Қазақ суретшілері шығармашылығындағы архетиптік образ бен ұжымдық бейсана мәдени-философиялық талдау


Қазақ суретшілері шығармашылығындағы архетиптік образ бен ұжымдық бейсана: мәдени-философиялық талдау
Кіріспе
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Бұл еңбек бүгінгі таңдағы рухани дамуды өркендету жағдайындағы ұлттық болмыс пен дүниетанымымызды қайта жаңғырту мақсатына сай жазылған туынды. Мұнда этномәдениеттің маңызды бір саласы болып табылатын бейнелеу өнерінің тарихи тамырлары зерделеніп, оның ұлттық рух шеңберінде дамуы үшін қажет терең астарлы көркемдік образдарына мәдени-философиялық сараптама жасалған.
Зерттеудің өзектілігі. Қазіргі таңдағы еліміз тәуелсіздігі нығаюының басты бір шарты - мәдени-рухани саламыздың өркендеуі мен дамуы болып табылады. Сондықтан бүгінгі кезеңдегі «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқан ғылыми ізденістер еліміздің рухани саласының өрлеуіне негіз бола отырып, қарыштап алға басуынан іргетасына айналуда. Елбасы Н. А. Назарбаев ұсынған «Қазақстан - 2030» стратегиясы мен дамыған 50 елдің қатарына ену бағдарламасын іске асыру әлемдік бәсекелестіктің талаптарына сай қоғамымыздың жан-жақты жетілуін көздейді. Осыған сәйкес қазіргі руханияттық саланың бірі болып табылатын көркем өнеріміздің өткені мен болашағын бағдарлау ұлттық болмысымызға қайтадан үңіліп, оның қазіргі таңдағы маңызы мен мәнін айқындауда жатқаны мәлім. Әсіресе ұлттық мәдениетімізді сақтау мен ары дамыту күн тәртібінде тұрған басты мәселеге айналуда, өйткені: «Қазақтың қазақтығын білдіретін бірден-бір белгісі - оның төл мәдениеті (тілі, діні, ділі, әдебиеті, тарихы, салт дәстүрлері, жол-жоралғылары), соны баптамай, соны жарқыратып ту қылып көтермей, біз мемлекеттілігімізді де арттыра алмаймыз, бірегей халық, мемлекет ретінде егемен елдер санатынан шығып қаламыз, өз сәйкестігімізден айрыламыз» [1, 5 б. ] .
Ұсынылып отырған тақырыптың көкейкестілігі ең алдымен қазіргі кездегі Қазақстан көркем өнерінің, соның ішінде бейнелеу өнерінің түпкі тамырларын зерделеп, ондағы ұлттық нақыштардың мәнін ашып, болмысымыздың, тұрмыс-тіршілігіміздің тарихи-әлеуметтік бейнесін қайта жаңғыртумен байланысты. Руханиятымызды өркендетіп, таным-түсінігімізді кеңейтудің маңызды бір қыры - ұлттық бейнелеу өнеріміздің генезисі мен эволюциясына айрықша назар аудару болып табылатын болса, ондағы архетиптік образды бастаулардың шығу тегі мен олардың табиғаты жайында толғанатын ғылыми-теориялық ізденістердің қалыптасуына да қажеттіліктер туындап отыр. Демек, аталған тақырып заманауи қажеттіліктер шартынан, рухани-мәдени қорымыздың кеңейе түсуі үшін жасалып отырған объективті талаптардан, қоғамымыздың ұлттық тұғырды негізге ала отырып қалыптасуы мен үндесуінен бастау алады.
Осы мәселелердің дәйекті қарастырылуы бейнелеу өнеріміздің қоғамдық санадағы айшықталуына, дүниені көркемдік-образдық түрде қабылдаудың ұлттық тарихи санамен тығыз байланысуына, эстетикалық танымның өткені мен бүгінін бірлікте қарастырып, келешегінің даму бағдарларын жобалауға мүмкіндіктер туғызады. Өнертану мен мәдениет философиясының концепцияларын негізге ала отырып, Қазақстандағы бейнелеу өнерінің байырғы көріністерінің қазіргі суретшілерге берілу жолдары мен сабақтастығын айшықтаудың қажеттілігі туындап отыр, өйткені ол қазіргі кезге дейін дәстүр бойынша жалғасқан көркем шығармалардың тұрақты формасы мен мәнін, образы мен белгілерін талдауға жол ашады.
Сонымен қатар бейнелеу өнерінің қандай да бір түпкі көзі болып есептелетін бастапқы образдарды, өнердің жалпылама орталық өзегін ашу және осының негізінде жаңа ұлттық өнер концепциясын қалыптастыру қажет. Қазақстандағы бейнелеу өнерінің теориялық негіздерінің терең зерттелмеуі себепті оның басқа көркем өнер салаларынан кей тұстарда қалыс қалып отырғаны мәлім. Бейнелеу өнері қазақ халқы мен мәдениетін әлемдік аренадан көрсететін ұлттық мәдениеттің ең негізгі түрінің бірі болғандықтан, оның ұлттық және әлемдік мәдениеттегі алатын орны мен ерекшеліктерін ғылыми тұрғыдан зерделеу қажеттілігі туындайды.
Этномәдениет пен дәстүрлі көркем шығармалардың түпкі тұғырын ғылыми тұрғыдан зерттеп, ұлттық өнердің даму бағдарларын ұсыну ең басты мәселердің бірі болып отыр. Мұнда қазіргі кездегі бейнелеу өнері өзінің шығармашылық бастауларының кейбір тұстарын ұлттық өнер болмысының тарихынан алатындықтан, Қазақстан суретшілері шығармаларында ұлттық тақырыптар мен сюжеттер, пластика, колорит, кеңістіктік пен архитектоникалық шешім саналы-бейсаналы формада жиі байқалып отыратынын ескерген жөн.
Демек, біздің алдымызда тұрған негізгі мәселе - рухани бастаулардың табиғатын ұғыну, көркем шығармашылықта ұжымдық бейсанадан пайда болатын ұқсастықтар мен бастапқы образдарға ұлттық көркемөнердің ең бастапқы бейнесі деп тани отыра, оған мәдени-философиялық талдау жасау. Ұлттық болмыстың негіздерін саралау жеке суретшінің қолтаңбасы мен өнерінің туылу себептерін түсіндіре алады дейтін болсақ, бұлайша зерделеу Қазақстан бейнелеу өнерінің кешегісі мен бүгінгісін және ертеңін пайымдауға, оған деген ұлттық баға беру критерийін қалыптастыруға мүмкіндіктер ашады, сондықтан да бұл жағдаят ғылыми зерттеу жұмысының көкейкестілігін аша білдіреді. Қазіргі заманғы жаһандану үрдісі тұсындағы әлемдік интеграция процесі тәуелсіз Қазақстаннның әлемдік ықпалдастықта болуы мен өзіндік дербестігін қамтамасыз ету қажеттіліктері бойынша дамудың екі жазықтығын талап етеді. Біз атап өткелі отырған парадигма ұлттық болмысымызды нығайта түсуді, этномәдениетімізді қайта таразылап, мемлекетіміздің ұлттық сипаттарын өркендетуді керек ететіндігі сөзсіз.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Бейсаналық психологиясына талдау жасап, архетип ұғымын енгізіп, оның тұтас дүниетанымдағы, рухани саладағы, тұрмыс-тіршіліктегі көріністерін алғаш сипаттаған К. Г. Юнг болатын [2] . Дегенмен, осы тұста ғылым тарихын өздігінше құрастырған еуроцентристік көзқарастардан арылсақ, психоанализдік бастаулардың орта ғасырдағы араб-мұсылмандық фәлсафадан тамыр тартатындығын есте ұстаған жөн. Бұл бағытты өркендете түскен неофрейдистер (Ж. Лакан, Э. Фромм, С. Гроф, және орыс психологтары А. Н. Леонтьев, Л. С. Выготский) өнер туындыларындағы бейсаналық көріністерге баса назар аударды.
ХХ ғасырдың басынан бастап «архетип» ұғымы өнерге сыни талдау жасау әдісі болып қалыптасты. Осыған орай қазіргі кезде архетиптерді зерттеу барысында коцептуальді ғылыми аппарат қалыптасқан. Соның негізінде архетипке байланысты мынадай түсініктерді енгізген ойшылдар белгілі бір әдіснама бағдарын ұстанды: эпистемалар - М. Фуко, көркем шығармалардағы кодтар жиынтығы - Р. Барт , семиотикалық континуум - Ю. Лотман, психопоэтика мен мифопоэтика, интертекстуалды талдау - В. Топоров, мәнерлі поэтика - А. Жолковский , А. Щеглов, коғамдық менталитет - А. Гуревич, мәңгі қайталану туралы миф - М. Элиаде, мәдениетті верлибризациялау және логоэдизациялау - В. Руднев, ментальді модель - А. Большаков, мифопоэтикалық астарлы мәтін (подтекст) - В. Тюп, мәдениеттегі дуальды кеңістік - А. А Пелипенко және т. б. .
Сондай-ақ бұл мәселемен арнайы айналыспаса да, ұлттық дүниетанымның терең тамырларына үңіліп, оның психоәлеуметтік негіздерін ұсынған Қазақстандық ойшылдарды да атап өтуімізге болады: М. С. Орынбеков, Д. К. Кішібеков , Т. Х. Ғабитов, Б. Ғ., Нұржанов, З. А Мұқашев, Г. Шаханова, А. Қ. Абишева және т. б. ғылыми еңбектерінде байырғы қазақтардың көркемдік танымына талдаулар жасалған. Ұлттық өнердің мәдени-философиялық қырына тоқталып, көркемдік танымдағы эстетикалық сананың таным-талғамын зерделеген ойшылдарымызды да атап өтуімізге болады: Ж. Мүтәліпов, Г. Шалабаева, Қ. Нұрланова, Б. Ибраев, З. Ж. Наурызбаева, С. Н. Ақатай , А. Казыханова, Ж. К. Каракузова, М. Ш. Хасанов, Н. Ж, А. Б. Наурызбаева, Байтенова және т. б.
Сондай-ақ байырғы қазақтардың мифтік түсініктерін зерделеп оның көркем өнердегі тұрақты белгілерге қатынасын зерттеген филолог-ғалымдарымыз да айтулы еңбек сіңірген. С. Қасқабасов қазақ дәстүрлі ауыз әдебиеті мен қазіргі әдебиеттегі тұрақты сюжеттердің пайда болу табиғатына талдау жасаса, С. Қондыбай мен Ғ. Ақпанбек қазақ мифтерінің генезисіне үңіліп, ондағы сакральді феномендерді талдап көрсетудің бастамасын айғақтады. Ал Ш. Әлібеков фольклордағы эстетика мен халқымыздың әсемдік талғамын тұтастай ашып көрсетуге ұмтылды . Қазақ әдебиеті тарихындағы архетиптерге баса назар аударған Т. Еңсегенұлы ондағы ұлттық белгілерді ажыратып көрсетті. Белгілі өнертанушы ғалымдарымыз Б. К. Байжігітов, А. Ғ. Сейтимов , Қ. З Халықов, Р. А. Ерғалиева, А. С. Ғалымжанова, Р. Копбосынова, Б. Барманқұлова, С. К. Қаржаубаева және т. б. көркемдік танымның психофилософиялық астарына үңіліп, ондағы төлтума ерекшеліктердің тарихи-әлеуметтік негіздерін байыптады.
Зерттеу нысанасы. Қазақ суретшілері шығармашылығындағы архетиптердің көркем образды көрінісі.
Зерттеу пәні. Қазіргі кезгі қазақ бейнелеу өнеріндегі тұрақты образдық бастаулардың, ондағы архетиптік көріністердің мәдени-философиялық негіздері.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері.
Диссертацияның зерттеу мақсаты - қазақ түркілік-көшпелілік дүниетанымынан туындайтын архетиптер мен ұлттық психология дережесінде философиялық-теориялық тұрғыдан аша отырып, бейнелеу өнерінің тарихи-әлеуметтік негіздерін көрсетіп, ондағы ұжымдық бейсаналық пен тұрақты образдар феноменін зерттеу және рационалды ой елегінен өткізіп, тарихи-танымдық мәнін, көркемдік мазмұнын ашу болып табылады. Бұл зерттеу еңбек өзінің алдына мынадай міндеттер қояды:
- Көркем образдың жалпыадамзаттық және ұлттық мәдениеттегі ерекшеліктерін сараптап, көркемдік танымдағы жеке ұлттық ерекшеліктерді әмбебап белгілерден ажыратып, ондағы «образ» құрылымын зерделеу.
- Ұжымдық бейсана мен архетиптің көркем шығармашылыққа трансформациялануының алғышарттарын айқындау. Ұлттық дүниетаным мен алғыфилософиялық дүниеге көзқараста рәміздік-образдық, ишаралы-тұспалды (аллегориялы) түрде берілген бейнелеу өнерінің негіздерін ғылыми-теориялық өлшемдерде ашып көрсету.
- Қазақ халқының рухани-әлеуметтік даму тарихының өн бойындағы көркемдік танымды басшылықа ала отырып, қазақ суретшілері шығармашылығында белгілі бір қайталанып отыратын тұрақтылықтарды ашып көрсетіп, оның жалпы мәдени-әлеуметтік өмір шындығындағы нұсқа екендігін дәйектеу.
- Қазақ суретшілері шығармашылығындағы ұлттық дүниетанымды тұтас мәдени-әлеуметтік феномен ретінде тани отырып, оның психологиялық-генетикалық негіздеріне назар аударып, классикалық психоанализ бен неофрейдистік әдіснамаларды өнерге қатысты тұрғыдан зерделеу және оның шынайы мағынасы мен мәнін ұғындырудың байыпты мәдени-философиялық деңгейіне қол жеткізу.
- Қазіргі таңдағы қазақ суретшілері шығармашылығы дамуының тарихи-мәдени аспектілеріне баса назар аудара отырып, ондағы ұжымдық бейсаналықтың ықпалы мен мифтік танымдағы бастапқы образдардың архетиптік субстраттарының шынайы мәнін ашу.
Зерттеу жұмысының теориялық және методологиялық негізі. Негізгі зерттеу бағытымызда философиядағы дәстүрлі әдістер басшылыққа алынған: жалпыдан жекеге және жекеден жалпыға өту, тарихи-салыстырмалы қарастыру, абстрактылықтан нақтылыққа өту, құрылымдық-функционалдық талдау, психоаналитикалық талдау, герменевтикалық әдіс, лингвистикалық сараптау және т. б.
Сонымен қатар бұл еңбектің теориялық негізі ретінде мәдениет философиясы тарихындағы ойшылдардың концепцияларына, ұлттық философияны зерделеуші ғалымдарымыздың ой-пікірлеріне сүйену де басшылыққа алынды. Архетиптік және ұжымдық бейсаналық ұғымдарды қалыптастырған ғылыми тұжырымдырдың әдістерін пайдалануға да және философия мен психологиядағы психоаналитикалық мектеп өкілдерінің (З. Фрейд, К. Юнг, Ж. Лакан, Э. Фромм, А. Н. Леонтьев, Л. С. Выготский және т. б. ) еңбектеріне, теориялық-методологиялық ұстанымдарына арқа сүйенуге тура келді.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Бұл ғылыми жұмыстың негізгі жаңалығы -диахроникалы тарихи-философиялық, интроспективтік ұмтылыстар негізіндегі ретроспективтік талдаулар арқылы синхроникалы қоғамдық-әлеуметтік болмысты тұтастай зерделеуді басшылыққа ала отырып, қазақ халқының бейнелеу өнеріндегі этноархетиптерді ашу, осы өнер рухының мәнін айшықтау. Осы мәселелерді зерделеуде жұмыстың мынадай негізгі жаңалықтарын ұсынуға болады:
- Көркем образды белгілердің жалпыадамзаттық және ұлттық нақыштарын ажырата отырып, оның алғашқы бастаулары болып табылатын мифтік таным мен бейнелеу өнерінің арақатынасы ашылды.
- Ұжымдық бейсана мен архетиптің көркем шығармашылыққа тасымалдану алғышарттары айқындалды. Ұлттық дүниетаным мен алғыфилософиялық дүниеге көзқараста рәміздік-образдық, ишаралы-тұспалды (аллегориялы) түрде берілген бейнелеу өнерінің негіздері ғылыми-теориялық өлшемдерде ашып көрсетілді.
- Қазақ суретшілері шығармашылығындағы архетиптердің көрінісінің ұлттық сипаты мен құрылымы түркі және қазақ сахарасындағы дәстүрлі өнерден бастау алатын ұлттық рухани қайнар көздері арқылы түсіндірілді.
- Қазақ көркемдік танымының негізгі қағидалары ашылып, әлемді эстетикалық тұрғыдан байыптаудың қазақ суретшілері шығармаларында қайталанып отыратын тұрақты белгілердің ұлттық нақыштармен сәйкестігі қарастырылды.
- Этноархетиптердің қазақ суретшілерінің шығармларына проекциялануның концептуалды принциптері ұлттық дүниетанымның рухани құндылықтарынан бастау алатын тұрақты образдардың бейнелеу өнеріне трансформациялану ерекшеліктері ретінде зерделенді.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
- Көркем образды бейнелердің генезисіне талдаулар жасалып, бейнелеу өнері дамуының мәдени-философиялық рухани тамырлары көрсетілді: миф пен дін, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлерде және көркем шығармашылықта айқын көрініс табатын әмбебап және жеке белгілер талданып, олардың ұжымдық бейсаналықтың нақты көрінісі екендігі ерекше маңызға ие болды. Байырғы далалық діл мен таным түсініктердің көркемдік бейнелеудегі дәстүрлері ұлттық ерекшеліктері ретінде бағамдалды. Рухани-мәдени сферадағы көркемдік образ түсінігі айшықталып, оның өнердегі концептуалды деңгейлері мен ұлттық формаға ажырау көріністерінің дүниетанымдық түсініктермен байланыстылығы ашылды.
- Архетип пен ұжымдық бейсананың мәнін ашатын ұғымдарға анықтама беріліп, тақырыптың ұғымдық, категориялық аппаратын жасауда бейсаналық аймақ, информациялық орталық идеялары қолға алынды. Оған қатысты ғылыми ой-тұжырымдарды таразылай келе, жалпы өнер мен ұлттық өнердің болмысындағы ұжымдық бейсаналық көріністердің мазмұны «архетип» екендігі ерекше маңызға ие болды. Архетип пен ұжымдық бейсананың адам санасымен байланыстылығы және одан туындайтын бейнелердің шығармашылық белсенділікті арттыратындығы рухани информацияларды тасымалдауынан шығарылды. Осыған орай К. Г. Юнг ұсынған архетиптік ұстанымдардың бейнелеу өнеріндегі көріністері салыстырмалы түрде зерделенді.
- Архетиптердің ұлттық сипаты мен оның құрылымы ХХ ғасырда қалыптасқан еуропаорталықтық кейбір параметрлер мен критерийлерге сәйкес келмейтіндігі айқындалды. Ата-бабалар тәжірибесін сақтап кейінгі ұрпаққа таратушы құрал ретіндегі адамзаттық архетиптің ұлттық және этниалық шекаралары тарихи болмыс талаптарынан шығарылды. Этноархетиптердің генезисі биогенетикалық сабастастық факторы ретінде қазақ суретшілері шығармашылығындағы көрінісі айқындала түседі. Биогенетикалық сабастақтықтың ұлттық құндылықтарды тасымалдаушы дәнекер ретінде қазіргі заманғы ұлттық болмыс-бітіміге сай визуалды түрде қабылдануы заман талабына жатады.
- Дәстүрлі өнердегі тұрақты белгілердің қазақ суретшілері шығармашылығындағы көрінісін ашып көрсету үшін мәдени-философиялық талдаулар ұсынылып, олардың ұлттық нақыштағы сапалық-танымдық деңгейлері зерделенді. Бұндағы тарихи сабақтастық пен биогенетикалық бірлік арқылы жалғасқан рухтың өміршеңдігі тұрақты белгілер феномені ретінде байыпталды. Тұрақты белгілердің қалыптасу тетіктері қарастырылып, оның каноннан айырмашылығы оның динамикалылығында деген пікір ұсынылды. Оның мәдени-әлеуметтік өмірдегі маңызы бейнеленіп, эмоционалды-рационалды қабылдаудың тарихи-мәдени негіздері ашылды. Қазақ халқының бейнелеу өнерінің қалыптасуы мен дамуы барысындағы қайталанып тұратын дәстүрлердің суретшілер туындыларындағы көріністері жүйеленіп, ол рухани-мәдени сабақтастық ретінде танылды.
- Қазіргі кезеңдегі қазақ суретшілері шығармаларының тарихи-философиялық негіздері ашылып, оның құралдары мен идеологиялық құрылымдары көрсетілді: салт-дәстүр мен әдет-ғұрып канондары, мифтік және діни салттар, тұрмыс қалыптарының ерекшеліктеріне байланысты бейімделу, көшпелілік өмір стилін қабылдау өлшемдері, жаугершілік дәуір талабына сай тұлға қалыптастыру және т. б. мысалға алынып, бүгінгі заманмен байланыстырылып, этноархетиптік үлгіге келетіндігінен шығарылды. Халқымыздағы тұтас дүниетаным түбірлестігі (синкретизмі) бойынша өнер құрылымындағы ұжымдық бейсана элементтерін зерделеу және оның бірнеше модельдерін ұсыну бағамдалды. Ұлттық өнер рухының феноменін ашып көрсетіп, оның табиғи-әлеуметтік субстраттарын таныта отыра, қазақ суретшілерінің мәдени-рухани туындыларын психофилософиялық тұрғыдан дәйектеу, олардың төлтумалық қолтаңбасын айқындай түсетіні көрсетілді.
Зерттеу жұмысының теориялық және тәжірибелік маңызы. Зерттеу жұмысының теориялық тұжырымдары қазіргі заман бейнелеу өнерінің философиялық негізін түсінуге мүмкіндік береді және қазақ көркемөнерінің өрлеу бағыты ұлттық ұжымдық бейсанамен тығыз байланыста дамитындығына көз жеткізеді. Сондықтан ол қазақ философиясы тарихын оқытуда, этнопедагогиканы жетілдіре түсуде, жүйелеуде, этнопсихологияны толықтыруда, жоғары және арнаулы оқу орындары студенттері үшін өнер философиясын, бейнелеу өнерінің тарихы мен теориясын оқытуда арнайы оқу құралы ретінде пайдаланыла алады. Сонымен қатар Қазақстандағы бейнелеу өнерінің әлеуметтік институт ретінде қалыптасуына байланысты оның кәсіби және бұқаралық түрлерін дамытуға септігін тигізеді. Бұл еңбектегі ұсынылған теориялық қағидаларды өнер иесін дайындауда, бұқаралық санада ұлттық рухты қалыптастыруда пайдалануға болады.
Зерттеу жұмысының сыннан өтілуі және мақұлдануы . Диссертациялық жұмыс Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің философия және ғылымдар әдіснамасы кафедрасында орындалды, сол кафедра мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды. Зерттеу жұмысының нәтижелері мен тұжырымдары бірнеше ғылыми-теориялық және ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалып, апробациядан өтті. Бұл еңбек студенттерге «Ұлттық философия тарихын» оқытуда, ондағы студенттердің өз бетімен өткізілетін жұмыстарында және «Өнер философиясы», «Қазақтардың көркемдік дүниетанымы» курстарын оқыту үдерісінде тәжірибелік сыннан өткізілді. Аталған диссертация бойынша ғылыми басылымдарда (ғылыми журналдарда, конференциялар материалдарында) ұзын саны 12 мақалалар жарияланды.
Диссертациялық жұмыстың құрылымы кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Кіріспеде дисертациялық жұмыстың тақырыбының өзектілігі айқындалып, қойылған мәселенің зерттелу деңгейі сараланды, зерттеудің мақсаты мен міндеттері, пәні мен нысаны, теориялық-әдіснамалық негіздері ұсынылып, ғылыми жаңалықтары мен қорғауға ұсынылатын қағидалар тұжырымдалды, жұмыстың теориялық және пратикалық маңызы сипатталды.
« Бейнелеу өнеріндегі образды белгілердің ұлттық нышандары» деп аталған алғашқы бөлімнің « Көркем образды белгілердің әмбебап және ұлттық көріністері » деген тақырыптағы бөлімшесінде көркем образ бен архетипке мәдени-философиялық талдау жасалып, оны зерттеудің әдіснамасы қарастырылған. Бұндағы негізгі ой дүниені көркем образды қабылдаудың әлемдік мәдениеттердегі әмбебапты образы мен ұлттық сипаттағы дәстүрлі көркем образдың қалыптасуы мен дамуының парадигмаларын айқындау.
Егер де бейнелеу өнері тарихына көз жүгіртер болсақ, бір-бірінен шалғай орналасқан халықтардың көркем өнерінен образды ұқсастықтарды көптеп кездестіруімізге болады. Ендеше осы тұстан біз тұтас өнер құбылысынан туындайтын көркем өнер, көркем образ, бейне, еліктеу феномендерін саралап көрсетіп, одан жалпыадамзаттық және ұлттық архетиптердің туындау логикасын байыптауымыз керек.
Жеке адамды қоғамдық жан иесі деп қарастырған К. Г. Юнг ұжымдық психика мүмкіндігін былайша түсіндіреді: « . . . әрбір адамға туғанынан оның бай рухани іс-әрекетінің мүмкіндігін қамтамасыз ететін . . . жоғары дамыған ми берілген. Қандай өлшемде жекелеген адамдардың миы ұқсас дамыған болса, сондай өлшемде осы ұқсастықтың арқасында мүмкін болатын рухани функция да ұжымдық және әмбебап болып табылады. Мидың әмбебап ұқсастығынан бір типтес рухани функция үшін әмбебап мүмкіндік туындайды. Осы функция ұжымдық психика болып табылады» [2, 149 б. ] . Осы адамның миы құрылысының ұқсастығы оның атқаратын функциясының ұқсатығын білдіреді, ал бұл оның әмбебаптылығын, яғни оның бүкіл адамзатқа тән екендігін білдіреді.
Жалпы көркем шығармашылықты ғылыми шығармашылықпен салыстыра келе, белглі философ, мәдениет философиясы мен эстетиканың білікті маманы М. С. Каган былай деп жазады: « . . . суреткер үшін оның шығармашылығы - болашақ оқырманмен, көрерменмен, тыңдарманмен диалогтық формасы, яғни онымен тілдесу (общения) актісі . . . »[3, 397бб. ] . Суреткер бұл үдерісте көрермендермен жан досы ретінде өз құндылықтарымен, мұраттарымен (идеалдарымен), өмірлік ұстындарымен бөлісуді мақсат тұтады. Яғни «суреткер - оқырман, көрермен, тыңдарман» қатынасы біреуге біреу әлденені хабарлайтын жай ғана коммуникациялық қатынас емес, тілдесу қатынасы. Бұл тілдесудің (белгілі ғалым-эстетик Қ. Ш. Нұрланова общениені іштесу деп те аударып жүр) табиғаты өзгеше, бұл - квазитілдесу, ішкі диалог, өйткені көрермен (оқырман, тыңдарман) суреткерге іштей ғана, қиялында ғана жауап бере алады. Солай болғанымен, дейді автор, мұнда суреткерлер мен көрермен субъект пен субъект ретінде тілдеседі (іштеседі, яғни іштей тілдеседі), байланысады, «өнердің терең айрықшалығы (спецификасы) » міне осында деп көрсетеді ол [3, 398 б. ]
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz