Көпдеңгейлі білім беру жүйесі шетелдік үлгіден ұлттық ерекшелікке


Егемен Қазақстан. 3 шілде 2009 жыл, жұма
Көпдеңгейлі білім беру жүйесі: шетелдік үлгіден ұлттық ерекшелікке
А. Қ. Бұлашев, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры
Жоғары оқу орындарының қазіргі кездегі негізгі мақсаты - студенттерге сапалы білім беріп, оларды бәсекеге қабілетті мамандар етіп шығару. Осыған орай еліміздің білім жүйесінде Болон декларациясы деген атпен әлемге танымал бола бастаған үрдістің талаптарына сай реформалар жүргізіліп жатыр. Оның тарихы 1988 жылы Еуропаның ең ежелгі білім ордасы болып саналатын Болон (Италия) университетінің 900 жылдығына арналған ректорлар формумынан бастау алып отыр. Жоғары оқу орындары (ЖОО) басшыларының бастамасын 1998 жылы Сорбонна (Франция) университетінің мерейтойына қатысуға келген Алмания, Италия, Франция және Ұлыбритания білім министрлері қолдап, болашақта жалпы заңдары, стандарттары және ережелері бар жалпыеуропалық білім кеңістігін қалыптастыру туралы мәлімдеме жасаған болатын. Бір-бірінен мәдениеті, тілі, ділі және салт-дәстүрлері бойынша алшақ жатқан елдердің білім саласында мұндай ынтымақтастықты орнатуына әлем күмәндене қараған еді. Дегенмен, бір жылдан соң, атап айтсақ 1999 жылдың 19 маусымында Болон қаласында арнайы декларация қабылданып, бұл үрдіске тағы да 27 ел қосылды. Кейіннен ортақ білім кеңістігін құру мәселелерін араға екі жыл сала отыра министрлер Прага, Берлин, Берген (Норвегия) және Лондон қалаларында талқылаған болатын. Қазіргі кезде Болон декларациясына Еуропа және Орталық Азияның 50-ге жуық мемлекеттері қол қойды. Жуырда ғана Бельгияның Лувен-Ла-Нев қаласында білім министрлерінің «Болон үрдісі-2009» атты конференциясына біздің елдің өкілдері ресми түрде бірінші рет шақырылған болатын. Білім және ғылым миистрінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстан халықаралық білім кеңістігінің толыққанды мүшелігіне өтуді 2010 жылдың наурыз айына жоспарлап отыр.
Аталмыш үрдістің негізін мына келесі қағидалар құрап отыр: а) еуропа азаматтарының аталмыш материктің кез келген елінде жұмысқа ешбір қиындықсыз орналасуына мүмкіндік бере алатын білімнің бірегей қолжетімдік жүйесін құру; ә) еуропа жоғары білімінің бәсекелестікке қабілетін көтеру; б) кадларды даярлауда көпдеңгейлі, атап айтсақ үш сатылық білім беру бағдарламаларын (бакалавриат-магистратура- докторантура) қолдану; в) студенттердің бір елдің университетінен екіншісі бір мемлекеттің ЖОО-на ауысуға мүмкіндік беретін оқытудың кредиттік жүйесін және білім деңгейін бағалаудың бірізделінген тәртібін енгізу; г) теориялық оқытудың және практикалық машықтанудың ортақ бағдарламаларын дайындап, оқытушылармен өзара алмасып отыру; д) бірлесе ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу.
Декларацияның басыңқы мақсаттарының бірі - көп деңгейлі білім беру жүйесін қалыптастыра отыра, білім беру ісін жалпыдан жалқыға бағыттау. Бұл дегеніміз адамға алдымен белгілі бір ғылым бойынша жалпылай жоғары білім беру, ал кейіннен оған, керек болған жағдайда, нақты бір мамандық бойынша білімін жалғастыруға мүмкіндік туғызу. Айталық, ауылшаруашылығы саласының бакалавры атағын алған ЖОО-ның түлегі тауарлы-сүт немесе мал бордақылау кешендерінде, сонымен қатар астық өндірумен шұғылданатын кәсіпорындарда қызмет атқара алады. Өндірісте қалыптасқан сұранысқа орай, жас маман арнайы дайындықтан өтіп, зоотехник немесе агроном біліктілігін алып шыға алады. Демек, көпдеңгейлі білім беру жүйесі белгілі бір сала бойынша білім алған адамға нарық талабына сай нақты мамандықты меңгеруге мүмкіндік береді. Зерттеу жұмысына қызығушылық танытқандар ғылымның кез келген бағытындағы магистратурасына, ал кейіннен докторантурасына түсіп, тиісті атақтарын алғаннан кейін ғылыми- педагогикалық жұмыстармен шұғылдана алады. Сонымен, егер біздің дәстүрлі білім беру жүйемізде 17-18 жастағы мектеп түлектері нақты бір мамандықты таңдауға міндетті болса, көпдеңгейлік жүйеде мұндай жауапкершілік кейінге ысырылып, бакалавриатты тәмәмдаған 21-22 жастағы, яғни оң-солын таныған жастарға жүктеледі.
Қазақстан Болон үрдісіне қосылу мақсатында жоғары білім жүйесін жалпыеуропалық талаптарға икемдеу жұмыстарын жүргізіп келеді. ЖОО дарымыз кадрлар даярлаудың үшсатылы жүйесіне 2003-2004 оқу жылынан бастап көше бастаған болатын. Әуелі экономикалық, гуманитарлық және педагогикалық, ал кейіннен басқа да мамандықтар бойынша төрт жылдық бакалавриатураға студенттер қабылданды. Қазіргі кезде бес және одан да көп оқу мерзімі тек ветеринария және медицина мамандықтарының стадарттарында ғана сақталып қалды.
Реформа аясында жоғары білімнің мемлекеттік стандартына тиісті өзгертулер енгізілді. Бакалавриаттың үлгі оқу жоспары жалпы білім беру , негізгі және кәсіби пәндер топтамаларынан тұрады. Олардың үлесі сәйкесінше 25 %; 50 % және 25 %-ды құрайды. Әрбір мамандықтың мұндай топтамаларында міндетті түрде оқылуға тиісті пәндер ғана көрсетіледі. Мамандықтың үлгі оқу жоспары негізінде әрбір ЖОО өзіндік оқу жоспарын құрастырып, әрбір топтамаларды таңдамалы деп аталатын пәндермен толықтырады. Ал, аталмыш пәндерді оқу орны әзірлеген таңдамалы пәндер каталогынан (ТПК) студенттер кеңесші-оқытушының (эдвайзерлердің) көмегімен іріктеп алып, өздерінің жеке оқу жоспарларын жасайды. ТПК-ын әзірлеу кезінде жұмыс берушілер де тартылып, олардың болашақ мамандардың кәсіби біліктілігіне қоятын талаптары ескеріледі. Пәндерді таңдаған кезде студенттер еңбек нарығының сұранысын, өзінің болашақ кәсібінің немесе жұмыс берушілерінің талаптарын, жеке басының әртүрлі ғылымдарға бейімділігін ескереді. Студенттер пәндер тізімдемесін анықтағаннан соң әр пән бойынша сабақ беретін оқытушыларын да таңдай алады. Қазіргі кезде міндетті және таңдамалы пәндердің ара салмағы тең деуге болады, ал 2010 жылға қарай (бұл мерзімге дейін Болон үрдісі шеңберінде жалпыеуропалық кеңістік құру аяқталмақшы) бұл көрсеткіш сәйкесінше 30% және 70% шамасында болады деп күтілуде. Демек, оқу жоспары заман талабына сай икемді болып, мамандардың еңбек нарығынан өз орынын табуға жағдай туғызбақ.
Болон талаптарына сай көпдеңгейлі білім беру жүйесіне көшу біршама қиындықтарды тудырып отыр. Айталық, бакалавриаттың шетелдік білім беру бағдарламасында негізгі және кәсіптік пәндердің үлесі әдетте 85% шамасында болады. Ал, біздің оқу жоспарларымызда бұл көрсеткіш 75% дан аспай, гуманитарлық ғылымдарға қалған ширек бөлігі берілген. Бұл сәйкезсіздікті орта мектептердің оқу мерзімдеріндегі айырмашылығымен түсіндіруге болады. Біздің мектептеріміздің түлектері 11 жылдық орта біліммен ЖОО-на оқуға қабылданса, ал батыстың университеттеріне гуманитарлық пәндерді кеңірек және тереңірек оқыған 12 жылдық мектепті бітіргендер оқуға түседі. Міне сондықтан да біз бірінші курс студенттерінің гуманитарлық ғылымдар бойынша ақтаңдықтарын жоюға негізгі және кәсіби пәндер есебінен біршама уақыт шығындауға мәжбүр болып отырмыз. Оның үстіне, жоғарыда айтылғандай, батыстық білім жүйесі бакалаврларды белгілі бір ғылымның жалпы бағыты бойынша дайындаса, біздің стандарт төрт жыл ішінде нақты бір мамандықты игерген түлекке диплом береді. Егер гуманитарлық, экономикалық және педагогикалық ғылымдар бойынша төрт жылдың ішінде толыққанды мамандарды даярлау тәжірибесі бұрынғы кеңестік білім жүйесінен белгілі болса, техникалық және аграрлық салалардың білікті кадрларын шығару үлкен күмән туғызады. Теоретикалық оқытуды былай қойғанда, практикалық машықтануға бакалавриаттың оқу жоспарында бар болғаны 3-ақ ай қарастырылған. Бұл мерзім өте аз. Мысалы, агроөнеркәсіп кешеніндегі технологиялардың негізгі кезеңдеріне қатысу үшін студенттерді кемінде алты ай практикаға жіберуіміз керек. Шет елдерде кәсіпорындар бакалаврларды жұмысқа қабылағанан соң оларды арнайы машықтандырудан өткізіп, өздеріне керекті мамандарды «сомдап» алады, ал біздің жұмыс берушілеріміз мұндай шығындарға бармай, дайын мамандарды талап етуде. Ойға қонбайтын тағы бір мәселе - нақты бір мамандық иесі болып шыққан біздің бакалаврлардың кез келген мамандықтың магистратурасына түсе алуы. Бұл жағдайды шетелдік жүйенің сәтсіз көшірмесі ретінде тануға болады, өйткені олардың бакалаврлары ғылымның жалпы бағыты бойынша жоғары білім алып шығып, кейіннен оның белгілі бір мамандығы шеңберінде магистратурада білімін тереңдетеді.
Болон декларациясына қол қойған кез келген еуропалық елдің білім беру жүйесіне төл халқының тарихына, мәдениетіне және рухани өміріне, ана тіліне сүйіспеншілік пен құрмет сезімін қалыптастыратын ұлттық ерекшелік тән. Әр елдің білім беру жүйесі - өз халқының нағыз патриоттарын қалыптастыруға негізделуі тиіс. Оған айғақ ретінде, 2003 жылдың 19 шы қыркүйегінде Берлинде жоғары білім министрлерінің конференциясында қабылданған коммюникедегі « . . . біздің мақсатымыз ұлттық дәстүрлердің әртүрлігіне негізделген еуропаның мәдени байлығын сақтау болып табылады» деген ұстанымды келтіруге болады. Туған халқының рухани мұраларынан нәр алмаған адамның жалпы адамзаттық өркениет шыңына шығуы мүмкін емес. 2004 ж. 3 қарашасы күні Мәжіліс депутаттарының алдында сөйлеген сөзінде Елбасымыз Жапон мен Корей мемлекеттерінде шет елдерде білім алған түлектерден гөрі өз елінде білім алған мамандар жоғары бағаланатынын айтқан болатын. Осыған байланысты біз білім саласының барлық деңгейіндегі мемлекеттік стандарттарда ұлттық ерекшеліктерге, яғни, тек «Қазақ тілі» және «Қазақстан тарихы» пәндерін оқыту ғана емес, сондай-ақ ұлттық фольклор, мәдениет және өнер, ұлттық салт-дәстүр, этнопедагогика, этнопсихология, қазақ халқының барлық рухани мұраларын зерттейтін тұтас бір пәндер жүйесін құратын ұлттық ерекшелікке негізделген білім стандартын қалыптастыруға баса назар аударуымыз керек. Өкінішке орай, біздің стандарттарымызда ұлттық ерекшелік жоқтың қасы. Қазіргі кезде негізгі және кәсіби пәндердің шеңберінде міндетті және таңдамалы түрде оқылатын пәндердің арасында тепе-теңділік байқалса, жалпы білім беру топтамасының шеңберінде студенттерімізге мәдени және рухани мұрамызбен танысуға асып кетсе бір ғана таңдамалы пәнді ұсына аламыз. Ал, мұндай пәндер міндетті түрде жоғары білім стандартында көрсетіліп, оған ұлттық ерекшелік, бейне беруі керек. Ендеше, 12 жылдық орта білім стандартын жасаған кезде бүгінгі күні төменгі курс студенттері оқитын гуманитарлық пәндерді мектеп бағдарламасына көшіріп, ЖОО-дарында ұлтымыздың рухани байлықтарын зерттейтін ғылымдарға көңіл бөлген дұрыс сияқты.
Көп деңгейлі білім беру жүйесінде Болон үрдісінің қағидаларына сәйкес оқытудың біз үшін жаңа, атап айтсақ кредиттік (қосар) технологиясы қолданылуда. Бұл технология кредит деген оқу өлшемін қолдана отыра, студентке міндетті пәндер мен өзі іріктеп алған таңдамалы пәндерден жасалған оқу жоспарына сәйкес білімді негізінен өздігінен табуға үйретеді. Жаңа тәсіл оқытушылардың аудиториялық оқу жүктемелерін қысқартып, студенттерді өз бетімен білім алуға дағдыландырады. Бұрын біз оқушыны сұйықтықпен толтырылатын құтымен салыстырсақ, оқытудың аталмыш технологиясы оны тұталуын күтіп тұрған шырақ ретінде қарастырады. Демек, бұдан былай оқытушының рөлі білім беру емес, студенттерге білімді қалай алуды үйрету болмақ. «Кредит» сөзі сенім деген мағынаны білдіреді, яғни білім мекемесі оқытушы мен оқушының кәсіби білім аясында бірлесе атқаратын жұмысына сенім артады. Егер оқытудың дәстүрлі жүйесінде студенттің пәнді меңгеруіндегі өзіндік жұмысына оқу сағатының 33 %-ы жұмсалса, кредиттік технологияда бұл көрсеткіш 66%-ға өсіп отыр. Дәрістік және зертханалық сағаттардың азаюы, оқытушылардың жұмысын жеңілдетуге әкеледі деген ойдан алыс болуымыз керек. Олар білім алушыларды әр пән бойынша өзіндік жұмыстарына керекті оқу және оқу-әдістемелік құралдарының толық кешенімен қамтамасыз етуге жауапты.
Жаңа технология оқушылардың білімін де өзгеше бағалайды. Егер бұрын студенттердің білімін емтихан сұрақтарына жауап беруіне қарай қойылатын төрт деңгейлі - «2», «3», «4» және «5» деген бағалар анықтаса, жаңа технология қорытынды бағаны шығарарда білім алушының жыл бойы көрсеткен үлгерімін ескереді. Одан қалды, оқушының білімін анықтауда әріп символдарымен белгіленген 10 деңгейлі бағалар және оларға қоса 50%-дан 100%-ға дейінгі аралықтағы сандық көрсеткіштер қолданылады. Айталық, «5» деген дәстүрлі бағаның әріптермен белгіленетін екі деңгейі ( А; А- ; ), «4»-тің үш түрі ( В+; В; В -), ал «3»-тің бес жіктемесі ( С+; С; С-; D+; D ; ) болады. Әрбір әріптік баға өзіне тиісті пайыздық санымен бірге қойылады. Мысалы, « А» деген бағаның пайыздық көрсеткіші 95-тен 100-ге дейінгі аралықта жатса, « А-» бағасының бұл көрсеткіші 90-нан 94-ке дейінгі белгілі бір санмен анықталады. Яғни, студенттің білімі 10 деңгейлі бағалар шеңберінде 50 пайыздық ұпай арқылы нақтылана түседі. Міне сондықтан да, студент пәнді меңгеру кезінде ұдайы жақсы бағалар (ұпайлар) алуға тырысып бағады. Айта кететін жағдай, студент емтиханды дәріс оқыған оқытушыға емес, тіркеуші офисі деп аталатын бөлімшеде арнайы бағдарламамен жабдықталған компьютерге береді. Бұл жағдай білімді әділ бағалауға мүмкіндік береді.
Жаңа технологияны оқу үрдісіне енгізу оқушыларды әр пән бойынша негізгі және қосымша әдебиеттермен, ғылыми журналдармен, басқа да ақпарат көздерімен, интернет-кластармен, оқу залдарымен, пәндердің оқу-әдістемелік кешендерімен, көшірме-көбейту техникасымен және ең бастысы жоғары білікті профессорлық-оқытушылар құрамымен қамтамасыз етуді талап етеді. Өйткені, жоғарыда айтып кеткендей, оқу орны студенттерді жеке жоспарларына сай өз бетінше білім алуға үйретуі керек. Оқытушылар да өз сабақтарына үлкен жауапкершілікпен қарап, оқу үрдісінде мультимедиялық және виртуалды технологияларды, бейне және үн таспаларын кеңінен қолданып, уақыт тезінен қалып қоймас үшін өздерінің педагогикалық шеберліктері мен біліктіліктерін үнемі жетілдіріп тұруы абзал. Бір сөзбен айтқанда, кредиттік технологияны білім сапасын арттыруға бағытталған оқытудың жаңа тәсілі ретінде қарастыруға болады. Алайда, жоғары оқу орны кредиттік технологияға көшу туралы шешім қабылдамас бұрын өзінің ғылыми әлуетінің, материалдық-техникалық және ақпараттық базасының білім берудің заманауи талаптарына сай екендігіне толық сенімді болуы керек. Аталмыш жүйенің артықшылығы ол оқу мөлшерінің «кредит сағат» деген әмбебап өлшемнің негізінде студенттердің Болон үрдісіне қатысушы мемлекеттердің шеңберінде бір елдің ЖОО-нан екінші біреуінің білім мекемесіне ауысуына мүмкіндік туғызуында болып отыр. Түсініктеме бере кетейік. 1 кредит 45 сағатқа тең, оның 15-і - дәрісханалық сағат та, қалған 30-ы - студенттің өздік жұмысына арналған. Оқу семестрі 15 аптаны қамтитынын ескерсек, пән бойынша 1 кредитті жинау үшін студент аптасына 1 сағат оқытушыдан дәріс алып, өздігінен 2 сағат жұмыс істеуі керек. Әдетте бір пәнді меңгеруге орташа есеппен 3 кредит бөлінеді. 4 жылдық бакалавриат бағдарламасын меңгеру кезінде студент кем дегенде 128 кредит жинауы керек. Яғни, орта есеппен жылына 30-34 кредит немесе бір семестрде 16-18 кредит көлемінде пәндерді меңгеріп тұру деген сөз. Студент өзінің қалауы бойынша оқу мерзімін белгілі бір мезгілге, айталық, бір жылға қысқарта алады. Ол үшін жыл сайын 42-43 кредиттен жинап тұруға тура келеді. Сондай-ақ, студент, керісінше, бір жылға жоспарланған кредитті меңгеруге мүмкіндігі болмаса, оқу мерзімін 5 және одан да көп жылға соза алады. Кредиттік жүйеде «академиялық үлгермеушілік» деген ұғым болмайды, сондықтан да студентті емтихандарын тапсыра алмағаны үшін оқудан шығаруға болмайды. Студент ЖОО-нан тек өз еркімен ғана шығарыла алады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz