Қазақ тілін оқыту әдістемесінің даму тарихы жайлы


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 101 бет
Таңдаулыға:   

Қазақ тілін оқыту әдістемесінің даму тарихы.

Жоспары:1. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің даму тарихына шолу.

2. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің даму тарихына үлес қосқан ғалымдар .

3. Оқулықтар және оқу әдістемелік құралдар.

Қазақ тілі әдістемесінің ғылыми негізі Қазан төңкерісіне дейінгі дәуірден басталды. Қазақстанда педагогика тарихы, сондай - ақ, қазақ тілін оқыту мәселелері Ы. Алтынсарин есімімен байланысты. Ол ұлы орыс халқы мәдениетінің демократияшыл идеяларынан сусындады, мектептегі оқу процесінің ғылыми негізде құрылуын, халықтың жаппай білім алуын, халқымыздың мәдениетінің ілгері дамуын аңсады.

«Мектеп - қазақтарға білім берудің басты құралы, біздің барлық үмітіміз, қазақ халқының келешегі осы, тек қана осы мектептерде» деген болатын.

Ы. Алтынсарин «Қазақ хрестоматиясы» және «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» оқулықтарын жазды. Қазақ балаларының ана тілінде сауатын ашу жұмысын тұңғыш рет дыбыстық әдіс бойынша ұйымдастырды. Ол оқулыққа жазған алғы сөзінде: «8 бөлімге берілген зат аттарын оқушылар жаттап алғаннан кейін, әрбір бөлімнің соңында берілген грамматикалық ережелерге «Құралда» берілгеннен де молырақ тоқталу қажет және келтірілген үзінділерге сәйкес оқушыларға жаңа сұрақтар қойып, род (тек), септік т. б. бойынша сөздердің өзгеруін олар игеріп алғаннан кейін, соған ұқсас мысалдарды көрсетіп беру керек», - деді, сондай - ақ жаттығу жұмысына, ауызша және жазбаша ойын дұрыс айтып, жаза білуге, еркін сөйлеуге үлкен мән берді.

«Тіл мамандарының кеңес тұсындағы алғашқы зерттеулері мектепке керекті оқулықтар мен оқу құралдарын жасаудан басталды. Мысалы, 20-30 жылдарда тіл мамандары тек алфавит, орфография, пунктуация, ана тілі оқулықтары (грамматикалық), сөздіктер және басқа құралдар жасаудың айналасында еңбек етті».

1935 жылға дейін қазақ тілін оқыту әдістемесіне арналған мақалалар ғана болды. Онан кейін осы жылы «Бастауыш мектепте қазақ тілін оқыту әдісі» деген жинақ шықты.

1936 жылы орта мектептің Ү - ҮІІ сыныптарына арналған Сейіл Жиенбаевтың «Грамматика талдауыш», 1938 жылы «Үлкендерге хат танытудың методикасы», 1939 жылы «Бастауыш мектепте кітап оқытудың методикасы», 1941 жылы «Қазақ тілі методикасы», 1942 жылы «Грамматикалық таблицалар», 1944 жылы «Жаттығу емле мен тіл дамыту», 1946 жылы «Қазақ тілі методикасы» (екінші басылым) деген еңбектер жарық көрді.

Бұл еңбектердің қазақ тілін оқыту әдістемесінде алатын орны ерекше. Онда қазақ тілі әдістемесінің педагогикалық негіздері, жазу жұмыстары, талдау үлгілері, грамматиканы оқыту, кітап оқу әдістемесі сияқты мәселелерге тоқталумен бірге, «мұғалім сабақты берудің көрсетіп бергенін айнытпай орындауға міндетті емес, өз білгенінше түрлі әдіс қолдануға ерікті. Әдістеме рецепт те емес, әкімшілік нұсқау да емес, тек педагогикалық кеңес, жол - жоба», - деп әдістеменің көптеген проблемаларына тоқталды, ол қазірде де мәнін жойған жоқ.

Қазақ тілін, әсіресе, грамматиканы оқыту жөнінде пікір айтқан Қажым Басымов болды. 1938 жылы «Грамматика оқыту жөнінде» деген мақаласында оқыту әдістеріне тоқталды.

1940 жылы Ғали Бегалиевтің «Бастауыш мектепте қазақ тілінің методикасы», онан кейін 1950 жылы «Бастауыш мектепте қазақ тілі методикасының мәселелері» деген кітабы жарық көрді.

1956 жылы Шамғали Сарыбаевтың «Қазақ тілі методикасының кейбір мәселелері» (1 бөлім, фонетика мен морфология) деген кітабы шықты.

1957 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің басшылығымен қазақ тілі мен әдебиетін оқыту мәселелерін жақсартуға арналған республикалық кеңес өткізілді. Кеңесте қазақ тілі мен әдебиетін жақсарту туралы мәселе қаралды. Осы жылдан бастап қазақ тілін оқыту әдістемесін зерттеуге ерекше мән беріліп, Қазақ КСР Оқу министрлігінің Ы. Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылымдар ғылыми - зерттеу институтының қазақ тілі және әдебиеті бөлімі қазақ тілі әдістемесінің жүйелі курсын жасауға кірісті.

Қазақ тілі оқулықтары мен бағдарламаларын жақсарту жөнінде, әдістемелік еңбектер жазу, эксперимент жұмыстарын жүргізу, озат мұғалімдердің тәжірибелерін зерттеу мәселелерін дұрыс жолға қойып, қазақ тілін оқытуды жақсарту жөнінде көп еңбек сіңірген ғалым (сол кездегі институт директоры) профессор Ахмеди Ысқақов болды. Мектепте ана тілі мен әдебиетті оқыту туралы ғылыми - зерттеу жұмысын дұрыс жолға қою міндеттелді. Озат мұғалімдерді, әдіскерлерді, ғалымдарды қазақ тілін оқыту мәселесімен айналысуға жұмылдырылды, оларға ғылыми басшылық жасап, жөн сілтеді. Сондай жұмыстардың нәтижесінде осы жылдың өзінде-ақ қазақ тілін оқытудың кейбір мәселелері зерттеліп, бірсыпыра еңбектер жарық көрді.

Бұл салада Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген мұғалім Иманбек Ұйқыбаев Сейіл Жиенбаевтан, Шамғали Сарыбаевтан кейінгі қазақ тілі әдістемесін дамытушы, алғашқы зерттеушілердің бірі ретінде танылды. И. Ұйқыбаевтың 1957 жылы «Орта мектепте қазақ тілін оқыту мәселелері», «Қазақ тілінде сөз таптарын оқытуға көмекші материалдар», ал 1962 жылы «Қазақ тілі методикасының очерктері» деген еңбектері басылып шықты. Бұл еңбектерде морфологияны оқытуға жан - жақты талдау жасады, оны қазір ұстаздар өздерінің іс - тәжірибесінде кеңінен пайдаланып жүр.

Синтаксисті оқыту да назардан тыс қалмады. Әмеди Хасенов қазақ тілінің бағдарламалары мен оқулықтарын жетілдіру, жақсарту жөнінде көп еңбек сіңірді. 1957 жылы «Жай сөйлем синтаксисін оқытудың кейбір мәселелері», «Пунктуацияны оқыту жолдары» деген әдістемелік еңбектері жарық көрді.

Бұдан кейін әдістеменің басқа да мәселелері зерттеле бастады. Әсіресе, қазақ тілінің орфографиясы ғылыми әрі әдістемелік жағынан терең зерттелді. Бұл салада көп еңбек еткен, орфография жөнінде күрделі әдістемелік еңбек жазған Кәшен Жолымбетов болды. Оның 1985 жылы «Ү-ҮІ сынып оқушыларында кездесетін орфографиялық қателерді түзету және болдырмау жолдары», «Ү-ҮІІ сынып оқушыларының ана тілінен өз бетімен жұмыс жүргізуі үшін қосымша тапсырмалар» (1961), «Қазақ орфографиясын оқытудың негізі» (1962) атты әдістемелік еңбектерінде қазақ орфографиясын оқытудағы негізгі принциптер мен әдіс-тәсілдер сараланып берілді.

Қазақ тіліндегі тыныс белгілерін оқытудың әдістемесін жан - жақты зерттеген - Шәріп Әуелбеков. Оның «Қазақ тілі синтаксисі мен пунктцациясын оқытуға арналған құрылымдық схемалар» (1971), «Пунктуацияның қиын мәселелері» (1977), «Қазақ тілі сабақтарының мазмұны мен жоспарлау үлгілері» деген монографиялық еңбектерін мұғалімдер жұртшылығы жақсы қабылдады. Әсіресе, тыныс белгілері жөнінде жасаған құрылымдық кестелерін жоғары оқу орындарының студенттері, жас мұғалімдер кеңінен пайдалануда.

Дәулет Әлімжанов пен Ыбырайым Маманов 1965 жылы «Қазақ тілін оқыту методикасы» атты еңбегінде қазақ тілін оқытудың негізгі міндеттері, тәрбиелік мәні, оның ғылыми негіздері, басқа пәндермен байланысы, білім берудің әдістері мен жолдары деген мәселелерге тоқталды. Бұл еңбек күні бүгінге дейін өзінің практикалық құнын жойған жоқ.

Ғылым мен техниканың дамуына байланысты оқушыларға берілетін білім көлемі де ұлғайды. Осыған орай оқу пәндерінің ғылыми - теориялық дәрежесін көтеру, оқыту тәсілдерін жетілдіру, оқушыларға кең көлемде білім беру жолдарын қарастыру, оқу - тәрбие процесін одан әрі жетілдіре түсудегі негізгі міндеттер белгіленді. Атап айтқанда, әр мұғалімді оқытудың тиімді әдісімен қаруландыру, оқытудың кабинеттік жүйесіне көшіп, техникалық құралдарды кеңірек қолдануды ұйымдастыру, сабақты мазмұнды әрі тартымды жүргізу талап етілді.

Бұл игі істерді ұйымдастыруда, оны дұрыс жолға қоюда Ы. Алтынсарин атындағы Педагогикалық ғылымдар ғылыми-зерттеу институтының қазақ тілі әдістемесі бөлімі біраз еңбек атқарды.

Осы сөз болып отырған тақырып авторларының бірі Балғаным Құлмағамбетова 1956 жылдан бастап қазақ тілі әдістемесінің көптеген мәселелеріне ғылыми әрі практикалық жағынан зерттеу жұмыстарын жүргізіп: « Қазақ тіліндегі етістік категориясын оқыту» (1957), «Құрмалас сөйлемді оқытудың кейбір мәселелері» (монография) (1963), «6 класта қазақ тілі сабақтарына байланысты тіл дамыту жұмыстарын ұйымдастыру» (1965), «5 - класта қазақ тілі сабақтарына байланысты тіл дамыту жұмыстарын ұйымдастыру» (1966), «5 - класта қазақ тілі және әдебиеті сабағында техникалық құралдарды пайдалану» (1968), «Қазақ тілі сабақтарында техникалық құралдарды пайдалану» (1973), «Аз комплектілі мектептерде сабақты ұйымдастырудың жолдары» (1974), «Қазақ тілінен 6 - класқа арналған дидактикалық материалдар» (1975, 1979, 1983), «Қазақ тілінен 4-5 кластарға арналған үлестірме карточкалар» (1978), «4 - 9 - кластарға арналған тіл ұстарту» (1978), «Кабинеттік жүйе және қазіргі сабақ» (1982), 7 - класс қазақ тілі оқулығына «Методикалық нұсқау» (1983), «Жай сөйлемдер синтаксисінің таблицасы» (1984), «Қазақ тілі» оқулығы (шет елдерде тұратын отандастарға арналған, 1984), «Қазақ тілі сабағында техникалық құралдарды пайдалану» (1984), «Кешегі және бүгінгі Алматы» (1984) «Оқу диафильмі» еңбектерін жазды. Бұл еңбектер қазір мектеп практикасында пайдаланылуда.

1965 жылдан бастап қазақ тілін оқыту әдістемесінің даму тарихына үлес қосушылардың бірі - Бибігүл Кәтенбаева. Б. Кәтенбаевның «Өз құрамын оқыту» (1968), «4 - кластың қазақ тілі оқулығына методикалық нұсқау» (1984), «5 - кластың қазақ тілі оқулығына методикалық нұсқау» (1982-84), «Еліктеуіш сөздер» (1974), «Морфологияны оқытудың методикасы» (1975), «ІҮ - IX кластарда тіл ұстарту» (1978), «Қазақ тілінен ІҮ - Ү кластарға үлестірмелі карточкалар» (1978), «Қазақ тілінен 5 - класқа арналған дидактикалық материал» (1976, 1980, 1983), «Қазақ тілі оқулығы» (5 - класқа арналған, 1982, 1983, 1986), «Грамматикалық таблицалар» (1972, 74, 77, 79, 83) (4, 5, 6 - кластарға арналған) ; «Москва - бақыт астанасы» (1982), «Қасқырды жеңген бала» (1983) оқу диафильмдері мұғалімдер кітапханасынан берік орын алды.

1978 жылдан бастап қазақ тілі әдістемесінің лексика бөлімі де бірсыпыра зерттеле бастады. Бұл салада Айтбай Айғабыловтың «Лексиканы оқытудың кейбір мәселелері» (1980), 6 - класқа арналған «Қазақ тілі» оқулығы (1982, 1984), «6 -класс қазақ тілі оқулығының методикалық нұсқауы» (1983), «Морфологияға байланысты грамматикалық таблица» (1984), «Қазақ тілінің программасы» (1983, 1984), М. Әуезовтың «Қараш - қараш» әңгімесіне байланысты жасалған оқу диафильмі (1984) сияқты еңбектері жарық көрді.

Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер синтаксисі де біршама зерттелді. Құрмалас сөйлем синтаксисін теориялық жағынан зерттеген Хасен Арғынов. X. Арғыновтың «Жай сөйлем синтаксисін оқытудың методикасы» (1957), «Қазақ тілі» методикасының негіздері (1969), «Құрмалас сөйлем синтаксисінің методикасы» (1964), «Қазақ тілі методикасы» (1974), «Құрмалас сөйлемдер таблицасы» (1985) тағы да басқа еңбектерін атауға болады.

Қазақ тілінің фонетика бөлімі де жан - жақты зерттелді. Бұл салада Мүлипа Дейсебаеваның «Қазақ әдеби тілі орфоэпиясының кейбір мәселелері» (1973), «Орфоэпиялық сөздік» (1982), А. Исабаевтың «Фонетиканы оқыту» (1965), «Қазақ тілі дыбыс методикасының негіздері» (1973) деген еңбектерін мұғалімдер кеңінен пайдалануда.

Міне, оқулық авторлары, әдіскерлер, ғалымдар мен қазақ тілін оқыту мәселелерін қазіргі өмір талабына сай қойып отырған игі істер тұрғысынан зерттеу жұмыстарын жүргізіп, келешекте оқу - тәрбие ісін кешенді ұйымдастыруға мүмкіндіктер жасады.

Қазақ тілі әдістемесінің ғылыми - теориялық мәселелері тіл білімімен қатар, мектеп тәжірибесіне де сүйенеді. Мектеп тәжірибесі, оның ішінде озат тәжірибе арқылы әдістеме теориялық жағынан жетіліп, толығып, жаңа факті, идеялармен байып, мұғалімдер тәжірибесі әдістемені дамытып отырады. Сондықтан озат тәжірибені мектеп тәжірибесіне ендіру - аса қажетті мәселелердің бірі. Өйткені озат тәжірибе арқылы сабақтың әдістемесін жетілдіру, оқушылардың ақыл - ой дербестігін, танымдық қабілеті мен қоғамдық белсенділігін дамыту, білімге ынтасын арттыру, педагогикалық оқулар өткізу сияқты проблемалар іске асырылады.

Ы. Алтынсарин атындағы Педагогикалық ғылымдар ғылыми - зерттеу институтының қазақ тілі әдістемесі бөлімі 1954 жылдан 1987 жылға дейін 15 - тен астам қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің іс - тәжірибелерін жинақтап, кітапша етіп шығарды.

1978 - 1980 жылдардан бастап алдыңғы қатарлы озат мұғалімдеріміз Мәскеу қаласы мен Волгоград облысы мұғалімдерінің бастамаларына әр уақытта үн қосып отырды. «Творчестволықпен жұмыс істейтін мұғалімнен творчестволықпен жұмыс істейтін коллективке жетейік» атты Мәскеу облысы Краснояр өлкесі мұғалімдерінің бастамасы, «Әр сабаққа - үздік әзірлік, қазіргі заманғы тәсілдер, жоғары сапа» атты волгоградтықтардың үндеуі республикамыздың сан мыңдаған мұғалімдерін жігерлендірді.

Қоғамның дамуы өскелең ұрпаққа тәрбие беруде, оны Отан игілігі үшін еңбекке даярлауда жалпы білім беретін мектептің жауапкершілігін көтеруді талап етті.

СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің «Жалпы білім беретін мектептерде оқушыларды оқыту мен тәрбиелеуді және оларды еңбекке даярлауды одан әрі жетілдіру туралы» және СОКП Орталық Комитетінің «Идеологиялық - саяси тәрбие жұмысын одан әрі жақсарту туралы» қаулыларында мектептің тәрбиелеушілік міндеттерін сапалы шешуде мектептегі пәндік кабинеттерді ұйымдастырып, оны оқу - тәрбие ісінде орынды пайдаланудың мәні зор.

Атап айтқанда, оқушыларға берілетін білім қорын күнделікті өмір тәжірибесімен, әрбір сабақта мұғалімнің сөзімен ұштастыратын көрнекілікпен байланыстыра отырып, оның тиімділігін арттыру тек жақсы жабдықталған, дұрыс ұйымдастырылған пәндік кабинеттер арқылы іске асырылады.

Оқытудағы кабинеттік жүйесін көшу - мектептердің экономикалық, педагогикалық және ұйымдық тұрғыдан күрделі проблемаларының бірі.

Республикамыздың көптеген мектептерінде озат мұғалімдер сабақты кабинеттік жүйе бойынша шығармашылықпен өткізіп, сыныптан тыс жұмыстар жүргізудің алуан түрлі тәсілдерін жетілдіруде, сондай - ақ, оқу кабинеттерін қазіргі заман талабына сай қалай жабдықтауды, сол арқылы тәжірибе мен оқыту процесін кешенді ұйымдастырып, қажымай - талмай еңбек етуде.

Алдыңғы қатарлы мұғалімдер мектептегі бүкіл оқу процесс арқылы оқушылардың білім алуға деген ынта талабын оятып олардың таным белсенділігін арттыруда көптеген жұмыстар атқарып отыр.

Оқушылардың саналы көзқарасының негізі мектепте қаланады. Мұның өзі бүкіл оқу - тәрбие жұмысы арқылы іске асырылады. Сондықтан мұғалімдердің ғылыми - теориялық білімдерін үнемі көтеріп, мәдени және идеялық саяси өресін кеңейтіп, ұстаздық шеберлігін әрқашан жетілдіріп отыру қажет. Мұғалім оқыту үшін ең алдымен өзі оқуға тиісті. Ол сонда ғана мектептің алдында тұрған көп міндеттерді ойдағыдай шеше алады. Демек, ғылыми әдістеме әр уақытта да мұғалімдердің озат іс - тәжірибесімен байып, толысып отырмақ.

Бақылау сұрақтары:

1. Қазақ тілі әдістемесінің негізін салған ғалымдар.

2. Қазақ тілі әдістемесінің ғылым болып қалыптасу жылдары.

3. А. Байтұрсыновтың еңбектері.

4. Ы. Алтынсариннің ғылыми еңбектері.

5. Ғ. Бегалиевтың ғылыми еңбектері.

6. Ш. Сарыбаев-әдіскер ғалым.

Лекция. ТАҚЫРЫБЫ:Қазақ тілі оқулықтары, оқу бағдарламалары.

Жоспары: 1 ) Қазақ тілі оқулықтарын жазудағы ерекшеліктер.

2) Қазақ тілінің оқытылуы жөніндегі оқу бағдарламалары.

3) Қазақ тілі оқу бағдарламаларын жасаудағы айырмашылықтар және маңыздылығы

Лекция мақсаты:Қазақ тілі оқулықтары мен бағдарламаларындағы өзгерістерді талдау.

Лекция мәтіні:

Қазақ тілінің жүйелі түрде оқытылуы мен ғылыми мазмұнын нақты және дұрыс анықтау оның бағдарламасы мен оқулығына байланысты. Орта мектептің ІҮ-ҮІІІ сыныптарында оқытылатын қазақ тілінің бағдарламасы ана тілінің ғылыми мазмұнымен оның білімдік көлемін белгілейтін және оқытуға басшылық жасап отыратын Білім министрлігі бекіткен ең басты мемлекеттік құжат болып саналады.

Қазақ тілінің оқулықтарын жазу 1920 жылдардан қолға алына бастады. Бірақ оқу жоспары мен бағдарлама сол кезде-ақ жасалынған болатын. Дегенмен, кеңес мектебі тарихында бағдарламаның бірнеше түрі болды. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында кешенді және жоба бағдарлама түрлері қолданылды.

ВКП (б) Орталық Комитетінің 1931 жылғы 5 қыркүйектен, 1932 жылғы 25 тамыздағы «Бастауыш және орта мектептер туралы» қаулыларында кешенді және жоба бағдарламалардың кемшіліктері атап көрсетілді.

Бастауыш және орта мектептің оқу бағдарламаларына мынадай талаптар қойылды: бағдарламаның мазмұны ғылымның негізін берік және жүйелі түрде меңгеру, дұрыс сөйлеу, жазу дағдыларын қамтамасыз ету, бағдарламадағы оқу материалдарының аумағы мен сипаты балалардың жас ерекшеліктеріне сай келуі, тіл мен әдебиет бағдарламалары арасында байланыс болу керектігі баса айтылды. Мұндай талаптар негізінде 1936, 1938. 1958, 1967 жылдар аралығында қазақ тілі бағдарламалары қайта жасалды.

1920 жылғы 8 қарашада Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесі Халық Ағарту Комиссарматына қазақ тілінде оқулықтар жасау мәселесін жүктеді.

Оқу жоспары мен бағдарламалары жасалмас бұрын, оқулықтар жазыла бастады. Бағдарламасыз жазылған оқулықтардың мазмұнында, көлемінде, оқу материалдарын тақырыпқа бөлуде бірсыпыра кемшіліктср болды.

Қазақ АКСР Халық Комиссариаты бағдарламалар жасау, әдістемелік құралдар жазу мәселелерін 1922 жылғы маусым айынан бастап қолға алды.

V-VII сыныптарға арналған қазақ тілі бағдарламасы 1930 жылдары жасала бастады. Бұлардың 13-15 жастан балалардың ұғымына өте ауыр болғаны байқалды.

1936 жылы 23 тамызда Қазақ КСР Оку Комиссариаты Қ. Жұбанов жасаған қазақ тілінің V-VII сыныптарға арналған бағдарламасының жобасын бекітті.

1939 жылы белгілі тіл маманы С. Жиенбаевтың редакциясымен қазақ тілі бағдарламасы басылып шықты. Онан кейін 1940 жылы Ғ. Бегалиевтің редакциясымен басылды.

1950 жылы «Правда» газетінде болған лингвистикалы қайтыс тіл білімінің дамуына орасан зор пайдасын тигізді. 1950 жылдан бастап қазақ тілінің бағдарламасы жаңадан жасалды. Ү-ҮІІ сыныптарға арналған қазақ тілі бағдарламасын жетілдіру жөнінде бірсыпыра шаралар белгіленді.

1959 жылы 18 қарашада Қазақ КСР Оқу министрлігінің оқу-әдістемелік кеңесінде қазақ тілі бағларламасы талқыланды.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытуды жақсарту жөнінде, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің 1957 жылы 22 мамырда «Республика мектептерінде қазақ тілі мен әдебиетін оқытуды жақсарту туралы» қаулысы жарияланды. Осы қаулы негізінде Қазақ КСР Оқу министрлігі 1957 жылы 28 маусымда «Қазақ тілі мен әдебиетін оқытуды жақсарту туралы" бұйрықты қабылдап, нақты шаралар белгіледі. Қаулыға орай Алматы қаласында 1957 жылы тамызда қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің республикалық кеңесі шақырылды.

СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің "Мектептің өмірмен байланысын нығайту туралы және елімізде халыққа білім беру жүйесін дамыта түсу туралы» тезистеріне байланысты қазақ тілінің 1-ҮІІ сыныптарына арналған оқу бағдарламасымын жобасы жасалып, баспасөз беттерінде жарияланып, мұғалімдердің талқысына ұсынылады.

Қазақ тілі бағдардамасының түсінік хаты жаңадан жазылды. Бағдарламалық материалдардың әр сыныпта өтілуге тиісті көлемі нақты іс көрсетіліп, әрбір тарау, тақырыпты өтуге сағат белгіленді. Бағдарлама 12-14 жастағы балалардың жас ерекшелігіне сай жасалып, теориялық ауыр материалдар ықшамдалып, ғылыми мәні баламалы тақырыптарды енгізбеу ескерілді.

1960-1970 жылдар арасында қазақ тілін оқыту мәселесі жаңа кезеңге аяқ басты. СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің 1966 жылғы «Жалпы білім беретін мектептің жұмысын одан әрі жақсарту шаралары туралы» қаулысы қабылданды. Қазақ тілі бағдарламасының жаңа сатыға көтерілуі 1967 жылдан басталды. Өйткені мектепті өмір талабына сай қайта құру оқытудың жаңа мазмұнына көшуге тікелей байланысты болды. Әсіресе, ғылым мен техниканың зор қарқынымен дамуына байланысты өзгерістер қазақ тілі оқулығы мен бағдарламасында орын алуға тиіс болды. Сөйтіп, оқулықтар мен оқу құралдарын, бағдарламаларды қайта құрастыру, жетілдіру міндеті қойылды. Осы қаулы-қарарларға орай қазақ тілін оқытудың мазмұны мен оқыту принциптерін жетілдіру мақсаты көзделді, яғни қазақ тілі пәнінің ғылыми-техникалық дәрежесін көтеру оқушыларға кең көлемде білім беру жолдарын қарастыру, оқу-тәрбие процесін одан әрі жетілдіре түсудегі негізгі міндеттер белгіленді.

Мектепті өмір талабына сай қайта құру, оқытудың жаңа мазмұнына көшу қазақ тілін оқытудың мынадай негізгі мәселелерін шешуге тиіс болды: бастауыш сынып 4 жылдың орнына 3 жылдық оқу жүйесіне көшірілуге байланысты әр сыныптағы тілдік материалдарды орналастыру жөнінде бірсыпыра өзгерістер болды: оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай материалдарды іріктеп алу, қазақ тілі курсы VII сыныпта аяқталатын болды.

Екіншіден, мектепте оқытылатын қазақ тілі пәні мен тіл ғылымы арасындағы алшақтықты болдырмауды ескере келіп, мына мәселелерді іске асыру қажет болды: грамматика мен лексика бөлімдеріне байланысты қазақ тілі пәнінің ғылыми-теориялық жақтан жетілдіру керектігі атап айтылды. Мысалы, кейбір ереже, анықтамалар, тілдік категорияларды топтау, қайтадан құрастыру, жинақтау. Сондай-ақ оқушылар түсінігіне ауыр келетін кейбір ескірген материалдарды алып тастау, т. б. Міне, оқыту мазмұнына осындай жаңалықтар енгізілді.

Оқушылардың төменгі сыныптарда алған білімін қайталау, еске түсіру, қорыту мақсатындағы материалдар берілді.

IX сыныпта оқушылардың IV-VIІ сыныптарда қазақ тілінен алған білімдерін қорыту, жинақтау және қайталау мақсаты алға қойылып, теориялық білімдер бір ізге келтіріліп, жоғары сынып оқушыларының жас ерекшелігі мен қабілетіне қарайтын деректер берілу көзделді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ тілін оқыту әдістемесі жайында дәрістер
Қазақ тілін мәдениеттаным бағытында оқытудың әдістемесінің ғылыми негіздері
ҰЛТТЫҚ МЕКТЕПТЕ ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІН ОҚЫТУДЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі мамандығы бойынша ЭЛЕКТИВТІК ПӘНДЕР КАТАЛОГЫ
Жалпы білім беру пәндер циклы
Орта мектепте етістіктің шақтарын оқытудың тиімді жолдары
ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІН БАСҚА ҰЛТТАРҒА ОҚЫТУ ТАРИХЫ, ЗЕРТТЕЛУІ
Қазақ тілін оқыту әдістемесіне үлес қосқан жалпы қазақ ғалымдар еңбектерінің сипаттамасы
Қазақ тілінің сарфы
Қазақ тілінде тіл дамыта оқытудың жалпы даму тарихы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz