Қорқыт туралы аңыз-әфсаналар, тарихи шежірелер


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 17 бет
Таңдаулыға:   

Кіріспе

Түбі бір түркі халықтарына ортақ жәдігерлер түркі тектес халықтардың, оның ішінде қазақ халқының мәңгі рухани баға жетпес мұралары болып табылады. Ежелгі замандардан сыр шертетін осындай құнды мұраның бірі - түркі халықтарының ортақ ойшылы саналатын атақты ақын, дәулескер күйші, ақылгөй, данышпан, жырау әрі философиялық мазмұны аса терең аңыздардың кейіпкері - Қорқыт есімімен тығыз байланысты. Қорқыт ата туралы деректер бізге үш түрлі жолмен жеткендігі белгілі. Олар: ел аузындағы Қорқыт туралы аңыз-әфсаналар, тарихи шежірелер және «Қорқыт ата кітабы».

«Қорқыт ата кітабы» - түркі тектес халықтардың ежелгі тарихын, байырғы тұрмысын, әдет-ғұрпын, салт-санасын, ақындық дәстүрін танытатын эпикалық, әрі тарихи мұра. Қорқыт ата хикаясы - VII-VIII ғасырларда Сырдария бойын мекен еткен оғыз-қыпшақ тайпалары арасында туып, сан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа тараған, рухани қазына ретінде бүгінгі күнге дейін өзінің әдеби, тарихи, этнографиялық, т. б. мәнін жоймаған, аса құнды шығарма.

Кейінгі ұрпаққа осындай құнды тарихи мұра қалдырған данышпан туралы сөз қозғар болсақ, Қорқыт - VIII ғасырда Сыр бойында өмір сүрген батыр, атақты, ақын, асқан күйші, аңыз кейіпкері. Ата жағынан Қорқыт оғыз тайпасының Қай (Қайыспас) дейтін атасынан тараса, анасы жағынан қалың қыпшақ нағашы жұрты болып келеді. Қорқыттың әкесі оғыз тайпасына белгілі Қара (Қарақожа) деген кісі болса керек. Қорқыт оғыз бен қыпшаққа бірдей басалқылық жасаған кемеңгер. «Қорқыт батыр емес, абыз (патриарх), халық даналығын бас болып паш етуші және сақтаушы, оның парасатына дүйім жұрт ден қояды», - дейді ғалым В. В. Бартольд. Қорқыт ата оғыз-қыпшақ ортасындағы саяси-әлеуметтік мәселелерді шешуде жол көрсетуші бас тұлға. Ол ел ішіндегі жөн-жоралғыны, салт-дәсүрді реттеуші батагөй дана болған.

Белгілі болған ғылыми деректерге сүйенер болсақ, Қорқыт сегіз қырлы бір сырлы, қасиетті тұлға, бақсы, көріпкел, әулие, асқан күйші, емші, жырау, тайпа кеңесшісі, қиындықтарға қарсы тұра білген адам. Бақсылық кез-келген адамға қона бермейтін қасиет жоғарыдағы «иелер» немесе перілердің таңдаған адамы болады деген ұғым бар. Әлемдік діндерге дейін Евразияға тараған түркі халықтарының ортақ діні Тәңірлік дін болды. Ислам діні Қорқыттың бар болмысына жат еді. Ол көшпелілер қоғамының өмір салтына айналған Тәңірлік дінінің аса көрнекті өкілі болатын. Ш. Уәлихановтың сөзімен айтқанда: - «Қорқыт алғаш қобыз тартып, сарын айтуды үйреткен ең бірінші бақсы». Яғни Тәңірлік діннің ең басты идеологы. Сөз жоқ, қылыштың жүзі, найзаның ұшымен орныға бастаған ислам дінінің көшпелілер ортасындағы ең басты қарсыласы сол ортадағы дәстүр Тәңірлік дүние таным, Тәңірлік наным-сенім еді. Ал, Тәңірлік дүние танымның көрнекті тұлғасы Қорқыт болатын.

Қорқыт ата жөніндегі жыр-дастан алғашқыда Орта Азия мен Сыр бойында туып, халық эпосының дәстүрі бойынша сан ғасырлар бойы ауызша айтылып келген. Тек XVI ғасырда ғана Қорқыт есімімен байланысты бұл дастан қағазға түсірілген.

ҚОРҚЫТ АТА КІТАБЫ:

ҚОЛЖАЗБА НҰСҚАЛАРЫ, ЗЕРТТЕЛУІ, АУДАРМА МӘСЕЛЕСІ

«Қорқыт ата кітабының» біздің дәуірімізге жеткен негізгі екі қолжазба нұсқасы сақталып келген. Солардың бірі Германияның Дрезден қалалық кітапханасының сирек кездесетін қолжазбалар қорында сақтаулы тұр. Бұл қолжазба кітаптың мұқабасында көрсетілген аты: «Кітаби дедем Коркут ғали лисани таифаи у огузан», яғни «Қорқыт атаның оғыз тайпасы тіліндегі кітабы». Дрезден кітапханасындағы Қорқыт ата кітабы 12 жырдан, яғни 12 бөлімнен тұрады.

Ал, даналық шығарманың екінші қолжазба нұсқасы нұсқасы Ватикандағы (Италиядағы) Аристолика кітапханасында сақталып келеді. Бұл қолжазба алты жырдан құралған, ол: «Хикаят оғызнаме Қазанбек уа ғайри» деп аталады. Мұны осы кітапханадан тауып, итальян тіліне тұңғыш рет аударған ғалым Этторе Росси болды.

Әдебиет зерттеушісі, ғалым Н. Келімбетов қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірін зерттеген еңбектерінде «Қорқыт ата кітабының» зерттелуі жөнінде: « . . . «Қорқыт ата кітабының» Дрезден қаласында сақталған толық нұсқасын зерттеу, Европа тілдеріне аудару ісі ХІХ-ғасырдың бірінші жартысында басталған еді. 1815 жылы немістің белгілі ориенталист ғалымы Г. Ф. Диц бұл шығарманың бір тарауын - сегізінші хикаясын неміс тіліне аударып, баспасөзде жариялады . . . » деп жазады [1, 56-б. ] . Бұл пікірге даналық шығарманы зерттеуші ғалымдардың бәрі дерлік қосылады. Сонымен қатар, ғалым Т. Еңсегенұлы « . . . неміс ғалымы Г. Ф. Диц «Қорқыт ата кітабы» жырының сегізінші тарауын, дәлірек айтқанда, «Бисаттың Төбекөзді өлтіргені туралы жыры» атты тарауды өз тіліне аударып бастырады. Сосынғы бір ғажабы - бұл ғалым «Қорқыт ата кітабындағы» әлгі өзі аударған «Бисат . . . » жырындағы Төбекөзді ежелгі гректің эпик ақыны Гомердің «Одиссея» поэмасындағы Полифеммен салыстырып, бұл әфсананы гректер күншығыс елінен алған деп дәлелдейді. Әрине, бұған қосылуға болмайды . . . » дей келе бұл жырдағы Төбекөзбен сабақтас аңыз, ертегілер көне түркілерде, әсіресе қазақ халқының ауыз әдебиетінде ежелден бар екенін Ә. Марғұланның зерттеуімен дәлелдеп көрсетеді [2, 8; 9-бб. ] .

Сондай-ақ екінші бір неміс ғалымы Теодор Нельдеке «Қорқыт ата кітабын» неміс тіліне толық аударып шықпақ болады. Бірақ ол бұл істі аяғына дейін жеткізе алмады да, барлық материалдарын өзінің шәкірті В. В. Бартольдке тапсырады. В. В. Бартольд бұл кітапті зерттеу, аудару ісімен ондаған жылдар бойы айналысады. Сөйтіп, ол «Қорқыт ата кітабын» 1992 жылы орыс тіліне толық аударып шығады. Бірақ әр түрлі себептермен ғалымның көзі тірісінде аудармасы жарық көрген жоқ. Кейін бұл аударма 1962 жылы академик В. М. Жирмунский мен А. Н. Кононовтың редакциясымен басылып шығады. Академик В. В. Бартольд аудармасымен жарияланған «Қорқыт ата кітабы» - түркі халықтарының өзіндік мән-мағынасы сақталған құнды әрі қымбат дүниелердің бірі деуге әбден болады [3] .

«Қорқыт ата кітабын» зерттеп, талдап, аударма жасауда түрік ғалымдары айтарлықтай үлес қосты. Анкара қаласынан шыққан профессор Мухаррем Ергин даналық шығарманың Дрезден және Ватикан қолжазба нұсқаларын қоса қамтып, толық текстін латын әрпімен транскрипция жасап бастырып шығарды. Сондай-ақ белгілі түрік ғалымы Фуад Капрюлу бұл атаның жырымен қоса өзі жайында елеулі деректер қалдырған. 1916 жылы ғалым Килисли Муаллим Рифат «Қорқыт ата кітабының» Германиядағы Дрезден нұсқасын араб алфавитін сақтай отырып толық қалпында жария етті. Одан кейін түркияның белгілі ғұламасы Орхан Шаек Гөкяй 1938 жылы Дрездендегі араб алфавитімен жазылған нұсқасын жаңа латыншалаған түрік алфавитімен қайта басып шығарды. Осы тың серпіліспен қайта жасалған «Қорқыт ата кітабы» шығармасының мән-мағынасын аша түсу, оқырманға түсінікті етіп жеткізу ниетімен сол ғалым латыншаланған «Қорқыт ата кітабына» көлемді алғы сөз жазыпты.

VІІ-VІІІ ғасырларда Сырдария бойын мекен еткен оғыз-қыпшақ тайпалары арасында туып, өмір сүрген, мәңгілік өмірді аңсап, халқына бақытты ғұмыр іздеп, дүниені шарлаған, артында мәңгі өшпес орасан бай мұра қалдырған және осындай аңыз кейіпкері һәм тарихи тұлға, әлемге әйгілі болған Қорқытты зерттеу ісімен айналысқан жоғарыда аталып өткен шетелдік ғалымдармен қоса қазақ ғалымдары Ш. Уәлиханов, М. Әуезов, Ә. Марғұлан, Х. Сүйіншәлиев, Ә. Қоңыратбаев, Б. Ысқақов, М. Байділдаев, Ш. Ыбыраевтар, т. б. қорқыттану саласына өз үлестерін қосты.

Соның ішінде «Қорқыт ата кітабы» бағзы заманнан түркі мекеніне айналған Сыр бойында туғанын барлық шығыстанушы ғалымдар мойындайды. Енді арада шамамен 10 ғасырдай уақыт өткенде, осы Сырдың перзенті, атақты ғалым Ә. Қоңыратбаев және М. Байділдаев бұл «Қорқыт ата кітабын» тұңғыш рет қазақ тіліне аударып, 1986 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан шығарды. Бұл жөнінде ғалым: «Кітаптың қазақша нұсқасын «Дадам Қорқыт жырлары», «Қорқыт ата кітабы» деп атауды жөн көрдік. Дада - ежелгі сақ сөзі, ата-баба деген ұғым береді. Әрбір сюжет тұстарында сілтемелер арқылы ескертпелер мен анықтаулар беріп отырдық. Сөйтіп, бұл жалпы оқырмандарға да, ескі жазбалар тарихымен танысатын жоғарғы оқу орындарының студенттеріне де, зерттеуші-фольклористерге де ортақ, ұтымды, ғылыми-көпшілік басылым болмақ . . . » деп кіріспе сөз бастаған [5, 4-б. ] . Сөйтіп, «Қорқыт ата кітабы» ең әуелі Сыр бойында жасалса, ең бірінші рет Сыр бойында өз тілімізге аударылып, қалың бұқараға ұсынылды.

В. В. БАРТОЛЬД - ҚОРҚЫТТАНУ САЛАСЫНЫҢ НЕГІЗІН САЛУШЫ ТҰЛҒА

«Қорқыт ата кітабын» зерттеудің негізін қалаған, Ресейдің атақты тарихшысы, шығыстанушы, академик Василий Владимирович Бартольд. Ол бұл шығарманы тарихи және фольклорлық тұрғыда зерттеудің негізін салып берді. Бұл мұраны танып, игеруге талпыныс жасаған түркия, германия, италия ғалымдарының жариялаған еңбектеріне зер салсақ, олар академик В. В. Бартольд салған зерттеу тәсілдерін жалғастыра пайдаланған.

Әйгілі ғалымның «Қорқыт кітабына» қызығушылығы 1890 жылдың басында пайда болған. Сол тұстан бастап ол өмірінің соңғы кезіне дейін сол даналық мұраны зерттеумен айналысты. В. В. Бартольд сол әйгілі ескерткішті 1922 жылы толық аударма жасап бітірді. Оған дейін бұл ғалым «Қорқыт ата кітабындағы» 12 жырдың төртеуін ғана аударған еді. Осы толық аудармасын ол А. М. Горький басқарған «Бүкіләлемдік әдебиет» баспасына тапсырады. Бірақ, бұл еңбегінің жарыққа шыққанын көрмей кетті. Азербайжан ғалымдары Г. Араслы мен М. Тахмасиб В. В. Бартольд аудармасына кейбір нақтылау, түзетулер жасап Баку қаласынан шығарды. Дегенмен бұл басылым жұршылыққа кең көлемде тарамады.

Академиктің Оғыздар дастаны жайлы жазған «Түрік эпосы және Кавказ» деген зерттеу еңбегінің алғашқы жолын: «Қолжазбаға қойылған атау: «Оғыздар тайпалары тілінде, менің Қорқыт атам жайлы кітап» - ілгеріде, студент жылдары (1891-1892) осыдан көшірме жасаған едім. Солардың ішінен төрт (1, 2, 3 және 5-ші) мәтін мен аударманы өзім жариялаған едім. Бұл мұраның толық аудармасы қазірге дейін Еуропа тілдерінде жоқ, сондай-ақ, мақала да шықпаған», -деп бастаған (6, 20-б. ) . Осы мақаласында академик қазақ халқының мәртебесін көтеретін тың деректерді алға тартады Мысалға, В. В. Бартольд айтқандай, Қорқыт жыры және кемеңгер Қорқыттың өзі жайлы қазақ халқының ауыз әдебиетінде, сондай-ақ ел арасында көптеген аңыз әңгімелер сақталған, сол әфсаналарда халқымыз бұл дананы «Қазақы Қорқытқа», данышпан Қорқытқа айналдырған. Сол сүйсінерлік жетістікті В. В. Бартольд дөп басып тауып, біліктілікпен дәлелдеп берді. Бұл пікірімізге осы зерттеушінің: «И где эти предания сохраняются у нынешных обитателей тех же степей казахов. Некоторые из этих преданий были приведены мною в других местах», -деген тұжырымы толық айғақ (6, 20-б. ) .

В. В. Бартольд «Түрік эпосы және Кавказ» деген мақаласында, негізінен, Қорқыт жыры жайлы кейбір ескерілмеген, бұрын айтылмаған деректерге және Қорқыт ата жайлы жинақталып, рухани мұраға, тәлім-тәрбиелік ке құралған, өнеге тұтатын өсиет сөзге айналған ел аузындағы аңыздарды ортаға салып, игілікке жетелейтін пікірлер білдіреді. Қорқыт қобызды мұңлы серігіне және өліммен күресетін қаруға айналдырады. В. В. Бартольд жинаған аңыз бойынша Қорқыт қобыз даусы, сарын әуенімен ұзақ уақыт өзінен ұйқыны қуалап, өлімге қарсы әрекет жасайды. Себебі, оған егер ұйықтап кеткеніңізде өлім келіп жаныңды алады деп жаратушы күш айтқан болса керек. Ақырында, Қорқыт ұйықтап кеткенде ажал оған жылан бейнесінде келіп, жайылған кілем үстіне өрмелеп шығып, Қорқытты шағып өлтіреді.

Сондай-ақ, мақалада айтылғандай, Қорқыттың моласына арнайы қобыз қойылған, бұл киелі аспап желдің әсерімен үнемі қайғылы үн шығарып тұрады екен. Содан былайғы жұрт бұл мазар Қорқыт жатқан жер екенін есте сақтаған және Қорқыт есімін білген, естен шығармаған.

Бұл ғалым Қобыз аспабының рухани құндылығына ерекше маңыз беріп, өмірде алатын өзіндік орнын нақты деректер келтіріп дәлелдеген. Оның пайымдауынша және жұртшылықтың баяндауынша Қорқыт заманының өзінде әнші, жыршылар қобызбен бір елден екінші елге, бір бектен екінші бек халқына барып өз өнерлерін көрсетеді. Қолында қобызы бар әнші, жыршы тойдың басты сән-салтанаты болып саналған. Сол тұста, кей жағдайларда жауынгер-батырлар қобызбен өнер көрсеткен. Осы мақалада «Қорқыт кітабындағы» оныншы баянда жас батыр Секрек Қорқыт атадан қобыз алғанын есіне түсіріп, мақтан еткенін айтады. В. В. Бартольд Қорқыт дәуірінде, оғыздар елінде, олар ұзақ уақыт мекен еткен Сыр бойы жерінде қасиетті қобызды жоғары құрмет тұтатынын еске салып отыр.

Академик В. В. Бартольдтің «Қорқыт ата кітабы» төңірегінде студент кезінен, 1891 жылдан өмірінің ақырына дейін (1930) тынымсыз еңбек етуі, сол түркілердің ежелгі дәуірден жеткен құнды классикалық мұрасын тұтастай аударып (1922 ж), сол асыл көмбеге терең талдау жасап, әлем әдебиетінің асыл қорына қосылатын мәңгілік қымбат қазына екенін біліктілікпен, шынайылықпен дәлелдеуі дүние шығыстанушыларын ұйқыдан оятты деуге келеді. Осылай В. В. Бартольд біздің жерімізде туған кемеңгердің және «Қорқыт ата кітабының» бағын ашты. Соның нәтижесінде өткен ғасырдың алғашқы онжылдығынан бастап «Қорқыт ата кітабына», оғыздардың өзге де эпостық шығармаларына және Қорқыт кемеңгердің өзіне байланысты деректі, қажетті материалдар жинала бастады.

В. В. Бартольд өмірінің соңына дейін «Қорқыт ата кітабын» зерттеумен айналысты. Оған дәлел оның «Қорқыт», «Тағы да Қорқыт жайлы», «Түрік эпосы және Кавказ» деген мақалалары жатады. Ол өмірінің соңғы жылдарында, яғни дүние жүзіне танылған шығыстанушы ғалым болғандықтан шетелдерді, Кеңес дәуірі тұсында одақтас республикаларды аралап, солардың шақыруымен оннан астам арнайы лекциялар оқыды. 1926 жылы Стамбул университетінде «Орта Азия түрік халықтарының тарихы туралы лекция» және 1929 жылы «Түрікмен халқы тарихының очеркі» деген тақырыптарда баяндамалар жасаған.

Оның алғашқы оқыған дәрісі 1927 жылы түркия тілінде жарық көрді. Осы аталған еңбектерінде ол оғыздардың батырлық эпостары және Қорқыт ата жайлы ел аузындағы аңыз әңгімелердің маңызы туралы сөз қозғады. Бұл ғалымның шетелге шығып лекция оқуы өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары көбірек болды. Мәселен, 1922 жылы Лондон университетінің шақыруымен Орта Азия көшпелі түріктері және моңғол халықтары туралы алты лекция оқыды. 1923 жылы 27 наурызда Корольдық Антропологиялық институтта сол тақырыбын қысқартыңқырап дәріс өткізген. Бұл ғалым 1923 жылы Англиядан қайтып келе жатып Хельсинкидегі фино-угор қоғамының мәжілісіне қатысып, Орта Азия халықтарының мәдениеті, тарихы жайлы келелі сөз қозғап, Қорқыт эпосы жөнінде өз ойын білдіреді.

ӘЛКЕЙ МАРҒҰЛАН - ҚОРҚЫТ МҰРАСЫН ЗЕРТТЕУШІ

Қорқыттану саласына айрықша зор үлес қосқан өзі археолог, өзі этнограф, өзі мәдениеттанушы және әдебиеттанушы ғалым Әлкей Хақанұлы Марғұланның болжамды пікірлері, дәйекті тұжырымдары мәдениеттану, өнертану, әдебиеттану сынды ғылым салалары үшін бірден бір қажетті, маңызды еңбектер. Себебі, ғалым Қорқыт есімімен байланысты жинаған аңыздарды, Қорқыт айтты деген тәрбиелік-философиялық мәні терең нақыл сөздерді, Қорқыт тартқан күйлерді, «Қорқыт ата кітабындағы» ерлік жырларды жан-жақты талдай келе: «Қорқыт тарихи дәуірлерде Сырдария өлкесін қоныс еткен оғыз-қыпшақ тайпаларының ортасынан шыққан қария, ақылшы батагөй, асқан ақын (ұзан), болашақты болжап сөйлеген сәуегей кісі болған [4, 135] » - деп баға береді. Ғалымның Қорқыт атаға байланысты зерттеулері көшпенділердің ежелгі мәдениеті жөніндегі зерттеу еңбектерінің ішіндегі ең құндыларының бірі. Қорқыт ата туралы Ә. Марғұланның зерттеулерін жіктеп қарастыруға болады. Ең алдымен, Қорқыт өмір сүрген кезеңді Ә. Марғұланның «Қазақ халқының эпикалық жыр-дастандары» деген тақырыпта 1945 жылы жазған докторлық диссертациясында баяндалатын көне дәуір мен сол дәуірде жасаған халықтар мәдениетіне байланыстыра қарастырғаны белгілі. «Ертедегі Қазақстанды мекендеген көшпелі және жартылай көшпелі тайпалар жасаған мәдени игіліктерден бізге жеткені эпос пен ою-өрнек айшықтары десе де болғандай. Ал көне дүниенің басқа ескерткіштері, әсіресе, сәулет пен мүсін өнерінің жұрнақтарын ғана білеміз . . . Мазмұны жағынан қазақ эпосы патриархалдық-рулық қауымдар өмір сүрген көне тайпалардың әлеуметтік тұрмысын, арман-мұраттары мен мүдделерін бейнелейді [2, 21] » - деп түсінетін Ә. Марғұлан қазақ эпосының шығу тарихын көктей шолып өтіп, бес батырлық кезеңге бөледі.

Қорқыттың жүрген жерлері, Қорқыт заманында болған қалаларға да назар аудара отырып, ғалым аңыз бен ақиқатты салыстырады. Ол кездегі қалаларды оғыздар заманымен байланыстырады. Оғыздар мен қыпшақтардың қазақ халқының мәдени, рухани игілігіне негіз болған мұралары орасан көп және ол мұраны сипаттайтын белгілер қазақ жерінде осы күнге дейін аз емес екендігін айта келіп, ғалым ежелгі оғыз қыпшақ тайпаларының сақталған аттары, бұлардың атымен байланысты географиялық топонимдер, сол заманнан келе жатқан тарихи дәстүрлер, аңыз хикаяның да мол екендігін атап өтеді. «Оғыз дәуірінен қалған белгілердің аса күрделі бір түрі - Сырдария бойындағы ескі қалалар, күмбездер, мұнаралар, кешендер, не олардың қирап жатқан орындары. Ондай жәдігерлер Торғай, Жыланшық, Кеңгір, Сарысу бойларында да баршылық [4, 190] » - деп, Янгикент (Жанкент), Жент, Узкент (Өгізкент), Баршынкент (Қыз қала), Сүткент, Отырар, Сауран, Сығанақ, Түркістан, тағы басқа оғыздар дәуіріндегі ең атақты қалаларға шолу жасайды. Бұл жерде «оғыз-қыпшақ дәуірінен келе жатқан түбегейлі мұраның бірі - . . . сәулетті күмбіздер, кешендер, мұнаралар, сұпылар» екендігін және «бұл күмбездердің көпшілігі Қорқыт заманымен тұстас, ислам дінінің Орта Азия өлкесіне тарай бастаған кезінде жасалған жәдігерлер. Ол күмбездерде жатқан кісілердің әрбірі не оғыз, не қыпшақ, не қаңлы тайпаларынан шыққан адамдар. Сондықтан олар туралы айтылатын хикаялар, аңыздар қазақ халқының ортасында осы күнге дейін бар [4, 191] » деген дәлелді пікірін айтады.

Ә. Марғұланның қорқыттанудағы еңбектерінің ішінде көлемді зерттеуіне жататын еңбегі, ол - Қорқытты зерттеу ісімен айналысқан ғалымдар мен олардың жазбалары мен зерттеулеріне тоқталуы. Ғалымның Қорқыт туралы жазбаларынан біз жоғарыда айтып өткен ғалымдармен бірге сонау Х ғасырдағы араб географы Истахриден бастап, одан бергі атақты тарихшы Рашидеддин, Абылғазы, Әлішер Науаи сынды тарихи тұлғалардың да қорқыттануға қосқан үлесін анық аңғарамыз. «Қорқытты бірінші рет таңқаларлық әдемі сөзбен ғылым жүзіне келтірген - араб географы Истахри (Х ғасыр) . Ол кісі Хорезмді, Сыр бойын аралап жүріп, түркілер арасынан бұрын өткен екі данышпан ойшыл туралы әфсаналар естиді. Оның екеуі де ел арасына атағы көп тараған озық адамдар. Біреуі - атақты дәрігер Барзу да, екіншісі - Қорқыт - өзінің жырымен, тартқан күйімен елді аузына қаратқан кемеңгер ойшы [4, 10] - деген дерек келтіреді Ә. Марғұлан. Ә. Марғұланның әр ғалымның, саяхатшының, тарихшының, зерттеушінің Қорқыт туралы жазбаларын, деректерін, зерттеулерін аса ыждағаттылықпен талдай отырып айтқан тұжырымдары мен болжауларын жеке қарастыратын тақырып қатарына қосуымызға тура келеді. Өйткені ғалымның әр дереккөзге тоқталып, жан-жақты берген талдауы үлкен еңбектің нәтижесі, ал ондай еңбекке ат үсті қарай салуға болмайды.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қорқыт ата туралы ақиқат пен аңыз
Қорқыт Ата туралы ақпарат
Қорқыт ата өмірі мен аңыздары
Қорқыт ата жыры және қазақ әдебиеті
Қорқыт ата кітабы шығармасының зерттелуі
Түркі дүниесін зерттеп даңқы шықты. Академик В.В. Бартольдтің шығармашылық жолы, азаматтық келбеті
Қорқыт ата кітабының жырлары
Қорқыт ата жайлы
Қорқыт Ата жайында аңыздарда жетерлік
Көркемдік дәстүр жалғастығы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz