Контаминация құбылысының тілдегі көрінісі
ӘОЖ 811.512.122’367 Қолжазба
құқығында
АҚЫЛБАЕВА ГҮЛНАР ИСЛАМҚЫЗЫ
Контаминация құбылысының тілдегі көрінісі
10.02.02 – Қазақ тілі
Филология ғылымдарының кандидаты
ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2008
Жұмыс Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің
теориялық және қолданбалы тіл білімі кафедрасында орындалды.
Ғылыми жетекшісі: филология ғылымдарының докторы,
профессор Б.Шалабай
Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының докторы,
доцент А.Тұрышев
филология ғылымдарының кандидаты,
доцент Ғ.Иманалиева
Жетекші ұйым: А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі
институты
Диссертация 2008 жылы 20 қараша күні сағат 14-00-де Абай атындағы
Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде филология, педагогика
ғылымдарының докторы (кандидаты) ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 14.09.04
диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады.
Мекенжайы: 0500010, Алматы қаласы, Достық даңғылы 13, 215а-кабинет.
Диссертациямен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің
кітапханасында танысуға болады.
Афтореферат 2008 жылы 18 қазанда таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы, филология
ғылымдарының докторы, профессор
Г.Қосымова
Кіріспе
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазақ тіл біліміндегі синтаксистік
құбылыстар (деривация, трансформация, контаминация және т.б.) тілдің
шығармашылығымен, ондағы бірліктердің функциясымен тығыз байланысты.
Дәстүрлі синтаксис тарапынан қарастырылатын сөздің морфологиялық тұлғасы
контексте өзінің негізгі синтаксистік қызметімен сәйкес келе бермейді. Яғни
кез келген тілдік құралдың функциялық потенциялы дәстүрлі грамматикада
танылғандығынан әлдеқайда кең екендігі байқалады. Тілдегі жаңа қолданыстар
мен фактілерді танып білу синтаксистегі қалыптасқан қағидаларды
жетілдіруді, кейбір заңдылықтарды тереңірек қарастыруды қажет етеді.
Зерттеу жұмысының өзектілігін контаминация құбылысының арнайы зерттеу
нысанына айналғандығымен негіздеуге болады. Бұл мәселе қазақ тіл білімінде
енді ғана қолға алынып келе жатқан қатысымдық синтаксис мәселесімен де өте
тығыз байланысты. Қатысымдық синтаксис тіл білімінде қазір өте актуалді
болып табылатын функционалдық бағытпен ұштасып жатыр. Жалпы тіл білімінде
функционалдық бағыттың бірнеше түрлері бар. Солардың бірі белгілі бір
тілдік заңдылықты (мәселен, контаминация құбылысын) тіл жүйесінде тұтас
алып қарастыру болып табылады. Бұдан олардың арасындағы деңгейаралық
байланысты анықтауға мүмкіндік туындайтындығы белгілі.
Зерттеу нысаны ретінде қазақ тіл жүйесіндегі контаминация құбылысы
арқылы жасалған тіл бірліктері (лексема, фраза), синтаксистік құрылымдар
(сөз тіркесі, сөйлем) алынды. Оның ішінде сыйысқан құрмалас сөйлемдер,
контаминация жолымен қалыптасқан тұрақты және еркін тіркестер.
Зерттеудің мақсаты. Жұмыстың негізгі мақсаты – қазіргі қазақ
тіліндегі сыйысқан тілдік бірліктерді анықтап, олардың сыйысу механизмдерін
көрсету және оған әсер етуші экстралингвистикалық факторларды табу.
Зерттеу жұмысының міндеттері:
- контаминация құбылысының лингвистикалық анықтамаларын жинақтап,
сараптама жасау;
- контаминация құбылысының тілдегі басқа заңдылықтардан (синкретизм,
ассимиляция, эллипсис, парцелляция, редукция және т.б.) айырмашылығын
көрсету;
- контаминация жолымен қалыптасқан еркін және тұрақты тіркестерді
тауып, оларға компоненттік талдаулар жасау;
- бірыңғай тұрлаулы және тұрлаусыз мүшелердің сыйысу ерекшеліктерін
көрсету;
- сыйысудың субъективтілік мәнін дәлелдеу және контаминация құбылысына
әсер ететін экстралингвистикалық факторларды анықтау;
- контаминацияланған сөйлемдердің коммуникативтік-экспрессивтік
қызметін көрсету.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Осы жұмыста қазақ тілі жүйесіндегі
контаминациялық құбылыстар барлық деңгейді қамтып, алғаш рет кешенді түрде
сөз болды:
- жалпы тіл білімінде түрлі анықтамалар арқылы түсіндірілетін
контаминация құбылысының ортақ мәні көрсетіліп, барлық деңгейдегі сыйысқан
бірліктерге тән ортақ белгі анықталды;
- тіл жүйесіндегі ықшамдалуға қатысты басқа да заңдылықтардан
(редукция, ассимиляция, элипсис, синкретизм, парцелляция және т.б.)
сыйысудың ерекше құбылыс екендігі дәлелденді;
- синонимдес, варианттас және мағыналары жақын емес фразеологиялық
бірліктердің контаминациялану арқылы қалыптасу ерекшеліктері көрсетілді;
- синтаксистік валенттілік, семантикалық валенттілік және
контаминациялық құбылыс арқылы пайда болған жаңа сөз тіркестері анықталып,
оларға компоненттік талдаулар жасалды; бірыңғай тұрлаулы және тұрлаусыз
мүшелердің сыйысу ерекшеліктері айқындалды;
- ықшамдалған, сыйысқан құрылымдардың коммуникативтік-прагматикалық
негізі болатындығы дәлелденді; контаминацияланған құрылымдардың
коммуникативтік-экспрессивтік қызметі мен сыйысудың субъективтік мәні
анықталды.
Зерттеудің әдіснамалық негіздері. Зерттеуге теориялық негіз ретінде
контаминация құбылысына қатысты жалпы тіл білімінде айтылған барлық
тұжырымдар, сондай-ақ ұлт ғалымдары А.Байтұрсынұлы, Н.Сауранбаев,
С.Аманжолов, Е.Жұбанов, Қ.Есенов, С.Исаев, З.Ахметжанова, Н.Уәлиұлы,
Г.Қосымова және т.б. тілдегі сыйысу құбылысы туралы көзқарастары алынды.
Зерттеу жұмысының әдістері.
Тақырыпты зерттеу барысында сипаттау, жүйелеу, салғастыру, салыстыру,
жіктеу, талдау әдістері қолданылды. Негізгі бөлімдердегі тұжырымдар тілдік
мысалдарды талдау арқылы түйінделіп, нәтижелері сызбалармен, кестелермен
тиянақталды.
Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы. Диссертациялық жұмыс
қазіргі қазақ тіл білімінде енді қолға алынып жатқан функционалды
грамматика және қатысымдық синтаксис теорияларына сүйеніп жазылғандықтан,
сол бағыттағы зерттеулерге қосылған үлес болып саналады. Жұмыста
келтірілген тұжырымдар мен қорытындыларды жоғары оқу орындарында синтаксис
теориясы бойынша арнайы курстарда оқуға және семинар сабақтарын жүргізуде,
сондай-ақ қатысымдық синтаксистен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жазу ісіне
қолдануға болады.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
- тілде контаминацияға ұқсас құбылыс көп. Контаминацияның олардан
айырмасы – сыйысатын екі бірліктің құрамындағы кез келген бір компонент
түсіп қалады;
- сыйысу құбылысы белгілі бір деңгейге ғана емес, жалпы тіл жүйесіне
тән заңдылық болып табылады;
- синонимдес, варианттас фразеологизмдердің сыйысуы арқылы жаңа
фразалық бірліктер пайда болады; мағыналары алшақ тұрақты тіркестердің
сыйысуы арқылы да тұрақты тіркес пайда болады, бірақ мұндай бірліктер
синонимдес, варианттас фразеологизмдерге қарағанда тілімізде сирек
ұшырасады;
- жаңа еркін тіркестің жасалуына семантикалық және синтаксистік
валенттілікпен қоса, контаминация заңдылығы да елеулі әсер етеді.
Алдыңғылары тілдің ішкі заңдылығына негізделсе, сыйысу құбылысы арқылы
пайда болған жаңа тіркестің жасалуына экстралингвистикалық фактордың әсері
күштірек болады;
- күрделі құрылымдар сыйыса және қиыса байланысады. Сыйысқан құрылымдар
контаминация заңдылығы арқылы жүзеге асады; контаминацияланған құрылымдар
барлық сөйлем мүшелерінің сыйысуы арқылы жасала береді және әртүрлі
деңгейдегі бірліктердің барлығына, яғни тіл жүйесіне түгелдей тән құбылыс
болып табылады.
Зерттеудің дереккөздері. 5000-нан аса контаминациялану жолымен жасалған
тіл бірліктері, синтаксистік құрылымдар, тұрақты сөз тіркестері, еркін
тіркестер теріліп алынып, жұмысты жазу барысында сыйыса байланысқан
құрылымдарға компоненттік талдаулар жасалды.
Зерттеу жұмысының талқылануы мен жариялануы. Диссертацияның негізгі
тұжырымдары мен нәтижелері 4 Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда,
1 Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда баяндалды. Диссертациялық
жұмыстың мазмұны бойынша республикалық басылымдарда 3 ғылыми мақала
жарияланды. Барлығы ғылыми жұмыс бойынша 8 мақала баспадан шықты.
Диссертация Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Жалпы
тіл білімі және қазақ тілі тарихы кафедрасында және біріктірілген
лингвистикалық семинар мәжілісінде талқыланды.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Жұмыс кіріспеден, үш тараудан, қорытынды
мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Негізгі бөлім
Зерттеудің кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі, зерттеу нысаны,
мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылатын негізгі
тұжырымдары түйінделіп, теориялық маңызы және практикалық мәні көрсетіледі.
Зерттеудің басты нәтижелерінің талқылануы мен жариялануы баяндалады.
1 Контаминация құбылысы және оның лингвистикалық сипаты. Тіл
біліміндегі контаминация құбылысын ықшамдаудың (үнемдеудің) бір тәсілі
ретінде қараған дұрыс. Ықшамдау (үнемдеу) – жалпы тіл жүйесіне қатысты және
әртүрлі тәсілдермен жүзеге асатын құбылыс. Кезінде А.Мартине үнемдеуге
(экономия) аса мән берген болатын: Постоянное противоречие между
потребностями общения человека и его стремлением свести к минимум свои
умственные и физические усилия может рассматриваться в качестве движущей
силы языковых изменений. Здесь, как и в ряде других случаев, поведения
человека подчинено закону наименьшего усилия, в соответствии с которым
человек рассматривает свои силы лишь в той степени, в какой это необходимо
для достижения определенной цели [1, 77 б.].
А.Мартиненің ойынша, ықшамдаудың екі түрі болады: синтагмалық және
парадигмалық. Тіл жүйесіндегі ықшамдауды ғалым синтагмалық, ал сөйлеу
кезіндегі ықшамдалуды парадигмалық деп таниды. Ықшамдаудың өзі сөйлеуге
тікелей қатысты болатындығын осы сала бойынша зерттеп жүрген бір де бір
ғалым жоққа шығарған емес. Г.Паульдің пікірінше, тіл жүйесінде синтаксистік
құрылымдардың толық нұсқалары болғанымен, сөйлеуде сөйлеу жағдаяты мен
контекске қарай қажеттілері ғана пайдаланылады екен [2, 86 б.].
Шындығында да, сөйлеу кезінде қолданылатын синтаксистік құрылым бір-ақ
сөзден де тұруы мүмкін. Егер олар жалпы жағдайға қанық болса, сөйлеушілер
үшін оның өзі түсінікті болады. Мұндай жағдай барлық тілдерге тән.
Ықшамдаудың түрі көп және оның деңгейлік сипаты бар екендігін айта кету
қажет. Ассимиляция, редукция құбылыстары фонетика деңгейіне тән болса,
контаминация, синкретизм және т.б. одан жоғары тұрған деңгейлерге тән болып
келеді.
Ықшамдаудың қай түрі болмасын құрылымға экспрессивті мән үстейді:
...сокращенные и упрощенные конструкции характеризуются динамичностью,
свежестью, живостью изображения, особой экспрессивной выразительностью [3,
130 б.], - дейді ғалым Э.Г.Ризель. Ал ықшамдаудың өзі аяқталған ойды
жеткізуге арналған синтаксистік құрылымды біріктіретін, байланыстыратын
морфологиялық құралдардың, лексикалық бірліктердің түсірілуі арқылы жүзеге
асады. Мұндай құбылысты татар тіліндегі ықшамдалу жайын қарастырған ғалым
Ф.С.Сафиуллина Семантикалық компрессия деп атайды [4, 82 б.]. Автор
компрессияның түрлеріне мыналарды жатқызады: В простых предложениях
наблюдается выпадение аффиксов сказуемости. В разговорной речи татар
появляются новые структурные модели речи татар словосочетаний и
предложений: сегментация, парцелляция, уменьшение объема предложения [4,
82 б.]. Біздің ойымызша, автор бұл жерде компрессия құбылысын жалпы
ықшамдаумен синоним мағынасында алып отырған сияқты. Өйткені компрессия
құбылысы да парцелляция сияқты ықшамдаудың бір тәсіліне жатады.
Контаминацияланған бірліктердің қайсысы болмасын құрамы, құрылымы
жағынан ықшамдалады. Жалпы тіл білімінде контаминациялық құбылыстар еркін
тіркес және тұрақты тіркеске қатысты алғаш рет өткен ғасырдың жетпісінші
жылдарынан бастап сөз бола бастады. Оған В.А.Инцкович, Б.С.Шварцкопф,
С.И.Ройзензон, Н.Ю.Шведова, А.И.Молотков, Л.М.Болдырева, А.М.Бабкин,
А.В.Кунина сияқты ғалымдардың еңбектерін жатқызуға болады.
Контаминация негізінде жаңа бірліктер пайда болады. Контаминация
құбылысын жаңа бірліктердің пайда болуының бір көзі ретінде қарауға болады.
Мамандар контаминация құбылысының, әсіресе, фразеологизмдер жасауда актив
қолданылатындығын айтады.
1.1 Контаминация құбылысының қазақ тіл білімінде зерттелуі. Қазақ тіл
білімінде контаминация құбылысына ең алғаш тоқталған ғалым –
А.Байтұрсынұлы. Ғалымның айтуынша, толық түрде айтылған бағыныңқы
сөйлемдердің бәрін болмаса да, көбін-ақ ықшам түрге айналдыруға болады.
Ықшамдау деп сол толық түрден ықшам түрге айналдыру айтылады. Қазақ тілінде
толық түрінен де ықшам түрі көбірек жүреді. Бағыныңқы сөйлемнің көбі ықшам
түрге айналғанда, басыңқы сөйлемге сіңісіп, жоғалып кетеді [5, 308 б.].
А.Байтұрсынұлының сыйысу сөзі шет тіл термині (латын)
контаминацияның мағынасын толықтай аша алады. Және де соның баламасы
ретінде қолданылуына да толықтай семантикалық мүмкіндігі бар. Оған шет
тілдер сөздігіндегі контаминацияға берілген екінші мағынасы (екі немесе
бірнеше оқиғаны қосақтап, араластыра сипаттау) дәлел бола алады. Қазақ
тіліндегі сыйысу сөзінің де мағынасы осыдан соншалықты алшақтап кетпейді.
А.Байтұрсынұлы сыйысулы құрмаластың екі түрлі: 1) шұбалаң түрде, 2)
ықшам түрде айтылатындығын ескерткен. Мұнда дамудың үш негізгі заңдылығының
(санның сапаға өтуі, қарама-қайшылық және терістеу) бірі – терістеуді
терістеу құбылысы барын байқауға болады. Яғни құрмалас сөйлемдер сыйысу
процесі арқылы ықшамдалады да, А.Байтұрсынұлынша айтқанда, сыйысулы
құрмаласқа айналады. Оның өзі әрі қарай ықшамдала алады. Бірақ бұл жердегі
ықшамдалу сыйысу құбылысы арқылы емес, көсемше тұлғалары арқылы жүзеге
асады.
Қазақ тіл білімінің тарихында мұндай заңдылыққа А.Байтұрсынұлынан кейін
Н.Сауранбаев, С.Аманжолов, Е.Жұбанов, Р.Әмір, Қ.Есенов, С.Исаев,
З.Ахметжанова, Н.Уәлиұлы, Б.Шалабай, Б.Сағындықұлы, Г.Қосымова,
Б.Қапалбековтер назар аударған.
1.2 Контаминацияның тілдегі ассимиляция, эллипсис, парцелляция және
редукция құбылыстарынан айырмашылығы. Сөйлеуші сөз қолданысы кезінде өзінің
жеткізер ойын өз мақсатына сай кейде қысқа әрі нұсқа беруге тырысады да,
сөйлеу актісін жеңілдетеді. Бізден бұрынғы жазылған еңбектерден
байқағанымыздай, бұл құбылыс тілдің барлық деңгейінде кездеседі. Қысқа,
ықшам қолданыстарға фонетикадағы ассимиляция, редукция құбылысы,
синтаксистегі парцелляция, эллипсис және біз қарастырып отырған
контаминация құбылыстары жатады. Мәселен, Алақай, жазгелді! (Ауызекі тіл);
Трактор сынып, соған запас бөлшектер қажет боп қапты (М.Мағауин); Бейшеннің
мына бір әні тек маған арналғандай. Маған ғана сыр шерткендей. Мен бұл әнге
құмармын! Ынтықпын! (І.Жақанов); Ошаған би жан-жағына қарағыштап, қою қасы
тікірейіп, ашудан күйіп отыр (С.Сматаев); Аудан жарысына Айдын, Ербол,
Жарас бармақ (Ауызекі тіл) деген сөйлемдердегі айқындалған сөздер осы
құбылыстарға жатады. Сөйлеу барысында, бұл құбылыстардың қай-қайсысын алсақ
та, жеке сөз, ары кеткенде сөз тіркесі бойында жүзеге асады, ал
контаминацияда екі сөз тіркесі немесе екі сөйлем бірігіп, бір тұтастыққа
айналады.
1.3 Грамматикалық синкретизм және контаминация. Тіл жүйесінде ықшамдалу
құбылысының бірнеше тәсілі бар. Соның бірі біз қарастырып отырған
контаминацияға ұқсас синкретизм тәсілі болып табылады. Синкретизм құбылысы
тілдің барлық саласынан дерлік (лексика, грамматика, синтаксис), яғни
қызметі әртүрлі сөздер мен грамматикалық формалардың тілдің даму барысында
тұлғалас келуі ерекше орын алатыны байқалады. Десек те синкретизм құбылысы
жоғарыда көрсетілген тілдік деңгейде әртүрлі тұлғада көрініс табады. Яғни
олардың өзіндік ерекшеліктері бар. Себебі контаминацияның да деңгейлік
сипаты бар екендігіне зерттеу барысында көз жеткіздік.
Синкретизм сөзінің беретін мағынасы шет тілдер сөздігінде қосылу,
біріктіру, бірлестіру мағынасындағы грек сөзі екендігі жайлы айтыла келіп,
оның екі түрлі мағынасы берілген: 1) қандай да бір нәрсенің жетілмеген
алғашқы қалпын сипаттаушы бірліктердің бөлінбейтіндігі. Мысалы, билеу, өлең
айту және ән бір бүтін болып қолданылған алғашқы өнер синкретизмі; 2) әр
текті элементтерді қосу, араластыру.
Тіл білімінде синкретизмге берілген анықтамалары көп. Олардың бәрінің
басын біріктіріп тұрған мынадай ортақ белгілері бар:
1) тіл жүйесінде бөлек екі немесе одан да көп семантикалық белгінің
бір формада қатар көрініс табуы;
2) грамматикалық категориялары әртүрлі сөздердің тілдің даму барысында
бір формада жұмсалуы;
3) қосу, біріктіру, бірлестіру;
4) сонымен бірге, синкретизм құбылысы тек тілдік қана құбылыс емес. Ол
басқа да ғылымдарда, атап айтқанда, философияда, өнерде, әдебиетте,
дінтануда т.б. көптеген ғылымдарда кездеседі.
Синкретизм – кең мағынада мәдени шығармашылық түрлерінің, яғни өнердегі
тек пен түр, жанрлардың және олардың жанрлық түрлерінің о баста бөлінбей,
бірлікте болғанын білдіреді.
Қазақ тіл білімінде синкретизм құбылысы тарихи лексикология, тарихи
морфология тұрғысынан академик Ә.Т.Қайдар, профессор Е.З.Қажыбеков,
М.Т.Томанов секілді ғалымдар тарапынан сипатталды. Зерттеушілер ертеде есім
сөздердің де, етістіктің де қызметін жарыса атқарған синкретті түбірлерді
зерттеу еңбектерінің нысаны етіп, синкретті көне түбірлердің бүкіл түркі
тілдеріне ортақ екенін тарихи-салыстырмалы әдіспен дәлелдейді.
Біздің саралауымызша, синкретизм тарихи қалыптасу барысындағы құбылыс
болса, контаминация – сөйлеуде (речте) болатын құбылыс, яғни пайда болуы
жағынан синкретизм құбылысы көне. Олардың енді бір ерекшелігі бірінде
формалық сыйысу болса, бірінде мағыналық сыйысу басым тұратын сияқты. Бұл
екі құбылыстың да тіл бірліктерінің туындауына, күрделенуіне, яғни
деривация құбылысына қатысы бар екендігін байқадық.
1.4 Контаминация, компрессия, конверсия және синтаксистік деривация.
Деривация дегеніміз – тілдік бірліктердің құрылым түзу процестері. Бұл
процестер адамның сөйлеу әрекетімен тығыз байланысты, яғни деривациялық
процестер сөйлеу әрекеті кезінде жүреді. Бұны тікелей бақылау мүмкін емес.
Осыған байланысты тілді зерттеуші деривациялық модельдерді құрған кезде
жанама деректерге сүйенуге мәжбүр болады. Жанама дерек деп отырғанымыз –
мәтін. Яғни, деривацияның объектісі сөйлеу әрекетінің өзі емес, нәтижесі
[6, 83 б.]. Деривация дегеніміз – синтагмалық құбылыс, сондықтан онда
деңгейлік тілдік бірліктер емес, сөйлеу бірліктері талдауға түседі. Тілдегі
синтаксистік, семантикалық және прагматикалық ережелер бір-бірімен өте
тығыз байланыста болады. Тілдің жүйесін толық білу үшін бұларды жеке
қарастыру жеткіліксіз.
Ғылыми зерттеулердің кез келген басқа объектілері (нысандары) сияқты
тіл де әр қырынан қарастырыла алады және қарастырылып келеді де. Тілді тек
таңбалар жүйесі деп түсіну бүгінде ескірді. Оны тіл сөйлеу процестерін
жүзеге асырушы ерекше бір кешен деп қарау бүгінде тіл білімінде мықтап
орныға бастады.
Тілдік фактілерді экстралингвистикалық және қатысымдық ортада қарастыру
тілдің сөйлеу кезіндегі қолданылуымен тығыз байланысты. Жеке жалаң тұрған
сөйлемді емес, сөйлеу үстіндегі сөйлемді (лебізді) зерттеу синтаксисте жаңа
теориялардың қалыптасуына негіз болды. Оның өзі тіл ғылымының қазіргі
талаптарына толық жауап беретіндей болуы шарт. Осындай талаптардан туындап,
тіл ғылымдарының тарихында кейінірек қалыптасқан теориялардың бірі – осы
деривация.
Синтаксистік деривация құбылысының теориялық негізін қалауға ат
салысқан ғалымдардың ішінен Е.Курилович пен Ш.Баллиден өзге Н.Хомскийді,
И.П.Располовты, С.Н.Сычеваны, В.С.Храковскийді, О.И.Москольскаяны,
В.Б.Касевичті, Л.Теньерді, Л.Н.Мурзинді, Н.К.Турниязовты және т.б. атауға
болады.
Синтаксистік деривацияның кері тәсілі компрессия деп аталады. Бұл тәсіл
де ықшамдалу заңдылығымен тығыз байланысты. Мына мысалға назар аударайық:
Мен қаладағы базарға барамын ( Қаладағы базарға барамын ( базарға барамын (
барамын. Сөйлеу (речь) тұрғысынан келетін болсақ, ең соңғы сөйлем де
(барамын) аяқталатын ойды білдіретін құрылымға жатады.
Сонымен синтаксистегі ықшамдалудың бір түрі осы компрессия екендігіне
көз жеткіздік. Синтаксистік ықшамдалудың бірі осы деривацияның кері тәсілі
компрессия арқылы жүзеге асады.
2 Контаминациялану тәсілі арқылы пайда болған бірліктер. Контаминация
құбылысы бүкіл тіл жүйесіне тән. Солай болғандықтан оның деңгейлік сипаты
басым, яғни контаминациялану құбылысы арқылы тілдің әр деңгейіне қатысты
бірліктер пайда болады. Сөз, тұрақты тіркестер лексика деңгейіне қатысты
болса, сөз тіркесі синтаксистік жүйенің бірлігі болып саналады. Сөйлем,
бірыңғай мүшелі жай сөйлемдер, құрмалас сөйлемдер синтаксис деңгейінің
қатысымдық бірліктеріне жатады.
Контаминация құбылысы жүйенің бойындағы тілдің ішкі табиғатынан
туындайтын құбылыс емес, сөйлеудің (речтің) бойынан туындайтын динамикалық
процесс болып табылады. Күрделі сөздер жеке қатысымдық бірлік болғанымен, о
бастағы шығу көзі, қалыптасу механизмдері еркін тіркестер болғандықтан,
контаминация құбылысын сөйлеу деңгейінде болатын процесс деп толық сеніммен
айта аламыз.
Философияда бірігу үшін бөліну, бөліну үшін бірігу дейтін қағида бар.
Күрделі сөздер күрделі ұғымның атын беру үшін қолданылса, кейін толық
мағыналы сөздер айтылу барысында фонетикалық фактордың әсерінен
ықшамдалған. Оны мынадай сызба арқылы көрсетуге болады:
күрделену ықшамдалу
1-сурет – Күрделі сөздердің ықшамдалуы
2.1 Контаминациялану жолымен қалыптасқан фразеологизмдер.
Тілде фразеологизмдер құрамынан мынадай құбылыстар көрініс тауып
жатады: мағынасы жақын екі тұрақты тіркес бір-біріне кірігіп кетіп, жаңа
үшінші бір тіркесті тудырады. Тіл білімінде бұл құбылысты контаминация деп
атайтындығын алдыңғы тарауларда айтып кеткен едік. Біз бұл тараушамызда
қазақ тіліндегі фразеологиялық бірліктердің осы контаминация құбылысымен
байланысын қараймыз.
А.М.Бабкин фразеологиялық контаминация семантикалық жағынан мәндес
фразеологизмдердің бірігуі деп түсіндіреді [7, 9 б.]. Ғалымның ойынша,
фразеологиялық контаминацияның жаңа бір фразеологиялық бірліктің пайда
болуына себеп – олардың (қосылатын бірліктердің) мәндес келуі болып
табылады.
Қазақ тіл білімі бойынша фразеологизмдерді контаминациямен байланысы,
қатысы жағынан қарастырған ғалымдар қатарына Е.Қ.Жұбанов, С.М.Исаев,
Н.Уәлиұлы, Г.Қосымоваларды жатқызамыз.
Е.Қ.Жұбанов:
Еркектей, қыз да болса, сұлу Баян,
Өлтіріп Қодар құлды намыс алды
(Дербісалин, 50-б.).
Осындағы намыс алды деген тіркестіліміздегі кек алу және намысты
жібермеу типіндегі екі фразадан контаминация жолымен жасалып отыр.
Сол секілді, Березин нұсқасындағы қадам қойды деген тіркес бар:
Екі бай бір-біріне қадам қойды (56-б.).
Біздіңше бұл ат қою және қадам басу болып келетін екі тіркестің
контаминациясы (Салыстыр: Сарыбай оған таман қадам басқан... 56-б, Березин
нұсқасы).
Осы нұсқадағы тағы да жарыс қойды түріндегі тіркесуді кездестіреміз:
Екі мырза елге таман жарыс қойды.
Бұны да біз жарыс салу және ат қою секілді фразалардың аралығынан
шыққан деп білеміз [8, 128 б.],- деп көрсетеді. Ғалым мұнда екі фразалық
тіркестің сыйысуы арқылы жаңа тіркестің пайда болғандығын дәлелдесе,
бұлардан басқа да контаминацияға ұшыраған сөйлемдер деп төмендегідей сөз
тіркестерін көрсетеді: Тіл алмау – сөзіне нанбаутілге нанбау; Назалану –
қапа болу, наза болу; Мазаны алу – тынышы кетутынышын алу; Шаш ал десе,
бас алу – бас кесу [8, 128-129 б.б.]. Ғалым соңғы бас алу, бас кесу тіркесі
контаминацияың жаңа типі деп көрсетеді [8, 129 б.]. Сондай-ақ контаминация
тек сөз тіркесінің аралығында ғана емес, фразалық қос сөздердің құрамында
да болатын тәрізді деп шамалайды. Оған мысал ретінде, қазақ тіліндегі
ойран-ботқа және опыр-топыр сияқты семантикалық жақындығы бар қос
сөздерден жырдың тілінде ойран-топыр түріндегі генадис жасалған:
Астын-үстін боран қыл ойран-топыр ( Березин).
Демек, бұнда екі қос сөздердің бір-бір сыңарлары өзара біріккен. Ойран
ботқа – опыр-топыройран топыр [8, 129-130 б.б.].
Байқап отырғанымыздай, ғалым көптеген контаминацияланған сөз
тіркестерінің жасалу жолдарын сөз етумен қатар, контаминацияланудың жаңа
бір қырын, яғни қос сөздер арқылы контаминациялану жолын көрсетеді.
С.М.Исаев контаминациялану жолымен қалыптасқан фразеологизмдер жайлы,
олардың жасалуы мен тіркесу қабілеті жайлы айта келіп: қандай да сөздің
болмасын тіркесу қабілеті қанша кең болса да, кез келген екінші сөзбен
тіркесе, қосақтала бермейді. Мұндай тіркесу шектеулілігі, әсіресе, тұрақты
тіркестерде айқын сезіледі, өйткені фразеология белгілі бір мағынада ғана
қолданылатын, өзара бөліп-жаруға келмейтін грамматикалық басқаша өзгеріске
көнбейтін, ежелден қалыптасып орныққан, дайын сөз тізбектері.
Осыған қарамастан тілдің даму барысында жаңа ұғымды, ойды білдіру үшін,
болмаса басқа экспрессивті-модальды мән қосу үшін кейде тіркесудің
қалыптасқан белгілі шеңбері сақталмай, бір сөз бұрын тіркеспеген екінші
сөзбен тіркесіп, жаңа сөз тіркесі жасалатыны көптеген тілдерде ұшырасады.
Осындай жаңа тіркестердің басқаларынан оқшауырақ бір түрі – контаминация
арқылы жасалған жаңа тіркестер, [28, 77б.] - деп, бұндай тіркестер
қатарына тауы қайту сияқты фразологизмді жатқызуға болатындығын айтады.
Н.Уәлиұлы тіл біліміндегі контаминация құбылысын фразеологиялық
нормамен байланысты қарастырады. Ғалым: Фразеологизмдердің лексикалық
құрамын жаймалап қолданудағы ерекше бір тәсіл – екі бөлек
фразеологизмдердің кейбір сыңарларын, әсіресе, қайталанатындарын түсіру
арқылы бір бүтін етіп жұмсау. Мысалы, сөйлеу дағдысында шыбын жан, қу жан
тәрізді фразеологиялық түйдек кейбір фразеологиялық орамдармен сыйыстырыла
жұмсалып, фразеологиялық бір бүтінге айнала бастайды [9, 52-53 б.б.], -
деп оған мынадай мысал келтіреді: Ей Қыдырбай, жылаған мен жаны күйген
бүгін кеп тұрған. Біз қу жанды шүберекке түйіп кеп тұрмыз, білдің бе? Сен
де шараңнан аса берме (М.Әуезов). Бұл мысалдағы берілген қу жанды шүберекке
түю мынандай екі тұрақты тіркестің сыйысуы арқылы жасалған: қу жанын қоярға
жер таппау + шыбын жанын шүберекке түю.
Г.Қосымова фразеологиялық контаминация туралы былай дейді:
Фразеологиялық контаминация (әлемдік тіл білімінде осылай аталып жүр) екі
немесе бірнеше фразеологизмдердің ықшамдалып кірігуінен жасалады. Яғни
мағыналары жақын фразеологиялық тіркестердің біреуінің бір компоненті мен
екіншісінің бір компоненті өзара кірігеді.
Контаминациялық жолмен жасалынған тіркестер жырда жиі ұшырасады,
олардың төмендегідей түрлері бар, - деп фразеологиялық контаминацияларды
мына секілді мағыналық топтарға бөліп көрсетеді:
1) мағыналары жуық және құрылысы бірдей тіркестерден ықшамдалып
жасалынған фразеологизмдер:
Қарашаш пен Сәулеге
Баласы тілек салыпты (Ақсауыт).
Тілек салды – қолқа салды+тілек айтты.
2) мағыналары да, құрылымдары да әр басқа тіркестерден жасалған
фразеологизмдер:
Кеудеден жаның кеткенше
Қолдан берме арыңды (Ақсауыт).
Осы келтірілген мысалда контаминация деп танығандарымыз: арыңды қолдан
берме – арын сақтады+намысты қолдан бермеді.
3) мағыналары жуық, құрылымдары әр басқа фразеологизмдердің
контаминациясы:
Қалмақша әзіл, білем сөз қатысты (Ақсауыт).
сөз қатысты – сөзге келмеді+тіл қатысты.
4) құрылымдары біртектес, мағыналары басқа-басқа фразеологизмдердің
контаминациясы:
Адам болып ер жетсе,
Өзімнің соғар таяғы (Қобыланды) [10, 44-45 б.б.].
Ғалым әрі қарай контаминацияланған фразеологизмдердің өзіне тән
ерекшеліктері болатыны және олардың әрқайсысының стильдік реңкі болып, олар
бірінің орнына бірі жүре бермейтіндігі жайлы сөз қозғайды [10, 45-46 б.б.].
Біздің саралауымызша, контаминация мағыналас екі фразалық тіркестерді
біріктіру арқылы олардан экспрессивтік бояуы күштірек үшінші бір
фразеологиялық бірлікті қалыптастырады. Бұл жерде тағы да тілдік субъект
мәселесі бірінші орынға шығады. Өйткені экспрессивтік бояуды күшейту
сөйлеуші мақсатынан туындайтындығы белгілі. Мысалы, Білгендердің айтқаны
көкірегіне кірмейді. Өз пайдасын білмейді, сүйегі жаман болған соң (Д.Б.)
деген сөйлемдегі айтқаны көкірегіне кірмейді тіркесін алайық, бұл тіркес
мағыналас, синонимдес, варианттас экспрессивті екі тіркестің кірігуінен
(сыйысуынан) пайда болған деп шамалаймыз. Қазақ тілінің фразеологиялық
сөздігінде аталмыш тіркес реестрде былай деп көрсетіліп, келесідей мағына
берілген: АЙТҚАНЫ КӨКІРЕГІНЕ [КӨКЕЙІНЕ] КІРМЕДІ [ҚОНБАДЫ]. Айтқан сөз
құлағына кіріп, зердесіне ұяламайды; түсінбейді; миына қонбайды (Қазақ
тілінің фразеологиялық сөздігі).
Сонда бұл фразеологиялық тіркес мағыналас, синонимдес, варианттас
мынадай екі тіркестердің негізінде пайда болған: Айтқаны көкірегіне
кірмеді, көкейіне қонбады.
Контаминациялану арқылы қалыптасатын бірліктер синонимдес, варианттас
тіркестер, тіпті кейде мағынасы алшақ фразеологиялық бірліктер негізінде де
фразеологиялық тіркестер де пайда болады.
2.2 Контаминация құбылысы және жаңа сөз тіркестері. Сөйлеу жеке адамға
тән, ал тіл жалпыға ортақ. Жеке адамның сөйлеу мақсатынан туындаған жаңа
тілдік бірлік (жаңа лексикалық бірлік, жаңа қолданыс, жаңа тіркес, жаңа
тұрақты тіркес, сөйлем және т.б.) алдымен әдеби нормаға сай келмей тұрады.
Жаңа қолданыс алдымен субъективті болады. Егер сол нормаға жат жаңа
қолданыс көпшіліктен қолдау тауып объективтенсе, онда ол да нормаға айналып
жүре береді. Көпшілік қолданып келе жатқан бірлікті тілшілердің норма етіп
белгілемеуге шарасы қалмайды.
Қазақ тілінде ауа райы деген тіркес бар. Бұл тіркес атаулық мәнде
қолданылады: ауа райы – погода. Тіркестегі екі сөздің көп томдық түсіндірме
сөздіктегі мағыналарына назар аударалық:
АУА з а т. 1. Сыртқы ортаның тіршілікке аса қажетті мәнді бөлшегі;
тыныс алу үшін қажетті, түссіз, иіссіз зат. Ауа мөлдір және түссіз болады.
Ол жану үшін және тыныс алу үшін қажет (Ботаника). Ауа барлық тірі
жәндіктерге қажет. Адам ауасыз бірнеше минут та тіршілік ете алмайды
(Химия).
РАЙ1 з а т. Адамның көңіл күйі, пішіні, шырайы. Маған жақсы р а й м е н
қарап, жымыңдап қалды (Қ. Серәлиев).
Нақты көзге көрінетін заттардың ғана түрі, реңі, райы болатындығы
белгілі. Бұл сөздер заттың сыртқы қасиетін білдіру үшін қолданылады.
Сондықтан ауаның райы (ауа райы) болуы мүмкін емес. Бұрынғы қариялар күн
райы бұзылып тұр дейтін еді. Сонда дұрысы ауа райы емес күн райы болуы
керек. Күн райы қолданысын әдеби шығармалардан да кездестіруге болады. Яғни
күн райы деген сөз тіркесінің мағыналық валенттілігі дұрыс, ал ауа райы
тіркесінің мағыналық валенттілігі қате болғанымен, ғылымның әлемді тану
нәтижесінде күннің суық, ыстық немесе салқын, жылы түрі болмайды. Ауа
райының ыстық-суығы аспандағы күнге емес, ауаға – соған әсер етуші түрлі
циклондарға байланысты болады екен. Күн өзгермейді, қозғалмайды, ал ауа
өзгеріп тұрады: суиды, ысиды, салқындайды, жылиды. Бұл тұрғыдан келгенде
ауа райы қолданысы ғылыми ақиқатқа жақын. Ауамен жасалған тіркесті
контаминация арқылы пайда болған деуге әбден болады: Күн (ауа) суыды +
күннің райы бұзылды = ауа райы бұзылды. Ауа райы бастпақы тілдік нормаға
жат болғанымен, объективтене келе, жүйеге сіңіп кетті де погода ұғымын
беретін номинативтік тіркес болып шыға келеді.
2.3 Бірыңғай мүшелердің сыйысуы ерекшеліктері. Бірыңғай мүшелі
сөйлемдер – күрделі ойды, бірнеше сөйлемді сыйыстырып берудің амалы.
Оларды құрмалас сөйлемнің функциялас сыңары деп те атауға болады [11, 175
б.].
Беретін мағыналары ұқсас болып келетін синтаксистік бірліктердің жай
және құрмалас түрде айтылуын осы мәселені жан-жақты қарастырған Р. Әмір
сөзге риторикалық сипат беру үшін қолданылады деп тұжырымдайды. Мәселен,
мына сөйлемнің құрмалас болып, бірыңғай мүшелі болмай құрылуы да осы
мақсатқа байланысты: Сырым, естір сөзді сен де естідің, мен де естідім
(М.Әуезов). Бұны бірыңғай мүшелі жай сөйлем ретінде құрғанда, ілгерідегі
ритм жоғалады: Сырым, естір сөзді сен де, мен де естідім [11, 175 б.].
Бұндағы қимыл-әрекет бір мезгілде өтіп жатыр. Яғни сөйлемдегі формалдік
белгілерге немесе етістік баяндауыштың санына қарап ондағы мезгілдестік
қатынасты жоққа шығаруға болмайды. Өйткені екі сөйлемнің жалпы мағынасы
бірдей, тек соңғы сөйлем алдыңғысының сыйысқан түрі ғана болып табылады.
Тіл жүйесіндегі мұндай заңдылыққа А.Байтұрсынұлынан басқа Н.Сауранбаев,
С.Аманжолов, Р.Әміровтер назар аударған. Аталған ғалымдар өз еңбектерінде
А.Байтұрсынұлының сыйысқан деген терминін қолданып отырған. Мәселен,
С.Аманжолов: Өткен түнде қар жауып еді. Бүгін жаңбыр жауды деген сөйлемді
сыйыстырып, Өткен түнде қар, бүгін жаңбыр жауды деп қысқартып айтуға
болатындығын көрсеткен [12, 312 б.].
Байқап отырғанымыздай, бұл мысалда да жоғарыдағы Р.Әміровтің
келтірген сөйлеміндегідей баяндауыш мүше сыйыстыра айтылған. Айырмашылығы –
бұнда әрекет бірінен кейін бірі іркес-тіркес өтіп жатыр: Өткен түнде қар,
бүгін жаңбыр жауды. Ал алдыңғы сөйлем қимыл-әрекеттің бір мезгілде өтіп
жатқандығын білдіретін еді: Сырым, естір сөзді сен де, мен де естідім.
Ахмет Байтұрсынұлының көрсетуінше, өзі келтірген сөйлемдердің әрбірі
– бірнеше сөйлем сыйысып құрмаласқаннан болған сөйлемдер. Мәселен, бірінші
сөйлемнің қосылмай бөлек тұрғандағы түрлері мынау: Екі дос бірін-бірі
сүйді, Екі дос бірін-бірін құшты. Үшінші сөйлем де екі сөйлемнің сыйысып
қосылғанынан болған: Далада сау қалған жан болмады бұл індеттен. Ойда сау
қалған жан болмады бұл індеттен. Қырда сау қалған жан болмады бұл індеттен
[5, 301 б.].
Бұл сөйлемдердің бірыңғай мүше арқылы айтылған сыйысқан құрылымдар
екендігіне біз дау айта алмаймыз. Бірақ олардың бәрі айтушының мақсатынан
туындаған ба, жоқ, сөйлемдердің о бастағы түрі ме – осы жағын ажырата
қараған дұрыс. Өйткені бірыңғай мүшелі сөйлемнің барлығын қазіргі тұрғыдан
алғанда, сыйысқан құрылымдарға жатқыза беруге болмайды. Мысалы, Жолбарыс,
аю, түлкі, қасқыр – төртеуі жолдас болды (Ертегі). Айғай салды, өзгелерден
бұрын жеткен Михайло, Нартай, Әлишер – үшеуі Бұлынбай мен Алшағырды осы
күйде көріп еді (Ғ.Мүсірепов).
Бұл сөйлемдерді құрмалас сөйлемдердің функциялас сыңарына жатқызу
қиын. Біріншіден, сөйлемдерді мағынасын бұзбастан жеке-жеке баяндауыш
арқылы айту мүмкін емес. Онда бірыңғай бастауыштардың басын біріктіріп
тұрған жалпылауыш сөз (төртеуі, үшеуі) – жинақтық сан есімін түсіріп айтуға
тура келеді де, сөйлем бір-бірінің телнұсқасы (инварианты) болмай,
трансформацияланып кетеді. Сондықтан біз бірыңғай бастауыштарды жинақтап
тұратын синтаксемасы бар құрылымдарда екі қимыл-әрекет және олардың
арасында мезгілдестік қатынас бар деп те айта аламыз.
Бірыңғай мүшелердің грамматикалық табиғатын жан-жақты қарастырған
Р.Әмір бірыңғай мүшелерді байланыстыруға қатысатын жалғаулықтарға мыналарды
жатқызады:
1. Ыңғайластық жалғаулықтар: мен, және, әрі, да, де, та, те.
2. Қарсылықтық жалғаулықтар: бірақ, сонда да, алайда
3. Талғаулықтық жалғаулықтар: не, немесе, болмаса, я, біресе
Жалғаулықтар бірыңғай мүшелерді байланыстырғанда, олардың арасындағы
мағыналық қатынасқа сай жұмсалады. Ал әр мағыналық топтағы жалғаулықтардың
да өзара жұмсалу ерекшелігі бар. Ерекшелік жалғаулықтардың даму, қалыптасу
тарихына, белгілі бір синтаксистік міндетке бейімделуіне сай пайда болған
дейді ғалым [11, 176 б.].
Қазақ тілінде тұрлаулы да (бастауыш, баяндауыш), тұрлаусыз да
(анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш) мүшелер сыйысып қолданыла береді. Оған
жұмысымыздың 2.3.1; 2.3.2; 2.3.3 тараушалары арналған.
3 Ықшамдалудың коммуникативтік-прагматикалық негіздері. Сөйлеушілердің
қарым-қатынасы үстінде тілдің қолданылуы мен прагматикалық қызметін
біріктіре отырып, прагматикалық риторика, стилистика, сөйлеу теориясы мен
типологиясы, стильдердің қарым-қатынастық және функционалдық теориялары,
социолингвистика, психолингвистика т.б. көптеген салаларға қатысты
проблемаларды қамтиды [13, 254 б.].
Қатысымдық (коммуникативтік) және прагматикалық деген ұғымдар көбіне
қазір қатар синоним ретінде қолданылып жүр. Негізінде олардың арасында
ерекшелік бар. Тілдегі ең маңызды ұғым семантика тұрғысынан келетін болсақ,
қатысымдық мағынаға 1) жақ грамматикалық мағынасы (1-ші және 2-ші жақ), 2)
актуальды мүшелену (темарема), 3) сөйлемнің айтылу мақсаты тұрғысынан
түрлері кіреді және 4) Грайстың сөйлеу қатынастарына берген анықтамалары
кіреді [14, 83 б.].
Біздің ойымызша, осы Грайстың Logic and conversation атты шағын
мақаласында берілген прагматикаға қатысты анықтамалары коммуникация мен
прагматиканы бір ауқымда кең түрде бірге қарауға мүмкіндік беріп, жалпы
прагматиканың әрі қарай дамуына негіз болды.
Коммуникация кезінде сөйлеуші мен тыңдаушы арасында байланыс болады.
Осы мәселенің қазақ тіл білімінде негізін қалап, терминдерін қалыптастырған
Ф.Оразбаева былай дейді: Қазақ тіл білімінде тілдік қатынасқа қатысты
терминдер қалыптаспағанын ескеріп, бұл ұғымдарды беру үшін төмендегі
терминдерді қолданған дұрыс деп таптық. Олар: баяншы, хабар, тұлға,
қабылдаушы. Сонда тілдік қатынас жүзеге асу үшін Баяншыдан (Б) шыққан Хабар
(Х) Тұлғалар (Т) арқылы Қабылдаушыға (Қ) келіп, одан ары қайтадан
байланысқа түсіп, тілдік айналымда адамдардың бір-бірімен түсіністігін іс
жүзіне асырады.
Мұны өрнек түрінде былай көрсетуге болады:
Шынтуайтқа келгенде, басты мәселе мынада: баяншыдан (Б) шыққан хабар
(Х) қатысымдық тұлғалар (Т) арқылы қабылдаушыға (Қ) дұрыс жету керек [15,
44 б.].
Коммуникация кезінде баяншыға да, қабылдаушыға да, бәріне ортақ
әрекет – байланыс, қатынас. Ал байланыс тілдік қатынас арқылы жүзеге асады.
Адамдар ... жалғасы

Ұқсас жұмыстар
Пәндер
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.
Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz