түрлі
дауыс ырғағымен айтылса да, әрі хабарлау, әрі қабылдау мәніне ие болады.
Осындай жағдайлардың барлығында сөз белгілі бір ойды білдіре келіп, екінші
адамның санасы арқылы қабылданады. Ғалымның ойынша, сөз жеке, сөздікте
тұрғанда тілдік тұлға да, сөйлем құрамында, мәтінде қолданылғанда
қатысымдық тұлға болып табылады. Сөз тілдік қарым-қатынаста ауызша түрде
қолданылғанда, ондағы қатысымдық белгілерді дауыс ырғағы, интонация
атқарады да, жазбаша түрде жұмсалғанда, қатысымдық қызметті тыныс белгілері
атқарады. Тілдік қарым-қатынаста жұмсалатын сөздің бірнеше қасиеттері бар:
Сөз адам санасында бейнеленген ұғымның жарыққа шығуын қамтамасыз етеді. Сөз
басқа қатысымдық тұлғалардың жасалуына ұйтқы болады. Сөз өмір шындығын
нақтылы мағына арқылы түсіндіре келіп, адам ойының екінші біреуге
жеткізілуіне әсерін тигізеді. Сөз адамдар арасындағы тілдік қатынасты
жүзеге асыруға негіз болады. Жоғарыда айтылғандарды қорыта келгенде, сөз
өте күрделі тілдік тұлға екенін көреміз. Сөз өнері – бар өнердің басы, тіл
байлығы – сөз байлығы, сөз – тіл білімі салаларының: фонетика, морфология,
лексика, синтаксис, стилистиканың негізгі элементі. М.Горькийше айтсақ:
сөз – барлық фактілердің, барлық ойдың киімі. Белгілі тіл маманы,
профессор К.Ахановтың айтуынша, тіл білімінің лексикология саласы сөзді,
біріншіден – мағынасы жағынан, екіншіден – шығу тегі жағынан, үшіншіден –
қарым-қатынас жасауда қолданылу аясы мен шеңбері жағынан, төртіншіден –
экспрессивті-стильдік сипаты мен қызметі жағынан қарастырып зерттейді.
Демек, лексикология сөзді тілдің лексикалық бірлігі ретінде қарастыра
отырып, оны жан-жақты қамтиды. Сонымен лексикология тілдегі сөздер және
барлық сөздердің жиынтығы – сөздік құрам туралы, оның жасалып қалыптасуы
және дамуы туралы ғылым болып саналады. Қорыта айтқанда, сөз – тілдік
қатынастың бірден-бір құралы, ой көрінісі. Лексикология тіліміздегі бар
сөздік қордың құрамы, жасалуы, дамуы туралы ғылым екенін ғалымдарымыз терең
де нақты зерттеп, тиісті бағаларын берді. Сөйлем мен сөйлесім де – тілдік
қатынастың құбылыстары болып табылады. Тіл арқылы қатынас жасау процесінде
сөздер, әдетте, жеке-дара күйінде емес, бір-бірімен тіркесіп қолданылады.
Сөзді қатысым құбылысына сәйкес қарастырғанда, негізінен, оның сөйлеу мен
сөйлесуге байланысты ерекшеліктеріне назар аударуға тура келеді. Мұнда ол
адамдардың тілдік қарым-қатынасында жүзеге асатын, пікірлесуге негіз
болатын, өзара түсінісуге мүмкіндік жасайтын қатысымдық элемент тұрғысынан
сөз болады. Грамматиканың синтаксис саласының қарастыратын негізгі
мәселелері – сөз тіркесі мен сөйлем, олардың құрылымы мен түрлері.
Фразеологиялық оралымдар не тұрақты сөз тіркестері тілдік қатынаста
жұмсалатын қатысымдық тұлғалардың қатарына жатады. Мұнда тұрақты
тіркестердің біртұтас лексикалық тұлға түрінде тілдік қарым-қатынаста
қолданылуы маңызды орын алады. Сондықтан қатысымдық тұлға ретінде алынатын
тұрақты тіркестер адамның ойын жеткізуде белгілі бір ұғымды көрсетуімен
маңызды. Тілдесім әрекетінде сөйлем ішінде еркін сөз тіркестері де, тұрақты
сөз тіркестері де ұшырасады. Бірақ тұрақты сөз тіркестері қатысымдық жеке
тұлғаның қатарында пайдаланылса, еркін сөз тіркестері оған кірмейді. Сол
себепті тілдік қатынаста оларды бір-бірінен ажыратып қолдануға тура келеді.
Қазақ тілінің синтаксистік құрылысы құрылымдық-мағыналық тұрғыдан едәуір
зерттелді. Алайда синтаксистік бірліктер сөйлеуден тыс, оқшау қалыпта
алынады да, олардың, негізінен, формалық түзілісі, содан соң барып
бөлшектерінің бір-бірімен синтаксистік-семантикалық қатынастары
қарастырылады. Осыдан келіп сөйлем түгіл, сөз тіркесі де тиянақты бірлік
ретінде қаралып, сөйлемнің предикативті, сөз тіркестерінің предикативті
емес бірлік екені дәлелденіп келеді. Шындығында, қазақ тіл білімінде
синтаксистік талдау оқшау алынып, сөйлем шегінен тысқары шыққан жоқ. Бұны
кемшілік деуге де болмайды, өйткені осыған дейінгі зерттеу мақсатының өзі
де осы межеде болды. ХІХ ғасырдың басында-ақ неміс лингвисі В.фон Гумбольдт
тілді жансыз өнім емес, жасампаз процесс ретінде қарастырып, бұлардың өзара
тығыз байланысына назар аударуды ұсынды да, тілдегі жоғары да нәзік
құбылыстар бөлшектеп алған элементтер арқылы танылмайды, оған байланыстырып
сөйлеу арқылы қол жеткізуге болатынын нұсқап кеткен болатын. Ж.А.Жакупов
Қазақ тілі функционалдық синтаксисі (контекст проблемасы) атты докторлық
диссертациясында: Тілді жасампаз процесс деп қарасақ, синтаксистік
құрылысты да әрқилы, өзгермелі, қозғалыс күйіндегі құбылыс ретінде, қарым-
қатынастың шынайы құралы болып саналатын сөйлеу құбылысы ретінде контекст
ішінде көруге де тиіс боламыз. Сөйтіп қазақ тіл білімінде синтаксистік
құрылыс құрылымдық аспектіден ғана тексеріліп жүр. Синтаксистік құрылыстың
кешенді құбылыс екенін мойындасақ, оны әр қырынан зерттеу – ғылым міндеті.
Сондықтан функционалдық аспектіге келу үшін басқа аспектілерді мазмұндамай,
айналып өте алмаймыз. Сөйлеудегі, контекстегі сөйлемді орыс тіл білімінде
высказывание аталымымен белгілеп жүр. Оны қазақша айтылыс деп жүрміз.
Шартты түрде алдық демесек, высказываниенің мағынасын айтылыстан гөрі
предложениенің орнына қолданып жүрген сөйлем терминінің мағынасы дұрыс
береді. Салыстырыңыз: сөйле-у – сөйле-м. Біздіңше, орыстың предложениесі
қазақтың сөйлем деген терминінің мағынасын көмкермейді деген көзқарасын
білдіреді. Үндіевропа дәстүрлі тіл білімінде сөйлемнің мәнін олқысыну,
кішірейте қарау бар. Мәселен, В.Я.Плотник үшін предложение - оқиға,
құбылыстың стандартты аталуы (номинациясы), айтылыста оқиға, құбылысты
хабарлау үшін қажет жартылай фабрикат. Сөйлем сөйлеу актісінде қолданылып
барып айтылысқа айналады. Ал айтылысқа айналмаған сөйлем лингвистикалық
еңбектерде кездесетін экстракт ғана. Сөйлем дербес коммуникативтік бірлік
болуға қабілетсіз. В.А.Звегинцев: Тіл – сөйлемнің анатомиясы деген қағида
ұсынады да, сөйлеуге жатпайтын синтаксистік тізбек сөйлем емес, жалған
сөйлем (псевдопредложение), ал сөйлем сөйлеуде ғана болады деген үзілді-
кесілді пікір айтады. Ю.В.Ванниковтың көрсетуінше, сөйлем мен фраза бір-
бірімен сәйкес келіп отырады. Олардың меже шегі үйлеспейтін жайттар да
баршылық. Осы соңғы жайтқа байланысты зерттеуші мынадай қорытындыға келеді.
Қарым-қатынастың нақты дербес единицасы сөздердің грамматикалық
байланыстары негізінде де (сөйлем ұғымында), интонациялық-семантикалық
бірлік (фраза ұғымында) негізінде де анықтала алмайды. Бірінші жағдайда
қарым-қатынастың нақты дербес единицасы интонациялық-семантикалық единица –
фразадан гөрі кең көлемде болып, бірнеше фразалардан тұруы мүмкін. Екінші
жағдайда қарым-қатынастың нақты дербес единицасы сөздердің грамматикалық
байланыстары тығыз синтаксистік қатарынан кеңірек болып, бір-біріне
грамматикалық жақтан тәуелсіз осындай бірнеше синтаксистік қатарды қамтуы
мүмкін. Сондықтан қарым-қатынастың нақты дербес единицасы тіл мен сөйлеуді
– сөйлем мен фразаны – түйістіруші единицалардың бірлігін көрсететін нақты
тілдік бүтін күйінде ғана анықтала алады. Бұл бүтінді Ю.В.Ванников
айтылыс деп таниды. И.Ф.Вардульдің бұл мәселедегі көзқарасы өзгеше.
Ғалымның көзқарасын қысқаша баяндап көрейік. Қарым-қатынастың сөйлеу
арнасында өтетін процестері мен оның нәтижелерін сөйлеу деп атауға болады.
Тілді зерттеуші адам сөйлеуден физикалық емес, семиотикалық құбылысты
көреді. Сонда да сөйлеу семиотикалық құбылыс ретінде таза, бастапқы
материалдарды бере алмайды. Онда тілдік қана емес, тілден тыс жанама
ақпарат та болады. Ал егер тіл бізді таңбалық жүйе ретінде қызықтырса,
зерттеу затын бөліп алу үшін сөйлеудің таңбалық жүйе ретінде тілге қатыссыз
бөліктері мен қасиеттерінен абстрактіленіп, алшақтау керек болады. Басқаша
айтқанда, тілден басқа барлық мәліметтерден, барлық дыбыстық сипаттардан
дерексіз болуға ұмтыламыз. Осы абстрактілеу нәтижесінде сөйлеуден басқа бір
нәрсе келіп шығады, ол өзге атаумен белгіленуге тиіс. Э.Бюйсанс осыған
байланысты сөйлеудің функционалдық бөлігі ретінде белгіленетін дискурс
деген терминді айтады. И.Ф.Вардуль осы терминді пайдаланып, оның
ерекшеліктерін пайымдайды. Сөйлеу де, дискурс те тілді оның тікелей
тағайыны (назначение) бойынша қолдану немесе осы қолданудың нәтижесі,
өнімі. Тек сөйлеу нақты іс-әрекет ретінде басқа бір процестер аясында
өтетіндіктен, оған әр алуан қасиеттер мен қосалқы бір құбылыстар қосылады.
Ал дискурс – тілді қолданудың таза процесі, осы процестің таза
нәтижесі. Сөйлеуде тілден тыс қалдық болады, ал дискурсте ондай қалдық
болмайды. Дискурсте қатынас құралы ретіндегі тілдегі бар нәрсе ғана болуы
мүмкін. Әдетте, дискурс сөйлеуден бөлінбейді. Соның арасында лингвистикалық
дескриптикада сөйлеу емес, дискурстың нақ өзі талданады. Сөйлеуді лингвист
қабылдап, одан дискурсты бөліп алса болды, сөйлеудің қажеті жоқ болып
қалады. Дискурсты, сөйлеу сияқты, тіл қолдану процесі түрінде динамикалық
тұрғыдан және тілді қолдану процесінің нәтижесі, өнімі ретінде статикалық
тұрғыдан қарауға болады. Сонымен, тіл мен сөйлеудің байланысы туралы
пікірлер әрқилы: тіл мен сөйлеу екеуі – екі басқа құбылыс; тіл мен сөйлеу –
біртұтас құбылыс; тіл мен сөйлеудің ара жігін ажыратуға болады. Дей тұрсақ
та, біз қазақ тіліндегі сөйлем аталымынан бас тартпаймыз. Өйткені жалпыға
түсінікті бір ақиқат бар. Ф. де Соссюр айтқандай, тіл мен сөйлеу бір-
бірімен тығыз байланысты және біріне-бірі өзара ұйғарылып тұрады: тіл
сөйлеу түсінікті болып, өз әрекетін орындау үшін қажет, өз кезегінде сөйлеу
тіл орнап, қалыптасу үшін қажет, сөйтіп тіл мен сөйлеудің өзара байланысы
анықталады: тіл бір мезгілде сөйлеудің әрі құралы, әрі өнімі. Тіл – мән,
сөйлеу – құбылыс. Философияда дәлелденгендей, мән тереңірек, құбылыс
кеңірек, мән мен құбылыстың бірінсіз-бірі жоқ, бұлар тығыз диалектикалық
байланыста тұрады. Сонда тіл мен сөйлеу бір нәрсенің екі жағы болып шығады.
Тілге статика, сөйлеуге динамика тән. Тілде ой берілсе, сөйлеуде ой
қозғалысқа, өзгеріске түседі. Ғалым Ж.А.Жакуповтың жоғарыда аталған
еңбегінде синтаксистік құрылыс аясында тілді сөйлеу арқылы, сөйлеуді тіл
арқылы түсіндіруі қазақ тіл біліміндегі жаңа да зәру мәселе деп ой түйеміз.
Контекст (мәтін бөлігі) мәселесі – қазақ тіл біліміндегі көкейкесті
мәселенің бірі. Қазақ лингвистері өздерінің басқа зерттеу нысандарын
баяндау үстінде қажетті жерде контекст атауын жол-жөнекей пайдаланғаны
болмаса, оны (контексті) арнайы талдаған жоқ. Ал мәтін бөлігінің тілдің қай
деңгейіне болсын қатысы бар. Бұл, әсіресе, синтаксистік құбылыста анық
байқалады. Тіпті, синтаксистің басты нысаны болып табылатын сөйлемнің шын
сипаты мәтін бөлігі арқылы ғана айқындалып ашылады. Қазақ тіл білімі
ғалымдарының мәтін лингвистикасы туралы ой-пікірлері. Мәтін дүниежүзі
лингвистерінің назарына іліккен кезде, қазақ тіл білімі ғалымдары да бұл
мәселеге қатысты өзіндік ой-пікірлерін білдірді. Қазақ тіл білімінің ғылыми
негізін салушылар – А.Байтұрсынұлы мен Қ.Жұбанов еңбектеріндегі мәтін
туралы алғашқы ойлар соның дәлелі бола алады. Біздің ойымызша, ғалым
А.Байтұрсынұлы мәтінді шығарма сөз деп атап, сөйлеудің бірлігіне
жатқызады. Сөз өнерінен жасалып шығатын нәрсенің жалпы аты – шығарма сөз,
ол аты қысқартылып, көбінесе шығарма деп айтылады. Ауыз шығарған сөз
болсын, жазып шығарған сөз болсын – бәрі шығарма болады. Шығарманың түрлері
толып жатыр. Шығарма сөздің бәрінен бұрын байқалатын тысқы нәрселері: 1.
Тақырыбы. Жоспары. Мазмұны. Түрі. Тақырып – әңгімедегі пікір не нәрсе
туралы болса, сол нәрсе шығарманың тақырыбы болады. Мәселен, пікір жаз
туралы болса, шығарманың тақырыбы жаз болады. Той туралы болса, тақырыбы
той болады, ат туралы болса тақырыбы ат болады. Әңгімедегі пікір не
туралы екенін күн ілгері білдіру үшін, шығарманың тақырыбы басынан
қойылады. А.Байтұрсынұлы мәтіннің (шығарманың) тақырыптан, ал мәтін
(шығарма) мазмұнының үш мүшеден, яғни аңдату, мазмұндау, қорытудан
тұратынын көрсетті. Мәтіннің қатысымдық қызметін тудыруға қатысатын айтушы
ойының өзге үшін бағытталатынын алғашқылардың бірі болып айтты. Жоспар. Сөз
шығарудан бұрын шығарушы айтатын пікірін қай ретпен жазатынын мерзімдеп,
жоспарлап алады: онысы неден бастап, неден соң нені айтып, немен
аяқтайтынын белгілеп алу болады. Әңгіменің жоспарын шығарушы адам я ойында
белгілеп алады, я қағазға жазып алады. Қай шығарма сөзде де болса, жоспар
болады. Мазмұн. Шығарманың тақырыбынан басқасы мазмұны болады. Солай болған
соң, мазмұн дегеніміз бір нәрсе туралы ойға алған пікірді айтуға жұмсаған
бүкіл сөзіміз мазмұн болып шығады. Мазмұнның үш мүшесі болады: 1. Аңдату.
Мазмұндау. Қорыту. Мазмұнның аңдатуында мазмұн туралы алдын ала айтарға
керек болған ғана ойлар айтылып шығады. Сондықтан мазмұнның бұл мүшесі
шығарған сөздің бәрінде де бола бермейді. Аңдату мүше шығармаларда керегіне
қарай болады. Мазмұндауында, ой тиегін ағытқан сияқты, айтайын деген
пікірдің бәрі айтылады. Мазмұндау – шығарманың мазмұн мүшесінің ең зоры,
онсыз шығарманың мазмұны болмайды. Мазмұнның қорытуында мазмұндауда
айтылған пікірдің қорытылып, маңызы шығарылады. Қорыту мүше мазмұн
біткеннің бәрінде бола бермейді, бұ да керегіне қарай болатын мүше. Сөйтіп
шығарма мазмұнының аңдату, мазмұндау, қорыту – үш мүшесінің үшеуі де болуға
ықтимал, басқалары болмай, жалғыз ғана мазмұндау болуға да ықтимал, кейде
аңдату мен мазмұндау ғана болады, кейде мазмұндау мен қорыту ғана болады.
Шығарманың мазмұнында байқалатын негіздік түрлер үшеу: Әуезе. Әліптеу.
Байымдау. Дүниедегі нәрсенің қайсысы туралы сөйлесек те, бір жағынан ғана
емес, әр жағынан алып сөз қылуға болады. Мәселен, бір адамды сөз қылуға
алсақ, я ол адамның істеген ісін, айтқан сөзін әуезе қылып сөйлейміз, я
тұлға-тұрпатын, кескінін, көркін айтып, пернесін әліптеп сөйлейміз, я
болмаса ол адамның істеген істерінің, өзінің жақсы-жаман болғанының
мәнісін, себебін тексере, байымдап сөйлейміз. Осыған қарай сөйлеген
сөзіміздің түрі не әуезе, не әліптеме, не байымдама болып шығады.
Қ.Жұбановтың еңбектерінде, қазіргі тіл біліміндегі терминдік атаулармен
берілмесе де, мәтін мәселесіне қатысты пікірлердің болғандығы анық
байқалады. Көрнекті ғалым Қ.Жұбанов мәтінді сөз деп атайды Бұл жөнінде
ғалым: Сөз бұйымын дұрыс жасап шығу үшін де оның жасалу жолын,
материалының сыр-сыпатын білу керек. ... Сөзді дұрыс құраудың жолын білу –
жазылатын сөзге ала-бөле қарау. Өйткені ауызекі сөйленетін сөздің андай-
мұндай қисығын елетпейтін басқа жағдайлар бар, - деп паралингвистиканың
зерттеу нысанасы ым-ишара секілді кинетикалық амал-тәсілдерді т.б. атап
көрсетеді де, ойын былайша сабақтайды: - Жазулы сөзде бұл кемшіліктердің
бірі де жоқ. Кітаптың сөзі қисық болсын, дұрыс болсын, қалай жазылған
болса, солай оқылады; қалай оқылса, солай түсініледі, немесе түсініксіз
күйімен қалып қояды. Сондықтан, әсіресе, жазылатын сөздің қалай құру
тетігін білу өте қажет [171]. Бұдан ғалымның мәтінді жүйелілік сипаты бар
құбылыс деп түсінгендігі байқалады. Бұл мәселелер сол кезде мәтін
лингвистикасының ауқымында қарастырылмаса да, қазірдің өзінде тіл білімінің
осы саласы үшін өзекті әрі құнды. Олай болса, ғалымдардың ой-пікірлері
қазақ мәтін лингвистикасының алғашқы іргетасының қалануына себепші болды
деп айтуымызға толық негіз бар. Мәтін құрылысы, ерекшелігі туралы пікірлер
синтаксис, стилистика саласында жазылған зерттеулерде де кездеседі. Ғалым
Р.Сыздықова Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы (1970) деген еңбегінде
қазақ поэзиясында сөйлемдерді бір-бірімен байланыстырып, топтастыратын
тәсілдердің бірқатары орыс тіліндегімен сәйкесетінін және бірсыпырасы
өзгеше, яғни қазақ тілі табиғатына сай келетіндігін айта келіп, олардың
басты-бастыларын тізіп көрсетеді, ал 1974 жылы жарық көрген Қазақ тілінің
стилистикасы оқулығында сөздің (речь) ауызша және жазбаша деп екіге
бөлінетіндігі, олардың ерекшелігі сөз етіліп, жазбаша сөздегі ойдың қағазға
жазылып жеткізілетіндігі туралы мынадай пікір айтады: Сонымен жазу – ол
белгілі бір текст. Бұл түрлі текстер (газет, журнал, кітаптардағы
материалдар) әр жай, күйді білдіріп хабарлайды. Бұл ойдан жалпы
лингвистика ғылымының зерттеу нысаны саналатын мәтін – тіл жүйесін
пайдалану арқылы қағаз бетіне түскен сөздің бір түрі, яғни ол сөйлеудің
хатқа түскен бейнесі түрінде анықталып отырғаны анық байқалады. Жоғарыдағы
пікірлердің өзін қазақ мәтін лингвистикасына қосылған мол үлес деп
түсінеміз. Филолог-ғалымдар Б.Шалабай, М.Ахметова Мәтін лингвистикасының
негізгі мәселелері атты мақаласында: Мәтін лингвистикасы – мәтіннің
мағыналық әрі құрылымдық жақтарын зерттеумен айналысатын тіл білімінің
іргелі саласы. Жалпы тіл білімінде осы жаңа ғылыми саланың тез қарқынмен
дамуы лингвистикалық зерттеулер ауқымының кеңеюімен, тіл біліміндегі
функционалдық бағыттың дамуымен тікелей байланысты. Көптеген тілші-ғалымдар
мәтін лингвистикасы ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Когнитивті лингвистика мен қазақ тіл білімінің байланысы
Когнитивті лингвистика-жеке ғылым саласы туралы ақпарат
Когнитивті лингвистика – жеке ғылым саласы
Қадыр Мырзалиевтің тілдік тұлғасы
Когнитивті лингвистика ғылымының теориялық мәселелері
Когнитивті лингвистика және терминалогия
АНТРОПОӨЗЕКТІК ПАРАДИГМА БАҒЫТТАРЫ
Әлем бейнесі және әлемнің тілдік бейнесі ұғымдары
ТІЛ ҚЫЗМЕТІНІҢ КОГНИТИВТІК 6 НЕГІЗДЕРІ
Сөздер мен сөйлемдер құрылысы – адамның дүниетану жетістігі
Пәндер