Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім берудің қалыптасуы мен дамуы



Пән: Мәдениеттану
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 52 бет
Таңдаулыға:   
ӘОЖ 373.1.013:39 (574) Қолжазба құқығында

ӘБІЛДИНА САЛТАНАТ ҚУАТҚЫЗЫ

Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім берудің қалыптасуы
мен дамуы

13.00.01. – Жалпы педагогика, педагогика және білім тарихы, этнопедагогика

Педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін
алу үшін дайындалған диссертацияның
авторефераты

Қазақстан Республикасы
Қарағанды, 2010
Жұмыс академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде
орындалды

Ғылыми кеңесшілері: педагогика ғылымдарының докторы,
профессор Кенесарина З.У.

педагогика ғылымдарының докторы,
профессор Наурызбай Ж.Ж.

Ресми оппоненттері: педагогика ғылымдарының докторы
Нұрғалиева А.Қ.

педагогика ғылымдарының докторы,
профессор Иманбаева С.Т.

педагогика ғылымдарының докторы
Ыбыраимжанов Қ.Т.

Жетекші ұйым: Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау мемлекеттік университеті

Диссертация 2010 жылы ____ ___________ сағат ___ Е.А.Бөкетов атындағы
Қарағанды мемлекеттік университеті жанындағы педагогика ғылымдарының
докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғау жөніндегі БД 14.50.05
біріккен диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (100028, Қарағанды
қаласы, Университет көшесі, 28, Ғылыми кеңестің мәжіліс залы).

Диссертациямен Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік
университетінің кітапханасында танысуға болады (Қарағанды қаласы,
Университет көшесі, 28).

Автореферат 2010 жылы ____ ___________ таратылды.

Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы Н.Ә. Мыңжанов

Кіріспе

Зерттеудің көкейкестілігі қазіргі Қазақстан жағдайында қалыптасқан
мәдени-тарихи үдерістерден туындайды.
Қазақстан Республикасында 120-дан астам ұлт пен ұлыстардың өкілдері
тұрады. Бұл өз кезегінде, әр ұлт өкілінің төл мәдениетін, ана тілін сақтап,
ұлттық салт-дәстүріне қызығушылығын арттыру, оларды игеруге ұмтылысын
күшейту қажеттілігін туындатады. Сонымен қатар, өз мәдениетімен қоса ортақ
Отанға, мемлекеттік тілге құрметті арттыру, халықтың этностық-мәдени
мүдделерін іске асыру – білім беру саласындағы аса маңызды міндеттердің
бірі екендігі сөзсіз.
Бүгінгі таңда этномәдени тұрғыда толыққанды дамыған, көпмәдениетті
ортаға бейімделген, шығармашылық қабілеті жоғары, нарықтық бәсекелестік
жағдайында өмір сүруге дайындалған, өзіндік ұлттық бет-бейнесі анықталған
этнос субъектісін қалыптастыру күн тәртібінде тұр. Мұның барлығы қазіргі
таңда этномәдени білім берудің зәру тақырып екендігін айқындай түспек.
Қазақстанның ел бірлігі доктринасында ұлт бірлігінің үшінші негізгі
қағидаты – біріктіруші және бекітуші ретінде Ұлт Рухын нығайту және
дамыту көрсетілген, оның халықтың өзіндік санасының бір бөлігі болып
табылатын мыңдаған жылдық дәстүрге, құндылықтар мен мәдениетке, тілге
сүйенетіндігі айтылған. Сондықтан да доктринада мемлекет алдына оларды
жаңғырту мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту міндеті қойылады,
мемлекеттің, әр азаматтың, қоғамның жауапкершілігі айқындалады.
Қазақстан Республикасында этномәдени білім беру жүйесін реттеу мен
дамытудың басты принциптері еліміздің негізгі заңнамалық құжаттарында
көрініс тапқан. Олар: Қазақстан Республикасының Тілдер туралы заңы
(1997), Қазақстан Республикасы Білім туралы заңы (2007), Қазақстан
Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес бекіткен бірнеше
Тұжырымдамалар: Қазақстан Республикасында гуманитарлық білім беру
тұжырымдамасы (1994), Қазақстан Республикасында білім беру саласындағы
мемлекеттік саясат тұжырымдамасы (1995), Қазақстан Республикасындағы
этникалық-мәдени білім тұжырымдамасы (1996) және т.б. Оларда барлық
құндылықтарды сақтай отырып, білім беру жүйесін Қазақстан Республикасы
халықтарының ұлттық-мәдени және мәдени-тарихи дәстүрлерін ескере отырып
қайта қарау қажеттілігі айтылған.
Зерттеу тақырыбы елімізде Қазақстан Республикасының Президенті
Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен қабылданған Қазақстанның ел бірлігі
Доктринасымен, Тілдердің үштұғырлылығы ұлттық мәдени жобамен және Мәдени
мұра бағдарламасымен де үндесіп жатыр. Мәдени мұра бағдарламасының
арқасында қазақтың төл тарихы мен этномәдениеті жан-жақты зерттеліп, оның
негізгі нәтижелері ғылымның әлемдік деңгейінде жарық көріп отыр. Сондықтан,
қазақ халқының этногенезі мен этникалық тарихының әлі де шешілмей жатқан
мәселелерін қарастыруда Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім берудің
тарихын зерттеу жұмыстарының ғылыми маңызы зор.
ХХ ғасырдың аяғында әлемдік білім беру жүйесінде ұлттық білім беру
жүйелерінің интеграциясы негізінде тарихи-педагогикалық мұраларды
жаһандандыру үрдістері қарастырыла бастады. Жалпы адамзаттық құндылықтар
ұлттық дәстүр, мәдениет, тәрбиелік-білімдік жүйелердің өзара әрекеті мен
сан түрлілігінде дамиды және молығады.
Тарихымызды білмей тұрып алға жылжудың қиын екені белгілі. Сондықтан,
бүгінде өткенімізді ой елегінен өткізіп, барымызды екшеп, жоғымызды іздеп
жатқан жайымыз бар, – деген академик М.Қ.Қозыбаевтың пікірі зерттеу
тақырыбымыздың көкейкестілігін айқындай түседі. Олай дейтініміз, бүгінгі
таңда этномәдени білім беруді нәтижелі жүзеге асыру үшін ел тарихында
қалыптасқан игілікті тәжірибелерді саралап, қорыту және оның даму
үрдістерін айқындау – кезек күттірмейтін мәселе. Сонымен, Қазақстандағы
этномәдени білім беру идеяларының, теориясы мен практикасының қалыптасуы
мен даму тарихын зерделеудің көкейкестілігі арта түсуде.
Этномәдени білім беру ұғымын біз қалыптасқан ғылыми көзқарастан
кеңірек қарап, бұл мәселеленің ауқымы халық педагогикасы құндылықтарын,
этнопедагогика, этнопсихология, этномәдениеттану ғылымдарының мазмұнын
қамтитынын ескердік. Зерттеу жұмысында этномәдениет, этномәдени білім,
этномәдени білім беру терминдерін қолдану, біздіңше, Қазақстанда ұлттық-
мәдени білім беру ісінің қалыптасуы мен даму кезеңдерін анықтауға мүмкіндік
береді әрі қазіргі күнгі толерантты жаңа ғылыми және этносаяси бағыттарға
сәйкес келеді.
Біз этностық мәдениетті ел тарихында ғасырлар бойы халқымыздың еркін
және ерікті шығармашылығы процесінде жасалған ұлттық рухани және
материалдық құндылықтар ретінде қарастырамыз. Этностық-мәдени білім – осы
ұлттық құндылықтарымызды, түркі әлемінің ортақ мәдени мұраларын,
қазақстандық этностар мен этностық топтардың рухани-адамгершілік әлеуетін,
жалпыадамзаттық құндылықтарды бойына сіңірген ұлттық қазына. Этностық-
мәдени білім беруді осы баға жетпес байлықты сақтаушы, дамытушы және келесі
ұрпаққа жеткізуші бірден бір құрал деп есептейміз. Осы тұрғыдан келгенде,
тақырыбымызға қатысты мәселелер бірқатар зерттелгенін атап өту керек.
ХІХғ.-ХХғ. басында ұлттық білім беру проблемалары Ы.Алтынсарин,
А.Байтұрсынов, С.И.Гессен, М.Жұмабаев, Н.И.Ильминский, П.Ф.Каптерев,
В.В.Розанов, К.Д.Ушинский, Ш.Уәлиханов және т.б. еңбектерінде қарастырылды.
ХХ-ХХІ ғ.ғ. педагогикалық теория мен практикада этнопедагогика ғылымы
қанат жайып, этномәдени білім беру қайта жаңғыртылып, дамытылды. Бұл
М.В.Богуславский, Л.Н.Беленчук, Қ.Бөлеев, Г.Н.Волков, Р.Қ.Дюсембинова,
Ш.И.Джанзакова, Б.А.Жетпісбаева, С.Т.Иманбаева, С.Қалиев, К.Ж.Қожахметова,
Ш.М.Мұхтарова, Ж.Ж.Наурызбай, Ә.Қ.Нұрғалиева, Ә.Табылдиев, С.А.Ұзақбаева,
В.К.Шаповалов және т.б. зерттеулерінде кеңінен көрініс тапты.
Қазақстандағы ағарту ісінің және педагогикалық ойлардың даму тарихына,
Қазақстандағы халыққа білім беру ісіне, еліміздің мектептеріндегі оқыту
әдістері мен тәрбие мазмұны туралы мәселелерге К.М. Арынгазин,
Қ.Б.Бержанов, Ш.К.Беркімбаева, И.Я. Гармс, Қ.Б.Жарықбаев, Е.Жұматаева,
К.Құнантаева, С.Мусин, Ә. Омаров, Т.С.Сабыров, Н.Сабитов, Қ.Б.Сейталиев,
Г.М.Храпченков, Қ.Ыбыраимжанов және т.б еңбектерінде талдау жасалды.
Тұтас педагогикалық процесс жағдайында тұлғаны тәрбие объектісінен
субъектісіне айналдыру, әлеуметтендіру, ізгілендіру проблемаларын
А.А.Бейсенбаева, З.У.Кенесарина, Б.И.Мұқанова, Р.К.Төлеубекова, Г.А.Уманов,
Н.Д.Хмель және т.б. қарастырса, оқушылар мен болашақ мамандар тұлғасын
тәрбиелеу теориясын дамытуға Ш.А.Абдраман, Қ.Ж.Аганина, Е.И.Бурдина,
К.К.Жампейісова, С.Т.Каргин, Қ.М.Кертаева, Г.Ж. Меңлібекова, Н.А.Минжанов,
Г.О.Тажигулова, Ә.Ә.Усманов, Л.А.Шкутина және т.б.үлес қосқан.
Қазақстанда тарихи-педагогикалық зерттеулердің ғылыми дәстүрі біраз
ғылыми мектептерді, зерттеу бағыттарын қамтиды. Атап айтсақ, қазақстандық
ғалымдар Т.М.Әлсатов, Ж.Есекеев, А.Ильясова, К.Ж.Ибраева, А.К.Игибаева,
А.Көбесов, Ә.Н.Көшербаева, Е.Омарұлы, Ә.Сембаев, Қ.А.Сарбасова, Т.Тәжібаев,
В.Г.Храпченков, Қ.Қ. Шалғынбаева және т.б. зерттеулерінде елімізде білім
беру жүйесінің қалыптасу және даму тарихы, педагогикалық ойлардың дамуы
бойынша құнды материалдар қамтылған.
Жұмысымызды құнды ғылыми деректермен дәлелдеуде республикамызға белгілі
тарихшылардың (Ж.Артықбаев, М.Қ.Қозыбаев, Ә.Х.Марғұлан және т.б.),
саясаттанушылардың (Қ.Е.Көшербаев, К.Нұрпейісов, М.М.Тәжин және т.б.),
философтардың (Ғ.Есім, Д.Кішібеков, Ә.Нысанбаев және т.б.),
әдебиеттанушылардың (М.Әуезов, М.Ғабдуллин, М.Жолдасбеков, Н.Келімбетов,
А.Сейдімбек және т.б.), психологтардың (Н.Елікбаев, Қ.Жүкеш және т.б.)
зерттеу еңбектерінің көмегі зор болды.
Біздің жұмысымыз үшін әлеуметтік-мәдени, антропология, этнопсихология,
этносоциология саласындағы зерттеулер де құнды болды (Д.Г.Брагина,
Ю.В.Бромлей, Н.Жандильдин, Қ.Б.Жарықбаев, М.Ю.Мартынова, Г.А. Пестова және
т.б.).
Мәдениеттану тұрғысында (М.Х.Балтабаев, Ж.Ж.Наурызбай, В.В.Краевский,
И.Я.Лернер, М.Н.Скаткин, А.Сейдімбек, т.б.) тұлғаны жалпыадамзаттық
мәдениетті меңгеруге бейімдеу, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұлттық мәдениет
жиынтығының тұлға бойында көрініс беруі, мәдениет аясында жеке тұлғаның
өзін-өзі іске асыруы қарастырылған.
Зерттеуіміз Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім беруге
арналғандықтан, жалпы білім беретін мектептер және ондағы оқу-тәрбие
үдерісінің түрлі аспектілерін қарастырған еңбектер де назардан тыс қалған
жоқ. Республикада бастауыш, жетіжылдық және сегізжылдық оқытуды жүзеге
асыру проблемасына арналған біраз зерттеулер де баршылық: Р.Д.Когай,
Ұ.Қыяқбаева, К.Т.Омарова, А.К.Тлебалдиева және т.б.
Дегенмен, ресми құжаттарға, іргелі ғылыми еңбектерге, мектеп
практикасына жасалған талдау Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім беру
тарихы арнайы зерттелмегенін көрсетті.
Сонымен:
- Қазақстан Республикасының қазіргі кездегі даму жағдайында оқушыларға
этномәдени білім берудің жаңа мазмұнға ие болуы мен бүгінгі күнге дейін
қалыптасқан этномәдени білім беру идеялары, теориялары және практикасы
жинақталып қорытылмауы арасында;
- этномәдени білім берудің даму тенденцияларының айқындалмауы және
олардың этномәдени білім беруді теориялық негіздеуге қажеттілігі арасында;
- этномәдени білім беру тәжірибесінде жинақталған жетістіктер мен
кемшіліктердің анықталмауы және олардың жалпы білім беретін орта мектеп
практикасында ескерілмеуі арасында қайшылықтар бар екендігі анықталды.
Осы қарама-қайшылықтардың шешімін іздестіру бізге зерттеу проблемамызды
анықтауға және тақырыпты Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім берудің
қалыптасуы мен дамуы деп таңдауымызға себеп болды.
Зерттеу мақсаты: Қазақстанда этномәдени білім берудің қалыптасуы мен
дамуын тұжырымдамалық тұрғыдан зерттеп, анықтау және оны білім беру
жүйесінде пайдалану мүмкіндіктерін ашу.
Зерттеу нысаны: оқушыларға этномәдени білім беру.
Зерттеу пәні: Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім беру эволюциясы.
Зерттеудің ғылыми болжамы: егер Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім
берудің қалыптасу және даму тарихы жүйеленіп, оның ғылыми-педагогикалық
негіздері зерттелсе, онда этномәдени білім беру теориясы мен практикасын
жетілдіруге байланысты жаңа педагогикалық идеяларды одан әрі дамытуға
мүмкіндік болады, өйткені, этномәдени білім берудің даму тенденциялары,
ерекшеліктері, динамикасы анықталады және перспективасы болжанады.
Зерттеудің міндеттері:
1. Оқушыларға этномәдени білім берудің әдіснамалық және теориялық
қағидаларына талдау жасап, ғылыми тұрғыдан негіздеу.
2. Қазақстанда этномәдени білім беру идеяларының даму генезисін анықтау.
3. Қазақстанда этномәдени білім берудің қалыптасуының тарихи-
педагогикалық алғышарттарын анықтау.
4. Оқушыларға этномәдени білім берудің қалыптасуы мен даму кезеңдерін
айқындаудың тұжырымдамалық тұғырларын анықтап, Қазақстанда этномәдени
білім берудің негізгі кезеңдерін ашып көрсету.
5. Қазақстанда этномәдени білім беру теориясы дамуының негізгі
тенденцияларын ашып көрсету.
6. Қазақстанда этномәдени білім беру практикасының даму ерекшеліктері мен
динамикасын көрсету.
7. Қазақстан Республикасы орта мектептерінде этномәдени білім беру
процесін жетілдіру бойынша ғылыми-әдістемелік ұсыныстар жасау.
Зерттеудің жетекші идеясы: бүгінгі күн талабынан туындап отырған
этникалық толерантты тұлғаны қалыптастыруды біртұтас үздіксіз тарихи -
педагогикалық процесс ретінде қарастыру Қазақстанда оқушыларға этномәдени
білім берудің қалыптасуы мен дамуын ретроспективтік тұрғыдан талдауға,
бағалауға, пайдалану мүмкіндіктерін анықтауға және даму перспективасын
көрсетуге мүмкіндік береді.
Зерттеу жұмысының әдіснамалық және теориялық негіздері: жалпы таным
теориясы, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтардың диалектикалық өзара
бірлігіне байланысты тарихи, философиялық, әлеуметтік және мәдени ілімдер,
тарихи-педагогикалық құбылыстарды зерттеуге аксиологиялық және жүйелілік
қатынас теориясы, этнос теориялары, этнопедагогика, этнопсихология
тұжырымдары, білім беру философиясы туралы ілім, тарихи, ғылыми шынайылылық
және тарихи шындықты анықтау қағидалары, тарихи құбылыстар мен процестерді,
фактілер мен оқиғаларды талдау мен педагогикалық ой-пікірлердің қалыптасуы
мен дамуын зерделеуге қатысты ғалымдардың тұжырымдамалық зерттеулері.
Теориялық негіздері: Гуманистік парадигманы этномәдени білім берудің
теориясы мен практикасының жетекші негіздемесі ретінде қарастырушылар
(Е.В.Бондаревская, Р.А.Валеева, И.А.Колесникова, И.Б.Котова, В.А.Сластенин,
Е.Н.Шиянов және т.б.);
Қазақстанда этномәдени білім беру генезисін тарихи және әлеуметтік
мәдениет тұрғысынан зерттеушілер (Қ.Б.Жарықбаев, С.Қалиев, Ж.Ж.Наурызбай
және т.б.);
Білім беруде мәдениеттанушылық тұғырнаманы ұсынушылар (М.С.Каган,
Е.В.Бондаревская және т.б.);
Этностық дамудың теориясы мен тарихын зерттеушілер (С.А.Арутюнов,
Л.Н.Гумилев, Ю.В.Бромлей және т.б.);
Білім беру, халықтық педагогика мен этнопедагогиканың этномәдени
негіздерін жасаушылар (Г.Н.Волков, К.Ж.Қожахметова, Ш.М. Мухтарова,
Ж.Ж.Наурызбай, С.А.Ұзақбаева, Г.Ф.Хасанова, және т.б.);
Білім беру мен педагогикалық ойлардың даму тарихы әдіснамасын ұсынушылар
(М.В.Богоуславский, Қ.Б.Жарықбаев, А.Н.Ильясова, С.Қалиев, З.И.Равкин және
т.б.) еңбектері.
Зерттеу әдістері: жалпығылыми (логикалық, жүйелі-құрылымдық,
индуктивтік, дедуктивтік т.б.); тарихи (тарихи-салыстырмалы, тарихи-
генетикалық, тарихи-типологиялық, тарихи-жүйелілік, ретроспективалық т.б.);
тарихи талдау әдістері (тарихи-философиялық, тарихи-генетикалық, тарихи-
жүйелілік, мәдениеттану, тарихи-салыстырмалы, ретроспективті және т.б.);
салыстырмалы-педагогикалық зерттеу әдістері (жүйелілік-құрылымдық,
жүйелілік-талдау, құрылымдық-функциональдық, ғылыми зерттеулерді және
мұрағат материалдарын оқып-танысу және теориялық талдау, жұмыс нәтижелерін
болжау т.б.).
Зерттеу көздері:
- ғылыми басылымдар (монографиялар, диссертациялар мен мерзімді баспа
материалдары): білім беру философиясы, психология, педагогикалық
прогностика мен этнопедагогика бойынша еңбектер, қазақстандық және
шетелдік, оның ішінде, ресейлік ғалымдардың жарияланымдары;
- анықтамалық басылымдар: педагогикалық, философиялық, мәдениеттану
энциклопедиялары, сөздіктер мен библиографиялық тізімдер;
- құқықтық - нормативтік және нормативті реттеуші құжаттар: Қазақстан
Республикасының Конституциясы, ҚР Білім туралы заңы, ҚР Мәдениет
туралы, Тілдер туралы заңдары және т.б.
- ресми-ұйымдастырушылық, ғылыми педагогикалық құжаттар: Қазақстан
Республикасында этникалық-мәдени білім тұжырымдамасы, Тарихи сана
қалыптасуының тұжырымдамасы, Жалпы білім беретін мектептер
тұжырымдамасы, Қазақстан Республикасы білім беруді дамытудың 2002-2010
жылдарға арналған бағдарламасы, Білім мемлекеттік бағдарламасы,
Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие
тұжырымдамасы т.б.;
- мұрағат материалдары: Қазақстан Республикасы Орталық мұрағат
материалдары, Қарағанды облыстық мұрағат материалдары;
- статистикалық материалдар.
Зерттеудің негізгі кезеңдері:
Бірінші кезеңде (2000-2002 жж.) зерттеу проблемасы анықталып, ғылыми
аппарат құрастырылды. Зерттеу мәселесі бойынша материалдар жинақталып,
сұрыпталды. Тақырып бойынша тарихи, тарихи-педагогикалық, философиялық,
психологиялық, әдебиеттану саласындағы әдебиеттерге талдау жасалып,
библиографиялық материалдар жинақталды. Ғылыми мақалалар мен оқу құралдары
жарық көрді. Қолданылған әдістер: тарихи-генетикалық, салыстырмалы,
ретроспективтік, жүйелілік-құрылымдық.
Екінші кезеңде (2003-2006 ж.ж.) жинақталған деректер қазіргі педагогика
ғылымының теориялық қисындары тұрғысынан талданды. Этномәдени білім беру
теориясының даму тенденциялары белгіленіп, өзіндік ұстанымдары анықталынды.
Қолданылған әдістер: талдау, жинақтау, тарихи-салыстырмалы, тарихи-
генетикалық, құрылымдық-функциональдық. Жоғары оқу орны студенттері мен
магистранттарға арналып Қазақстанда этнопедагогикалық ойлардың даму
тенденциялары, Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім беру тарихы
арнайы курстар бағдарламалары жасалды.
Үшінші кезеңде (2007-2010жж.) зерттеу материалдары құрылым бойынша
жүйеге келтірілді, нәтижелері нақтыланды. Электронды оқу құралдары мен оқу
құралдары дайындалды. Қолданылған әдістер: материалды теориялық жағынан
өңдеу, жүйелеу. Пайдаланылған әдебиеттер жүйеге келтіріліп, диссертация
ресімделді.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық маңыздылығы:
1. Педагогикалық білімдегі жаңа бағыт – оқушыларға этномәдени білім
берудің теориялық-әдіснамалық қағидалары мен тұжырымдары
талданды, оның тарихи-мазмұндық жағы толықтырылды. Педагогикалық
теория мен практикада қалыптасқан этномәдени білім берудің
ұғымдық-категориялық сипаттамасы берілді.
2. Қазақстанда этномәдени білім беру идеяларының даму генезисі
анықталынды.
3. Қазақстанда этномәдени білім берудің қалыптасуының тарихи-
педагогикалық алғышарттары анықталды.
4. Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім берудің эволюциялық
дамуының тұжырымдамалық тұғырлары анықталып, негізгі кезеңдері
ашып көрсетілді.
5. Қазақстанда этномәдени білім беру теориясы дамуының негізгі
тенденциялары анықталды.
6. Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім беру практикасының даму
ерекшеліктері мен динамикасы айқындалды.
7. Қазақстан Республикасы орта мектептерінде этномәдени білім беру
процесін жетілдіру бойынша ғылыми-әдістемелік ұсыныстар жасалды.
Зерттеудің практикалық мәнділігі: зерттеу нәтижелері Қазақстанда
этнопедагогикалық ойлардың даму тенденциялары, Қазақстанда оқушыларға
этномәдени білім беру тарихы атты арнайы курстар бағдарламаларының, жарық
көрген оқу құралдары мен оқу-әдістемелік құралдар негізіне алынды.
Оқу үдерісіне:
- Педагогика тарихы оқу құралы;
- Педагогика тарихы бойынша атлас оқу құралы;
- Қазақстанда этнопедагогикалық ойлардың даму тенденциясы электронды
оқу құралы;
- Алаш арыстарының педагогикалық мұралары электронды оқу құралы;
- Халық даналығы автоматтандырылған оқу бағдарламасы;
- Шағын комплектілі бастауыш мектепте қазақ тілін оқыту технологиясы
оқу құралы;
- Бастауыш мектепте қазақ тілін оқыту теориясы және технологиясы оқу
құралы;
- Халық қазынасының тәлімдік тағылымы оқу құралы;
- Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім беру тарихы оқу құралы
әзірленіп енгізілді.
Оқушыларға этномәдени білім беру мәселелері бойынша жинақталып,
қорытылған тарихи-педагогикалық материалдарды жоғары оқу орындарында, ЖОО-
дан кейінгі білім беру жүйесінде және біліктілікті арттыру жүйесінде,
педагогикалық циклдегі пәндердің мазмұнын жетілдіру ісінде пайдалануға
болады.
Қорғауға ұсынылатын қағидалар:
1. Тарихи-педагогикалық талдау көрсеткендей, этномәдени білім берудің
теориялық-әдіснамалық тұжырымдары мен қағидаларының негізгі мәні
мынада:
- мемлекеттің ғылыми негізделген ұлттық саясатының негізінде білім беру
саласында этностар мен этностық топтардың тілдік және ұлттық-мәдени
мүдделерін барынша іске асыруға бағытталған мәдениет пен білім беру
интеграциясы;
- қоғам өміріндегі этностық және жалпы адамзаттық құндылықтардың өзара
қатынасын, жеке тұлға, ұлттар мен ұлыстардың өркениет пен мәдениет
әлеміне жеке дара этностық-мәдени ерекшеліктерін сақтай отырып енуін,
ұрпақтардың мәдени сабақтастық байланыстарын қамтамасыз ететін
дәстүрлер парадигмасы;
- этномәдени білім беру жүйесінің күрделі функциональдық жан-жақтылығы,
көп қырлылығы, әлеуметтік бағыттылығы.
2 Қазақстандағы этномәдени білім беру теориясы мен практикасы
генезисіндегі қайнар көздерге халықтың көне тарихи-тәрбиелік тәжірибесі
жатады.
3 Қазақстанда этномәдени білім беру қалыптасуының тарихи-педагогикалық
алғышарттары ретінде сақ дәуіріндегі рухани құндылықтар, Орхон-Енисей
ескерткіштері, ортағасырлық Орта Азия мен Қазақстан халықтарының тәлімдік
ой-пікірлері және т.б ұсынылады.
4 Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім берудің пайда болуы,
қалыптасуы мен дамуын кезеңдерге бөлудің тұжырымдамалық тұғырлары
анықталды. Этномәдени білім берудің эволюциясын шартты түрде басты үш
кезеңге бөліп сипаттауға болады:
1 кезең: Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім берудің пайда болу
кезеңі (ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХғ. басы);
2 кезең: Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім берудің қалыптасуы (ХХ
ғасырдың 20-90 жылдары);
3 кезең: Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім берудің дамуы (1991
жылдан бері).
5 Қазақстанда этномәдени білім беру идеяларының, теориясы мен әдіснамасы
дамуының негізгі тенденциялары мынада:
- этномәдени білім берудің мазмұны мен эволюциясы жалпыадамзаттық,
ұлтаралық және ұлттық қатынастың диалектикасы арқылы анықталады;
- этномәдени білім беру қоғамның сол кездегі әлеуметтік дамуына тәуелді
болғандықтан, әр тарихи кезеңде этномәдени білім беру өзегін сол қоғамда
басым болған этностық мәдениет анықтайды;
- этномәдени білім беру базалық, ең алдымен, ұлттық-мәдени және тілдік
құндылықтар жүйесіне негізделеді;
- халық педагогикасы мен ұлттық тәлім-тәрбие – этномәдени білім берудің
тарихи-мәдени және педагогикалық негіздері болып табылады.
6 Қазақстан Республикасы орта мектептерінде этномәдени білім беру
практикасының даму ерекшеліктері мен динамикасы өзінің бастауын алғашқы
мұсылман мектептері мен медреселерден алып, орыс-қазақ, алғашқы қазақ
мектептері, кеңестік дәуірдегі мектептерден кейін егемендікке қол
жеткізгеннен бергі кезеңде өрлей дами түсті.
7 Қазақстан Республикасында оқушыларға этномәдени білім беруді жетілдіру
бойынша ғылыми-әдістемелік ұсыныстар жүйесі.
Зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі: педагогикалық
зерттеудің ғылыми-әдіснамалық негізімен, диссертациялық жұмыс ғылыми
аппаратының зерттеу мазмұнына сәйкестілігімен, алынған нәтижелер мен
тұжырымдардың жоғары оқу орындарына енгізілуімен, тарихи-педагогикалық,
мұрағаттық деректердің ғылыми-теориялық тұрғыдан талдануымен, оларды
қазіргі жалпы білім беретін мектеп мазмұнын жетілдіру мақсатында пайдалану
туралы ғылыми-әдістемелік ұсыныстар жасалуымен және диссертанттың көп жылғы
педагогикалық іс-тәжірибесін тірек етуімен қамтамасыз етіледі.
Зерттеу нәтижелерінің талқылануы және жүзеге асырылуы: зерттеудің
негізгі қағидалары мен нәтижелері зерттеу тақырыбы бойынша жарық көрген оқу
құралдарында баяндалды, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым
министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің педагогика
мамандығы бойынша бекіткен басылымдары (18) мен алыс және жақын
шетелдердегі халықаралық ғылыми - практикалық конференциялар мен мерзімді
журналдарда (Англия, Чехия, Ресей (Санкт-Петербург, Саратов), Белоруссия
(Мозырь), Болгария), халықаралық ғылыми-әдістемелік конференцияларда
(Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Талдықорған, Жезқазған, Көкшетау, Тараз – 2000,
2001, 2002, 2003, 2004, 2005, 2006, 2007, 2008, 2009), Республикалық және
облыстық ғылыми-әдістемелік конференцияларда (Алматы, Қарағанды – 2001,
2004, 2006, 2009), жоғары оқу орындарының проофессор-оқытушыларының ғылыми-
теориялық, әдістемелік, практикалық конференцияларында (Ө.А.Байқоңыров
атындағы Жезқазған университеті, Абай атындағы Алматы ұлттық педагогикалық
университеті, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті,
Тараз педагогикалық мемлекеттік институты оқуларында) баяндалды, басылым
көрген оқу және оқу- әдістемелік құралдарында, мақалалар мен тезистерде,
Қазақстан-Қарағанды облыстық телеарнасының Сіз бен біз бағдарламасында
(2005) баяндалды.
Зерттеудің көлемі мен диссертация құрылымы: диссертация кіріспеден, үш
бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан
тұрады.
Кіріспеде тақырыпты таңдау және оның көкейкестілігі негізделген,
проблема, зерттеудің мақсаты, нысаны, пәні, ғылыми болжамы, міндеттер
анықталған, зерттеудің әдіснамалық негіздері ашылып көрсетілген, ғылыми
жаңалығы, практикалық мәнділігі берілген, қорғауға ұсынылатын қағидалар
тұжырымдалған.
Қазақстанда этномәдени білім берудің генезисі мен теориялық негіздері
деп аталатын бірінші бөлімде тақырып аясында негізгі базалық ұғымдардың
қалыптасуына, этномәдени білім берудің қалыптасуының қайнар көзі ретінде
қазақ халқының тарихи-тәрбиелік тәжірибесіне мазмұндық талдау жасалған,
ежелгі және ортағасырлық Орта Азия мен Қазақстан халықтарының философиялық
және этикалық-педагогикалық идеялары этномәдени білім беру тұрғысынан
ашылып көрсетілген. Сондай-ақ, этномәдени білім беру генезисінде халық
ауызекі шығармашылығындағы этномәдени білім сөз болады.
Қазақстанда этномәдени білім беру теориясы мен әдіснамасының қалыптасуы
мен дамуы деп аталатын екінші бөлімде аталмыш мәселеге қатысты әдіснамалық
көзқарастар тарихи кезеңдерге орайластырып қарастырылған. Қазан
революциясына дейінгі кезеңдегі әдіснамалық көзқарастарды ашып көрсетуде
Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаевтың педагогикалық идеяларына талдау
жасалған. Кеңестік дәуірдегі әдіснамалық көзқарастарды ашып көрсетуде
А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, т.б.
тәлімгерлік мұралары; ғалымдар Т.Тәжібаев, Ә.Сембаев, Р.Г.Лемберг,
Г.А.Уманов. Г.М.Храпченков, С.Қ.Қалиев, Қ.Б.Жарықбаев т.б. озық ойлары
талданған.
Тәуелсіз Қазақстан жағдайындағы этномәдени білім беру әдіснамасы мен
теориясының дамуын ашып көрсетуде этнопедагогика ілімінің әдіснамалық
негізін салушылар С.Қ.Қалиев, К.Ж.Қожахметова, Ж.Ж.Наурызбай,
С.А.Ұзақбаева, Ә.Табылдиев және т.б. іргелі зерттеулері талданып,
этномәдени білім беру теориясының даму үрдістері ашылған.
Қазақстанда этномәдени білім беру практикасының негізгі бағыттары деп
аталатын үшінші бөлімде Қазақстандағы мұсылман мектептері мен
медреселерінен бастап еліміздің бүгінгі тәуелсіз өрлеуі кезеңіне дейінгі
аралықта мектептердің дамуы мен ондағы этномәдени білім беру мазмұнының
ерекшеліктері, дамып-жетілу динамикасы анықталған.
Қорытындыда зерттеу жұмысының нәтижесіне негізделген тұжырым мен
ұсыныстар берілген, көкейкесті мәселенің даму болашағы көрсетілген.
Қосымшада зерттеу жұмысының нәтижелерінің тәжірибеден арнайы курс
ретінде бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығының
бакалавриат, магистратура бөлімінде өтілгендігін растайтын анықтамалар мен
әр типтегі мектептердің құрылымдық ерекшелігіне сай түзілген оқу
бағдарламалары, оқылатын пәндер тізбегін көрсететін кестелер жиынтығы,
мұрағаттарда жұмыс жасалғандығын растайтын анықтамалар беріледі.

Негізгі бөлім

Оқыту мен тәрбиенің этномәдени бағыттылығы Қазақстан Республикасының
қазіргі білім беру саясатындағы басты бағыттардың бірі болып отыр. Бұл
жөнінде Қазақстан Республикасының әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі
тұжырымдамада елімізде тұратын барлық халықтар мәдениетінің өзіндік
ерекшелігіне тиісті көңіл бөлінетіндігі, кез келген мәдениет қайталанбас,
теңдесі жоқ қазына екендігі және қай халық болмасын өзін дүние жүзіне сол
арқылы танытатындығы айтылған.
Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім берудің қалыптасуы мен дамуын
сөз етпес бұрын, этнос, мәдениет, этномәдениет, білім беру мазмұны,
ұлт, ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрлер, этникалық сәйкестілік және
т.б. терминдердің ұғымдық деңгейлерін, қолданылу аясын анықтап алу қажет.
Этнос термині байырғы грек тілінде сөз орайына қарай үйір, топ,
тайпа, халық мағынасында қолданылған, ғылыми әдебиетте XVIII ғасырдан
бергі кезеңде көріне бастады. Алғашқы кезде ғалым-зерттеушілер этнос
сөзін тайпа, ұлт, тіптен, нәсіл мағынасында қолданды. Әсіресе,
этникалық деп келетін туынды сөздің мән-мағынасы XIX ғасырдың соңына
дейінгі ғылыми еңбектерде бір ізге түсе қойған жоқ. ХХ ғасырдың екінші
жартысында әр салалы этнологиялық зерттеулер этнос сөзінің аясын едәуір
кеңейтті. Атап айтқанда, этностардың тарихи типологиясы (С.А.Токарев),
этникалық сана-сезім (М.Г.Левин), этностың биологиялық даралығы
(Л.Н.Гумилев), этностың ерекшелігі (Н.Н.Чебоксаров), этнос мүшелерінің
эндогамиялық тектестігі (Ю.В.Бромлей), этностың аумақтық және экономикалық
байланысы (В.И.Козлов), этносаралық, синхронды және диахронды
байланыстардың маңызы (С.А.Арутюнов), этносаралық кірігу немесе ассимиляция
(В.К.Гарданов, И.С.Гурвич) т.б. тақырып өрістері этнос сөзінің мән-
мағынасын анағұрлым тереңдетті.
Этнос сөзінің қазіргі ғылыми айналымдағы мән-мағынасын былайша
тұжырымдауға болады: бір мекенде тарихи өсіп-өнген, ортақ және орныққан
тілі, мәдениеті, психикасы бар, сондай-ақ өздерінің әрі біртұтастығын, әрі
өзгелерден ерекшелігін сезінетін, сана-сезімі қалыптасқан, өзіндік атауға
(этноним) ие адамдар қауымын этнос дейді.
Мәдениет терминінің де ғылыми еңбектерде анықтамасы алуан түрлі.
Әсіресе, мәдениеттің жергілікті, аймақтық, ұлттық және халықаралық аядағы
мәні мен болмысы туралы пікірлер сан сала. Тек қана ағылшын тіліндегі
әдебиеттерде 50-ші жылдардың бас кезінде мәдениетке 160-тан астам
анықтама беріліпті. Ал жалпы, батысеуропалық әдебиеттерде мәдениеттің 250-
ден астам анықтамасы бар екені айтылады. Мәдениет терминінің көп мәнді,
алуан мағыналы екені сонша, жарық жалған, кең дүние деңгейіндегі ұғымдардан
бастап, тұлғаның тал бойындағы қасиетіне дейін қамтитын алуан түрлі
тұжырымдарды білдіреді. Мәдениет адамзат әрекетінің құралы, адам қолынан
шыққан нәрсе сияқты қарапайым пікірлерден бастап, қоғамдағы адамның
қоршаған ортаға бейімделуі тудырған биологиядан тыс құралдар мен
механизмдер жиынтығы деп анықтайтын таза абстракциялық тұжырымдар мәнінде
де кеңінен қолданылып жүр.
Мәдениет ұғымына берілген анықтамалар мен пікірлердің көптігіне
қарамастан, барлығына тән ұқсастықтары оның мазмұнының сабақтастығынан,
оның құндылықтары ұрпақтан ұрпаққа ауысып, жалғасып жатқандығынан,
тұрақтылығынан көрінеді.
Сөйтіп, мәдениетке адамдардың бірлесе ғылыми, моральдық-әлеуметтік,
көркем және техникалық құндылықтар жасаудағы қарым-қатынастар жиынтығы
деген тұжырымды құптауға болады. Мәдениеттің мәні адамның дербес еңбегіне
байланысты туындайтын дүние деп санаймыз.
Этникалық мәдениет – мәдениеттің базасы және құрамдас бөлігі, ол белгілі
бір қызмет атқарады және өзіне тән мазмұндық компоненттері бар.
Этникалық мәдениет тарихи қалыптасқан іс-әрекет тәсілі, соның
нәтижесінде түрлі халықтардың өздерін қоршаған табиғат пен әлеуметтік орта
жағдайына бейімделуін қамтамасыз етеді.
Этникалық мәдениет бір этносты екіншісінен ажыратып тұратын, әлеуметтік
өмірдің күрделі де көп аспектілі құбылысы, оны тек жалғыз элемент арқылы
ғана сипаттау мүмкін емес. Сол себепті, қарапайым этникалық белгі жоқ
немесе болуы да мүмкін емес. Этностың ерекшелігі оның мәдениетінің барлық
деңгейлерімен анықталады. Этникалық мәдениет көне заманнан бүгінгі уақытқа
дейінгі түрлі дәуірлердегі мәдениетті қамтиды.
Білім беру – қазіргі кезде тек дидактикалық категория ғана емес, ол
ғылымаралық мәнге де ие болды. Табиғаты жағынан өте күрделі және көп қырлы.
Сондықтан, білім беру түсінігіне оқытудың нәтижесі ретінде білім, іскерлік,
дағдыларды ғана емес, оқушының іс-әрекет пен қарым-қатынасының үздіксіз
жүруі барысында мінез-құлықтық ұстамдарында сындарлы ойлау, әрекет жасау,
бағалау біліктерін де қалыптастыруға назар аудару керек.
Білім беру дегеніміз қоғамның мәдени мұрасын адамға жеткізу тәсілі мен
танып-білу (интериоризация) арқылы адамды мәдениетке жақындастыру процесі,
әлеуметтендіру, сонымен бірге адамның дене және рухани жағынан қалыптасу
құралы.
Жүргізілген ғылыми-ұғымдық талдау зерттеуге алған тақырыбымыздың басты
категориясы – этномәдени білім беру түсінігінің анықтамасына тоқталуға
мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңдағы ғылыми әдебиеттерде қазіргі этномәдени білім беруді
сипаттайтын анықтамалар туралы қалыптасқан түрлі көзқарастарды саралап,
ұғымдық-терминологиялық аппарат жүйесін жасадық.
Біз этномәдени білім берудің құрылымдық бөліктеріне мыналарды
жатқызамыз:
- өзінің төл мәдениетін саналы, сыни тұрғыдан игеру нәтижесінде
оқушыларды мәдениетаралық толеранттылыққа тәрбиелеу;
- этномәдени дәстүрлерді танып-білуде бейнеленген жеке тұлғалық мәнге ие
болуын қамтамасыз ететін оқушылардың әлеуметтік ортада өзін-өзі танып-
білуі мен өзін-өзі жүзеге асыруы;
- тұлғаның этномәдени сабақтастығының траекториясы мен оны
мәдениетаралық диалогқа дайындау жағдайында педагогтар мен балалардың
педагогикалық, әлеуметтік өзара әрекеті.
Этномәдени білім берудің сипаттамасы және оның негізгі категориялары:
этномәдени даму, этномәдени тәрбие, этномәдени оқыту. Оларға берілген
анықтамаларды қоштай отырып, этномәдени даму дегеніміз баланың мәдени
ортаға ену процесі деп санаймыз, онда тұлғалық жаңа құрылымдары бірнеше
мәрте қайта жаңғыртылады және бекітіледі, соның негізінде тұлғаның тұрақты
этникалық құрылымы жеткілікті дәрежеде қалыптасады.
Сонымен, оқушыларға этномәдени білім беру балаларға ана тілін, төл
мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын, жалпыадамзаттық мәдени қазынаны игерте
отырып, олардың мәдениетаралық ұлттық сана-сезімі мен этномәдени
сәйкестілігін қалыптастырып, төзімділігін тәрбиелеуге бағытталған білім
беру жүйесі болып табылады.
Кез келген этнопедагогикалық құбылыстар мен фактілерді оқып-зерттеу мен
оларға сипаттама беру үшін теориялық-әдіснамалық аппаратты қолданбай іске
асыру мүмкін емес.
Әрбір ғылымның негізгі тұғыры – әдіснама екенін ескере отырып, мектеп
оқушыларына этномәдени білім берудің әдіснамалық негізін айқындау барысында
философтардың, психологтардың, педагогтардың, әлеуметтанушылардың,
мәдениеттанушылардың т.б. берген ғылыми ой- тұжырымдары біздің зерттеу
жұмысымыздың әдіснамасын ашуға негіз болды. Этномәдени білім беруді әртүрлі
әдіснамалық тұрғыдан қарастыруға болады.
Мәдениеттанушылық тұрғыдан қарастыратын болсақ, этномәдени білімнің
дамуы түрлі өркениет пен мәдениеттердің күрделі өзара әрекеті жағдайында
өтеді. Сонымен қатар ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан тіл, салт-дәстүр, ұлттық
мәдениет этномәдени білімнің негізі болып табылады. Бесік жырынан
басталатын ұлттық мәдениетке баулу дәстүрлері түркі халқына тән негізгі
салт болып саналады.
Аксиологиялық тұрғыдан талдасақ, этномәдени білімді ұрпақтан ұрпаққа
беріліп отырған заңдылық тұрғысынан да қарастыруға болады. Ол этникалық
мәдениеттің құндылық әлеуетін анықтап, этномәдени білім беру проблемаларын
ұлттық құндылықтар тұрғысынан қарастыруға мүмкіндік береді. Көптеген ұлттар
мен ұлыстар тұратын мемлекетте және әлемдік қауымдастықта этникалық
топтардың ұлттық-мәдени қажеттіліктерін қанағаттандыру мүмкіндіктерін
әлеуметтік - мәдени феномен тұрғысынан оқып - үйренуге бағдар береді.
Өркениеттілік тұрғыдан келсек, Қазақстан халқы әлемдегі көпэтносты
халықтардың бірі болып табылатындықтан, жалпыәлемдік және ұлттық
мәдениеттердің кірігу процесінде дамып, әлемдік кеңістікте тәуелсіз
Қазақстан халықтар бірлігі өркениеттілігінің биік тұғыры тұрғысынан айқын
көрініс береді.
Тұлғалық ықпалдылық тұрғыдан – әр тұлғаға оның жас ерекшелігімен қоса
мінез-құлқы, психологиялық жаратылысына байланысты әрекет ете отырып, оның
бойындағы құндылық қасиеттерін дамытуға ықпал ету.
Жүйелілік тұрғыдан алсақ, оқушыларға этномәдени білім беруде этномәдени
білім мазмұны жүйелі және бірізділікпен берілуі оқушының ұлттық санасы мен
танымын қалыптастыруға әсер ету.
Әлеуметтік тұрғыдан ықпал ету тұғыры - әлеуметтік орта мен тәрбиелік
кеңістікті орнықтыру, тұлғаны әлеуметтендіру үрдісі, әлеуметтік қарым-
қатынас негізінде тұлғаның этномәдени құндылығын қалыптастыруға
бағытталады.
Біздің зерттеу мәселеміз – этномәдени білімнің қалыптасуы мен дамуының
теориялық-әдіснамалық тұжырымдамалары тұлғалық, іс-әрекеттік, әлеуметтік,
аксиологиялық, мәдениеттану, өркениеттік, жүйелілік тұрғыларда сараланып,
теориялық тұрғыда негізделгендігіне көз жеткіздік.
Диссертациялық зерттеуіміз үшін біз әдіснамалық-теориялық негіз ретінде
қарастыратын, шетелдерде кеңінен тараған заманауи философиялық,
мәдениеттанушылық және педагогикалық тұжырымдамалардың маңызы зор.
Көп мәдениетті ортада тәрбиелеу тұжырымдамаларын дамытуда ғалымдар
Дж.Бэнкс, Э.Сепир, Б.Уорф, Уиллард Куайн, А.Тойнби, К.Г. Юнг, Э.Б.Тэйлор
және т.б. қомақты үлес қосты.
Бұл ғалымдардың ғылыми тұжырымдары зерттеліп отырған мәселенің әр түрлі
қырларын ашып көрсетуге көмектеседі. Оларда негізгі ұғымдар, мақсат пен
принциптер нақтыланған, көп және мультимәдени білім беру мазмұнының моделі
тұжырымдалған, осындай білім беруді тәжірибеде іске асыру жолдары,
көпмәдени ортада оқыту мен тәрбиелеудің әдістері мен тәсілдері, мұндай
білім берудің тиімділік өлшемдері белгіленген.
Шетелдерде, оның ішінде Ресей Федерациясы мен АҚШ-та кейінгі жылдары
кеңінен тараған ғылыми-теориялық тұжырымдамалардың әдіснамалық әлеуетін өз
жұмысымызда ескере отырып, біз бірінші кезекте осы бағыттағы отандық
зерттеулерге ден қойдық.
Осындай маңызды құжаттың бірі – 1996 жылы Қазақстан Республикасы
Президенті жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңес талқылап,
бекіткен, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Өкімімен мақұлданған Қазақстан
Республикасындағы этникалық-мәдени білім тұжырымдамасы (авторы
Ж.Ж.Наурызбай).
Біздің зерттеу жұмысымыз үшін әдіснамалық тұғыр ретінде ғалым
С.Қ.Қалиевтің халық тәлімінің тарихи кезеңдері туралы тұжырымы аса маңызды.
Автор қазақ халық педагогикасының тарихын адамзат дамуының қоғамдық құрылыс
кезеңдеріне сай сегіз кезеңге бөліп қарастыру қажет деп санайды.
С.Қалиевтің тағы бір әдіснамалық ұстанымын өз зерттеуімізде этномәдени
білім берудің қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдерін анықтауымызға
теориялық тұғыр ретінде басшылыққа аламыз. Белгілі ғалым: Тарихи-
педагогикалық зерттеулерге (оның ішінде этнопедагогикалық зерттеулерге де)
қойылатын маңызды методологиялық талаптардың бірі – деректердің бәрін
кешенді түрде пайдалану, солар арқылы бір-бірін тексеру, толықтыру, барлық
деректерді салыстыра отырып жинақтау, оларды зерттеуде шектес ғылымдардың
(антропология, тарих, этнология, фольклористика, логика, психология,
социология, археология) зерттеу әдістері жиынтығын кешенді пайдалану,
сөйтіп, деректерді талдап, педагогикалық тұрғыда түсіндіру қажет,- дейді.
Этномәдени білім беру эволюциясын зерттеудің тұжырымдамалық тұғырларын
анықтауда біз П.В.Плеханов ұсынған әдіснамалық қағидаларды ұстанамыз:
1. Идеялардың (ой-пікірдің) қоғамның әлеуметтік даму үрдісіне тәуелді
екендігін анықтау.
2. Ғылымның, әлеуметтік психологияның, әдебиеттің, өнердің даму
тарихын қоғамның даму үрдісімен ұштастыра қарастыру.
3. Тарихтың әр кезінде ғылымның даму барысы біркелкі болмайтынын және
әр елдің саяси, экономикалық, кәсіби, мәдени, психологиялық
өзіндік ерекшелігі бар екенін ескеру.
Жүргізілген ғылыми ізденіс пен отандық және шетелдік зерттеулерге
жасалған талдау этно және полимәдени білім берудің теориялық негіздері жан-
жақты қарастырылғанын анықтады. Бірақ, сонымен қатар, Қазақстанда этностық-
мәдени білім берудің генезисі арнайы диссертациялық зерттеуге арқау
болмағандығын көрсетті.
Әр халықтың мәдениеті, сан ғасырлық тәрбие-тәжірибесі, педагогикалық
ойлары дамып, қалыптасуын оның өмірінің әлеуметтік-тарихи және
мәдениеттанушылық контексінде қарастырмайынша, ол мәселелер мүлдем
түсініксіз болар еді. Бұл тұжырымның біздің қазақ халқының этномәдениетінің
зерттелуіне де қатысы бар.
Қазақстан өзге халықтармен шектескен аумақ болып табылады, онда ежелгі
дәуірден бастап шоғырлану мен агрессия, этностардың ішке енуі мен сыртқа
қоныс аударуы, нәсілдік және лингвистикалық үдерістер байқалды. Қазақ
халқының этнопедагогикасын, онда этномәдени білім берудің дамуы мен
қалыптасу тарихын оқып-үйренуге бұл жағдайдың тікелей қатысы бар. Қазақ
халқының этногенезінің қайнар көздері, оның мәдениетінің дамуы, қалыптасу
ерекшеліктері мен даму бағыттары өте күрделі және көпфакторлы, сондай-ақ ол
Азия, Еуропа, Африка және т.б. елдердің тарихымен де байланысты.
Түркі тектес халықтардың барлығына ортақ алғашқы педагогикалық ойлардың
дамуы VІ-ІХ ғасырлардан бастау алады, бұл қоғамдық сананың алғаш дүниеге
келу кезеңі (Орхон-Енисей жазу ескерткіштері, Қорқыт ата тағылымдары т.б.)
болып табылады. Орхон ескерткіштері – түркі халықтарына ортақ этномәдени
білім берерлік асыл мұра. Жырлардың негізгі тәрбиелік мәні мынада: түркі
руларын біріктіру, сыртқы жаулардан қорғау, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін
қастерлеу, ананы құрметтеу.
Түркі тектес халықтардың ежелгі тарихын, байырғы тұрмысын, әдет-ғұрпын,
салт-санасын, дәстүрін танытатын этномәдени құндылығы жоғары мұра – Қорқыт
ата кітабы. Қорқыт ата тағылымдары деп Сырдария бойын жағалаған Оғыз-
Қыпшақ тайпаларының мемлекетінде өмір сүрген, оғыздар арасынан шыққан
әйгілі күйші, музыкант, жыр алыбы, аңыз кейіпкері Қорқыттың тәлім-тәрбие
туралы ойларын айтамыз. Қорқыт ата кітабы – Орта Азия, Қазақстан және
Әзірбайжан халықтарының аса көрнекті ортақ жазба ескерткіші.
Арнайы тоқталуды қажет ететін мәселе – халықтың сол замандағы тәлім-
тәрбиелік тәжірибесі. Қазақ халқы ата-тегінен қалған мұраны сақтап қана
қалған жоқ, олардың болашақ жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге, этностың
рухани-адамгершілік бейнесіне, мәдениетке, тұрмысқа, әлеуметтік
қатынастарға тигізетін әсерін терең ұғынып, оны әрі қарай дамытуға тырысты.
Халықтың тәрбиелеу, білім берудің өмірлік тәжірибесінде қолданған
педагогикалық формалары мен құралдары алуан түрлі әрі мол. Осының
нәтижесінде ұлтымыздың жас ұрпағы сол замандағы қоғамның даму деңгейіне
сәйкес, жеткілікті деңгейде ақыл-ой, дене, еңбек, эстетикалық, адамгершілік
тәрбиесін алды. Көшпенді қазақ халқының тіршілігі мен еңбек әрекеті
табиғатпен, жануарлармен тығыз байланысты. Балалар тәрбиесі табиғатпен
ұштастырыла жүргізілді.
Тарихи жағдайлар мен рухани мұралардың барлығы халқымыздың этномәдени
білімдері өте ерте заманнан басталғанын, тарихы терең екендігін дәлелдейді.
Бұл рухани, этномәдени асыл мұраны ортағасырлық ойшылдардың тәрбие, білім
беру туралы идеялары және халық тәлімі мен ауызекі шығармашылығы одан әрі
байытты.
Қазақ халқының этномәдени білім беру негізін ортағасырлық Қазақстандағы
философиялық және этикалық-педагогикалық идеялар құрайды. Қазақ халқының
этнопедагогикалық ойлары қалыптасуына халық тәрбиесі, діни сенімдер, т.б
ықпал етті. Сонымен қатар, Орта Азия мен Таяу Шығыс, Қытай, кейінірек Ресей
халықтарының тәжірибесі мен білімдік-тәрбиелік идеялары да өз әсерін
тигізді.
Қазіргі Орта Азия мен Қазақстанды мекен еткен түркі халықтарының
тарихында Х-ХІІ ғасырлар қоғамдық дамудың жаңа кезеңі болды. Бұл кезде өз
қауымын айдай әлемге танытқан ғұламаларымыз тарих сахнасына шықты. Атақты
ғалым Ф. Копрулузаде тілімен айтқанда: Түркі халықтарының қоғамдық-мәдени
даму тарихында Қайта өрлеу - Ренессанс дәуірі болды. Өйткені, мемлекетті
басқарудың исламға негізделген әлеуметтік-этикалық нормаларын белгілеу
қажет болды. Осы қажеттілікті өтеу үшін әл-Фарабидің Әлеуметтік-этикалық
трактаттары, ибн Синаның Даныш-намесі, Білім кітабы, әл-Бирунидің
Хикметтері (Даналық сөздері), Ахмет Иүгінекидің Хибатул хакаийк
(Ақиқат сыйы) дастандары, Ахмет Иасауидің Диуани хикметі (Даналық
кітабы), Сүлеймен Бақырғанидың Ақырзаман кітабы, Құрбанғали Халидтың
Тауарих хамса (Бес тармақты тарих) т.б. шығармалар өмірге келді.
Қазақ халқының құрылуы этникалық территорияның қалыптасуымен қатар
жүрді. Көптеген этникалық-саяси және шаруашылық факторлардың әрекеті
нәтижесінде Қазақстан аумағында негізгі этникалық – территориялық
бірлестіктер – Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз құрылды. Қазақ хандығының пайда
болуы – Қазақстан территориясында ХIV-XV ғасырларда болып өткен әлеуметтік-
экономикалық және этникалық-саяси процестердің заңды қорытындысы. Тарихи
әдебиетте Шығыс Дешті Қыпшақтың көшпелі тайпаларының бір бөлігі Жошы ұрпағы
Керей мен Жәнібектің басшылығымен Шу мен Талас өзендерінің жазығына көшуі
Қазақ хандығының құрылуының бастауы деген пікір бар.
Қазақ халқы өз алдына тәуелсіз мемлекет болғанға дейін талай күресті
бастан кешіргені хақ. Атап айтқанда, араб, моңғол, жоңғар басқыншыларынан
өз атамекенін қорғап қалғандығы тарихтан белгілі.
Бұл кезең ХV-ХVІІІ ғасырлар аралығын қамтиды. Осы аралық қазақ елі үшін
ауыртпалығы мол болғанымен, халықтың тәлім-тәрбиелік дәстүрі қалыптасып,
дамуы осы кезден басталады.
Қазақтың ХV-ХVІІІ ғасырлар аралығындағы тәлім-тәрбиелік ойларының
бастауы болған Орхон-Енисей ежелгі жазбалары, оны жалғастырған, қазақ
жерінде дүниеге келген әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Махмұд Қашқари сияқты
аса ірі ғұлама-ғалымдар мұрасындағы тәлімдік ойлар Өтебойдақ Тілеуқабылұлы,
Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайри сияқты ойшылдардың туындыларынан
көрініс тапты. Өз еңбектерінде олар адам, ел басқару мұраттарын, этикасын,
тәрбие мәселесін, жалпы адамгершілік пен ізгіліктің бастау бұлағын ата-баба
салт-дәстүрлерінен, діни наным-сенімдерден, ғылымның халықтық бай
тәжірибеге негізделуінен іздестірген еді.
Қазақ хандығы тұсындағы этномәдени білім көрінісін халықтың ауыз
әдебиетінен табамыз. Осы кезеңде халық арасынан шыққан талантты адамдар
–ақындар, салдар, серілер, жыраулар болды. Жастарды отансүйгіштікке,
патриоттыққа, қайырымдылыққа, ұжымшылдыққа, еңбекті қадірлей білуге
тәрбиелеуде, үлкенді сыйлап, әдепті, кішіпейіл, елгезек, мейірімді болу
сияқты жақсы қасиеттерді олардың санасына сіңіріп, бойына ұялатуда Асан
қайғы, Шалкиіз, Доспамбет, Ақтамберді, Бұқар т.б. ақын-жырау шығармаларының
үлкен маңызы бар.
Қазақстанның Ресейге қосылғанға дейiнгi этномәдени білім беру
практикасын сөз етсек, бұл дәуiрде көбiнесе конфессионалдық дiни мектептер
мен медреселер, кейiн орыс-қазақ мектептерi қатар қызмет жасап, этномәдени
білім беруде олардың өзіндік маңызы болды.
Біз этномәдени білім беру идеяларының алғышарттарын ғылыми тұрғыдан
негіздеуге талпыныс жасадық (Кесте 1).

Кесте 1 – Қазақстандағы этномәдени білім беру идеяларының тарихи-
педагогикалық алғышарттары

№№Этномәдени Этномәдени Этномәдени білім Этномәдениет түрлері
білім білім беру беру идеялары
идеялары идеяларының баяндалған еңбектері
өкілдері
1 Ұлы түркі Әбу Насыр Әлеуметтік-этикалықҚалалар санының
қағанаты, әл-Фараби трактаттары, өсуі: олардың Жетісу
Қорқыт ата (870–950), Бақытқа жету аймағында пайда
мұрасы, Жүсіп жайында, Азаматтықболуы, Қолөнерінің
араб-шығыс Баласағұни саясат, дамуы (қыштан
мәдениетінің(ХІғ.), Мемлекеттік жасалған ыдыс-аяқ,
ықпалы Махмұд Қашқари қайраткердің нақыл темір ұсталық,
(VI-XV ғғ.) (ХІғ.), сөздері т.б. металл өңдеу, т.б.).
Қожа Ахмет Құтты білік, Сәулет өнерінің
Иасауи Даналық кітабы ансамбльдері,
(1103–1166) кесенелер мен
т.б. мешіттер
2 Қазақ Өтебойдақ Шипагерлік баян Халықтың тарихы,
хандығы Тілеуқабылұлы Жамиғ ат-тауарих салт-дәстүрлері,
тұсындағы (1388–1483), Тарих и Рашиди, әдет-ғұрпы,
этномәдени Мұхаммед ХайдарЖаһаннаме дүниетанымы,
білім беру Дулати Ақын-жырау мінез-құлқы,
идеялары (1499–1551) шығармаларының сана-сезімі туралы
(XV–XVІІІ Қадырғали мақсаты жастарды білім. Өсиет, ғибрат
ғасыр ) Жалайыр отансүйгіштікке, сөздер,
(1555–1607) патриоттыққа, тәлімдік-тәрбиелік,
Асан қайғы қайырымдылыққа, танымдық сөздер,
(XVғасыр ) ұжымшылдыққа, жырлар, ертегілер
Қазтуған (XV еңбекті қадірлей т.б.
ғасыр) білуге тәрбиелеуде,
Бұқар үлкенді сыйлап,
Жырау(1697–1787әдепті, кішіпейіл,
) елгезек, мейірімді
Шал (Тілеуке) болу сияқты жақсы
Құлекеұлы қасиеттерді олардың
(1748–1819) санасына сіңіріп,
т.б. бойына ұялату

Тарихи педагогикалық процестерді дәуірге бөлу оны санадан өткізуге,
ұғынуға көмектеседі, оның ішкі заңдылықтарын анықтауды жеңілдетеді, ғылыми
қорытынды жасап, оны заманауи құбылыстармен байланыстыруға мүмкіндік
береді. Мектеп және педагогика тарихын дәуірлерге бөлмей, зерттеу қиын.
Дәуірлерге бөлу - жалпы адамзаттың немесе аймақтың, елдің, белгілі халыққа
тән тарихи педагогикалық үдерістердің қалыптасу және даму кезеңдерінің
негізгі мазмұнын мәндік анықтау болып табылады.
Дәуірлерге бөлудің күрделілігі жалпыәлемдік тарихи - педагогикалық
үдерістің, сондай-ақ, оның аймақтық немесе аумақтық тарихына негізделген
бөліктерге бөлудегі қажеттіліктерді қанағаттандыруға қабілетті бірыңғай
өлшемдерді тұрақтандырудың қиындығына байланысты.
Кезең – кез келген тарихи педагогикалық құбылыстың, үдерістің дамуындағы
уақыттың белгілі аралығы.
Біздің зерттеу проблемамыз Қазақстанда этномәдени білім берудің
қалыптасуы мен даму тарихына байланысты болғандықтан, біз қазақ тарихы,
педагогика тарихы, қазақ халық педагогикасы тарихына байланысты кезеңдерге
бөлу проблемасын зерделеп, оның басты қағидаларын басшылыққа алдық.
Қазақстанда оқушыларға этномәдени білім берудің эволюциясын кезеңдерге
бөлуде төмендегідей тұжырымдамалық тұғырлар басшылыққа алынды:
1. Қазақстанда этномәдени білім берудің қалыптасуының тарихи-
педагогикалық алғышарттары анықталынды.
2. Этномәдени білім берудің әртүрлі кезеңдерінде қоғамның тарихи-
әлеуметтік даму процесіне талдау жасалды.
3. Этномәдени ой-пікірлердің, халықтық педагогиканың тәлімдік
құндылықтарының қалыптасуы мен дамуы ұлттық ғылым мен мәдениеттің
тиісті кезеңдердегі жай-күйімен ұштастыра зерттелді.
4. Зерттеу материалдарын ғылыми-педагогикалық талдауда этномәдени
білімнің маңызды компоненттері этнологиялық, этнопсихологиялық,
этнофилософиялық және этномәдениеттану ғылымдарының әдіснама-
әдістерін ескере отырып, дерек көздерін кешенді ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Оқу процесінің мəн-мағынлары
Көпэтносты Қазақстан жағдайындағы полимәдени тәрбие
Қазақстан Республикасының Университеттік білім беру жүйесінде тұлғаға этномәдениеттік білім беру мен тәрбие берудің ұлттық моделін құру
Мектептегi оқушылар ұйымындағы тәлiм-тәрбие жүйесi
Қазақстандағы ұлттық этникалық және әлеуметтік құрылымдарының негізгі қазіргі күнгі проблемаларының зерттелуі аспектілері
Сал-серілік дәстүр арқылы этномәдени тәрбие берудің тұжырымдамасы
Мектепке дейінгі мекемелер
Мектептегі оқушылар ұйымы арқылы ұлттық тәрбие берудің педагогикалық шарттары жайлы
Оқушыларға ұлттық тәрбие берудегі халықтық педагогиканың рөлі
Бастауыш сыныптарда қазақ тілін оқыту әдістемесі
Пәндер