Қазақ тілі синтаксисін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың ғылыми- әдістемелік негіздері (ЖОО филолог мамандықтары үшін)


Қазақ тілі синтаксисін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері (ЖОО филолог мамандықтары үшін)
КІРІСПЕ
Зерттеудің өзектілігі. Қоғамдағы жаңарулар, ел дамуындағы тың стратегиялық бағдарлар мен қағидаттар, қоғамның ақпараттануы және ғылым мен техниканың қарыштай дамуы білім беру жүйесінде де түбегейлі өзгерістер жасауға себеп болды. Өйткені жаңа уақыт талабы рухы биік, болашаққа зор сеніммен қарайтын, оның дамуына өзіндік үлес қосатын, халықаралық стандартқа сай, бәсекеге қабілетті, танымдық деңгейі жоғары, білімді де білікті маманды қажет етеді.
Педагогикалық қауымдастық пен педагогика ғылымының алдына білім беруді жаңаша құру міндеті қойылды. Қоғамдық мүдде мен жеке бас мүддесін ұштастыра алатын, әлеуметтік сұранысқа жауап беретін маман дайындауға басымдылық беріле бастады. Бұл орайда педагогикамен өзектес басқа да ғылым салаларындағы іргелі жетістіктер мен нәтижелер негізінде білім беру үрдісін жаңа қырынан қарастырудың өзектілігі арта түсті. Әлемнің өркениетті елдерінің білім беру жүйесіндегі жетекші қағидаттар негізінде отандық білім беру саласын дамытудың жаңа бағыттары айқындалды. Бұл білім беруді болашақ маманның өмірлік дағдыларымен өзара бірлікте қарастыруды қажет етті. Сондықтан соңғы жылдары жоғары мектептердегі оқу үдерісі кредиттік оқыту жүйесі негізінде ұйымдастырыла бастады. Бұл жүйе бойынша студент білімді өздігінен меңгеруге, өз әрекетінің субъектісі ретінде дамуға мүмкіндік алады. Кредиттік оқу жүйесі дәстүрлі білім берудің мақсат-міндеттерін өзгертуді, оның мазмұндық-құрылымдық және ұйымдастырылу сипатын жаңартуды талап етті. Бұл жоғары мектепте қазақ тілі салаларын оқыту ісіндегі тың ізденістерге жол ашты.
Адамзат жинаған ілім мен білімнің құралы болып саналатын тілдің рөлі өзінің қоғам мен жеке тұлғаның дамуындағы атқаратын қызметіне сай жаңаша бағамдалды. Тілді субъективті құрылым ретінде бағалайтын антропоцентристік парадигманың енуі оны оқыту жүйесінде де жаңа бағыттардың тууына әкелді. Зерттеушілер тіл арқылы субъектінің танымдық қабілеті, тұлғалық мәдениеті, ұлттық психологиясы, өмірлік дағдылары т. б. қалыптасатынына айрықша назар аудара бастады. Тілдік қатынас пен танымның сабақтастығы әлемдік тіл білімінде арнайы зерттеу нысанына алынды. Бұл тіл білімі салаларын қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту мәселесін алға шығарды.
Жаһандану заманында қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан зерделеу оның мемлекеттік мәртебесін сақтауға, ұлттың ділін қалыптастыру мен мәдени иммунитетін нығайтудағы мәнін жас ұрпаққа саналы меңгертуге тірек болады. Өйткені бұл жаңа бағыт арқылы студент тіл адамның өмір танымы, болмысы, әлеуметтік мүддесімен тығыз байланысты екенін түйсінеді. Сол арқылы тілдің өз өміріндегі, қоғамдағы рөлін саналы түрде сезінеді. Бұл оның дүниетанымын кеңейтіп, тілдік білімге жаңа көзқарасын орнықтырады. Тілді қоршаған әлеммен, адам факторымен тұтастықта игеруге және тіл болмысын халықтық таным тұрғысынан зерделеуге мүмкіндік алады. Тілдің қатысымдық тұрғыдан оқытылуы сөйлесім әрекетінде іске асырылатын бірліктердің табиғатын ашуға, оның ішкі иірімдерін жан-жақты пайдалануға мүмкіндік туғызады. Бұл орайда байланыстырып сөйлеудің құрылысын зерттейтін синтаксисті тіл білімінің басқа салаларымен тоғыстыра оқыту оның көп аспектілі сипатын аңғаруға ықпал етеді. Синтаксис адамның тиянақты ойын жарыққа шығарудың құралдарын қарастыратындықтан, болашақ маман ретіндегі бүгінгі студенттің тілді дұрыс қолдану дағдыларын шыңдауда маңызды рөл атқарады. Сөз пен сөйлемді және мәтінді әрі тілдік, әрі қатысымдық бірлік ретінде оқытып, тілдің мәдени-танымдық, қатысымдық, әлеуметтік, кумулятивтік, конативтік қызметтеріне қатысты қағидалардың мәнін студентке меңгертуде айрықша рөл атқарады.
Синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту студентке тілдің ішкі формасы мен мазмұнын терең игеруге және халқымыздың рухани қазынасы, болмысы мен тұрмыс-тіршілігін білдіретін тілдік деректердің этномәдени, лингвомәдени сипатын меңгеруге мүмкіндік тудырады.
Тілді қатысымдық тұрғыдан игерту студенттің тілдік қарым-қатынаста тілдік бірліктер мен синтаксистік категорияларды орынды қолдануына ықпал етеді. Қазақ тiлi синтаксисін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту білім сапасын арттыруға, жаңа жүйенің басым бағыттарын жүзеге асыруға септiгiн тигiзедi. Сонымен бірге педагогикалық үдерістің жаңа парадигма тұрғысынан жетілдірілуін қамтамасыз ете келіп, студенттердің танымдық қабілетін белсендіреді, аналитикалық ойлауы мен шығармашылық әлеуетін дамытады, олардың қатысымдық, танымдық, кәсіби, лингвомәдени, әлеуметтік-тұлғалық және т. б. құзыреттіліктерін қалыптастырады. Бұл синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың технологиялық сипатын жан-жақты айқындауды қажет етеді.
Жоғарыда аталған мәселелердің барлығы қоғам сұранысын өтейтін білікті де білімді, жан-жақты дамыған, құзыреттілігі қалыптасқан маман дайындаудың ұтымды жолы, басым бағыты ретінде синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан меңгертудің ғылыми-әдістемелік негіздерін айқындаудың көкейкестілігін танытады.
Зерттеу нысаны - филолог мамандарға қазақ тілі синтаксисін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту үдерісі.
Зерттеу пәні - жоғары оқу орындарында филолог мамандарға қазақ тілі синтаксисін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту әдістемесі.
Зерттеудің мақсаты . Жоғары оқу орындарында филолог мамандарға қазақ тілі синтаксисін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың ғылыми-теориялық және әдіснамалық негіздерін тұжырымдау, жаңа сипаттағы әдістемелік жүйесін ұсыну, оның тиімділігін эксперимент арқылы дәйектеу.
Зерттеудің міндеттері:
- жоғары оқу орындарында қазақ тілінің синтаксисін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың әдіснамасын, ғылыми-теориялық негіздерін айқындау, оның мәні мен мазмұнын дәйектеу;
- синтаксисті танымдық-қатысымдық тұрғыдан оқытуға байланысты тілдік материалдарды саралап, оқыту ұстанымдары мен әдістерін анықтау; ниетін меңгертудің тұжырымдамасын, базалық білім мазмұнын, оқу бағдарламаларын, ОӘК-нін ұсыну. ыттармен
- кредиттік оқу жүйесі бойынша синтаксис пәнінің білім мазмұнын, оқыту
жүйесіндегі рөлі мен орнын анықтап, синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың тиімді технологияларын саралау;
- синтаксисті оқытуға бағытталған кешенді жұмыстар жүйесін әзірлеп, оның ұтымдылығын дәлелдеу;
- синтаксис бойынша студенттің игерген білімі мен біліктілігінің түпкі нәтижесі ретінде қалыптастырылатын құзыреттіліктерді анықтау;
- синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың ғылыми-әдістемелік жүйесін ұсыну және тиімділігін эксперимент нәтижелеріне сүйеніп дәлелдеу.
Зерттеу болжамы . Егер синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту барысында студенттің танымдық және қатысымдық іс-әрекеттері өзара сабақтастықта, бірін-бірі толықтыра, логикалық жүйемен үздіксіз дамытылып отырылса; студенттің танымдық білімі мен сөйлеу мәдениетін жетілдіру ұтымды әдістер мен ұстанымдар негізінде жүргізілсе; білім беру технологиялары мен кешенді жұмыс түрлерін бір-бірімен үйлестіре, сабақтастыра қолдану арқылы синтаксис қатысымдық-танымдық тұрғыдан меңгертілсе; білім беру нәтижесі студенттің құзыреттілігін қылыптастыруға бағытталса, онда болашақ маман ретіндегі студенттің кәсіби-танымдық білімі мен кәсіби-қатысымдық дағдыларын дамытудың мүмкіндігі кеңейіп, оқытудың нәтижелілігі мен тиімділігі арта түседі, өйткені синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту рухани өрісі кең, танымдық деңгейі мен кәсіби біліктілігі жоғары, тілдік қатынасты әлеуметтік-тұлғалық деңгейде еркін меңгерген білімді де білікті, жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруға жол ашады.
Зерттеудің жетекші идеясы: Синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан игерту - студенттің танымдық білімі мен қатысымдық құзыреттілігін өзара бірлікте қалыптастырудың алғышарты. Синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан тіл білімі салаларымен тоғыстыра оқытудың негізінде ұйымдастырылатын білім беру технологиясы студенттердің құзыреттілігін қалыптастыруға бағытталған біртұтас әдістемелік жүйе түрінде жүзеге асырылуы тиіс.
Зерттеудің әдіснамалық негізі ғалымдардың синтаксиске қатысты тұжырымдарын талдаудан, синтаксисті оқытудың заңдылықтары мен қағидаларына сүйенуден тұрады. Лингвистика, психология, педагогика, әдістемелік ілімдердің жетістіктері мен нәтижелерін ұтымды пайдалану зерттеу жұмысының әдіснамалық негіздерін құрайды. Сонымен бірге жұмыста тіл мен жеке тұлғаны оны қоршаған ортамен және адамның танымы, болмысы мен тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті және әдебиетімен тығыз сабақтастықта, бірнеше ғылыммен тоғыстыра зерделейтін антропоцентристік бағыттағы зерттеулер мен тұжырымдар, тіл мен танымға байланысты қағидалар басшылыққа алынды.
Зерттеудің әдістері . Зерттеудің әдіснамалық және теориялық-әдістемелік негіздерін айқындауда сараптау, ой қорыту, жалпылау әдістері, бақылау, салыстырмалы әдістер, сауалнама, диагностикалық әдістер, зерттеу нәтижелерін қорытындылау барысында талдау, қорыту, эксперименттік мәліметтерді сапалық және сандық тұрғыда жүйелеу, модельдеу, жинақтау әдістері қолданылды.
Зерттеу жұмысының кезеңдері:
Бірінші кезеңде (2003 - 2005) синтаксисті оқытуға байланысты әдебиеттер мен материалдар жинақталып, лингвистика, педагогика, психологиялық еңбектерге талдау жасалды. Студенттердің синтаксисті меңгеруін жетілдірудің ұтымды әдістемесін дайындау үшін студенттерден сауалнамалар алынды. Типтік және жұмыс бағдарламалары мен оқулықтарға сараптама жасалып, синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың ғылыми-теориялық негіздерін айқындау үшін отандық және шетелдік ғалымдардың зерттеу тақырыбына сәйкес еңбектерімен танысып, оларға талдау жасалып, болашақ зерттеудің негізгі бағыттары мен ұстанымдары нақтыланды. Тақырып бойынша бақылау тәжірибесін өткізу үшін оқу материалдары жинақталды.
Екінші кезеңде (2006-2008) зерттеу жұмысының негізіне алынатын заңдылықтар мен қағидаттар анықталды; жоғары оқу орнының қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша қазіргі қазақ тілі синтаксисі пәнінің білім мазмұны анықталып, оны оқытудың бағыттары белгіленді; сөз тіркесін, сөйлем мен мәтінді қатысымдық-танымдық тұрғыдан игертуде негізге алынатын ұстанымдар мен әдістер сұрыпталды; әлемдік және отандық білім кеңістігіндегі білім беру технологиялары анықталды, бұл орайда ұлттық ғылымдағы тұғырлы тұжырымдар технология түрінде дәйектелді; кешенді жұмыстарға негізделген әдістемелік жүйе ұсынылды; синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан меңгертудің жолдары мен амал-тәсілдері эксперимент арқылы тәжірибеден өткізіліп, тиімділігі дәлелденді.
Үшінші кезеңде (2007-2010) зерттеу нәтижелері бір жүйеге түсіріліп, жинақталды, қорытындыланды: синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың білім мазмұны нақтыланды; студенттің қазіргі қазақ тілінің синтаксисіне қатысты білім, білік, дағдылары анықталып, оның түпкі нәтижесі құзыреттіліктер түрінде айқындалды; синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың ғылыми-әдістемелік жүйесі бойынша қорытынды эксперимент нәтижелеріне сандық және сапалық талдау жасалды. Оның маңызы мен рөлі, тиімділігі дәйектелді.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы:
- қазақ тілін оқыту әдістемесінде алғаш рет синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың ғылыми-әдістемелік негізі тұжырымдалды, оның басты қағидасы студенттің танымдық білімі мен сөйлесім әрекетін өзара байланыста дамыту арқылы құзыреттіліктер қалыптастыру екендігі дәйектелді. Осы тұрғыдан келгенде, студент білімінің нәтижесі қатысымдық, танымдық, лингвомәдени және әлеуметтік-тұлғалық құзыреттілік арқылы бағамдалатыны дәлелденді;
- синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытуды тіл білімі салаларымен тоғыстыра игертудің жолы көрсетіліп, антропоцентристік бағыттағы ғылыми нәтижелердің тақырыпты меңгертудегі рөлі айқындалды;
- жоғары оқу орындарында синтаксисті оқытудың білім мазмұны нақтыланып, студенттің педагогикалық біліктілігін қалыптастыру мен
дамытудың амал-тәсілдері ұсынылды;
- синтаксисті терең де сапалы оқыту барысында жүзеге асырылатын қатысымдық қызмет түрлері мен танымдық іскерлік түрлері сараланды;
- студенттің пәнді игеруі оның танымдық және қатысымдық қабілетімен тығыз байланысты екендігі психология ғылымдарының нәтижелеріне негізделіп, оны жетілдірудің тиімді әдістемесі ұсынылып және тәжірибеден өткізіліп, дәлелденді;
- синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың әдістемелік жолдары жүйеленді, оны жан-жақты игеруге қатысты білім беру технологиялары сараланды;
- синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытуға арналған кешенді жұмыстар жүйесі жасалып, оның тиімділігі ғылыми және әдістемелік тұрғыдан дәйектеліп, арнайы технология түрінде сипатталды;
- кредиттік оқу жүйесіндегі СӨЖ және СОӨЖ жұмыстарының рөлі мен түрлері анықталып, оларды ұйымдастыру жолдары айқындалды;
- студент білімін тексеру мен бағалаудың амал-тәсілдері ұсынылды.
Зерттеудің теориялық маңыздылығы. Зерттеу қорытындылары әдістеме, педагогика ғылымдары теорияларын жетілдіруге, синтаксисті оқытудың методологиясын ғылыми негіздеуге мүмкіндік тудырады. Жоғары оқу орындағы қазіргі қазақ тілінің синтаксисін меңгертуге, қазақ тілін оқыту әдістемесінің теориялық негізін байытуға ықпал етеді. Синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан игерту бойынша анықталған құзыреттіліктер қазақ тілінен күтілетін білім нәтижелерін ғылыми-теориялық жағынан дәйектеуге көмектеседі.
Зерттеудің практикалық маңызы. Жұмыстың нәтижелері жоғары оқу орындарындағы синтаксис пәнін оқытудың сапасын арттыруға, оны басқа ғылымдармен сабақтастықта меңгертуге септігін тигізеді. Диссертацияның негізгі материалдары мен нәтижелерін мектеп мұғалімдеріне, аспиранттар мен ізденушілерге көмекші құрал ретінде пайдалануға болады.
Ұсынылған білім беру технологиялары мен кешенді жұмыс түрлері студенттің танымдық білімі мен қабілетін дамытуға, сөйлеу мәдениетін жетілдіруге, құзыреттіліктері мен жеке тұлғалық қасиетін қалыптастыруға жол ашады. Зерттеу нәтижелерін оқу құралдары мен әдістемелік нұсқаулар дайындауда және оқу-әдістемелік кешен әзірлеуде пайдалануға болады.
Алынған ғылыми нәтижелердің сенімділігі мен нақтылығы зерттеу негізі етіп алынған теориялық тұжырымдардың әдіснамалық тұрғыдан талдануы арқылы танылады. Жұмыстың мақсатына, алға қойылған міндеттеріне сәйкес шешімін тапқан зерттеу әдістері мен көрсетілген нәтижелердің жоғары оқу орындарының филология факультетінде жүргізілген сабақтарда дәйектелуі зерттеудің сенімділігіне кепілдік етеді.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
- жоғары мектептің филология факультеті студенттеріне синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту болашақ маманды жан-жақты дамытуға, білімнің сапасын арттыруға, студенттің танымы мен біліктілігін қатар жетілдіруге мүмкіндік береді; тілдік бірліктерді танымдық тұрғыдан меңгерту студентті ұлттық құндылықтарды бағалауға үйретіп, сол арқылы олардың интеллектуалдық әлеуеті дамиды;
- синтаксисті қатысымдық тұрғыдан оқыту білім алушының пікір айту, ойлау, пайымдау қабілеттері мен эстетикалық сезімін жетілдіріп, тілдік қатынасты танымдық, қатысымдық-ақпараттық, эмотивтік, конативтік тұрғыдан меңгеруге жағдай тудырады. Синтаксисті қатысымдық-танымдық тұрғыдан меңгерту студенттің ойлау мен сөйлеу қабілеттерін арттырып, оқу үдерісінің белсенді субъектісі ретінде өздігінен әрекет етуге жетелейді;
- синтаксисті білім беру технологиялары арқылы меңгерту білім алушының келешек мамандығына қажетті ақпараттарды ғылыми негізде дәйектеп, ізденуіне, жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуына, іскерліктері мен дағдыларын жетілдіруге бағытталғандықтан, жоғары көрсеткішке жеткізеді;
- ұсынылып отырған кешенді жұмыстар жүйесі студенттің ой-өрісін кеңейтуге, қатысымдық білігін жетілдіруге, синтаксисті терең игеруге мүмкіндік жасайды. Сөйтіп, студенттің коммуникацияның барлық түрін ұтымды қолдана білуіне, қатысымға қажетті сөйлесім мәдениетін жетілдіруге, т. б. дағдыларын дамытуға ықпал етеді;
- студенттің кәсіби-қатысымдық, кәсіби-танымдық және кәсіби-бағдарлық қабілеттерін дамытуға бағытталған әдістемелік жүйе синтаксисті оқытудың арнайы ұстанымдары негізінде жүзеге асырылғанда оң нәтиже береді;
- студенттің кәсіби біліктілігін жетілдіруге, олардың ғылыми-зерттеушілік, басқарушы-ұйымдастырушылық біліктерін дамытуға, қарым-қатынас мәдениетін және интеграциялық үрдістерге сай өмірлік дағдыларын қалыптастыруға ағымдағы тапсырмалар мен СОӨЖ, СӨЖ жұмыстарын жүйелі ұйымдастырғанда қол жеткізуге болады;
- игерілген білім сапасын тексеру білім берудің нәтижесін қамтамасыз ететін студенттің қатысымдық, танымдық, лингвомәдени және әлеуметтік-тұлғалық құзыреттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жұмыстың талқылануы мен жариялануы. Зерттеудегі негізгі ойлар, диссертацияның мазмұны, ондағы негізгі тұжырымдар халықаралық және республикалық ғылыми-практикалық конференцияларда жасалған баяндамаларда талқыланған. Шетелдік басылымдарда Қытай, Москва, Сан-Петербургта, Қадағалау және аттестаттау Комитеті бекіткен тізімдегі республикалық басылымдарда жарияланған. Диссертация жұмысы Абай атындағы ҚазҰПУ-дің Қазіргі қазақ тілі теориясы және әдістемесі кафедрасы мен Диссертациялық кеңес жанынан құрылған әдістемелік семинардың кеңейтілген мәжілісінде талқыланған.
Диссертация бойынша 3 типтік бағдарлама, 1 арнаулы курс бағдарламасы , 6 оқулық, 6 электронды оқулық, 3 оқу құралы, 13 оқу-әдістемелік құрал, 30 ғылыми мақала жарияланды.
Диссертацияның құрылымы мен мазмұны . Диссертация кіріспеден, төрт тараудан, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен қосымшадан тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Диссертациялық жұмыстың кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі, зерттеу нысаны, пәні, мақсаты мен міндеттері, болжамы, әдіснамалық негіздері, жетекші идея мен зерттеу әдістері, ғылыми жаңалығы көрсетіліп, қорғауға ұсынылатын қағидалар мен еңбектің теориялық, практикалық маңызы көрсетілген.
Диссертацияның « Қазақ тілі синтаксисін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқытудың теориялық негіздері» деп аталатын бірінші тарауы төрт тармақтан тұрады.
1. 1 Қазақ тілі синтаксисін оқыту мәселесі. А. Байтұрсыновтың қазақ тілі синтаксисі туралы тұжырымдары оны оқыту жөніндегі соны пікірлер болып табылады. Тілші синтаксистің теориясын бір жүйеге түсірумен қатар, оны меңгертудің жолдарын ұсынды. «Ауыздан шыққан сөздің бәрі сөйлем бола бермейді, айтушының ойын тыңдаушы ұғарлық даражада түсінікті болып айтылған сөздер ғана сөйлем болады» деп, сөйлемнің қатысымдық қызметін айқындады [1, 264] . Синтаксистің әр саласы туралы теориялық материалдардан кейін практикалық жұмыстарды «өлеңмен жазылған сөйлемдерді өлеңсіз түрге айналдыру; сөйлем ішіндегі мүшелерін айырту; сөйлемнің қажет болған түрлерін білім алушылардың өзіне тапқызу» түрінде беріп, сөйлем мүшелерінің қай сөз табынан болатынын нақты мысалдар арқылы дәлелдеді [1, 287] . «Ауызбен сөйлесу» және «жазумен сөйлесудің» ерекшеліктерін анықтап, сөйлем жүйесінің сөйлеу әрекеті түрлеріне қатысын айқындады.
Қ. Жұбанов сөйлеу сөйлемдер арқылы жүзеге асатынын дәлелдеп, «сөйлем бір сөзден де, бірнеше сөзден де құралады» дей келіп, жай сөйлемнің грамматикалық сипатының бірдей емес екенін анықтады. Ғалым синтаксистің нысаны семантика емес, тілдік тұлғалар мен солардың құрылысы екенін дәйектеп, «біздің қарайтынымыз - мағына жүйесі, семантика емес, грамматика. Сондықтан біздің мақсатымыз мағынаны баяндау емес, мағынаны қандай амалмен білдіреміз, осыны баяндау болу керек», - деп, тұжырымдайды. Тілші А. Байтұрсынов пен Т. Шонанұлы еңбектеріндегі синтаксис туралы пікірлерге талдау жасап, сөйлем мүшелерін қазақ баласының танымына жақын дене мүшелерін мысалға ала отырып түсіндіреді. «Сөйлеу деген - біреудің екінші біреуге хабар беруі», - деп, ойды сөйлеу үдерісімен байланыста қарастырады [2, 50] . Ғалымның педагогика саласына қатысты зерттеулерінен оқу үрдісін білім алушының танымы мен қабілетін ескере отырып, ұйымдастыруға мән бергенін байқауға болады.
С. Жиенбаев сөйлем мүшелерін жіктеу мен олардың арасындағы байланысқа және құрмалас сөйлем мәселесіне жан-жақты тоқталса, С. Аманжолов жай сөйлем синтаксисі мен құрмалас сөйлем синтаксисін оқыту мәселесін қамтыды. Ғалым сөйлемнің қатысымдық қызметіне назар аударып, «сөйлем қалыпты, бір беткей, ұзын сонар; ол біреудің айтқан сөзінен, ойлаған ойынан ғана» құралмайтынын, «сөйлемнің айтылуы, көп қолданылатын жері - көпшілік ортасы, ең кемі екі кісінің басы қосылған жер» екенін, мұндай жерде «сөйлем, бірыңғай, біркелкі «болмайтынын, ашу, күлкі, сұрау, жауап, қуаныш т. б. психологиялық жағдайлардың «сөйлемге әсерін» тигізетінін дәлелдеп көрсетеді [ 3, 16 ] . Сол сияқты Ә. Хасеновтың «материал көлемі, оларды белгіліден белгісізге қарай дамыту арқылы жүргізу ісі, қолданылатын әдістер мен жұмыс түрлері» туралы ұсыныстары мен М. Балақаевтың «сөйлемдегі сөздердің грамматикалық тұлғалары мен мағыналарын сипаттау арқылы олар жайындағы оқушының білімін баянды ететін практикалық жұмыс» деген анықтамасы синтаксисті оқыту жайындағы алғашқы құнды тұжырымдар болып саналады [4, 75] .
1. 1. 1 Қазақ тілі синтаксисін тіл білімінің жеке саласы ретінде дәстүрлі оқыту. Синтаксисті оқыту мәселелері Ә. Хасенов, А. Әбілқаев, Ш. Әуелбаев және т. б. ғалымдардың еңбектерінен бастау алады.
И. Ұйықбаев «грамматикалық ережелерді білмеу, сөйлемдегі мағыналық қарым-қатынастарды түсінбеу орфографиялық қателерге» соқтыратынын дәлелдеп, диктанттың түрлеріне, олардың атқаратын рөліне тоқталып, сызбалар мен үлестірме қағаздарды ұтымды қолданудың жолдарын ұсынады [5, 65] .
Д. Әлімжанов пен Ы. Маманов «тіл фактілерін түсіндіруге пайдаланылатын материалдар, алдымен, тілден өтілетін материалдарға сәйкес болу» керектігіне мән берді. Ғалымдардың «өтілген тілдік тақырыптарға тәрбиелік маңызы бар сөйлемдер тергізіп, оны грамматикалық белгілер мен сөз мағынасына қарай топтату, текстерге талдаулар жасату, кітап оқыту, оқығанын баяндап айтқызу, сол бойынша конспект жасату, көрнекі материалдарды беріп өздеріне бақылату, іс қағаздарын үйрету, тілге байланысты кештер өткізіп, конференцияларда баяндама жасату» [6, 66] тәрізді ұсынған жұмыстары мен Х. Арғыновтың «өздігінен көбірек жұмыс істеуге» көңіл аудару «әрбір орындалған жаттығу, дағдыландыру жұмыстарының қандай із қалғанын» байқайтыны туралы тұжырымдары [7, 212-260] қазіргі таңдағы СӨЖ-ге қойылатын талаппен сабақтасып жатыр.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz