Қазақстан-Қырғызстан қарым-қатынасы мен бауырлас елде болған революция тақырыбын қазақ басылымдары қаншалықты шынайы, анық та, айқын жазатынына талдау жасау



Кіріспе

Елбасы Н. Ә. Назарбаев 2001 жылы 17-наурызда Қазақстан теледидары мен
радиосының республикалық корпорациясында болған кезде БАҚ-тың халыққа жақ,
санаға сақ болуы керектігін айтқан болатын. Сонымен бірге, ақпарат
құралдарының Қарулы күштермен қатар тұратынын, Қарулы Күш Отанды қорғап, ел
тыныштығын сақтаса, ақпарат құралдары адамның санасына айрықша ықпал
ететінін атап көрсеткен еді. Елбасы өз сөзінде мынандай мәселені де: ұлттар
арасына жік салатын, елдік мүддеге кереғар келетін жағымсыз ақпараттардың
ел қауіпсіздігіне қатер төндіретінін де ескерткен. Осы орайда әрбір
мемлекеттің БАҚ-ы өз елінің мемлекеттік мүддесі мен егемендігіне қызмет
етуі керек. Сондықтан, мен диплом жұмысымның тақырыбын – Қырғызстандағы
түрлі-түсті революцияның Қазақстан БАҚ-дағы көрінісі деп алдым.
Диплом жұмысының өзектілігі. Осынау өркениетті қоғамда жаһандану
деген аждаһа бас көтеріп, ірі мемлекеттердің ұсақ мемлекеттерге теперіш
көрсетуі, аға ұлттардың ұсақ ұлттарды өзіне сіңіріп алуы сияқты қасіреттің
өршіп тұрғаны жасырын емес. Көрші Қырғызстандағы революция біз үшін де
үлкен сабақ. Өліп-талып жаңа ғана жеткен тәуелсіздік шайқалып кетсе, одан
өткен қасірет бар ма?
Өткен жылы наурыз айында Қырғызстандағы парламент сайлауынан кейін
туындаған халық наразылығы үлкен дүрбелеңге әкеп тіреді. Бауырлас Қырғыз
елінде халық жаппай көшеге шығып, тұтас ел көлемінде толқу болғанда қазақ
басылымдары оқиға жайында күн сайын ақпарат таратып отырды. Бірден серпіліп
көтеріліп алған ел қайдан тоқтасын, ақыры төңкеріс жасап бірақ тынды.
Төңкеріс жөнінде Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев:Революцияны алып-ұшпа
албырт жандар жүзеге асырады, ал реформаны бәріне байыппен қарайтын ақылды
жандар жүзеге асырады деп түйедіНазарбаев Н.Ә. Қалың елім қазағымҚұраст.
Қ. Әлімқұлов, С. Балғабаев, М. Қасымбеков, Қ. Найманбаев. – Алматы: Өнер,
1998. 75 б.. Жалпы революция деген не? Елге берері бар ма? Бұл турасында
Қазақстан Президенті ойын әрі қарай былай сабақтайды:Революциялық оқыс
сілкіністер, аяқ астынан біріге қалу, байыбына бармай жатып конфедерация
құра салу сияқты қадамдар қалыпты және табиғи дамып келе жатқан, процеске
залал келтіруі мүмкін Назарбаев Н.Ә. Қалың елім қазағымҚұраст. Қ.
Әлімқұлов, С. Балғабаев, М. Қасымбеков, Қ. Найманбаев. – Алматы: Өнер,
1998. 81-б..
Тағдыры мен танымы ұқсас, көршілес айыр қалпақты ағайындардың аяқ
астынан бүлінуін біздің еліміз жақсы бақылап отырды. Мұндағы төңкерістің
тегі, халыққа тигізген зардабы турасында қазақ баспасөзі үлкенді–кішілі
талай материалдар жариялады. Сондықтан, өзгенің қателігінен сабақ алып, оны
мемлекетімізде болдырмау жайын қарастыру – еліміздің елдігі үшін аса қажет.
Ендеше, диплом жұмысының өзектілігі де осында болмақ. Көршілес
Қырғызстандағы қызғалдақ революциясының себеп-салдары, зардабы жайында
қазақ баспасөзінің жазған материалдарын сұрыптау, оған баға беру
қажеттіліктен туған жайт.
Көршіміз қырғыз елінде болып жатқан ұзақ дағдарыс елімізге өз әсерін
сездірмей қалған жоқ. Мәселен, екі ел арасындағы тауар айналымы төмендеп
кетті. Жұмыссыз қырғыз халқы Қазақстанға қаптап келіп, еңбек ресурстарын
пайдалануда ретсіздік тудырып, көші-қон полициясын біраз әбігерге салып
қойды. Тіптен еліміздің оңтүстік аймақтарында наркотрафиктің,
контрабанданың күшеюіне де Қырғызстандағы жағдайдың әсері болды десек артық
айтқандық емес. Міне, осы жағдай көршілес мемлекеттердің тағдыр, арман-
мақсаттарының ортақтығын тағы бір рет дәлелдеді. Сондықтан, Қырғызстанда
болған төңкерістің себеп-салдарларын саяси сараптан – өткізу өзекті
мәселенің бірі.
Диплом жұмысының мақсаты. Диплом жұмысын жазудағы басты мақсат –
Қазақстан-Қырғызстан қарым-қатынасы мен бауырлас елде болған революция
тақырыбын қазақ басылымдары қаншалықты шынайы, анық та, айқын жазатынына
талдау жасау. Тарихымызбен тамыры тұтас қырғыз еліндегі төңкеріске және
одан кейінгі елде қалыптасқан жағдайға байланысты Қазақстанның ресми БАҚ-ы
қандай баға бергендігіне тоқталмақпын. Бұл орайда әрбір жарияланымды
талдағанда автордың негізгі ой-пікірін анықтап, жазылған халықаралық өзекті
мәселенің мәні мен маңызын ашып көрсетуге тырыстым.
Диплом жұмысының міндеті. Қазақстан БАҚ-ы Қырғызстанда болған
төңкеріске қатысты қандай көзқарас ұстанғандығын, қандай баға бергендігін
және оған қатысты не жазып жүргендігін анықтау. Қырғызстан саясаты мен А.
Ақаев билігі тұсындағы елдің ішкі және сыртқы жағдайына назар аудару.
Диплом жұмысының нысаны. Қазақстан басылымдарындағы Қырғыстандағы
түрлі-түсті революция туралы материалдардың мәні мен маңызын ашу.
Диплом жұмысының ғылыми-әдістемелік негізі. Мемлекеттік мүдде
тұрғысынан қалам тербейтін: Егемен Қазақстан, Жас Алаш, Түркістан,
Айқын секілді қазақ газеттерінде жазылған материалдар негізге алынды. Осы
газет беттерінде жарияланған Қырғызстандағы революцияға қатысты материалдар
төңірегінде диплом жұмысы жазылды. Қосымша әдістемелік ретінде: Т.
Қожакеевтің Жас тілшілер серігі, Т. Амандосовтың Публицистика – дәуір
үні, Н. Омашев пен Р. Бегімтаеваның Қазіргі шетел журналистикасы
еңбектері мен Т. Бекниязовтың ҚР заңдары мен БАҚ практикасы, Р.
Алтынбекованың Журналистика және әдебиет, А. Рамазанованың Әлем
журналистикасының тарихы, Р. Бегімтаевның Қазіргі шетел журналистикасы
атты жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған типтік бағдарламасын
пайдаландым.
Диплом жұмысының жаңалығы. Қазақ-Қырғыз әдебиеті мен мәдениеті, тарихы
туралы бұған дейін көптеген еңбектер мен ғылыми жұмыстар жазылды. Бірақ
Қазақстан БАҚ-да Қырғызстандағы түрлі-түсті революция көрінісі тақырыбы
зерттелмеген, жазылмаған тың тақырып. Диплом жұмысының жаңалығы осында.
Тәжірибелік құндылығы. Диплом жұмысын жоғары оқу орындарының
студенттері көмекші құрал ретінде қолдануына болады.
Зерттеу әдісі. Қазақстан БАҚ-да Қырғызстандағы түрлі-түсті революция
тақырыбын ашуда талдау, саралау, салыстыру әдістері қолданылды.
Диплом жұмысының құрылымы. Қазақстан басылымдарында жарияланған
жарияланымдардың тақырыптарына сай құрылды. Диплом жұмысы кіріспеден,
негізгі бөлім екі тараудан, қорытынды, сілтемелер мен пайдаланылған
әдебиеттер тізімінен тұрады. Мен газет тілінің тазалығына, шеберлігіне,
материалдарды беру әдісіне тоқталмадым. Себебі бұл өз алдына бір тақырып,
бөлек бір диплом жұмысының еншісі деп ойладым.
Диплом жұмысының мазмұны. Кіріспеде диплом жұмысының мақсаты мен міндетіне,
бүгінгі таңдағы өзектілігіне тоқталдым. Негізгі бөлімнің екі тарауында
мынадай тақырыптар жазылған: І тарау. Қырғызстан республикасының саяси-
геогрофиялық орналасуы деп алынып, екі тармақшаға, яғни І.1.
Қырғызстан республикасының әлеуметтік, экономикалық жағдайы, І.2.
Тәуелсіз Қырғызстан. Ақаев билігі деп бөлінген. Мұнда тәуелсіз
Қырғызстанның қызғалдақ революциясына дейінгі саяси, әлеуметтік-
экономикалық жай-күйі баяндалып, Ақаев билігінің қаншалықты пәрменде
болғандығына тоқталдым. Сонымен қатар, Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы
қарым-қатынас, достық, тарихи тамырлас туысқандық мәселесі сөз болды. Ал,
екінші тарауды Көршілес Қырғыз еліндегі қызғалдақ революциясы деп алып,
оны да тармақшаларға бөліп, Қырғызстанда өткен парламент сайлауы мен
Саяси дағдарыстың туу себебі, оның төңкеріске ұласуы деп атадым. Бұл
тарауда Қазақстан БАҚ-ындағы дер кезінде жарияланған материалдарға сүйене
отырып, дағдарыстың туу себебі, оның төңкеріске ұласуы және одан кейін
қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайы жайында жазылды. Жалпы,
төңкерістің мемлекет экономикасына, елдің елдігіне, болашағына тигізген
зардаптары жөнінде деректер мен болжамдарға сүйене отырып, диплом жұмысын
жазып шықтым.
Әрбір қоғамда баспасөздің алатын орны ұшан-теңіз. XXI ғасырды біреулер
ақпарат ғасыры деп те атап жүр. Расымен-ақ біздің қоғамда ақпараттар
ағымы ерекше. Қоғамның барлық саласына қатысты әр деңгейде жазылған
материалдарды күнделікті баспасөз бетерінен кездестіре аласыз. Тарих,
мәдениет, әдебиет, эканомика, саясат, дін т.б. тақырыптарға қатысты
дүниелерді, баспасөз халықтың жадына қайталап салып отыруға міндетті.
Біздің негізгі нысанаға алған бағытымыз қазақ тіліндегі мерзімді
баспасөз бетіндегі жарық көрген материалдарды оқып таныса отырып, өзімізше
ой қортып, тұжырым жасау.

І тарау. Қырғызстан республикасының саяси-геогрофиялық орналасуы І.1.
Қырғызстан республикасының әлеуметтік, экономикалық жағдайы

Қырғызстан Республикасы – Орта Азия аумағында, яғни Тянь-Шань және
Памир-Алтай таулары аралығында орналасқан мемлекет. Қырғызстанның Жоғары
Кеңесі 1990 жылы 15-желтоқсанда елдің егемендігін жарияласа, 1991 жылы 31
тамызда елдің тәуелсіздігі туралы Декларация қабылдады. Ал 1992 жылдан
бастап БҰҰ-на мүше болып келеді. 1998 жылы жүргізілген санақ мәліметтері
бойынша қырғыз халқының саны 4,6 млн-ды құрайды. Статистикалық мәліметтерге
сүйенетін болсақ, Қырғызстан Республикасында қырғыздар – 60,6%, орыстар –
15,3%, өзбектер – 14,3%, украиндар, татарлар, қазақтар, ұйғырлар, немістер,
тәжіктер, дүнгендер, т.б. ұлт өкілдері – 9,8%-ге жуық әр түрлі ұлттар мен
ұлыстар тұрады екен 197. Географиялық тұрғыдан тау белдеулері
Қырғызстанды екіге бөледі – солтүстік және оңтүстік. Елдің солтүстігінде,
негізінен, Бішкек пен оның төңірегінде орыс халқының белсенділігі жоғары
болса, оңтүстік бөлігінде өзбек ұлтының үлесі басым. Ал астанасы – Бішкек
қаласы. Бұл мемлекет 1993 жылы 5-мамырда қабылданған Конститутциясы бойынша
– Президенттік басқару нысанындағы зайырлы мемлекет. Жоғары заң шығарушы
органы – Жоғарғұ Кеңеш екі палатадан, яғни заң шығарушы жиналыс және халық
өкілдері жиналысынан тұрады.
Республика шекарасының жалпы ұзындығы – 3878 шақырымды құрайды. Ол –
батысында Өзбекстанмен – 1099 шақырым, Солтүстігінде Қазақстанмен – 1051,
Оңтүстігінде Тәжікстанмен – 870, Қытаймен – 858 шақырымға созылып жатыр.
Негізінен, жерінің 75-дан астамын тау жоталары алып жатыр.
Географиялық тұрғыдан жақындығы, тарихи тұрғыдан терең тамырластығы,
тілдің, мәдениеттің, салт-дәстүрдің ортақтығы Қазақстанның Қырғызстан
Республикасымен жаңа тиімді ынтымақтастығының сенімді негізі болып
табылады.
1993-жылдан бастап біздің мемлекетімізбен Қырғызстан арасында достық
келісім шартқа қол қойылған. Шартта негізінен екі ел азаматтарының жүріп
тұруына, мәдени, экономикалық қарым-қатынастарына еркін кепілдік берілген.
Табиғи ресурстарды бірлесіп пайдалану, қоршаған ортаны ыластамау,
экологияны қорғау жөнінде бірігіп іс-қимыл жасау туралы да шартта
көрсетілген. Ірі табиғи апаттар және халықтың тіршілігіне кері әсерін
тигізетін экологиялық зардаптар кезінде, екі ел бір-біріне көмектесу
жөнінде уағдаласқан. Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы келісім шарт
құжаттарының саны 90-ға жуық. Тараптардың өзара қарым-қатынасындағы негізгі
арқау – сауда-экономикалық ынтымақтастықты жан-жақты дамыту.
А.Ақаевтың 1997 жылғы Қазақстанға ресми іс сапары екі жақты келісім
шарттарды кеңейтуге ерекше маңызы болды. Осы сапар барысында екі ел
басшылары Мәңгілік достық туралы шартқа қол қойды.
Екі ел арасындағы тауар айналымы туралы Қ. Тоқаев: Қазақстан мен
Қырғызстан Орталық Азия Экономикалық Қоғамдастығымен қатар Еуразиялық
Экономикалық Қоғамдастық шеңберінде де өзара белсенді қимыл жасайтынын атап
өту керек. Екі елдің арасындағы тауар айналымы 1998 жылы 140 млн долларды
құрады. Бұл орайда Қырғызстанның сыртқы сауда айналымы құрылымындағы
Қазақстанның үлесі 25 пайызға жуығын құрайды дейді Қ. Тоқаев. Қазақстан
Республикасының дипломатиясы. –Алматы, 2002, 101 бет.
Орталық Азиядағы Қазақстан үшін бірден-бір тарихи тамырлас, туыс
халық – Қырғызстан республикасы болып табылады. Тарихтың сонау көне
заманынан бері қырғыз-қазақ елі малы аралас, үйі ауылдас, көшіп қонып,
бірге өмір сүріп келеді.
ХХ ғасырдың 90-жылдарының басында Кеңес Одағы ыдырап, оның
құрамындағы мемлекеттер өз тәуелсіздігін ала бастаған тұстан АҚШ Орта
Азияны игеру, онда орнығу мүмкіндігіне ие бола бастады. 2001 жылдың күзіне
дейін негізінен АҚШ Орта Азияда экономикалық тұрғыдан белсенділік танытты.
Аймақтың көмірсутегі ресурстарын өндіруде Американ компаниялары жетекші
орындарға ие бола бастады. Ауғанстандағы антитеррористік операциялардың
нәтижесінде АҚШ әскерилері жаңа тұрақ базаларын орнатуға мүмкіндік алды.
Себебі, террорлық актлердің кең етек алуы әлем назарын өзіне аудартқан еді.
Сондықтан Орта Азияны террористердің ықпалынан қорғау мақсатын көздейтін
болып АҚШ Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттеріне өз әскерлерін
орнықтыра бастады. Ал өз кезегінде бұл мемлекеттер өз аумақтарының АҚШ пен
оның одақтастары әскерлеріне ашық екендігін жария етті.
Табиғи қазба байлықтары қорының тапшылығы, мұнай және газ қорының
болмауы өндірістің дамуына кері ықпалын тигізуде. Өнеркәсіп өнімдерінің
бәсекеге қабілетсіздігі шет ел өнімдерінің өңірде еш кедергісіз айналысқа
түсуіне әкеп соғуда. Өндіріс орындарының инфрақұрылымы күйзеліске
ұшырауынан елде жұмыссыздар саны артып отыр. Осыған орай Қырғызстан Ұлттық
статистикалық комитетінің мына мәліметін мысал ретінде келтіре кетсем:
Қырғызстанда жыл сайын жоғары оқу орындары мен мектеп бітірген 175 мың
жастың 75 мыңы жұмыс таба алмайды екен. Жұмыссыздардың 36 пайызын 16 мен 29
жастың арасындағы нағыз қылшылдаған жастар құрайды Ермек Зәңгіров. Заң
газеті, 30-наурыз, 2005. 2 бет. Міне, бұл тек ресми статистикалық мәлімет.
Ал, шын мәнінде бұл көрсеткіш бұдан бірнеше есе жоғары болуы мұмкін. Ал,
оппозиция биліктің осы солқылдақ буынын дәл тауып, жастарды өз мүдделеріне
жету мақсатында тиімді пайдалана білді. Өйткені, тепсе темір үзетін жастағы
бұл топ үлкен күш-қуат болып саналады.
Әлемнің саяси картасында демократия аралы деген атқа ие шағын
республиканың оңтүстік-солтүстік болып бөлінуі халықтың тұрақтылығына үнемі
өз салқынын тигізіп келеді. Оңтүстік халқы негізінен, өзбектер мен
ұйғырлардан тұратыны – Қырғызстанның саяси өміріндегі бас ауыртатын
факторлардың бірі. Өңірде ықпалға көнбейтін ислам факторы да, жасырын
жүретін есірткі тасымалы да билікті үнемі әбігерге салып отырады.
Міне, жоғарыда айтылған ірілі-ұсақты мәселелердің барлығы жинала
келіп, елдегі биліктің орнынан кетуіне түткі болды. А. Ақаев биліктен
кетіп, орнына жаңа билік келді. Бұл өзгеріске көпшілік сарапшылар түрлі-
түсті төңкеріс, яғни революция деген баға берді. Осы орайда, ең алдымен,
революция дегеніміз не, ол қай кезде жүзеге асады, оған не түрткі болады
деген сұрақтардың басын ашып алғанымыз жөн болар. Сондықтан, отандық және
шетелдік ғалымдар еңбегіндегі революция сөзінің мәнін біраз зерттеп
көрдік.
Д. Жамбылов Саясаттану негіздері атты еңбегінде революция ұғымына
мынадай анықтама береді: Революция – қоғамның барлық әлеуметтік-
экономикалық саяси құрылымындағы түбегейлі сапалы төңкеріс. Оның біртіндеп,
ақырын дамитын эволюциядан және ішінара өзгерістер жасайтын реформадан
айырмасы зор. Ол көпшілік күштерді қозғалысқа келтіріп, революциялық
ситуацияны тудыратын обьективтік өзгерістер нәтижесінде пайда болады. Оның
қозғаушы күшіне үстемдік етіп отырған қоғамдық құрылысты құлатып, одан
жоғары прогресті құрылысты орнатқысы келген таптар, әлеуметтік топтар
жатады Жамбылов Д. Саясаттану негіздері: Оқу құралы. – Алматы: Жеті
жарғы, 1998. 220. Д. Жамбыловтың пікіріне сүйенетін болсақ, революцияның
елге берері мол көрінеді. Бірақ бүгінгі күні Қырғызстанда қалыптасқан
жағдай тым күрделі. 2005 жылдың 23-қазанында Егемен Қазақстан газетінде
жарық көрген Революция және эволюция атты мақаласында, С. Абдрахманов
Қырғызстандағы төңкерістен кейін қалыптасқан жай туралы былай дейді:
Қазақтың Бірдеңені жел шайқаса бірдеңені көктен көр деп келетін мақалы
бар еді. 50 миллиондық елі бар, қойыны-қонышы толған кені бар, іргесінен
жетіп тұрған Еуропаның демі бар Украинаның өзі бір жылғы ырың-жырыңнан
әлтіректеп-тәлтіректеп кеткенде Алатаудан төмен түсер ағынды өзендерінің
гидроэнергетикалық қуатынан, туристерді еріксіз тартатын Ыстықкөлдің
сұлулығынан басқа көлденең көз қызығарлықтай көп байлығы жоқ Қырғызстанның
жағдайын өзіңіз-ақ шамалай аларсыз. Ресейдің Ықпалдастық мәселелері
орталығының директоры Андрей Яник былай дейді: Бірнеше айдың ішінде ел
ондаған жылдарға кері қарай лақтырылып жіберілді. Биліктен бедел кетті,
парламент зор қысыммен тарап кету қаупі төніп тұрған жағдайда жұмыс істеп
жатыр, жоғарғы сот қызметі шын мәнінде тоқтап тұр. Экономика қиратылған.
Бюджетті өйтіп-бүйтіп толтырған сияқты болу үшін кәсіпорындар қазірдің
өзінде 2005 жылғы желтоқсанның есебінен салық төлеуде. Үкіметтің жұмысын
елеулі түрде өзгертпейінше Қырғызыстанға биылғы қыстан шығу өте қиынға
соғады Сауытбек Абдрахманов. Революция және эволюция. Егемен Қазақстан
2005 жылғы 23 қазан. Бұл туралы біз өз ойымызды келесі тарауларда
сабақтайтын боламыз.
Тарих керуені алға жылжыған сайын қоғам формасы жаңарып, өзгеріске
ұшырап отырады. Қоғамдағы елеулі жаңалықтармен, көзқарастардың өзгеруіне
сол дәуірдің адамдары бірден-бір ықпал етеді. Әрбір буын ұрпақтың өзіндік
өмір сүру формасы да болады. Белгілі бір қоғам аса ұзақ уақыт өмір сүрген
жағдайда ондағы әртүрлі түйінді мәселелер қордаланып, жинақталып қалуы
мүмкін. Ел басқарудың жаңа формасын уақыт талабына сай лайықтамаған
жағдайда қоғамда тоқырау, дағдарыс элементтері ұшыраса бастауы ықтимал.
Дағдарыс, тоқырауды ерекше саяси сауаттылықпен жөнге келтірмесе, мәселе,
ары қарай ұшығып, тереңдей түседі. Құқықтық тәртіптер бұзылып, әлеуметтік
өзекті мәселелер жинақталып, шешімін таппаған күрделі тақырыптардың көп
болуы сол қоғамдағы адамдарды тығырыққа әкеп тірейді. Өз өмірлеріне белгілі
деңгейде өзгерістің қажет екендігін түсінген адамдар топтасып, саяси күштер
қалыптаса бастайды. Қандай да бір қоғамдағы уақытша болмасын дағдарысты аса
парасаттылықпен шеше алмаған жағдайда саяси үстемдіктегі топтың ғұмыры ұзақ
болмай қалады. Мұндай қоғамда шешімін таппаған мәселелер жинала беріп,
қоғамды дағдарысқа әкеп соқтырады. Белгілі саясаттанушы Л. Ә. Байділдинов
Теориялық саясаттану атты оқулығында Дағдарыс сөзіне: Дағдарыс және
қақтығысты саяси ситуациялар қоғамдық ахуалдың тоқырауына әкеліп соғатын,
халықтың басым бөлігінің өмірінде айтарлықтай қиындықтар туғызатын, оның
өмірлік деңгейін төмендететін, әлеуметтік топтардың өзара қатынастарында
әлеуметтік шинелісті қоздыратын, ал тұлғалық деңгейде – шығар жол жоқ,
тұйық жағдайға әкеліп тірейтін әлеуметтік қайшылықта пісіп жетілген
қоғамдық организмнің ерекше күйін сипаттайды. Нәтижесінде оларды шешудің
жаңа жолдарын, тәсілдер мен құралдарын жедел іздестіру пайда болады, яғни
қоғамдық организмде инновациялық процестер басталады, өйткені қолданыста
жүрген дәстүрлі тәсілдер өздерінің анық тиімсіздігі мен жеткіліксіздігін
көрсетеді деген анықтама береді Байділдинов Л. Ә. Теориялық саясаттану.
Оқулық. – Алматы: 2005 161 бет.
Дағдарыс кезінде саяси сахна түрлі деңгейдегі саяси тұлғаларға лық
толады. Халықтың өзгеріске, жаңартуға деген құмарлығы артып, белсенділер
саны көбейеді. Қоғамдағы өткір мәселелердің күрделене түсуі, билікті немесе
әлеуметтік реттеуші топты бағытынан жаңылдырады. Дағдарыс, қақтығыс кезінде
өшпенділік пен қатыгездік етек алып, бұрыннан қалыптасқан әлеуметтік-
экономикалық және әлеуметтік-саяси жүйелер ыдырайды. Жаңа пайда болған
саяси күш немесе бір мүддедегі қоғамдық тобыр мүлде жаңа өзгеріске
бастайтын төңкеріс тудыруы мүмкін. Мұндай өзгерістер әлеуметтік-
экономикалық жағдайға ғана байланысты емес, саяси реттеуші күштердің
әлсіздігіне байланысты да болады. Дағдарыстан, тығырықтан шығатын жаңа
форма, тың ізденіс таппаған жағдайда үстем тап қарсыластарынан жеңіліске
тап болады. Тоқырау, дағдарыс, өтпелі кезеңдерде саяси жаңартуды көксеген
адамдар тобыры көбейіп, кейіннен жалпы халықтық сипат алады.
Тәжірибелі, толыққанды саяси ағымды болжай білетін билік дағдарысты
сәтті түрде өз пайдасына шеше алады. Демек, егер солақай тәжірибесіз және
тиімсіз саясат дағдарысты тудырып, оны күшейтсе, қақтығысқа әкеліп
соқтырып, оны шиеленістіре түссе, ғылыми дәлелденген шынайы саясат пайда
болып келе жатқан дағдарыстық тенденцияларды ескереді, оларды өз уақытында
алдын алады, мәселелерді шешудің ауыртпалықсыз жолдарын табады. Әлеуметтік
процесті қарсыласушы жақтардың шиеленісті қайшылықтарына дейін жеткізбейді
дейді Л. Ә. Байділдинов, билік туралы Байділдинов Л. Ә. Теориялық
саясаттану. Оқулық. – Алматы: 2005 165 бет. Ал Қырғызстандағы билік сайлау
алды және сайлау соңы қалыптасқан жағдайға дер кезінде диагноз қойып, оны
сауықтырудың жолын іздемеді. Олар елдегі ішкі жағдайды реттеуге қабілет
танытпады. Халықтың жағдайын оқып-зерттеп, сараптама жасап жүрген шет ел
саясатшыларының ендігі саяси дағдарыс кезегінде Қырғызстан тұр деген
сандырағын өмірге алып келуге ықтимал жағдай тудырды. Сонымен қатар, елде
демократия деген жалған ұран тым асқақтап кеткен еді.
Дағдарыс ұғымы қандай да болмасын құбылыстың деградацияға ұшырап
өмір сүруі мен қызмет етуі мүмкін емес болатын ерекше күйін сипаттайды
дейді Л. Ә. Байділдинов Байділдинов Л. Ә. Теориялық саясаттану. Оқулық. –
Алматы: 2005 166 бет. Саяси жүйені жақсы білетін мамандар пікіріне
сүйенсек, дағдарыс кезінде сәтті жүрілген шешімді іс-шаралар игілікке алып
келеді. Ал, керісінше, мұндай ахуалда тығырықтан шығудың алдын алатын
ешқандай жұмыс жүргізілмесе, сөз жоқ іс насырға шауып, төңкеріске ұласуы
мүмкін.
Ғалым Л. Ә. Байділдинов: Мысалы, егер қоғам саяси дағдарысты басынан
кешіріп отырса, одан шығудың жолдары саясат, саяси, мәдениет сферасында
табылады, ең алдымен саяси шешімдерді талап етеді. Саясатпен
айналыспаймыз, еңбек етіп, экономиканы көтереміз деген ұранның астарында
терең ой жатыр. Бірақ олар саяси дағдарыстан шығудың жолдарына септігін
тигізетін қолайлы әлеуметтік, экономикалық жағдайларды жасау керек
екендігін білдіреді деп дағдарыстан шығу үшін ең бастысы дұрыс саяси шешім
қабылдау керкетігін дөп басып айтқан. Расыменде, дұрыс шешім қабылдау –
биліктің ең басты қадамы. Байділдинов Л. Ә. Теориялық саясаттану.
Оқулық. – Алматы: 2005 167 бет. Егер қоғамдағы саяси дағдарысты дер
кезінде аса жауапкершілікпен шеше алмаса, мәселе ушығып, ол одан әрі
шиеленіседі. Дағдарысты саяси сауаттылықпен уақыт ұттырмай жөнге салмаса,
ол қақтығысқа ұласады. Бұл топтағы саяси сананың негізі бір жақты ғана
ойлауға негізделіп, мәселені жан-жақты талдап, терең түсінуден қалады.
Қоғамдағы адамдар, жақтастар, достар және қарсыластар деп бөлініп кетуі
мүмкін. Саяси қақтығыс саяси бүліншілікке дейін алып келуі әбден мүмкін.
Бұл бара бара мәселе тым ушығып, өткірленіп, олар өз кезегінде қарулы
қақтығысқа, азаматтық соғысқа әрі лаңкестікке әкеліп соқтырады.
Көтеріліске, төңкеріске қатысушы тобыр белгілі бір саяси мүддені көздеген
тұлғалардың қаруына айналып кетуі де әбден мүмкін. Төңкеріске қатысушылар
мәселеге өркениетті тұрғыдан қарап, дұрыс шешім қабылдай алмайды. Олар тек
бір жақты көзқараспен пайымдап, өзге көзқарастағы адамдарды қарсыластар деп
түсінетін тобырдан да құралады. Демократиялық қоғамда барлық саяси күштер
тең дәрежеде. Саяси сананың жетілген, өркениетті қоғамның саяси тұлғалары
саясатты еркін меңгеріп, оған аса қабілетті ойыншы ретінде қатыса алады.
Саяси дағдарысты дұрыс шешу үшін оның мәнін, қақтығысушы күштердің
әлеуметтік базасын, саяси қақтығыстың ерекшелігін, оның басталуы мен даму
процесін, олардың ықпал ету дәрежесін, ең аяғы көңіл-күйіне дейін анықтап
біліп алып, қимыл жасау керек. Әрбір қақтығысушы күш өз мақсат мүддесін
жоғары қойып, конститутциямен санаспай, үстемдікті баянды ету үшін қарулы
күш қолдануды жөн деп біледі. Бірақ күшпен мәжбүрлеу тек мемлекеттік
биліктің құзырында болу керек. Мемлкеттік емес топтардың күш қолдануы
мәселені шиеленістіріп жібереді. Дамудың белгілі бір кезеңінде қақтығысушы
жақтар өздерінің күштік құрылымдарын қалыптастыруға, өздерінің
әскерилендірілген отрядтарын құруға, армияның, қауіпсіздік органдарын,
милицияның және тағы басқа қолдауына жетуге және оларды өз мүдделеріне
пайдалануға ұмтылады. Әрине, осындай жолдар арқылы жеңіске жетуге болады,
бірақ бұл жеңістің салдары өте ауыр болады Байділдинов Л. Ә. Теориялық
саясаттану. Оқулық. – Алматы: 2005 175 бет Мәселе ушығып, қарама –қарсы
саяси көзқарастағы екі жақ ортақ шешімге келмеген жағдайда жоғарыда
аталғандай қару кезенуге тура келеді. Негізінен, мұндай жағдайларда көп
тобыр билікке қарсы жаққа шығып кетеді. Себебі, билікке қол жеткізу үшін
дүрмекті ұйымдастырушылар өтірік уәдені үйіп-төгеді. Ақыры күші басым топ
тақты тартып алады.

І.2. Тәуелсіз Қырғызстан. Ақаев билігі

Кеңес империясының құрамында болған Қырғызстан 1990 жылдардың
басындағы ыдырау кезінде ТМД елдерімен қатар өз тәуелсіздігін жариялады.
1990 жылдан бастап Қырғызстан Республикасы, ал 1993 жылғы 5-мамырдағы
Жоғарғы Кеңестің шешімімен Қырғыз Республикасы атанды. Қырғызстанның
тұңғыш президенті Асқар Ақаев қатарынан 15 жыл ел басқарды. Президенттіктің
3 мерзімін өткерген Асқар Ақаев осы мезгіл ішінде бірнеше рет халықтық
референдум өткізу арқылы билік тізгінін қолында ұстап келді. Осыншама уақыт
ел басқарған Ақаев соңғы жылдары ресейлік тағы басқа шетелдік басылымдарына
берген сұхбатында, кезекті президент сайлауына түспейтіндігін мәлімдеген
болатын.
Көршілес қырғыз халқы жайлы ақпараттар Қазақстан БАҚ-ында дүркін-
дүркін жарық көріп тұрады. Егемен Қазақстан газетінде 2003 жылдың 7-
ақпанында Қырғыздар Асқар Ақаевқа әлі де сенеді деген шағын мақала жарық
көрді. Онда журналист: Ақпанның алғашқы жексенбісінде көрші қырғыз елінде
референдум өтті. Оның күн тәртібіне екі мәселе қойылға болатын: біріншісі –
ел конститутциясына біршама түзетулер енгізу, екіншісі – Қырғызстан
Республикасы президентінің өз міндеттерін 2005 жылға дейін атқаруға
мүмкіндігі туралы. Екі мәселе бойынша да халық оған оң жауап беретінін,
яғни қолдайтынын білдірді дегенЕгемен Қазақстан, 2003, 7-ақпан. 3 бет.
Әрі қарай мақалада көрші елдің жағдайы әлем жұртшылығының назарын аударып
отырғандығы жайлы сөз қозғалады. Референдумға байланысты Еуропадағы
қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, АҚШ мемлекеттік департаменті арнайы
мәлімдеме жасағанын журналист тілге тиек етеді. Мәселен, ел
конститутциясына енгізілетін түзетулерге келіспейтіндіктерін, ол
демократиялық үрдістерге сай емес деген пікірлер білдірді. Халықаралық
ұйымдардың уәжіне құлақ аспаған Қырғызстан ақыры референдум өткізіп тынды.
Мақаланың негізгі желісінде жоғарыдағы халықаралық ұйымдардың ескертуіне
құлақ асатындай, Қырғызстанда тоталитарлық әрекеттер жасалып жатпағаны
жайында да айтылады. Елдегі болып жатқан ірілі-ұсақты шерулер мен
митингілердің онша қауіпті емес екендігі жайлы тілші ой түйген. Себебі,
бейбіт шеруге шығу демократияның көрінісі дегенге әкеп тірейді.
Референдумға сайлаушылардың 86,3 пайызы қатысып, оның 78,7 пайызы Ақаевты
қолдайтындықтарын білдірген. Туысқан көрші елдегі бұл саяси оқиға біраз
жайды аңғартады. Халық ел берекесін кетірген даңғазашылардың арандатушылық
әрекеттерінен шаршап, енді қалыпты өмірге ойысқанын қалайтынын білдіріп
отыр. Бұл да уақыттың тағлымы. Одан басқалар сабақ алса жөн-ақ Егемен
Қазақстан, 2003, 7-ақпан. 3 бет . Қырғызстандағы қызғалдақ
революциясынан екі жыл бұрынғы саяси ахуал жайлы, қашаннан сабырлылық
танытатын Егемен Қазақстан газеті осылай ой түйген еді. Елдегі күн сайын
болып жататын шерулерді, демократиялық топтардың үдерісін аңдай отырып,
халықтың Ақаев билігіне әлі де сенетіндігін баса айтқан.
Қырғызстандағы Конститутцияға референдум енгізілгеніне байланысты
Жас Алаш газетінде де мақала жарық көрген екен. 2003 жылдың 13-ақпанында
Жас Алаш газетінде Ат ерттеулі турғанда алынған сұхбат деген тақырыппен
Қырғызстан Президенті Асқар Ақаевтан алған саясаткер Ерлан Кариннің көлемді
сұхбаты жарық көрді. Сұхбатқа алғы сөз жазған журналист Жұлдыз Әбділда АҚШ
сияқты ірі мемлекеттердің конститутциясы 100 жылдықтарда бір рет
өзгеретінін тілге тиек ете келіп, былай дейді: 12 жылдық тәуелсіздік
тарихында Қазақстанның негізгі заңы екі рет өзгерді, ал тәуелсіздік тарихы
мен экономикасы да, саясаты да, мемлекеттік құрылым да, бәрі-бәрі
Қазақстанмен бірдей және бір мезгілде басталған Қырғыз елі 12 жыл ішінде ел
конститутциясын өзгерту туралы төрт бірдей референдум өткізіп үлгерді.
Ағымдағы жылдың екінші ақпанына жоспарланған төртінші референдумның салмағы
аса ауыр болды. Соңғы жылдардағы Қырғыз еліндегі тұрақсыз жағдаймен
халықтың жиі-жиі наразылық шеруін ұйымдастыруы президент Ақаевқа қиынға
соғар деген болжам болған Ж. Әбділда. Жас Алаш. 13 ақпан 2003ж. 1.. Осы
үзіндіні оқи отырып-ақ, Қырғыз еліндегі саяси тұрақсыздықтың бірнеше жыл
бұрын басталып кеткендігін аңғару қиын емес. Сондықтан, түрлі-түсті
төңкерістің түп төркіні тым тереңде жатқанын, яғни осыдан біраз жыл бұрын
қалыптасып келе жатқан елдің ішкі шиеленісінде екендігін жоққа шығара
алмаймыз. Тәуелсіз Қырғызстанның демократия деп жалған ұрандауының өзі
елдегі бейберекетсіздікті одан әрі ұшықтыра түскені белгілі. Сонымен қатар
бұл сұхбатта тілші Қырғызстан президентінің Давостағы бүкіләлемдік
экономикалық форумғада ел тұрақсыздығына байланысты қатыса алмағандығын
атап өткен. Дәл сол мезетте АҚШ сияқты ірі мемлекет Қырғызстан
республикасының демократияға деген бетбұрысына қолдау көрсеткенімен,
Ақаевтың 4-рет конститутцияға өзгеріс енгізіп отырғанын құптай қоймаған
еді. Журналист референдумның сондай сәтті өткеніне қарамастан, тым
демократияланып кеткен елдің саяси белсенділігінен Ақаевтың сескеніп
отырғанын да тілге тиек етеді. Саясаткер Ерлан Карин мен Қырғыз президенті
арасындағы сұхбат орыс тілінде болғанымен, оны газет ұжымы қазақшаға
аударып басқан екен.
Қырғызстан президенті Асқар Ақаев референдумның маңыздылығы мен оның
ойдағыдай өткендігі жөнінде: Мемлекеттік тәуелсіздік республика халқына
өзін ұлт ретінде сақтап қалу мүмкіндігін берді. Қырғызстанның көп жылдық
тарихы бізге қазіргі жағдайға сай, яғни демократиялық және гуманистік
қырғыз ұлттық мемлекетін құруға және нығайтуға күш береді. Халық жер
құқығын иеленді, саяси және экономикалық бостандық алды, жергілікті және
орталық билікті сайлау мүмкіндігіне ие болды. Азаматтық қоғамың негізі
қаланды.
...Ең алдымен, конституциялық реформаның негізі мен оның мазмұны
Қырғыз Республикасының президенті ұйымдастырған Конституциялық кеңесте
талқыланды. Саяси күштер мен Конституциялық кеңестің консенсусы негізінде
Конституцияға өзгеріс енгізудің негізгі принциптері жасалды. Конституциялық
кеңестің жартысынан астамы оппозиция өкілдерінен құралғанын айта кету
керек. Бұл конституциялық реформада бұрын-соңды болмаған жағдай. ТМД-ның
жаңа тарихында ешқашан және еш жерде билік пен оппозицияның консенсусы
негізінде конститутция жазылмаған және түзелмеген. Бұл қадам өзінің тек
дұрыс қана емес, жемісті де екенін көрсетті дейді Ж. Әбділда. Жас Алаш.
13 ақпан 2003ж. 1.. Расымен-ақ, егемендіктің 12 жылында бауырлас қырғыз
халқы өзіміз тәрізді қиын да күрделі жолды басынан өткізгені ақиқат. Бірақ
демократия аралы аталатын Қырғыз еліндегі саяси тұрақсыздық, оппозицияның
белсенділігі тым артып кеткені жасырын емес еді. Оппозициямен мәмілеге келе
отырып, конститутциялық реформа жасадық деп еркін көсілген, Қырғызстан
президенті болашақта демократиядан таяқ жейтінін дәл сол сәтте сезбеген
тәрізді. Көлемді сұхбатта Асқар Ақаев халықаралық терроризммен күрес
жөнінде өз ойларын ашық білдіреді. Экстремистік пиғылдағы діни ағымдар мен
есітркі бизнесі, Ауған жеріндегі тұрақсыздық жайында ой сабақтай келіп,
Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы экономикалық, саяси, мәдени
байланыстардың болашағы зор екендігін баса айтады. Сұхбат соңындағы
журналистің мына бір түйін сөздеріне: Жас Алаштың тапсыруымен ат ерттеулі
тұрғанда алынған бұл сұхбатта ақкөңіл Ақаев ағынан жарылды дей аламыз ба,
оны көрші елде алдағы уақытта болатын саяси іс-қимылдар нәтижесі көрсете
жатар. Алатаудың арғы бетінде әйтеуір алаңкөңіл, әйтеуір мазасыздық бірінен-
бірі балалап, көптен тыншымай қойған, енді қайтер екен? назар аудармасқа
болмайды Ж. Әбділда. Жас Алаш. 13 ақпан 2003ж. 1.. Журналист Алатаудың
арғы бетінде ағайындардың бір күні дүрлігетінін дұрыс болжай білген. Ақаев
сырт көзге қанша сабырлы отырып, салмақпен сұхбат берседе, қызу қанды
қырғыздардың тыныштықты бір күні бұзатынын сұхбаттан аңғару қиын емес.

Алматы-Бішкек арасы небәрі 236 шақырым болғандықтан, отандық БАҚ
өкілдері көрші елге жиі ат басын бұрып тұрады. Екі-бір күндік
жолсапарларынан түйген саяси, әлеуметтік ой-пікірлерін еліміздің белгілі
журналистері талқыға салып отырады. 2001 жылы 17-қарашада Түркістан
газетінің журналистері – Мұхтар Жанұзақұлы мен Гүлнар Мұқанова Манас елі
атты көлемді мақала жариялады. Мақалада бүгінгі тәуелсіз Қырғызстанның бет-
бейнесі ашып көрсетілген. Көрші елдегі саяси, әлеуметтік, экономикалық сала
жайында көзбен көргендерін тілшілер тұщымды етіп жеткізген. Жолсапар
мақаланы оқи отырып, Қырғызстандағы босаң тәртіптің ел көлемінде орын
алғанына көзіңіз жетеді. Біздің шекарашылар әр жолаушыны жеке-жеке түстеп
тексерсе, қырғыз жағы күдіктілеу болып көрінген бір жігіттің ғана құжатын
талап етті. Жасы 35-40-тардағы жігіт ағасының жанында төлқұжат болмай шығуы
қырғыз сақшыларын ойландырған жоқ. Жолаушының бір-екі ауыз түсініктемесі
жеткілікті болды-ау шамасы, бізді ары қарай жібере салды М. Жанұзақұлы,
Г. Мұқанова. Түркістан, 2001, 17-қараша. 3. Қырғыз топырағына табаныңыз
тиер тиместегі көз алдыңызға келетін алғашқы әсер осылай. Театр киім
ілгіштен басталады дегендей сырттан келушілердің кез-келген ел туралы
көзқарасы, оның алғаш аттаған қадамы шекарадан басталмай ма? Ал, шекарада
еш тәртіп болмаса, онда ол елдің ішкі тәртібінің де мән-жайын ұға беруге
болады.
Кеңес көсемдерінің есімдерімен аталатын райондар, Лениннің
ескерткіші, коммунистердің есімдері жазылған тақтайшалар самсап тұрған,
Қырғызстанның жағдайына журналистер еріксіз таңданады. Алдыңыздан аттаған
сайын кезігетін Кеңес Одағының көсемдеріне жұрттың еті үйреніп кетсе
керек. Коммунизм елесіндей болып таныс есімдер жарқ еткен сайын бұл қырғыз
бауырлардың Одақпен қоштасқысы келмейді-ау сірә, деген ойға қаласың М.
Жанұзақұлы, Г. Мұқанова. Түркістан, 2001, 17-қараша. 3..Мұнда тәуелсіз
Қырғызстанның дербес келбеті сезілмейді. Қырғызстанда орташа жалақы - 1227
сом, яғни біздің ақшамен 3680 теңгені құрайтындығын тілге тиек еткен
журналистер ондағы әрбір облыстағы орташа жалақыны көрсете келіп, қырғыз
бауырлардың әлеуметтік жағдайының тым нашар екенін сөз еткен. Парламент
үйіне кіру еш қиындық туғызбады. Журналист ретінде ресми тіркеуден өтудің
қарапайымдылығы халық қалаулылары отырған ғимаратқа алып кірді М.
Жанұзақұлы, Г. Мұқанова. Түркістан, 2001, 17-қараша. 3.. Бұл мақаладан
демократиялық принциптерге барынша бет бұрған Қырғызстанда қоғамдық
тәртіптің тым осал екендігін анық ұғынасың. Біздің журналистер Қырғызстан
Жоғарғұ Кеңеш депутаты Адахам Мадумаровты сұхбатқа тартқан екен. Ақаевтың
қазіргі жүргізіп отырған саясатына беретін бағаңыз... деген журналистер
сауалына Қырғызстан Жоғарғұ Кеңеш депутаты Адахам Мадумаров былай деп
жауап: Оның он жылдан бері жүргізіп отырған саясаты ең нашар, ең
қабілетсіз саясат. Өйткені, Ақаев мемлекеттің ішкі дамуының концепциясын
жасамаған. Сондықтан, мемлекетті қалай басқаруды білмейді. ...Мұнан артық
нашар жағдайдың болуы мүмкін емес. Біз қиындықтың шегінде отырмыз берген
екен М. Жанұзақұлы, Г. Мұқанова. Түркістан, 2001, 17-қараша. 3.. Ал,
Халық Ақаевты екі рет сайлады емес пе? деген сауалға депутат: Жоқ. Халық
сайлаған жоқ. Оны сайлатты. Бұл жерде халықты кінәлауға болмайды. Ақаевты
президент қылып жасады. 1995-1999 жылғы сайлаулардың басы-қасында өзім
жүрдім. Әділетсіз өтті. Бірақ шындық бәрібір ашылады депті М.
Жанұзақұлы, Г. Мұқанова. Түркістан, 2001, 17-қараша. 3.. Иә, Жоғарғұ
Кеңештің депутаты айтқандай, шындық ашылды. 2005 жылғы Қырғызстандағы
революцияның себеп-салдарлары тым ертерек басталғанын аңғару қиын емес.
Биліктің басы-қасында жүріп, әділетсіздікті көзбен көрген, жағдайдың
нашарлығын ашына айтқан депутаттың болжамы ақиқат болды. Түркістан
газетінің бұл жолғы жариялаған материалы көршіміздің бет-бейнесін барынша
ашып көрсеткен. Біржақты бағалайтын ресми газеттерден қарағанда,
Түркістанның тұжырымы шындыққа жақын іспетті.
Егемен Қазақстан газетінің 2003 жылғы 5-қаңтардағы санында
жарияланған Көршің кедей болса... атты журналист Асқар Исаховтың мақаласы
жарық көрді. Онда көршілеріміздегі экономикалық-әлеуметтік жағдайларға
байланысты сөз қозғалған. Тілші Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан,
Қырғызстан және де Қазақстан мемлкеттеріндегі әлеуметтік-экономикалық
жағдайларды салыстыра сүреттейді. Қырғыз демекші, осы бір ел қаржыны
қайдан тауып отыр дегенге келсек, аз-маз алтын, уран сияқты қазба
байлықтарын сатып, тоқыма өнімдерін көршілерге тасып, Манас сияқты ұшақ
алаңдарын американдықтарға жалға беріп, жаз мезгілдерінде Ыстықкөл
туризмінен нәпақасын ажыратып отырған ел шынында да өркендеу жолына түсе
алмай келеді. Қырғызстан мәліметтеріне қарағанда, елдің 70 пайызы
кедейшілік жағдайында өмір сүріп жатыр А. Исахов. Егемен Қазақстан, 2003,
5-қаңтар. Журналист көрші мемлекеттердің экономикалық-әлеуметтік
жағдайлары жайында салыстыра сөз қозғап, бұл мемлекеттермен Қазақстанның
болашақ қарым-қатынасы жөнінде ой тұжырымдайды. Түркіменстан, Өзбекстан
қатарлы мемлекеттер сырын ішке бүгіп, сыртқа ешқандай ақпарат
таратпайтындығын айта келіп, көршілес айырқалпақты ағайындардың әлеуметтік
жағдайының тым нашар екендігін баса айтады.
2004 жылдың 2-қыркүйегінде Қазақстан газетінде Біздегі саяси
жағдай Қазақстандағыдай абыр-сабыр күйде деген журналист Ирина
Әлімжанованың материалы жарық көрді. Қырғыз еліндегі Халықтық-патриоттық
қозғалысының көшбасшысы, құқық қорғаушы Тұрсынбек Акун Қазақстан газеті
тілшісіне өз еліндегі саяси хал-ахуал жайлы сөз етіпті. Бұл материал
Қырғызстандағы қызғалдақ революциясынан жарты жыл бұрын жарық көрсе де,
сол кездің өзінде Қырғызстанның саяси өмірінің тұрақсызданып кеткенінен
айқын хабар береді. Бүгінгі Қырғызстандағы саяси жағдай түрлі өзгерістерге
толы. Өйткені, осы жылдың 10-қазанында жергілікті кеңестерге сайлау болады.
2005 жылдың 5-ақпанында Парламенттік сайлау басталса, сол жылдың 27-
қазанында Президенттік сайлау болмақшы. ...Бізде Әділет министірлігінен
тіркеуден өткен 46 саяси партия, басқа да көп ұйымдар бар. ...Қазіргі
біздегі саяси партиялардың барлығы парламенттік, сондай-ақ, президенттік
сайлауға барамыз деп жанталасуда. Біздердің, құқық қорғаушылардың, кейбір
саясаткерлердің ойынша биылғы қыркүйек, қазан, қараша айларында бізде
мақпал революциясы болуы керек, құдай бұйыртса. Грузиядағыдай сияқты.
Өйткені, біздің халық Асқар Ақаевты жақсы қабылдамайды. Міне, осындай жаман
пікірлер бар халық арасында, және пікір ғана емес, бүкіл баспасөз осылай
деп шулап жүр. Ақаевтың өзі кеткісі келеді. Бірақ, оның айналасындағылар,
оны қоршап жүргендер оны жібермейді депті журналистке берген сұхбатында
Халықтық-патриоттық қозғалысының көшбасшысы, құқық қорғаушы Тұрсынбек Акун
И. Әлімжанова. Қазақстан, 2004, 2-қыркүйек. 4б.. Қырғызстандық Тұрсынбек
Акунның әңгімесінен түйгеніміз, 2005 жылдың наурыз айындағы қызғалдақ
революциясына саяси және жеке топтар тым ерте дайындалған. Ол жөнінде сол
елдің БАҚ-ы тынымсыз ақпарат таратқан. Сөйтіп, оппозициялық топ БАҚ-тың
арқасында қоғамдық пікір қалыптастырып, халық санасына төңкеріс туралы
ұғымды сіңірді. Қонақтың пікіріне қарағанда, билік пен халықтың арасы тым
алшақ екендігі, әрі Ақаевтың саяси аренадағы беделінің осалдығын көрсетеді.
Тұрсынбек Акун Асқар Ақаев жайындағы көзқарасын тым ашық білдіреді.
Бәрібір Ақаевқа отставкаға кету керек, халық оны жек көреді. Өйткені,
Ақаев пен оның отбасы елді жалықтырып жіберді. Телевизорды қосып қалсаң
Ақаевты көрсетеді деп Халықтық-патриоттық қозғалысының көшбасшысы елдегі
биліктің бүкіл Ақаевтар отбасысының қолына көшіп кеткендігіне наразылығын
білдіреді И. Әлімжанова. Қазақстан, 2004, 2-қыркүйек. 4б.. Қоғамдық ой
тудырып, пікір қалыптастырушы ретінде БАҚ-тың атқаратын ролі ерекше болмақ.
Жоғарыдағы үзіндіге қарай отырып, Қырғызстан БАҚ-ы халықты революцияға күн
ілгері дайындаған аңғару қиын емес. Билік БАҚ-қа барынша батыл бақылау
жасаған жағдайда, наурыздағы қызғалдақ революциясы болмаған да болар ма
еді. Себебі, БАҚ наолеоннның сөзі туралы қос.
Қырғызстан бізге ең жақын көрші әрі бұл елден үздіксіз ақпараттар
легі біздің жаққа ағылып жататындықтан отандық БАҚ-та бұл жайында материал
жетерлік.2005 жылдың 28-қаңтарында Дала мен қала газетінде Лайықты
ізбасар таппай жүрген сияқты деп аталатын журналист Мақсат Мәліковтың
шағын мақаласы жарық көрді. Мақалада Қырғызстан Президенті Асқар Ақаевтың
қаңтар айында Ресейге барып қайтқаны жайлы сөз болған. Ондағы халықаралық
конференцияда Ақаев мырза әлемдік ортақ проблема – терроризм жайында лекция
оқиды. Ресей Президенті Путин мен Ақаев ТМД аумағында орын алып отырған
барқыт революциясы жайында ой бөліседі. Қырғызстан арезидентін мазалап
жүрген де осы нәрсе екені ешкімге жасырын емес. Өйткені, өз еліндегі
оппозициялық партиялардың күн санап күшейіп баа жатуы, Ақаевты Ресей
Президенті Путинмен кеңесуге мәжбүрлегенін саясаттанушылар жоққа
шығармайды. Ал әңгіме арасында Ресей Президенті Қырғызстан
территориясындағы АҚШ-тың әскери базасын ертерек шығарса дұрыс болатынын
айтып қалды. В. Путиннің осы сөзі Ақаевты тығырыққа тірегенмен бірдей
болды деп ой түйеді, тілші М. Мәліков. Дала мен қала, 2005 28-қаңтар.
5б. Көптеген саясаттанушылар Қырғызстанның келесі президенті Айдар Ақаев
болады деп болжаған. Себебі, әкесінің орынтағына келіп отырған Илхам Әлиев
те қызметтегі алғашқы карьерасын кеңесші болып бастаған. Бірақ
Қырғызстанның заңдарына сәйкес Айдардың президент болуға жасы жетпей тұр
М. Мәліков. Дала мен қала, 2005 28-қаңтар. 5б . Мәскеуге отбасымен барған
Ақаевтың өз баласын Ресейдің танымал саясаткерлерімен таныстырмақ ойы
болғанын да журналист тілге тиек етеді. Себебі, алда Қырғызстанда екі
бірдей сайлау келе жатқаны белгілі еді. Осы жолы Ақаевтың президенттік
таққа таласпайтыны белгілі болған соң, келесі басшы оның әйелі – Мейрам
Ақаева болады деп айтқандар да көп болды М. Мәліков. Дала мен қала, 2005
28-қаңтар. 5б . Осы деректерге сүйене отырып, Ақаев отбасымен мемлекеттік
іске араласып отырғандығы белгілі болады. Сонымен қатар көптеген
саясаттанушылар мен зерттеушілердің алдын-ала жасаған болжам-пікірлері
халықтың ашу ызасын өршітіп жіберген сыңайлы. Қазіргі кезде көптеген
саясаттанушылар келесі Барқыт революциясының Қырғызстанда болатындығы
туралы жиі айтып жүр. Дегенмен, мұндай оқиғаның орын алуы да мүмкін.
Себебі, қырғыз еліндегі оппозициялық күштердің әрекеті билік бақылауынан
шығып кеткеніне біраз жыл болды. Ақаев мырза өз елінде Барқыт
революциясының орын алуына шамыс жеткенше, жол бермеуге тырысады. Сонымен
қатар, Қырғызстанда Ақаевтың орнына келер ізбасар да анықталмай тұр. Осы
себептерді алға тарта отырып, Ресейдің саяси сарапшылары Қырғызстанның
келесі президенті – Асқар Ақаевтың өзі болуы мүмкін екендігін жоққа
шығармайды М. Мәліков. Дала мен қала, 2005 28-қаңтар. 5б .
Тәуелсіздіктің он бес жылында Қырғызстан тарихында азаматтық еркін
қоғам құру бағытында біраз іс-шара ұйымдастырылғанымен, шешімін таппаған
күрделі мәселе көп болды. Көп жыл ел басқарған Асқар Ақаев 12 жылдың ішінде
төрт рет конститутциялық референдум өткізіп, жылы орнынан кеткісі келмеді.
Экстремистік бағыттағы діни ұйымдар, тегеурінді оппозиция, әлеуметтік
теңсіздік, ұйымдасқан қылмыскерлік, саяси демократия, ең ақыры президет
отбасының жаппай билікке ұмтылуы халықтың ашу ызасын келітіріп, революцияға
алып келді. Тәуелсіз Қырғызстанның Асқар Ақаев билік құрған уақытында
мемлекет көптеген халықаралық ұйымдарға мүше болып, дүниежүзілік сауда
ұйымына Кеңес одағы шекпеніен шыққандардың ішіндегі ең алғашқысы болып
ілесуі т.б. президент еңбегінің жемісі десек те, бұның соңы сәтсіздікпен
аяқталды. Он бес жыл ел басқарып, ең соңында Қырғызстанның тұңғыш
президенті деген атаққа да ие болу құқығынан айырылып қалған Ақаев
билігінің іс-әрекеті кім-кімге де сабақ болатыны сөзсіз.
ІІ тарау. Көршілес Қырғыз еліндегі қызғалдақ революциясы
ІІ.1. Қырғызстанда өткен парламент сайлауы

Қырғызстандағы 2005 жылдың ақпан айының соңғы жексенбісінде өтетін
сайлаудың маңызы зор болды. Сол себепті, бұл парламенттік сайлауға үлкен
мән берілген еді. Себебі, 2003 жылға дейін Қырғызстанның парламенті екі
палаталы болып келген. Бірақ 2003 жылғы конститутцияға өзгертулер
енгізілгеннен кейін, Жогоргу Кенеш бір палаталы парламентке айналған
болатын. Бұрын парламентте 105 депутаттық орын болса, ендігі жерде оның
саны 75-ке қысқарғанды. Ал, неғұрлым орын азайған сайын, оған деген
таластың жоғары болатыны сөзсіз. Сондықтан, осы жолғы парламенттік сайлауда
депутаттық бір орынға бес кандидат бақ сынамақ. Сонымен қатар 2003 жылғы
конститутцияға өзгеріс енгізілгеннен кейін, Қырғызстандағы парламент –
Жогоргу Кенештің ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Мемлекеттің ақпараттық саясат имиджі
Қазіргі Түркия мемлекетінің Қазақстандағы қарым қатынас деңгейін көтерудегі рөлін көрсету
Қырғызстанның саяси жүйесі
БАҚ және саяси сана
Қырғызстанның мемлекеттік және тәуелсіз басылымдарының ерекшеліктері
Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық мәселелері
Орталық азия елдеріне жалпы сипаттама
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ - түрік саяси байланыстары
Қазақстан мен Өзбекстан экономикалық байланыстары
Тәуелсіздіктен кейінгі қазақ – түрік әдеби-мәдени байланыстары
Пәндер