Қазақ газеті және ХХ ғасыр басындағы көсемсөздің дамуы


Ф-ОБ-001/033
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
А. ЯСАУИ АТЫНДАЃЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚ-Т‡РІК УНИВЕРСИТЕТІ
ИНЖЕНЕРЛІК-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ФАКУЛЬТЕТІ
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ КАФЕДРАСЫ
ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС
тақырыбы: «Қазақ» газеті және ХХ ғасыр басындағы көсемсөздің дамуы
Ғылыми жетекшісі:
Ә. Толысбаева
Орындаған студент:
Бұхарбаев Ж.
«Бекітемін» СҚӘ-416 тобының студенті
Кафедра меңгерушісі
ф. ғ. д., доцент С. Ергөбек
Хаттама №
«» 2009 ж.
КЕНТАУ- 2009
МАЗМҰНЫ
Кіріспе (Жұмыстың жалпы сипаттамасы . . . 3-5
І ТАРАУ
ХХ ғасыр баспасөзі және «Қазақ» газеті
1. ХХ ғасыр басындағы қазақ баспасөзінің дамуы . . . 6-15
2. «Қазақ» газеті көтерген өзекті мәселелер . . . 15-21
ІІ ТАРАУ
«Қазақ» газеті және көсемсөздің даму мәселелері . . . 22-47
Қорытынды
«Қазақ» газетінің, ХХ ғ. б. көсемсөздің қазақ баспасөзі мен көсемсөзінің дамуындағы орны . . . 48-50
Пайдаланылған әдебиеттер . . . 51-52
Кіріспе
(Жұмыстың жалпы сипаттамасы)
Зерттеу жұмысының өзектілігі. XX ғасырдың басы - қазақ халқының тарихында бүкіл қоғамдық ой-пікірдің өрлеуіне мүмкіндік туып, Ресей патшалығы әдейі тұмшалаған ұлттық сананың ояну дәуіріне жол ашқан кезең. Ендеше, осы тұста ұлттық сананың ең өнімді саласы - әдебиеттің, қоғамдық сананың көрсеткіші - баспасөздің күрт алға басуы заңды нәрсе. Бұл кезеңде Абайдың жалғасы Шәкәрім шығармашылығы өзінің шырқау биігіне көтерілсе, Ахмет, Міржақып, Ғұмар, Сұлтанмахмұт, Мағжан тәрізді алыптар әдебиет айдынына шығып, көркемдік сипаты соны дүниелері арқылы әдебиетіміздің жазба түрін жаңа белестерге көтерді.
Сонымен қатар XX ғасырдың бас кезі қазақ өміріндегі азаттық жолындағы күрестің, яғни, саяси-әлеуметтік қозғалыстың күрт дамып, құлаш жая бастаған тұсы болып табылады. Себебі Ресей самодержавиесіндегі жалпы қоғамдық ой-сананың дамуында бостандық идеясы белең алған 1905 жылғы революцияның түпкір-түкпірге жеткен сарынынан еді.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ ағартушылары мен ақын-жазушылары аңсаған европалық ілім-білімге үндеу XX ғасырдың бас кезінде біршама нәтижесін беріп, алдыңғы қатардағы азаматтарды, елді ояту, азаттыққа ұмтылу мақсатына жетеледі. Осынау зиялылар арасында ел бағытын айқындар сара жолды жаңылмай нұсқап, адастырмас даңғылға алып шығуға ұмтылған жаңа тұлғалар қоғамдық өмір өрінде көріне бастады. Сол көшбастаушылардың ең басында - Ахмет Байтұрсынов тұрады.
Ахмет Байтұрсынов қазақ зиялыларының арасындағы күрескерлік бағытты ұстанған саяси топтың көрнекті жетекшілершің бірі болуымен қатар өз шығармаларында өршіл рух, өзгеше сарын танытқан қаламгер болды. Азаттық пен бостандыққа бастайтын өткір қаруы - әрбір қазақ оқырманына түсінікті өлеңдері мен мән-мағынасы терең көсемсөздік еңбектері.
Өз халқының азаттық күресіне жолбасшы болуға бекінген А. Байтұрсынов 1909 жылы шілденің бірі күні Т. Шыңғысовтың көрсетуімен тұтқындалып, Семей түрмесінде бір жыл отырып, екі жылға дейін Қазақстанда тұру құқынан айрылды. 1910 жылдың 9 наурызынан төңкеріске дейін Орынборды мекендеді. Осы кезеңнен бастап оның ғылыми-ағартушылық, саяси-қайраткерлік, шығармашылық еңбегі ерекше күшейе түседі. Ахаң өмірінің қиын да қызықты кезеңі басталады. 1909 жылы Петербург қаласында 1901-1904 жылдары тәржімалаған «Қырық мысал» атты өлеңдер жинағы шықты.
А. Байтұрсынов ұйымдастырған «Қазақ» атты тұңғыш биресми ұлттық газеттің патша әкімшілігінің көңілінен шыға бермегендігін, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған сара жолы, өзіндік көзқарасы бар, саяси бедері айқындалған беделді басылым екенін тарих растайды. Бұл шындықты А. Байтұрсыновтың замандастары тап басып танып, айтып кеткен. Жазушы Мұхтар Әуезов 1923 жылғы А. Байтұрсыновтың 50 жылдық мерейтойына орай жазылған мақаласында «Қазақ» газетінің қазақ ұлтына жасаған қызметін Абайдың қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегіне пара-пар санайды.
1913 жылдың 2 ақпанынан 1918 жылдың 16 қыркүйегіне дейін шығып тұрған «Қазақ» жаңа дәуірдің шежіресі десе болғандай. Оянған сана үніне айналған газет өз тұсында ең көп таралған басылым болды. Мұның басты себебі қазақ тарихының қилы-қилы кезеңдерінде замана ағымын, саясат аңғарын айнытпай тануында.
«Оян, Қазақ» деп аттан салып, бостандық пен азаттықты аңсаған Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов сынды қыран ойлы қазақ зиялыларының күш-жігері, қайраты мен табандылығының арқасында дүниеге келген «Қазақ» ұзақ жылдар бойы ұраншыл айқайдың тоқпағында қалып, тапшыл саясаттың тозағына қарылды. Ақ-қараны айыртпас солақай саясат дегеніне жетіп, «халық жауларының» газетін 72 жыл бойы ел көзінен тысқары сананы улаған тар қапаста ұстады. Кезінде ұлттың ар-намысына айналған, халқының бағдар сілтер жарық жұлдызы бола білген газеттің жазығы ұлтымыздың шерлі кезеңінің шежіресіне айналғандығында. Қазақтың кең даласын апай-топай етер қара дауылдың алдын болжағандығында еді.
1916 жылы «қан жылаған қазақ баласына» (М. Әуезов) қамқор болып аман сақтаудың қамы үшін шырылдаған «Қазақ», 1917-1918 жылдардың аласапыранында сарсаңға түскен елін жұмылдыруға ұмтылды. «Қызыл судың» тасқынына бөгет болмақ ниеті оны тарихтың ақтаңдағына айналдырды. Бүгінгі ұрпақ атын енді естіп, мәні мен маңызына тамсанып тұрған уақытта, өз заманының энциклопедиялық басылымына айналған, бүгінгі қалың оқырман қызыға оқуға қолы жетпес қасиетті «Қазақты» зерттеу құндылығы арта түспесе, кемімек емес. Ендеше, 72 жылдай тек қара күйе жағылумен келген газеттің ақ-қарасын айырып, тарихи-әлеуметтік орнын айқындау - уақыт сұранысы.
ХХ ғасыр басындағы ой-сананың оянуы мен дамуында мейлінше қуатты күшке айналған, азаттық жолындағы күрес әдіс-тәсілін ұйымдастыру орталығы іспеттес басылымның орны ерекше-ақ. Сондықтан оның бай материалын саралау, жүйелеу, зерделеу қажет. Осының өзі тақырыптың өзектілігін көрсетеді.
Тақырыптың жаңалығы. Зерттеу жұмысында ХХ ғасыр басындағы қазақ баспасөзінің дамуындағы «Қазақ» газетінің орны жан-жақты сөз болады. Сонымен бірге газеттің кезең әдебиетінің, көсемсөзінің дамуына еткен ықпалы басты назарда болады.
Тақырыптың теориялық, практикалық маңызы. Зерттеу жұмысы ХХ ғасыр басындағы қазақ баспасөзі мен әдебиетінің даму мәселелерін зерттеу арқылы кезең баспасөзі мен әдебиет тарихы жөнінде теориялық, практикалық мәліметтер бере алады.
Зерттеудің мақсат, міндеттері. Жұмыстың негізгі мақсаты - ХХ ғасыр басындағы қазақ баспасөзі және «Қазақ» газеті, «Қазақ» газеті және көсемсөздің даму мәселелерін талдау болса, осы мақсатқа сай мынадай міндеттер көзделеді:
- ХХ ғ. б. қазақ баспасөзінің дамуы және сол үдерістегі «Қазақ» газетінің орнын анықтау;
- «Қазақ» газеті көтерген өзекті мәселелерді саралау, анықтау;
- «Қазақ» газеті көтерген қазақ мәселелерін, ХХ ғасыр басындағы көсемсөздің әдеби үдеріспен байланысын ашу, «Қазақ» және кезең әдебиетінің даму ерекшеліктерін нақтылау;
Жұмыстың құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспе, екі тараудан, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
І ТАРАУ
ХХ ғасыр баспасөзі және «Қазақ» газеті
- ХХ ғасыр басындағы қазақ баспасөзінің дамуы
Патшалық Рессейдің отарлық езгісінде қиын да күрделі өмір сүрген қазақ халқының әлеуметтік тұрмысы XX ғасырдың басында қиын жағдайда болды. Ұланғайыр өлкені мекендеген қазақтардың саяси сауатын ашу бірінші кезекте тұрды. Сол себепті газет шығару, кітап бастыру міндеттері алдыңғы қатарға шықты.
Жалпы ғасыр басындағы Ресейдің мұсылман оқығандары өздерін ел үшін төрт іс тындыруға міндетті деп санады. Олар - ұлт тілін дамыту, мектеп ашу, ұйым-қоғам құру және ұлт баспасөзін жасау. Осылардың алғашқы үшеуінің үдесінен шығу мүмкін болғанымен, төртінші міндет қиынға соқты. Себебі, мектеп ашу, сол негізде сауатты, бірақ бұлжымайтын империя патриотын тәрбиелеу патшашылдық жүйенің мәдени міндетіне кіргенімен, мерзімді басылымға келгенде жан саны жиырма миллион мұсылманның газет арқылы басы бірігіп кетеді деп қорқып, бұл іске аса ынталы бола қоймады. Әйтсе де, ХІХ ғасырдың алғашқы жартысынан бастап-ақ Ресей қол астындағы түрік жұртының алдыңғы қатарлы оқыған азаматтары баспасөз ісіне ден қоя бастады. Іс нәтижесіз де болған жоқ. Түрік халықтарының алғашқы газеттері де шыға бастады. Бір жағынан бұл іске орыс патшалығы да біршама мүдделі болған секілді. Мысалы, орыс патшалығының түрлі жарлықтары мен бұйрықтары т. т. бұратана халықтарға да дер кезінде жетіп отыру керек еді. Насихат ісінің кемдігінен үкіметтің шарапатты шараларының өзі төменгі елге кесапатты боп жетіп, бейхабар жатқан елді дүрліктіріп кететін. Әрі патша ағзамның жарлықтарын, түрлі бұйрықтарын кең түрде тарату, насихаттау керек болды. Осыны ойлаған патша өкіметі өткен ғасырдың орта ортасынан бастап, бұратана ұлттар үшін екі тілде газет шығаруға рұқсат бере бастады. Бұлардың мұсылман ішіндегі ең ілгерісі - 20-30 жылдары «Тифлисские ведомости» газетіне әзірбайжан тілінде қосымша боп шыққан «Татар хабәрлары». 1838-1845 жылдары осындай қосымша Тифлистегі «Закавказский вестник» газетінің де жанында болған. Ал таза әзірбайжан тіліндегі газет Бақыда Г. Зардаби шығарған «Егінші» (1875-1877) газетінен басталады. Бұдан соң осында «Зия» (1876-1880), «Зияи-Кавказие» (1880-1884), «Кешкүл» (1884-1891) газеттері шығып тұрды. 1891 жылы қаржы тапшылығынан және цензура қысымынан «Кешкүл» жабылды, содан 1906 жылға дейін әзірбайжан тілінде шыққан басылым болмады.
1893 жылы Бақшасарайда Исмаил-бей Гаспралы орысша және түркі-осман тілінде «Тәржіман» газетін шығара бастады. Ал қазақ тілінде 1870-1881 жылдар аралығында Түркістан генерал-губернаторлығының ресми органы «Түркістан уалаятының газеті», 1888-1902 жылдар аралығында Омбыда Дала генерал-губернаторлығының органы «Дала уалаятының газеті» шығып тұрды. «Дала уалаятының газетінің» 1902 ж. «Сельскохозяйственный листокке» айналуымен бұратана ұлттардағы газет дәуірі бітеді. Ресейдегі мұсылман қауымы жалғыз газетке - Бақшасарайдағы «Тәржіманға» қарап қалады. Сонымен бірге, 1907жылы «Қазақ ғазиті», 1911 жылы «Қазақстан» газеті, 1907 жылы «Үлфәт», 1913 жылы «Ешім даласы» секілді газеттер шыққанымен, олардың шығармашылық өмірі көпке созылған емес. Бір-екі жылдың көлемінде түрлі себептермен жабылып тынған.
Ресей отаршылдығының ортақ мұңын сөйлеген Исмайл Гаспралы (1851-1914) алғашқы білімін мұсылман мектебінен алған, оқуын кейін орысша жалғастырған. Ол Воронеж қаласындағы кадет корпусын, Москвадағы Милютин гимназиясында оқыған. Литва татары Мұстафа Давыдовичпен дос болған. Бұлардың Түркиеге барып, жас османдықтар әскерінде қызмет етпек ниеті жүзеге аспайды, жандармдар қамауға алады. Исмаил Гаспринский 1868 жылы Бақшасарайға келіп, медреседе орыс тілінен сабақ береді, батыс және орыс классиктерінің шығармаларын көп оқиды. Ол 1872 жылы Францияға барады, онда орыс мұхаджырларымен араласады, ұлы жазушы И. С. Тургеневтің хатшысы болып та істейді. И. Гаспринскийдің Түркияға барыл, офицерлік атақ алмақ ниеті де жүзеге аспайды, 1875 жылы Қырымға қайтуына тура келеді. Ендігі жерде ол өзінің өмірлік тәжірибесі, Еуропа мемлекеттері мен османлы империясынан алған әсерлері негізінде ой-пікірлерін қорытып жазуға бел байлайды. Оның 1885 жылы жазған «Еуропа мәдениетіне бір назар» деген рисалары (трактаты) осылайша туған еді. Ол өзінің мақсат-мұратын еркін насихаттайтын газет шығаруды көздейді. 1881 жылы Симферопольда орыс тілінде шығатын «Таврияда» газетінде «Орыс мұсылмандығы» деген еңбегін бастырады. Тбилиси шаһарында татар тілінде жеке парақтардан тұратын беттер жариялайды. 1882 жылы ол «Салнемеи Туркий», «Мират Джедид» деген трактаттарын шығарады. Зор жігер мен дәйекті түрде талап етуінің арқасында Исмаил Гаспринский татар тілінде газет шығаруға ресми рұқсат алады. Бірақ патшалық әкімшілік бұл газет татар және орыс тілдерінде қатар шығатын болсын деп шарт қояды. Осылайша, қырым татар тіліндегі тұңғыш газет - «Терджиманның» алғашқы саны 1883 жылы 22 сәуірде Бақшасарайда басылады. Бұл басылымның шығуы түрік халықтарының мәдени тарихындағы ірі оқиға болды. Атап көрсетерлік бір мәселе - газеттің тіл ерекшелігі. Исмаил Гаспринский бұл салада аса қызғылықгы бастама жасап, оны орнықтыруға күш салады. «Терджиманның» тілі қырым татар лексикасына негізделгенмен, онда османдық түрік тілінің элементтері де жиі қолданылатын еді. Қыпшақ және оғыз тілдерінің заңдылықтарын біріктіруден туған осы бір «құрама» тіл жалпы түрік оқушыларына түсінікті болатын. Түбі бірге туысқан делінгенімен, тарихи замандарда бір-бірінен қонысы алшақтап, тілдік күрделі айырмашылықтары пайда болған түрік халықтарының көпшілігі оқып түсінерлік жазба, ортақ тіл жасау тәжірибесі осылайша сәтті басталған еді. Қазан төңкерісінен бұрынғы кезеңде Ресей империясы көлемінде түрік тілдерінде шыққан басылымдардың ішінде неғұрлым кең таралған да осы «Тәржіман» болуы кездейсоқ емес. Газеттің Ресей қол астындағы түрік халықтарына ықпалы өте зор болды. Олардың жадидтік қозғалыстары мен төте оқулары, баспасөз саласындағы еңбектерінің дені «Тәржіман» тәжірибесінен туындап жатыр еді. Сондықтан да «Айқап» журналының әрі шығарушысы, әрі редакторы болған ақын, жазушы М. Сералин Исмайл-бей Гаспралыны түрік жұртының бірден-бір түрікшіл ұлы азаматы ретінде танып, өзіне ұстаз тұтып, оның қайтыс болуына орай «Жуырда орны томастай өлім» атты көлемді қазанама мақала жазып, «Айқапта» жариялаған еді [1, 73] .
1905 жылдан кейін патша ағзам уәде еткен «сөз, баспасөз» бостандығын қалқан етіп, мұсылман оқығандары ұлт тілінде мерзімді басылым шығару күресін бастады. Өйткені, ана тілінде шығатын тіл-құлақ болмайынша халықпен бірге жасасып, біте қайнаса алмайтындықтан және ел үшін істелер іс, айтылар сөз құр далбаса, құрғақ әуен болып қалатынын олар түсінді. Жырақ мұсылман елдерінен келетін басылымдарды оқу, әрине, керек, бірақ бұл газет-журналдар Ресей мұсылмандарының күнделікті талап-тілегіне жауап бере алмайтын.
Қазақ зиялылары алғашқы саяси күреске де баспасөз арқылы осы 1905 жылдары шыға бастады. Өз ұлттық басылымдары жоқ болғандықтан, алдымен «Ульфат», «Пікір», «Уақыт», «Шора», т. б. татар журналдарында, «Смена», «Омич», «Голос степи», т. б. орыс газеттерінде көріне бастады. 1906 жылы кадет партиясының съезіне қатысуға Петербургке келген қазақ оқығандары осындағы қазақ зиялыларымен келісе отырып, қазақ баспасөз орталығын ашуға ұйғарды.
Сөйтіп, 1907 жылы наурыздың 28 күні Мемлекеттік Думаның депутаты, мұсылмандар партиясы жетекшілерінің бірі Шаһмардан Қощығұловтың қолдауымен, Әбдірашид Ибрагимовтың басқаруымен «Серке» атты қазақтың төл демократиялық газетінің алғашқы саны жарыққа шықты. Бұл газеттің шығарылуына А. Байтұрсыновтың үзеңгілес інісі Міржақып Дулатов барынша ат салысып, өзінің «Жастарға» өлеңін, «Біздің мақсатымыз» мақаласын жариялады. «Серкенің» 2-саны жарық көрмей жатып, жабылып қалды. Оның басты себебі «Біздің мақсатымыз» атты мақала деп есептейді [2, 9 б. ] зерттеушілер. Бар болғаны бір-ақ саны жарыққа шыққанымен, «Серке» қазақтың бейресми, саяси бағыттағы демократиялық баспасөзінің тұңғыш бастау көзі ретінде тарихтан өз орнын алуы керек.
Б. Кенжебаев бұл газет туралы мынандай деректер келтіреді: «Үлфат» газетінің редакторының бірі «Нажат» (азаттық) деген жинаққа былай деп жазды: «1905 жылдың ақырында «Үлфәттің» қазақ оқушыларына арнап, қазақ тілінде «Серке» атты екі жетілік газет шығаруға қарар болды. Келесі жылы март айының басында сол газеттің жариялауы шықты. Артынша, 28 мартта бірінші саны шықты. Газет шыққан соң бірер күн өткеннен кейін, полиция келіп, қала начальнигінің «Серке», «Үлфәт» газеттерінің ұсталғаны туралы әмірін оқып, басқармада бар даналарын жинап алып, құлыптап кетті. Екінші күні тиісті орындардан себебін сұрағанымызда олар: «Серке» газетіндегі кейбір мақалаларда қазақ халқын орыс халқына қарсы үгіттеу бар. Содан ұсталды деп жауап берді» [3, 26-6. ] .
Дәл осы тұста (наурыз, 1907) Троицк қаласында «Қырғыз газеті» шықты . . . Оны бастырушылар Ж. Андреев, И. Иманбаев, шығарушысы X. Шумов-Сосновский болды [4, 277-6. ] . Бұл да бір санынан кейін шығарылуын тоқтатты. Бұдан соң оқыған қазақ жастары «Дала» газетін (Томскіде) шығаруға әрекеттенді [5, 277-6. ] . Бірақ, қазақ зиялыларының алғашқы әрекеттерінің көбі сәтсіздікке ұрынып отырды. Мұның өзі патша әкімшілігінің жалпы бұратана халықтар мәдениеті, олардың өркендеуі деген мәселеге тек отаршылықтың озбыр саясаты тұрғысынан қарағандығының көрінісі болса керек. Себебі бұл кезде жалғыз қазақ халқы емес, Россияға бағынышты өзге де мұсылман елдері де зардап шегуде болатын. Бұған нақты дәлелдерді өзге ұлттар баспасөз тарихын зерттеген еңбектерден кездестіруге болады. Мәселен татар тілінде газет шығару мәселесін татар зиялылары 1808 жылдан бастап патша әкімшілігі алдына қойып келе жатқанымен, алғашқы татар тіліндегі газет 1905 жылғы революцияның тұсында ғана жарық көрді [6, 188-205. ] .
Жалпы ұлт аймақтарының баспасөз ісінің дамуына тек әкімшілік орындары ғана емес, орыс зиялыларының миссионерлік идеяны көздеушілері де қарсылық көрсетіп келді. Мысалы, «Дала уалаяты» газеті «Акмолинские ведомости» газетіне қосымша ретінде алғаш қазақ тілінде жарық көргенде, миссионер Ильминский Н. И. оған ашық қарсылық білдірген. Оның қасиетті синод обер-прокурор К. П. Победоносцевқа (1827-1907) жазған хатында (16 декабрь, 1889) ол қарсылығын былай дәлелдейді:«Об особом «Прибавлении» к Акмолинским ведомостям» я давно писал Г. А. Колпаковскому, что эту газету надо ограничить официальною лишь частью, а неофициальную часть лучше бы прекратить, ибо при не умелых и необразованных переводах (в доказательство чего я привел ясные примеры), требующих бдительного наблюдения и опытного руководства, рискованно отваживаться на помещение трудных научных и политических статей . . . Если нынешний степной генерал-губернатор более чем его предшественник удосужится следить за киргизской газетой, он быть может, благоустроит ее направление или ограничит ее содержание» [7, 26-б] .
Қазақ журналистикасы тарихындағы толыққанды басылым болып табылатын, ұлтының бостандығы жолында табанды күрес жүргізген саяси орган ретінде танылған баспасөз 1911 жылы дүниеге келді. 1911 жылдың 11 январында Троицк қаласында қазақтың тұңғыщ ұлттық журналы «Айқап» жарыққа шықса, көп ұзамай, алдымен Бөкей ордасында, 5-санынан бастап Орал қаласында шыға бастаған «Қазақстан» газеті қазақ оқырмандарының қолына тиді (16 март) . «Қазақстан» газетінің 1911 жылдың 16 наурызынан 1913 жылдың шілдесіне дейін 18 саны жарық көрді. Газеттің шығуына тікелей септігін тигізіп, оның шығарушысы ретінде танылған Шәңгерей Бөкеев, редакторы Елеусіз Бурин болды.
Жалпы алғанда, «Қазақстан» газетінің көкейкесті арманы оның атынан да көрініп тұрғандай. Бұл туралы зерттеуші X. Бекхожин: «Газеттің «Қазақстан» деп аталуында мән бар. Бұл қазақ жерлерін біріктіріп, демократиялық республика орнату идеясын аңғартады» [8, 47-бет], - деп тұжырымдайды. Аз уақыт шықса да баспасөздің газет ісіндегі көш бастаушысы ретінде танылған бұл газет болашақтағы шынайы газеттің шығар күнін жақындата түсті.
1905 жылдан бастап қазақ даласын шарлаған төл баспасөз ашу идеясы бірте-бірте жеңіске жетіп, шындыққа айнала бастады. Алғашқы әрекеттердің сәтсіздікке ұшырауы күрескер-зиялыларды мойытудың орнына қайрай түскендей болды. Мұның өзі олардың күрескерлік белсенділіктерінің белгісі еді. Осынау идея тұтастығы мен берік бірлікті күрес нәтижесінде қазақ тарихында елеулі еңбек атқарып, ұзақ ғұмыр сүрген қазақ баспасөзінің қос жарық жұлдызы «Айқап» пен «Қазақ» дүниеге келді. Ғылыми айналымда «Айқап» туралы бірқыдыру зерттеулер дүниеге келгенімен, «Қазақ» газеті ұзақ жылдар бойы көзден таса қалып, зерттеу былай тұрсын, аты аталмай қалды. «Басты себеп, социализм жеңіске жеткен сайын тап күресі күшейе береді» деген Сталин «теориясы» біздің елімізде саяси қырағылықты шегіне жеткізді де, талай, ғылыми, мәдени, әдеби қателіктерге ұрындырды, бүкіл идеологияның түтінін басқа жаққа бұрып, жалған сөйлеуге, тарихты бұрмалауға апарып соқты. Оның зардаптарын басқалармен қатар, Қазақстанның ғылымы мен тарихы көрді, тіпті асырып жіберген кезіміз де жоқ емес» [9, 122-6. ], - дейді қателіктің түбірі туралы әдебиетші Тұрсынбек Кәкішев.
«Қазақ» газетінің жарық көруі - ең алдымен, жоғарыда аты аталған қазақ ұлтының өркендеуін өмірлік мақсатына айналдырған көрнекті қайраткерлер Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтардың тынымсыз еңбек, риясыз күресінің нәтижесі.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz