Жоғары білім беруді әлеуметтік институт ретінде қарастыру


ӘОЖ 316. 378 (574) Қолжазба құқында
Тұрлыбеков Бердібай Дүйсенбекұлы
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖОҒАРЫ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІН ӘЛЕУМЕТТІК ИНСТИТУТ РЕТІНДЕ ЗЕРТТЕУ
22. 00. 04 - әлеуметтік құрылым, әлеуметтік институттар
және процестер
Социология ғылымдарының кандидаты ғылыми
дәрежесін алу үшін дайындаған диссертацияның
авторефераты
Алматы 2007
Жұмыс Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Социология және Политология кафедрасында орындалды.
Ғылыми жетекші: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
философия ғылымдарының докторы,
профессор М. С. Әженов.
Ресми оппоненттері:
Жетекші ұйым:
Қорғау 2008 жылдың айының “” күні сағат “___” де әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің социология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін диссертациялар қорғалатын Д14А. 01. 27 диссертациялық кеңесінде өтеді.
Мекен-жайы: Алматы қаласы, Амангелді көшесі, 61, мәжіліс залы
Диссертациямен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасында танысуға болады.
Автореферат 2008 жылдың айының “” күні таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғылыми хатшысы,
Социология ғыл. д., профессор Г. С. Абдирайымова.
КІРІСПЕ
Зерттеу тақырыбының өзектілігі
Қазіргі адамзат әлемде көптеген құндылықтарға қол жеткізе алады. Олар - экономикалық, мәдени, рухани құндылықтар. Сол рухани құндылықтардың ішінде білім беру мен ғылым бар. Білім мен ғылым біртұтас әлеуметтік құбылыс. Қазіргі білім ғылымға негізделген білім. Әрине, білімнің ғылым емес түрлері де аз емес. Бірақ біздің зерттеу нысанымызға алынғаны - ғылыми білім. Әсіресе жоғары арнайы білім беру құндылық ретінде алынып, оның қоғамдағы рөлін, функциясын, тағы басқа жақтарын социологиялық тұрғыда зерттеуге әрекет жасадық. Қазіргі кезеңдегі өркениетті, дамыған елдер сол білімнің, ғылымның, осыған байланысты озық технологияның негізінде ғана биік сатыға көтеріліп отыр. Жоғары арнайы білім Еуропа, АҚШ, Жапония елдерінде өте мықты қарқынмен дамуда. Ресейде, біздің Қазақстанда жоғары білім беру ісі тәуір деңгейде жүріп жатқан сияқты. Білім және ғылым министрінің айтуына қарағанда, біз осы сала бойынша әлемде 36-шы орынды иеленеді екенбіз. Бұл да жаман көрсеткіш емес. Әрбір дамыған елде жоғары білім беру мәселелері өте күрделі болып есептеледі. Елде неғұрлым жоғары арнайы білімі бар мамандар саны мен сапасы көтеріңкі болса, ол елдің экономикасы, технологиясы және әлеуметтік тұрмысы соғұрлым озық та жоғары болатыны сөзсіз.
2006 жылы наурыз айында Қазақстан Президенті Н. Ә. Назарбаев халыққа Жолдау ұсынды. Бұл Жолдау өте маңызды, тарихи құжат. Мұнда Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы туралы айтылған. Жолдауда осы мәселе бойынша басты негіздер мен басымдылықтарға ерекше көңіл бөлінген. Басымдылықтардың бірі - осы заманғы білім беру және білікті кадрлар жүйесін дамыту. “Білім беру реформасы - Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдардың бірі”, - деген Президент. Сондай-ақ, “Жоғары білім беру саласында техникалық білім беруді дамытуға ерекше назар аудара отырып, жоғары оқу орындары желісінде оңтайландыру жүргізілуге тиіс”, - деп жалғастырған еді Елбасы [1] .
Халыққа білім беру мәселесі әрбір, тіпті озық елдердің өзінде күрделі мәселе. Оның жан-жақты қырлары толып жатыр. Еуропа елдері, әсіресе, еуроодаққа кірген елдер бәріне бірдей жоғары оқу жүйесін қалыптастыру мәселесімен айналысуда, яғни еуростандартқа көшу мәселесін қозғауда. Көптеген елдерде, оның ішінде АҚШ пен Жапонияда білім берудің жаңа реформасы жасалуда. Бұл елдерде жоғары білім беру жүйесі, ғылым және технология салалары қаншама ілгері дамығанымен де күнделікті жаңа мәселелер туындап отырады. Себебі, қоғам күннен-күнге өзгеріп, жаңа талаптар, жаңа мақсаттар қойылуда. Әсіресе, ғылым мен технология жылдам қарқынмен дамуда. Осы құбылыстарға байланысты мамандарды даярлау, олардың кәсіби деңгейін көтеріп, жоғары білім берудің сапасын арттыру әрбір елдің мақсаты мен міндеті болып табылады. Әйтпесе бұл елдердің артта қалуы әбден мүмкін. Сондықтан да білім беру, әсіресе жоғары білім беру жүйесін модернизациялау, жетілдіру, реформалау бұл норма, эволюциялық процестер. Әлемдегі елдердің көпшілігінде білім берудің өзіндік ұлттық концепциясы, саясаты бар. Әр елде бұл концепциялар әр түрлі болуы мүмкін. Әрине бұл жерде әр елдің ұлттық құндылықтары ескерілуі қажет. Оның ішінде әдет-ғұрып, менталитет, қалыптасып қалған білім беру әдістемесі бар. Біздің елде білім беру реформасы басталып кетті. Осы реформаның негізгі принциптері, методологиясы Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауында және басқа да баяндамаларында, сөйлеген сөздерінде айқындалған. Ал үкімет тарапынан реформаның негізі 2004 жылы 16 қазанда жарияланды. Ол “Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы” деп аталған құжатта белгіленген. Бұл құжат Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен бекітілді. Білім және ғылым жөніндегі министр және осы министрліктің жауапты қызметкерлері бағдарламаға түсініктеме беруде, оны ары қарай тереңдетуде. 2007 ж. Қазақстан Парламенті Білім беру туралы Заң қабылдады. Бұл Заң Республика президентінің жарлығымен бекітілді. “Осы заң білім беру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, осы саладағы мемлекеттік саясаттың негізгі принциптерін айқындайды” - делінген заңның бірінші бетінде. Біздің диссертациямыздағы пікірлер, қорытындылар осы құжаттың шеңберінде тұжырымдалған. Реформаның негізгі міндеттері: халықтың барлық жіктерінің сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету; білім беруді басқаруды одан әрі демократияландыру негізінде білім берудің ұлттық жүйесінің жұмыс істеуінің нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру; қазақстандық патриотизмге, биік мәдениетке, адамдардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге тәрбиелеу; мемлекеттік тілді басым дамыту; отандық дәстүрлер, әлемдік тәжірибеге және тұрғылықты даму қағидалары негізінде білім берудің мазмұны мен құрылымдарын жаңарту [2] . Сондай-ақ, бағдарламада, заңда көптеген нақтылы міндеттер туралы айтылған. Ол міндеттер әр кезеңдерде орындалады. Бірақ та бағдарламадағы 2010 жылға дейін көрсетілген мақсаттар толық орындалуы тиіс. Біріншіден, бұл істерді орындау үшін үлкен көлемде қаржы қажет; екіншіден, оны орындайтын кадрлар, мамандар болуы керек немесе оларды шетелден шақыру қажет; үшіншіден - оқушыларға сапалы білім беру үшін көптеген оқулықтар мен ғылыми еңбектердің шығуы тиіс; төртіншіден, білім беру жүйесіне жаңа оқыту әдістемелерін енгізу, жалпы алғанда оқыту әдістемелері толық деңгейде жаңартылғаны дұрыс; бесіншіден, білім беру жүйесіне озық елдерде дәлелденген, зерттелген ұтымды тәжірибелерді дұрыс пайдалануымыз қажет.
Біздің қазақ ұлтының өзіндік ерекшеліктері бар. Ол ерекшеліктер қазақтың дәстүріне, әдет-ғұрпына, өмір салтына, психологиясына, тарихына байланысты. Қазақстанды қазіргі кезде мекендеп отырған басқа да ұлттардың өзіндік ерекшеліктері, менталитеті бар. Оларды да естен шығармаған дұрыс. Білім беру ісінде осы өзіндік ерекшеліктерді сақтай отырып, біз әлемдік білім беру деңгейінен кейін қалмау үшін жұмыс істеуіміз қажет. Осы заңда көрсетілгендей мемлекет білім беру ісіне көлемді қаражат бөліп отыр. “Бағдарламаны іске асыру үшін мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаражат 330812, 0 миллион теңге, ал әр жыл сайын бөлінетін ақшаның көлемі мынадай: 2005-жылы - 41402, 2 миллион теңге болса, ал 2010-жылы 62670, 4 миллион теңге болады” [2] . Реформа іске асырылғанда білім беру жүйесі қандай жетістіктерге ие болады деген сұрақ туады. 2010-жылға дейін республикада білім беру жүйесінде тиімді басқару жүйесі құрылады және ол жүйе: мамандық, білгірлік жағына жаңа тұлға қалыптастыруға ат салысуға мүмкіндік береді. Реформаның толып жатқан мақсаттары бар және олардың орындалу нәтижесінде күтетін жетістіктер туралы заңда, құжаттарда толық айтылған. Біз оны толық қайталамаймыз. Ол нәтижелер туралы диссертацияның тиісті жерлерінде айтыла жатар. Реформада қазіргі кездегі Қазақстандағы білім беру жүйесі туралы жасалған талдау және қазіргі жағдайдағы білім беру сапасын бағалау бар. Қазіргі жағдайда білім беру сапасы халықты қанағаттандырады деп айтуға болмайды. Біріншіден, қазіргі білім беру ісі қоғамның, оның ішінде нарықтық қоғамның талаптарына сай келмейді. Екіншіден, қазіргі кезеңде қоғам өте жылдамдықпен өзгеруде және ақпарат көбеюде. Әрине, осы жағдайда іргелі пәндік білім міндетті түрде берілуі қажет. Бірақ ол жеткіліксіз. Бұл жағдайда адамдарға тек қана білім беру, оларды оқыту жеткіліксіз іс болады. Маңызды нәрсе адамдарға сол жаңалықтарды, ақпараттарды өздері тауып, оларды талдап, іріктеп, жүйеге келтіріп және өздері қоғамның өміріне, ісіне пайдалана білуді қалыптастыру, үйрету қажет. Қазақстандағы білім беру жүйесіне талдау жасай келіп заңда бұл жүйенің артта қалып бара жатқандығы көрсетілген. Жалпы алғанда, қазіргі жүйе ескірген, ескі методологиялық базаға, құрылымға, мазмұндарға негізделген. Білімнің мазмұны көбінесе фактологиялық, сондықтан да бұл жүйе шығармашылық мамандық, жауапкершілік істерге оқушыларды дұрыс тәрбиелеуге мүмкіндік бермейді. Әлі де болса біздің елде білім беру жүйесін басқару ісі дұрыс жолға қойылмаған, басқа да себептерге байланысты біздің білім беру жүйеміздің мазмұны жағынан және әдістемесі жағынан да озық елдермен салыстырғанда артта қалыңқырап отыр. Әлемдік білім беру кеңістігінде біз өзіміздің тиісті орнымызды ала алмай отырмыз. Заңның басқа тарауларында Қазақстандағы білім беру жүйесіндегі деңгейлерге талдаулар жасалып және олардың 2005-2010 жылдар аралығында дамулары айтылған. Білім беру мәселелері мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқытудан басталып, жоғары білім беруден және одан кейінгі білім деңгейімен аяқталады. Бұл жерде көптеген маңызды мәселелер қарастырылған. Әсіресе, мектепке дейінгі тәрбие және білім беру, жалпы орта білім деңгейі, бастауыш және орта мамандық білім беру деңгейі өте терең қарастырылған. Сондай-ақ, Заңда көптеген бұрын орын алмаған жаңа жүйелер, деңгейлер бар. Бірақ біз барлық жүйелерді, деңгейлерді қарастырмаймыз. Олар біздің зерттеу шеңберімізге кірмейді. Біздің объектіміз жоғары білім беру және жоғары білімнен кейінгі білім алу жүйелері. Жоғары білім беру заңда бекітілген. Дүние жүзінде кеңінен орын алған модель “үш баспалдақты үлгі” деп аталады. Олар: бакалавриат, магистратура, докторантура (Ph. D) . Бұл үлгі кредиттік технологияға негізделген. Заңда айтылғандай, осы үлгі АҚШ және көптеген Еуропа елдерінде іске асуда. Осы үлгі бойынша өте ыңғайлы, тиімді академиялық жаңалықтарды енгізуге мүмкіндік туады және қазіргі жылдам өзгеріп жатқан нарықтық экономикаға қажетті мамандарды дайындауға септігін тигізеді. Заң бойынша әрі қарай жоғары білім беру ісі Қазақстанда айтылған үлгінің негізінде жүргізіледі.
Проблеманың ғылыми зерттелу деңгейі
Жоғары білім беруді әлеуметтік институт ретінде қарастыру, оған социологиялық талдау жасау біздің республикамызда жаңадан көтеріліп жатқан мәселе. Бірақ батыс социологиясында, Ресейде бұл мәселе көптен бері қолға алынып олар біраз жетістіктерге жеткен. Жалпы білім социологиясын алсақ, (оған жоғары білім алу социологиясы да кіреді), оның негізін салушылар, жалпы классикалық социологияның негізін салушылар - Э. Дюркгейм, М. Вебер, П. Сорокин тағы басқалар. Одан бері батыс социологтары Т. Парсонс, Дм. Дьюи, П. Бурдье, Э. Гидденс, Дж. Колмэн, Н. Смелзер тағы басқалар. Кеңес Одағындағы білім социологиясының негізін салушы академик С. Г. Струмилин болған. Ол ғылым мен білімнің экономикаға, өндірістің тиімділігіне көрсететін әсерін, ықпалын көп жылдар бойы зерттеген. Одан шығатын қорытынды білім неғұрлым жоғары болса, соғұрлым еңбек нәтижесі жоғарылайды, білімді маман экономиканың дамуына өзінің әсерін мықты тигізеді. Біраз уақыт Кеңес Одағы кезінде білім социологиясы даму жағынан белгілі себептерге байланысты тоқтап, ал 70-жылдардан бастап қайтадан қолға алынды. Әсіресе осы кездердегі В. Н. Шубкиннің Новосибирскідегі жүргізген білім берудің социологиялық мәселелерді зерттеуін айтуға болады. Бұл зерттеулерде басты мәселе - оқушы жастардың кәсіптік бағыты, яғни мектепті бітірген балалардың мамандықты таңдау мәселесі. Жоғары білім берудің мәселелері М. Х. Титма (Эстония), Ф. Р. Филиппов, Р. Г. Гурова, В. Н. Турченко, М. Н. Руткевич, И. Я. Нечаев, Н. А. Аитовтардың еңбектерінде зерттелген. Қазіргі кезеңде Ресейде білім беру мәселесінің социологиялық аспектілері кеңінен зерттелуде. Ал біздің республикамызда білім социологиясына бұрында да және қазіргі кезде де аз көңіл бөлінуде. 90-жылдардан бастап республикада осы социология саласына арналған бірен-сараң диссертациялар қорғалып, кітаптар, мақалалар жариялана бастады. Бұл жерде біз осы кездерде қорғалған екі докторлық диссертацияны айта кетуімізге болады. Оның бірі Оразбек Нұсқабаевтың орта мектеп социологиясына арналған “Мектеп жас ұрпақты әлеуметтендіру институты” [8], екіншісі Тыныштық Қалдыбаеваның мектепке дейінгі білім беру социологиясына арналған “Білім социологиясы” [9] деген докторлық диссертациясы және осы диссертациялардың мазмұнын беретін осы авторлардың біраз кітаптары мен мақалалары. Ал жоғары білім беру мәселесі социологиялық тұрғыдан республикада өте аз зерттелген. Бұл мәселе жөнінде Н. А. Аитовтың “Социология образования” деген кітабында және оның басқа авторлармен бірігіп жазған “ВУЗ, студент, преподаватель” (1992) деген еңбектерінде зерттелген. 1990 жылы Алматыда И. И. Мечтова деген зерттеушінің “Социально-экономические проблемы перестройки высшего образования” деген монографиясы жарық көрген. Қазіргі кезеңде де осы мәселелермен шұғылданып жүрген зерттеушілер азды-көпті баршылық. Оның ішінде М. С. Әженовпен М. С. Садырованың 2007 жылы жарық көрген “Социология образования” [ ] кітабын, М. С. Әженовтың “Высшее образования как социальный институт”, “Актуальные проблемы социологии образования” деген мақалалары [10-11] және басқа социологтардың азды-көпті еңбектерін айтуымызға болады.
Білім социологиясына, оның ішінде жоғары білім беру социологиясына жанамалы қатынасы бар Қазақстанның бір топ ғалым - социологтарының еңбектерін атап көрсеткен жөн болар. Олардың ішінде К. Ү. Биекенов, М. С. Садырова, М. М. Тажин, С. Сейдуманов, К. Ғабдуллина, К. Қ. Өтешов, Ш. Е. Джаманбалаева, Г. С. Абдраимова, А. Нурмағанбетов, Ғ. Есім, Л. Т. Қожамқұлова, З. Ж. Жаназарова, Б. Мұхамеджанов, Е. Л. Бурова, М. Ф. Пузиков, Л. Я. Гуревичтің еңбектерін айтуымызға болады. Жалпы жоғары оқу орны туралы кітаптар, диссертациялар аз емес. Бірақ ол еңбектердің өзіндік аспектілері бар.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері
Зерттеу жұмысының мақсаты тақырыптың өзектілігімен шешілетін мәселенің маңыздылығынан туындап отыр. Диссертация тақырыбының өзектілігін, маңызын оның негізгі бағыттарына талдау жасау барысында зерттеу жұмысының алдына мынадай мақсат қойылды:
- Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін әлеуметтік институт ретінде талдау және оны социологиялық әдістер арқылы зерттеу.
Осы мақсатты жүзеге асыру үшін мынадай міндеттер белгіленді:
- жоғары білім беру мәселесінің социологиялық аспектісін анықтау;
- жоғары білім берудің әлеуметтік институт ретіндегі көрінісін айқындау;
- жоғары білім берудің әлеуметтік құндылығы, қоғамда алатын орны, статусы, міндеттерін анықтау;
- жоғары білім беру саласындағы субъектілер және олардың әлеуметтік жағдайларын зерттеу;
- жоғары білім алудың болашағы, оны реформалау мәселесі бойынша жаңа ұсыныстар, пікірлер, ойлар айту;
- жоғары білім беру жүйесіндегі болып жатқан жаңалықтарға социологиялық талдау жасау.
Зерттеу жұмысының нысаны және пәні
Зерттеудің нысаны ретінде жоғары оқу орындары алынған. Зерттеудің пәні ретінде осы объектінің әлеуметтік функциялары, қоғамдағы орны, статусы, әлеуметтік институт ретінде дамуы, ЖОО субъектілері - студенттер, магистранттар, аспиранттар, докторанттар, профессор-оқытушылар, әкімшілік, басқару, оқу процесін жүргізу және шаруашылық жүйелеріндегі қызмет жасайтын кәсіби топтар.
Зерттеу жұмысының теориялық және әдістемелік негізі
Білім беру жүйесі, оның ішінде жоғары білім беру ісі, теориялық тұрғыдан батыстың ірі социологтарының еңбектерінде зерттелген. Олар: Э. Дюркгейм, М. Вебер, П. Сорокин, Э. Зиммель, Т. Парсонс, Дм. Дьюи, П. Бурдье, К. Джекси, Дж. Колмэн және т. б. Қазақстан социологтарының ішінде осы бағытта көлемді социологиялық зерттеу жүргізгендер: Н. А. Аитов, О. Н. Нұсқабаев, Т. Қалдыбаева, М. С. Әженов тағы басқалар. Осы көрсетілген еңбектерде жоғары білім беру жүйесінің социологиялық мәселелері қарастырылған. Әрине теориялық принциптерге келсек, көрсетілген зерттеушілер жоғары білім беру мәселесінде әр түрлі, бір-бірінен өзгешелеу бағыттарда, олардың теориялық концепцияларында өзіндік ерекшеліктері бар. Біз өзіміздің зерттеуімізде белгілі принциптерді, әдістерді басшылыққа ала отырып, олардың біздің қазіргі жағдайымызға тиімді, жарамды, жарамсыз жақтарына көңіл аудардық. Қазақстандағы жоғары білім беру мәселесінің өзіндік ерекшеліктері аз емес. Батыстың немесе Ресейдің теорияларын біздің жағдайға алаңсыз пайдалана беруге болмайды. Сондықтан да, біз осы теориялық, әдістемелік мәселелер бойынша да, өз еліміздің менталитетіне байланысты өз түсінігімізді, өзіндік түйінділігімізді жасауға жігерленіп көрдік. Президент Н. Ә. Назарбаевтың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын, Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын (2004-2007 жж. ), оның басқа да кітаптарындағы пікірлерін әдістемелік негіз ретінде пайдаландық. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасын, Білім беру туралы Қазақстан Республикасы Заңын жаңа әдістемелік принцип ретінде қарастырдық. Жалпы айтқанда, әдістеме (методология) дегеніміз ол әдіс ретінде алынған теориялық принциптер, парадигмалар. Әдістеме дегеніміз зерттеуде басшылыққа алынатын теориялар. Әрине басында айтып кеткендей, біз басшылыққа жоғары білім беру социологиясындағы принциптерге өзіміздің зерттеуімізді негіздейміз. Өз зерттеуімізде көбінесе әдістеме ретінде жүйелік, функционалдық, құрылымдық социология басшылыққа алынған.
Зерттеудің эмпирикалық негізі
- Ресми статистика,
- БҰҰ-ның Қазақстан туралы жылдық есептері,
- Білім беру туралы Білім және ғылым министрлігінің бұйрықтары мен қаулылары,
- ЖОО (кейбір) жылдық есептері,
- Нақтылы социологиялық зерттеулер. Ол зерттеулер 2002-2006 жылдар аралығында Қызылорда, Шымкент, Тараз, Түркістан қалаларында орналасқан жоғары оқу орындарында жүргізілген.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалықтары
Қазіргі Қазақстан Республикасында жоғары білім беру мәселесі бірінші рет кешенді әлеуметтік зерттеудің негізі ретінде қарастырылып отыр, д иссертациялық жұмыс осы тақырыптағы алғашқы зерттеу болып табылады. Осыған орай ғылыми зерттеу жұмысы бойынша төмендегі негізгі жаңалықтар ұсынылады:
- жоғары білім берудің социологиялық аспектісі анықталған.
- жоғары оқу орындары әлеуметтік институт ретінде зерттелген.
- Республика Президентінің 2004-2007 жж. Қазақстан халқына Жолдауында және Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарына арналған “Мемлекеттік бағдарламаға” және жаңа Білім беру туралы заңға байланысты жоғары білім беру мәселелері социологиялық бағытта талданған.
- жоғары оқу орындарының субъектілері және олардың әлеуметтік мәселелері социологиялық әдістер арқылы зерттелген.
- жоғары оқу орындарындағы білім берудің сапасын көтерудегі әлеуметтік мәселелер зерттелген.
Қорғауға ұсынылып отырған негізгі тұжырымдар
- Жоғары білім социологиясының шеңберін анықтау.
- Жоғары білім беру саласы әлеуметтік институт екендігін дәлелдеу.
- Қазақстандағы жүріп жатқан білім туралы жаңа реформаны социологиялық тұрғыдан талдау.
- Жоғары оқу орындарының оқу сапасын арттырудағы, көтерудегі іс-әрекеттеріне баға беру, кейбір ұсыныстар (рекомендациялар) енгізу.
- Жоғары оқу орындарындағы субъектілерінің (студент, магистрант, докторант, профессор, оқытушылар құрамы және оқу процесін жүргізу мен шаруашылық жүйелеріндегі қызмет жасайтын кәсіби топтар) әлеуметтік жағдайларын нақтылы социологиялық материалдар арқылы зерттеу.
Зерттеу жұмысының теориялық және қолданбалы маңызы
Диссертацияда біраз теориялық мәселелер зерттелген. Олардың біразы жаңа проблемалар, сондықтан да келтірілген теориялық тұжырымдар басқа да зерттеушілерге әсер етеді деп ойлаймыз.
Жоғары оқу орындарының жұмысы, рөлі, функциялары, статусы, нақтылы материалдармен негізделген. Диссертациядағы теориялық қорытындылардың социология ғылымына, оның ішінде білім социологиясына тигізетін үлесі бар. Жоғары білім беру, әлеуметтік институт ретінде қарастыру белгілі нормаларға, тәртіптерге негізделеді. Бұл теориялық мәселелер. Маңызды теориялық мәселелердің бірі - жоғары білім беру процесінде жас адамдарды тәрбиелеу, оны адам, тұлға ретінде қалыптастыру, яғни әлеуметтендіру (социализациялау) . Осы мәселелер туралы нақтылы пікірлер бар.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz