Қазақ ақындарының Кәлилә мен Димнә ертегілерін жырлауы


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 70 бет
Таңдаулыға:   

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті

«Қорғауға жіберілді»:

Кафедра меңгерушісі:

ф. ғ. к., доцент С. Ергөбек

ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС

Тақырыбы: Қазақ ақындарының «Кәлилә мен Димнә» ертегілерін жырлауы

050117- қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша

Орындаған: Қасымбекова Салтанат

Ғылыми жетекші: ф. ғ. к., доцент С. Ергөбек

Түркістан - 2010

МАЗМҰНЫ

Кіріспе (Жұмыстың жалпы сипаттамасы) . . . 3

І ТАРАУ

ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ-араб әдеби байланыс . . . 6

ІІ ТАРАУ

Қазақ ақындарының «Кәлилә мен Димнә» ертегілерін жырлауы . . . 33

Қорытынды . . . 59

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 62

КІРІСПЕ

Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы. Адам баласының әлемді көркемдік бейне арқылы тануы оның жалпы дүниетанымымен, болмысымен сабақтас. Адами болмыстың әмбебаптығы халықтар арасындағы жақындықты, жақсылық пен жамандық, ақ пен қара, махаббат пен зұлымдық туралы ой-пікірлерінің ұқсастығын туғызады. Осы ретте қазақ-араб әдеби байланысының да негізі олардың адамдық болмысымен астасып жататыны шындық. Орта ғасырда қазақ жеріне келген араб мәдениеті, ислам діні мен әдебиеті біздің бүгінгі ұлттық әдебиетіміздің өсіп-өркендеуіне, көркемдік көкжиегінің кеңеюіне ықпал етті.

Зерттеу жұмысымызда ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті мен араб әдебиетінің байланысын зерделей отырып, әдебиеттану ғылымының әдеби байланыс саласында қазақ әдебиеті мен өзге әдебиеттерді салыстыра зерттеудің өзіндік жолы мен жүйесінің қалыптасқанына куә болдық. Бұл тұрғыда Ш. Уәлиханов, А. Байтұрсынов, М. Әуезов, С. Сейфуллин, Ә. Марғұлан, Б. Кенжебаев, М. Қаратаев, Е. Лизунова, Ш. Сәтбаева, М. Базарбаев, Б. Ысқақов, З. Ахметов, С. Қирабаев, С. Қасқабасов, Р. Нұрғалиев, М. Мырзахметов, Ә. Дербісәлиев, Ө. Күмісбаев, А. Қыраубаева, А. Жақсылықов, Т. Есенбеков, Б. Майтанов, А. Егеубаев, Б. Әзібаева, М. Маданова, Б. Омаров, Б. Мамраев және т. б. ғалымдардың зерттеу еңбектерінде қазақ әдебиеті мен өзге әдебиеттердің арасындағы байланысы сараланып, салмақты ғылыми тұжырымдар жасалған.

ХХ ғасырдағы қазақ ақын-жазушылары ұлттың рухани өсуіне үлкен үлес қосты және олардың шығыстық сарында жазылған шығармаларының маңызы ерекше болды. Осы кезеңдегі қазақ және араб әдебиетінің байланысын зерделеу де бүгінгі әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелерінің бірі.

Зерттеу жұмысының өзектілігі . Қазақ-араб әдеби байланысының көп ғасырлық тарихы бар. Ұлттық әдебиетіміздің әлемдік әдеби жәдігерлермен сабақтастығы - рухани мәдениетіміздің өркендеу тарихында, әдебиеттің көркемдік дамуында өзіндік маңызға ие. Қазақ және араб әдебиеттерінің байланысын зерделеу ұлттық сөз өнеріміздің көне дәуірлерден бүгінге дейін үзілмей, жалғасып келе жатқан қазақ-араб мәдени қарым-қатынасы дәстүрінің ғылыми-теориялық тұрғыда кеңеюіне, өркендеуіне жол ашады. Бұл жайында академик С. Қасқабасов «Қазақтардың көрші елдермен және Таяу, Орта, Қиыр Шығыс елдерімен тарихи-мәдени байланысының бастауы көне ғасырларға кетеді. Сондықтан да, «Панчатантра», «Кәлилә мен Димнә», «Тоты-наме», «Мың бір түн», «Веталдың жиырма бес әңгімесі» секілді жинақтардағы әр түрлі әңгімелер мен тәмсілдер қазақ ауылдарында айтылып жүрді, » - деп атап көрсетеді [1, 244 б. ] .

Қазақстан дербес ел болып, экономикалық, рухани, мәдени дербес даму жолына түскеннен кейінгі жылдарда ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің өзге ұлт әдебиеттерімен сабақтастығын зерделеу келелі мәселелердің бірі болды, соның ішінде қазақ және араб әдеби байланыстарының күні бүгінге дейін арнайы зерттеу нысаны болмағаны диссертациялық жұмыстың өзектілігін айқындайды. Осы кезеңдегі қазақ ақын-жазушыларының шығармаларындағы араб әдебиетінің ықпалы, классикалық араб әдебиеті үлгілері: «Мың бір түннің», «Кәлилә мен Димнәның» аударылуы т. б. сияқты мәселелердің нақты шығармалардағы көрінісі мен сипатының, ерекшеліктерінің бірінші рет анықталуы зерттеу жұмысының зәрулігін танытады.

Құран Кәрім - қазақ және араб халықтарының рухани ықпалдасуының негізгі қайнар көзі. Қазақ әдебиетінің көркемдік көкжиегінің кеңеюіне үлес қосқан руханият көзінің бірі араб әдебиеті мен мәдениеті екені белгілі. Ұлттық әдебиетіміздің көркемдік даму процесінде араб әлемінен келген шығармалармен молығып, синтезделу үлгілерін зерделеп, ғылыми-теориялық бағасын беру - қазақ әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелерінің бірі.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақ әдебиетінің теориясы мен тарихын жасауда еңбек еткен аға буын ғалымдардың көпшілігі қазақ-араб әдеби байланысының болғанына, араб әдебиетінен аударылған көркем шығармалардың, көркем детальдардың молдығына назар аударған болатын. Соның ішінде бұл мәселе төңірегінде көбірек зерттеу жұмысын жазған ғалым Ө. Күмісбаевтың «Казахские и персидско-арабские литературные связи» атты монографиясында Ш. Құдайбердіұлының «Ләйлі-Мәжнүн» дастаны, «Мың бір түн» мен «Кәлилә мен Димнә» жинақтарына байланысты толымды талдау жасалған. Ә. Дербісәлиевтің «Шыңырау бұлақтар» атты кітабында қазақ-араб әдеби байланыстары жайында мәліметтер ұсынылған. Дей тұрғанмен, қазақ-араб әдеби байланыстары ғылыми тұрғыда жеке, арнайы зерттеу нысанына айналған емес.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық зерттеудің негізгі мақсаты - ХХ ғасырдағы қазақ-араб әдеби байланысының қайнар бастауларын, аударманың негізгі теориялық мәселелерін, қазақ-араб әдеби байланысындағы аударманың рөлін, арабтық сюжеттердің берілу жүйесін, қазақ әдебиетіндегі арабтық сарындарды анықтап, кешенді түрде саралау. Осы мақсаттардың үдесінен шығу үшін мынадай міндеттер қойылады:

- қазақ-араб әдеби байланысының даму тарихын, шығу төркінін көрсету;

- ХХ ғасырдағы қазақ-араб байланысының негізгі әлеуметтік, мәдени, рухани болмысын саралау;

- ХХ ғасырда жазылған көркем шығармалардағы «шығыстық» деп танылып жүрген сарындардың ішінен таза арабтық мотивтерді ерекшелеп, олардың әсерін көрсету;

- М. Көпеев, Ш. Құдайбердіұлы, М. Байзақов, С. Дөнентаев, А. Байтұрсынұлы шығармаларындағы мысалдардың арабтық түпнегізін, олардың көркемдік ұқсастығы мен айырмашылығын және қазақ қаламгерлерінің өзіндік қолтаңбасын анықтап, нәзирашылдық дәстүрдің белгілерін зерделеу;

- «Кәлилә мен Димнә» кітабының ішіндегі мысалдар желісі мен қазақ қаламгерлерінің шығармаларын салыстырып, мысалдың шығу төркінін анықтау, шығарманың аударылу ерекшеліктеріне талдау жасау;

- салыстырылып отырған көркем шығармалардағы белгілі бір сюжет пен көркемдік құралдарды пайдаланудағы үндестік пен сабақтастықты саралау.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Диссертациялық жұмыста күні бүгінге дейін «шығыстық сарын» деп аталып келген жайттар нақтыланып, классикалық араб әдебиетінің қазақ әдебиетіне ықпалы жаңаша ғылыми-теориялық негізде сараланды. Қазақ әдебиеті мен Шығыс әдебиеттері байланысының аясында араб әдебиетінің ара-жігі ашылып көрсетілді. Қазақ қаламгерлері шығармашылығындағы мысалдардың сюжеттік-композициялық құрылымы араб әдебиетіндегі үлгілермен ғылыми тұрғыдан салыстырылып, мысал жанрының қалыптасуы, дамуы мен жүйесі, қазақ әдебиетіне ену жолдары халықтық дүниетаным негізінде көркемдік шешім табуы зерделенді. «Мың бір түн» ертегілер жинағының қазақ тіліне аударылу деңгейі мен ерекшелігі алғаш рет түпнұсқамен салыстырылып, мәтіндік талдаулар жасау арқылы қазақша нұсқасының көркемдік сипаты зерттеледі. Араб тіліндегі «Кәлилә мен Димнә» жинағын қазақ тіліне тікелей тәржімалаған С. Ғылмани қолжазбасының аудармасы түпнұсқамен тұңғыш рет салыстырыла қарастырылып, аударманың көркемдік, стильдік ерекшеліктері анықталды.

Зерттеудің теориялық және әдістемелік негіздері. А. Байтұрсынұлы, М. Әуезов, Б. Кенжебаев, Ә. Марғұлан, Ш. Сәтбаева, Ә. Дербісәлин, Б. Ысқақов, З. Ахметов, С. Қирабаев, Р. Бердібаев, А. Қыраубаева, С. Қасқабасов, Р. Нұрғалиев, М. Мырзахметов, Ө. Күмісбаев, Ә. Дербісәлиев, Б. Әзібаева, М. Маданова, А. Жақсылықов, т. б. ғалымдардың зерттеулеріндегі теориялық тұжырымдар мен ғылыми ойлар зерттеудің теориялық және әдістемелік негізі болды.

Зерттеудің нысаны және деректемелік негізі. Диссертациялық жұмыста алға қойылған мақсат пен міндеттерді орындау үшін, ХХ ғасырдағы М. Көпеев, Ш. Құдайбердіұлы, М. Байзақов, С. Дөнентаев, А. Байтұрсынұлы, М. Әуезов шығармалары, «Кәлилә мен Димнә» жинағын қазақ тіліне тікелей тәржімалаған Сәдуақас Ғылманидың қолжазбасы т. б. алынды.

Диссертацияның теориялық және практикалық маңызы. Қазақ әдебиеті шығыстық араб әдебиетімен терең қарым-қатынасқа түсіп, өзінің ұлттық әдеби болмыстық ерекшелігін сақтап, өркен жайған. Қазақ әдебиетіндегі ақын-жазушылардың шығармаларындағы араб әдебиетіне тән сарындарды саралай отырып, олардың көркем тілмен өрнектелген сөз өнеріндегі әдеби байланысының табиғатын айқындау жұмыстың теориялық маңызын көрсетеді. С. Ғылманидың «Кәлилә мен Димнә» кітабын араб тілінен қазақ тіліне тікелей жасаған аудармасының қолжазбасы қазіргі жазуға түсіріліп, оның көркемдігі мен стилінің зерттелуі жұмыстың теориялық және практикалық маңызын арттырады.

Зеттеу жұмысының құрылымы . Диссертациялық жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, әрбір бөлім екі тараушадан және қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі беріледі.


І ТАРАУ

ХІХ-ХХ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ-АРАБ ӘДЕБИ БАЙЛАНЫСТАРЫ

Қазақ және араб әдеби байланыстарының түп төркіні орта ғасырда араб мәдениетінің Орта Азия мен қазақ жеріне енуімен байланыстырылады. Қазақ мәдениетінің кейінгі дамуына, ғылымы мен білімінің өркендеуіне араб тілі мен әдебиетінің қосқан үлесі едәуір. Араб мәдениетімен бірге келген араб жазуы, араб тілі мен ислам діні, сол арқылы енген араб классикалық әдебиетінің үлгілерінің ауызша таралуы - қазақ әдебиетінің дамуына ықпал етті.

Рухани байланыстың нақты көрінісінің бірі, әрі негізгісі - әдеби байланыс. Бай қазақ әдебиеті шығыстық көркем сөз өнеріндегі жақсылық нышанның қай-қайсысын да жатсынбаған, бойына сіңіре білген. Әлемді көркем бейне арқылы танытудың шығыстық үлгілерін жасай алған парсы, араб әдебиеттерімен байланыс ХХ ғасырда да өзінің жалғасын тауып жатты. Мұның өзі қазақ әдебиетінің әлемдік өркениетке құлаш ұруының, әлемдік әдебиетпен сусындауының және өзгелерге танылуының көрінісі ретінде бағаланады.

ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының шоқтығы биік ұлы шоғыры өзіне дейінгі шығыстық әдебиетті насихаттау дәстүрін жалғастырушылар болды десек қателеспейміз. Қазіргі кезге дейін шығыстық үлгі, шығыстық сарын саналып келген жайттардың басын ашып, олардың қайсысы араб әдебиетінің дәстүрімен байланысты болғанын анықтау - жұмысымыздың негізгі міндеттерінің бірі.

ХХ ғасырдағы қоғамда болған әр түрлі саяси, мәдени өзгерістер әдеби байланыстың жаңа сипатқа көшуіне жағдай туғызды.

Әдеби байланыс түрлі халықтар мәдениетінің жақындасуына, рухани қарым-қатынасының өркендеуіне үлкен үлес қосады. Бұл жайында атақты шығыстанушы ғалым, академик Н. И. Конрад: «Ұлттық әдебиеттің өркен жаюы мен даму факторларының бірі - өзге халықтардың әдебиетімен өзара қарым-қатынаста, байланыста болу. Кез келген әдебиетте екі компоненттің болатыны белгілі. Бірі - сол елдің өзінде дүниеге келген төл туындылар, екіншісі - басқа елдерден енген кірме шығармалар. Осындай дүниелердің негізінде әдеби байланыстың рөлі ерекше көрінеді. Мұны қандайда бір әдеби шығармалардың түпнұсқасымен тікелей танысып, сол туындымен ұлт әдебиетінің тілінде оқуы негізінде және олардың аудармалары арқылы қанығуынан немесе бір халық жазушысының шығармаларының мазмұны мен мотивтерін басқа елдің жазушысының өзінше қабылдауынан пайымдауға болады. Осындай факторлардың арқасында бір елдің әдеби дүниесі екінші бір елдің меншігіне айналады» [2, 290 б. ] .

Ислам діні пайда болған уақыттан бастап, араб жұртының «Мың бір түнінің» жекелеген әңгімелері мен «Ләйлі-Мәжнүні», «Кәлилә мен Димнә» кітабының мысалдар жинағындағы дидактикалық хикаяттары мен басқа да ертегі, дастан, мысалдардың көшпелі сюжеттерінің кірігуі, қазақ әдебиетінде қисса, мысал жанрларының қалыптасуына негіз болды деп пайымдауға болады. Осындай себептердің қазақ әдебиетінің жанрлық жағынан баюына, көркемдік үлгілердің молаюына белгілі бір дәрежеде өз үлесін қосты деуге негіз бар.

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы болған әртүрлі саяси жағдайлардың қазақ халқының елдік, мәдени, рухани тарихында өзіндік маңызы бар болғаны белгілі жайт. Аталған кезеңдегі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер қазақ даласына жаңа шығармашылық серпін әкелді. Жазба әдебиеті эпостық әдебиет негізінде қалыптасып, дамып келе жатқан қазақ әдебиеті өзінің жанрлық, тақырыптық даму сатыларын басынан өткізді. Қазақ әдебиетінің бұл кездегі өсіп-жетіліп, баюының тағы бір көзі әдеби байланыстардың ерекше дамуы деп бағалауға болады.

Кеңес өкіметі тарап, еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін, қазақ әдебиетінің кей тұстары жаңа сипатта қарастырылып, зерттеліп, зерделене бастады. Ұлттық әдебиетіміздің толыққанды қарастырылмай, кенжелеп қалған қырларының бірі қазақ-араб әдеби қатынастары екені мәлім. Қазақ-араб әдеби байланыстары жайында сөз ете келіп, М. О. Әуезов « . . . қазақ әдебиетінің шығыстық байланысының тек кейінгі уақыттарда ғана қолға алына бастағанын» айтады [3, 30 б. ] . Әйтсе де, қазақ әдебиетінің классикалық Шығыс әдебиетімен өзара сабақтастығы жөнінде қалам тартып, ой айтқан көрнекті әдебиетші ғалымдарымыз бар: Ә. Марғұлан [4], М. Әуезов [5], М. Базарбаев [6; 7], Қ. Жұмалиев [8], М. Қаратаев [9], Ы. Дүйсенбаев [10], С. Талжанов [11; 12], Б. Кенжебаев [13; 14], Ә. Дербісалин [15], М. Бөжеев [16], Е. Исмаилов [17], А. Машанов [18], З. Ахметов [19, 20], Ә. Қоңыратбаев [21], С. Қирабаев [22; 23] Р. Бердібаев [24; 25; 26], С. Қасқабасов [27], А. Қыраубаева [28; 29], Е. Лизунова [30], Ш. Сәтбаева [31; 32], Х. Сүйіншалиев [33], З. Қабдолов [34; 35], Ү. Сұбханбердина [36], М. Мырзахметов [37], Ш. Елеуке- нов [38], Ә. Дербісалиев [39, 40], Ө. Күмісбаев [41, 42, 43], Н. Келімбетов [44], М. Жармұхамедов [45], Ж. Ысмағұлов [46], А. Егеубаев [47], Б. Әзібаева [48], Б. Омаров [49], А. Ісімақова [50], М. Маданова [51], У. Қалижан [52], А. Жақсылықов [53], Б. Әбдіғазиев [54], Р. Батырбекова [55], С. Төлеубаева [56] және т. б.

ХХ ғасырдағы қазақ-араб әдеби қарым-қатынастарының негізі араб халқының әдеби жауһарлары саналатын: «Мың бір түн», «Кәлилә мен Димнә кітабы», «Ләйлі-Мәжнүн» шығармаларының қазақ әдебиетіне сіңісіп, ақын-жазушыларымыздың туындыларынан көрініс береді. «Мың бір түн» ертегісінің жекелеген бөлімдері ХІХ ғасырдың 70-ші жылдарында «Түркістан уалаятының газетінде» қазақ тіліне аударылып, жариялана бастады. Ұлы ақын А. Құнанбаевтың «Әзімнің әңгімесі» поэмасы, Ы. Алтынсариннің «Лұқпан хәкімі», Ж. Шайхысламовтың «Сәйфүлмәлік» дастаны, Ш. Құдайбердіұлының «Ләйлі-Мәжнүні», М. Көпеев, А. Байтұрсынов, С. Көбеев, С. Сейфуллин, С. Дөнентаев және т. б. ақындармен қатар, Ш. Жәңгіров, А. Сабалұлы, Ж. Шайқысламов сияқты көптеген кітаби ақындарымыздың туындыларында жоғарыда аталған араб шығармаларының кейбір кейіпкерлері, хикаялары назирашылдық сипатта жырланып, көркем баяндалады. Сондай-ақ, олар арабтың классикалық дүниелерінің желісі мен сюжеттерінің негізінде жырлап қана қоймай, өз халқымыздың тұрмыс-тіршілігіне қатысты төлтума туындыларын да жазды. Мысалы, Ш. Құдайбердіұлы «Нартайлақ-Айсұлу»; А. Байтұрсынов «Малшы мен маса», »Қайыршы мен Қыдыр»; С. Дөнентаев «Көк төбетке», «Сұңқар мен қарғалар», «Бозторғай», «Бөшкенің зары», т. б.

Қазақ және араб мәдениетінің өзара байланысының басты себептерінің бірі қазақ жеріне ислам дінінің енуімен де байланысты болғанымен, халық арасына кеңінен тараған шығармаларда дінге қатысы жоқ, өзге де көркем шығармалар мол. Мұның өзі жоғарыда атап өткеніміздей халықтардың дүниетанымдық ортақтығы, жақсылық пен жамандыққа, ақ пен қараға деген көзқарасының жақындығынан болса керек. Дүниетаным мен түсініктің, талғамының жақындығы қазақ халқының арасына тараған көркем бейнелердің сипатымен де байланысты. Айталық, «Мың бір түн» ертегісі кейіпкерлерінің ішінде қазақ арасына кең тарағандары - Лұқпан хәкім, даңқты патша Һарун Рашид, қайырымды Атымтай жомарт және Әділетті Наушаруан (Ануширван) . Қазақ ақындарының шығармаларында аталған дидактикалық сарындағы кейіпкерлердің әрқайсысының өмірі мен істеген іс-әрекеттері халыққа адамгершілік, ұлағаттық сияқты үлгі-өнегеге бағытталған жақсы қасиеттерді уағыздауға қызмет жасайды. Мәселен, Шалкиіз жыраудың «Би Темірді хаж сапарынан тоқтатуға айтқаны» атты толғауындағы:

. . . Ай, хан ием, сұраймын:

Тәңірінің үйі кебені

Ибраһим Халилулла жасапты,

Ғазірейіл - жан алмаға қасапты,

Жығылғанды тұрғызсаң,

Жылағанды уатсаң,

Қисайғанды түзетсең,

Тәңірінің үйі бәйтолла,

Сұлтан ием қарсы алдыңда жасапты! -

деген үзіндіден жыраудың еліңе игі де қайырымды істер жасасаң, қасиетті Мекке қаласындағы Бәйтулла, яғни қағба қарсы алдыңда тұр емес пе деп, Темір биді райынан қайтаруға үгіттегенін көреміз [57, 41-42] . Мұндағы кебе сөзінің түп төркіні «қағба» екенін айта кету керек. Ал, «бәйтолла» сөзі араб тіліндегі «Алланың үйі» деген мағынада берілген.

Ақтамберді жыраудың «Күлдір-күлдір кісінетіп» толғауында:

Атымтай жомарт секілді

Атағым жұртқа білінсе! -

деп «Мың бір түн» хикаясын жетік білетінін білдірсе [57, 62], «Ей, азаматтар, шоралар» өлеңіндегі:

Мекені іздеп нетесің,

Мекеге қашан жетесің

Әзір Меке алдыңда,

Пейіліңмен сыйласаң,

Атаң менен анаңды, -

деген жолдардан жыраудың Ислам дінінің шариғатын жақсы білетіндігін және «Жұмақ - ананың табанының астында» деп келетін пайғамбар хадисін де осы өлең желісінде өргендігін бағамдауға болады [57, 65] . Осындай діни сауаттылық Үмбетей жыраудың толғауларында да көрініс береді. Мысалы, жыраудың Бекболат биге айтқан толғауынан, оның пайғамбарлар тарихы баяндалатын «Қисас-уль-Анбияны» жетік білетіндігі байқалады.

Мен пайғамбардан бастасам, -

Әңгімеге кетермін,

Едігеден бастасам,

Ертегіге кетермін [57, 75] .

«Мың бір түн» ертегісінде сөз болатын, Меккедегі қасиетті Зәмзәм суы жайындағы және Хатымтай жомарт пен әділетті Наушаруан туралы аңыздардағы қасиеттері Бұқар жыраудың «Күпшек санды күреңді» деп басталатын өлеңінде салыстыру, параллелизм тәсілдер арқылы поэтикалық құралдармен көркем суреттеледі.

. . . Жасыл көлге маслихатқа келтіріп,

Зәмзәм суын) мыс табаққа толтырған.

. . . Ғаділдігін Наушаруан ғаділге жеткерген,

Жомарттығын Хатымтай жомарттан өткерген

Күнде меһман күзетіп,

Кесекілеп ет берген,

Имандының ісіне қарап бет берген [57, 106] .

Мұндағы жырау өлеңінің сонарындағы «Зәмзәм» сөзі Ислам дінінің қазақ даласына таралуымен байланысты деп жорамалдауға болады. Ал, Наушаруан мен Хатымтай есімдері, тек Бұқар жырауда ғана емес, жалпы қазақ халқындағы әділдік пен жомарттықтың эпитеттері іспетті.

Он бес жасында даңқы шығып, Шал атанған, Тілеуке Құлекеұлы өлеңдерінің өн бойынан шығыстық дәстүрдің ізі айқын көрінеді. Әсіресе, Шал ақынның Ислам дінінің қағидаларын және мұсылман адамды имандылықтан айыратын нәпсі-дұшпанды көркем теңеулерімен шебер бейнелеген. Мысалы, ақынның «Пасыл да пасыл, пасылман» атты толғауындағы мына бір үзіндіден әдеби айшықты теңеулерді анық байқауға болады:

Нәпсің бір көкжал бөрідей,

Иманың бағлан қозыдай,

Егер тыю салмасаң

Иманыңды жеп кетер [57, 113]

немесе «Ашу - дұшпан, болғанда, нәпсі - жауың», «Иман - қой, ақыл - қойшы, нәпсі - бөрі» атты тағылымды өлеңдерінен ақынның имандылықты таза қазақи дүниетаныммен дәріптегенін зерделеуге болады. Иманды қойға, ақылды қойшыға, ислам дінінің мотиві нәпсіні бөріге теңеп, өлеңді поэтикалық айшықпен көркемдеп, адамшылықтан тек батыл, мықты болғанда ғана айрылмайсың деп насихат айтады.

Ашу - дұшпан болғанда, нәпсі - жауың,

Ақыл - тұрған алдыңда асқар тауың [57, 119],

Иман - қой, ақыл - қойшы, нәпсі - бөрі,

Бөріге қой алдырмас ердің ері,

Таяқты қатты ұстап қойшы тұрса,

Жоламас ешбір пәле, шайтан-пері [57, 136] .

Шал ақынның өлеңдерін саралай келе, оның Ислам шариғатына да жетік екеніне көз жеткіздік. Сондай-ақ, араб әдебиетінде кездесетін нәпсі мотиві де ақын өлеңдерінен орын алғандығы байқалады. Араб халқының әдеби мұрасы саналатын Құран Кәрімде, «Мың бір түнде» көп кездесетін Мекке мен Медине қалаларының аттары мен Қап тауы, Перғауын сияқты сөздерді көп қолданатынын бағамдадық. Оны ақынның «Құдая, құдіретіңмен сақтағайсың» атты өлеңінен:

Ойнағы жын-перінің Қап тауында,

Пенденің ойын, күлкі ден сауында,

Ер адам мақсатына жетпей қоймас,

Тілеуін алып өткен Перғауында [57, 116]

немесе «Мекке менен Медине жолдың ұшы» деп басталатын ақынның мына бір шумақ өлеңінен де көруге болады.

Мекке менен Медине жолдың ұшы,

Алыс сапар дейді ғой барған кісі,

Ата менен ананы құрметтесең,

Меке болып табылар үйдің іші [57, 128] .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ дәстүрлі жазба әдебиеті және кітаби ақындар шығармашылығы (ХІХ ғ. екінші жартысы мен ХХ ғ. басы)
ХХ ғасыр басындағы мысал жанры және Молда Мұса
Шәкәрім және шығыс әдебиеті
С. Дөнентаевтың өмірі мен шығармашылығы
Классикалық араб әдебиеті
Калила мен Димна шығармасының дидактикалық - педагогикалық тағылымы
Алтын орда дәуіріндегі әдебиеттің даму ерекшеліктері
Көркем аударма.
Қазақ - парсы әдебиеттерінің ортақтастығы
Араб әдебиетінің тарихы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz