Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзі


Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзі
Құрметті ханымдар мен мырзалар!
Қымбатты отандастар!
Бүгінгі күн - ант қабылдаған менің ғана емес, бүкіл еліміздің өміріндегі аса маңызды тарихи күн.
Осыдан бір айдан астам уақыт бұрын халқымыз демократиялық жолмен, әділ, айқын әрі ашық жағдайда Елбасы сайлауын өткізіп, өз таңдауын жасады.
Дүние жүзінің көптеген елдері мен халықаралық ұйымдардан келген байқаушылардың көз алдында өткен бұл сайлау тәуелсіз Қазақстанның бүгіні мен болашағына деген нық сенімін және ортақ мақсатқа жұмылған халқымыздың біртұтастығын айқын танытты.
Осы сайлауда халықтың маған көрсеткен қолдауын мен бүгінде елімізде берік орныққан саяси тұрақтылық, ұлтаралық келісім және экономикалық қарқынды өрлеу саясатын қолдау ретінде қабылдадым. Сондықтан Қазақстан халқына адал қызмет ету алдағы уақытта да мен үшін ең мәртебелі әрі қасиетті борыш болып қала бермек.
Осыдан 14 жыл бұрын ғана тәуелсіздік алған Қазақстан тар жол, тайғақ кешулерден сүрінбей өтіп, саяси, экономикалық және әлеуметтік жедел жаңару жолына түсті.
Біз барлық қазақстандықтардың тең құқығын, бостандықтары мен алаңсыз өмірін қамтамасыз ететін ұлттық заңнамамызды қалыптастырып, жаңа Конституциямызды қабылдадық.
Біз осы жылдар ішінде жүз отызға жуық ұлт пен ұлыстың өкілдері тұратын елімізде ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылыққа негізделген сындарлы саясат жүргіздік. Бұл мынау алмағайып заманда Қазақстанды әлемдегі достық пен бейбітшілік мекеніне айналдырды.
Біз жүргізген әркімнің ұждан бостандығын қамтамасыз ететін дінаралық татулық саясатының арқасында республикамыздағы 40-тан астам дін мен конфессия өкілдері береке-бірлікте өмір сүруде. Соның нәтижесінде 2003 жылы Астанада әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері өздерінің алғашқы съезін өткізді.
Біз Қазақстанның 2030 жылға дейінгі қарқынды дамуын қамтамасыз ететін стратегиялық бағдарлама қабылдап, әлемнің ең серпінді дамыған елдерінің қатарына қосылдық. Экономикалық дамудың қазақстандық үлгісі бізге кейінгі бес жыл ішінде жалпы ішкі өнімді жыл сайын 9-10 пайызға өсіруге мүмкіндік берді. Сондықтан 2008 жылы Қазақстан 2000 жылмен салыстырғанда жалпы ішкі өнімін екі есеге дейін ұлғайтуды алға қойды. Еліміздің қазіргі аршынды адымдары бұл мақсаттың міндетті түрде орындалатынын айқын дәлелдеп отыр.
Қазақстан өзі шектесетін Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түркіменстан және Қырғызстан мемлекеттерімен шекара мәселесін біржолата шешіп, халықаралық құжаттармен бекітті. Бұл - құрлықтағы шекарасының өзі 14 мың шақырымға жуық еліміздің сыртқы саясаттағы үлкен табысы. Біз барлық көршілерімізбен орныққан өзара ынтымақтастық пен адал әріптестікті қастерлейміз және оны алдағы уақытта да еселей беретін боламыз.
Қазақстан өз мемлекеттілігін біржолата бекітіп, батыс демократиясының қағидаттарына сай келетін қоғам орнатты. Нарықтық экономиканың принциптеріне құрылған дамудың қазақстандық моделін қалыптастырғаннан кейін мемлекеттің саяси өмірін одан әрі жетілдіру ісін жедел қолға алды.
Біз іс жүзінде саяси сан алуандылықты қамтамасыз етіп, шын мәніндегі көппартиялылықты орнықтырдық. Бұған өткен парламенттік және президенттік сайлауға ресми түрде тіркелген он партия өкілдерінің қатысуы айқын дәлел.
Қазақстанда шынайы сөз бостандығы қамтамасыз етіліп, жалпы саны бес мыңнан астам үкіметтік емес ұйымдар мен екі мыңнан астам тәуелсіз ақпарат құралдары еркін жұмыс істеуде.
Біз халықаралық заңнама нормаларына сәйкес адам бостандықтары мен құқығын қорғайтын омбудсмен институтын енгізіп, өлім жазасына мораторий жарияладық.
Қазақстан халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары бағаланған тәуелсіз сот жүйесін құрып, әлемдік үрдіске сай алқа билер институтын енгізудің алдында тұр.
Біз алдағы жылдары сыртқы саясаттағы да басымдықтарымызды сақтайтын боламыз.
Бүгінде әр мемлекеттің қауіпсіздігі бүкіләлемдік, жаһандық қауіпсіздіктің сақталуына тікелей байланысты.
Қазақстан әлемдегі ең үлкен ядролық сынақ алаңы - Семей полигонын жауып, өз аумағындағы барлық ядролық қару-жарақтан ерікті түрде бас тартты. Бұл - біздің әлемдегі ядролық қаруды таратпау мен оны жоюға бағытталған жаһандық қауіпсіздікке қосқан лайықты үлесіміз.
Қазақстан халықаралық лаңкестік пен діни экстремизмнің кез келген түріне қарсы шығып, Орталық Азиядағы өңірлік қауіпсіздікті сақтаудың көшбасшысына айналды.
Саяси тұрақтылықты қамтамасыз еткен Қазақстан өз экономикасына қырық миллиард доллардан астам шетел инвестициясын тартты. Елдің энергетикалық ресурстарын жедел игеріп, оны әлемнің әр тарабына шығарды. Өзінің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, әлемдік экономикадағы энергетикалық тепе-теңдікті қалыптастыруға да лайықты үлесін қосып отыр.
Сыртқы саясаттағы бұл басымдықтар біздің әлемдегі барлық елдермен достық, әріптестік және ынтымақтастық жағдайында өмір сүргіміз келетініне айқын айғақ. Мұның бәрін Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік пен қазіргі заманның тұрақтылығына қосқан үлесі деп санауға әбден болады.
Қымбатты отандастарым! Құрметті мемлекеттер мен делегациялар басшылары, біздің қуанышымызға ортақтасып, алыс-жақын елдерден өзімізге құрмет көрсете келген қадірлі меймандар мен достарымыз, алыстан ыстық ілтипаттарын білдіріп жатқан қымбатты әлеумет! Құрметті ханымдар мен мырзалар!
Ел Президенті етіп қайтадан сайлаған Қазақстан халқының өзіме көрсеткен зор сенімі мені ерекше тебірентті.
Дауыс берудің нәтижесінен көрінген менің осы лауазымдағы қызметіме берілген аса жоғары баға одан да қуатты мерейлі сезімге бөледі. Алдымызда тұрған асулардың асқаралығы мен ауқымдылығы, маңыздылығы мен мәнділігі бойыма жоғары жауапкершілік сезімін дарытқанын да жасыра алмаймын.
Мен барлық жақтастарым мен серіктеріме, еліміздің барлық азаматтарына маған көрсеткен құрметі үшін, бүгінгідей өркенді Қазақстан орнатқан жасампаздық еңбегі үшін ақ алғысымды арнаймын!
Мен, сондай-ақ, біздің барша халқымыздың атынан осы жылдардың ішінде тікелей қатысуымен, достық ниетімен өзімізге қолдау көрсеткен әлемдік қоғамдастық елдеріне шынайы ризашылығымды білдіремін.
2005 жылғы сайлау! Бұл кезекті президенттік науқан ғана емес, бұл, керек десеңіз, біздің тәуелсіздік жылдары ішінде тындырған ісімізге берілген баға!
Біз аса күрделі үш міндетті шеше білдік: біз өз мемлекеттілігімізді құрдық, әлемдегі ең серпінділерінің бірі деуге лайық экономика сомдадық, халқымыздың тұрмыс деңгейін шындап арттыруға қол жеткіздік.
Біз өзіміздің келешекке сермеген құлашымыздың белгісіндей етіп, Еуразияның дәл жүрек тұсынан өзіміздің жаңа Астанамызды орнаттық, оны көрген адамның бәрі даланың інжу-маржаны атап жүр.
Жаңа қоғам іргетасын берік бекемдегеннен кейін біз Қазақстан тарихындағы тұңғыш ашық әрі әділ сайлау өткізуге бел будық, сөйтіп өзіміздің ауқымды демократиялық жаңғыруға әзір екенімізді әйгіледік.
Мыңдаған жергілікті және шетел байқаушыларының, халықаралық ұйымдардың, іс жүзінде әлемнің барлық дерлік бұқаралық ақпарат құралдарының арқасында Қазақстан күллі жаһанның назарын өзіне аударды. Дәл мұндай риясыз ашықтық - біздің замана легінен сырт қалмай, бүгінгі дүниеге кірігуге ерекше ықыласты екеніміздің айқын айғағы.
Бүгінгі дүниеде ұлттық және діни төзімсіздік мемлекет былай тұрсын, жаһандық тұрақтылыққа нақты қатер төндіріп отыр. Міне, осындай жағдайда Қазақстан 130 этнос пен 40 діни топтан құралған елдің өзінде шынайы ілтипатты мемлекеттік саясат жүргізу арқылы келісім мен үйлесімге жетуге әбден болатынын айдай әлемге анық танытты. Сол себепті де күллі Қазақстан халқы біздің ұлттық саясатымызды қолдады.
Сайып келгенде, сайлау өткен тәжірибеге ғана берілген баға емес. Сайлау, ең алдымен, адамдардың ертеңгі күнге деген үміті. Мен халқымның өзіме көрсеткен сеніміне айрықша мерейленем , сонымен қатар ел-жұртымның алдындағы терең жауапкершілігімді де сезінемін. Алдағы он жылда Қазақстанның алдынан ашылатын көкжиек қандай? Болашағымыз бүгінгідей бейбіт, ашық қалпын сақтап қала ала ма? Бұл сауалдардың жауабы алдымызға қойған мақсатымызға байланысты болары да анық.
Менің көптен көкейімде жүрген мұратым бар. Алдағы он жылда Қазақстанды әлемнің бәсекеге ең қабілетті 50 мемлекетінің қатарына қоссам деймін. Кемелділіктің экономикамен, жан басына шаққандағы кіріспен немесе жалпы ұлттық өнімнің көлемімен ғана өлшенбейтіні мәлім. Мен дамыған мемлекеттің төрт өлшемін: экономикалық, саяси, әлеуметтік және мәдени өлшемдерін меңзеп тұрмын. Мұның өзі іргелі экономикалық, әкімшілік, саяси және құқықтық өзгерістерді көздейтін толымды бағдарлама әзірлеуді талап етеді. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Біз өзіміздің Бүкіл дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіміз бен ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету жөніндегі жоспарымызды осы міндеттің үдесінен қарастырамыз.
Халқым тағдырын өзіме табыстаған уақытты мен осы мұраттарға жетуге арнаймын. Ел сенімін саяси ерік-жігеріңді барынша жұмылдырып, басымдықтарды байыпты бағамдаумен ақтаған абзал.
Сыртқы және ішкі баянды қауіпсіздік болмайынша, кез келген, тіпті дәл екшелген жоспардың өзін жүзеге асыру мүмкін емес.
Біздің ішкі қауіпсіздігіміз үш тұғырға негізделеді. Бұл - ұлтаралық және діни келісімді сақтау, бұл - саяси жүйені байыпты демократияландыру барысындағы саяси тұрақтылық, бұл - ұлттық қауіпсіздікке төнген түбірлі қатерлердің батыл алдын алу.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz