Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін әлеуметтік институт ретінде зерттеу



Пән: Педагогика
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 155 бет
Таңдаулыға:   
Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті

ӘОЖ 316.378 (574)
Қолжазба құқында

ТҰРЛЫБЕКОВ БЕРДІБАЙ ДҮЙСЕНБЕКҰЛЫ

Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін
әлеуметтік институт ретінде зерттеу

22.00.04 - әлеуметтік құрылым, әлеуметтік институттар және процестер

Социология ғылымдарының кандидаты дәрежесін
алу үшін дайындаған диссертация

Ғылыми
жетекші:

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
философия
ғылымдарының докторы,
профессор
М.С. Әженов

Қазақстан Республикасы
Түркістан, 2007
МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ
3

1 ЖОҒАРЫ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІН ӘЛЕУМЕТТІК ИНСТИТУТ
РЕТІНДЕ ЗЕРТТЕУДІҢ ӘДІСТЕМЕЛІК-ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

12

1.1 Жоғары білім беру білім социологиясының объектісі ретінде
12
1.2 Жоғары оқу орындарын әлеуметтік институт ретінде зерттеудің
теориялық жақтары
31
1.3 Қазақстандағы жоғары оқу орындарын реформалау туралы
социологиялық талдау
46

2 ЖОҒАРЫ БІЛІМ БЕРУ ОРЫНДАРЫНЫҢ СУБЪЕКТІЛЕРІ 61

2.1 Студент, магистрант, аспирант, докторант: статусы,
функциясы, әлеуметтік мәселелері
61
2.2 Профессор-оқытушы құрамы: функциясы, ішкі құрылымы,
әлеуметтік мәселелері
94
3. Менеджерлер және басқа топтар: функциялары, құрылымы,
әлеуметтік жағдайлары
110

ҚОРЫТЫНДЫ
118

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
124

ҚОСЫМША А ЖОО оқушыларының (студент, магистрант, аспирант)

әлеуметтік мәселелері
129
ҚОСЫМША Б ЖОО оқытушы–профессорлардың қоғамдағы рөлі
мен әлеуметтік жағдайлары
136

ҚОСЫМША В ЖОО менеджерлер, шаруашылықпен айналысатын және
оқу ісіне көмектесетін кәсіби топтардың әлеуметтік жағдайлары
139

КІРІСПЕ

Зерттеу тақырыбының өзектілігі
Қазіргі адамзат әлемде көптеген құндылықтарға қол жеткізе алады. Олар
-экономикалық, мәдени, рухани құндылықтар. Сол рухани құндылықтардың ішінде
білім беру мен ғылым бар. Білім мен ғылым біртұтас әлеуметтік құбылыс.
Қазіргі білім ғылымға негізделген білім. Әрине, білімнің ғылым емес түрлері
де аз емес. Бірақ біздің зерттеу нысанымызға алынғаны - ғылыми білім.
Әсіресе жоғары арнайы білім беру құндылық ретінде алынып, оның қоғамдағы
рөлін, функциясын, тағы басқа жақтарын социологиялық тұрғыда зерттеуге
әрекет жасадық. Қазіргі кезеңдегі өркениетті, дамыған елдер сол білімнің,
ғылымның, осыған байланысты озық технологияның негізінде ғана биік сатыға
көтеріліп отыр. Жоғары арнайы білім Еуропа, АҚШ, Жапония елдерінде өте
мықты қарқынмен дамуда. Ресейде, біздің Қазақстанда жоғары білім беру ісі
тәуір деңгейде жүріп жатқан сияқты. Білім және ғылым министрінің айтуына
қарағанда, біз осы сала бойынша әлемде 36-шы орынды иеленеді екенбіз. Бұл
да жаман көрсеткіш емес. Әрбір дамыған елде жоғары білім беру мәселелері
өте күрделі болып есептеледі. Елде неғұрлым жоғары арнайы білімі бар
мамандар саны мен сапасы көтеріңкі болса, ол елдің экономикасы,
технологиясы және әлеуметтік тұрмысы соғұрлым озық та жоғары болатыны
сөзсіз.
2006 жылы наурыз айында Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев халыққа
Жолдау ұсынды. Бұл Жолдау өте маңызды, тарихи құжат. Мұнда Қазақстанның
әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы
туралы айтылған. Жолдауда осы мәселе бойынша басты негіздер мен
басымдылықтарға ерекше көңіл бөлінген. Басымдылықтардың бірі - осы заманғы
білім беру және білікті кадрлар жүйесін дамыту. “Білім беру реформасы –
Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік
беретін аса маңызды құралдардың бірі”, – деген Президент. Сондай-ақ,
“Жоғары білім беру саласында техникалық білім беруді дамытуға ерекше назар
аудара отырып, жоғары оқу орындары желісінде оңтайландыру жүргізілуге
тиіс”, – деп жалғастырған еді Елбасы [1].
Халыққа білім беру мәселесі әрбір, тіпті озық елдердің өзінде күрделі
мәселе. Оның жан-жақты қырлары толып жатыр. Еуропа елдері, әсіресе,
еуроодаққа кірген елдер бәріне бірдей жоғары оқу жүйесін қалыптастыру
мәселесімен айналысуда, яғни еуростандартқа көшу мәселесін қозғауда.
Көптеген елдерде, оның ішінде АҚШ пен Жапонияда білім берудің жаңа
реформасы жасалуда. Бұл елдерде жоғары білім беру жүйесі, ғылым және
технология салалары қаншама ілгері дамығанымен де күнделікті жаңа мәселелер
туындап отырады. Себебі, қоғам күннен-күнге өзгеріп, жаңа талаптар, жаңа
мақсаттар қойылуда. Әсіресе, ғылым мен технология жылдам қарқынмен дамуда.
Осы құбылыстарға байланысты мамандарды даярлау, олардың кәсіби деңгейін
көтеріп, жоғары білім берудің сапасын арттыру әрбір елдің мақсаты мен
міндеті болып табылады. Әйтпесе бұл елдердің артта қалуы әбден мүмкін.
Сондықтан да білім беру, әсіресе жоғары білім беру жүйесін модернизациялау,
жетілдіру, реформалау бұл норма, эволюциялық процестер. Әлемдегі елдердің
көпшілігінде білім берудің өзіндік ұлттық концепциясы, саясаты бар. Әр елде
бұл концепциялар әр түрлі болуы мүмкін. Әрине бұл жерде әр елдің ұлттық
құндылықтары ескерілуі қажет. Оның ішінде әдет-ғұрып,
менталитет, қалыптасып қалған білім беру әдістемесі бар. Біздің елде білім
беру реформасы басталып кетті. Осы реформаның негізгі принциптері,
методологиясы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауында және
басқа да баяндамаларында, сөйлеген сөздерінде айқындалған. Ал үкімет
тарапынан реформаның негізі 2004 жылы 16 қазанда жарияланды. Ол “Қазақстан
Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған
Мемлекеттік бағдарламасы” деп аталған құжатта белгіленген. Бұл құжат
Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен бекітілді. Білім және ғылым
жөніндегі министр және осы министрліктің жауапты қызметкерлері бағдарламаға
түсініктеме беруде, оны ары қарай тереңдетуде. Біздің диссертациямыздағы
пікірлер, қорытындылар осы құжаттың шеңберінде тұжырымдалған. Құжаттың
негізгі міндеттері: халықтың барлық жіктерінің сапалы білімге қол жеткізуін
қамтамасыз ету; білім беруді басқаруды одан әрі демократияландыру негізінде
білім берудің ұлттық жүйесінің жұмыс істеуінің нормативтік-құқықтық базасын
жетілдіру; қазақстандық патриотизмге, биік мәдениетке, адамдардың құқықтары
мен бостандықтарын құрметтеуге тәрбиелеу; мемлекеттік тілді басым дамыту;
отандық дәстүрлер, әлемдік тәжірибеге және тұрғылықты даму қағидалары
негізінде білім берудің мазмұны мен құрылымдарын жаңарту [2]. Сондай-ақ,
бұл бағдарламада көптеген нақтылы міндеттер туралы айтылған. Ол міндеттер
әр кезеңдерде орындалады. Бірақ та бағдарламадағы 2010 жылға дейін
көрсетілген мақсаттар толық орындалуы тиіс. Әрине, бағдарламада көрсетілген
істерді орындап шығу оңай іс емес. Біріншіден, бұл істерді орындау үшін
үлкен көлемде қаржы қажет; екіншіден, оны орындайтын кадрлар, мамандар
болуы керек немесе оларды шетелден шақыру қажет; үшіншіден - оқушыларға
сапалы білім беру үшін көптеген оқулықтар мен ғылыми еңбектердің шығуы
тиіс; төртіншіден, білім беру жүйесіне жаңа оқыту әдістемелерін енгізу,
жалпы алғанда оқыту әдістемелері толық деңгейде жаңартылғаны дұрыс;
бесіншіден, білім беру жүйесіне озық елдерде дәлелденген, зерттелген ұтымды
тәжірибелерді дұрыс пайдалануымыз қажет.
Біздің қазақ ұлтының өзіндік ерекшеліктері бар. Ол ерекшеліктер қазақтың
дәстүріне, әдет-ғұрпына, өмір салтына, психологиясына, тарихына байланысты.
Қазақстанды қазіргі кезде мекендеп отырған басқа да ұлттардың өзіндік
ерекшеліктері, менталитеті бар. Оларды да естен шығармаған дұрыс. Білім
беру ісінде осы өзіндік ерекшеліктерді сақтай отырып, біз әлемдік білім
беру деңгейінен кейін қалмау үшін жұмыс істеуіміз қажет. Осы бағдарламада
көрсетілгендей мемлекет білім беру ісіне көлемді қаражат бөліп отыр.
“Бағдарламаны іске асыру үшін мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаражат
330812,0 миллион теңге, ал әр жыл сайын бөлінетін ақшаның көлемі мынадай:
2005-жылы – 41402,2 миллион теңге болса, ал 2010-жылы 62670,4 миллион теңге
болады” [2]. Бағдарлама іске асырылғанда білім беру жүйесі қандай
жетістіктерге ие болады деген сұрақ туады. Бұл сұраққа осы құжаттың өзінде
жауап берілген. 2010-жылға дейін республикада білім беру жүйесінде тиімді
басқару жүйесі құрылады және ол жүйе: мамандық, білгірлік жағына жаңа
тұлға қалыптастыруға ат салысуға мүмкіндік береді. Бұл реформаның толып
жатқан мақсаттары бар және олардың орындалу нәтижесінде күтетін жетістіктер
туралы бағдарламада толық айтылған. Біз оны толық қайталамаймыз. Ол
нәтижелер туралы диссертацияның тиісті жерлерінде айтыла жатар.
Бағдарламада қазіргі кездегі Қазақстандағы білім беру жүйесі туралы
жасалған талдау және қазіргі жағдайдағы білім беру сапасын бағалау бар.
Қазіргі жағдайда білім беру сапасы халықты қанағаттандырады деп айтуға
болмайды. Біріншіден, қазіргі білім беру ісі қоғамның, оның ішінде нарықтық
қоғамның талаптарына сай келмейді. Екіншіден, қазіргі кезеңде қоғам өте
жылдамдықпен өзгеруде және ақпарат көбеюде. Әрине, осы жағдайда іргелі
пәндік білім міндетті түрде берілуі қажет. Бірақ ол жеткіліксіз. Бұл
жағдайда адамдарға тек қана білім беру, оларды оқыту жеткіліксіз іс
болады. Маңызды нәрсе адамдарға сол жаңалықтарды, ақпараттарды өздері
тауып, оларды талдап, іріктеп, жүйеге келтіріп және өздері қоғамның
өміріне, ісіне пайдалана білуді қалыптастыру, үйрету қажет. Қазақстандағы
білім беру жүйесіне талдау жасай келіп бағдарламада бұл жүйенің артта қалып
бара жатқандығы көрсетілген. Жалпы алғанда, қазіргі жүйе ескірген, ескі
методологиялық базаға, құрылымға, мазмұндарға негізделген. Білімнің мазмұны
көбінесе фактологиялық, сондықтан да бұл жүйе шығармашылық мамандық,
жауапкершілік істерге оқушыларды дұрыс тәрбиелеуге мүмкіндік бермейді. Әлі
де болса біздің елде білім беру жүйесін басқару ісі дұрыс жолға қойылмаған,
басқа да себептерге байланысты біздің білім беру жүйеміздің мазмұны
жағынан және әдістемесі жағынан да озық елдермен салыстырғанда артта
қалыңқырап отыр. Әлемдік білім беру кеңістігінде біз өзіміздің тиісті
орнымызды ала алмай отырмыз. Бағдарламаның басқа тарауларында Қазақстандағы
басқа білім беру жүйесіндегі деңгейлерге талдаулар жасалып және олардың
2005-2010 жылдар аралығында дамулары айтылған. Білім беру мәселелері
мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқытудан басталып, жоғары білім беруден
және одан кейінгі білім деңгейімен аяқталады. Бұл жерде көптеген маңызды
мәселелер қарастырылған. Әсіресе, мектепке дейінгі тәрбие және білім беру,
жалпы орта білім деңгейі, бастауыш және орта мамандық білім беру деңгейі
өте терең қарастырылған. Сондай-ақ, Бағдарламада көптеген бұрын орын
алмаған жаңа жүйелер, деңгейлер бар. Бірақ біз барлық жүйелерді,
деңгейлерді қарастырмаймыз. Олар біздің зерттеу шеңберімізге кірмейді.
Біздің объектіміз жоғары білім беру және жоғары білімнен кейінгі білім алу
жүйелері. Жоғары білім беру бұл құжатта заңды түрде бекітілген. Дүние
жүзінде кеңінен орын алған модель “үш баспалдақты үлгі” деп аталады. Олар:
бакалавриат, магистратура, докторантура (Ph.D). Бұл үлгі кредиттік
технологияға негізделген. Бағдарламада айтылғандай, осы үлгі АҚШ және
көптеген Еуропа елдерінде іске асуда. Осы үлгі бойынша өте ыңғайлы, тиімді
академиялық жаңалықтарды енгізуге мүмкіндік туады және қазіргі жылдам
өзгеріп жатқан нарықтық экономикаға қажетті мамандарды дайындауға септігін
тигізеді. Бағдарлама бойынша әрі қарай жоғары білім беру ісі Қазақстанда
айтылған үлгінің негізінде жүргізіледі, бұл мәселеге алда кеңінен
тоқталамыз.
Қазіргі кезде республика парламентінің мәжілісінде білім беру туралы
жаңа заңның жобасы талқылануда. Соңғы білім беру заңы 1999 жылы
қабылданған. Одан бері біраз уақыт өтті, өзгерістер көбеюде. Заңның біраз
жерлері ескіріп кетті. Жаңа білім берудің “Мемлекеттік бағдарламасын”
басшылыққа ала отырып, жаңа білім беру заңын қабылдау өте қажетті іс.
2005-2010 жылдарға жоспарлаған реформаның біраз мәселелері іске асырылып
жатыр, тіпті бұл реформаның бірінші кезеңінің (2005-2008 ж.) біту уақыты да
жақын. Сондықтан да білім беру туралы жаңа заңның шығу процесін жылдамдату
қажет.
Проблеманың ғылыми зерттелу деңгейі
Жоғары білім беруді әлеуметтік институт ретінде қарастыру, оған
социологиялық талдау жасау біздің республикамызда жаңадан көтеріліп жатқан
мәселе. Бірақ батыс социологиясында, Ресейде бұл мәселе көптен бері қолға
алынып олар біраз жетістіктерге жеткен. Жалпы білім социологиясын алсақ,
(оған жоғары білім алу социологиясы да кіреді), оның негізін салушылар,
жалпы классикалық социологияның негізін салушылар – Э. Дюркгейм,
М. Вебер, П. Сорокин [3-5], тағы басқалар. Одан бері батыс социологтары
Т. Парсонс, Дм. Дьюи, П. Бурдье, Э. Гидденс, Дж. Колмэн, Н.
Смелзер [6-11] тағы басқалар. Кеңес Одағындағы білім социологиясының
негізін салушы академик С.Г. Струмилин [12] болған. Ол ғылым мен білімнің
экономикаға, өндірістің тиімділігіне көрсететін әсерін, ықпалын көп жылдар
бойы зерттеген. Одан шығатын қорытынды білім неғұрлым жоғары болса,
соғұрлым еңбек нәтижесі жоғарылайды, білімді маман экономиканың дамуына
өзінің әсерін мықты тигізеді. Біраз уақыт Кеңес Одағы кезінде білім
социологиясы даму жағынан белгілі себептерге байланысты тоқтап, ал 70-
жылдардан бастап қайтадан қолға алынды. Әсіресе осы кездердегі В.Н.
Шубкиннің Новосибирскідегі жүргізген білім берудің социологиялық
мәселелерді зерттеуін айтуға болады [13]. Бұл зерттеулерде басты мәселе –
оқушы жастардың кәсіптік бағыты, яғни мектепті бітірген балалардың
мамандықты таңдау мәселесі. Жоғары білім берудің мәселелері М.Х. Титма
(Эстония), Ф.Р. Филиппов, Р.Г. Гурова, В.Н. Турченко, М.Н. Руткевич, И.Я.
Нечаев, Н.А. Аитовтардың [14-20] еңбектерінде зерттелген. Қазіргі кезеңде
Ресейде білім беру мәселесінің социологиялық аспектілері кеңінен
зерттелуде. Ал біздің республикамызда білім социологиясына бұрында да және
қазіргі кезде де аз көңіл бөлінуде. 90-жылдардан бастап республикада осы
социология саласына арналған бірен-сараң диссертациялар қорғалып, кітаптар,
мақалалар жариялана бастады. Бұл жерде біз осы кездерде қорғалған екі
докторлық диссертацияны айта кетуімізге болады. Оның бірі Оразбек
Нұсқабаевтың орта мектеп социологиясына арналған “Мектеп жас ұрпақты
әлеуметтендіру институты” [21], екіншісі Тыныштық Қалдыбаеваның мектепке
дейінгі білім беру социологиясына арналған “Білім социологиясы” [22] деген
докторлық диссертациясы және осы диссертациялардың мазмұнын беретін осы
авторлардың біраз кітаптары мен мақалалары. Ал жоғары білім беру мәселесі
социологиялық тұрғыдан республикада өте аз зерттелген. Бұл мәселе жөнінде
Н.А. Аитовтың “Социология образования” деген кітабында және оның басқа
авторлармен бірігіп жазған “ВУЗ, студент, преподаватель” (1992) деген
еңбектерінде зерттелген. 1990 жылы Алматыда И.И. Мечтова деген зерттеушінің
“Социально-экономические проблемы перестройки высшего образования” [23]
деген монографиясы жарық көрген. Қазіргі кезеңде де осы мәселелермен
шұғылданып жүрген зерттеушілер азды-көпті баршылық. Оның ішінде М.С.
Әженовтың “Высшее образования как социальный институт”, “Актуальные
проблемы социологии образования” деген мақалалары [24-25] және басқа
социологтардың азды-көпті еңбектерін айтуымызға болады.
Білім социологиясына, оның ішінде жоғары білім беру социологиясына
жанамалы қатынасы бар Қазақстанның бір топ ғалым – социологтарының
еңбектерін атап көрсеткен жөн болар. Олардың ішінде К.Ү. Биекенов,
М.С. Садырова, М.М. Тажин, С. Сейдуманов, К. Ғабдуллина, К.Қ. Өтешов,
Ш.Е. Джаманбалаева, Г.С. Абдраимова, А.
Нурмағанбетов, Ғ. Есім, Л.Т. Қожамқұлова, З.Ж. Жаназарова,
Б. Мұхамеджанов, Е.Л. Бурова, М.Ф. Пузиков, Л.Я. Гуревичтің
еңбектерін айтуымызға болады [26-41]. Жалпы жоғары оқу орны туралы
кітаптар, диссертациялар аз емес. Бірақ ол еңбектердің өзіндік аспектілері
бар.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері
Зерттеу жұмысының мақсаты тақырыптың өзектілігімен шешілетін мәселенің
маңыздылығынан туындап отыр. Диссертация тақырыбының өзектілігін, маңызын
оның негізгі бағыттарына талдау жасау барысында зерттеу жұмысының алдына
мынадай мақсат қойылды:
- Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін әлеуметтік институт ретінде
талдау және оны социологиялық әдістер арқылы зерттеу.
Осы мақсатты жүзеге асыру үшін мынадай міндеттер белгіленді:
- жоғары білім беру мәселесінің социологиялық аспектісін анықтау;
- жоғары білім берудің әлеуметтік институт ретіндегі көрінісін айқындау;
- жоғары білім берудің әлеуметтік құндылығы, қоғамда алатын орны,
статусы, міндеттерін анықтау;
- жоғары білім беру саласындағы субъектілер және олардың
әлеуметтік жағдайларын зерттеу;
- жоғары білім алудың болашағы, оны реформалау мәселесі бойынша
жаңа ұсыныстар, пікірлер, ойлар айту;
- жоғары білім беру жүйесіндегі болып жатқан
жаңалықтарға социологиялық талдау жасау.
Зерттеу жұмысының нысаны және пәні
Зерттеудің нысаны ретінде жоғары оқу орындары алынған. Зерттеудің
пәні ретінде осы объектінің әлеуметтік функциялары, қоғамдағы орны,
статусы, әлеуметтік институт ретінде дамуы, ЖОО субъектілері - студенттер,
магистранттар, аспиранттар, докторанттар, профессор-оқытушылар, әкімшілік,
басқару, оқу процесін жүргізу және шаруашылық жүйелеріндегі қызмет
жасайтын кәсіби топтар.

Зерттеу жұмысының теориялық және әдістемелік негізі
Білім беру жүйесі, оның ішінде жоғары білім беру ісі, теориялық тұрғыдан
батыстың ірі социологтарының еңбектерінде зерттелген. Олар: Э. Дюркгейм,
М. Вебер, П. Сорокин, Э. Зиммель, Т. Парсонс, Дм. Дьюи, П. Бурдье,
К. Джекси, Дж. Колмэн және т.б. Қазақстан социологтарының ішінде
осы бағытта көлемді социологиялық зерттеу жүргізгендер: Н.А. Аитов,
О.Н. Нұсқабаев, Т. Қалдыбаева, М.С. Әженов, тағы басқалар. Осы
көрсетілген еңбектерде жоғары білім беру жүйесінің социологиялық
мәселелері қарастырылған. Әрине теориялық принциптерге келсек,
көрсетілген зерттеушілер жоғары білім беру мәселесінде әр түрлі, бір-
бірінен өзгешелеу бағыттарда, олардың теориялық концепцияларында
өзіндік ерекшеліктері бар. Біз өзіміздің зерттеуімізде белгілі
принциптерді, әдістерді басшылыққа ала отырып, олардың біздің қазіргі
жағдайымызға тиімді, жарамды, жарамсыз жақтарына көңіл аудардық.
Қазақстандағы жоғары білім беру мәселесінің өзіндік ерекшеліктері аз емес.
Батыстың немесе Ресейдің теорияларын біздің жағдайға алаңсыз пайдалана
беруге болмайды. Сондықтан да, біз осы теориялық, әдістемелік мәселелер
бойынша да, өз еліміздің менталитетіне байланысты өз түсінігімізді,
өзіндік түйінділігімізді жасауға жігерленіп көрдік. Президент Н.Ә.
Назарбаевтың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын, Президенттің Қазақстан
халқына Жолдауын (2004-2007 жж.), оның басқа да кітаптарындағы пікірлерін
әдістемелік негіз ретінде пайдаландық. Қазақстан Республикасында білім
беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасын
жаңа әдістемелік принцип ретінде қарастырдық. Жалпы айтқанда, әдістеме
(методология) дегеніміз ол әдіс ретінде алынған теориялық принциптер,
парадигмалар. Әдістеме дегеніміз зерттеуде басшылыққа алынатын теориялар.
Әрине басында айтып кеткендей, біз басшылыққа жоғары білім беру
социологиясындағы принциптерге өзіміздің зерттеуімізді негіздейміз. Өз
зерттеуімізде көбінесе әдістеме ретінде жүйелік, функционалдық, құрылымдық
социология басшылыққа алынған.

Зерттеудің эмпирикалық негізі
- Ресми статистика,
- БҰҰ-ның Қазақстан туралы жылдық есептері,
- Білім беру туралы Білім және ғылым министрлігінің бұйрықтары мен
қаулылары,
- ЖОО (кейбір) жылдық есептері,
- Нақтылы социологиялық зерттеулер. Ол зерттеулер 2002-2006 жылдар
аралығында Қызылорда, Шымкент, Тараз, Түркістан қалаларында орналасқан
жоғары оқу орындарында жүргізілген.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалықтары
Қазіргі Қазақстан Республикасында жоғары білім беру мәселесі бірінші
рет кешенді әлеуметтік зерттеудің негізі ретінде қарастырылып отыр,
диссертациялық жұмыс осы тақырыптағы алғашқы зерттеу болып табылады. Осыған
орай ғылыми зерттеу жұмысы бойынша төмендегі негізгі жаңалықтар ұсынылады:
- жоғары білім берудің социологиялық аспектісі анықталған.
- жоғары оқу орындары әлеуметтік институт ретінде зерттелген.
- Республика Президентінің 2004-2007 жж. Қазақстан халқына Жолдауында
және Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарына
арналған “Мемлекеттік бағдарламаға“ байланысты жоғары білім беру
мәселелері социологиялық бағытта талданған.
- жоғары оқу орындарының субъектілері және олардың әлеуметтік мәселелері
социологиялық әдістер арқылы зерттелген.
- жоғары оқу орындарындағы білім берудің сапасын көтерудегі әлеуметтік
мәселелер зерттелген.
Қорғауға ұсынылып отырған негізгі тұжырымдар
- Жоғары білім социологиясының шеңберін анықтау.
- Жоғары білім беру саласы әлеуметтік институт екендігін дәлелдеу.
- Қазақстандағы басталып жатқан білім туралы жаңа реформаны
социологиялық тұрғыдан талдау.
- Жоғары оқу орындарының оқу сапасын арттырудағы, көтерудегі
іс-әрекеттеріне баға беру, кейбір ұсыныстар (рекомендациялар)
енгізу.
- Жоғары оқу орындарындағы субъектілерінің (студент, магистрант,
докторант, профессор, оқытушылар құрамы және оқу процесін жүргізу мен
шаруашылық жүйелеріндегі қызмет жасайтын кәсіби топтар) әлеуметтік
жағдайларын нақтылы социологиялық материалдар арқылы зерттеу.
Зерттеу жұмысының теориялық және қолданбалы маңызы
Диссертацияда біраз теориялық мәселелер зерттелген. Олардың біразы
жаңа проблемалар, сондықтан да келтірілген теориялық тұжырымдар басқа да
зерттеушілерге әсер етеді деп ойлаймыз.
Жоғары оқу орындарының жұмысы, рөлі, функциялары, статусы, нақтылы
материалдармен негізделген. Диссертациядағы теориялық қорытындылардың
социология ғылымына, оның ішінде білім социологиясына тигізетін үлесі бар.
Жоғары білім беру, әлеуметтік институт ретінде қарастыру белгілі
нормаларға, тәртіптерге негізделеді. Бұл теориялық мәселелер. Маңызды
теориялық мәселелердің бірі – жоғары білім беру процесінде жас адамдарды
тәрбиелеу, оны адам, тұлға ретінде қалыптастыру, яғни әлеуметтендіру
(социализациялау). Осы мәселелер туралы нақтылы пікірлер бар.
Жұмыстың қолданбалы жағына келсек, оны аса дәлелдеп жатудың керегі
жоқ деп ойлаймыз. Білім беру министірлігі шығарып жататын нұсқауларында,
қаулыларында, тағы басқа құжаттарында осында зерттелген кейбір мәселелердің
тұжырымдарын пайдалануына болады. Диссертацияның қорытындыларын, нақтылы
социологиялық материалдарын басқару ісіне пайдалануға болады.
Социология пәні барлық жоғары оқу орындарында өтетін болғандықтан
және онда білім социологиясы деген арнайы курс немесе тарау болғандықтан
бұл жұмыстың қолданбалы жағы көтеріле түседі. Егер де біз Қазақстанда,
жалпы ТМД елдерінде білім беру социологиясы, оның ішінде жоғары білім беру
социологиясы, әлі де осал дамығандығын еске алсақ, бұл жұмыстың
студенттерге, оқытушыларға оқу құралы ретінде қажет екендігі де аса бір
күмән туғызбайды. Диссертацияны, авторефератты және осы тақырыпта автордың
басылымдарын лекцияларда, семинар сабақтарында пайдалануға болады.
Зерттеудің негізгі қорытындыларын талқылаудан өткізу
Зерттеудің (диссертацияның) толық мәтіні ғылыми орындарда талқыланып,
талқылаудан өткен. Білім және ғылым министрлігінің талабы бойынша бұл
жұмыстың негізгі мазмұны жарияланған. Кейбір мақалалар ақпараттық-
аналитикалық журнал САЯСАТ-Policy, халықаралық ғылыми-педагогикалық
басылым ҚАЗАҚСТАН ЖОҒАРЫ МЕКТЕБІ, Қазақстан Республикасы білім және ғылым
министрлігінің ғылыми журналдары ІЗДЕНІС, ҰЛТ ТАҒЫЛЫМЫ және т. б.
ғылыми журналдарда жарық көрген. Тақырып бойынша ізденуші бірнеше
университеттік, республикалық, халықаралық конференцияларға қатынасып,
баяндамалар жасады. Олар әр кездерде басылып шықты. Қазақстан
Республикасындағы жоғары оқу орындарындағы кадрлар даярлау мәселесі. Қ.А.
Ясауи атындағы ХҚТУ хабаршысы, № 1, 2002 ж.; Қазақстан
Республикасындағы техникалық жоғары білім беруді дамытудағы өзекті
мәселелер. Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ хабаршысы, №4-5, 2002 ж.; Жоғары оқу
орындарындағы білім сапасының кейбір мәселелері. Ақиқат. №2, 2004 ж.;
Жоғары оқу орындарындағы студенттердің саяси және олардың әлеуметтік
өмірі Мәдениет, білім және тіл философиясының өзекті мәселелері
- республикалық ғылыми-практикалық конференция. Абылай хан атындағы
Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті. Алматы, 2004 ж.;
Тәуелсіз Қазақстан қоғамына жоғары білімді, білікті, сапалы кәсіби
мамандар әзірлеу мәселесі Конкурентоспособность национальной экономики в
условиях глобализации - халықаралық ғылыми-практикалық конференция.
Халықаралық Бизнес университеті. Алматы, 2004 ж.; Аспирант, докторант
жоғары оқу орындарының субъектілері ретінде Ізденіс. №3, 2004 ж.;
Қазақстандағы жоғары оқу орындарын реформалау және ондағы жаңалықтар
туралы социологиялық пікірлер. Қазақстан жоғары мектебі. №3, 2004 ж.;
Жоғары оқу орындарының өзекті мәселелері Саясат. №9, 2004 ж.; Жоғары оқу
орындарының даму кезеңдері: типтері мен статустері Білім берудің негізгі
аспектілерін жетілдіру жолдары - республикалық ғылыми-теориялық
конференция. Оңтүстік-Қазақстан педагогикалық университеті. Шымкент, 2005
ж.; ЖОО әкімшілік жүйелеріндегі қызметкерлер мен кәсіби топтар олардың
функциялары, статустері. Жаһандану және әлеуметтік-гуманитарлық танымның
мәселелері - халықаралық ғылыми-теориялық конференция. Қазақ гуманитарлық
заң университеті. Алматы, 2006 ж.; ЖОО студенттің ұстазбен ара қатынасы
және оның өзін өзі тануы. Экология, Білім, Ғылым және Қоғам
- республикалық ғылыми-теориялық конференция. Қ.А. Ясауи
атындағы ХҚТУ. Кентау институты. Кентау қаласы, 2006 ж.; Жоғары оқу орны
құрылымының өзгеру мәселесі. Орта азия елдерінің мемлекетаралық
интеграциялық байланыстарын жаңғырту - Орта азия елдерінің ІІ Түркістан
интеграциялық форумы (Халықаралық ғылыми-теориялық конференция). Қ.А. Ясауи
атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті. – Түркістан, 2006 ж.
Жоғары оқу орындары әлеуметтік институт ретінде. Ұлт тағылымы. № 2, 2006
ж.
Диссертациялық жұмыстың мақұлдануы. Диссертация Қ.А. Ясауи атындағы
Халықаралық қазақ-түрік университетінің “Социология және Политология”
кафедрасы және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
“Әлеуметтану” кафедрасында талқыланып мақұлданды, қорғауға ұсынылды.
Диссертацияның құрылымы мен көлемі. Диссертациялық жұмыс кіріспеден,
2 бөлімнен (6 бөлімшеден), қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен
және қосымшалардан тұрады. Оның жалпы көлемі 140 бет.

1 ЖОҒАРЫ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІН ӘЛЕУМЕТТІК ИНСТИТУТ
РЕТІНДЕ ЗЕРТТЕУДІҢ ӘДІСТЕМЕЛІК-ТЕОРИЯЛЫҚ
НЕГІЗДЕРІ

1.1 Жоғары білім беру орындары білім социологиясының объектісі ретінде
Білім социологиясының ғылыми-теориялық негізі ХІХ ғасырда қалыптаса
бастаған. Белгілі философ және социологияның негізін қалаушы Герберт
Спенсердің 1860 ж. кітабы жарық көрген. Кітаптың аты “Образование:
интеллектуальное, моральное и физическое”. Спенсердің түсіндіруінде білім
адамдардың өмірін тиімді түрде бақылау үшін қажет. Білім берудің түрлі
жүйелеріне тоқтала келіп, Спенсер, бұл құндылықтарды салыстыру арқылы
түсінуге болады деген. Спенсер “Естественный метод образования” деген
әдісті ұсынған . Білім беру мәселесі ХІХ ғасырдың аяқ кезі мен ХХ ғасырдың
бас кезінен бастап өте өзекті мәселелердің біріне айналған. 1883 ж. АҚШ-та
Лестер Франк Уорд деген ғалымның “Динамическая социология” деген кітабы
жарық көрген. Уорд өзінің осы кітабында мектептің жалпы білім беретін
орталықтардың қоғамның өзгеруіне әсер етуі туралы жазған. Білім
социологиясының қалыптасуы және дамуы белгілі социолог Эмиль Дюркгеймнің
атымен байланысты. Ғылыми қауым сол кезде Парижде Дюркгеймді білім
социологиясының негізгі теориясын қалаушы деп атаған. Дюркгейм,
Франциядағы Бордо университетінің профессоры өзінің оқыған лекцияларын
жинақтап кітап ретінде шығарған. Оның атын “Общество и образование” деп
атаған. Оның түсіндіруі бойынша қоғамдағы экономиканың және саясаттың
жағдайы білімге байланысты делінген. Ал “Моральное образование” [42] деген
кітабында Дюркгейм мектептің қоғамдағы функциясы туралы терең пікірлер
білдірген.
1899 ж. американдық психолог, педагог және социолог Джон Дьюидің “Школа
и общество” деген кітабы жарық көрген. Көптеген зерттеушілер бұл кітапқа
қазірдің өзінде жиі-жиі сілтемелер жасайды. Жоғарыда аттары аталған
ғалымдар біршама өзекті, өткір мәселелерді қозғаған. Олардың ішінде
әлеуметтік даму (прогресс) мәселесі де болды. Әлеуметтік даму білім
деңгейіне тікелей байланысты деген тұжырымдар жасады. Осы кезеңде ірі,
белгілі философ, педагог, психолог және социологтар білім мәселесі бойынша
өте құнды, пайдалы пікірлер айтып, білімді дамыту жолдарын ұсынған. Олардың
көпшілігі еуропалық және американдық ғалымдар. Олар: Пауль Бергеманн, Макс
Рем, Рудольф Штайнер, Отто Вильманн, Пауль Герхарт Натори, Герберт Спенсер,
Габриэль Хортон Кули, Альбион Вудбери Смолл, Эдвард Олсуорт Росс, Уильям
Грэм Самнер, Уолтер Байет, Джорж Герберт Мид, Уильям Джеймс, т.б. [43, c.
18]. Халыққа жаппай білім берудің мемлекет үшін маңыздылығы ХІХ ғасырдың
аяғында түсінікті бола бастаған. Білім беру арқылы халықты, бұқараны
тыныштандырып, әлеуметтік тыныштықты орнату, дамып келе жатқан экономика
мен мәдениетке мамандар қажет екенін барлық елдерден бұрын АҚШ мемлекеті
түсінген және білім беру ісін мемлекет өз қолына алған. Білім беруді
социологиялық бағытта зерттеуде осы елде кеңінен өріс алған. АҚШ білім
беру жүйесі басшыларының бірі білім берудің маңызын түсіну, оның қоғамдағы
мазмұнын білу социологиясыз мүмкін емес деп атап көрсетті. ХХ ғасырдың бас
кезінде АҚШ-та білім социологиясы кеңінен орын алып, социологияның беделі
мықты көтерілген. ХІХ ғасырдың аяғында американдық социологиялық қоғам
құрылып, ал ХХ ғасырдың бас кезінде жоғары оқу орындарында социология
факультеттері ашылған. Американың атақты Стэнфорд университетінде 1898 ж.
Эдворд О. Росс “Социология для учителя” деген курсты бастаған. 1901 ж.
Давид Снедлен сол университетте студенттерге “Образование, общество” деген
курсты оқыған. 1907 ж. Генри Сузалло Колумбия университетінде
“Образовательная социология” деген пәнді енгізген. Сондай-ақ осы пән 1914
ж. АҚШ-тың 16 жоғары оқу орнына курс ретінде енгізілді, ал 1920 ж.
“Образовательная социология” деген журнал шыға бастады. Білім социологиясы
АҚШ және Еуропа елдерінде көптеген ұлттық мәселелерді түсіндіріп шешуге
өзінің септігін тигізді. Білім социологиясы социологияның негізгі
салаларының бірі болып және осы бағытта ғылыми зерттеу жұмыстары кеңінен
өріс ала бастады. АҚШ-та 1963 жылдан бастап “Образовательная социология”
журналының орнына “Социология образования” деген журнал пайда болды. Бұл
журнал АҚШ-та осы күнге дейін бар және қоғамдағы білім беру мәселелерінің
жаңа қырларын ашып, білімнің қоғамда алатын орны, функциялары туралы
мақалалар жариялауда. Батыс елдеріндегі басымырақ зерттеліп жатқан білім
социологиясындағы білім беру мәселелері көбінесе орта мектепке арналған.
Ал, жоғары оқу орындарындағы білім беру, оның модельдері, жүйелері азырақ
зерттелуде. Әсіресе соңғы 10 жылдың ішінде осы жүйеге көбірек көңіл бөлу
Батыс Еуропа елдерінде орын алды. Көлемді ірі зерттеулер болмағанымен де,
көптеген құжаттар, декларациялар алынуда. Біз олардың мазмұнына соңынан
тоқталмақпыз.
Білім социологиясы білім жүйесін, білім беретін оқу
орындарын әлеуметтік институт ретінде қарастырып және осы тұрғыда
социологиялық әдістер арқылы зерттейді. Оқу процесін білім социологиясы
тікелей зерттемейді. Бірақ социологияның оқу процесіне тікелей қатынасы бар
деуге болады. Оқудың әдістемелік жағынан және әрбір пәннің сапасы туралы
басқа ғылымдар (педагогика) зерттеулер жүргізеді. Ал социология осы оқу
процесіне байланысты, оның сапасына, тиімділігіне әсер ететін әлеуметтік
мәселелерді қарастырады. Мысалы, оқытушылардың сапалық құрамы, білімі,
мамандық дәрежелері, мәдениеті, т.б. белгілері. Оқу, білім беру сапасын,
деңгейін көтерудегі әсер ететін басқа да феномендер бар. Мысалы, отбасы
және балаға білім, тәрбие беру; мемлекет орындары және олардың білім беру
мәселесіндегі атқаратын рөлі; мәдени орталық және білім беру, білім
берудегі дәстүрдің, әдет-ғұрыптың орны; халықтың ұлттық мәдениеті және
білім беру, т.б. Қысқаша айтқанда, білім берудегі социологиялық мәселелер
толып жатыр. Социология ғылымының білім беру мәселелерінің бәріне де
қатысы бар. Осы мәселелерді социологиялық зерттеулер арқылы социологиялық
әдістермен анықтайды, жаңа тұжырымдар жасауға септігін тигізеді. Сондықтан
да өркениетті елдерде білім, ғылым және басқа да құндылықтар туралы
шешімдер жасау ісінде, реформа, Заң шығару да социологиялық зерттеулердің
қорытындыларына жүгінеді. Нақтылы социологиялық зерттеулерді жүргізбейінше
маңызды саяси істерді бастауға болмайтынына көпшілік саясаткерлердің көзі
жетті деуге болады. Білім социологиясының өзіндік құрылымы бар. Олар
білімнің деңгейлеріне байланысты осы социологияның өзіндік салалары.
Біздің зерттеу нысанымыз - жоғары білім беру жүйесі. Сондықтан да бұл
зерттеу жоғары білім беру социологиясының шеңберінде жүргізіледі. Жоғары
білім беру социологиясының өзіндік мәселелері бар. Оның бәрін тізбектеп
жату қиынға түседі, бірақ негізгі мәселелерін айтып кетуге болады. Олар:
жоғары оқу орындарының мамандар дайындаудағы қоғамдағы рөлі; ғылымды,
жоғары білімді әлеуметтік құндылық ретінде қарастыру; жоғары білім беру
үздіксіз білім алудың ресми түрдегі жоғарғы сатысы; жоғары білім беру
процесін гуманизацияландыру; жоғары білім беру жүйесін әлемдік талаптарға
сәйкес келтірудің әлеуметтік жақтары; жоғары білім беру және әлеуметтік
құрылымдағы өзгерістер; жоғары білім алған мамандардың қоғамдағы орны,
статусы; жоғары білім берудің сапасын көтеру және соған байланысты
әлеуметтік шаралар; жоғары мектепте оқитын студенттің (бакалавриат),
магистранттың, аспиранттың, докторанттың әлеуметтік жағдайлары; оқытушылар,
профессорлар және жоғары оқу орындарындағы басқа да қызметкерлер топтарын
осы орының субъектісі ретінде қарастыру; жоғары білім беру жүйесіндегі
реформаларға, жаңа оқудың формаларына социологиялық талдау жасау, бағалау;
осы орындардың материалдық базаларын зерттеп, тұжырымдамалар жасау;
социологиялық және статистикалық негіздерге сүйене отырып, әрбір кезеңдерде
қандай кәсіби мамандық қоғамға, мемлекетке өте қажет, қандай мамандықтар
бойынша осы оқу орындарына студенттерді қабылдау санын азайту не көбейту
мәселесі; жоғары оқу орнын бітірген мамандардың жұмысқа орналасу
мәселесі; жоғары оқу орындарында әлемдік өлшемде тексерілген білім
берудің жаңа формаларын енгізу және оның әлеуметтік нәтижесі; жоғары
білім беру жүйесін басқару мәселесі және оның тиімді, тиімсіз жақтарын
социологиялық жолдармен дәлелдеу. Әрине, білім берудің басқа да жақтары мен
мәселелері жеткілікті. “Білім социологиясында маңызды орынға ие болатын
сала - ол жоғары білім берудің әлеуметтік мәселелері. Осы әлеуметтік
мәселелердің бәрін бірдей тізбектеп жатудың өзі қиынға түсіп отыр”, -
дейді М.С. Әженов [25, с. 69]. Бұл диссертацияда осы шеңбердегі
мәселелердің бәрін қамтимыз деген ойымыз жоқ, оны орындау да мүмкін емес.
Бұлар (мәселелер) жоғары білім социологиясының мәселелері, ал олар
көптеген ғылыми топтардың ісі. Біздің қарастырайын деп отырған басты
мәселеміз жоғары білім беру жүйесін әлеуметтік институт ретінде зерттеп
және соған байланысты кейбір маңызды проблемаларға социологиялық талдау
жасау.
Жоғары білім социологиясының зерттеу шеңберіне жоғары оқу
орындарының ісі, орны, статусы, т.б. жайттары кіреді. Жоғары оқу орны - ол
әлеуметтік институттың мекемесі. Осы ретте біз осы орындардың қысқаша
тарихына, жалпы сипатына тоқталғанды жөн көрдік.
Еуропа құрлығында осыдан бірнеше мың жыл бұрын жоғары оқу орындары –
университеттер, академиялар, институттар, колледждер пайда болды. Егер де
біз осы орындардың тарихына тоқталатын болсақ, ол үлкен өзіндік тарихи
мәселе. Дегенмен біз бұл жөнінде қысқаша баяндағымыз келеді. Еуропада
жоғары оқу орны көне Грецияда, Византияда (Константинополь) пайда болды
деген деректер бар. Ертедегі Грецияда – біздің заманымыздан бұрын
ІV ғасырда (387 ж.) Афина маңындағы бақта атақты философ Платон
негізін қалап, грек мифологиясының қаһарманы Академ (Akademos) атымен
“Академия” деген оқу орнын ашқан. Бұл оқу орны негізінен философтар мен
математиктерді оқытып дайындаған. Осы Академияда белгілі философ Аристотель
оқып білім алған. Ал кейінірек Аристотельдің өзі Афина қаласында Лицей
(Lyceum) деп атаған тағы да бір оқу орнын ашып, биология және табиғаттану
пәндері бойынша мамандар әзірлеген. Платонның академиясы бір мың ғасырдан
аса уақыт білім беріп, көптеген мамандар дайындаған. Ол 529 жылы
Юстиниан императорының бұйрығымен жабылған [44]. Осы Академияны кейбір
ғалымдар Еуропадағы бірінші жоғары оқу орны деп санайды.
Шығыс елдерінде, оның ішінде, Үнді, Қытай, Мысыр, тағы басқа елдерде
әр түрлі бағытта (оның көпшілігі діни бағытта) дәріс беретін оқу
орындарының болғаны тарихқа белгілі. Конфуцишілер, Буддизм, Джайнизм,
тағы басқа ағымдар, бағыттар Шығыс елдерінде орын алып, осыған байланысты
көптеген оқу орындары ашылған. Осындай оқу орындарының өзі әр түрлі
деңгейлерде болған. Олардың ішінде бастауыш, орта және терең жоғары білім
беретін мектептер болған, олар қазіргі кездерде де орын алады. Ислам
дініне байланысты осы дінді уағыздау, үйрету үшін көптеген ислам дінін
қабылдаған елдерде, оның ішінде қазақ-қыпшақ даласында мектептер,
медреселер ашылған. Олардың да деңгейі әр түрлі болған. Ислам дініне
байланысты жоғары оқу орындары Араб елдерінде жұмыс жасай бастаған. Орта
ғасырларда біздің Орта Азиялық аумақта жоғары оқу орны болды деп тарихта
жазылмаған (біз білетін тарихта). Бірақ XIV ғасырда Самаркандтың әміршісі,
ғұлама ғалым, астроном Ұлықбек (Темірдің немересі) үлкен обсерватория ашып,
оны оқу орнына айналдырған. Көп жылдар бойы Ұлықбектің өзі шәкірттерді,
жастарды оқытып, оларға терең білім берген дейді. Қазіргі Өзбекстандағы
Самарканд университеті өзінің бастау тарихы Ұлықбектің
обсерваториясы деп санайды. Ол дұрыс па, жоқ шындыққа келмей ме, онда
тұрған мәселе жоқ. Мәселе сол кезде, осындай орынның сол қалада
болғандығын тарихи шындық, ақиқат деп дәлелдеген.
Біздің қазіргі түсінігімізше жоғары оқу орны ғылымға негізделген оқу
орны. Еуропа елдерінде осы статуста ашылған жоғары оқу орындарын
университет деп атаған. Осындай классикалық университеттердің тарихы
Еуропада XI ғасырдан басталады. “Дүние жүзіндегі бірінші университет
бұдан 1500 жыл бұрын (425 ж.) Константинопольде ашылды. Онда тек
қана поптарды, заңгерлерді, дәрігерлерді дайындаған”, - деп жазады
Н.А. Аитов [20, с. 5].
Бірақ барлық мамандықтардан терең білім беретін классикалық
университеттердің тарихы XI ғасырдан басталады. Университеттердің ең
біріншісі болып Италиядағы Болонья университеті саналады. Ол 1088
жылы ашылған. Одан кейін 1167 жылы Англияда Оксфорд университеті және
1209 жылы Кембридж университеті ашылған [45, с. 75].
Орта ғасырларда Еуропа елдерінің көпшілігінде университеттік
жоғары оқу орындар кеңінен өріс алып, көптеген білімді мамандар
дайындалған. Осы кездегі университеттер үш ғылыми атақ берген. Олар:
бакалавр, лиценциат, доктор немесе магистр.
Университеттердің, жалпы жоғары оқу орындарының өркендеуі жаңа
дәуірден, яғни XVIII ғасырдан басталады. Бұл жағынан біз тағы да
Еуропа елдерін айтамыз. Осы кезеңнен бастап университеттер, институттар,
академиялар Америкада, Ресейде, көптеген Азия елдерінде ашыла бастады.
Жаңа дәуірдегі жоғары оқу орындарының ерекшелігі орта ғасырмен
салыстырғанда, оның оқу мазмұнында, оның оқу бағдарламасында болды.
Мамандық беру мәселесі ең басты міндетке айналды, ал оның негізі – ғылымда
еді. Әрине діни білім, философия қазіргі батыс елдерінің
университеттерінде де оқытылады. Бірақ жоғары білім беріп оқытудың басты
мазмұны, пәндердің басым көпшілігі ғылымның жаңалықтарын жеткізу еді.
Сонымен, жаңа жоғары оқу орындары ғылыми оқу орындары болып қалыптасты.
Осы бағытта негізделген жоғары оқу орындары, яғни еуропалық
сипаттағы, Америка құрлығында да ашыла бастады. Солардың бірі қазіргі
өте ірі оқу орны - Гарвард университеті. Ол 1636 жылы колледж ретінде
Американың Массачусетс штатында ашылып, XIX ғасырдың басында университетке
айналдырылған [46].
Мамандардың айтуына қарағанда, толық классикалық университет Еуропа
елдерінде XIX ғасырдың бірінші жартысында қалыптасқан. Осындай классикалық
университеттің бірі болып Германиядағы Вильгельм Фон Гумбольд атындағы
университетті айтуға болады. Классикалық университеттердің үлгісі бойынша
үш міндет орындалуы қажет болған.
1.Мамандық беру, оқыту;
2.Ғылыми жұмыстарын жүргізу;
3.Мәдениетке тәрбиелеу, мәдениеті жоғары адамды қалыптастыру [45, с. 35].

XVIII ғасырдың орта кезінен бастап жоғары оқу орындары Ресейде пайда
бола бастады. 1755 ж. М.Б. Ломоносовтың ұйымдастыруымен философия, заң,
медицина - үш факультеті бар Москва университеті ашылған. 1802 ж. Дерпт
(Юрьев қаласы) университеті, 1804 ж. Қазан университеті, 1804 ж. Харьков
университеті, 1819 ж. Петербург университеті ашылды. ХІХ ғасырдың өзінде
Ресейде 9 университет болған [47]. Кеңес Одағында жоғары оқу орындарын
құру аса маңызды іске айналды. Көптеген институттар, университеттер,
академиялар барлық Одақтас Республикаларда ашылып, онда миллиондаған жастар
жоғары білім алды. ХХ ғасырдың 50-ші жылдарында Кеңес Одағы жоғары білім
беру жағынан дүние жүзінде бірінші орынды иеленді. Кейіннен бұл позициясын
біздің ел түрлі себептерге байланысты жоғалтып алды.
Қазақ елінде айтылған стандарттарға сай ұйымдастырылған жоғары оқу
орындары Кеңес Одағы кезінде пайда болды. Ең бірінші жоғары оқу орны
1928 ж. Алматы қаласында Қазақ педагогикалық институты (қазіргі Абай
атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) ашылды. Одан бұрын
Қазақтың педагогикалық институты Ташкент қаласында болған. 1934 ж.
Алматыда Қазақтың мемлекеттік университеті (КазГУ) құрылды. Осы жылдары
Алматыда басқа да жоғары оқу орындары ашыла бастады. Олардың ішінде мал-
дәрігерлік, ауыл-шаруашылық, медициналық институттар және Қазақстанның
басқа қалаларында: Орал, Қарағанды, Қызылорда, соңынан басқа да облыс
орталығында педагогикалық институттар өз жұмысын бастады. Жалпы 1957 ж.
Қазақстанда 25 жоғары оқу орны болды. Бұл жоғары оқу орындарында 70
мамандық бойынша 33,8 мың студент білім алды [48].
1970-71 оқу жылында Қазақстанда 44 жоғары оқу орны болып, онда 198904
студент оқыды. 1940 жылға дейін Республиканың жоғары оқу орындары
14 мың жоғары білімді маман даярласа, 1941-1950 жылдар аралығында яғни 10
жыл ішінде 23 мың, 1951-60 жж. 55 мың, 1961-1970 жж. 148 мыңға жуық жоғары
білімді мамандар даярланды [49].
2003-2004 жыл Қазақстан Республикасында жоғары білім беру жүйесінде
180 жоғары оқу орны және ЖОО 86 филиалы бар. Олардың ішінде
48-і мемлекеттік жоғары оқу орны, 9 университеттің ерекше “ұлттық”
мәртебесі бар. Жалпы республикадағы жоғары оқу орындарының студенттер саны
656561-ге жеткен [2].
Сондай-ақ, еліміздегі жоғары оқу орындарының ішінде халықаралық
болып саналатын университеттер де бар. Мысалы, мемлекеттік дәрежедегі
Түркістан қаласында орналасқан Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік
университеті, Алматыдағы мұнайшылар, технологтар дайындайтын Халықаралық
қазақ-британ университеті, ҚМЭБИ (КИМЭП) менеджерлер дайындайтын жоғары оқу
орындары бар. Жоғары оқу орындарының ішінде ең үлкені - әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университеті. Бұл университетте 100-ге жуық мамандық бойынша
оқу процесі жүргізіледі, онда 8 ғылыми-зерттеу институты мен ғылыми
орталық, 14 факультет, көптеген лабораториялар және тағы басқа оқу
жүйелерінің түрлері бар. Сондай-ақ, университетте жалпы оқытушылардың саны
2552, олардың ішінде 18 академик, 20 ҚР еңбегі сіңген қайраткер, 15 ҚР
мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 4 ҚР жас ғалымдар сыйлығының лауреаты, 278
ғылым докторы, 800-дей ғылым кандидаты. Білім алып жатқан студенттердің
саны 17 мыңнан асады [50]. Мұнда бакалавриат, магистратура, аспирантура,
докторантура және оқытушылардың біліктілігін жетілдіру институты бар.
Докторлық, кандидаттық диссертациялар қорғайтын ғылыми кеңестер басты
мамандықтар бойынша қызмет етеді. Бұл университет бұдан біраз жыл бұрын
еуропалық классикалық университеттердің ассоциациясына мүше болып кірген.
2003 ж. Болонья университетінде осы ҚазҰУ-нің ректоры ғаламдық
университеттердің Ұлы Хартиясы деген құжатқа қол қойды.
“Қазақстан ғаламдық озық ЖОО тәжірибесіндегі ең құнды жақтарын қабылдап
және өзіндік ұлттық тәжірибені жоғалтпай, дүниежүзілік білім беру
кеңістігінің құрамына толық мүше болып кіруі міндетті іс болып тұр”, –
дейді ректор, профессор Төлеген Қожамқұлов [51].
Жоғары білім беру әлеуметтік институт ретінде бүкіл дүние жүзіндегі
елдердің басым көпшілігінде қалыптасқан. ХХ ғасырдың аяқ кезінде дүние
жүзінде арнайы жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің саны
60 миллионнан асып кеткен. Бірақ олардың басым көпшілігі, яғни 40
миллионға жуығы озық елдерде оқиды. АҚШ-та дүние жүзі студенттерінің 20
пайызы оқиды, яғни 13 миллион [20, с. 5]. Ал, кейбір деректерге қарағанда,
1960-1995 жылдар аралығында дүние жүзіндегі студенттердің саны 13
миллионнан 82 миллионға жеткен [54]. Қазақстанда жоғары оқу
орындары, әсіресе 70-80 жылдар аралығында сан жағынан жақсы
қарқынмен дамыды. Осы жылдар ішінде Республикада 11 жаңа ЖОО ашылып, жалпы
ЖОО саны 55-ке жетті. 1980 жылдарға таман әрбір 10 мың адамға шаққанда
студент саны Қазақстанда Орта Азия республикаларынан, Украина, Грузия,
Азербайжаннан асып кетті [41].
Қазіргі кезде Қазақстанда статистика бойынша 181 жоғары оқу орны бар.
Бірақ 2006 ж. қараша айында министр Б. Әйтімова қазір Қазақстанда 176 ЖОО
бар деді. Әрине, бұл көрсеткіш сан жағынан жеткілікті. Мысалы, бізден
халық саны жағынан он есе үлкен Ресейде олардың саны - 400. Әрбір бір
миллион адамға шаққанда жоғары оқу орындарының саны жағынан көптеген
елдерден де біз алда келеміз. Бұл тек ЖОО саны жағынан. ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Жоғары білім беруді әлеуметтік институт ретінде қарастыру
Тараз мемлекеттік педагогикалық институты
Әлеуметтік институт және процесс
Қазақстан Республикасының азаматтық институттарың анықтау
Білім беру - бір ұрпақтан екінші ұрпаққа əлеуметтік тəжірибені жəне білімді берудің күрделі процесі
Білім социологиясының ғылыми-теориялық негізі
Білім беру әлеуметтануы
Білім беру әлеуметтануы, білім жүйесі
Әлеуметтік мәртебенің факторы ретінде білімнің рөлін көрсету
Авторлардың еңбектерінде жоғарғы оқу орындарымен даярланған ауыл шаруашылық мамандары
Пәндер