Қазақ тіліндегі демеулік шылаулардың қолданыстағы мағынасы мен қызметі



Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 16 бет
Таңдаулыға:   
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

ӘОЖ 81’367.634.512.122
Қолжазба құқығында

Ноғаев Асылбек Әуезханұлы

Қазақ тіліндегі демеулік шылаулардың қолданыстағы мағынасы мен қызметі

10.02.02– қазақ тілі

Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған
диссертация

Ғылыми жетекшісі:
филология ғылымдарының докторы,
профессор Б.Қ. Момынова

Қазақстан Республикасы
Алматы, 2008

КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Зерттеу жұмысында қазіргі қазақ тіліндегі
демеулік шылауларды белгілі сөйлемнің немесе бүтіндей бір мәтіннің
құрамында келіп, тілдің мазмұндық жағын толықтыруы сөз болады. Тілдің
мәтіннің мазмұн өрісі және мазмұнды жеткізу өрісіне демеулік шылаулардың
қатысы нақты мысалдармен дәлелденеді. Соның нәтижесінде әрбір демеуліктің
белгілі бір синтаксистік қоршауда келіп, сан алуан мағыналық реңктерге
бөлінетіні арнайы зерттеледі. Демеуліктер функционалды грамматика, мәтін
лингвистикасы тұрғысынан жан-жақты қарастырылады. Сондай-ақ олардың
фонологиялық, лексика-семантикалық, морфологиялық, синтаксистік сипаттамасы
сөз болады. Демеулік шылаулардың мәтіннің жалпы мазмұнын толықтырудағы
қызметі ашылды. Демеуліктердің функционалдылық қызметін тану демеуліктердің
даму, қалыптасу жолдарымен байланысты болғандықтан, кейбір демеуліктердің
этимологиясына қатысты да зерттеу жұмыстары жүргізілді.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазіргі қазақ тілінде сөз таптарының
арасында ең аз қарастырылғаны шылаулар, соның ішінде – демеуліктер.
Олардың өздері жалғанған сөздерге қосымша мән үстейтіндігі және мағыналық
топтарының аты аталып, санын айтумен шектеліп, функционалдық,
концептуалдылық сипаттарына жете назар аударылмады. Демеулік шылаулардың
атаушы сөздерге үстейтін қосымша мәндерінің үнемі тұрақты болмай, өздері
жалғанған сөздердің мағынасына орайласып өзгеріп отыруы, олардың сөйлем
құрамында атқаратын қызметі және мәтіннің жалпы мазмұнына қосатын үлесі
т.б. сияқты көптеген сұрақтар да өз шешімін таппаған. Сондықтан демеулік
шылауларды мәтін лингвистикасы тұрғысынан зерттеу өзекті мәселелердің бірі
екендігінде дау жоқ.
Мәтін лингвистикасының нормативті лингвистикадан түбегейлі өзгешеліктері
бар. Ең әуелі, нормативті лингвистикада тілдік бірліктердің (дыбыс, сөз,
сөз тіркесі, сөйлем) өзіндік ерекшеліктері ашылып, олардың сөйлем құраудағы
рөлі айқындалса, мәтін лингвистикасында тілдік бірліктер мәтіннің мазмұн
өрісін құраудағы рөлі жағынан зерттеледі. Нормативтік грамматиканың
құрамында демеулік шылаулар лексикалық мағынасының солғындылығымен, сөйлем
мүшесі болуға қабілетсіздігімен сипатталып, көмекші сөздердің құрамында
ғана сөз болады. Ал мәтін лингвистикасында демеулік шылаулар мәтіннің
мазмұн өрісін құрайтын басты лингвистикалық бірліктердің қатарында
қарастырылады.
Мәтін лингвистикасына тән заңдылықтарды функционалды грамматика ғылымы
зерттейді. Функционалды грамматика соңғы жылдарда зерттеушілердің ғылыми
зерттеу жұмыстарының өзегіне айналып жүр. Орыс тіл білімінде бұл туралы тіл
ғалымдарының еңбектері жүйеленген, ал қазақ филологиясында мәселе енді ғана
қолға алынып жүр. Бұл – мәселенің өзектілігін арттыра түседі.
Демеуліктер тілдегі белгілі бір грамматикалық категориялардың жасалуында
маңызды рөл ойнаса, екінші жағынан модальдік мән беруге қажетті элемент
болып саналады. Сондықтан демеуліктер лексикалық жағынан да, грамматикалық
жағынан да концептуалды зерттеуді қажет етеді.
Демеулік шылаулардың атқаратын қызметтерінде де өзіндік ерекшеліктер
бар. Сондықтан олардың қолданыстағы қызметі жағынан өзгешеліктерін де
арнайы қарастыруды қажет. Әсіресе, соңғы кездерде жалпы тіл білімінде қолға
алынып жүрген функционалды грамматика тұрғысынан қарастыру мақсатымызды
айшықтай түседі. Демек қазіргі қазақ тіліндегі демеулік шылаулар туралы
шешімін тапқан мәселелерге қарағанда, өз шешімін таппаған мәселелер көп
болып отыр. Жоғарыдағы сұрақтардың барлығын функционалды грамматиканың
аясында қарастырудың маңызы бар деп есептейміз.
Зерттеудің нысаны. Қазақ тіліндегі демеулік шылаулардың даму, қалыптасу
жолдары, мәтін ішіндегі әр жақты қызметі мен функционалдылығы – зерттеудің
басты нысаны.
Зерттеудің пәні – қазақ тілінің морфологиясы және функционалды
грамматика.
Зерттеудің дереккөздері. Жұмысты жазу барысында Махмұт Қашқаридың
Дивани лұғат ат-түрки сөздігінің материалдары, хандық дәуірі кезеңіндегі
әдебиет нұсқаларының деректері, А.К. Боровковтың Лексика среднеазиатского
тефсира XII–ХІІІ вв. еңбегінен, қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілерінен,
қазақ тілінің түсіндірме сөздігінен (10 томдық ) алынған деректер
пайдаланылды. Сондай-ақ Абай Құнанбайұлы, Махамбет Өтемісұлы, Мұхтар
Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов, Сәкен Сейфуллин,
Бексұлтан Нұржекеев, Мұзаффар Әлімбаев, Мұқағали Мақатаев еңбектерінен
алынған мәтіндер талданды.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың мақсаты –қазақ
тіліндегі демеулік шылаулардың мәтін мазмұнын құраудағы рөлін, оның
қолданыстағы мағынасы мен қызметін айқындау болып табылады.
Зерттеу мақсатын орындау үшін төмендегідей міндеттердің шешімін табу
көзделді:
-шылау сөздердің, соның ішінде демеулік шылаулардың қолданыстағы
мағынасы мен қызметінің өзіндік ерекшеліктерін анықтау және осы мақсатта
олардың даму, қалыптасу тарихына тоқталу;
- демеулік шылауларды топтарға бөлудің негізгі принциптерін айқындап,
функционалдық-семантикалық топтарға бөлу;
- мәтін лингвистикасы тұрғысынан жүйе мен ортаның арақатысын анықтау;
- мағыналық бөлшектеу негізінде демеулік шылаулардың бүтіндей бір
мәтіннің жалпы мазмұн өрісіне қосатын үлесін анықтау;
- көмекші сөздердің кейбір негізгі белгілерін атаушы сөзге қойылатын
белгілермен салыстыру;
- демеулік шылаулардың айтылым деңгейіндегі және бүтіндей мәтін
деңгейіндегі қызметтерін басқа сөз формаларының қызметтерімен салыстыру.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы.
- қазақ тіліндегі демеулік шылаулардың даму, қалыптасу жолдары
анықталды;
- қазақ тіліндегі демеулік шылаулардың концептуалдылық және
функционалдылық сипаттары анықталды;
- демеулік шылаулар көп функционалдылық сипатына қарай топтарға бөлінді;
- мәтін лингвистикасындағы жүйе мен ортаның демеулік шылаулармен
байланысы айқындалды;
- демеулік шылауларды топтарға бөлу принциптері анықталып,
фунуционалдылық қабілет, функционалдылық атқару, функционалдылық талдау
ұғымдарының мәні нақты мысалдармен ашылды.
Зерттеудің әдістері. Зерттеу жұмысында сипаттау, салыстыру, талдау,
жүйелеу, іштей реконструкциялау, тарихи-салыстырмалы әдістер қолданылды.
Зерттеу жұмысының ғылыми-теориялық, әдістемелік негіздері.
Жұмыста функционалды грамматика туралы алғашқы түсінікті қалыптастырған
А.А. Потебняның (оның алыс және жақын мағына туралы пікірі) негізгі
теориялық ұстанымы, Ленинград тіл білімі институты ғалымдарының теориялық
еңбектері негізге алынды.
Қарастырылып отырған мәселеге қатысты алыс және жақын шетел
ғалымдарының, әсіресе, Ю.С. Маслов, Л.Н. Харитонов, Н.Е. Петров
А.В. Бондарко, С.Д. Кацнельсон, А.С. Амиралиевтер т.б. лингвист-
түркологтардың, сондай-ақ Отандық ғалымдардан Р.С. Әмір, А. Ысқақов,
М. Оразов, С. Исаев, Т. Әбдіғалиева, Б.Қ. Момынова, Б. Қапалбеков,
А. Салқынбай, Қ. Молғаждаров, Ы. Шақаманова, С. Құлмановтардың еңбектерінде
айтылған тұжырымдар мен ұстанымдар зерттеуде негізге алынды.
Зерттеудің теориялық мәні. Зерттеу жұмысының нәтижелерін қазақ
тіліндегі сөз формаларының концептуалдылығы мен функционалдылығын
қарастырған, көмекші сөздердің табиғатын анықтаған, шылауларды
топтастырған, мәтін лингвистикасын сөз еткен, сөздердің лексика-
семантикалық сипаты анықталған теориялық еңбектердегі тұжырымдарды
толықтыруда пайдалануға болады. Сөздерді мәтін мазмұнын толықтырудағы
қызметі тұрғысынан топтастыруға, грамматикалық категориялардың синтаксистік
қоршау мен мәтін семантикасы жағынан талдауға байланысты теориялық
еңбектерде қо лдануға болады.
Зерттеу нәтижелерінің практикалық мәні. Демеулік шылауларды орынды
қолдана білуде, бүтіндей мәтін мәнін толық түсіну дағдысын қалыптастыруда,
шет тілдерінен қазақ тіліне немесе қазақ тілінен шет тілдеріне мәтіндерді
аударғанда, сондай-ақ қазақ тіліндегі сөздердің ең кіші семантикалық
мәндерін түсіндіргенде айқындалады. Жұмыстың практикалық мәні көмекші
сөздердің табиғатын анықтауға қатысты зерттеу жұмыстарында анықталады.
Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы, қазақ тілінің сөзжасамдық сипаты,
қазақ тілінің семантикасы, функционалды грамматика пәндерін, арнаулы
курстарды оқытуда пайдаланылады.
Қорғауға ұсынылған тұжырымдар.
- демеуліктердің ұзақ даму, қалыптасу жолдары олардың функционалдық
ерекшеліктеріне әсер етеді;
- қазақ тіліндегі демеуліктер – әу бастағы негіздерінен тым алыстап
кеткендіктен, олардың сыртқы формасы мен ішкі мазмұны, қолданыстағы
қызметтері жағынан қосымшаларға ұқсас болып келеді;
- функционалды грамматика тұрғысынан алғанда демеулік шылаулардың
мәтіннің мазмұн өрісіне қосатын үлесі өте мол;
- демеулік шылаулардың айтылым деңгейіндегі функциялары басқа сөз
формаларына қарағанда жоғары болып табылады;
- әрбір сөз формасының, соның ішінде демеулік шылаулардың мазмұнды
толықтыратын функционалдылық қабілеті болады, соған орай мәтін құрамында
функционалдылық атқару жүзеге асады;
- демеулік шылаулардың әрбір мағыналық түрі функционалдық сипаты жағынан
тағы да бірнеше топтарға жіктеледі.
Зерттеу жұмысының талқылануы мен жариялануы: Жұмыстың негізгі мазмұны
Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде өткізілген Білім беру мен
ғылымның дамуының өзекті мәселелері атты (Шымкент, 2003) халықаралық
ғылыми-теориялық, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясында
өткізілген Жас ғалымдардың І аймақтық ғылыми-тәжірибелік (Шымкент, 2003),
Педагог маманды кәсіби дайындаудағы қазіргі білім беру технологиялары
атты Республикалық ғылыми-практикалық (Шымкент, 2004) конференцияларда
баяндалып, конференция жинақтары мен республикалық, халықаралық
басылымдарда, Білім және ғылым саласындағы аттестаттау және қадағалау
комитетінде тіркелген басылымдарда барлығы 9 ғылыми мақала жарияланды.
Жұмыстың құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, үш тараудан және
қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілді.

2.4 Тілді зерттеудің формалдық және қызметтік бағыттары
Тіл өте бір күрделі құрылым бола тұрып, бөлуге келмейтін бір бүтін болып
та сипатталады. Оның барлық құрамдас бөлшектері мен қасиеттері бір-бірімен
тығыз байланысты болады. Оларды жеке-жеке қарастыру тек зерттеушілердің
немесе сол тілді оқытушылардың жұмысын жеілдету үшін әдістемелік
мақсаттарда ғана мүмкін болады. Формалдық бағытты ұстанушылар тілдің екі
жағының – формалдық немесе құрылымдық және функционалдық немесе мақсаттық
жағының арасындағы айырмашылықты ажыратады да, бұл тұрғыда тілдің екінші
жағын, көбінесе, лингвистикалық зерттеу жүргізуге келмейді деп санайды. Оны
бірліктері мен комплекстерінің және көптеген функцияларының көмегі арқылы
берілетін көптеген мағыналар құрайды. Олар бір-біріне қатынасы жағынан
тілдік жүйенің құрамында жеке бірлік ретінде қызмет атқарады, ал адамға,
оның ойлауы мен санасына, әлеуметтік және этно-мәдени ортаға қатысы
жағынан бүтіндей тіл ретінде де қызмет атқарады. Тілдің ең бірінші
формалдық жағын ол өзінің функцияларын атқару үшін қолданылатын құралдар,
құрылымдық ресурстар құрайды. Соған байланысты, формалдық тіл білімі және
функционалды тіл білімі деген сияқты ғылымдар (бұл да барынша шартты түрде)
ажыратылып шығады. Ал тіл білімінің тарихында тілді зерттеуге формалдық
және функционалдылық бағыттары туралы барлық уақытта да айтылып келген.
Алайда негізгі басымдылық тілді сипаттау аспектісіне, формалдық бағытқа
түсіп келгендігі анық.
Қазақ тілінің зерттелу тарихында шылаулар туралы айтылған пікірлер соңғы
уақыттарға дейін тек оларға сипаттама беру немесе топтарға бөліп, санамалап
шығумен ғана шектеліп келгендігі байқалады.
Бұл еңбектерде жалпы сипаттама ретінде көне түркі руникалық жазба
ескерткіштер тіліндегі шылау сөздердің лексика-грамматикалық кызметі мен
негізгі мәні түсіндірілгенмен, морфологиялық, синтаксистік құрылысы,
мағыналық түрлерінің құрамы мен этимологиясы және басқа да
тілдік қасиеттері жан-жақты зерттелмеген [14, 6-7 бб.]. Демек автор
шылау сөздер толық зерттелген категориялардың қатарына жатпайтындығы туралы
пкірімізді дәлелдей түседі.
Шылау сөздердің әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері бар екендігі анық.
Біз олардың ішінде демеулік шылаулардың қолданыстағы мағынасы мен қызметін
қарастыруды мақсат етіп отырмыз.
Демеуліктер тілдегі белгілі бір грамматикалық категориялардың
жасалуында маңызды рөл ойнаса, екінші жағынан модальдік мән беруге қажетті
элемент болып саналады. Сондықтан демеуліктер лексикалық жағынан да,
грамматикалық жағынан да зерттеуді қажет етеді. Шылау сөздердің бұл түрі
жалпы тіл білімінде де, түркітанымда да, тіпті қазақ тілінің өзінде де
жеткілікті дәрежеде толық және жан-жақты зерттелмеген деп есептеуге болады.
Дегенмен де алғаш рет демеуліктерді басқа көмекші сөздерден бөліп алып,
арнайы зерттеу нысаны етіп, олардың қыр-сырын ашуға байланысты якут тілінің
маманы Н.Е. Петров еңбек еткен. Ғалым демеуліктердің өзіне дейінгі
зерттелуіне мынадай баға береді: Демеуліктер, бір жағынан, сөздер мен
категориялардың аналитикалық формаларын жасау үшін жұмсалса, екінші
жағынан, якут тіліндегі модальділікті білдіретін бай лексикалық құрал болып
табылады. Сондықтан демеуліктерді қарастыру сөз теориясы, көмекші сөздердің
шығу төркіні, сөз таптары пробелмасы, тілдің аналитикалық құрылымының
дамуы, сөзжасам мәселелері, сөйлеудің экспрессиясы мен эмоционалдылығы,
модальділік т.б. маңызды сұрақтарды да қамтиды. Мәселенің көп қырлы және
күрделі болуы демеуліктердің түркологияда, тым аз зерттелуі орыс тіл
білімінде, тіпті жалпы тіл білімінің өзінде олар морфологияның басқа
категориялары сияқты жан-жақты, толық сипаталмаған, теориялық жағынан
кемшіліксіз шешімге келген емес. [10, с. 10].
Демеулік шылауларды тереңірек қарастыру олардың өздеріне тән лексика-
семантикалық, морфологиялық, синтаксистік ерекшеліктеріне қоса,
концептуалдық және функционалдық ерекшеліктерінің бар екендігін көрсетіп
берді. Демеулік шылаулардың семантикалық ерекшеліктері олардың өздері
жалғанған сөздердің лексикалық мағыналарына қарай қосымша мағыналары да
өзгеріп отыратындығымен байланысты. Сондай-ақ демеулік шылаулардың өзара
жіктелуінің принциптері, олардың морфологиялық белгілерінің контекстік
семантикасына әсері, синтаксистік белгілері мен синтаксистік қоршауын
зерттеу әлі өз шешімін таппаған деп есептейміз. Ал демеуліктердің
функционалды грамматиканың концептуалдық жүйесіндегі орны туралы әңгіме
қозғалмаған деп есептейміз.
Сондай-ақ демеулік шылаулардың басқа шылаулардан айырмашылықтарын
анықтау үшін қазақ тіліндегі көмекші сөздердің топтарға бөліну принциптерін
айқындап алудың маңызы зор. Өйткені көмекші сөздерді атаушы сөздерден,
көмекші етістіктер мен көмекші есімдерді шылаулардан, демеулік шылауларды
жалғаулықтар мен септеуліктерден ажыратушы белгілерінің болатыны даусыз.
Қазақ тіліндегі демеулік шылаулардың басқа шылау сөздерден айырмашылығы,
біріншіден, олардың лексика-семантикалық мағыналарымен, екіншіден, тұлғалық
ерекшеліктерімен, үшіншіден, синтаксистік қызметтерімен байланысып жатады.
“Морфология” дегенде сөздердің сыртқы формалары, құрылысы, құрамы еске
алынатыны белгілі. Қазақ тіліндегі демеулік шылаулар – сыртқы формасы
жағынан да ерекшеленетін тілдік категория. Түркологиялық еңбектерде
“демеуліктердің бір қатары аффикстер сияқты толық мағыналы сөздерге
тіркескенде дауысты дыбыстардың үндесу заңының, ассимиляцияның әсеріне
ұшырап, фонетикалық дербестігінен айырылатыны” айтылып жүр [40, с. 504].
“Демеуліктердің қолданылуының тым жиілігі олардың грамматикалық формаларға
айналуына жағдай жасайды” [40, с. 504]. Соған орай, кейбір демеуліктердің
бірнеше фонетикалық варианты болады. Мысалы, Шопандықты менсінбеу еңбектң
менсінбеу емес пе? (С. Алдабергенов).
Соны ұғындырып бере алатындарың бар ма?
Енді өстіп Жамалды сүймеген кісіне береміз бе? (М. Дулатов) деген
сөйлемдердегі демеуліктерді салыстырып көрейік. Алғашқы сөйлемдегі
демеуліктің қатаң дауыссыздан басталуы оның жалғанған сөзінің қатаң
дауыссызға аяқталуымен байланысты (емес пе). Бұдан ассимиляцияның қатаң
дауыссыздан кейін қатаң дауыссыз келуі керек деген заңдылығын байқаймыз.
Екінші мысалымызда (бар ма) үнді дауыссыздан кейін үнді дауыссыз, үшінші
мысалымызда (береміз бе) ұяң дауыссыздан кейін ұяң дауыссыздан басталатын
демеулік тіркесіп тұр. Бұл демеуліктердің құрамындағы дауыссыздарға
байланысты заңдылық. Ал олардың құрамындағы дауыстылар да қазақ тіліндегі
сингормонизм заңдылығынан алшақ кете алмайды. Салыстырыңыз: ... бір күніме
керегі болар деді ме?
... халқыңа арнаған басқа ойың, мұратың, жәрдемің бар ма? (М. Әуезов).
Мұнда сұрау демеулігінің бірде жңіңішке вариантта, бірде жуан вариантта
қолданылуы үндестік заңдылығына бағынудың көрсеткіші. Бұл айтылғандарды
талдап қарағанда, демеулік шылаулардың құрылымына қарай: демеулік-сөздер,
демеулік-аффикстер деп топтастыру әбден орынды екенін көреміз. Қазіргі
қазақ тілінде тек постпозициялық демеуліктер ғана қолданылады.
Препозициялық демеуліктер жоқ. “Тек” сөзін демеулік деп қараймыз ба, әлде
басқа модаль сөздердің қатарына жатқызамыз ба деген сұрақтың басы
ашылмаған.
Ы. Шақаманова оны демеулік шылау деп санайды.
Қолымыздағы материалдар қазақ тіліндегі демеуліктердің құрылымы жағынан,
формасы жағынан тым аз зерттелгендігін көрсетеді. 1954 жылы шыққан
академиялық жинақта да демеулік шылаулардың морфологиялық сипаты толық
айқындалмаған. Бұл еңбекте демеуліктерді сыртқы формасына байланысты бір
ғана сөйлем берілген: “... демеуліктер жұрнақтарға жақын, бірақ жұрнақтар
сияқты белгілі бір сөз табының грамматикалық тұлғасы ретінде, сөзден сөз
тудырушы, сөз мағынасын түрлендіруші морфема емес – олар сөз таптарын
талғамай, олардың бәріне болмағанмен, көпшілігіне бірдей қатысты бола
береді” [61, 355 б.]. А. Ысқақовтың оқулығында да демеуліктердің
морфологиялық сипаты сөз болмаған. Әрине, бұл еңбектердің авторлары
демеуліктерді жеке бөліп алып, Арнайы зерттеу обьектісі етіп қарастыруды
мақсат етпеген. Ал қазіргі қазақ тілінің бүгінгі жағдайы, түркология мен
жалпы тіл білімінің материалдарына сүйене отырып, белгілі бір дәрежеде бұл
мәселені де шешуге мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда, қазақ тіл білімінде еңбек
етіп жүрген ғалымдардың көпшілігі демеуліктердің қосымша аффикстерге ең
жақын категория екендігін мойындайтынын айта кеткен жөн. Осыған орай, қазақ
тіліндегі демеуліктерді құрылымына қарай, ең алдымен, демеулік-аффикстер
және демеулік-сөздер деген екі топқа бөлуге болады. Бұл топтастырудың
негізгі себебі, біздіңше, кейбір демеуліктер өздерінің жеке ерекшеліктеріне
қарай аффикстерге жақын болса, екінші бір тобының сөздерге тән белгілері
басым болады. Мысалы, ма, ме сұрау демеулігі, қай жағынан алғанда да,
қосымшаларға ұқсас болып келеді. Біріншіден, оның бойында сұраулы сөйлем
категориясына негіз болатын “сұрау” грамматикалық мағынасы бар:\ ...
Ителгінің сабан тыққан тұлыбы аз ба?\ (Ж. Арыстанов). Бұл сөйлемді
синтаксистік тұрғыдан талдағанда, айтылу мақсаты мен интонациясына қарай
сұраулы сөйлем дейміз. Ал бұл сөйлемдегі сұрау мағынасы қай формада
берілген дегенде, әрине, ма формасы арқылы деп жауап береріміз даусыз. Олай
болса, ма демеулігі сөзден гөрі аффикске жақын грамматикалық форма деген
қорытынды шығарамыз. Екіншіден, “... жалғаулар тұлға жағынан байыпсыз
болады” [62, 38 б.] деген пікірді кейбір демеуліктерге байланысты да айтуға
болады.
Салыстырыңыз: балалар, қыздар, есіктер; болды ма, келді ме, білдің бе,
емес пе т.б.
Үшіншіден, демеуліктер де қосымша морфемалар сияқты жеке тұрғанда өзіне
тән арнаулы дербес мағынасы болмайтындықтан, олар түбірдің (атауыш сөздің)
қатысынсыз жеке дара қолданылмайды.
Қазақ тіліндегі сөздердің бір-бірімен бағыныңқы-басыңқы болып тіркесуі
және бағыныңқы сыңардың бірінші келіп, басыңқы сыңардың кейін келуі ең
негізгі қағидалардың бірі болып табылады. Бүл тек қазақ тіліне ғана емес,
басқа да түркі тілдеріне қатысты заңдылық.. А.М. Щербактың пікірінше, түркі
тілдерінде шылаулардың болып, сөз алды көмекші сөздерінің (предлог)
болмауының, суфффикстердің бар болып, префикстердің жоқ болуының негізгі
себебі осында: түркі тілдерінің ең маңызды және ең көне ерекшеліктерінің
бірі тәуелді, бағыныңқы немесе көмекші мүшенің тиісті синтагматикалық
бірліктің тәуелсіз, басыңқы сыңарынан кейінгі орында тұруы болып табылады.
Дәл осы ерекшелік түркі тілдеріндегі постпозициялық шылаулардың бар болып
сөз алды шылауларының (предлог) жоқ болуына, аффикс-суффикстердің бар
болып, аффикс-префикстердің жоқ болуына себеп болады. Осылайша, түркі
тілдерінің құрылымында таза ішкі заңдылықтарна байланысты немесе ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ тіліндегі демеулік шылаулардың қызметі
Демеулік шылаулардың қолданылуы (Д.Исабеков «Қарғын» романы негізінде)
Салыстыру демеулік шылаулары
Сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстыруы
Қомсыну демеулік шылауы
Түркі тілдері
Демеулік шылаулардың семантикалық түрлері
Көне түркі тіліндегі шылаулардың лексика – грамматикалық мағынасы
Түрік және қазақ тілдеріндегі шылаулар
Ескі қыпшақ жазба ескерткіштері тіліндегі шылау сөздердің қолданысы
Пәндер