Қазіргі қазақ тілі морфологиясын оқытудың теориясы мен практикасы


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 76 бет
Таңдаулыға:   

Мазмұны

Кіріспе . . . . . . … . . . .

1 Қазіргі қазақ тілі морфологиясын оқытудың теориясы

мен практикасы

  1. Қазіргі қазақ тілі морфологиясын оқытуды ұйымдастырудың

формалары: теориялық білім, іскерлік, дағды, кәсіби

біліктілігін қалыптастыру жүйесі . . .

1. 2 Қазіргі қазақ тілі морфологиясын оқытудағы

жаттығулар жүйесі . . .

2 Қазіргі қазақ тілі морфологиясын оқытудың әдістемесі

2. 1 Студенттің өздігінен орындайтын жұмысы - кәсіби білім

алу негізі . . .

2. 2 Қазіргі қазақ тілі морфологиясынан электронды оқу құралының

мазмұндық құрылымы және оны қолдану әдістемесі . . .

2. 3 Қазіргі қазақ тілі морфологиясын оқытуда студенттің

оқу-танымдық әрекетінің нәтижесін бақылау,

бағалаудың рейтингілік жүйесі . . .

Қорытынды . . . .

Пайдаланылған әдебиеттер . . . ……. … . . .

К і р і с п е

Диплом жұмысының өзекті мәселелері. Қазақстан қоғамы үшін әлеуметтік-экономикалық, саяси-мәдени өзгерістер мен бәсеке үдерісінде адам ресурсын сапалы дамытудың маңызы өте зор. Оны орындау үшін нарықтық экономикаға негізделген бәсекеге лайықты жаңа заманда жаңаша ойлайтын жеке тұлғаны дайындау шарт. Қазақстан Республикасының президенті - елбасы Н. Ә. Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында білім және кәсіби машық - заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары туралы: «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек», - деп атап көрсетеді [1] .

Осымен байланысты Қазақстандағы жоғары білім беруге негізделген қазақ тілі маманын даярлау жүйесінің көздейтін мақсаты - жан-жақты дамыған, шығармашылық ойлау қабілеті жоғары, өз бетімен білімін жетілдіре алатын, мамандығы бойынша қажетті білім, іскерлік, дағдысы қалыптасқан терең білімді, білікті, ізгілікті маман даярлау.

Қазақстандағы соңғы жылдары болып жатқан әлеуметтік-саяси өзгерістер білім беру жүйесінің барлық салаларына қарқынды өзгерістер алып келді. «Білім туралы заң», «Жоғары білім туралы заң», «Қазақстан республикасы гуманитарлық білім беру бағдарламасы», «Қазақстан республикасында жоғары білімді дамыту стратегиясы», «Білім беру туралы мемлекеттік бағдарлама», «Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы» т. б. мемлекеттік құжаттар білім беру мазмұнын анықтап беріп отыр. Аталмыш құжаттарға сәйкес жоғары білім беруді дамытуда көзделетін негізгі мақсат: «Оқытудың жоғары сапасын қамтамасыз етуге қабілетті және ғылым, мәдениет, білім беру процесін бірлікте тану негізінде жас ұрпақты тәрбиелейтін жоғары білім берудің тұңғыш жаңа ұлттық моделін қалыптастыру болып табылады» [2, 7] .

Білім берудің жаңа үлгісін жасау - Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістер талап етіп отырған міндет. Оқытудың жаңаша құрылуының алғышарттары - маман даярлаудың құзыреттілік (компетенция) моделін қамтамасыз ететін -оқытуды демократияландыру, ізгілендіру, ақпараттандыру, саралау, студенттің жеке тұлға ретінде жан-жақты дамуына мән беру, проблемалық, бағдарламалық оқытуды жетілдіріп, оқыту үдерісіне жаңа педагогикалық технологияларды енгізу, оны білім беруде кеңінен қолдану және оқытудың нәтижелілігі. Білімгер кәсіби-теориялық білім, іскерлік, дағдылармен қаруланып қана қоймай, шығармашылық еңбегімен ізденіп өздігінен білім алуға, ой қорытындысын жасауға қабілетті болуы тиіс.

«Білім беру - қоғам мүшелерінің адамгершілік-интелектуалдық, мәдени және дене дамуы мен кәсіби біліктілігінің жоғары деңгейіне қол жеткізуді мақсат ететін үздіксіз тәрбиелеу мен оқыту процесі» [3, 180] .

Қазіргі педагогикалық теорияда мұғалімнің кәсіби білім деңгейі оның кәсіби қызметінің құрылымы мен жалпы педагогика ғылымының даму бағытымен анықталады. Осы мәселелер, атап айтқанда мұғалімнің кәсіби қызметінің әр бағыттағы ғылыми зерттеу жұмыстарына арқау болады.

Қазіргі ғылыми мәселелерді шешу, ахуалын бағалау. Ұстаз табиғаты, оның абырой-беделі туралы ой-пікірлердің іргетасын қалаған классик-ғалымдарымыз - Я. А. Коменский, Ы. Алтынсарин, А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев және т. б. ғалымдардың айтулы еңбектері бүгінгі ғылымның болашағы деуге әбден болады.

Алайда, бұл еңбектерде жоғары оқу орнындағы білім беру үрдісінде инновациялық технологияны енгізудің педагогикалық шарттарының мәселелері ғылыми тұрғыда жеке мәселе ретінде зерттелмеген.

Оқу процесіне инновациялық технологияларды енгізудің негізгі өзекті мәселесі - ғылым негіздерін саналы түрде оқытушымен қатар түрлі педагогикалық-психологиялық әдістерді қолдана отырып мақсатты және жүйелі түрде жас жеткіншектердің интеллектілік, шығармашылық ойлауын дамыту, қазіргі өмір талабына сай экономикалық көзқарастары мен белсенділігін қалыптастыру. Оларды кәсіпкерлікке баулу, өзбетінше білім алу және еңбек ету дағдыларына негіз салу болып табылады.

Осылайша, Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық қайта құру жағдайында жоғары мектептегі деңгейлік технологияны енгізудің теориялық негізін және оларды ұйымдастырудың педагогикалық шарттарын анықтау, психологиялық-педагогикалық тұрғыда сараптау мәселесі туындайды.

Осыған сәйкес жоғары білім беру маманның болашақ қызметіне сәйкес біртұтас, жүйелі, іргелі білім, кәсіби іскерлік, дағдылармен қаруландыруды және арнайы шығармашылық және ғылыми ізденушілік қабілеттерін дамытуды көздейді. Жоғары мектептегі білім беру үрдісінде оқытудың озық технологияларын енгізудің түбегейлі түрде қарастырылмағаны және көтеріліп отырған мәселенің көкейтестілігі біздің тақырыбымызды «Қазақ тілі морфологиясын оқытуды ұйымдастырудың формалары» деп таңдауымызға негіз болды.

Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері . Қазіргі қазақ тілі морфологиясын оқытудың әдістемесін негіздеу мақсатында төмендегі міндеттерді шешу көзделеді:

1. Қазіргі қазақ тілін оқытуды ұйымдастырудың формалары: теориялық білім, іскерлік, дағды, кәсіби біліктілігін қалыптастыру жүйесін айқындау;

2. Қазіргі қазақ тілін оқытудағы жаттығулар түрлерін жүйелеу;

3. Студенттің өздігінен орындайтын жұмысы - кәсіби білім алу негізі екенін айқындау;

4. Қазіргі қазақ тілі морфологиясынан электронды оқу құралының мазмұндық құрылымы және оны қолдану әдістемесін негіздеу.

Зерттеудің нысаны: Қазіргі қазақ тілі морфологиясын оқытуды ұйымдастырудың формалары.

Теориялық мәнділігі мен ғылыми жаңашылдығы. Қазақ тілі морфологиясын оқытуды ұйымдастырудың формалары бойынша теориялық мәліметтерді толықтырумен қатар, жоғары мектептердің білім беру үдерісінде қазіргі қазақ тілі морфологиясын оқытудың әдістемелік негіздері айқындалады, атап айтқанда:

  • Қазіргі қазақ тілін оқытуды ұйымдастырудың формалары: теориялық білім,

іскерлік, дағды, кәсіби біліктілігін қалыптастыру жүйесі айқындалады;

  • Қазіргі қазақ тілін оқытудағы жаттығулар түрлері жүйеленеді;
  • Студенттің өздігінен орындайтын жұмысы - кәсіби білім алу негізі екені айқындалады;
  • Қазіргі қазақ тілі морфологиясынан электронды оқу құралының мазмұндық құрылымы және оны қолдану әдістемесі негізделеді.

Практикалық маңыздылығы . Зерттеу жұмысының нәтижелері жоғары оқу орындарының филология факультеттеріндегі морфологияны оқыту мәселелеріне байланысты оқу құралдарын толықтыруға жәрдемін тигізеді деп есептейміз.

Теориялық және әдіснамалық негіздері. Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңы, Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы, 5В05011700 - Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша жалпыға міндетті білім берудің мемлекеттік стандарттары, зерттеу проблемасына қатысты психологтардың, педагогтардың, әдіскерлердің еңбектері, білім беру мәселесіне арналған ресми құжаттар, педагогикалық оқулықтар, ғылыми-теориялық материалдар, мерзімді басылымдар жарияланымдарымен қатар жұмыстың зерттелу барысында бірін-бірі толықтырып отыратын теориялық, педагогикалық-психологиялық әдебиеттерге талдау, жаңа педагогикалық тәжірбиелерді жинақтау және зерттеу, отандық зерттеулерге салыстырмалы талдау жасау, әңгімелесу, тестілеу, педагогикалық тәжірибе, студенттердің іс-әрекет нәтижелерін зерделеу; тәжірбиелік жұмыс және оның нәтижелерін талдауда логикалық (салыстыру, талдап қорыту, топтау) әдістері пайдаланылады.

Диплом жұмысының құрылымы . Диплом жұмысы кіріспеден, негізгі бөлім екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 Қазіргі қазақ тілі морфологиясын оқытудың

теориясы мен практикасы

1. 1 Қазіргі қазақ тілі морфологиясын оқытуды ұйымдастырудың формалары: теориялық білім, іскерлік, дағды, кәсіби біліктілігін қалыптастыру жүйесі

Жоғары оқу орнында студентке білім беру лекция, семинар, зертханалық сабақтарда, оқу және ғылыми зерттеу жұмыстарын т. б. орындау барысында жүзеге асырылады. Оқыту үдерісін ұйымдастыру формасының бір түрі лекция латынның «lectio» оқу деген ұғымын білдіреді. Лекция оқытудың басқа түрлерінен ақпараттың молдығымен, кәсіби -теориялық маңыздылығымен, жүйелігімен, ғылымилығымен ерекшеленеді. Лекция « . . . сабақта айтылмақ ойды тезис-жоспар бойынша күні бұрын жобалап, жоспарлап алып, сол бойынша мұғалімнің баяндау монологі» [4, 73], көлемі, күрделілігі, логикалық құрылысы жағынан өзгеше, логикалық бірізділікпен баяндалатын сөздік әдісінің бір түрі [5, 243], «оқытудың дидактикалық бөлігінің басты буыны» [6] .

Жоғары оқу орындарындағы оқыту формалары жүйесінде лекцияның алатын орны ерекше, ол - білім беруде, оны жүйелеп, толықтыруда тиімді, ұтымды жол, теориялық білім берудің қайнар көзі. Лекция студенттердің логикалық, теориялық ойлау қабілетінің дамуына және оқу материалын өз бетінше жүйелеу білуге, оларды талдауға, жалпылауға үйретеді. Лекцияның тақырыбына, мазмұнына қарай оқыту үдерісінің басты компоненттері, мақсаты, оқыту әдістері, құралдары, түрлері айқындалады.

Дидактика ілімінде лекцияны құрылымына қарай топтастыруда бірізді пікір қалыптаспаған. Бұдан оқытудың формасы лекцияның көп қырлы, күрделі құбылыс екендігін көруге болады. Оқытудың лекциялық түрі туралы С. И. Архангельский, С. И. Зиновьев, Р. А. Низамов, Н. Д. Никандров т. б. еңбектерінде айтылған. Қалыптасқан пікірлер негізінде (ең орныққан тұжырымдардың бірі) лекцияны сол ғылыми курста алатын орнына, дидактикалық мақсаттарына қарай бөлу.

Осыған орай лекцияның дәстүрлі түрлері кіріспе, тақырыптық бекіту, қорыту, қорытынды, шолу т. б. болып бөлініп жүр. Аталған лекция түрлерінің өзіндік ерекшеліктеріне тоқталайық.

Кіріспе лекцияда тақырыптың мақсат-міндеттері мен оның студенттердің болашақ кәсіби қызметіне қажеттілігін көрсету көзделеді, ғылымның объектісін анықтай отырып, оның даму тарихы, басқа ғылымдармен байланысы ашылады. Сондай-ақ кіріспе лекция сабағында ғылыми курстың даму бағыты, негізгі теориялық жаңалықтары, даулы, келешек зерттеу мәселелеріне шолу жасалады. Курсты меңгеруге байланысты оқулық, оқу құралдары, анықтағыш пен сөздік т. б. оқу құралдары туралы да айтуға болады. Кіріспе лекция мазмұнындағы мұндай мәліметтер ғылыми курс туралы жалпы түсінік қалыптастырады. Көлемі үлкен болмаса да, оқытуда маңызды буын болып табылады.

Тақырыптық лекциялар курстың негізгі мазмұнын ашуға бағытталады. Мұнда тілдік құбылыстар, яғни морфологиялық ұғымдар, форма, категорияларға түсінік беріледі, жаңа фактілер, тілдік бірлік, сондай-ақ олардың топталуы, даму үдерісі, зерттелу тарихы т. б. қарастырылады.

Бекіту-қорытынды лекциялар игерілген материалды жүйелеу, жинақтау негізінде жүргізіледі. Сондай-ақ маңызды мәселелерге назар аудару қажеттілігі басым болады. Мақсаты - тақырып бойынша белгілі көлемде білім беріп, студенттерге бағыт бағдар бере отырып, өз бетінше жұмысқа бағыттау. Құрылымы жағынан шолу лекциясына ұқсас.

Шолу лекциялары негізінен емтихан алдында кеңес беру мақсатында жүргізіледі. Негізгі тақырыптар қысқаша баяндалады, әсіресе ең күрделі оқу материалдары сөз болады. Оқытудың психологиясы дәлелдегендей, оқу материалын жинақтап жүйелеп меңгерту есте берік сақталады, себебі мида шартты байланыстар көбейеді. Сонымен қатар мұнда студенттер сүрағына жауап беру де ұйымдастырылады.

Проблемалық. лекция проблемалық жағдаят тудырудан басталады. Қойылған мәселені шешу, алдымен, жағдаят факторларына (тілдік материалдарға) талдау жасаудан, оны сезінуден, содан соң болжам жасалуы (мәселені шешу мүмкіндіктерінің әр түрлі тәсілі), әрі қарай проблеманы шешу процесі басталып, қорытындылар мен тұжырымдар жасалады, соңында олар жоққа шығарылады немесе дұрыстығы дәлелденеді. Осының нәтижесінде студент өз бетімен жұмыс жасап, алған әр түрлі жағдайларда білім, іскерлік, дағдысын тасымалдап, дұрыс қолдана білуге дағдыланады, өзіне деген сенімі, ерік-жігері, ақыл-ойы, шығармашылық ойлау қабілеті дамиды. Сондай-ақ пәнаралық, пәншілік байланыс жасаудың жүзеге асу мүмкіндігі кеңейеді, ал бұл өз кезегінде студенттің дүниетанымдық көзқарасын ғылыми негізде қалыптастырудың тиімді жолы болып табылады. Проблемалық жағдайларды ауызша немесе грамматикалық кестелер, сызба, тірек, шартты белгілер, мультимедиа түрлерінде жасауға болады.

Пікірталас лекцияның (лекция-дискуссия) мақсаты: болашақ маман, студенттің логикалық ойлау қабілетін дамыту, тіл мәдениетіне баулу, материалды қабылдау үдерісін тиімді ету; оқу материалын жан-жақты терең меңгерту. Мұндай лекцияның ерекшелігі оның әрбір логикалық бөліктері арасында сұрақтар қойылып, пікірталастардың жүргізілуі. Қысқа пікірталастың өзі студенттердің танымдық белсенділігін арттырып, дәлелдеме, қағида, тұжырымдардың студент назарынан тыс қалмауына мүмкіндік беріледі.

Кеңес-беру (лекция-консультация) лекциясының мақсаты - сұрақ қоя білуге үйрету. Дәріскер оқу материалын баяндап, қалған уақытта сабақтың 30 пайызы шамасында тындаушылардың сұрақтарына жауап береді. Алдымен материалды баяндап, сұрақтарға жауап береді де, соңында қорытып, тұжырымдар жасайды. Кей жағдайда сүрақтардың өте аз болу себебі лекцияның оңай тақырыпқа құрылғандығын немесе студенттердің жеткілікті түсінбегендігін аңғартады.

Лекция-гипермәтіннің (лекция- гипертекст) мақсаты - кәсіби арнайы пәндік білікті қалыптастыру. Оның негізгі белгілері: а) ақпараттың молдығы;

ә) теориялық білімді студенттің өз бетінше игеруіне жағдай жасау.

Гипермәтінмен жұмыс істеу алгоритмі:

1) гипермәтінді өз бетінше оқу, мағыналық жағынант бөлшектеу, негізгі ойды айқындау;

2) топтық жүмыс: сұрақтар даярлау, сұрақтар алмасу (жауабы мәтінде бар сүрақтар және жауабы мәтінде жоқ сұрақтар даярлау) ;

3) рефлексиялық өзіндік бақылау-бекіту жүмыстары, мысалы тест (экспресс-тест) .

Визуалдық лекция . Жалпы, адамның ақпаратты қабылдауының 80 пайызы көзбен қабылданса (Г. Ф. Бушок докторлық диссертациясында көру арқылы берілген мәліметтің 80 пайызын қабылдау мүмкіндігінің бар екендігі айтылады [7], 7 пайызы ғана естумен қабылданады, сондықтан грамматикаліқ материалдарды көрсетуге арналған мультипроектор немесе графопроектор арқылы динамикалық слайд, транспаранттар. дидактикалық үлестірме материалдар қолдану - лекция мазмұнын жақсы түсінуге ықпал жасайтын пәрменді қүралдар. Визуалдық лекцияның мақсаты - грамматикалық көрнекіліктер мен техникалык оқу құралдары негізінде көрсетілетін оқу материалдары арқылы студенттің жаңа материалды жете меңгеруіне мүмкіндік жасау. Қазіргі қазақ тілі морфологиясын оқытуда графикалық көрнекіліктерден грамматикалық жинақ кестелері, сызба-сұлбалар (слайд, транспаранттар, үнтаспалар, лекцияға қажетті үлестірме пәрменді құралдар (жоспары, тезис, сызба-кестелер, глоссарий т. б. ) кешені жасалады.

Алдын ала қателер жіберіп оқу лекциясы - мәтінді мұқият тыңдауға дағдыландырады, студентті сарапшы болып, талдауға қатысуға, пікір айтуға үйретеді. Мақсаты - қателерді табуға ұмтылған оқу белсенділіктерін арттыру, қателердің болу себебін, табу тәсілдерін меңгертуге үйрету. Оқытушы алдын ала қателермен оқи отырып, жіберілген қателерді тауып отыруға тапсырма береді, соңында қателер жөнделеді.

Конференция лекция. Тақырып бойынша 2-3 студент мини-лекция даярлап келіп оқиды (15-20 мин. ), тыңдаушылар оларға сұрақтар қояды. Сонан соң оқытушы толықтырады немесе лекция алдында сұрақтар жазбаша беріліп, реттеліп, мазмұнына қарай топтастырылып, жауап беріледі.

Дәстүрлі және бейдәстүрлі лекцияның ерекшеліктері: дәстүрлі лекция "кері байланыстың" жоқтығымен және студенттің пассив отыруымен өзгешеленсе, дәстүрден тыс лекцияларда студент - белсенді тыңдаушы және сөзталасқа қатысушы, проблемалық мәселелерді шешуші. Бейдәстүрлі лекцияның басты ерекшелігі оқу материалын меңгертудің ақыл-ойды дамытуды күшейтетін сұрақ-жауаптарға құрылуы, проблемалық жағдаят туғызу, салыстыру, сергіту сәттерін ойластыру, иллюстрация, дыбыстық-бейнетехниканы, компьютерді қолдану, динамикалық көрнекіліктердің қолданылуы, студент пен оқытушы арасындағы қарым-қатынастың субъектілік қатынасқа құрылуы, білімді алғашқы игеру деңгейін бақылаудың үздіксіз жүргізілуі (экспресс-тест, іскери ойын элементтері, сұрақтарға жауап, жарыс т. б. ) .

Белсенді оқыту технологиясына негізделген лекцияларды жобалаудың ерекшеліктері:

- ғылыми ақпараттың (оқу материалының) баяндалуының пәрменді дидактикалық құралдармен бекітіліп отыруы, осымен байланысты көру көрнекіліктерінің басым қолданылуы (грамматикалық кестелер мен логикалық сызба-сұлбаларды демонстрациялауға арналған слайдтар, дыбыстық-бейне көрнекіліктері, яғни таспа жазуларын, мультимедиа бағдарламаларын қолдану, транспаранттар, жоба, лекция жоспары, тезистері, тақырыпқа байланысты өздік жұмыстарының тапсырмалары мен ұсынылатын негізгі және қосымша әдебиеттер тізімі, экпресс-тест үлгілері, мақалалар көшірмесі, сурет, мәтін т. б. )

- оқу қарқынын күшейту мақсатында проблемалық, ізденімдік тапсырма сұрақтар жүйесін қолдану, педагогикалық үдерістің субъектілерінің арасында ынтымақтастық орнату;

- кәсіби қызығушылығын қалыптастыру мақсатында лекция тақырыбына сәйкес мектеп бағдарламалары, оқулықтармен сабақтастық жүргізу, соның негізінде топтарға бөліп экспресс-іскери ойын, экспресс-жарыс өткізу, экспресс-сұрақтар даярлау;

- білімді игерудің алғашқы кезеңін бақылау, бекіту мақсатында тексеру тестері мен өзіндік, өзара бақылау (рефлексиялық әрекет), ұжымдық танымдық әрекет туғызатын ми шабуылы ("ой дауылы" [8] ) әдісін тиімді қолдану. Қорыта айтқанда, лекция - "іріктелген дидактикалық материал негізінде алдын ала даярланған және тыңдаушының көз алдында олардың қатысымен туындайтын оқытушының шығармашылык әрекеті" [9, 69] . Лекцияның дидактикалық құндылығын арттыруда мына талаптардың орындалуына ден қойылады: ұйымдастыру кезеңінің жинақы, логикаға құрылуы; міндет-мақсаттарының айқын болуы; жоспарының жасалуы; ғылымилығы мен ақпараттылығы; ой қорытындыларының, дәлелдеме, аргумент, фактілер, мысалдар, тұжырымдардың жеткілікті дәрежеде болуы; логикалық байланыста болуы, мазмұндау бірізділігі; көрнекіліктерді қолдану (графикалық дыбыстық-бейне материалдары т. б. ) ; жазып алатындарын бөліп көрсету, проблемаға құрылуы; оқытушы сөзінің әрлілігі, әсерлілігі, тындаушылардың белсенді оқу әрекетін тудыратын риторикалық, жалпы сұрақтардың болуы (студент сұрақтың бәріне жауап бере алмауы мүмкін, алайда ойландырады, қызықтырады, танымдық белсенділігін арттырады) ; тындауға нұсқаулардың берілуі; дәлелдер мен тұжырымдамалардың, ой түйіндеулерінің болуы; жаңа білімнің алдыңғы біліммен байланыстылығы; тосын, қызықты ой қорытындыларының болуы; тындаушылардың ойына түрткі салатындай сұрақтар; назардан тыс қалмауы; негізгі қағидалар мен қорытындыны атап көрсету, олардың қажетінше бірнеше рет қайталануы; жаңа термин атау, т. б. толық түсініктеме беру; мүмкіндігіне қарай дыбыстық-бейне материалдарын т. б. көрнекі құралдарды тиімді қолдану; тәрбиелік танымдық маңыздылығының болуы.

Лекцияда психологтардың айтуынша, оқу материалын игертуде мыналарды ескерген жөн:

1) оқу материалының өте маңызды бөліктеріне лекция басында және соңыңда баса мән беру;

2) кәсіби практикалық мақсат қою;

3) әрекетпен бекіту;

4) қайталау;

5) логикалық есте сақтауға мүмкіндік беру [10, 51] .

Лекция құрылымын келесі сызбадан көруге болады (1-сызба) .

1-сызба. Лекцияның логикалық-құрылымдық жүйесі

Лекция сабағының құрылымдық кезеңдері
Әдістері
Құралдары
№: 1
Лекция сабағының құрылымдық кезеңдері:

Кіріспе (бұрынғы білімді

еске түсіру)

Әдістері: Сұрақ-жауап, әңгімелесу, тест
Құралдары: Үлестірме дидактикалық материалдар, лекция жоспары, глоссарий т. б.
№: 2
Лекция сабағының құрылымдық кезеңдері: Жаңа білімді меңгеру
Әдістері:

Пікірталас

Түсіндіру

Ми шабуылы

Баяндау

Проблемалық сұрақтар

Көрнекіліктер: иллюстрация

Дидактикалық ойын жарыс

Демонстрация (бейне-дыбыстық материалдар)

Құралдары:

Проекторға арналған графикалық материалдар, кесте, сызба, слайд, транспаранттар;

Оқулық, оқу құралдары, ғылыми әдебиеттер, анықтағыш, сөздіктер

№: 3
Лекция сабағының құрылымдық кезеңдері: Кәсіби бағдар беру
Әдістері:

Сұрақ-жауап

Көрнекілік

Проблемалық жағдаят (мектеп құжаттарымен жұмыс, оқу бағдарламасы, мектеп оқулығы, оқу құралдары)

Құралдары:

Стандарт

Мектеп бағдарламасы

Мектеп оқулықтары мен оқу құралдары (дидактикалық материалдар)

Педагогикалық практика материалдары

№: 4
Лекция сабағының құрылымдық кезеңдері: Қорыту
Әдістері:

Екі кезеңнен тұрады:

1. Сұрақ-жауап, ми шабуылы, дидактикалық ойын-жарыс

2. Семинарға тапсырма беру, қажетті әдебиеттер ұсыну

Құралдары: Әдебиеттер тізімі
№: 5
Лекция сабағының құрылымдық кезеңдері: Өздік бақылау, бағалау
Әдістері: Экспресс-тест, өзара сұрақ
Құралдары: Слайд немесе транспарант (мультипроектор, графопроектор) тест шаблонкалары немесе перфокарта

Сонымен, жүйелі ұйымдастырылған лекция - студент танымын қанағаттандыратын жаңа білім берудің қайнар бұлағы. Білімді қабылдау, ұғу, ойлау ес-жадымен тығыз байланысты болғандықтан, материалды салыстыру үшін білімді жаңғыртудың жаңаны түсіну үшін неге? не себепті? деген сұрақтарға ойлана жауап беруге талпынудың студенттің оқу-танымдық белсенділігін арттыруға тигізетін ықпалы мол. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы қарастыратын мәселелері бойынша талас тудыратын, басы ашылмаған теориялық мәселелер аз емес. Лекцияда оларға ерекше мән беріледі.

Үлгі ретінде белсенді оқыту технологиясына негізделген бір лекция туралы толық мағлұмат берейік.

Лекция тақырыбы: Қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары және тілдегі басқа ұқсас құбылыстардан айырмасы.

Лекция мақсаты: Қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттарының қалыптасуы, оның құрамы, мағыналары, ұқсас тілдік құбылыстардан айырмасы, грамматикалық категорияларға қатысы туралы түсінік қалыптастыру.

Лекция жоспары :

I. Лекцияны тыңдап-түсінуге уәждеме.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазіргі қазақ тілі морфологиясын оқытудың әдістемесі
Қазіргі қазақ тілі морфологиясын оқытуда жобалау әдісін қолданудың тиімділігі
Ағылшын тілінің морфологиясын синтаксистік негізде оқыту әдістемесінің негіздері
Құс өсіру бойынша кәсіби стандарт
ҚАЗАҚ МЕКТЕБІНІҢ 5-6-СЫНЫПТАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ТІЛІ ОҚУЛЫҒЫНЫҢ ЛИНГВОДИДАКТИКАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Қазіргі қазақ тілі морфологиясын оқытудың ғылыми негіздері
Магистрлік диссертация жұмысын дайындау үшін нақты және теориялық материалдарды жинақтау
Оқулық құрылымы мен мазмұны
Ресми құжаттардың мәтіндік ерекшеліктері және үш тілге аударылуы
Екі шетел тілінен ғылыми - зерттеу практикасы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz