Қазақстан Республикасында әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі ұлттық іс- қимылдар жоспары


Қазақстан Республикасында әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі ұлттық іс-қимыл дар жоспары
Әйел бақыты - қоғам айнасы
Елбасы Н. Назарбаев: “Қоғамның даму барысын өмірде - нәзік, көңілде - биік, ал істе - мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес”, - дейді.
Президенттің кешегі сайлаудағы жарқын жеңісі - тілеуін тілеп отырған миллиондаған аналардың, апалардың, қарындастардың да ойындағысының орындалғаны.
Жексенбі күнгі Президент сайлауында біздің институтымыздың ұжымы ерекше ауызбірлік, ұйымшылдық танытты - студенттер мен аспиранттар, жас оқытушылар тұратын жатақханалар қарайтын сайлау учаскесінде Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевты жақтап 94 пайыз дауыс берілді.
Осы жағдай мені қатты толқытып, қолыма шұғыл қалам алдыртып отыр. Жалпы, еліміз бойынша сайлау ерекше жауапкершілікпен, үлкен өрлеумен өтті ғой. Соның өзінде де біздің Қазақтың қыздар педагогика институтындағы көңіл-күйдің бөлекше болуының сырына ой көзімен үңілгенде мен Елбасымыздың халқымыздың әйел-анаға, қыз балаға деген құрметін бойына сіңірген қасиетін алдымен еске аламын. Бұл қамқорлық дәл сайлау қарсаңында Президенттің “Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын бекіту туралы” Жарлыққа қол қоюынан да тамаша танылды.
Көне Күлтегін ескерткішінде: “Азды көп еттім, ашты тоқ еттім” деген сөз бар. Қарап отырсаңыз, сонау ықылым заманнан-ақ жер мен елге ие болған батырлар мен даналар өз заманының ерлік, елдік салты ұрпақ жадында мәңгілік сақталуын да мұрат еткен сияқты. Тасқа жазылған жазулар, ауызша тараған батырлық дастандар мен аңыз әңгімелер соның куәсі іспетті. Биылғы тамызда 300 жылдық мерейтойы тойланған Райымбек бабамыздың да ерлік рухының бүгінгі ұрпаққа жеткені соның айғағы болса керек.
Райымбек бабаның өткелсіз Іледен аман-есен өткені де, жап-жас ноян батырдың қалың қолды басқарып, жауға ұрыс салғаны да тарихта айтылған. Сонымен бірге, батыр баба күш-қайратымен ғана емес, ақыл-парасатымен, әділ төрелік-билігімен де ел басқарған еді.
Райымбек елін жаудан азат еткен батыр, әрі өзі азат еткен елінің болашағын ойлаған, болжап білген әулие адам.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Райымбек баба туралы ақ жарыла айтқан сөзін естігенде осындай ойға қалдым. Нұрекең: “Жасырмаймын, мен де Райымбек сияқты әулие бабалардың шапағаты шалған адамдардың бірімін. Әкем мен шешем үй болғаннан кейін он жыл бала көтермепті. Бір шикі өкпеге зар болып жүргенде ауыл адамдарының бірі Райымбек батырдың зиратына барып түнеуге кеңес беріпті. Құдайдан шын тілесең, осы түбі саған әулиелер аян беруге тиіс, депті анамызға. Екеуі зират басына түнеп шығады, шешем түс көреді. Түсінде терең судың түбінен мылтық тауып алады. Осыны жақсылыққа жорып, екеуі риза болып қайтыпты. Содан кейін дүниеге мен келдім”, - дейді.
Міне, ата-ананың аппақ тілегімен, әулие Райымбек бабаның рухының желеп-жебеуімен өмірге келген ұл Райымбектің жолын ұстады. Халқын қолына алды, өткелі жоқ тоқыраудан елін аман алып шықты. Ол - қазақ деген халықты әлемге танытқан, көрегендігімен, ақыл-парасатымен өркениетті елдермен иық тірестіруге жеткізіп, құрмет-беделге ие болған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Әулие-батырдың рухы жебеген Нұрсұлтан Әбішұлы баба үмітін ақтап келеді.
Қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған өзгерістер осы 14 жылда болды. Ғасырға жүк болар жұмыс істелінді. Мемлекеттің бүкіл саяси-экономикалық құрылымы өзгеріп, оның рәміздері қабылданып, ел іргесі бекітіліп, шекарасы анықталды. Дүниежүзілік қоғамдастықта салмақты сөзі бар, Еуразияның кіндігінде гүлжазира мекені бар мемлекетке айналғанымызды басқалар да мойындады. Осының бәрі еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екеніне ешкім дауласа қоймас.
Он төрт жыл тарих үшін қас-қағым сәт. Алайда, әрқайсымыз осы кезеңде талай оқиғаны бастан кешірдік, мемлекетімізбен бірге есейдік.
Мен осы мақалада қысқа мерзімде елімізде әйел және отбасы жағдайын жақсартуға бағышталған мемлекеттік саясатты қалыптастырудың түп негізінде Елбасы тұрғаны туралы өз ойымды ортаға салғым келеді.
Осыдан 10 жыл бұрын Қазақстан Президенті жанындағы Отбасы, әйелдер және демографиялық саясат проблемалары жөніндегі кеңес құрылған-тын. Кейін ол Президент жанындағы Отбасы және әйелдер ісі жөніндегі ұлттық кеңес болып, статусы жоғарылады. Мұндай консультативтік кеңесші орган ТМД елдерінің ешқайсында жоқ. Оның негізгі міндеттері: әйелдердің еліміздегі саяси үрдістерге белсене қатысуына қолдау жасау; әйелдің экономикалық қызметін жандандыра түсу; әйелдерге тұрмыста зорлық-зомбылық жасалуына қарсы күрес; әйелдердің денсаулығы мен отбасы жағдайын жақсарту.
Әйелдердің жағдайы жөніндегі ІV Бүкілдүниежүзілік конференцияның (Пекин, 1995 ж. ) іс-қимыл тұғырнамасын іске асыру мақсатында ҚР Үкіметінің қаулысымен “Қазақстан Республикасында Әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі ұлттық іс-қимылдар жоспары” қабылданды. Әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігі мен рөлін арттыру үшін мүмкіндіктер жасау және пәрменді тетіктер дайындауда ұзақ мерзімге бағытталып, 12 басымдықты қамтыған бұл жоспардың маңызы зор болды.
Тәуелсіздік жылдарында әйелдер мен отбасы мәселелеріне байланысты бұрын-соңды болмаған заңнамалық базаны нығайту қолға алынды.
Қазақстан “Әйелдерге қатысты дискриминацияның барлық түрін жою туралы” БҰҰ конвенциясына кірді және оның Факультативтік хаттамасын бекітті. Осы Конвенция шараларының орындалуы жөнінде еліміз есеп беріп отырады. БҰҰ сарапшылары Конвенцияның орындалуы мен гендерлік теңдікке қол жеткізуімізде Қазақстанда прогресшіл өзгерістер болып жатқанын атап айтты.
Сонымен бірге “Әйелдердің саяси құқы туралы” және “Тұрмыстағы әйелдердің азаматтығы туралы” конвенцияларды, Халықаралық Еңбек ұйымының “Әйелдер мен еркектерді бірдей бағадағы еңбекте тең марапаттау туралы” конвенциясын да бекітті. Яғни елімізде әйелдер мәселесіне байланысты құқықтық негіз жасалған.
Ұлттық жоспарды іске асыру нәтижесінде әйелдердің қоғамдық белсенділігі артып, саяси мәдениеті өсті. Бүгінде кәсіпкерлердің 40%-ы әйелдер. Елімізде азаматтық белсенділік танытып, өзекті мәселелер бойынша ұтымды ұсыныстар беріп, қажетті заңдар қабылдануына ықпал етіп жүрген 150-ден астам әйелдердің үкіметтік емес ұйымдары бар.
Мәселен, олардың қатысуымен “Қазақстан Республикасындағы гендерлік саясат тұжырымдамасы” дайындалып, ол 2003 жылдың қараша айында Үкімет қаулысымен мақұлданды. Бұл құжатта әйелдерге қатысты мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтары бойынша Қазақстанда қазіргі заманғы гендерлік ахуал мен гендерлік теңдікке қол жеткізу шаралары көрсетілген.
Гендерлік қатынастарды айшықты бейнелеу үшін елімізде “Қазақстанның әйелдері мен ерлері” атты жыл сайынғы арнайы статистикалық жинақ шығарылуы, ҚР Парламентінде “Отбасы” депутаттар тобы құрылуы да елімізде Мемлекет басшысының қолдауымен басталған әйелдер қозғалысы жан-жақты дамып келе жатқанын, әйелдер мен отбасы мүддесін қорғау тәуелсіздік жылдарында тұрақты жүргізіліп отырғанын көрсетеді.
Қазақстан Республикасының Президенті өзінің конституциялық міндеттерінің шеңберінде республика халқына жыл сайын ішкі және сыртқы саясатымыздың негізгі бағыттары туралы Жолдау арнауы тұрақты үрдіске айналды. “Қазақстан-2030” Даму стратегиясы туралы 1997 жылғы Жолдауында Елбасы әйел мен баланың денсаулығын қорғау біздің мемлекетіміздің, денсаулық сақтау органдарының, жұртшылықтың тікелей назарында болуға тиіс екеніне баса назар аударып, “Уақыт өтіп, қазына кірісі өскенде мемлекет үшін де, отбасын қолдауға тиімді демографиялық саясат үшін де қолайлы нысанда аналар мен балаларға мемлекеттік қолдау көрсетуге қаражат табамыз”, - деген еді. Содан бергі уақытта бұл мәселе Президенттің тікелей бақылауында болды. Осының нәтижесінде Үкімет қаулысымен бекітілген “Халық денсаулығы” атты мемлекеттік бағдарлама дүниеге келді. Оның үлкен бір тарауы ана мен бала денсаулығын жақсартуға арналған. Ол бойынша Астанада Республикалық 500 орындық ана мен бала орталығы келесі жылы пайдалануға беріледі, ал Республикалық балалар сауықтыру орталығының, Алматыда “Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының” 150 орындық емдеу корпусының, “Балбұлақ” сауықтыру орталығының 125 орындық жатын корпусының құрылысы жуырда басталмақ. Оған қоса босандыру мекемелерін бүгінгі медицина талабына сай жабдықтау, әйелдерді қауіпті аурулардан сақтандыру шаралары қолға алынды.
Ал Елбасының биылғы Жолдауы елімізде әлеуметтік реформаларды одан әрі тереңдету бағдарламасын іске асыра бастаудың дәлелі ретінде әр отбасына қуаныш сыйлаған, Қазақстан абыройын халықаралық қауымдастық шеңберінде асқақтатқан жаңалық болды.
Үстіміздегі жылдан бастап жекелеген сырқаттар бойынша бес жасқа дейінгі балалар дәрі-дәрмекпен, ал жүкті әйелдер құрамында темір мен йоды бар препараттармен тегін қамтамасыз етіледі.
Ал алдағы жылдан бастап аз қамтылған отбасыларының 18 жасқа дейінгі балаларына ай сайынғы жәрдемақылар төленуге, 4 және одан көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы аналарға, “Алтын алқа”, “Күміс алқа” немесе І және ІІ дәрежелі “Ана даңқы” белгілерімен марапатталған аналарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 4 мың теңгеге дейін көбейтілуге тиіс. Нәрестенің тууына байланысты осы уақытқа дейінгі бір жолғы жәрдемақыларға қосымша алдағы жылдың ортасынан бір жасқа дейінгі сәбиді күту жөнінде мемлекеттік жәрдемақы енгізіледі.
Студенттердің стипендиясының 2 есе өсуі, жастарға шетелде мемлекет қаражатымен білім алуына мүмкіндік жасау, мемлекеттік грант санын 31 мыңға дейін көтеру, жылына екі рет үйіне барып-қайту жолақысын төлеу, т. б. айтуға ғана жеңіл. Мәселен, “Болашақ” бағдарламасы бойынша шетелде оқитын 3000 адамның оқу шығыны, жол қаражаты, стипендиясы - бәрі-бәрі мемлекет есебінен. Тек солардың әрқайсысы сол жауапкершілікті түсініп, Қазақстан азаматы екенін мақтан етіп, барған елінің озық тәжірибесін меңгеріп, соны өз елінің дамуына жұмсауға мүдделі болса дейік.
Зейнетақының өсуі, мүгедек балаларға көмек, тұрғын үй құрылысын екі есеге өсіру, т. б. шаралар, сөз жоқ, отбасын нығайтуға бағытталған.
Бюджет саласы қызметкерлері жалақысының 32%-ға өсуі, әсіресе, әйел қауымына қолдау. Себебі, білім қызметкерлерінің 75%-ы, дәрігерлердің 81%-ы, мемлекеттік қызметтегілердің 55 %-ы әйелдер. Биылдың өзінде бала туу 20%-ға өсуі - осындай игі істердің нәтижесі.
Нұрсұлтан Әбішұлы Халықаралық әйелдер күні қарсаңында республиканың барлық облыстарынан келген әйелдермен кездесіп тұрады. Астанадағы Салтанат сарайы мен Ақордадағы “Малахит” залының алғашқы қонақтары әйелдер болды. Бұл кездесулер қашанда бақыт пен шаттыққа, қуаныш пен мөлдір сезімдерге толы, мәнерлі сөздермен айшықталып, сұлу әндермен, әдемі билермен өрнектеліп, қашанда көтеріңкі көңілмен өтетініне бірнеше рет куә болдым.
Президент өтпелі кезеңнің қиыншылығында отбасы берекесін кетірмей, ел бірлігін қожыратпай, сабыр сақтап, Мемлекет басшысына сенім көрсетіп, қолдау жасағаны үшін әйелдерге шексіз ризашылығын білдіруді ешқашан ұмытпайды.
Кездесуге қатысушы әйелдердің қай-қайсысы да болмасын Елбасының жан жылуын, ілтипатын сезінбеуі мүмкін емес. Олар Нұрекеңнің зайыбы Сара Алпысқызымен қосылып айтатын әндерін ерекше қуанышпен қабылдайды. Бұл кездесулерде орынды айтылатын әзіл-қалжыңдар да жоқ емес.
Бірде Нұрекең әйел табиғатының құбылмалы екенін айта келіп, америкалық жазушы О’Генридің шығармасынан мынадай оқиғаны есіне түсірді: сұлу қыз түн жарымда шабдал жегісі келетінін айтады. Сүйгені сұраса, аспандағы айды әперуге дайын тұрған жігіт қиналса да тауып әкеледі. Сонда қыз: “Сен келіп қалдың ба? Мен апельсин сұрадым ғой”, - депті.
Ал бірде Елбасы: “Әйелдер ерлерден ұзақ өмір сүреді, себебі олар - оптимистер. Ал кей азаматтар мұның себебін әйелдердің әйелі жоқ деп түсіндіреді. Мен мұндай жағдайда әйелдікі дұрыс болмай тұрса да, кешірім сұра деймін”, - деп, күлдіргені бар.
Президент әйелдермен емен-жарқын әңгімелесіп, елдегі жағдайды, көкейкесті мәселелер туралы сұрауды да, оларды шешу үшін арнайы министрліктерге нақты тапсырма беруді де ұмытпайды. Осы тұста мен замандастарымның жеке басын күйттемей, елдік, қоғамдық мүддені мақсат ете білгенін мақтан ететінімді де жасырғым келмейді.
Мәселен, 2002 жылғы Әйелдер күні қарсаңындағы кездесуде ауылдан келген әйелдер ауыл мектебі жағдайының төмен екені туралы айтқаны есімде.
Президенттің тапсырмасымен біз “Ауыл мектебі” бағдарламасын жасадық. Ол Үкімет қаулысымен қабылданып, келесі 2003 жылдың өзінде республика бюджеті есебінен алғаш рет 34, ал жергілікті бюджет арқылы 51, барлығы 85 жаңа мектеп бір жылда салынды.
Алыста тұратын балаларды тасу үшін қазір міндетті түрде жергілікті бюджетте қаражат қарастырылатын болды. Мектепті ағымды жөндеуден өткізуге бір жылда 1, 2 млрд. теңге, жиһаз алуға 615 млн., химия, биология, физика кабинеттерін жабдықтауға 890 млн., кітап қорын жаңартуға 816 млн. теңге бөлінген. Экономика қуаттанған сайын ауыл мектебін қолдау еселене берер деген сенім бар.
Себебі, ауыл мектебі негізінен қазақ мектебі екені рас қой. Мемлекетке атын беріп отырған ұлттың қуатты да сапалы болуы, әрине, мектебіне байланысты. Ауылда қабілетті, дарынды балалар баршылық. Сол бойдағы қабілеттің ашылмай қалуы ұлт үшін, әсіресе, жаһандану дәуірінде, бәсеке ғасырында орны толмас дүние. Сондықтан қолында мүмкіншілігі бар лауазым иелері дәл осы мәселеде ұлтжандылық көрсетуі керек.
Егемендік жылдарында әйелдердің 4 форумы өтті. Оларға Елбасы қатысып, қоғамның әлеуметтік, саяси-экономикалық даму үрдістеріне талдау жасап, халықтың әл-ахуалын жақсарту, әйел мен баланы қорғау мақсатында мемлекет тарапынан істелуге тиісті шаралар туралы ой бөлісті.
Былтырғы жылдың күзінде өткен әйелдер форумында Мемлекет басшысы шешуін күтіп тұрған мәселелерге баса назар аударды. Дәлірек айтсақ, еңбек рыногында қалыптасқан күрделі жағдай туралы, жұмыссыздардың тең жартысын әйелдер құрап отырғаны, олардың 60%-ы анемия және басқа да ауруларға шалдыққаны, әйелдер трафигіне тосқауыл қою туралы айта келіп, “Еңбек туралы” заң жобасына өзгерістер енгізу қажеттігін, “Ер адамдар мен әйелдердің тең құқығы туралы” заң қабылдауды тездету керектігін, әсіресе, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тиісті Үкімет құрылымдарына нақты тапсырмалар берді.
Әрине, Елбасының әйелдер қауымына риясыз көңілі, ыстық ықыласы, тұрақты қамқорлығы нәзік жандарға үлкен жауапкершілік жүктейді. Біздерге, әйелдерге, көп нәрсе байланысты. Ел тәуелсіздігін нығайтуда, оның рухани әлеуетін көтеруде біздер Мемлекет басшысына іспен қолдау көрсетуде өз мүмкіндіктерімізді толық пайдалана алдық па деген сауал төңірегінде ойланып көрейікші. Мәселен, бала тәрбиесінде. Мен әртүрлі әйелдер басқосуларына қатысып жүргенде байқағаным: әйел және саясат, әйел және бизнес сияқты мәселелер әйелдерді көбірек толғандыратындай көрінеді.
Нұрсұлтан Әбішұлының мына сөздеріне зер салайықшы: “Табиғат сыйға тартқан миссияны асқақ алып жүріңіздер”, “Материнская любовь дает большие результаты, чем усилия государства”, “Әйел - бесік иесі. Бесігіміз түзелмей, еліміз толық түзелмейді”, “Ана тілі - бәріміздің анамыз, өйткені ол - ұлтымыздың анасы” . . .
Осы тұста тәрбие отбасынан басталады десек, бүгінде ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі төмендегені туралы айтпасқа болмайды. Мемлекет қамқорлығындағы жетім балалардың тек әр бесіншісі ғана тұл жетім екені, бір жылда он мың бала ата-анасы бола тұра үйінен кететіні -соның дәлелі. Баланың өз үйінен қашуының басты себебі, меніңше, ата-ана мейірімінің кемшін болуы. Біздің балалық шағымыз соғыстан кейінгі жылдарға тап келді. Бүкіл халқымыз үшін өте қиын кезең. Аста-төк дүние болған жоқ. Бірақ біздің есімізде қалғаны жетіспеушілік емес, ата-аналарымыздың мейірімі. Ата-ананың жан жылуын сезінбеу - бала үшін қасірет.
Жасөспірімдердің есірткімен, ішімдікпен әуестенуіне ата-ананың еш қатысы жоқ деп кім айта алады?
Алтынсарин атындағы Білім академиясы жүргізген сауалнама көрсеткендей, шылым шегетін оқушылардың 4%-ы мектепке дейін, ал ішімдікпен таныс балалардың 6%-ы 12 жасқа дейін-ақ бастаған. Соны ата-анасы мүлдем білмеуі мүмкін бе?
Тәрбиеде әйел-ананың рөлі туралы айтқанда, міндетті түрде қамтылуға тиісті бір тақырып бар. Ол - ұлтымыздың тілі.
Қазақ тілі халқымыздың ғасырлар бойы жинаған қазынасы, тарихы мен мәдениетінің әрі айнасы, әрі шежіресі, өзін де, өзгені де танып білетін негізгі құралы.
Бізде басқалардан өзгеше тілдің анаға байланысты аталуы оның ұрпақтан ұрпаққа берілуіндегі ананың орнын көрсетсе керек. Яғни, еліміздегі мемлекеттік тілдің болашағы көбіне қыздарымызға байланысты. “Ана тілін армансыз бойға сіңіріңіздер. Өйткені, бабаларымыздың ғұмыр тәжірибесі, дүниетанымы, мінез-құлқы, өзіндік болмыс-бітімі осы тілде қаттаулы жатыр”, - дейді Н. Назарбаев.
Осындай өрелі міндетті тек қазақ мектебі атқара алады. Сондықтан бүкіл зиялы қауым, көкірегінде ұлттық намысы бар қазақтар балаларының түгел дерлік өз ана тілінде оқуына, қазақ мектебінің шын мәнінде қуатты болуына атсалысуы қажет. Бүгінгі қазақ мектебіндегі балалар өсіп, білім алып, бір мамандықтың иесі болып, жоғары лауазымды қызметке келгенде, жағдай түбегейлі өзгеріп, қазақ тілінің бағы жанып, нағыз мемлекеттік тіл деңгейіне көтеріледі. Егер халқымыздың өзіне ғана тән педагогикалық мәдениетін жақсы меңгерсек, қазақ қызының, әйел-ананың ұлт болып ұйысуымызға, халық болып қалыптасуымызға қосар үлесі бүгінгіден де мол болар еді.
Себебі, қазақ үшін ерекше қасиетті, Құранның сөзіндей құдіретті үш ұғым бар: Ана! Жер-Ана! Отан-Ана!
Әйел-ана ұлтымыздың бойындағы бар жақсы қасиеттерді - тілін, ділін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, ұлттық дәстүрін немересіне, немересінен шөбересіне жеткізуші, дарытушы, дамытушы.
Ұлан-байтақ ұлы даланы мекендеген қара орман халқымыздың бір тілде сөйлеп, әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің біркелкі болып келуі бұрынғы өткен дана аналарымыздың арқасы. Қазақта әдетте елге келін болып түскен қыз өз елінің барлық жақсы қасиеттерін, рухани-моральдық құндылықтарын өзімен бірге ала келіп, табалдырығын аттаған босағасының игілігіне, қала берді бүкіл бір қауым елге сіңірген. Бұл жақсы үрдіс, ғибратты ғадет бүкіл ұлттың бірлігіне, рухани болмысына игі ықпалын тигізген. Сондықтан да халқымыз қыздарына төрден орын беріп, қонақ деп еркелеткен, парасаттылыққа баулып, еркін өсірген.
Ерке қыз, иманды әйел, қасиетті ана солардан шыққан.
Қазақ қызы өз үйінде ерке, еркін өскен, ән айтып, айтысқа түскен. Пәрәнжі-сәтір кимеген, сөйте тұра еркіндік пен есерліктің ара жігін ажырата білген парасатты, тапқыр, төзімді, өнерлі болған, тіпті шашын төбесіне түйіп, жауға шапқан батыр қыз да қазақта баршылық.
“Шығыс халықтарының арасында, жалпы мұсылман елдерінде әйел затын бөлекше бағалайтын, қарындасты қатты қастерлейтін халықтың бірі де, бірегейі де - біздің қазақ”, - дейді ел Президенті.
Сондықтан да болар, біздің Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институты Мемлекет басшының тікелей қамқорлығында. Бұл оқу орнының табиғаты өзгеше. Мұнда тек қыздар білім алуда.
Ұлт тарихында оның бар болмысына әсерін тигізер оқиғалар болады. Оған дәл сол кезде екінің бірі мән бере қоймауы мүмкін. 1944 жылы 14 тамызда Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысымен Қазақ қыздар институтының ашылуын ұлт өміріндегі шын мәніндегі айтулы оқиғалардың санатынан деуге бүгін толық негіз бар.
Себебі, адамзат дамуының тарихында ананың алатын орны ерекше. Ана - тіршіліктің темірқазығы. Ал қыздар - болашақ аналар.
Қыздар институтының ашылуын соғыс жылдарындағы кадр тапшылығымен ғана байланыстыру жеткіліксіз. Меніңше, сол кездегі ақылды әрі ұлтжанды ағаларымыз қазақ қыздарын білімге, ғылымға тарта отырып, ұлтымыздың рухани құндылықтарын, ұлы мұраттарын әйел-ана арқылы болашақ ұрпаққа аманат етуге жол ашуды, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан қыз бала тәрбиесінің қызыл жібін үзіп алмауды, яғни ұлттық мүддені мақсат еткен.
Осы мерзімде институт қабырғасынан елу мыңнан астам қыздар түлеп ұшып, өздерінің үлкен өмірдегі ұлағатты ұстаздық жолына түсті. Олардың қатарында қалың жұртшылыққа танымал есімдер бар.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz