Қазақстанның дамуы және еуразиялық интеграция Бөлісу…



Пән: Экономика
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 56 бет
Таңдаулыға:   
Қазақстанның дамуы және еуразиялық интеграция
Бөлісу...

Қазақстан Тәуелсіздігінің жиырма жылдығын кешегі кеңестік кеңістіктегі
елдер арасында өзін қайта жаңғыру көшбасшысы сапына көтерген түбегейлі
саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жасау жолындағы ауқымды да
зор жетістіктермен қарсы алып отыр.

Біздің мемлекетіміздің халықаралық жоғары беделінің айшықты дәлелі
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалығы және Астана Саммитін ең жоғары
дәрежеде өткізуі болып табылады. Төрт мұхит кеңістігіндегі барлық беделді
мемлекеттердің басшылары қатысқан жаһандық басқосуда 54 мемлекеттің
қатысуымен қорытынды құжат – Астана декларациясының қабылдануы бұл
Саммиттің тарихи маңызы мен салмағын еселей түссе керек.

Қазақстан ұлттық мемлекеттілігінің негізін қалады және нығайтты, елдің
аумақтық тұтастығын және мызғымас шекарасын қамтамасыз етті, экономиканы
нарықтық даму жолына түсіріп, әлемдік қауымдастыққа ойдағыдай
интеграцияланды. Қазақ­станда бірден-бір барынша қарқынды даму жолындағы
экономика құрылды, ашық демократиялық қоғамдық институт қалыптастырылды,
тұрғындардың әлеуметтік өмір стандарттары жақсарды. Ең бастысы – осы жылдар
ішінде көпұлтты көпконфессиялы Қазақстан халқы ел ішіндегі ерекше
тұрақтылық және барлық көрші мемлекеттермен бейбіт жағдайда өмір сүріп
келеді. Қазақстанға ха­лықаралық қоғамдастықтағы ең беделді де ықпалды
мемлекет ретіндегі шынайы атақпен қатар, өзінің әлеуметтік-экономикалық
дамуы жолында елеулі жетістіктерге жеткен мемлекет деген үлкен баға да
берілді.

Осы орайда, ең алдымен, Қазақстанның осындай зор жетістіктерге жетуінің
ерекше маңызды факторларының бірі 2030 жылға дейінгі Қазақстанның ұзақ
мерзімді Даму стратегиясының қабылдануы және ойдағыдай жүзеге асырылуы
болып отырғандығын ерекше атап көрсеткен жөн. Сонау бір өкпені қысқан
өтпелі кезеңде, 1997 жылы қабылданған Қазақстан-2030 Стратегиясы өзінің
бойына ең маңызды базалық тұжырымдар мен қағидаттарды сіңіре білді. Оның
стратегиялық бағыттарының дұрыстығы, басымдықтардың дәл таңдап алынуы
бүгінде қазақстандықтар орынды мақтан тұтатын зор табыстардың тұғыры болды.

Қазақстан ТМД мемлекеттері арасында тұңғыш рет Ұлттық қор құрды. Қазір
бұл қорда 33 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы жинақталып, ел
экономикасының болашағына сенімді серпін беруде. Бұл қор қызметі күні
кешегі әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың ұлттық экономикаға тигізетін
кері әсерлерін жеңілдетіп, болашақ тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму
жолына негіз қалады.

Қазір елдегі инфляция белгіленген шектен аспайды. Ұлттық валюта бағамы
тұ­рақты қалпында сақталуда. Елдің халықаралық алтын-валюта қоры 64
миллиард АҚШ долларынан асып түсті. Мемлекетте тартымды инвестициялық ахуал
қалып­тасты. Қазақстан ТМД елдері ішінде нарықтық экономикасы дамыған
мемлекет ретінде танылды. Бүкіләлемдік Банк Қазақстанды әлемдегі шетелдік
инвестиция үшін ең тартымды ел ретінде таныды. Қазақстан өзінің
экономикалық дамуының өтпелі кезеңін жоғары деңгейде жүргізе отырып, жаңа
сапалы даму деңгейі – әлемдегі ең бәсекеге қабілетті 50 елдің құрамына
кірмек.

Экономикалық даму жолында жасалған табысты реформалар Қазақстанға
қоғамды демократияландыруға ерекше жоғары мүмкіндіктер берді. Бүгінде қос
палаталы кәсіби Парламент жұмыс істейді, тәуелсіз сот жүйесі қалыптасқан.
Тұрақты түрде еркін және бәсекелестік жағдайындағы ел Президентінің,
Парламент палаталарының, жергілікті өкілетті органдардың сайлауы өтіп
тұрады.

Қазақстандықтардың мақтанышына айналған, елдің айбыны мен айбары болып
табылатын жаңа елорда бой көтерді. Астана халықтың гүлденуінің, қуатының
және болашағының айшықты көрінісі болып табылады. Астананы еуразиялық
құрлықтың орталығына көшіру жас мемлекеттің геосаяси ахуалын жақсартты,
оның қауіп­сіздігін нығайтты, экономиканың маңызды салаларының дамуына
жағдай жасады және тұрақты полиэтникалық мемлекет құру жолындағы
стратегиялық бағытты нығайтты. Бұл шын мәніндегі патриоттық бастама болды.
Бұл бабалар бастаған азаттық жолындағы арманды жаңа тарихи шынайы
бағыттарға бастаған, ең алдымен – Қазақстан тәуелсіздігін нығайтуға
бағытталған баламасыз қадам.

Арқа төсінде бой көтерген ғасырдың құрылыс алаңы, қайталанбас
архитектуралық кешендер Астананы тек тәуелсіз Қазақстанның ғана жарық
жұлдызы емес, сонымен бірге Еуразия құрлығының жауһары екендігіне көз
жеткізді. Ұлы даланың төсінде жаңа идеялардың, батыл бастамалардың және
қайталанбас жобалардың орталығы бой көтерді. Астана таяу болашақта Еуразия
құрлығының шын мәніндегі саяси және экономикалық орталығы болатындығына
ешқандай күмән жоқ. Пре­зиденттің ойынан туған және нақты жүзеге асырған
Қазақстанның жаңа елордасы Астана қаласын тұрғызу жөніндегі бастама шын
мәніндегі ғасыр құрылысына айналды. Әлемнің дуалы ауыз сарапшыларының
барлығы бүгінде Астана қаласы құрылысының ХХІ ғасырдың ең озық жобасы
екендігін бірауыздан мойындайды. Президенттің батыл да баламасыз ерік-
жігерінің арқасында Астана аңыздан ақиқатқа айналды.

Тұрақты ішкі саяси ахуал, ұлтаралық келісім және дінаралық татулық,
жүйелі де тиімді мемлекеттік құрылыс – міне, осының бәрі Қазақстанның
жалпыұлттық Көшбасшысының кезең-кезеңмен жүргізген сара саясатының нәтижесі
екендігі даусыз. Қазақстан халықаралық сипаттағы көптеген жобалардың
бастамашысы әрі белсенді қатысушысы болды. Бүгінде ТМД, ШЫҰ, ҰҚШҰ, АӨСШК
сияқты жалпы әлем мойындаған халықаралық сипаттағы жобалар Қазақстанның
және оның Президентінің жүйелі де батыл рөлінің арқасында құрылды және одан
әрі жемісті дамып келеді.

ЕурАзЭҚ-тың 10 жылдығына байланысты 2010 жылғы 5 шілдеде Астана
қаласында өткен Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Мемлекетаралық
кеңесінің отырысында Қоғамдастыққа мүше мемлекеттер басшылары Нұрсұлтан
Әбішұлы кешегі кеңестік кеңістіктегі ең жемісті және тиімді интеграциялық
бірлестік – ЕурАзЭҚ-тың бастауында ғана тұрған жоқ, сонымен бірге оны алға
жылжытатын нағыз интеграция моторы болғандығын атап көрсетті.

Ең алдымен, Қазақстан Президентінің 1994 жылы М.В.Ломоносов атындағы
Мәскеу мемлекеттік университетінің қабырғасында сөйлеген тарихи сөзінде
айтылған батыл еуразиялық идея ЕурАзЭҚ-тың бүгінгі жетістіктерінен нақты
көрініс тауып, өмірде іс жүзіне асырылып отыр. Еуразиялық мемлекеттер
одағын құру ту­ралы сонда айтылған жобада бұл идея кеңестік кеңістікте
экономикалық-әлеумет­тік жаңғыруды, тұрақтылықты және қауіпсіздікті нығайту
мақсатындағы егемен мемлекеттердің интеграциялану формасы деп айқындалған
болатын. ЕурАзЭҚ-тың құрылуы кеңестік кеңістіктегі елдердің мемлекетаралық
қатынасы тарихында аса зор оқиға болды. Ол мемлекеттер арасындағы
интеграциялық қатынастарды жаңа сапалы деңгейге шығарды. Бұл ретте біздің
мемлекеттеріміз үшін өзара сауда-экономикалық байланыстарды жаңа
стратегиялық бағыттарға шығарып, бүгінгі геосаяси жағдайға сәйкес келетін
түбегейлі жаңа байланыстарды орнатуға тура келді.

Мәскеу мемлекеттік университетінде өткен сол кездесуге қатысып отырған
мен осындай баламасыз батыл идеяның ашық айтылғанына Ресей ғалымдарының
ерекше таңданған жүздерін көрдім. Ол кезеңде мемлекеттер арасында
еркіндікке ұмтылған бастамалар белең алып тұрған еді. Міне, осындай
жағдайда интеграциялану жобасын жариялау нағыз батырлық еді. Әркім өзінше
жеке-жеке отау құрып, бөлшектену ахуалы белең алып тұрған кезеңде Қазақстан
Көш­басшысының терең ойдан туған бұл ұсынысы шын мәнінде ТМД құрамына
бірігудің шешуші қадамы болды.

Тарих бізге ХХІ ғасырға өркениетті жолмен өтуге мүмкіндік беріп отыр.
Оның бір жолы біздің ойымызша бұрынғы КСРО халықтарының бірігуге деген ерік-
жігерін және кеңестік кеңістіктің одан әрі логикалық нақты дамуын
айқындайтын интеграциялық әлеуетті іс жүзіне асыратын Еуразиялық одақ құру
бастамасы болып табылады, деп атап көрсеткен еді Қазақстан Президенті 1994
жылы наурыз айында.

Бүгінде ЕурАзЭҚ-тың жемісті дамып келе жатқандығын барша жұрт көріп
отыр. 2010 жылы 5 шілдеде Қоғамдастықтың 10 жылдығына байланысты Астана
қаласында өткен ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің мәжілісінде қабылданған
бірлескен мәлімдемеде былай деп атап көрсетілді: Дамудың жаңа сапалы
деңгейіне шығу үшін интеграциялану стратегиясының маңызын жете түсіне
отырып, Қоғамдастыққа мүше мемлекеттер ХХІ ғасырға халықаралық Еуразиялық
экономикалық қоғамдастығын құру арқылы кіріп отыр. Біз өзара тиімді
ын­тымақтастықтың және сенімнің жаңа қағидаттарына негізделген ұйым құрдық.
Осы орайда Ресей Федерациясының президенті Д.Медведев он жыл – аз уақыт
емес, басқа жағынан алғанда – тарих үшін бұл қас-қағым сәт. Кейбір ретте
біз бір орында тұрып қалғандай сезінуіміз мүмкін. Ал іс жүзінде біз жылдам
жүрдік. Өздеріңіз есептеп көріңіздерші, ЕурАзЭҚ шеңберінде, оның аясында
құрылғалы отырған Кеден одағы шеңберінде біз қандай даму жолдарынан өттік.
Ал Еуропадағы интеграция қалай дамығанын біз білеміз. Біз олаға қарағанда
жылдам қимылдап келеміз. Үлкен жұмыстар атқарылды. Алайда, алдымызда одан
да орасан зор міндеттер тұр. Осы ретте тағы да біздің құрылымымыз нағыз
интеграция тұғырына өткендігін атап көрсеткім келеді, деді.

Астанада өткен ЕурАзЭҚ-тың Мемлекетаралық кеңесінің мәжілісінде
Қазақстан Республикасының Президенті былай деп атап көрсетті. Алғаш
құрылғаннан бері 10 жыл өткеннен кейін біз ЕурАзЭҚ-тың кеңестік кеңістікте
құрылған ең жемісті интеграциялық бірлестік болғандығын зор сеніммен атап
өтіп отырмыз. Бүгінде бұл біздің мемлекеттеріміздің экономика, ғылым,
әлеуметтік және басқа да салаларда интеграциялануды тереңдететін шынайы
алаңына айналып отыр. Қол жеткізген осы жетістіктерді сақтап қана қалмай,
осы орайдағы әлемдік озық тәжірибелерді есепке ала отырып, біздің
Қоғамдастығымыздың дамуы мен гүлденуін қамтамасыз етуіміз керек.

Өз кезегінде Беларусь Республикасының президенті А.Лукашенко: Егер,
Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың құрылуы туралы айтатын болсақ, оның
бастауында Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрғандығын атап көрсетуіміз керек.
Нұрсұлтан Әбішұлы ЕурАзЭҚ аясындағы біздің барлық қарым-қатынасымыздың
қозғаушы күші болды. Бір уақытта біз ЕурАзЭҚ-тың қарым-қатынастарын іс
жүзінде тұралатып тастағанымыз да менің есімде. Сонда ол біздің одан әрі
жыл­жуымыз үшін арнайы топ құру қажеттігін алға тартқан болатын. Бұл осыдан
бес немесе алты жыл бұрын болған оқиға еді. Шын мәнінде бір жылдан кейін ол
ЕурАзЭҚ-ты қалай жандандыру қажеттігі жөніндегі бірқатар ұсыныстарын
жариялаған еді. Ақыры біз осы ұсыныстарды іс жүзіне асырдық.

Қазірдің өзінде біз Еуразиялық жобаның жемісті дамып отырғандығын
көрсететін нақты мысалдарды келтіре аламыз. ЕурАзЭҚ аясында нақты жұмыс
істеп келе жатқан еркін сауда режімі Қоғамдастық мемлекеттері арасындағы
сауда айналы­мының тиімді өсімін қамтамасыз етті. Мәселен, ол 2000 жылғы 29
миллиард доллардан 2008 жылы 123 миллиард долларға дейін немесе 4,1 есе
өсті. ЕурАзЭҚ бойынша ішкі жалпы өнім орташа есеппен алғанда 59 пайызға,
өнеркәсіп өнімдерін өндіру 48 пайызға, жүк тасу көлемі 44 пайызға артып,
негізгі капиталға тартылған инвестиция 2,3 есе өсті. Инвестициялық ахуал
елеулі түрде жақсарды. ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер арасындағы өзара
инвестиция салу көлемі 4 есе артты.

Белсенді жүргізілген жұмыстар нәтижесінде ЕурАзЭҚ аясында құрылған
Кеден одағының мерзімінен бір жыл бұрын 2010 жылдың 1 қаңтарында жұмысқа
кірісуіне мүмкіндік туды. Кеден одағы шеңберінде импортталатын тауарларға
Бірыңғай кедендік тариф енгізілді. Ал бұл 11 мыңнан астам тауар
номенклатурасын қамтиды. 2010 жылдың басынан бастап Кеден одағы комиссиясы
Кеден одағының сыртқы саудасын реттейтін тарифтік және тарифтік емес
салаларда ұлтүстілік өкілеттік алды. Бүгінде Кеден одағының сыртқы
экономикалық қызметінде Бірыңғай тауар номенклатурасы және Кеден одағының
Бірыңғай кедендік тарифі қолданысқа енгізілді.

Интеграцияланған үш мемлекет басшылары өздерінің бірлескен
мәлімдемесінде, қысқа мерзімде іс жүзіне асырылған сапалы жұмыстардың
бүгінгі өскелең талаптарға және уақыт үніне жауап беретін мемлекеттер
арасындағы экономикалық байланыстардың жаңа дәуірінің іс жүзіне
асырылғандығын атап көрсетті. Мәселен, Ресей Ғылым академиясының халық
шаруашылығын болжау институтының есептеулеріне сәйкес, Кеден одағының үш
мемлекеті тығыз интеграциялану нәтижесінде алдағы 10 жыл мерзімде ішкі
жалпы өнімнің 15 пайыз өсіміне және инвестициялық белсенділіктің ерекше
жоғарылауына қол жеткізбек.

ЕурАзЭҚ-тың нақты жетістіктері, оның ішінде жедел мерзімде Кеден
одағының өмірге келуі халықаралық қауымдастықтың жоғары бағасына ие болды.
Біздің елдеріміздің БСҰ-ға мүшелікке кіруі сияқты халықаралық саясат
шеңберінде шешілетін мәселелердің де бірінші кезекте ЕурАзЭҚ-тың тиімді
жұмыс істеуіне байланысты екендігі жасырын емес. ЕурАзЭҚ қызметінің негізгі
мақсаттарының бірі Қоғамдастықтың әлемдегі рөлін арттыратын халықаралық
ұйымдармен жұмыс жүргізу екендігі белгілі. Бұл өз кезегінде өңірдегі
тұрақтылықты қамтамасыз етуге, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық
ауқымын кеңейтуге жағдай жасамақ.

Қоғамдастық 2003 жылы БҰҰ-ның Бақылаушысы дәрежесіне ие болды. 2007
және 2010 жылдардың желтоқсан айында БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясында БҰҰ
және ЕурАзЭҚ арасындағы ынтымақтастық хаттамасына қол қойылды. ЕурАзЭҚ мүше-
мемлекеттері арасындағы кезекті жаһандық мәселе – Бірыңғай экономикалық
кеңістік құру болып табылады. Оның мақсаты жұмыс күшінің, капиталдың,
қызметтің және тауарлардың еркін қозғалысына жағдай жасайтын нарықтық
үдерістерге негізделген экономиканы реттеудің бірыңғай тәсілдерін
қамтамасыз ету және үйлесімді құқықтық нормаларды қалыптастыру болып
табылады. 2009 жылы желтоқсан айында Алматы қаласында болған Беларусь
Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы
пре­зиденттерінің бейресми саммитінде Бірыңғай экономикалық кеңістікті
қалыптастыру жөніндегі 2010-2011 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары
бекітілді. Бұл жоспар бойынша, екі жыл ішінде, яғни 2012 жылдың 1 қаңтарына
дейін БЕК-ті құруды қамтамасыз ететін халықаралық келісімдер пакетіне қол
қою және оны іс жүзіне асыру мәелелері қарастырылған.

Президенттердің саяси ерік-жігері және тараптар үкіметтерінің,
Қоғамдастық құры­лымдарының белсенді түрде жүргізген жұмысының нәтижесінде
бұл міндеттерді ең қысқа мерзімде іске асыруға мүмкіндік жасалды. Яғни 2010
жылы 19 қарашада үкімет басшылары алғашқы 4 келісімге қол қойса, 2010
жылдың 9 желтоқсандағы ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің (Кеден одағының
жоғарғы органы) отырысында БЕК-ті құруға қажетті қалған 13 келісімге қол
қойылды. БЕК-тің құқықтық базасын құруды аяқтау – кеңестік кеңістік
шеңберіндегі интеграциялық үдерістерді жүргізудің дәуірлік құбылысы болды.

Міне, қысқа мерзімде атқарылған осы кешенді жұмыстардың арқасында БЕК
шеңберінде тауарлардың, қызметтердің, капиталдардың және жұмыс күшінің
еркін қозғалысы қамтамасыз етіледі. Нарықтық қағидаттарға негізделген
экономиканы реттеудің бірыңғай тетіктері қалыптастырылып, үйлесімді
құқықтық нормалар қолданысқа енгізіледі. Осы кеңістік аясында бірыңғай
инфрақұрылым жұмыс істейді және салық, ақша-кредит, қаржы-валюта, сауда
және кеден салаларында келісілген саясат жүргізіледі.

Жалпы тауарлар рыногы біздің мемлекеттерімізде шығарылған тауарлардың
еркін айналымын қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен бірге Бірыңғай
кедендік кеңістіктегі мемлекеттерге үшінші бір мемлекеттен әкелінген
тауарлардың да еркін айналымға шығуына жағдай жасайды. Ал қызмет көрсету
саласында біртұтас рынокты қамтамасыз ету мәселесі ұлттық заңдылықтардың
үйлесімдігі және мемлекеттерде берілген лицензияларды өзара мойындау
мәселелері бойынша жү­зеге асырылады. Ал ортақ жұмыс күші рыногын
қалыптастыру, БЕК шеңберінде жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ету
нәтижесінде жүзеге асырылады. БЕК-ке мүше мемлекеттер азаматтарының екінші
бір мемлекет аймағында құқықтық дәрежелері реттелініп отырылады. Сонымен
бірге білім алуға рұқсат етіледі. Жоғары және орта кәсіптік білім беру
дипломдары БЕК-ке мүше мемлекеттер арасында бірдей танылады.

Капиталдың бірыңғай рыногын қалыптастыру қаржы, банк және сақтандыру
ры­ноктарына барлығының бірдей еркін қатысуы, валюталық реттеу нормаларын
үй­лестіру, бірыңғай төлем-есеп айырысу жүйелерін құру және ортақ валюта
рыногын қалыптастыру арқылы жүзеге асырылады. БЕК-ті құру жөніндегі
жоғарыда айтылған бағыттарды іс жүзіне асыру, ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер
үшін тауар­лардың, қызметтердің, жұмыс күшінің және капиталдың барлығына
бірдей ортақ рынок қалыптастыруға жағдай жасайды.

БЕК құру – бұл біріншіден, біздің бірыңғай кеңістігімізде еркін
бәсекелестікті дамыту және инновациялық белсенділікті арттыру болып
табылады. Бәсекелестік – рынокқа шығарылатын тауарлардың және қызметтердің
сапасын арттырудың бірден-бір тиімді жолы. Сонымен бірге ол бизнесті
шынықтырады, өндірісті жақсартады, шығынды азайтып, еңбек өнімділігін
арттырады. Біздің мемлекеттеріміздің арасындағы ортақ рыноктағы еркін тауар
айналымы Кеден одағына мүше мемлекеттердің басқалармен бәсекелестікке
түсуіне ықпал жасайды. Жаңа жағдайда біз тауар сапасы үшін тек өзара
бәсекеге түсіп қана қоймаймыз, сонымен бірге сырттан импортталатын өнімдер
мен қызметтер сапасы үшін де бәсекеге түсеміз. Мұндай бәсекелестіктен
ұтпасақ ұтылмайтынымыз ақиқат.

Бірыңғай экономикалық кеңістік қалыптастыру сонымен бірге қаржы
институтта­рының арасында да тиімді бәсекелестік қалыптастырады. Темір жол
көлігі, электр энергетикасы, мұнай және газ салаларындағы ережелер мен
нормаларды үйлестіру біздің мемлекеттеріміздің экономикасын дамыту үшін
қолайлы жағдай жасайды. Мұның бәрі – біздің ортақ рыногымыз. Оған бүгінде
біздің мемлекеттерімізде интеграциялық үдеріс мәселелерін дамытушылар,
бірлескен кәсіпорындар құрушылар, біздің мемлекеттерімізде шығарылған
қосымша тетіктерді құрастыру арқылы өз өнімін жасаушылар қызығушылық
танытып отырғандығы да жасырын емес.

Ақиқатын айтсақ, өзара сауда қатынастары барысында кедендік және басқа
да кедергілердің жойылуы Беларусь, Қазақстан және Ресей мемлекеттерінің
кәсіп­орындары арасында өнім өндіру кооперацияларын дамытуға қолайлы жағдай
туғы­зып, қолбайлау болып отырған мәселелерді шешуге ықпал етеді. БЕК
қалыптастыру нәтижесінде мүмкін болатын ережелер мен нормаларды үйлестіру
кәсіпорындарда бәсекеге қабілетті өндіріс құруға және оларды инновациялық
даму жолына түсіруге барынша жағдай жасайды. Осының бәрі біздің
мемлекеттеріміздің экономикасының барлық саласын әртараптандыруға жағдай
жасап, кешегі стандарттардан бас тартып, ертең және болашақта кең сұранысқа
ие болатын өнімдер шығаруды қамтамасыз етеді. БЕК-ті қалыптастыру біздің
ел­деріміздің арасындағы жаңа интеграциялық бастамаларға серпін береді.
Біздің ха­лықтарымыздың әл-ауқатын арттыру, мемлекеттеріміздің әлеуметтік-
экономикалық әлеуетін дамытуды жылдамдату мақсатында мүше-мемлекеттер
экономикасының жақындасуына жағдай жасайды.

Бірыңғай экономикалық кеңістік құру туралы президенттер Д.А.Медведев,
Н.Ә.На­зарбаев және А.Г.Лукашенко қабылдаған Декларацияда былай деп атап
көрсетілген: Кеден одағын және Бірыңғай экономикалық кеңістікті дамыта
отырып, біз халықаралық экономикалық бірлестіктермен және басқа
мемлекеттермен үйлесімді, бірін-бірі толықтыратын және өзара тиімді
байланыстар­ды қамтамасыз ету мақсатындағы Еуразиялық экономикалық одақ
құруға жақындай түстік.

Қорыта келгенде, ЕурАзЭҚ-тың интеграциялық жетістіктері кеңестік
кеңістіктің ХХІ ғасырдағы өркендеуінің ең басты даму қырын айқындайды.

“ҚАЗАҚСТАН – 2030” СТРАТЕГИЯСЫ ҚАЗАҚСТАН ДАМУЫНЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНДЕ Ішкі
және сыртқы саясатымыздың аса маңызды 30 бағыты

І. “ҚАЗАҚСТАН-2030” СТРАТЕГИЯСЫНЫҢ 10 ЖЫЛДЫҒЫ – ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКА
МЕН ӨЗ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІНІҢ БЕРІК ІРГЕТАСЫН ҚҰРА ОТЫРЫП, ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНЕ
СЕНІМДІ ҚАДАМ БАСУДА

Қымбатты қазақстандықтар!
Құрметті депутаттар мен Үкімет мүшелері!
Ханымдар мен мырзалар!

Тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап біз сіздермен бірге
дәйектілікпен құрып жатқан Жаңа Қазақстан өзінің дербес даму жолын таңдап,
жылдан жылға әлемдік қоғамдастықта барған сайын зор құрмет пен беделге қол
жеткізе отырып, алға қарай нық сеніммен ілгерілеп келеді.

Бүгінде экономика мен өз мемлекеттілігіміздің берік іргетасын
қамтамасыз етіп, біз қағидаттық жаңа кезеңге сенімді қадам бастық. Мұның
өзі Қазақстанның одан әрі дамуын тұрлаулы, осы заманғы және болашағы зор
экономикалық, әлеуметтік, саяси және әкімшілік негізге қоюға мүмкіндік
береді.

Бүгін мен сіздерге еліміз бен қоғамымыздың одан әрі дамуы жайындағы өз
пайымымды баяндамақпын. Ойға алғанымызды орындау Қазақстанның шын мәнінде
тарихи ауқымдағы аршынды самғау жасауына мүмкіндік туғызады.

Әңгіме еліміздің әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің клубына қарай
ілгерілеуі жөніндегі нақты қадамдары туралы болмақ, бұл жайында алдыңғы
Жолдауда да айтылған еді.

1997 жылы сіздер мен ұсынған Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму
Стратегиясын қолдадыңыздар, онда біздің қоғамның келешек мүмкіндіктері мен
біздің мемлекеттің ұлық мұратына деген көзқарас таныстырылған болатын.

Бұл әлі қанаты қатая қоймаған жас тәуелсіз мемлекеттің ұлы таңдауы
еді. Сол кезде осы Стратегия турасында күмән аз бола қоймағанын білемін.

Сол уақытта, естеріңізде болар, біздің жинақтаған қорымыз негізінен
зілбатпан әлеуметтік-экономикалық проблемалардан және егеменді даму мен
либералдық реформалардың азын-аулақ алғашқы тәжірибелерінен ғана тұратын.

Сол тұста, 10 жыл бұрын, біз өз таңдауымызда қателескен жоқпыз.

Нақ сол уақыттан Қазақстан нарықтық экономиканың теоремалары мен
демократиялық дамудың аксиомаларын бірінен кейін бірін игере отырып,
дәйектілікпен ілгері адымдай бастады.

Біз мүлдем жаңа экономикалық жүйенің, демокра¬тиялық құқықтық
мемлекеттің іргетасын қалыптастырып, осы заманғы қоғамдық институттарды
нығайттық, өмір сапасы мен ұстындарын елеулі түрде өзгерттік.

Біз ішкі тұрақтылыққа қол жеткіздік, дамудың әлеуметтік базасының
сенімділігін қамтамасыз етіп, өңірдегі үздік экономиканы құрдық. Қазақстан
өңірде геосаяси тұрақтылық пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету
жөніндегі маңызды міндеттерді атқаратын халықаралық қоғамдастықтың
толыққанды және жауапты мүшесі ретінде орнықты.

Біз үшінші дүниенің мемлекеті болуды қойдық. Бұл өткен 10 жылдағы
жұмысымыздың басты қорытындысы.

Енді келесі онжылдықтағы одан арғы жұмысымызды белгілеп бергім келеді.

ІІ. ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӨМІР САПАСЫНЫҢ АРТУЫ

2000 жылға қарағанда ІЖӨ-ні еселеу жөніндегі біздің міндетімізге
келесі жылы-ақ қол жеткізуге әбден болады. Бұл – тар өрісті мақсат емес,
экономикалық өсудің жай нанымды көрсеткіші де емес, бұл –
қазақстандықтардың өмірін жақсарта берудің біздегі нақты мүмкіндіктер.

Өткен жылдары біз көптеген аса маңызды әлеуметтік міндеттерді шеше
алғанымызды сіздер білесіздер, олардың өмір сапасын жақсартқаны сөзсіз.

Біз оқып жатқандардың шәкіртақысын ұлғайттық, оларға білім алу
гранттары мен несиелерін бердік. Бюджет саласының қызметкерлері мен
мемлекеттік қызметшілердің жалақысын дәйектілікпен өсіріп келеміз. Аз
қамтылған отбасыларына 18 жасқа дейінгі балалары үшін ай сайынғы жәрдемақы,
сондай-ақ көп балалы аналарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеудеміз.
Балалар мен жасөспірімдердің белгілі бір санаттарын тегін дәрі-дәрмекпен
қамтамасыз ету мәселесі шешілуде.

Жыл сайын зейнеткерлік жәрдемақылардың мөлшері индекстеліп,
арттырылуда. Бұрынғы еңбек өтіліне байланысты зейнетақылық төлемдерді
сараланған түрде ұлғайту жүзеге асырылды, бұл бір миллионнан астам адамды
қамтыды. Сондай-ақ әлеуетті құрылымдар ардагерлерінің зейнетақылары өсті.
Барлық зейнетақылық және әлеуметтік төлемдер елімізде уақтылы – тиісті
айында төленіп келеді.

Бұрын уәде бергеніміздей, экономиканың тұрақты дамуы бізге
қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуды жалғастыруға мүмкіндік береді. Бұл
– біздің саясатымыздың әлеуметтік қорытындылары.

Мен бүгін Үкіметке халқымыздың әл-ауқатын жақ¬сарту жөніндегі жұмысты
жалғастыра беруді тапсырамын.

Бұл үшін:
Біріншіден, ана мен баланы әлеуметтік қорғауға айрықша маңыз бере
отырып, 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап, баланың тууына байланысты біржолғы
мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 34740 теңгеге дейін немесе 2 есе арттырылсын.

Баланы бір жасқа толғанға дейін күтуге төленетін ай сайынғы жәрдемақы:
тұңғыш бала туғанда – 5790 теңгеге дейін, немесе 177%-ға;
екінші бала туғанда – 6369 теңгеге дейін, немесе 167%-ға;
үшінші бала туғанда – 6948 теңгеге дейін, немесе 159%-ға;
төртінші және одан көп бала туғанда – 7527 теңгеге дейін, немесе 153%-
ға көбейтілсін.

Балалы отбасыларын қолдауға қажетті қосымша қаражат 9,5 миллиард
теңгені құрайды.

Бұдан бұрын қабылданған шаралар еліміз халқының тұрақты өсуіне қол
жеткізуге жағдай жасады. Мәселен, 2000 жылы 220 мың бала туса, 2006 жылы
290 мың бала туған. 2005 жылы ғана халықтың табиғи өсімі туу есебінен 121
мың адамды құрады.

Аталған шараларды енгізу бұдан да оң демографиялық өзгерістерге
жеткізетініне сенімдімін.

Екіншіден, жұмыс істейтін әйелдер үшін жүктілікті, босануды және
аналық кезін міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізілсін. Бұл ретте декреттік
демалыста және бір жасқа толғанға дейін нәресте күтімі жөніндегі демалыста
жүрген кезінде олардың зейнетақылық жинақтаулары жүргізіле беруге тиіс.

Бұл жәрдемақыларды төлеу әлеуметтік салықты қайта бөлу есебінен
құралған Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражатынан жүзеге
асырылсын. Бұған мемлекеттік бюджеттен қосымша 9,2 миллиард теңге бөлу
талап етіледі.

Үшіншіден, іргелік зейнетақының мөлшері ұлғайтылсын және таяудағы
жылдары оның тұрмыстық ең төменгі қажеттіліктің 40% деңгейінде сақталуы
қамтамасыз етілсін. Осылайша, біз алғаш рет Қазақстанның зейнетақымен
қамтамасыз етуін халықаралық стандарттармен сәйкестендіреміз.

Мұның өзі 1 миллион 675 мың іргелік зейнетақы алушыларды қамтиды, әрі
оның мөлшері 2008 жылы шамамен бір мың теңгеге немесе 35%-дан аса артады.
Ең төменгі зейнетақылық төлемдер (іргелік қосу ең төменгі ынтымақшыл
зейнетақы) 2008 жылы шамамен 1 500 теңгеге немесе 15%-ға көбейеді.

Төртіншіден, зейнетақының мөлшерін бұрынғы еңбек үлесіне сүйеніп
анықтаған кезде әділдік орнату үшін зейнеттік заңнамада көзделген
зейнетақыны есептеу үшін ескерілетін табысты шектеу өзгертілсін, ол 15
мәрте айлық есептік көрсеткіштен 25 мәртеге дейін арттырылсын.

Зейнетақыларды есептеу үшін қабылданған табыстарды заңнамалық шектеу
есебінен бұрын зейнетақылары төмендетілген жарты миллионға жуық зейнеткер
(483 мың адам) өздерінің зейнетақыларына әжептәуір үстеме алады.

Ынтымақшыл зейнетақының орташа мөлшері 13 604 теңгеге немесе 25%-ға
дерлік артады. Ынтымақшыл зейнетақының ең жоғары мөлшері 2008 жылы 21 713
теңгеге дейін, немесе 76%-ға өседі.

Бесіншіден, зейнетақы төлемдерін сатып алу қабілетін тұрақтандыру үшін
зейнетақы төлемдерін индекстеу сақталсын және ол тұтыну бағалары индексінің
болжамды өсімінен екі пайыз арттырыла жүзеге асырылсын.

Аталған шараларды жүргізуге жұмсалатын қаражаттың жалпы қажеттілігі
55,3 миллиард теңгені құрайды.

Алтыншыдан, бюджет саласындағы жалақы 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап
30% арттырылды. Бюджет саласы қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесін
одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмысты жалғастыра беру қажет.

Жетіншіден, олардың мәртебесін арттыру, білім беру, әлеуметтік
қамсыздандыру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт сияқты салаларда
кадрлар тарту мен кадрлық әлеуетті нығайту үшін 2008 жылғы 1 қаңтардан
бастап еңбек демалысына шыққан кезде сауықтыруға арнап, бір лауазымдық
оклады мөлшерінде жәрдемақы төлеу енгізілсін.

2008 жылы ғана бұл бюджетке 30,6 миллиард теңгеге түседі.

Сегізіншіден, бұрынғы жылдары 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зиянды және
ауыр еңбек жағдайында өтілін өткерген адамдарды әлеуметтік қамсыздандыру
туралы мәселе талай рет көтерілген еді.

Кәсіпорындар жұмысшыларымен кездесулерде бұл мәселе менің алдыма
қойылды. Мен оларды түсінемін. Өзім бастан кешкен жағдай. Бұрын біз
мәселені №1 Тізім бойынша шешіп келдік. Ендігі жерде № 2 Тізім бойынша шешу
керек. Мұндай қазақстандықтар бізде шамамен 28 мыңдай адам. Қазіргі кезде
осы проблеманы шешуге біздің қайтып оралуға нақты мүмкіндігіміз бар деп
білемін.

Біз аталған санат үшін сегіз айлық есепті көрсеткіш мөлшерінде арнайы
жәрдемақылар енгізе аламыз. Бұған жыл сайын 3 миллиардтан аса теңге қажет
болады. Осындай қаражат тауып, 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап №2 Тізім
бойынша арнайы жәрдемақылардың төленуін қамтамасыз ету қажет.

Осылайша, мен атап берген барлық әлеуметтік төлемдерді көбейтуге
жұмсалатын қаражатқа қажеттілік 2008 жылы шамамен 108 миллиард теңгені
құрайды.

Бүгінгі таңда мемлекеттің қазақстандықтарды әлеуметтік қамсыздандыруды
жақсарту үшін осындай үлкен қаражат жұмсау мүмкіндігі пайда болды. Ендеше
біз бұл мүмкіндікті іске асырамыз.

Тоғызыншыдан, үш жылдың ішінде 100 мектеп пен 100 аурухана еліміздің
нақ осындай нысандарға мұқтаж болып отырған өңірлерінде салуды тапсырамын.
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуды біз стратегиялық міндет дәрежесіне
көтеруге тиіспіз. Біз мемлекеттік-жеке меншік әріптестігінің көмегімен
әлеуметтік-инфрақұрылымдық даму тетігін қалыптастыру қажеттігіне жеттік деп
білемін.

ІІІ. ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ – ЖАН-ЖАҚТЫ ЖАҢҒЫРТУДЫ ЖЕДЕЛДЕТУ

“Қазақстан-2030” Стратегиясын дәйектілікпен орындау өзіміздің алдағы
ілгерілеуіміз үшін берік негізді қамтамасыз етті. Бізде бұрынғыдан да
табыстырақ алға басуымыз үшін барлық негіз бар, біз мұндай тарихи
мүмкіндікті уысымыздан шығармайтын боламыз.

Сол үшін де Қазақстанды жеделдете жан-жақты жаңғырта жаңарту жолы
таңдап алынды.

Бұл – біздің бұдан былайғы дамуымыздың бірден-бір дұрыс арнасы.

Біз осы заманғы әлемде Қазақстанға және қазақстандықтарға лайықты
орын, бүкіл ел халқының әл-ауқатының өсуі мен тұрмыс деңгейінің елеулі
жақсаруын қамтамасыз ету үшін сыртқы рыноктарға шығып, сенімді орнығуға
міндеттіміз.

Бұл жолда Қазақстан мен өңірдің нақты жағдайын ескеріп, әрі әлемнің
озық мемлекеттерінің жетістіктерін өзімізде іске асыра отырып, біздің:

Біріншіден, қандай да бір табыстарға қолымыз жетіп үлгерген
секторларды жаңғырта жаңарту қарқынын жеделдете түсуіміз қажет;

Екіншіден, жаңғырта жаңартуды ешқандай алалаусыз Қазақстан экономикасы
мен әлеуметтік өмірінің барлық салаларына тарату керек.

ІV. БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА МЕН
ҚОҒАМДАСТЫҚҚА ТАБЫСТЫ КІРІГУІНІҢ КІЛТІ

Сондықтан да өткен жылдың өзінде біз жалпы қазақстандық жобамызды
тұжырымдап, оны іске асыруды қолға алған болатынбыз. Бұл – біздің әлемнің
бәсекеге барынша қабілетті елу елінің қоғамдастығына қарай жедел жылжуымыз
және оның тұрақты мүшесі ретінде Қазақстанның тұғырнамасын нығайту.

Және мұның қажетті шарты – Қазақстан тауарлары мен қызметтерінің озық
халықаралық стандарттардың сапалық деңгейіне шығуы.

Бірақ бұл жеткіліксіз. Бізге экономиканың барлық деңгейінде – бүгінгі
де, сол секілді ықтимал мүмкін болатын нақты да перспективалы бәсекелестік
артықшылықтарымызды қажеттілікпен әрі сарабдалдықпен анықтауға және
пайдалануға тура келеді.

Жүйелілік – біздің осы заманғы әлемде таяудағы онжылдықта алға жедел
жылжуымыздың басты қағидасы, міне, осы.

Бұл үшін бізде барлық алғышарттар бар.

Біздің иелігімізде: орасан зор аумақ; ұтымды географиялық және
коммуникациялық-көліктік орналасуымыз; елеулі табиғи ресурстарымыз бар.

Біз өңірлік экономикада көшбасшылық шептерге шықтық, халықаралық
әріптестерімізбен сындарлы қатынастар орнаттық, саяси және әлеуметтік-
экономикалық тұрақтылыққа қол жеткіздік.

V. ЖАҢА КЕЗЕҢНІҢ НЕГІЗГІ МІНДЕТТЕРІ

Қазақстан әлемдік тауарлар, қызметтер, еңбек ресурстары, капитал, осы
заманғы идеялар мен технологиялар рыногының шын мәнінде ажырағысыз да
серпінді бөлігіне айналуы үшін біз он басты міндетті шешуге тиіспіз.

Бірінші міндет – экономиканың тұрлаулы дамуын жай қамтамасыз етіп,
ұстап тұру емес, оның өсуін басқару.

Бізге экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің тұрлаулы сипатын
қамтамасыз ету үшін толымды стратегия әзірлеу мен іске асыру, сондай-ақ
оның орындалуына қатаң бақылау қажет болады.

Бұл стратегия біздің экономикамыздың жекелеген секторлары мен
өндірістерінің нақтылы бәсекелестік артықшылықтарын негізге алып, әлемдік
даму үрдістері мен сыртқы рыноктардағы сұранысты ескеруге тиіс.

Бізге ендігі жерде “жинақталған” экономикалық өсуді жай пайдалану
емес, осы өсуді нақты басқаруды үйрену, сөйтіп оны сапалық жаңа деңгейдегі
экономикалық дамуға ұластыру керек.

Біз Қазақстанды индустрияландыруға халықаралық рыноктардың талаптары
мен шарттарына сай келетіндей қағидаттық жаңа тұрғыдан келуді қамтамасыз
етуге тиіспіз.

Аса ірі монополистерді қайта құрылымдау мен бәсекелестік қатынастарды
дамыту есебінен біздің табиғи монополиялар аясын қысқартуымыз қажет.

Экономиканың табиғи монополиялар сақталатын секторларында бізге
салалық реттегіштердің көмегімен тарифтік және техникалық реттеу жөнінде
елеулі жұмыс жүргізуге тура келеді.

Ырықтандыру жағдайында біз қаржы жүйесінің тұрлаулылығы мен бәсекеге
қабілеттілігін арттырудың жаңа деңгейіне көтерілуге міндеттіміз.

Біздің тиімді жұмыс істейтін қор рыногын құруымыз керек. Оның дамуы
халықты өз салымдарын бағалы қағаздарға белсенді инвестициялауға
тартпайынша мүмкін емес.

Үкіметтің халықты инвестициялық сауаттылық әліппесіне тиісінше үйрету
жөнінде кең ауқымды жұмыс жүргізуі керек.

Қазақстан үшін қолайлы шарттармен БСҰ-ға кіруі – біз қол жеткізуге
міндетті мақсат.

Бізге халықаралық техникалық стандарттарды барынша жедел де кеңінен
енгізу қажет.

Менің Үкіметке беретін ең басты тапсырмам осы. Бұл – оның тікелей
міндеті және қоғам алдындағы жауапкершілігі.

Екінші міндет – өңірлік экономикада сапалық жаңа табыстарға жету және
жаһандық экономикаға толыққанды қатысуды қамтамасыз ету.

Біз Қазақстанды экономикалық дамудың “өңірлік локомотивіне” және оны
әлемдік экономиканың табысты “ойыншысына” айналдыра аламыз.

Бізде әлемдік шаруашылық жүйесінде нақтылы қазақстандық “тауашаларды”
іздестіру мен игеру, шетелдік әріптестермен ірі озық жобаларға қатысу,
сондай-ақ біздің экономикамызға қатысушыларды жан-жақты және жауаптылықпен
қолдау, соның ішінде, оларға сапалы инфрақұрылымдық қызмет көрсету арқылы
қолдау жөнінде ең таяудағы және алыс болашақтағы міндеттер бағдарламалары
болуы керек.

Бұл ретте негізгі назарды Ресей, Қытай, Орталық Азия, Каспий мен Қара
теңіз өңірлерінің рыноктарына шоғырландыру қажет.

ТМД, ЕурАзЭҚ, ШЫҰ шеңберіндегі экономикалық ықпалдастық саудадағы
басты бағдар болып қала береді. Біз мемлекеттердің Еуразиялық экономикалық
одағын құруға жетуді, оны біздің басқа көршілеріміздің кіруі үшін қолайлы
етуді ұсынамыз.

Қазіргі кезде әлемдік рыноктарда біздің тауарларымызға,
қызметтерімізге және озық идеяларымызға жаңа “тауашалар” құру мен жеңіп алу
үшін жеке меншік бизнес пен мемлекеттің күш-жігерін топтастыру мәселесі қай
кездегіге қарағанда да өзекті болып отыр.

Бізге бәсекеге қабілетті экономика қалыптастыруда мемхолдингтердің
рөлі мен орнын айқын анықтап алу керек.

Бұл міндетті мемхолдингтердің өздерін тікелей қатыстыра отырып, шешу
жауапкершілігін Үкіметке жүктеймін.

Үшінші міндет – өндіруші сектордың тиімділігін арттыру.

Біз алдағы уақытта да байсалды әрі өзара тиімді энергетикалық саясат
жүргізу ниетіндеміз.

Көмірсутегі секторын одан әрі дамытуды, шетел мен жергілікті
инвесторлар тартуды экономиканы әртараптандырумен тікелей байланыстыру және
жаңа келешегі мол өндірістер құру жөніндегі аса маңызды міндеттерді осы
арнада шешу қажет.

Біз Қазақстанның аса бай жер қойнауын игеріп жатқан шетелдік
әріптестерімізді елдің мүддесіне қарай нақты бетбұрыс жасап, біздің
экономикамызды әртараптандыруға шешуші түрде қатысуға, әлбетте, нарықтық
негізде қатысуға көндіруге тиіспіз.

Үкіметке осы орайда тиісті жұмыс жүргізуді тапсырамын.

Бұл мәселеде бізбен келісетін компаниялар біздің қолдауымызға ие
болады. Біз, ең алдымен, Қазақстанның ұлттық басымдықтарын негізге аламыз.

Бұл ретте Қазақстан энергия ресурстарын беріп отырған көршілеріміз бен
халықаралық әріптестеріміз мүдделерінің тұрақтылығын, болжамдылығын және
ұзақ мерзімділігін қамтамасыз етеміз.

Қазақстанның өңірлік, содан кейінгі жерде әлемдік энергетикалық
кеңістіктегі тұғырларын одан әрі нығайтудың толымды стратегиясын әзірлейтін
уақыт жетті.

Өзіміздің энергетикамыз бен мұнай химиясын дамытудың басты мәселесі –
энергия өнімдерінің қосылған құнын ұлғайту арқылы бұл секторлардың
кірістілігін көтеру. Әсіресе, мұнай химиясы, газ ресурстары, экспорттық
энергия дәліздері сияқты басым секторларды басқару тиімді болуға тиіс.

Әлбетте, бұл – рынокқа қатысушылардың барлығына қойылатын, бірақ, ең
алдымен, Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі мен “Самұрық”
мемхолдингіне қойылатын талаптар.

Төртінші міндет – өндірістің шикізаттық емес секторының дамуын,
экономикалық әртараптандырылуын қамтамасыз ету өте-мөте маңызды.

Үкіметтің экономиканың басымдықты шикізаттық емес секторларында
инвестициялық “серпінді” жобаларды іске асыру жөніндегі өзінің бас
стратегиясы болуы керек.

Жаңа экономикалық жағдай мен басымдықтарды ескере отырып, Индустриялық-
инновациялық даму стратегиясын іске асырудың тиімділігіне баға беретін
мерзім жетті. Сондай-ақ индустриялық әртараптандыру жоспарларын
қалыптастыру жөніндегі талаптар мен ұсыныстарды да тұжырымдау қажет.
Жекелеген жобаларды алғашқы қаржыландырудан әртараптандыруды ауқымды
қаржыландыруға көшетін мезгіл жетті.

Бұл – шағын және орта бизнестің белсенді қатысуы жағдайында Үкіметтің,
әкімдердің, мемхолдингтердің жауапершілігі.

Бесінші міндет – өңірлік және жаһандық экономикадағы өзіміздің жаңа
рөлімізге сәйкес осы заманғы инфрақұрылымды дамыту.

Біз стратегиялық инфрақұрылымның даму келешегін айқын пайымдай
білуіміз және, ең алдымен, инфрақұрылымдық қызметті тұтынушы біздің отандық
компаниялардың бәсекелестігін, сондай-ақ өзіміздің халықаралық экономикалық
ықпалдастығымыздың мүдделерін ескере отырып, осы саладағы басқарудың
сапасын едәуір арттыруға тиіспіз.

Бізге экономикалық өсу мен бәсекеге қабілеттіліктің өңірлік
орталықтарын айқындап алып, олардың дамуын тұтастай алғанда еліміз
экономикасының мүдделеріне бағындыру керек.

Біздің өскелең экономикамызға электр энергетикалық ресурстарды дамыту
мен басқаруға және Қазақстанда атом энергетикасының негіздерін қалауға
деген қағидаттық жаңа көзқарастар талап етіледі.

Бұл – өңірлер әкімдерінің, Индустрия және сауда, Көлік және
коммуникациялар, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Энергетика және
минералдық ресурстар министрліктерінің, сондай-ақ мемхолдингтердің
жауапкершілігі.

Алтыншы міндет – осы заманғы білім беру мен кәсіптік қайта даярлау,
“парасатты экономиканың” негіздерін қалыптастыру, жаңа технологияларды,
идеялар мен көзқарастарды пайдалану, инновациялық экономиканы дамыту.

Білім беру реформасы табысының басты өлшемі – тиісті білім мен білік
алған еліміздің кез келген азаматы әлемнің кез келген елінде қажетке
жарайтын маман болатындай деңгейге көтерілу болып табылады.

Біз бүкіл елімізде әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру
қызметіне қол жеткізуге тиіспіз.

Бізге халықаралық стандарттар деңгейінде оқу орындарын тіркеу мен
аттестациялаудың пәрменді жүйесін жасау керек.

Жоғары білім беру саласында дәл және инженерлік ғылымдарды басымдықпен
дамыту – бұл дамуымыздың жаңа кезеңінің міндетті шарты.

Біз жоғары технологияларды енгізу мен инновацияларды қолдауға
бағытталған бірыңғай мемлекеттік стратегия жүргізетін боламыз.

Әлемдік шаруашылық байланыстарына белсене кіріккен барлық осы заманғы
бақуатты мемлекеттер “парасатты экономикаға” сүйенген болатын. Ал ондай
экономика жасақтау үшін, ең алдымен, өз қарауымыздағы адами капиталымызды
дамытқанымыз жөн.

Бұл да – өзіміздің ортақ қазақстандық жобамызға қатысушылардың
баршасының, алайда, ең алдымен, Білім және ғылым министрлігі мен Индустрия
және сауда министрлігінің жауапкершілігі.

Жетінші міндет – атаулы әлеуметтік қолдау және әлеуметтік саланы нарық
қағидаттары негізінде дамыту.

Біз шын мәнісінде зәру адамдарға атаулы қолдау көрсету жөніндегі
саясатымызды жалғастыра береміз, бірақ оны нақты нарықтық қағидаттар
негізінде шешеміз, бұлар:

қолжетімді тұрғын үй сатып алу мен жылжымайтын мүлік рыногын дамыту
мәселелері. Мемлекеттік тұрғын үй салуды дамыту бағдарламасын іске асырудың
екі жылында 11 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй іске қосылды. 2007 жылы 7
млн. шаршы метр іске қосылады. Үш жылдың ішінде 160 мың отбасы мен жарты
миллионнан астам қазақстандық жаңа қоныстанушылар атанады. Бағдарлама 30
пайыздық озықтықпен орындалуда;

медициналық қызметтің сапасын жақсарту және денсаулық сақтаудың жоғары
технологиялық жүйесін дамыту;

жинақтаушы зейнетақы жүйесін жетілдіру және жұмыс орындарын жасақтау.

Бұл үшін мемлекет, ең алдымен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау
министрлігі және Денсаулық сақтау министрлігі жауапты болады.

Сонымен қатар Үкіметке Астананың әкімдігімен бірлесіп, еліміздің бас
қаласында тұрғын үй құрылыс жинақтаулары жүйесі арқылы бюджет саласының
қызметкерлері үшін жедел қарқынмен тұрғын үйлер салу мәселесін пысықтап,
қолға алуды тапсырамын.

Бұл елордамызда құрылатын қуатты медициналық және білім беру
кластерлерін білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін қажет.

Сегізінші міндет – дамуымыздың жаңа кезеңінің ығытына сәйкес саяси
жүйемізді жаңғырта жаңарту.

2007 жылы біз жүйелі демократиялық реформаларды одан әрі іске асыруға
кірісеміз.

Демократиялық реформалар бағдарламаларын әзірлеу және нақтылау
жөніндегі мемкомиссия саяси партиялар¬дың, қоғамдық бірлестіктердің,
сарапшылардың ұсыныстарын, еліміз азаматтарының пікірлерін қорыта келіп,
мемлекеттегі алдағы саяси жаңғыртулар жайында нақты ұсыныстар дайындады.

Маңыздысы сол, бұл ұсыныстар бөгденің тәжірибесін көшіру немесе
дерексіз теорияларды қайталау емес. Олар біздің қоғамымыздың
қажеттіліктерін, қазақстандық нақтылықтарды ескереді. Бізде саяси
реформалардың өз моделіміз, саяси көшудің өзіндік “Қазақстан жолы”
қалыптасу үстінде.

Оның ерекшеліктері мен етене белгілері – президенттік басқару жүйесін
сақтау, реформалардың кезеңдестігі, қабылданған шешімдердің екшенділігі,
жалпыұлттық үнқатысу мен негізгі саяси күштердің топтасуы.

Ұсыныстардың құқықтық ресімделуін қамтамасыз ету үшін қазірдің өзінде
іске кіріскен заңгерлер тобы еліміздің Конституциясына, сондай-ақ жекелеген
заңдарына өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеуде.

Тұтастай алғанда, демократиялық реформалардың алдағы кезеңі мынадай
бағыттар бойынша жүргізіледі.

Біріншіден, Парламенттің өкілеттігін кеңейту.

Парламенттің Конституциялық Кеңесті, Орталық сайлау комиссиясын, Есеп
комитетін қалыптастырудағы, сондай-ақ, тұтастай алғанда, бюджетті бекіту
мен атқарылуын бақылау мәселелеріндегі өкілеттіктері ұлғайтылады.
Парламенттің Үкіметті жасақтаудағы рөлі күшейтіледі.

Екіншіден, саяси партиялардың рөлін арттыруға бағытталған шаралар
қабылданатын болады. Партиялық фракциялардың өкілеттіктерін кеңейту, саяси
партияларды республикалық бюджеттен қаржыландыру ұсынылады.

Біз Мәжілісті сайлау кезіндегі партиялық тізімді кеңейту туралы
мәселені де қараудамыз.

Үшіншіден, реформалардың аса маңызды бағыттарының бірі – сот-құқық
жүйесін жетілдіру болады. Биылдан бастап біз алқа билер сотын енгіземіз.
Тұтқындауға құзырлылықты соттарға беру туралы қағидаттық шешім қабылданды.
Біз біртіндеп осы заманғы және ашық тұрпатты сот өндірісіне көшеміз.

Төртіншіден, жергілікті өкілетті органдарды дамыту. Біз мәслихаттарды
күшейтіп, оларға қосымша өкілеттіктер беретін боламыз. Мәслихаттардың
тексеру комиссияларын нығайтамыз.

Уақыт өте келе аудандық мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқаруды
қалыптастырудың негізіне айнала алады.

Саяси өзгерістердің біз үшін басты мақсаты – биліктің бір мезгілде
елде саяси тұрақтылықты сақтап, біздің азаматтардың барлық Конституциялық
құқықтары мен еркіндіктерін қамтамасыз ете отырып, қоғам мен мемлекетті
басқарудың барынша тиімді жүйесін қамтамасыз ете алатын осы заманғы
демократиялық пішініне қарай қадам басу.

Қуатты мемлекеттік билік пен демократия – бір-біріне кереғар емес.
Демократия тек заңдылық қатаң сақталатын жерде ғана дамиды.

Мен Парламентті, Үкіметті және азаматтық қоғамның барлық институттарын
осынау басты мақсатқа қол жеткізуге шақырамын.

Тоғызыншы міндет – халықаралық іс-тәжірибені ескеріп, әкімшілік
реформаны жеделдете жүргізу.

Біз мемлекеттік басқарудың корпоративтік басқару, нәтижелілік, ашықтық
және қоғам алдындағы есептілігі қағидаттарын арқау ететін сапалық жаңа
моделін түзудеміз.

Біздің мақсат – Үкіметті жаңғырта жаңарту, жоғары кәсіби мемлекеттік
қызмет пен тиімді басқару құрылымын жасақтау. Олар болса, мемлекет
көрсететін қызметтің басты тұтынушылары – барлық азаматтар мен бизнестің
тікелей талаптарына бағынуға тиіс.

Осынау міндетті шешудің жауапкершілігін тұтастай Үкіметке жүктеймін.

Оныншы міндет – жаңа Қазақстанның Орталық Азия өңірі мен әлемдік
қоғамдастықтағы жетістіктері мен мүмкіндіктерін ілгерілету.

Бүгін біз басқа елдермен көкейкесті проблемалардың кең ауқымын шешуде
ынтымақтасып отырмыз. Бұл энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету де,
өмірлік маңызы бар әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу де,
лаңкестікпен күрес те, індеттер мен экологиялық апаттарға қарсы күрес те.
Біз алдағы уақытта да өңірлік ынтымақтастық пен халықаралық қоғамдастықтың
жауапты мүшесі ретіндегі өзіміздің рөліміз бен беделімізді нығайта беретін
боламыз.

Бұл – барлық саяси, экономикалық және қоғамдық басшылардың, алайда, ең
алдымен, біздің сыртқы саяси ведомствоның жауапкершілігі.

Енді бір 10 жылдан кейін жаңа Қазақстанды жаңа әлемде таныту үшін біз
жаңа уақыттың өктем талабына дер кезінде әрі лайықты үн қатуға тиіспіз.

Сондықтан да Үкіметке 2030 Стратегиясының негізгі қағидаларын Жаңа
Кезеңде дамытатын барлық жоғарыда аталған міндеттерді дәйектілікпен шешуді
тапсырамын.

Оларды орындау үшін мен біздің ішкі және сыртқы саясатымыздың аса
маңызды 30 бағытын айқындадым, бұл – Қазақстанның жаңа кезеңдегі даму
стратегиясы.

Ол менің Жолдауымның екінші бөлімінде баяндалды.

Бізге табысты билік тармақтарының, бизнес-қауымдастықтың, академиялық
және қолданбалы ғылымның, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ-тардың жұмысын осы
заманғы ұйымдастыру және іс-әрекетін нақты үйлестіру және, әлбетте,
отандастарымыздың қолдауы қамтамасыз ететін болады.

VІ. ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПАТРИОТИЗМ МЕН САЯСИ ЕРІК-ЖІГЕР – ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ
ҚҰРУДЫҢ АСА МАҢЫЗДЫ ФАКТОРЛАРЫ

Қымбатты қазақстандықтар!
Құрметті депутаттар мен Үкімет мүшелері!
Ханымдар мен мырзалар!

Біз осы таяуда ғана тәуелсіздігіміздің он бес жылдығын атап өттік.
Өткен жолымыз лайықты жол болды, ал біздің бірлескен шешімдеріміз бен
тындырған ісіміздің нәтижелері таңданарлықтай болды.

Мұның бәрі де, жаңа жалпықазақстандық патриотизмнің іргетасын қалап,
біздің Отанымыздың, біздің барша көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыздың,
біздің балаларымыздың тамаша келешегі бар екеніне негізді мақтаныш пен
сенімділікті туындатады.

Тарих халық өзінің ерік-жігерін тарихи ауқымдағы жобаларды іске асыру
үшін жұмылдырған кезде жаңа даму деңгейіне көтерілетінінің жарқын мысалын
аз білмейді.

Қымбатты ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Еуразиялық экономикалық одақ - ауқымды экономикалық бастама
Еуразиялық экономикалық одақ
Еуразия идеясы
Еуразиялық экономикалық одақтың қалыптасу тарихы
ТМД-дағы экономикалық интеграция және Қазақстан
ТМД-ның ролі мен маңызы Қазақстан
ХХІ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН-РЕСЕЙ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАРЫ: МӘСЕЛЕЛЕРІ МЕН КЕЛЕШЕГІ
Қазақстанның Ресей мемлекеті үшін маңыздылығын сараптау жұмысын
Кеңес одағының ыдырауынан кейінгі ТМД елдеріндегі интеграциялық байланыстардың жүзеге асуы
Қазақстан Республикасының халықаралық қаржы - кредит уйымдарына қатысуы
Пәндер