Қиын балалармен психологиялық тұрғыда жұмыс жасау әдістері



Пән: Психология
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 21 бет
Таңдаулыға:   
Қиын балалармен психологиялық тұрғыда жұмыс жасау
әдістері

Қиын бала: осы бір баршаға мәлім, бірақ өкінішке орай бұрыннан әдетке
айналған терминнің астарында не жатыр? Полиция қызметкері үшін-ол бұзақы,
мұғалім үшін-сыныптастарына жағымсыз әсер ететін анықталмаған басшы,
тәрбиеші үшін-шулы, қозғалғыш, тыңдамайтын бала. Ал ата-ана үшін ше? Әр
отбасында өзінің қиын баласы және өзіндік проблемалары бар. Осы бір сұрақ
көптеген ата-аналар мен педагогтарды және жұртшылықты жиі толғандырады, әрі
оған бір-екі ауыз сөзбен жауап бере салу жеткіліксіз. Ата-аналарынан
отбасыда  жылылық сезінбеген жасөспірім өмірде мен ешкімге қажетсізбін, -
деп санап уайымға жиі салынады. Осындай іс-әрекеттің салдарынан мінез-
құлқы күрт өзгере бастайды. Бұл құбылыс казіргі таңда қала балаларында
көптеп кездеседі. Ата-аналар жасөспірімдердің мінезіндегі ауытқуларға дер
кезінде  назар аудармай, олардың психикалық әр түрлі ауыр жағдайларға
шалдығуына себепші болып отыр. 1,Мектепте жұмыс істейтін педагогтар,
тәрбиешілер балаларды оқытып-тәрбиелеу барысында, сабақтан көп қалатын,
тәртібі нашар, білім деңгейі төмен, құрбыларымен тіл табыса алмайтын,
ашуланшақ, бұзақылықтар жасайтын балаларды жиі кездестіреді. Психолог
мамандар мұндай оқушыларды Қиын балалар, Мінез-құлқында ауытқуы бар
оқушылар, Қиын тәрбиеленуші қатарына жатқызады.
Бұл жердегі мақсат және міндет: Қиын жасөспірімдермен әлеуметтік жұмысты
жаңарту мәселесі. Қиын бала мәселесін ғылыми-методологиялық тұрғыда
зерттеу.
- қиын жасөспірімдердің пайда болу себептерін айқындау;
- қиын жасөспірімдердің ерекшеліктерін қарастыру;
- қиын жасөспірімдерге әлеуметтік педагогикалық көмек көрсету жолдарын
ескеру;
- қиын жасөспірімді тәрбиелеудегі әлеуметтік-педагогикалық тұрғыда отбасы
және мектептің өзара байланысын арттыру;
- қиын жасөспірімді әлеуметтік ортаның теріс ықпалынан әлеуметтік
педагогикалық қорғау;
- құқық бұзушы балаларға профилактикалық және диагностикалық көмек;
- қиын жасөспірімді қоғамға қайта қосудағы әлеуметтік жұмысты іс-жүзіне
асыру.
Қиын аталатын балалар – педагогикалық назардан тыс қалған балалар.
Олардың жеке басының адамгершілік жағынан өзгеруі – педагогикалық
қателіктердің салдары (әңгіме нерв жүйелері қажыған, ақыл-ойлары артта
қалған балалар туралы емес, психикалық және дене жағынан сау балалар туралы
болып отыр.
Қазақ тілі терминдерінің педагогика және психология бойынша түсіндірме
сөздігінде қиын балалар ұғымының мәні былай ашып көрсетіледі: қиын
балалар – тұлғалық дамуында көрінеу ауытқулары бар екенін көрсететін
балалар санаты. Әдетте, балаларды бұл санатқа қосқанда олардың оқу-тәрбие
процесінің дұрыс өтуіне кедергі болатын даралық-психологиялық
ерекшеліктерінің сыртқы көріністері негізге алынады.баланың мінез-
құлқындағы кәнәраттардың себептері алуан түрлі болады, оның қиын деп
бағалануы көбіне нақты психофизиологиялық сипаттамасын көрсетпейді, ол
туралы ата-аналар мен педагогтардың пікірін білдіреді. Қазіргі әдебиетте
қиын балалар деп, әдетте, мінез-құлықтары жалпы қабылданған нормалардан
көп ауытқитын және дұрыс тәрбиелеуге кедергі жасайтын балалар аталады.
Сондықтан оларға қатысты тәрбиеленуі қиын балалар дене термин синонимі
қолданылады, осы арқылы олардың педагогикалық қағидалар бойынша
тәрбиеленуге мүлдем бейімсіздігі және дәстүрлі педагогикалық ықпалдарды
әсте қабылдамайтыны білдіріледі.  Тәрбие процесінде қиындық келтіретін
негізгі себептердің бірі психикалық аурулар болуы мүмкін. Мыс.,
психопатияға не жастайынан бала аутизміне душар болған баланы тәрбиелеу
қиын болады. Алайда бұған қарап, оны қиын балалар санатына жатқызу жөн бола
қоймайды, өйткені мұндай ауытқушылықтармен көбіне медицина шұғылдануы тиіс.
Балаларды қиын балалар қатарына қосуға апарып соғатын әр алуан мінез-құлық
ауытқулары не жүйке-психикалық ауытқулардың салдарынан, не тұлғалық дамудың
қолайсыз жағдайлары мен факторларының салдарынан болады....
Қазіргі заманғы ғылыми-теориялық әдебиеттерді (С.А.Бадмаев ,
В.Г.Степанов , Е.И.Рогов , С.В.Кудрина т.б.) талдаудың негізінде қиын
балалар ұғымының мазмұнын ашатын үш белгіні бөліп көрсетуге болады.
Бірінші белгіге мінез-құлық нормаларынан ауытқыған балаларды жатқызуға
болады. Ауытқу деңгейі мен дәрежесі ең алдымен тестік және экспериментальды
белгілермен анықталады. Бірақ мінез-құлық белгілерінің барлық белгілерін
психолог пен педагогтар зерттеп, теориялық қорытынды жасай алмайды. Керек
жағдайда симптомдық бақылау жасалынады. Сонымен бірге, мінез-құлық ауытқуын
сипаттау үшін арнайы терминдер қолданылады- делинквенттік және
девианттылық. Делинквенттілік дегеніміз - заңмен жазаланатын, күрделі
қылмыстар мен заң бұзушылық. Девианттылық дегеніміз - қабылданған қоғамдық
нормалардан ауытқу.
Екіншіден, қиын балалар категориясына мінез-құлқы бұзылған және оңай
түзетілмейтіндер жатады. Осыған байланысты қиын және педагогикалық
қараусыз қалған балалар терминдерінің мағынасын айыру керек. Әрине барлық
қиын балалар педагогикалық қараусыз қалғандар болып табылады. Бірақ барлық
қараусыз қалғандар қиын балалар болып табылмайды, кейбіреулері қайта
тәрбиелеуге оңай көнеді.
үшіншіден, қиын балалар – тәрбиешісінің  және достарының тарапынан жеке
қарым-қатынасты ерекше қажет ететіндер. Бұлар кейбір үлкендердің пікірінше
өте жаман, бұзылған балалар емес, керісінше тек қоршаған ортаның  ерекше
назарын талап ететін балалар.
Көптеген ғалымдардың пікірінше, бала мінез-құлқының қиындығы
6–8  сыныптарда, әсіресе ұл балаларда байқалады. Бірақ соңғы жылдары мінез-
құлқы қиын оқушылардың арасында жасару тенденциясы байқалады, олардың
қатарын енді бастауыш сынып оқушылары толықтырып отыр.
Ұзақ уақыт бойы оқу үрдісі балалардың екі категориясының есебінде
құралып келген, бірінші категория - қалыпты балалар категориясы, яғни
баланың дамуы өз жасына сәйкес және аномалды балалар - дене және
психологиялық дамуында айқын ауытқулары бар балалар. Соңғы он жылдардағы
ғылыми зерттеулер балалардың осы екі категориясы арасында аралық буын бар
екенін дәлелдеді, осы аралық буынға оқудағы қиыншылықтары және мінез-
құлқындағы ауытқулары бар балалар жатады, оларды көбнесе қауіп-қатер
балалары деп атайды. Олардың бойында дене және психологиялық дамуында
көзге көрінетін аномалиялары жоқ. Алайда жағымсыз отбасылық және әлеуметтік
жағдайлар салдарынан бұл балалардың мектеп жасына жеткен кезде мектепте
жақсы оқу үшін қажетті қасиеттері мен дағдылары қалыптаспаған.
Денсаулығының әлсіздігі, жұмыс қабілетінің төмен болуы, өз құрдастарынан
психикалық дамуы жағынан артта қалуы қауіп-қатер факторы - үлгермеушілік,
мектепке үйрене алмаушылық, тәртібінің нашарлығының туындауына себепші
болып табылады. Сонымен ғалымдардың ой-пікірлеріне жүгінетін болсақ,
девианттық мінез-құлықты балаларда ортаның келеңсіз ықпалынан және
педагогикалық үрдістің жеткіліксіздігінен рухани көзқарасының дұрыс
қалыптаспағандығы, сезімінің дәрменсіздігі, қоғамдық мінез-құлық дағдысының
жоқтығы айқын, әрі үнемі байқалып тұрады. Мінез-құлқы қиын балалар арасында
жүргізілген көптеген зерттеулер қорытындысы бойынша үлгермеушілер қатарын
бастауыш сынып оқушылары толықтырып отыратын көрінеді.
Біз өз зерттеуімізде мектеп тәжірибесіне сүйене отырып, тәртібі қиын
оқушылар ұғымын былайша топтастыру арқылы анықтадық:
1.     Отбасындағы әлеуметтік және психологиялық жағдайдың дұрыс
болмауы салдарынан ата-ананың қадағалауынан тыс қалған оқушылар.
2.     Санаткерлік (интеллектуальдық) процестердің (ойлау операциялары,
әрекет етудің ішкі жоспары, сөйлеу, қиял, қабылдау, есте сақтау, зейін)
даму көрсеткіштерінің төмен болуына байланысты бағдарлама материалындағы
теориялық білімді қабылдауы мен меңгеруі қиын, яғни үлгерімі төмен
оқушылар.
3.     Мінез-құлқында адамгершілікке жат қылықтар бар қиын оқушылар
(өтірік айтушылық, арамдық, өзімшілдік, мақтаншақтық, тәкаппарлық,
даңғойлық, жалқаулық, т.б.)
4.     Эмоциялық дамуында кемшіліктер бар қиын оқушылар (эмоциялық
децентрацияның жоқтығы, эмоциялық көңіл күйдің шектеулігі, эмоциялық болжап
қоюдың болмауы, синтонияның, яғни басқа адамның, ең алдымен жақын адамның
эмоциялық көңіл-күйіне назар аудару қабілетінің жоқтығы, эмоциялық
өздігінен басқарылуға тән құбылыс ретінде өз кінәсін сезінудің болмауы,
жағымсыз эмоциялардың болуы, қорқақтық, тұйықтық, агрессиялық,
гипербелсенділік, гипердинамикалық синдром - эмоциялық басқарылу
жүйесінің бұзылуы);
5.     Қоршаған ортаның күткен үмітіне сәйкес келмеуден қорыққаннан,
өзгелер оңай орындап жатқан істің, өзіне қиын соғатынын түсінгеннен өзін
өзгеден төмен сезінетін, яғни өзін-өзі бағалауы төмен қиын оқушылар.
Сонымен осы айтылғандар негізінде біз мынадай анықтама шығардық: тәртібі
қиын оқушылар деп психикалық және тұлғалық дамуындағы кемістіктері, мінез-
құлқындағы ерекшеліктері мен адамгершілікке жат  кейбір жағымсыз
қасиеттері, педагогтар мен ата-аналардың тәрбие беруде жіберген ағаттықтары
салдарынан пайда болып, мақсатқа бағытталған педагогикалық ықпалға саналы
және санасыз түрде қарсылық тудыратын балаларды айтамыз.     
         Ғалымдардың (В.А.Сухомлинский , В.И.Чередниченко , Г.П.Медведов ,
Л.М.Зюбин , А.М.Прихожан, Н.Н.Толстых , Г.А.Уманов , Л.К.Керімов ,
т.б.)  зерттеу жұмыстарының дәлелдеуінше, қиын оқушылардың пайда болуына үш
фактор себепші болатыны анықталған:
1)  отбасы тәрбиесінің дұрыс ұйымдастырылмауы, яғни тұрмыстағы ұрыс-
талас, дау-жанжал, маскүнемдік, т.б.;
2)  мектептегі оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруда кеткен кемшіліктер,
яғни жекеленген оқушылардың мінез-құлық ерекшеліктерін, ынта-ықыласын,
қызығушылығы мен талап-тілегін ескермеу;
3)  жұртшылықтың тәрбие үрдісіне толық көңіл аудармауы салдарынан бос
уақыттың ұтымды ұйымдастырылмауы.
Зерттеу барысында біз психологиялық, педагогикалық және әлеуметтік
педагогика саласында орындалған соңғы жылдардағы зерттеулерге сүйене
отырып, мектеп тәжірибесінде тәрбиесі қиын оқушылардың пайда болу
себептерін және оларды топтастыру мәселелерін анықтауға талпыныс жасадық.
Ал бізде қиын балалардың бой көрсете бастаған тұсы — 90-жылдардың орта
шені. Сол себепті де еліміздің барлық аймағында девианттық мінез-құлығы бар
балаларға арналған арнайы білім беру ұйымдары ашыла бастайды. Кейбір
балалардың бейәдетке бой алдыруының сыры неде екендігін білмек болып, біз
ат басын Алматы қаласындағы Девианттық мінез-құлығы бар балаларға арналған
арнайы білім беру ұйымына бұрдық. Өйткені қиын балалар дәл осы жерге
тоғытылады. Мекеменің міндеті – осындай топтағы балаларды тек тәрбиелеу
ғана емес, себеп-салдарына үңіліп, сараптама жасау.
– Бұл ұйым 1999 жылы Қиын жасөспірімдерді оңалту орталығы деген атпен
құрылған-ды. Кейін, яғни 2006 жылы Девианттық мінез-құлығы бар балаларға
арналған арнайы білім беру ұйымы болып қайта құрылады. Осындай мекемелерді
ашуға түрткі болған жағдайлар – қиын балалар санының көбеюі. Ал бала
тәрбиесіне тек отбасы ғана емес, мемлекет те жауапты. Өздеріңіз білесіздер,
КСРО тараған жылдары елімізде әлеуметтік жағдай қиындап кетті. Халық бұған
дайын емес еді. Ойламаған жерден бұрындары таңсық болып келген
құбылыстармен бетпе-бет келуге тура келді. Ересектердің дағдарысқа ұшырауы
балаларымызға, отбасына ызғарын тигізбей қоймады. Міне, үйірінен адасқан
балалар сол жылдары көптеп саналды.
Балалар мұнда сот шешімімен жіберіледі. Барлық пән бойынша үздіксіз сабақ
оқиды. Компьютер кабинеттері жұмыс істейді. Балаларды түрлі үйірмелерге
қатыстырып, уақытының барлығын пайдалы жұмсауларына ықпал етеміз. Негізі,
мұнда бір айдан бір жылға дейін оқшауланады. Тіпті араларында уақыты
аяқталғанда кеткісі келмейтіндер де бар.
Қазіргі кезде бізде 38 бала тәрбиеленуде. Ал негізі әр кезде әрқалай. Кейде
көп, кейде аз дегендей. Менің бір байқағаным, балалардың қай-қайсысы болсын
қабілетті, білімге құштар. Жылы сөйлеп, тілін тапсаң, жаман бала жоқ.
Олардың осындай жолға түсуінің себебі  — отбасындағы қиындықтар немесе ата-
аналарымен түсінісе алмауларында, сондай-ақ бақылаусыз қалып, жаман жолға
бастайтын ортаға түсіп кетуі, – дейді сөз болып отырған мекеме директоры
Мұратбек Елеуов.
Қиын балаларды тәрбиелеу мәселесі ХХ ғасырдың 20-30 жылдарынан бастап,
күні бүгінгі дейін педагогтардың, психологтардың және заңгерлердің
зерттеулеріне арқау болып, әр қырынан қарастырылып келе жатыр. 
Зерттеушілер В.И.Куфаев, И.А.Невский, Л.К.Керімов қиын оқушыларға тән
ерекшеліктерді бөліп көрсетуге тырысты.
В.И.Куфаев өз еңбегінде Өсіп, ер жету, әлеуметтік жағдайына байланысты,
бетімен кету дәрежесіне қарай, әртүрлі себептерге байланысты  қиын
оқушылардың әрқайсысына тән ерекшеліктері болатынын, сондықтан мұндай
балалар өздеріне ерекше тәсілмен қатынас жасауды және олармен тиісінше
жұмыс жүргізуды талап етеді - дей отырып,  қиын оқушыларға мақсатқа
бағытталған адамгершілік тәрбие  беру мен мінез-құлық мәдениетін
қалыптастыру үшін мынадай мәселелердің шешімін табу қажеттілігін көрсетті:
1. балалардың өз бетімен жүруіне қарсы күрес жүргізу мәселелері;
2. оқу орындарын балалардың денсаулығына, әлеуметтік және педагогикалық
бақылаусыз бетімен кетуіне және сонымен қатар тәрбиеленуі қиын балалармен
жүргізілетін тәрбие жұмыстарының түрлері мен тәсілдеріне қарай айырып бөлу
қажеттілігі;
3. тәртібі қиын балаларға арналған мекемелер мен оқу орындарында жұмыс
істейтін тәрбиешілердің арнайы білімі болуы;
4.  тәртібі қиын балаларға адамгершілік тәрбие беруді қоғамдық пайдалы
еңбек барысында жүзеге асыруды белсендіру .
 И.А.Невский тәрбиеленуі қиын оқушыларды топтарға бөліп, оны үш
жағдаймен түсіндіреді:
а) педагогикалық тәрбиесінің дұрыс болмауы;
ә) әлеуметтік тәрбиесінің дұрыс болмауы;
б) психикалық қалыпты нормадан ауытқуы.
Ал тәрбиеленуі қиын оқушыларға тән ерекшеліктерді мынадай үш топқа
бөледі:
1. Білімі. Тәртібі қиын оқушылардың оқу және әлеуметтік-этикалық білімі
өзінің өте кемдігімен, жүйесіздігімен және түсінігінің қателігімен
ерекшеленеді.
2. Дамуы. Қиын оқушылар әдетте өзінің ақыл-ой қабілеттілігі, сана-
сезімінің өсіп-жетілуі жағынан өз құрбыларынан артта қалып, жұмыс істеуге
қабілеттіліг төмендеп, кейбір психикалық функцияларының өсіп-жетілуінде
ауытқушылығы (қабылдауы, зейіні, есте сақтауы, ойлауы, елестетуі, еркі,
сөйлеуі, сезімі, т.б.) байқалады. Кей жағдайларда олардың ақыл-ойы,
психикалық қасиеттері өз деңгейінде дамыған да болып келеді, керісінше,
теріс бағытта, яғни олардың өздері үшін маңызды жағдайларда аса қырағы,
байқағыш, көреген болып келеді. Ал сабақта ерікті қабылдауы, зейін қойып
тыңдауы нашар, әлсіз болады. Сондықтан мұндай оқушыларға қолайлы жағдай
туғызып, тиімді тәрбие әдістерін қолдану арқылы оқуға, өзінің
айналасындағыларға қатынасын өзгертіп, тәртібін жақсартуға болады.
3. Қатынасы. Тәртібі қиын оқушылардың өздеріне тән ерекшеліктері
сабаққа, ақыл-ой еңбегі мен дене еңбегіне қабілетсіз болып келетіндіктері.
Ал бұл жағдай олардың оқудан әр уақытта да үлгермеушіліктері, еңбек ету
дағдыларының жоқтығы, оқу пәндеріне, жалпы білімге, оның нәтижесіне
қызықпаулары, еңбектенуге қабілетсіздігі және осыларға байланысты болатын
жағымсыз жағдайларды олардың әр уақытта да уайымдауынан болады. Мұның
барлығы да олардың басқалардың еңбегінің нәтижесін пайдалануға
дағдылануынан, басқаның еңбегін қадірлемеуінен келіп шығады. Тәрбиеленуі
қиындар кейде мектептің мүлкін алып кетеді, терезені, мектеп мүлкін
қиратады, өсімдіктерді бүлдіреді. Олардың тек қана оқу пәндеріне,
еңбектенуге, басқалардың еңбегінің пайдалы нәтижесіне қызықпаушылық
қабілеттері ғана төмен емес, тіпті, кейде жалпы адамды рухани бай ететін,
адамның адамгершілік қасиетін жақсартатын әдебиетке, өнерге, тарихқа,
жаратылыстануға, табиғатқа деген қызығушылықтары да төмен болып келеді .
Қиын балаларды тәрбиелеу мәселесімен айналысқан қазақстандық белгілі
ғалым Л.Керімов әлеуметтану мен заң ғылымдарында, психологиялық және
педагогикалық әдебиеттерге талдау жасай отырып, кәмелетке жасы толмаған
құқық тәртібін бұзушылар, педагогикалық тәртібі нашар оқушылар, қиын
балалар сиқты терминдік ұғымдарды анықтайды. Біріншісіне кәмелетке жасы
толмаған құқық тәртібін бұзатындар небір жағымсыз жағдайларға байланысты
дау-жанжал шығаратын, арақ-шарап ішіп, жеке меншік пен қоғамдық мүліктерге
қол сұғатындарды жатқызады. Олардың мінез-құлықтарында, жүріс-тұрыстарында
жалқаулық, қатыгездік, бастаған ісін аяғына дейін атқармау, әртүрлі
ұрлықтар жасау, т.б. қылықтар кездесіп отырады.
Педагогикалық тәртібі нашар балаларға айналасымен қарым-қатынастарда
жағымсыз қылықтар мен әдет-дағдылар көрсеткенімен, мұндай ерекшеліктер
мінез-құлықтарында тиянақты қалыптаспағандар жатады. Қиын балалар
қатарына психикалық дамуы уақытша баяулаған, тез ашуланшақ, уайымшыл, өзін
төмен санайтын, мінез-құлқында психопатиялық формалар кездесетін, дәрі-
дәрмек беру арқылы қозу күйін тежейтін балаларды жатқызады .
Сонымен қатар Л.Керімов қиын оқушылардың адамгершілік сапаларының
төмендеуіне отбасы тәрбиесінде кеткен қателіктермен қатар, мұғалім мен
олардың арасындағы қарым-қатынастар жүйесіндегі кемшіліктерді де бөліп
көрсетеді:
1. Мораль белгілері мен заң ережелерін ұстамауға бейімділігі бар
оқушыларды  алдын-ала айқындай алмау.
Мұғалімдердің кейбіреулері оқушының  дара ерекшеліктеріне,
адамгершілік  тәрбиесі нормасынан ауытқу себептеріне көңіл аудармаған.
Мектеп ұжымы тәрбие жұмыстарын жоспарлы қадағаламаған.
2. Қиын оқушылармен тіл табыса алмай, яғни жеке психологиялық ықпалдар
жасай алмаудан барып, этикаға жатпайтын тәсілдерді: ұрысу, әрбір
қылықтарын талдауға алу, орынсыз жазалау, қандай да бір жөнсіз
әрекеттер болсын оны сол балаға жабу, кемсіту т.б қолданған. Дұрыс
қолданылмаған шара жас өспірімнің ыза-кегін туғызып, қарсылық көрсетеді.
3. Кейбір педагогтардың кәсіптік деңгейлерінің төмен болуы және
психологиялық тұрғыдан балалармен жұмыс жүргізуге дайындығының
жеткіліксіздігі, өз пәндерінен білімдерінің таяздығы, тәрбие жұмыстарын
өткізу мен ұйымдастыруда әдістемелік шеберліктерінің төмен болуы себеп
болған. Олар қиын балалардың денсаулық жағдайынан хабардар болмаған.
Себебі, көптеген педагогтар жұқпалы аурулардың түрлерін, олардың барысын
білмейтіндігі анықталды [9].
Сонымен  адамгершілік - адамның рухани арқауы демекші , оны  тәртібі қиын
оқушылар  тәрбиесінде қалыптастыруда ғалым - педагогтардың , қиын балаларды
зерттеуші -ғалымдардың  еңбектерін пайдалана отырып , жұмыс
істеудің  маңызы зор.  Сөзімізді түйіндей келе  айтарымыз, педагогтар
тәртібі қиын балаларды  адамгершілікке тәрбиелеу - әлеуметтік -
педагогикалық проблема екендігін түсіне отырып, балалармен, олардың ата -
аналарымен , қоғамдық мекемелермен тығыз байланыста болып  тәрбие
жұмыстарын жүргізу қажет.
Қиын балалар және мінез-құлықтағы қиындық ұғымы 1920-30 жылдары П.П.
Блонскийдің еңбектерінде пайда бола бастады. Оның зерттеулерінде қиын
балалардың мінез-құлық тарихын мектеп, отбасы арқылы ашып көрсетеді. Ол
қиын балаларға мұғалімнің қатынасы арқылы қиын оқушы терминін нақтылауды
жөн көреді. Бұл балаларға былайша мінездеме береді: обьективті көзқараспен
қарағанда қиын оқушы –мынадай, ол мұғалімнің жұмысының жемісті еместігіне
байланысты. Субьективті көзқараспен қарағанда қиын оқушы – мынадай, онымен
мұғалімге жұмыс істеу өте қиын, мұғалімнен көп жұмыс істеуді талап ететін
оқушы.
Қиын бала мәселесі бойынша ең алғаш зерттеу жүргізген П.П. Бельский
кәмелетке жасы толмаған мінез-құлқындағы қиындығы бар балалардың ішкі
дүниесін қарастырды. В.В. Трифонов зерттеулерінде қиын оқушы анықтамасы –
бұл күнделікті педагогикалық әсерге көне бермейтін, өзіне үнемі қосымша
уақыт бөліп қарауды, мұғалімнің ерік-жігерін, күшін, қажырлы педагогикалық
еңбегін қажетсінетін оқушы. Г.А. Фортунатовтың зерттеулерінде қиын
балаларға үлгермеушілер мен тәрбие ықпалына көнбейтін балаларды және
психикалық бұзылудан жапа шеккендерді жатқызады.

Бірқатар қазақстандық педагог зерттеушілер В.Г. Баженов, А. Жұмабаев,
К.А. Жүкенова, А.М. Карабаева, И.Ф. Назаров, В.А. Парфенов, В.А. Трифонов,
В.П. Шевченко, Л.В. Лысенко, Л.К. Керимов және т.б еңбектерінде қиын
балалардың қиқарлық сияқты жағымсыз қасиеттерінің қалыптасуына әлеуметтік-
педагогикалық факторлардың әсер ететіндігін зерттеді. Бастауыш мектеп
оқушылары мен жасөспірімдердің асоциальды мінез-құлықтарын, спорт, өзіндік
және жеке жұмыстарды ұйымдастыру, мектепке деген ықпалды күшейту,
отбасындағы белсенділікті арттыру, ұжымдағы әрекеттерге балаларды қатыстыру
арқылы жеңудің әртүрлі жолдарын көрсетті.
Ағылшын психологы Хевитта және Дженкинс қиын балаларды екі үлкен
категорияға бөлген
1. Әлеуметтік формадағы антиқоғамдық мінез-құлқы тән балалар.
2. Әлеуметтік емес антиқоғамдық агрессивті мінез-құлықты балалар. Бұл
балалардың жанұясымен, қатарластарымен қарым-қатынасы жаман, эмоциялары
бұзылған, агрессивті, қатыгез әрі кекшіл балалар.
Ғалымдардың бірқатары қиын балалардың пайда болуын өмірдің қолайсыз және
әлеуметтік-биологиялық факторлармен байланыстырды.
Ал И.А. Невский қиын баланың пайда болуы отбасындағы, мектептегі
жүргізілетін оқу-тәрбие жұмыстарының жеткіліксіздігінен деп түсіндірді.
Қиын оқушының пайда болу себептерін анықтағанда, біріншіден отбасындағы
тәрбиеге, ал екіншіден мектептегі оқу-тәрбие мәселесіне аса көңіл бөлеміз
Сондықтан Қиын бала қайдан пайда болды? - деген сұраққа жауап бермес
бұрын, отбасымыздағы ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынасты, ата-ана
мен бала арасындағы қарым-қатынасты ретке келтіріп алғанымыз дұрыс сияқты
Сонымен балалардың мінез-құлқындағы қиындықтардың пайда болу себебі,
біріншіден, отбасы тәрбиесі десек, екіншіден, мектептегі оқу-тәрбие
жұмысындағы кемшіліктермен сипатталады.
Г.М. Минковский, Л.М. Зюбин, Д.В. Колесов, В.Н. Кудрявцев зерттеулерінде
қиын балалардың басым көпшілігі - мектептегі оқуда қиындықтарға кезігіп,
оқу бағдарламасын дұрыс меңгере алмай, ұжымнан тысқары қалып қалған
балалар, -деп атап көрсетті.
Мінез-құлқында қиыншылығы бар оқушыларды әдетте екі топқа бөліп
қарастырады:
1. Тән кемтарлығы және жан жарақаты бар оқушылар;

2. Отбасында, мектепте тәрбиелеуден шет қалған, жеке басын қалыптастыруда
сыртқы кері факторлардың, әлеуметтік жағдайдың әсері болған және өтпелі
кезеңнің күрделілігінен мінезі дұрыс қалыптаспаған оқушылар. Қиын
балалардың психологиялық ерекшеліктерін теориялық тұрғыда Л.С. Выготский
еңбектерінде талқыланды, сондай-ақ А.С. Макаренко тәжірибелерінен де үлкен
орын алды. Мектеп тәжірибесінде анықталғандай, мұндай оқушыларға мынадай
жеке қасиеті бар балалар жатады: білім деңгейі төмен, тәртібі нашар,
сабақтан көп қалатын, мұғалім талабын орындамайтын, адамгершілік деңгейі
төмен, құрбыларымен тіл табыса алмайтын, сынып мәселелері қызықтырмайтын,
кей жағдайларда психикалық дамуы, сөйлеу қабілеті кейін қалған ашуланшақ
балалар. Осы аталғандардың ішінде жүйке ауруына шалдыққан балалардың
тәрбиесі өте күрделі деуге болады.
Әдетте біз бүгін мінез – құлқында қиыншылығы бар оқушыларды ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Дарынды балалармен жұмыстарды ұйымдастыруда педагог-психологтың қызметі
Қиын балалардың отбасындағы беріктігі
Бастауыш мектептегі дарынды балалармен жүргізілетін жұмыс ерекшелігі
Дарынды балалармен жүргізілетін жұмыстардың нәтижесі
Дарынды балалармен жұмыстың сипаттамасы
Қиын балалармен жүргізілетін оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру жолдары мен ерекшеліктері
Дарынды балалармен жұмыстың стратегиясы
Мұғалімнің қиын балалармен тәрбие жұмысын ұйымдастырудың ерекшеліктері
Дарындылықтың қалыптасу дәрежелері критериі
Қиын балалармен Әлеуметтік педагогикалық - психологиялық қайта тәрбиелеу жұмыстың әдістері
Пәндер