Қазақ тілі морфологиясы жөніндегі ілімдердің қалыптасуы мен дамуы (Ы.Е.Маманов еңбектері негізінде)


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 186 бет
Таңдаулыға:   

А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты

,

ӘОЖ 811. 512. 122366 Қолжазба құқығында

ШӘРІБЖАНОВА ҒАЛИЯ ҒАБДОЛЛАҚЫЗЫ

Қазақ тілі морфологиясы жөніндегі ілімдердің қалыптасуы мен дамуы

(Ы. Е. Маманов еңбектері негізінде)

мамандығы - 10. 02. 02 -қазақ тілі

филология ғылымдарының кандидаты

ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация

Ғылыми жетекшілер: филология ғылымдарының докторы,

профессор С. Исаев

филология ғылымдарының кандидаты, доцент Н. Уәли

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2007

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ . . . 3

1 Ы. Е. МАМАНОВ ЗЕРТТЕУЛЕРІНІҢ ГРАММАТИКАЛЫҚ НЕГІЗІ

  1. Сөздің морфологиялық құрылымы . . . 8
  2. Қос қызметті аффикстер . . . 12
  3. Қазақ тіліндегі шырай . . . 45
  4. Қазақ тіліндегі көптік форма туралы . . . 53
  5. Қазақ грамматикасындағы нөлдік форма туралы . . . 62

Бірінші тарау бойынша тұжырым . . . 73

2 Ы. Е. МАМАНОВТЫҢ ЕТІСТІК ТЕОРИЯСЫ: ТҰЖЫРЫМДАМАЛАРЫ МЕН КӨЗҚАРАСТАРЫ

2. 1 Түбір етістіктердің мағыналық ерекшеліктері . . . 74

2. 2 Етістік түбірі және оның семантикалық өзгеруі туралы . . . 77

2. 3 Ы. Е. Маманов еңбектерінде күрделі етістік мәселесінің зерттелуі . . . 87

2. 4. Көмекші етістік мәселесі және олардың амалдың өту сипаты категориясына қатысы . . . 98

2. 5 Етіс категориясының зерттелуі . . . 123

2. 6 Етістіктің болымсыздық түрлері . . . 125

2. 7 Қимыл есімі . . . 132

2. 8 Рай категориясы . . . 133

2. 9 Есімше . . . 138

2. 10 Етістіктің көсемше түрінің зерттелуі . . . 143

2. 11 Қазақ тіліндегі шақ категориясы . . . 147

2. 12 Тіл мәдениетінің кейбір мәселелері . . . 153

Екінші тарау бойынша тұжырым . . . 157

ҚОРЫТЫНДЫ . . . 159

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 165

КІРІСПЕ

Тіл білімі тарихын зерттеуші ғалымдардың басшылыққа алатын историзм принципі бойынша, әр дәуірде қалыптасқан, өмір сүрген алуан түрлі тілдік мектептер, концепциялар сол өз дәуірі тұрғысынан бағаланып, олардан бұрын не бар еді, бұлар оған не қосты, кейінгілердің өздерінен бұрынғылардан артықшылығы қандай деген тұрғыда қаралуы керек. Қазіргі заман тіл білімі - дамудың биік шыңына көтеріліп келе жатқан кең салалы, көп тармақты ілім. Оның құрамында әртүрлі лингвистикалық бағыттар, мектептер, зерттеудің әртүрлі әдіс-тәсілдері бар. Оның сипатын, бүгінгі күйін басқаларынан бөлініп алынған жеке бір мектеп, я зерттеудің жеке бір әдіс-тәсілі көрсете алмайды, оған өресі жетпейді. Сол бағыттарды, мектептерді, әдіс-тәсілдерді бірлікте алып қараған жағдайда ғана тіл білімінің қазіргі күйін, сипатын толық түсінуге болады.

Жекелеген ғалымдардың мұрасын оқып-үйрену - ғылым үшін, оның болашағы үшін аса маңызды қажеттілік. Лингвистикалық мұраны зерттеу жалпы тіл білімінде, соның бірі түркі тілдерінде, ғылым туралы ғылым ретінде әбден орныққан, қалыптасқан дәстүр болып табылады. Қазақ тіл білімінде бұл мәселе 1970-ші жылдардан басталады. К. Ш. Хұсайынның «Исследование фонетики и лексики казахского языка в трудах В. В. Радлова» (А., 1971) атты кандидаттық диссертациясында қарастырылып, одан кейін жеке ғалымдардың мұралары монографиялық тұрғыда зерттеле бастады. Бұл қатарда К. Ертаев, Ж. Тектіғұлова, Г. Әмірова, А. Омарова, А. Иманғазина, О. Жұбаева еңбектерін атауға болады.

Осымен байланысты “қазақ тіл білімінің дамуына Ы. Е. Мамановтың үлесі қандай болды, ұстанған концепциялары қай мектеп өкілдерінің тұжырымдарымен үндес келеді” деген мәселе төңірегінде ізденгенімізде айтулы ғалымның жалпы тіл білімі, қазақ тіл біліміндегі морфология саласы бойынша орнықты пікірлері ғылымның қазіргі кездегі қол жеткен биігінен күні бүгінге дейін маңызын жоймағаны байқалды.

Ғалымның ғылыми танымы қазақ тіл білімінің жекелеген мәселелеріне арналған Р. Сыздықова, С. Исаев, Т. Қордабаев, Ә. Құрышжанов, Н. Уәлиев т. б. ғалымдар еңбектерінде талданды. Ғалымның еңбектерінің мәнділігі, құндылығы туралы Ә. Қайдар, А. Хасенова, Ш. Сарыбаев, С. Омарбеков т. б. ғалымдар мен кейінгі буын ғалымдар А. Омарова, Г. Әмірованың зерттеу еңбектеріндегі пікірлерін атауға болады.

Дегенмен Ы. Маманов еңбектері тіл білім тұрғысынан жеткілікті түрде зерттеліп, өз бағасын толық алған жоқ. Бұған қарамастан ғалым жөнінде білдірілген Қ. Есенов пен М. Томанов, М. Серғалиевтің 1963, 1967 жылдары «Қазақстан мұғалімі» газетіне берген мақалаларындағы жылы лебіздері мен Н. Уәлиұлының «Көрнекті ғалым Ы. Е. Мамановтың ғылыми концепциялары туралы» (А., 2007) атты ғылыми мақаласын айтар едік [2, 7-14 бб. ] .

Доцент Ы. Е. Мамановтың қаламынан туған ірілі-уақты мақалалары, тезистері, көлемді еңбектерінің саны 70-тен асады. Көзі тірісінде жарық көрген еңбектерінен басқа ғалымның ҚР ҒА Тіл білімі институты қызметкерлерінің қолға алуымен 2007 жылы «Ы. Маманов. Қазақ тіл білімінің мәселелері» атты шығармалар жинағы жарық көргенін ерекше атап өткен жөн.

Ы. Е. Маманов - қазақ тіл білімінің әр саласына қалам тартқан ғалым. Қазақ тіл білімінің мәселелеріне байланысты ғылыми еңбектерде, монографияларда, шолу іспетті мақалаларда ғалымның құнды пікірлері ескеріліп, талданған. 2002-ші жылғы «Қазақ грамматикасының» морфология бөлімінде Ы. Мамановтың кейбір ғылыми тұжырымдары, пайымдаулары негізге алынған. Дегенмен оның морфологияға қатысты концепциялары қазіргі ғылыми таным тұрғысынан жан-жақты, жүйелі түрде қарастырылып, арнайы зерттеу объектісі болған емес.

Ы. Е. Мамановтың зерттеушілік жұмысының арқауын қазақ тіліндегі етістік мәселесі, оның категориялық ерекшеліктері, грамматикалық сипаттары айқындайды. Қазақ тілінің табиғатына, жалғамалылығына жіті көңіл аудара отырып, салыстырмалы түрде орыс грамматикасымен байланыста қарастырады. Жалпы тіл білімінің жетістіктерін кеңінен пайдаланады. Тіл дамуының ішкі заңдылықтарын, ішкі және сыртқы факторлар мен себептерді анық ашып көрсетеді. Кешенді әдістер арқылы материалдарды жинап, өңдеп, топтап және соның негізінде теориялық қорытындылар жасайды.

Типология тілдік жүйенің әртүрлі деңгейде бірігу белгілерінің белгілі типтері мен типтік құбылыстар дамуыны анықтайтыны белгілі. Әртүрлі тілдердегі тілдік белгілердің тоғысуы барлық немесе көптеген тілдерге сәйкес келетін кейбір жалпы заңдылықтардың (құрылымдық белгі, заң, ерекшелік, тенденция) дамуына әкеледі. Бұл заңдылықтарды тіл білімінде тілдік универсалдар деп атау қабылданған. Орыс, ұйғыр тілдерінің материалдарына сүйенген ғалым қазақ тілін басқа тілдермен салыстыра, салғастыра қарайды, нәтижесінде қазақ тіл білімінің ғылыми негізін қалауға ат салысады. Кез келген тілді өзіндік табиғатына сәйкес зерттеу үшін тілдерді салыстыруда, салғастыруда жүйесі бір тілдер мен жүйесі басқа тілдердің материалдарын өзінің ретімен, орынды пайдаланғанды ұсынады: “Жүйесі басқа тілдердің грамматикалық құбылыстарының жүйелі тәртібін, заңдарын басшылыққа алып, сол заңдарды екінші бір тілге күштеп ендіру- тіл біліміне үлкен қиянат”, - деп жазады [3] .

Зерттеудің өзектілігі Ы. Е. Маманов жоғары оқу орындарында дәріс берген тілші-ғалым. Бүгінгі таңда ғалымның көзін көрген, дәріс алған шәкірттерінің дені - тіл мамандары, көпшілігі ғылым докторлары. Олар Ы. Мамановты өз мамандығын терең меңгерген білгір ғалым болғандығын айтып, үнемі үлкен құрметпен еске алып, морфология саласы бойынша ғалымның сол кезде айтатын құнды пікірлері мен ғылыми тұжырымдарының қазіргі тіл білімінің жаңа бағыттарымен, өзекті мәселелерімен сабақтас келетініне ерекше назар аударады. Алайда қазақ морфологиясы бойынша кейінгі жас зерттеушілер еңбектерінде ғалым еңбектерінің мүлде аталмайтындығын да атап айту керек. Бұл ғалымның зерттеу еңбектерінің жоғары оқу орындарына арналған оқу құралы ретінде жазылмауынан болса керек. Морфология бойынша жоғары оқу орындарына арналған оқу құралы А. Ысқақовтың авторлығымен шығып, ол бірнеше рет қайта өңделіп, күні бүгінге дейін осы оқулықпен оқытылуда. Ы. Мамановтың ғылыми зерттеулерін осы сала бойынша ізденгендер болмаса, көпшілік біле бермейді.

А. Ысқақовтың авторлығымен жарық көрген “Қазіргі қазақ тілі” еңбегінің морфологиялық зерттеулердің көш басында тұратын оқулық екендігінде дау жоқ. Онда сөздің морфологиялық құрылымынан бастап, қосымшалар, олардың жіктелуі, сөз таптары, морфологиялық категориялар т. б. негізгі мәселелердің барлығы қамтылған. Бірақ ғылымның жекелеген мәселелерін зерттеу кезінде бұл оқулықта айтылған тұжырым, қағидалардың қайта қарауды, тереңірек зерттеуді қажет ететін тұстары баршылық екендігін қазіргі қазақ тіл білімінің барысы байқатып отыр.

Ы. Е. Маманов еңбектерінде осы аталған “Қазіргі қазақ тілі” оқулығында айтылған мәселелерге қарама-қайшы келетін немесе одан өзгеше сипаттамалар берілген пікірлер кездеседі. Ғалым тіл ғылымының қай саласына болмасын, өзіндік ой-пікірімен келіп, ғылымда әбден қалыптасқан, даусыз мәселелерді қайталамай, үнемі мәселе етіп қоятындай тілдік фактілерге ерекше назар аударып отырады. Қазақ тіліндегі қосымшаларды тілдік материалға сәйкес бөліп қарауы, әлі де әртүрлі пікір қалыптастыруға негіз болып жүрген аффикстерге және етістіктің грамматикалық топтарына байланысты құнды пікірлері қазақ тіл білімінің нәтижелері негізінде жасалатын қазіргі қазақ тілінің функционалды грамматикасын қалыптастыруға қосылатын құнды көзқарас, тұжырымдары деп санаймыз. Осы айтылғандар зерттеу нысанына алынып отырған тақырыптың өзектілігін көрсетеді.

Зерттеу нысаны - Ы. Е. Мамановтың қазақ тілі морфологиясының өзекті мәселелеріне қатысты іргелі зерттеулері, пікірлері мен ізденістері.

Зерттеу жұмысының мақсаттары мен міндеттері Жұмыстың мақсаты - Ы. Е. Мамановтың ғылыми танымы мен өзіндік көзқарастарын ғалымға дейінгі және қазіргі таңдағы ғылыми ой-пікірлермен салыстыра отырып, түркітану іліміндегі, оның ішінде қазақ тіл біліміндегі орнын анықтау, ғылыми мұрасына лайықты бағасын беру. Бұл мақсатқа жету үшін ғалым мұрасындағы төмендегі мәселелердің шешімін бағалау міндеттері қойылды:

- ғалым зерттеулеріндегі етістік тұлғаларының лексика-грамматикалық қызметтеріне сәйкес жіктелуі (негізгі және функциялық етістіктер) ;

- қосымшалардың қызметіне орай топтастырылуы;

- қазақ тіліндегі негізгі және қосымшалы түбір етістіктердің қызметі, функционалдық деңгейде түбір және модификациялы етістіктерге ажыратылуы;

- Ы. Е. Маманов еңбектеріндегі етістіктің грамматикалық сипатына қатысты тұжырымдарының ғылыми-теориялық деңгейін қазіргі тіл білімі тұрғысынан анықтау;

- әдеби тіл мен оның нормалары туралы, қазақ тілінің терминдері жөніндегі пікірлерінің мәнін ашу.

Жұмыстың ғылыми жаңалығы :

- қазақ морфологиясы жөніндегі ілімдердің кеңестік кезеңіндегі қалыптасуы мен даму жолдары сараланады;

- Ы. Е. Маманов зерттеулеріндегі концептуалды тұжырымдар өзге де морфолог-зерттеушілердің ой-пікірлерімен салыстырылып, ғалымның ұстанған бағыты, концепциясының ғылыми негіздері ашылып көрсетіледі;

- қазақ тіл білімінде қазақ тілі морфологиясының күрделі проблемаларының зерттелу барысына ғылыми шолу жасалып, Ы. Мамановта ол мәселелердің қандай шешім тапқаны анықталады;

- Ы. Мамановтың қазақ тілі морфологиясын ғылыми пән ретінде дамытудағы қосқан үлесі, жаңалығы, орны, мақсаты анықталып, соның нәтижесінде ғалымның ғылыми лингвистикалық мұраларының құндылығы айқындалады.

Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңызы Жалпы тіл білімі жекелеген тілдерді зерттеудің негізінде дамиды. Жеккелеген тіл білімі өкілдерінің зерттеулері ұлттық тіл ғылымының тарихындағы теориялық бағыттар мен мектептердің, оның көрнекті өкілдерінің алатын орны мен рөлін анықтауда ерекше маңызды болып табылады. Қазақ тіл білімінде Ы. Е. Маманов сынды ғалымдардың теориялық көзқарастарын, ой-тұжырымдарын, ұстанған бағыттарын арнайы зерттеу сол ғылым саласының қалыптасу, даму тарихын қазіргі тіл білімінің жетістіктері және жаңа салаларымен сабақтастығын теориялық тұрғыдан пайымдауға жол ашады.

Зерттеуде алынған нәтижелер және зерттеу материалдары оқулықтар мен оқу құралдарын жасауда, морфология пәні, функционалды грамматика бойынша лекциялар курсында кеңінен қолданылады. Жұмыстың кейбір деректері ғалымның еңбектері туралы энциклопедияларда, қазақ тілі бойынша анықтағыштарда қолданылады.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар

- көрнекті ғалымның лингвистикалық мұрасын зерттеу, бағалау, қазіргі тіл білімінің дамуындағы орнын көрсету ғылымның тарихы үшін аса маңызды мәселе болып табылады;

- қазақ тіл білімін дамытуға үлес қосқан айтулы ғалымның ой-пікірін саралап, олардың теориялық негіздерін көрсету тілді зерттеуді жетілдіру үшін аса қажет;

- қандай лингвистикалық мектеппен байланысын, қандай ғылыми-теориялық бағыттарға сүйенгенін, қандай тәсілдер қолданғанын анықтаудың тілдің өзіндік табиғатына байланысты ерекшеліктерін зерттеуде маңызы зор;

- тіл ғылымы жетістіктерін қаншалықты пайдалана алғанын көрсету;

- қандай ғылыми әдістерді қолданғанын, тілдің дамуына әсер ететін ішкі және сыртқы факторлардың өзара байланысын көрсете алғанын саралаудың мәні аса зор. Туыстас тілдердің, жүйесі туыс емес тілдердің деректерін салыстыру арқылы ғалымның қол жеткен нәтижелерін көрсету аса қажет.

Зерттеудің дереккөздері Жұмысты жазу барысында Ы. Е. Мамановтың морфологияға қатысты жарық көрген монографиясы, оқулықтары, ғылыми мақалалары мен жасаған баяндамалары, лекциялар курсы, зерттеу нысанына қатысты баспа бетін көрген негізгі ғылыми әдебиеттер, А. Байтұрсынұлы, Қ. Кемеңгерұлы, А. Ысқақов, К. Аханов, А. Қалыбаева, Н. Оралбаева, Ә. Қайдар, Р. Сыздықова т. б. зерттеулері, сондай-ақ ғалымның пікірлеріне талдау жасап, оның теориялық тұжырымдарын дамытқан С. Исаевтың еңбектері жұмысқа теориялық және методологиялық негіз ретінде пайдаланылды.

Зерттеу әдістері Жұмысты жазу барысында сипаттама, талдау, жүйелеу, жинақтау, тарихи-салыстырмалы, статистикалық, қорыту әдістері қолданылды.

Зерттеу жұмысының тақылануы мен жариялануы Зерттеу жұмысының негізгі мазмұны мен нәтижелері төмендегідей халықаралық және республикалық ғылыми конференцияларда баяндалды:

«Құдайберген Жұбанов және қазақ тіл білімі» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция (Алматы, 1999), «Көлік-коммуникация кешеніндегі техникалық терминдердің қазіргі жағдайы және аударма мәселелері» атты ғылыми-практикалық конференция (Алматы, 2005), «Современные технологии и практика преподавания языка и литературы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция (Алматы, 2005) . ҚР БҒМ А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы «Лингвистикалық жұма» ғылыми-әдістемелік семинарында баяндама жасалып, республикалық ғылыми басылымдарда 9 мақала жарық көрді.

Зерттеу жұмысының құрылымы Диссертация кіріспе, екі бөлім, қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілді.

1 Ы. Е. МАМАНОВ ЗЕРТТЕУЛЕРІНІҢ ГРАММАТИКАЛЫҚ НЕГІЗІ

1. 1 Сөздің морфологиялық құрылымы.

Адам санасында түйінделген ұғымдар сөзбен белгіленгенімен, органикалық бірлікте емес. Сол себептен әр халықтың тілі әрбасқа. Әр тіл өзінің ішкі дамуына сәйкес әр алуан өзгеріске түсіп, тілдің грамматикалық құрылысы қалыптасады. Сөздердің грамматикалық құрылымын қарастырғанымызда, алдымен, “сөз” дегеніміз не және ол қандай тұлғаларға бөлінеді деген мәселеге тоқталмақпыз. Бұл жөнінде көптеген еңбектерде жазылып, ғалымдар арасында әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Сөзге анықтама берудің әртүрлілігі қай ғалымның қандай тілді зерттеп, қай тұрғыдан айтқан пікіріне байланысты әртүрлі болып келе береді. Сол сияқты түркі тілдерін зерттеуші мамандар тарапынан сөзге берілген анықтамалардың ішінде де айырмашылықтар кездесіп отырады. Мысалы, Н. А. Баскаков: “Сөз дегеніміз - морфеманың бірлігі мен системасының көрінісі, ол морфеманың лексикалық және грамматикалық қасиетін көрсетеді” - дейді [4] . Э. В. Севортян мынадай анықтама береді: “Сөз деп тілдің лексика-грамматикалық және семантикалық дербестігі бар ұқсас единицасын айтамыз” [5] .

Белгілі қазақ ғалымы Н. Сауранбаев: “Сөйлемдегі ойдың бөлшегі болатын белгілі ұғымның дыбыстық көрінісін сөз дейміз” - деп, сөзді сөйлемдегі белгілі бір ой бөлшегінің дыбыстық көрінісі ретінде таниды [6] .

ХІV ғасырдағы жазба ескерткіштер тілін зерттеген ғалым А. Ибатов сөзді айқындап, оған анықтама беруде сөздердің тек жеке, дара түрі ғана емес, сонымен бірге оның күрделі түрі де мұқият ескерілгенін жөн санайды. Өйткені сөз шегін анықтап ажыратуда қиыншылық тудырып, көп кедергіні көлденең тартатын осы күрделі сөздердің өзіндік қасиеті екен. Яғни, олар әрбір дербес айтылған, кем дегенде екі лексикалық единицадан, екі сөзден құралған сөздер, ерекше түр-тұрпаттағы сөздер болады да, дара сөздерге берілген анықтама түсініктен мүлде басқаша ұғым тудырады. Сондықтан сөз жеке дара күйінде бола ма, жоқ күрделі түрінде бола ма - бәрібір, оның өзіне тән тұтас бір мағынасы және тұтас бір бүтін тұлға, түр-тұрпаты болу керек деп санайды. Олардың төмендегідей жүйелік сипаттарын ұсынады: “Сөз, ең алдымен, адамның сезімі арқылы қабылданған заттар мен солардың әр алуан қасиеттерінің, сапаларының, әрекеттерінің бейнесі”, белгілі бір ұғым атауларының “дыбыстық комплексі”, “шындықтың элементі” ретінде танылады. Одан әрі осы бейне мен дыбыстық комплекс, мейлі ол “сөйлемнің ең шек минимумы” бола ма немесе “синтаксистің (сөйлеудің) минимальді (мәнді) единицасы”, “сөйлеудің дербес және бір бүтін элементі” бола ма, жоқ “өз бойына фонетикалық, семантикалық және грамматикалық белгілерді біріктіре алатын единица” бола ма - бәрібір, тілдік единица ретінде танылып, тілдің лексикалық құрамына енеді. Сол сияқты, ол “тілдің ең қысқа (уақ) единицасы” бола ма, жоқ “морфема бірлігі бола ма” - бәрібір, онда да тілдік единица болып табылады. Олай болса, сөз тілдік единица, тілдің лексикалық құрамының элементі ретінде белгілі бір лексикалық мағына мен грамматикалық сипатқа (морфологиялық түр-тұрпат пен синтаксистік қызметке) ие болады. Ал сөздің жеке-дара түрімен қатар кем дегенде екі сөзден құралатын күрделі түрі де болуына байланысты, ол сөз мағыналық тұтастық пен грамматикалық (морфологиялық және синтаксистік) тұтастықта айтылатын тілдік единица түрінде танылады [7, 20-21 бб. ] .

Сонымен, А. Ибатовтың сипаттауынша, сөз лексикалық, морфологиялық және синтаксистік тұтастықта (цельность) айтылатын тілдің лексика-грамматикалық единицасы. Өз зерттеуінде сөз контексте қандай формада қолданылса, сол күйінде “сөз” болып алынады. Сондықтан “сөздің құрамы”, “сөздің құрылымы” деген терминді сөздің тек қана лексика-грамматикалық бөлігі (түбір мен негіз тұлғасы) емес, сонымен бірге оның грамматикалық бөліктерін де түгел қамтитын сөзформа (словоформа) ретінде алады.

Ал А. Ысқақовта әр кезде жарық көрген еңбектерінде әртүрлі анықтама беріледі: “Сөздер адамның сезімі арқылы қабылданған заттардың, олардың әр алуан қасиеттерінің, сапаларының, әрекеттерінің бейнесі [8] ; “Белгілі бір ұғымның атауы (белгісі я таңбасы) ретінде қолданылатын дыбыстық комплексті сөз дейміз” [9] . Бұл анықтамаларда сөз жеке алынады да, заттар мен қасиет, сапа, әрекет бейнесі екені немесе белгілі бір ұғым атауының дыбыстық комплексі екені айтылады. Ғалымның бұлардан кейінгі еңбегінде былайша түсіндіріледі: “Түбір морфема өздігінен жеке тұрып, семантикалық жағынан да, қызметі жағынан да дербес сөз бола алады. Мұндай жағдайда түбір морфеманың мағынасы мен сөздің мағынасы бірдей болып шыға береді. Мысалы, бас, тіл, жол, кел, жүр морфемаларын алсақ, олардың әрқайсысы әрі түбір морфема, әрі сөз болады [10] . А. Ысқақаовтың соңғы шыққан оқулығында да осы анықтама қайталанады [11, 24 б. ] .

А. Ибатовтың кітабында да А. Ысқақовтың осы көзқарасымен сай келетін анықтама берілген: “Негізгі түбір морфема сөздің әрі қарай бөлшектеуге келмейтін түпкі негізі деп саналады да, ол сөздің негізгі лексикалық мағынасын білдіреді. Сондықтан негізгі морфема сөздің құрамы мен мағынасының негізгі ұйытқысы болып танылады. Негізгі морфема - мағынасы жағынан да, қызметі жағынан де дербес қолданыла беретін тұлға, морфема . . . ” [7, 36 б. ] .

Тілші-ғалым Ы. Мамановтың сөз, морфема туралы пікірі жоғарыда айтылған анықтамалардан басқаша. “Қазіргі қазақ тілі” еңбегі мен “Сөз, морфема, қосымша туралы түсінік” атты мақаласында түбір сөз бен түбір морфеманың өзіндік айырмашылықтарын ғылыми негізде сипаттап көрсетеді [3, 18-20 бб; 12, 6-8 бб. ] .

Белгілі лингвист ғалымдардың “ морфема тілде дербес қолданылмайтын, тек сөз құрамында қолданылатын сөз бөлігі ” дейтін анықтаманың барлық тілге бірдей ортақ қағида екендігін дәлелдейді. Морфемаға байланысты берілген белгілі орыс тіл білімін зерттеуші ғалымдардың пікірлерін Ы. Е. Мамановтың ізімен қарастырғанда, былай болып келеді: “Тілде морфемалар дербес қолданылмайды, тек сөз құрамында қолданылады” [13] ; “Сөз бен морфеманың басты айырмашылығы - сөз құрамында дербес, еркін қолданылады, ал морфемалар сөз құрамында өзінің орнын сақтайды [14] .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
САТЫЛАЙ КЕШЕНДІ МОРФОЛОГИЯЛЫҚ ТАЛДАУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗІ
Қазақ тілі морфологиясы жөніндегі ілімдердің қалыптасуы мен дамуы
Абайдың қара сөздеріндегі көсемшенің синтаксистік қызметі
Көсемшенің тұлғалары
Ежелгі дәуір тіл білімі және араб тіл білімі
Септік категориясының мағыналары
ГРАММАТИКАЛЫҚ ІЛІМДЕРДІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУЫ (Қ.ЖҰБАНОВ ЕҢБЕКТЕРІ БОЙЫНША)
ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ҚҰРАНДЫ ЕТІСТІКТЕР
Сөздерді топтастыру принциптері
Сөздердің грамматикалық мағынасын білу
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz