ҚАЗАҚСТАНДА ҚАЛАЛЫҚ, ОТЫРЫҚШЫЛЫҚ МӘДЕНИЕТТІҢ ДАМУЫ



Пән: Мәдениеттану
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 27 бет
Таңдаулыға:   
ҚАЗАҚСТАНДА ҚАЛАЛЫҚ, ОТЫРЫҚШЫЛЫҚ МӘДЕНИЕТТІҢ ДАМУЫ

1. Әуелгі орта ғасырда қалалық, отырықшылық өмірдің жандануы (ҮІ-ХІІ ғ.ғ.)
Қазақстанда жүргізіліп жатқан археологиялық экспедициялар ерте орта
ғасыр кезіндегі қалалар мен қыстақ-кенттердің де бұзылып, төбе болып қалған
орындарын зерттеуде. Бұл мәселе Қазақстан тарихындағы басты мәселе. Бұл
кездің ескерткіштері жақсы зерттелсе, Қазақстан тарихындағы отырықшылықтың
басталуы, қолөнердің дамуы, жер өңдеумен айналысудың қандай дәрежеде
болғандығы және феодалдық құрылыстың дамуы сияқты басты мәселелердің
шешілуі сөзсіз. Мәселенің осындай зәрулігіне қарамай, көрсетіліп отырған
мезгілдің (І-Х ғ.ғ.) ескерткіштері осы уақытқа дейін өте аз зерттеліп
отырған проблеманың бірі.
Дегенмен соңғы кезде археологтардың арнайы жүргізіліп жатқан
жұмыстарында бұл мәселе де зерттеле бастаған тәрізді. Егер соңғы 15-20
жылдың шамасындағы Жетісу және Оңтүстік Қазақстан жеріне жүргізілген
археологиялық жұмыстарға зер салсақ, Қазақстанда біздің дәуіріміздің
бірінші ғасырынан бастап қалалық отырықшылық өмірдің басталғанын көреміз.
Арыс өзенінің бойына жүргізілген археологиялық барлау жұмысының кезінде
отызға жуық қорғаныс жүйесі бар тыстақтар табылған. Олардың ішінде Шымкент
облысы, Шәуілдір жеріндегі, Қостөбе, Төрткүлтөбе, Қарауылтөбе, Ақайтөбе
сияқты орны төбе болып қалған қыстақтарға тексеру қазба жұмыстар
жүргізілген. Алынған материалдарға қарағанда, оларда өмр сүру мерзімі үш
дәуірді көрсетеді: 1) І-ІҮ, 2) Ү-ҮІ, 3) ҮІІ-ҮІІІ ғғ. Мұндай мерзім Талас
бойындағы Шөлтөбе, Қызылқайнар төбе қыстақтарын зерттегенде де байқалған...
Отырықшылықтың алғашқы кезі Отырар қаласының аймағында да кең түрде жүрген.
Қаланың солтүстік батыс және батыс жағындағы Пышақшытөбе, Алтынтөбе,
Ботайтөбе, Марданкүйік сияқты т.б. көптеген төбе болып жатқан қыстақ-
кенттердің орындары бұл жердің Сыр суынан нәр алып жер өңдеумен
айналысқандықтың дәлелі болмақ.
Алғашқы орта ғасыр дәуірінде отырықшылық Қаратаудың солтүстік жағында
да дамыған. Академик Ә.Х. Марғұланның зерттеуі бойынша, мұндағы қыстақ-
кенттерде жергілікті тайпалардың отырықшылануы деп көрсетеді. Бірақ қыстақ-
кенттерге осы уақытқа дейін қазба жұмыстар жеткілікті түрде жүргізілмей
отыр. Жазылып жүрген пікірлердің көбі қыстақ-кенттердің үстінен барлау
кезінде теріліп алынған материалдарға не болмаса, кездейсоқ табылған
материалдарға, яки болмаса тексеру үшін салынған мардымсыз қазба
жұмыстардың кезінде алынған материалдарға қарап, айтылып жүрген пікірлер.
Орта ғасыр дәуірінде отырықшылдықөмірдің дамуы Жетісу жерінде де
жүрген. Соңғы кездегі археолог Байпаковтың зерттеуіне қарағанда, солтүстиік
шығыс Жетісудің өзінде қырықтан астам қалалық өмірдің іздері табылған.
Олардың көпшілігі Іле, Қаратал, Лепсі, Ақсу өзендерінің бойында орналасқан.
Енді, жоғарыда келтірілген жерлердегі отырықшылықты көрсететін қыстақ-
кенттер жайлы айтылған пікірлер ұғымды болу үшін археологиялық қазба
жұмыстардың материалдарынан дәлелдер келтірелік. Оларды жазба деректермен
салыстырып жазсақ, әрі түсінікті әрі дәлелді болмақ.
Орта ғасыр кезіндегі біршама дұрыс зерттелген қала – Отырар. Қала
Сырдария өзені мен Арыс өзенінің құйылысатын жерінде орналасқан. Қалаға
қазба жұмысы 1970 ж. бастап кең ауқымда жүргізіліп келеді. 1969 ж.
жүргізілген тексеру жұмысының кезіндегі алынған материалдар қаланың алғашқы
кезіндегі өмір-тіршіліктің басталуын т.д. ІҮ ғасырынан бастайды. Отырар
қаласының қалалардан ерекшелігі араб, түрік жазба деректерде оның аты-жөні
туралы мәліметтердің сақталуы. Қаланың тұрған жері археологиялық зерттеу
кезінде алынған материалдар бойынша, жазба деректермен толық сай келеді.
Жазба деректердің хабарына қарағанда, Отырар қаласы ең алғаш рет б.д. ҮІІІ
ғ. алғашқы кезінде Фараб деп аталған. Ал Күлтегіннің құрметіне қойылған
ескірткіш таста түрікше ескі руникалық жазба деректе Тарбан, Турарбанд,
деген атпен белгілі. Бұл хабарлар ҮІІІ ғасырда белгілі болса, ал қаланың
одан бұрын-ақ өмір сүргендігіне ешбір талас болуы мүмкін емес. Оған Отырар
қаласына оның мәдени қабаттарын зерттеу кезінде, астыңғы ең алғашқы
отырықшылық өмірдің басталған кезінде дәлелдейтін құмыралардың табылуы
дәлел болмақ. Ал, ІХ ғ. араб жазба деректері бойынша Фараб деген атпен
бірге Отырар деп те аталады. Х ғасырдағы жазба деректерде қала Кедер деп
аталған. Бұл атау тек Х ғ. кейін аталмайды. Ал кейбір деректерде қала
Кедерді Отырар қаласының жанындағы өз алдына жеке бір қала етіп көрсетеді.
Жазба деректерге қарағанда ХІІ ғ. бастап Отырар деген атау қалаға біржола
бекітілген сияқты. ХІІІ ғ. басында қалаға монғол шапқыншылығының болуы
жәнен бұл кезде қаланың Отырар аталуы, тарихтағы Отырар апатының белгілі
болуы, оның алғашқы орта ғасыр кезінде өмір сүргендігі дәлел.
Тексеру қазба жұмысы кезінде қаладан көптеген үй-тұрмысына қажетті сөз
балшықтан жасалған көзелер, құрал-саймандар, әшекей бұйымдар сауда жұмысын
көрсететін алыннан, күмістен, қоладан, мыстан жасалған теңгелер, қолөнер
бұйымдары табылған. Әсіресе, табылған заттардың ішінде қолөнердің
дамығандығын көрсететін көзелер жасалуы жағынан алуан түрлі. Олардың ішінде
тамақ ішуге және тамақ жасауға, шаруашылыққа қажетті бұйымдардың әртүрлі
формада жасалуының өзі қолөнер шеберлігінің дами түскендігін көрсетеді.
Сонымен бірге бұйымдарды сәндей жасау, оларды түрлі түсті бояулармен бояу
да шеңберлікті арттыра түседі. Құрал-саймандардың ішінде егін
шаруашылығымен айналысқандықты көрсететін құралдар табылды, айталық, қол
орақ, қолдиірмен, үккіш, т.б. заттар. Әр түрлі дәнді дақыл қалдықтарының
сақталуы да жер өңдеумен айналысқандықты көрсетеді.
Отырар қаласына жүргізілген стратиграфиялық қазба жұмысы, қаланың ІҮ-
ҮІ ғасырдан бастап өмір сүре бастағандығын көрсетті.ең астыңғы мәдени
қабат, бұл мерзімдегі көзелердің көпшілігі ұзын мойынды, иықшаларында
қолдан жасалған тұтқалары бар. Көзе ақ және қызыл қоңыр лай қабаттармен
сырланған. Көзелердің ішінде ернеуі сыртқа шығыңқы келген горшок тәрізді
бүйірлі ыдыстар да кездеседі. Мұндай ыдыстар тамақ пісіретін қазанның
қызметін атқарған. Ал, кейбір күбі кезелер де кездеседі. Олар астық т.б.
сұйық тамақтарды сақтауға арналған. Ондай көзелердің ернеуі жалпақ доғалдау
сыртына қайырыла шығыңқы келеді. Қызыл сырлы лай қабатымен сырланған жұқа
кружка тәріздес көзелер де көп. Олардың кернеуі сыртына қайқы жасалған.
Олар тамақ ішуге бейімдеп жасағандық.
Жалпы стратиграфиялық қазба жұмысы Отырар қаласында жеті дәуірден
тұратын мәдени қабаты бар екендігін дәлелдеп берді. Егер оны тарихи
дәуірлеу жағынан алсақ б.д. ІҮ ғасырынан соңғы орта ғасыр дәуіріне дейінгі,
яғни (ХҮІІІ ғ.) қалада бір жарым мың жылға жуық өмір сүру болғандығын
көреміз. Қазба жұмысының кезінде алынған материалдарға қарағанда біртіндеп
қоғамдық даму процестерінің жүргендігін байқау қиын емес. Әсіресе, ХІ-ХІІ
ғасырлардағы мәдени қабатқа жататын материалдық заттар Отырар қаласындағы
қолөнердің дамып, өзнің ең биік шырқау шыңына жеткен мезгілі. Бұл мезгіл
жазба деректерде Қазақстандағы Қарахан феодалдық мемлекетінің дамыған кезі.
Ол археологиялық жағынан шын мәнінде дәлелденіп отыр.
ХІ-ХІІ ғасырларға жататын Отырар қаласының мәдени қабатынан алынған
көзелер өздерінің формасының үлкен-кішілігінен және түрлі үлгі-өрнектермен
жасалу жағынан, әртүрлі сырмен боялуы жағынан алдыңғы мәдени қабаттарға
қарағанда саны сапасы жағынан әлдеқайда жоғары. Табылған ыдыстардың формасы
олардың өздеріне тән тиісті атқаратын жұмыстары бар екендігін көрсетеді.
Мәселен, шыны, кесе, керсен, табақ (бұлар шұңғыл және жайпақ) шығардан,
құмған, қазан т.б. Ыдыстардың ішінде ас ішуге пайдаланатындары әйнек
тәріздес сырмен сырланып әшекейленген. Осы уақытқа дейін бұл кездегі сырлар
өздерінің түсін жоғалтпай келеді. Мұның өзі сол кездегі шеберлердің түрлі
түсті сыр жасауда белгілі құпиясы болған. Сырлардың құпия қасиеті осы
күнге дейін белгісіз болып та отыр.
Ал ыдыстардың үлгі-өрнектері алуан түрлі болып келеді. Кейбір
құмыралардың сырты сырланбай-ақ қоңыр-қызыл лай қатабымен әшекейленіп,
облап-нақыштап жасалынады. Ал кейбір тамақ ішуге қажетті ыдыстар түрлі-
түсті бояулармен геометриялық не өсімдік тәріздес үлгі-өрнектермен
безендіріледі.ондай ыдыстар көздің жауын алып, көз алмай қарағың келе
береді. Көзелер өздерінің жасалуы жағынан да, сапасы жағынан да өте құнды.
Егер сол кездегі сынбай сақталған бір ыдысты қолмен шертіп көрсеңіз
сыңғырлаған даусын естисіз. Ол ыдыстың сапалы жасалғандығы. Қараханидтер
кезіндегі қолөнердің дамығандығын осы кезде әйнектен жасалған ыдыстардың
табылғандығынан көреміз. Бұл кездегі әйнектен жасалған ыдыстардың нәзіктігі
соншалықты олардың қалыңдығы 1-2 мм болып келеді. Мұндай ыдыстар Отырар
қаласынан көптеп табылған.
Қазақстандағы қалалық дәуірдің осылай дамып келе жатқан кезі ХІІІ
ғасырдың басында Монғол шапқыншылығының әсерінен күрт өзгереді. Тарихтағы
атақты Отырар апаты қаланы ламып келе жатқан кезінде күл-талқан етеді.
Ол туралы жазба деректерде жеткілікті айтылған. Бұл жағдай әсіресе,
қаланың монғол шапқыншылығының әсерінен қирағандығын, археологиялық қазба
жұмысының кезінде толығымен дәлелденді. ХІІІ ғасырдың басындағы мәдени
қабатта қаладағы өрттің іздері, бір жерде 20-30 адам бас сүйектері
кездеседі. Қаладағы гүлденген өмір біраз уақытқа тоқырауға ұшырайды. Бұл
жағдай тек бір Отырар қаласында ғана емес, бүкіл Қазақстан жеріндегі
қалалық өмірдің, отырықшылықтың дамуына үлкен кедергі болып табылады.
Ерте орта ғасыр кезінде жататын, Отырар аймағына жүргізілген зерттеу
жұмысы кезінде Арыс өзенінің төменгі ағысында, Сырдарияның орта ағасындағы
оң және сол жақ жағалауында, Бөген өзенінің төменгі ағысында, Қаратаудың
оңтүстік, солтүстік жағындағы төбе-төбе болып жатқан қалалар зерттелген.
Олардың барлығына қазба жұмысын жүргізуге мүмкіндік болмағандықтан тек
кейбір қалаларға үстірт тексеру ғана жүргізілген.
Арыс өзенінің төменгі ағысында ерте орта ғасыр дәуіріне жататын 14
қыстақ-кенттің орны зерттелген. Археологтардың пікірі бойынша, бұл қоныстар
салыну жүйесі жағынан үш топқа бөлінген. Оның орталық, шахриятан және рабад
бөліктерден тұруы. Қалалық өмірдің дәл осылай салыну жүйесін, әлеуметтік-
экономикалық жағынан қарайтын болсақ, феодалдық құрылыстың дами бастағанын
көреміз. Қаланың бірінші, орталық бөлігінде үстем таптың өкілдері тұрса, ал
екінші бөлігінде шеберлер, қолөнершілер өмір сүрген, үшінші бөлігінде
кедейлер тұрған. Төбе болып бізге жеткен қалалардағы яки болмаса қыстақ-
кенттердегі бұл көріністер өз кезіндегі әлеуметтік теңсіздіктің толық
суреттемесі. Бұл жағдайды қалаға қазба жұмысын жүргізгенде, оның әр
бөлігінен алынған материалдардың сапасынан бірден байқауға болады.
Арыс өзенінің төменгі ағысынан белгілі болған қалалардан Қостөбеге
қазба жұмысы жүргізілген. Құмыралардың жасалу үлгісі, б.д. І-ІҮ ғғ. Қалада
өмір болғандығын көрсетеді. Мұндай құмыралар Арыс өзенінің бойынан табылған
басқа да қыстақ-кенттерден табылған көзелермен ұқсас. Бұған қарағанда
алғашқы отырықшылану бір мегзілде жүрді ме деген пікір туғызады.
Сырдарияның бойынан табылған қалалардан алынған материалдарда Қостөбеден
және Отырар қаласынан алынған материалдар бір-біріне ұқсас.
Шардара су қоймасының салынуына байланысты, бұл аймаққа жүргізілген
археологиялық зерттеу жұмыстар ерте ортағасырлық қалаларға қазба жұмыстарын
жүргізген. Мәселен: Ақтөбе-І, Ақтөбе-ІІ, Шаушық-құм қоныстарына жүргізілген
зерттеу жұмыстары оларда б.д. І ғ.-ХІІІ ғ. дейін тіршілік болғандығын
көрсетеді. Қыстақ-кенттердің салыну жүйелері жоғарыда көрсетілгендей үш
бөліктен тұрған.
Сырдарияның төменгі ағысында, Арал теңізінің жағалауына жүргізілген
археологиялық жұмыстар да б.д. І ғасырынан бастап отырықшылықтың
болғандығын дәлелдейді. Жетіасар мәдениетінің ескірткіштерінің материалдары
Отырар аймағынан алынған материалдарға жалпы ұқсастығы бар болғанымен
жергілікті өздеріне тән ерекшеліктері байқалған. Археологтардың пікіріне
қарағанда бұл ұқсастықтар отырықшылықтың бір мезгілде басталуынан деп
көрсетеді. Алайда, Жетіасар мәдениетінің алғашқы тұрғындары кімдер? Бұл
әлі де зерттей түсуді қажет ететін үлкен мәселенің бірі. Ол үшін,
археологиялық зерттеу жұмысын жан-жақты жүргізу қажет.
Испиджаб қаласы (Сайрам). Ерте ортағасырлық қалалардың бірі қазіргі
Шымкент қаласының шығыс жағындағы 13 км. жердегі жазба деректерге белгілі
болып келген Испиджаб қаласы. Қазіргі аты Сайрам. Қаланың аты б.д. ҮІІ
ғасырынан бастап тарихта белгілі Қарлұқ қағандығының кезінде дами бастайды.
Қалаға арнаулы археологиялық қазба жұмысы жүргізілмеген. Барлау жұмысының
кезіндегі үстінен теріп алынған көзе сынықтарының жасалуына қарағанда,
қолөнердің дамуы ІХ-ХІІ ғасырдың арасы. Х ғасырдағы араб жазба деректеріне
қарағанда, қала Жібек жолындағы басты бір сауда орталығы болған. Араб
ғалымы Ибн Хаукалдың хабары бойынша қаланың құрылысы бірнеше бөліктен
тұрған. Оның төрт қақпасы болған, ішінде сауда орны ерекше орын алған.
Деректерге қарағанда, қаладан сыртқа түрлі мата, қару-жарақ, темірден,
мыстан жасалған заттар шетке шығарылған. Оған дәлел болатын барлау
жұмысының кезінде табылған заттардың қалдықтары.
Жазба және археологиялық материалдардың хабарына қарағанда, қалалық
дәуірдің гүлденген кезі Х-ХІІ ғ. болып табылады. Бұл Қараханид мемлекетінің
дамыған мезгілі. Қала тек монғол шапқыншылығынан кейін әлсіреді.
Түркістан, Сауран, Сығанақ ортағасыр дәуірінің орта кезіне жататын
басты қалалар. Бұлар Сырдарияның орталық ағысына орналасқан. Қалаларға
арнаулы археологиялық зерттеу жұмыстар жүргізілген жоқ. Тек Түркістан
қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи мавзолейін қалпына келтіруге байланысты
аздаған тексеру жұмыстар жүргізілген. Ол жұмыстардың қорытындысы
мавзолейдің жанына қойылған атақты қазақ хандарының күмбездері мен жерасты
көр шырақ етіп жерленген сағананың табылуы. Солтүстік шығыс жағына
жүргізілген қазба жұмыс, соңғы орта ғасыр кезіндегі тұрғындардың мекен-
жайларының орнын тапты. Қаланың алғашқы орта ғасыр кезіне жататындығы
дәлелденген жоқ. Қаланың соңғы кездегі өмір сүрген тұрғындарынан қалған
құрылыс жүйелері мен тұтынған бұйымдардың төбе-төбе болып қалған қалдықтары
дағ оның алғашқы кездегі тұрғындарының орнын зерттеуге үлкен қиындықтар
туғызып отыр.дегенмен, археологтардың пікіріне қарағанда, алғашқы
тұрғындардың отырықшылана бастаған кезі б.д. ІҮ ғасыр, ал Х ғ. атақты араб
ғалымы Ал-Истакридің жазба деректеріне қарағанда, қаланың алғашқы аты
Шавғар, ХІІ ғ. бастап қала Ясеви болып аталады. Бұл ат біз жоғарыда айтқан
Ахмет Яссауидің атына байланысты қойылған. Жазба деректердің хабарына
қарағанда, ақын әрі мұсылман дінінің атақты өкілдерінің бірі Ахмед Яссауи
қалада ХІІ ғ. өмір сүрген Ақсақ Темір әулиеге бағыштап Түркістан
қаласындағы атақты Қожа Ахмет Яссауи (ХІҮ ғ.) мавзолейін тұрғызған.
Сауран қаласы. Түркістан қаласының батыс жағында 40 км жерде. Қалаға
арнаулы археологиялық қазба жұмысы жүргізілмеген. Қала туралы біз тек
қазақстан археологтарының мәліметін пайдаланбақпыз. Барлау жұмысының
кезінде қаланың үстінен теріп алынған көзе сынықшыларына қарағанда, алғашқы
отырықшылық ҮІ ғасырдан басталады. Алынған көзелердің сырланған түсіне
қарағанда, қолөнердің дамыған кезі Х-ХІІ ғасырлар. Бұл, біз жоғарыда атап
өткен қараханидтер кезіндегі феодалдық құрылыстың дамыған мезгілін
көрсетеді. Х ғасырдағы араб (Ибн Хаукаля, Макдиси, Истакри) жазба деректер
қаланың жақсы салынған құрылыс жүйесі мешіт-медреселері және сауда орындары
туралы хабарлайды. Деректерде қаланың қазіргі аталып жүргеніндей Савран,
Сабран, Сабрай болып аталған. Қаланың соңғы ортағасыр кезі төменде сөз
болмақ.
Сығанақ қаласы. Сауранның батыс жағында 40-50 км жерде. Қаланың
үстінен теріп алынған көзенің сынықтары, алғашқы өмірдің Ү ғасырдан
басталғанын көрсетеді. Қалаға қазба жұмысы жүргізілмегендіктен, оның Ү
ғасырдағы құрылыс жүйесі белгісіз. Қазіргі кездегі орны жалпақ бес бұрышты
төбе. Көлемі 2-3 га. Көзе ыдыстардың жобалауына қарағанда қала ХҮІІІ ғ.
дейін өмір сүрген. Қала араб жазба деректерде Х ғ. бастап белгілі. Оғыз
қағандығының кезінде дами бастаған қала тек қазақ жерінде ғана белгілі
болып қоймай, Орта Азия Орыс жеріне дейін белгілі болған. ХІІ ғ. Худуд ал-
Алемнің мәліметіне қарағанда қыпшақ мемлекетінің атақты сауда орталығы
болған.
Бабата. Ерте орта ғасыр қалаларының ішінде қазба жұмысы жүргізілген
Бабата қаласы. Ол Созақ ауданының Оңтүстік шығыс жағында 26 км. жерде
Қапшағай өзенімен Баба-ата өзенінің бойына орналасқан. Қаланың орны
жоғарыда аталған қалалардағы сияқты үш бөліктен тұрады. Дуалында 15 жерде
мұнаралардың орны сақталған. Қазба жұмысы, ҮІ-ҮІІІ ғғ. Салынған 240 м2
үлкен қоғамдық құрылыс жүйесін ашты. Оның қабырғалары ерте орта ғасырға
сәйкес келетін, көлемі 40х20х10 см. шикі кірпіштен тұрғызылған. Мұндай
күрделі құрылыстың салынуының өзі феодалдық құрылыстың дами түскендігіне
айғақ болатын сияқты. Бұл күрделі құрылыстың хронологиялық жағын
көрсететіндей керамикалық материалдар жеткілікті табылмаған. Оның жасалған
мезгілін құрылыстан табылған ҮІ-ҮІІІ ғғ. Жататын теңге арқылы білуге
болады. Ал Шахристанда жүргізілген қазба жұмысы қалада ІХ-ХІІ ғғ. өмірдің
гүлденген кезін көрсетеді.
Тараз. Археологиялық зерттеу жұмысы Жамбыл қаласының ішіндегі көне
қаланың орнына жүргізілген. Қала ҮІІІ-Х ғғ. Жазба деректерде Янги немесе
Тараз деген аттарымен белгілі. Қазба жұмысы қаланың үш бөліктен тұратын
құрылыс жүйесін, үй-жайдың орындарын ашқан. Тараз қаласындағы Х-ХІІ ғғ.
Жататын монша және оған қыштан жасалған су құбырлардың жүргізілуі, өз
кезіндегі қаланың мәдениеттілігін көрсетеді. Жазба деректерде қаланың
гүлденген дәуірі Х-ХІІ ғғ. Оны археологиялық зерттеу жұмыстарынан да
байқауға болады. Қазба жұмысының кезінде қаладан түргеш, қарлұқ дәуіріне
жататын монеталардың және Қытай, Үндістан, Орта Азиядан әкелінген әртүрлі
заттардың табылуы, сауда жұмысының дамыған кезін білдіреді. Түрлі түсті
сырмен боялған тамақ ішуге және шаруаға қажет көзеден жасалған ыдыстардың
сынықшылары орта ғасырдың орта кезінде қалада қолөнердің дамыған мезгілі
болғандығына айғақ. Сонымен бірге қазба жұмысының кезінде діни әдет-
ғұрыптарды көрсететін де заттардың табылғаны, Х-ХІІ ғғ. Қалада әртүрлі
халықтың өкілдері тұрған. Археологтар табылған заттарға қарап Таразда
христиан, мұсылман, буддизм т.б. діни нанымдарды ұстайтын халықтардың
өкілдері тұрғандығын жазады.жетісудың батысындағы қалалар өз кезінде
отырықшылықтың, қолөнердің мәдени орталығы болған. Ұлы Жібек жолынан бастап
сауда орталығы болған осы қалаға, әр халықтың өкілдері тұрақтауға тырысқан.
Қала Түргеш қағанатының кезінде өркендеген.
Қаланың аймағына жүргізілген археологиялық барлау жұмыстары, жер
шаруашылығымен айналысқан қыстақ-кенттердің орнын дәлелдеген. Оның
солтүстік шығыс жағында жазба деректерде белгілі болып келген Мерке, Құлан
сияқты бекініспен салынған қалашықтар Тараз қаласының айналасында
отырықшылықтың дамығандығын көрсетеді. Құлан, араб жазба деректері бойынша
ҮІІІ ғ. белгілі. Ал Х ғ. Макдисидің дерегіне қарағанда, қалада мешіт
болған. Бұл дерек, мұсылман дінін таратушылардың ықпалы болғандығын
дәлелдейді. Қала қазіргі Жамбыл облысындағы Луговой қаласының орнымен
сәйкестендіріліп отыр. Жазба деректерде Тараз бен Құланның арасы 120 км.
деп дұрыс көрсетілген.
Қалаға археологиялық барлау, қазба шұңқыры жүргізілген. Жұмыстың
нәтижесіне қарағанда қаланың ең алғашқы тұрғындары ҮІІ-ҮІІІ ғғ. өмсір
сүрсе, ал орталық мәдени қабаттағы қала тұрғындары ІХ-Х ғғ. өмір сүрген
соңғы мәдени қабаттан алынған материалдар қалада тұрғындардың Х-ХІ ғғ. өмір
сүргендігін анықтайды. Мәдени қабаттан алынған көзелердің формалары мен
жасалу тәсілдері және олардың сырланған бояуларының түстері, археологтарға
Құлан қаласындағы өмірдің үш кезеңінің болғандығын көрсетіп отыр.
Қазба жұмысының барысында жүзімнен шарап жасайтын шарапхананың орны
табылған. Шарап тұндыратын жерден түргеш дәуіріне жататын теңгелер
табылған. Шарапхананың және ҮІІІ ғ. жататын түргеш ақшасының табылуы, жазба
деректердің Жетісу жеріндегі жүзімнен шарап жасаушы еді деген мәліметімен
сәйкес келіп отыр. Мұндай дәлелдердің бір-бірімен сай келуінің өзі Жетісу
жеріндегі отырықшылықтың қалалық өмірдің қолөнердің дамуының өзі ерте
кездегі орта ғасырлық дәуірдің өзінде дамығандығына ешбір күмән
келтірмейді.
Талғар. Зерттеу жұмысы қалаға жүргізілген. Көне қаланың орны Алматы
облысындағы қазіргі Талғар қаласының тау жағына орналасқан. Парсы жазба
деректеріне қарағанда ІХ ғ. қаланың аты Талхиз болып аталған. Академик Ә.Х.
Марғұланның пікіріне қарағанда Талхиз талғардың өзгеріп жазылған түрікше
аты шын мәнінде аталып жүрген Талғар қаламыз сол Талхиз дейді. Қаланың
қазіргі көрінісі тік төртбұрышты (300х300 м). Айнала тұрғызылған дуалы
құлап дөңес бел болып жатыр. Ортасында тастан, шикі кірпіштен салынған
үйлердің орны. Көшесіне тас төселген. Көзе пісіретін ошақтардың орны
табылған. Дуалға жүргізілген тексеру жұмысы – оның астыңғы қабатын, негізін
саз балшықтан құйып жасаса, ал үсті шикі кірпіштен тұрғызылған. Дуалдың
солтүстік шығыс және шығыс жағында үш-төрт гектар жерге жуық рабадтың орны
байқалады. Қазіргі кезде ол жерге алма ағашы отырғызылып, жеміс-жидек
айдайтын жерге айналған. Жерді жыртқанда жыл сайын көзелердің сынықтары
жердің үстіне шығып көпір болып жатыр, ішінде түрлі-түсті бояумен
боялғандары көп. Қаланың ішінде солтүстік шығыс жағындағы бұрышта
жүргізілген қазба жұмысы кезінде бір жерден 6 тал темір үзеңгі табылған.
Осының өзі қала тұрғындарының жер өңдеумен қатар мал шаруашылығымен де
айналысқандығын көрсетеді. Қазба жұмысының кезінде алынған материалдарға
қарағанда қала тұрғындарының Орта Азия, Қытай, Индия сияқты ірі елдермен
сауда қарым-қатынас жасаған. Қалада қолөнер дамыған.
Ерте ортағасыр кезіне жататын қалалардың ішінде жазба деректерде
Жетісуда Қойлық, Алмалы, Екіөгіз (Шеңгелді) т.б. қалалар белгілі. Бұл
қалалардың ішінде әсіресе Қойлық қаласы атақты. Ол Қарлұқ қағандығының
(ханының) (ІХ-Х ғғ.) орталығы болған. ХІІ ғ. деректердің жазуы бойынша
Алмалы қаласына 8-9 қалашықтар бағынышты болған. Олар қалаға астықтың
барлық түрін беріп тұрған.шеңгелді қалашығынан немесе Екіөгіз қаласынан Ш.
Уәлиханов тапқан су жүргізетін қыш құбырларға қарағанда, қалалар өз кезінде
гүлденген өмірдің бесігі болған.
Оңтүстік Қазақстанда және Жетісу жерінде аты белгісіз болып жатқан
үлкенді-кішілі қалалардың ұзын саны 300-ден асады. Олардың кейбіріне қазба
жұмысы жүргізілді. Алайда, олардың барлығына талдау жасау мүмкін емес, ол
біздің мақсатымызға да жатпайды. Біздің бұл параграфта алдымызға қойған
мақсатымыз сол көп мұраларды пайдалана отырып, олардың ішіндегі ең
бастыларынан алынған археологиялық материалдар бойынша жазба деректермен
салыстыра отырып Қазақстан жеріндегі ерте және орта кезіндегі ортағасыр
дәуіріндегі феодализмнің дамуын түсіндіру. Жеріміздегі феодализм, дамуын
тек теориялық жағынан емес, нақты археологиялық жағынан да дәлелдеу.
Ең бастысы, жеріміздегі, әсіресе, Оңтүстік және Оңтүстік Шығыс
Қазақстанда қалалық өмірдің дамып, қолөнердің жанданып, отырықшылықтың
суармалы егір шаруашылығының өркендей бастағанын ғылыми тұрғыдан көрсету.
Сондықтан қазіргі кездегі әр жерлерде жүргізіліп жатқан археологиялық
зерттеу жұмыстардың теориялық, практикалық маңызы зор болып табылады.

2. Соңғы орта ғасырдағы қалалар мен қыстақ-кенттер
(ХҮ-ХҮІІІ ғғ.)

Қазақстан археологиясында соңғы орта ғасыр дәуіріндегі ескерткіштерді
зерттеу мәселесі кейінгі 10-15 жылдың ішінде қолға алына
бастаған.халқымыздың тарихын зерттеуде бұл басты мәселенің бірі. Егер соңғы
орта ғасыр кезіндегі ескерткіштер өз деңгейінде дұрыс зерттеліп, нақты
шешімін тауып қорытынды берсе, қазақ халқының құрылуы және оның
материалдық, мәдени, саяси құрылыстары туралы көптеген материал берген
болар еді. Бұл мәселемен этнографтар да айналысады, бірақ олар көбінесе ХІХ
ғасырдың ІІ-ші жартысындағы материалдар бойынша жұмыс істейді. Ал
археологтар көп жағдайда ХҮ-ХҮІІІ ғғ. Ескерткіштермен жұмыс жүргізеді.
Олардан алынған заттар тікелей халықтың қалыптасу кезіндегі, олардың өсіп-
даму кезін көрсететін нақты деректер.
1970 жылдан бастап Отырар қаласының кең масштабта зерттелуі қойылып
отырған мәселенің азда болса шешіле бастауына көмегін тигізіп отыр. Қаланың
ХҮ-ХҮІІІ ғғ. Жататын соңғы мәдени қабаттарының он жылға жуық зерттелуі,
соңғы орта кезінде қалада өмір сүрген халықтың мәдениеті, экономикасы,
қолөнері, саяси құрылысы, басқа елдермен жасаған сауда қатынасы туралы да,
тұрғындардың т.б. іс-әрекеттері, әдет-ғұрпы, салт-санасынан да түрлі айғақ
беретін көптеген материалдар табылған.
ХІҮ ғасырдағы жазба деректерде қалалық өмірдің жандануы Ерзен ханның
тұсында қайтадан қолға алына бастайды. Қалада түрлі қоғамдық орындар
салынып жандана түседі. Тек қаланың орталық қорғанында ғана емес оның
аймағында да мешіт-медреселер салғызады.көрсетілген ғасырдың екінші
жартысында қала Әмір Темірдің қарамағына түсіп, оның қарамағындағы
жерлердің солтүстік жағындағы шекарасында-басты саяси-экономикалық және
соғыс стратегиялық орталығына айналады. Үстем таптың арасындағы билік үшін
болған талас-тартыстың әсерінен қалаға жасалған шапқыншылық қаланы
біртіндеп әлсіретеді. ХҮІІІ ғасыр ортасындағы орыс жазба деректеріне
қарағанда қалада 40 отбасы өмір сүрген.
Қалаға жүргізілген археологиялық жұмыстар, оның орталық қорғанында
соңғы тұрғындардың көрсетілген ғасырда өмір сүргендігін растайды. Қаланың
орталық қорғаны 20 гектар жерді алып жатыр, биіктігі 15-16 метр, кейбір
жерлерінің биіктігі 18 м. Қаланың солтүстік-шығыс, оңтүстік және батыс
жағындағы кіріп-шығатын үш қақпаларының орны жақсы байқалады.
Археологтардың пікіріне қарағанда, бұл қақпалар қаланың орта ғасырдағы
кезінен соңғы кезіне дейін сол бір орнында сақталған. Қаланың көшелері осы
қақпаларға қарай бағытталған. Соңғы кездегі өмір сүрген мезгілі көрсететін
сыртқы дуалдың да біраз жері ғана байқалған. Ал қақпаның жанында мұнараның
1,5 м биіктігі сақталған. Сыртында қаланы айналдыра қорғаныс үшін қазылған
ор бірден байқалады. Ол сырттан келетін жаудан қорғану үшін жасалған, ішіне
су жіберіп қояды. Ордың сыртында қаланы айналдыра рабадтың орны бар. Батыс
жағында жүргізілген қазба жұмысы кірпіш күйдіретін заводтың орнын ашқан.
Міне, осының өзі қаланың үшінші бөлігі рабадта ең ауыр жұмыс істейтін
кедейлердің тұратындығын дәлелдейді.
Отырар қаласының орталық қорғанының жартысынан астам жеріне қазба
жұмысы жүргізілген. Жұмыстың барысында соңғы ортағасыр дәуіріне ХҮІ-ХҮІІ-
ХҮІІІ ғғ. Жататын үш мәдени қабаты белгілі болған. Әрбір мәдени қабатты
дәлелдейтін теңгелер табылған. Қазба жұмысы қаланың көшелерін, көшеге
шығатын үйлердің аулаларын, есіктерін ашқан. Үйлер екі, үш, төрт кейбір
жағдайда бес бөлмелі болып та кездеседі. Әрбір бөлменің өзіне тән
ерекшеліктері, ішіне салынған құрылыс жүйелері бірден байқалады. Ас бөлмеде
ошақ орны, ыдыс-аяқты қоятын сәкі, астық сақтайтын ұра т.б. қажетті құрылыс
жүйелері.
Тұрғындар қаланың тазалығын сақтау үшін қажетті барлық шараларды
жасауға тырысқан. Кейбір үй иелері қажетсіз заттарды үйдің жанындағы қора
ішінен терең ор қазып, соған жинайтын болған. Ал жуынды-шайынды суларын
арнаулы жасаған түтікше арқылы, қаланың сыртына шығаруға
тырысқан.демалатын, қонақ қабылдайтын бөлмелерде тиісті сәкілер,
отыратын орындар жасалған. Әр бөлмеден табылған ыдыстардың түріне формасына
қарап та ол бөлменің қандай қызмет атқаратынын байқау қиын емес. Табылған
ыдыстардың жасалу тәсілдері мен боялған бояулары олардың қай дәуірге немесе
қай ғасырға жататынын көрсетеді. Әсіресе, табылған теңгелерде орта ғасыр
дәуірінің қай мезгілінде кімнің хан болғандарын нақты анықтайды. Мәселен:
Абдолла хан (1583-1598) Абд ал-Азизхан (1645-1680) Имамқұлыхан (1611-1642)
т.б.сол сияқты ХҮІ-ХҮІІ ғғ. Жазба деректер археологиялық материалдармен
салыстырғанда бір-бірімен өте дәл шығады. Қаланың соңғы кездегі өмірін
осындай материалдар бізге айқындап береді.
Археологиялық қазба жұмысының кезінде қала тұрғындарының қол өнерін,
шаруашылығын көрсететін көптеген материалдар табылған. Мәселен, қаланың
солтүстік жағындағы қазба жұмысының ІІІ-ІҮ бөліктерінен, көзе жасайтын, оны
кептіретін және пісіретін шеберханалардың төрт жерден орны табылған.
Археологтардың пікіріне қарағанда, қаланың осы жағында көзе жасайтын
шеберлер тұрған.
Қазба жұмысының барысында алынған заттарға қарап, қалада қолөнердің
қандай деңгейде болғандығын білуге болады. Табылған тұтыну заттардың ішінде
күнделікті өмірге қажеттілердің ең көп табылғаны, қыш құмыралар. Олар алуан
түрлі. Ерте және ортағасыр кезіндегі көзелерге қарағанда, орта ғасырдың
соңғы дәуірінде қыштан жасалған құмыралардың тұрмысқа қажетті түрлерінің
көп шығарылуында. Ол қолөнердің дамығандығын көрсетеді. Екіншіден, қолөнер
шаруашылықтың жеке түрі болып дами бастайды.
Жалпы қыштан жасалған құмыраларды екі топқа бөлуге болады. Түрлі түсті
сырға боялғандары және боялмағандары. Боялмаған ыдыстардың көпшілігі
шаруаға қажетті. Олар астық сақтайтын күбі көзелер, сұйық тамақ сақтайтын
үлкен керсен, ас дайындайтын қазан, т.б. Ал боялғандары ас ішуге қажетті
шыны, кесе т.б. түрлі табақтар, сәнді шырақтар. Сырланған кесе, шыны,
жайпақ не шұңғыл табақтарда қазақ халқының құрамына кірген ру тайпалардың
таңбалары кездеседі. Археологтардың пікіріне қарағанда, осы жағдай
ойландыратын мәселе болып жүр. Ыдыстардың түбінде не сыртында салынып
жүрген мұндай таңбалар Орта Азия жеріндегі қалалардан алынып жүрген
сырланған ыдыстарда кездеспейді. Олай болатын болса қазақ жеріндегі
ыдыстағы таңбалар жай салынбаған тәрізді. Таңбалардың ішінде қыпшақтардың
қос әліп ІІ, керейлердің ашамай, Х, қаңлылардың І көсеу, арғындардың көз
таңбасы 00, т.б. таңбалар белгілі. Мұндай таңбалар Қаратаудың солтүстігінде
Күлтөбе, Раң сияқты қалалардан да табылған. Ол Оңтүстік Қазақстан
қалаларының барлығында кездесетін тәрізді. Ал жазба және этнографиялық
деректерге жүгінетін болсақ, жоғарыда аты аталған ру-тайпалар Қазақстанның
оңтүстігінде орта ғасырдың ерте кезінен бұрын өмір сүрген. Мәселен, қаңлы
тайпасы Сырдарияның орта ағысында б.д. д. ІІІ ғ. белгілі. Олардың Битянь
деген орталығы болған. Ал дулаттардың абақ О таңбасының кездесуі біраз
ойландырады. Дулат, албан, суан Жетісу жерін мекендеген тайпалар. Сырдария
бойында бұлардың Жәнібек пен Керей хандардың тұсында келуі мүмкін.
Қыпшақтар Сыр бойында Х ғ. жазба деректер бойынша белгілі. Ал ыдысты
жасағандар кімдер? Сол таңбаны салған рудың шеберлері ме, әлде шеберлерге
өз таңбаларын салғызған ру тайпалардың үстем тап өкілдері ме? Әзірше бұл
мәселе шешуін таппай отырған мәселенің бірі.
Қала тұрғындары темір өңдеумен және зергерлікпен айналысқан. Қазба
жұмысының ІҮ бөлігінен темір ұсталарының ошақтары және күйген темірдің
ерітінділері табылған. Темірден жасалған құрал-саймандардың ішінде орақ,
қашау, әртүрлі пышақтар, арбаның қажетті темірлері, кетпен, соқаның тістері
кездеседі. Табылған құралдардың түріне қарағанда отырарлықтар, ат қосып
арба пайдаланған. Жер жыртып егін егумен, ағаш бұйымдарын жасаумен де
айналысқан.
Зергерлік бұйымдардың ішінде күмістен, мыстан жасаған алқа, сырғалар
(алуан түрлі) жүзіктер, білезіктер, түрлі-түсті, әйнектен жасалған
моншақтар (алуан түрлі), сүйектен жасалған әшекей бұйымдар да
кездеседі.сәндік бұйымдардың ішінде Қазақстанда кездеспейтін заттар да
табылған.табылған заттардың алуан түрлілігіне қарағанда зергерлік жұмыстың
тереңдей түскенін көрсетеді. Алайда, шаруашылықтың жеке түрі болып
бөлнбеген. Бұл мәселе Қазақстан қалаларындағы ең бір қиналатын жағдай.
Сүйектен жасалған заттардың ішінде жіп иіретін ұршықтың басы,
қолдиірменнің бақалығы, қамшы, жүген тартпа өруге қажетті ысқы, балаларға
қажетті шүмек, әртүрлі ойыншықтар көптеп табылған.
Отырар қаласының тұрғындары тастан диірмен, түрлі соқа, үккіш ер,
қайрақ т.б. тұрмысқа қажетті құралдар да жасалған.
Қаладан табылған құрал-саймандарға қарап, тұрғындардың жер және мал
шаруашылығымен айналысқанын білуге болады. Жалпы, қаланың тұрған жерінің
өзі – Сырдария бойындағы жер шаруашылығының орталығы болғанын білу қиын
емес. Жазба деректерде Отырар қаласының отырықшы жер шаруашылығының
орталығы болғандығын дәлелдейді.
Қаланың суармалы жер өңдеумен айналысқандығын көрсететін, оның
маңындағы ертеден белгілі арық-тоғандардың табылуы және олардың темір арық,
алтын арық, саңғыл арық (ХІХ ғ. жататын) деп аттарының сақталуы қала
тұрғындарының Арыс, Сырдария өзендерінен тоған-оман тартып суармалы жер
шаруашылығымен айналысқанын дәлелдейді.
Археологиялық зерттеу жұмысына жүгінсек Отырар қаласының тарихи
тұрғындары қаланың пайда бола бастаған алғашқы кезінен бастап, жер
суландырудың төрт кезеңін басынан өткізген. 1) Су тасығанда өз жағасынан
сыртта қалған суды пайдалану (І-ҮІ ғғ.) 2) Қалған судан тоған шығарып
(саңғыл арық) жер суландыру (ҮІІ-ІХ ғғ.), 3) Арыс өзенінен оман шығарып
суландыру (Х-ХҮІІ ғғ.), 4) Шығыр пайдаланып жер суландыру (ХҮІІІ ғғ.)-Жер
суландырудың бұл тәсілдері қала тұрғындарының ғасырлар бойындағы
тәжірибесін көрсетеді. Қазба жұмысының барысында бидайдың, тары, жүзім, ал
жеміс ағаштарының алма, өріктің қалдықтары табылған. Көк егістің түрлерінен
қауын, қарбыз, дәндері кездеседі. Мақта өсірумен де айналысқан.
Отырар тұрғындары жер шаруашылығымен қатар отырықшы мал шаруашылығымен
де айналысқан. Кейбір үйлердің жанында малға арнап салынған қоралар
табылған. Жұмыс және мініс аттар үшін салынған қоралар, олардың алдында шөп
салатын ақырлары кездеседі. Қазба жұмысының кезінде жинастырылған малдың
сүйектеріне талдау жасағанда, олардың ішінде төрт түлік малдың бар
болғандығы анықталған. Бұған қарағанда Отырар қаласының тұрғындары
шаруашылықтың екі түрімен бірдей айналысқан. Зерттеу жұмыстарының
қорытындылары соңғы ортағасыр кезінде Отырар қаласының қазақ халқының
экономикалық жағынан және қолөнер бұйымдарымен сауда жасаудың орталығы
болған басты бір қала екендігін анықтайды.
Соңғы орта ғасыр мезгілінде өмір сүрген қалалар Оңтүстік Қазақстанда
өте көп, бірақ оларға Отырар сияқты кең масштабта арнаулы зерттеу жұмысы
жүргізілген жоқ. Алайда олардың кейбіріне барлау кезінде тексеру қазба
жұмыстары жүргзілген. Екіншіден, олардың көпшілігінің аттары соңғы орта
ғасырдағы араб, парсы, түркі, ескі шағатай жазба деректерінде кездеседі.
Сондықтанда аз да болса жүргізілген археологиялық материалдар мен жазба
деректерді салыстыра отырып, соңғы орта ғасыр кезіндегі қалаларға
тоқталайық.
Соңғы орта ғасыр қалаларын жеке қарастырудағы басты бір мәселе –
қалалардың қазақ хандығының қарамағына кіруі. Екіншіден олардың қазақ
халқының саяси және экономикалық жағынан өсіп, дамуына және отырықшылықтың
ептек алуына тигізген әсерін қарастыру керек.
Оңтүстік Қазақстандағы қалалардың ішінде Түркістан қаласының қазақ
халқының экономикалық дамуына тигізген әсері ерекше болды. ХҮ ғ. екінші
жартысында Абд-ар Раззактың хабарына қарағанда, Темірдің үшінші тұқымы
Сұлтан-абу-Сайд Ясидің түбінде (Түркістанның алғашқы аты) өзбек ханы
Әбілқайырдың әскерімен бірігіп, Сұлтан Абдолахқа (Темірдің екінші бір
тұқымы) қарсы әрекет жасаған. Бұл деректен қаланың ХҮ-ғасырдың екінші
жартысынан және ХҮІ ғ. бірінші жартысында өзбек хандығының қарамағында
болғандығы байқалады. Қалада Ұлықбектің қызы Рабиға және оның баласы өзбек
ханы Сүйінші жерленген. ХҮІ ғ. екінші жартысындағы Хафиз-Таныштың жазуы
бойынша қала қазақ хандығынң қолына өтеді. Осы кезден бастап қала Түркістан
аталады. Қала ХҮІ-ХҮІІІ ғғ. Қазақ хандығының орталығына айналады. ХҮІІІ ғ.
аяғында қалада орыс елінің атақты саудагерлерінің бірі Гауш Меринь болған.
Оның жазуына қарағанда Түркістан күйдірілмеген кірпіштен жасалған, кейбір
жерлерінде ғана күйген кірпіштен жасаған құрылыс жүйелері кездеседі.
Дуалының үстінде жауға қарсы жасалған қорғаныс орындары бар. 1970 жылы
қалада жүргізілген археологиялық зерттеу жұмысы қаланың соңғы кездегі
құрылыс жүйелерін қалпына келтіріп ашық аспан астындағы музейге айналдырған
сол жұмыстың нәтижесінде шығыс моншасы мешіт, жер астындағы қызыл кірпіштен
жасалған күмбез, Рабиға ханумның және Жолбарыс ханның күмбездері қалпына
келтіріліп, комплекстік археологиялық музейге айналдырылып отыр. Бұл
жасалып отырған игілікті жұмыстар ХҮІ-ХҮІІІ ғғ. Қалада мәдени орындарының
болғандығына айғақ.
Жазба деректердің хабарына жүгінсек қала 1598 жылдан бастап, өзінің
аймағындағы қыстақ, кенттерімен қазақтардың қолына біржола бекіген. Қазақ
ханы Есім, қаланы өзінің орталығына (резиденциясына) айналдырады. Қала
қазақ халқының тек сауда орталығы ғана болып қоймай, ең бастысы, жер
жыртып, егін салудың орталығына айналады. Қаланың аймағында жер
суландыратын арық-тоғандар тартылған. Олардың кейбірі осы күнге дейін қазақ
халқының игілігіне айналып отыр.
Сауран ХҮІ ғ. аяғында қазақ хандығының қарамағына біржола өтеді. Жазба
деректерге қарағанда, көрсетілген уақытқа дейін де қала бірнеше рет қазақ
хандығының қолында болған. Мәселен, ХҮ ғ. ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Рабад - шахристаннан тыс жерде орналасқан қала маңындағы қолөнер елді мекендері
Ежелгі Отырар қаласы
Ұлы Жібек жолының халықаралық қарым-қатынасты дамытудағы тарихи маңызы
Ерте орта ғасырдағы қазақстан
Қазақстанның орта ғасырдағы қалалары
XVIII ғасырдағы қазақ халқының әлеуметтік өмірі және мәдениетіндегі ескерткіштер
VІ-ХІІІ ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚАЛАЛАР МЕН ҚОНЫСТАР. ХIV-ХVІІ ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОРТА ҒАСЫРЛЫҚ ҚАЛАЛАРДЫҢ ӨСУІ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТІНІҢ ДАМУЫ
Алтын Орда дәуіріндегі Сыр бойы қалаларының қалыптасу тарих
Рекреациялық ресурстар жайлы түсінік
Орта ғасырдағы қала мен дала
Пәндер