Мағжан Жұмабаев шығармашылығын мектепте оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері


Пән: Педагогика
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 147 бет
Таңдаулыға:   

ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗДАР ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИНСТИТУТЫ

ӘОК 373. 1. 02 : 372. 882 (092) Қолжазба құқығында

ДӨКЕНОВА НҰРЖАН ЕРБОЛАТҚЫЗЫ

Мағжан Жұмабаев шығармашылығын

мектепте оқытудың ғылыми-әдістемелік

негіздері (5-7, 11-сыныптар бойынша)

13. 00. 02 - оқыту және тәрбиелеу теориясы мен әдістемесі

(бастауыш, орта және жоғары білім жүйесіндегі қазақ әдебиеті)

Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми

дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация

Ғылыми жетекші филология ғылымдарының докторы, профессор Негимов С. Н.

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2006 жыл

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ . . . 3

1. МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ ШЫҒАРМАЛАРЫН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІНІҢ ПРОБЛЕМАЛАРЫ . . . 14

1. 1 М. Жұмабаев шығармаларын оқытудың теориялық негіздері…… . . . 14

1. 2 Мағжан шығармаларын оқытуда оқушылардың педагогикалық-психологиялық қабылдау ерекшеліктері . . . 29

1. 3 М. Жұмабаев шығармаларын сабақта меңгертудің әдістері……… . . . 46

2. МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ . . . 63

2. 1 Орта сыныптарда лирикаларын оқытудың өзіндік ерекшеліктері (5-7 сыныптар бойынша) …. . . . . 63

2. 2 Мағжан шығармашылығын жоғарғы сыныпта оқыту жолдары (11-сынып бойынша) . . . 76

2. 3 Ақын поэзиясын оқытуға байланысты жүргізілетін сыныптан тыс жұмыс түрлері . . . 91

ҚОРЫТЫНДЫ . . . 108

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТIЗIМI . . . 112

ҚОСЫМШАЛАР . . . 121


КІРІСПЕ

Тақырыптың өзектiлiгi. Адамзат қоғамындағы әрбір ұлттың алатын орны сол ұлттың өзінің ғасырлар бойы жасаған дәстүрлі мәдениетін қаншалықты толық әрі жан-жақты тұтына алғандығымен өлшенеді.

Ұлттың өз мәдениетін жалпы адамзаттық құндылықтарға бағытталған өз тәжірибесі негізінде тануына мүмкіндік бермей билеуші формациялардың белгілеп берген жасанды шындығы негізінде тануына мәжбүр ету ұлттық эволюциялық дамуын тежеп, ұлттық сананың деградацияға ұшырауына апарып соғатыны ақиқат.

Осы негізде кеңестік идеологияға сай келмейді деген желеумен Ахмет Байтұрсыновтың, Мағжан Жұмабаевтың, Міржақып Дулатовтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Шәкәрім Құдайбердиевтің өзге де қазақ әдебиетінің аса ірі тұлғаларының әдеби мұраларының қалың жұртшылық назарынан ұзақ жылдар бойы тыс қалуы, мектептерде оқытылмауы ең алдымен осы ұлттық сананың ойсырай түсуіне ықпал етті.

Дегенмен, Мағжан Жұмабаев өзге де әдебиетіміз бен мәдениетіміздің аса ірі өкілдері қатарында негізсіз репрессияланған қаламгер ретінде ақталуы, 1989 жылы "Жазушы" баспасынан шығармаларының бір томдығы жарық көруі оның әдеби мұраларының ортамызға оралғандығының айқын айғағы болды. Осы кезден бастап Мағжанның "Жүсіп хан", "Батыр Баян" поэмалары, отыздан астам өлеңдері жалпы білім беретін орта мектептің әдебиет пәні бағдарламаларына енгізілді.

Соңғы он төрт - он бес жыл көлемінде Мағжан туындыларын әдебиеттану тұрғысында зерттеп, бағамдаған ірілі-ұсақты М. Әуезов [1], М. Базарбаев [2], Р. Бердібаев [3], Х. Абдуллин [4], Ш. Елеукенов [5], С. Жүнісов [6], С. Қирабаев [7], Т. Кәкішев [8], Д. А. Әлкебаева [9], Ә. Дәулетхан [10], Б. Қанарбаева [11], С. Құдаш [12], Г. Қайырбеков [13] тағы басқа бірнеше ондаған еңбектер жарық көрді.

Өз өлеңдерінде азаматтық, ақындық позициясы, өмір жолы, өзі бастан кешкен тарихи - әлеуметтік жағдайлардың көркем картинасы тайға таңба басқандай айқын көрінетін Мағжандай ақын қазақ әдебиетінде кемде-кем. Өлеңдеріндегі ақындық позицияның айқындығы, суреткерлік шеберлігінің күштілігі осылай ой түюге еріксіз мәжбүр етеді.

Мағжан - күрделі ақын, ақындық көзқарастары да көп қырлы. Осы көп қырлылық оның шығармашылығында да кеңінен көрініс тауып отырады. Осы ерекшелік оның шығармаларының поэтикалық болмыс-бітімінен, ондағы көтеріңкі романтикалық пафостан айқын аңғарылып тұрады. Бұл - Мағжан ақынның өзіне ғана тән көркемдік әлемі.

Әдебиетіміздегі аса ірі тұлғаның шығармаларын сөз еткен 1991 жылға дейін жарық көрген кейбір мақалаларда ақын өлеңдерін талдаудан гөрі тақырып ауқымының кеңдігіне, ой тереңдігіне, образ жасау шеберліктеріне, сыртқы сымбатына тамсану басымырақ болып келді. Ақын мұраларының оқырман игілігіне айналғанына төрт-бес жылдай уақыт өткен кездің өзінде, яғни, 1992 жылы әдебиет зерттеушілерінің Мағжанның көркемдік әдісі жөнінде әрқилы пікірде болғандығы аңғарылады.

"Мағжан Жұмабаевтың мұрасын тану мен бағалауда - дейді әдебиетші ғалым Р. Бердібаев, - орын теуіп келген жаңсақтықтың бір ұшығы оның ұстанған көркемдік тәсіліне (методына) мән бермеушілікке байланысты. Біздің ойымызша Мағжан - романтик ақын, дүние құбылыстарын да романтиктің көзімен шолған. Ал романтикалық әдіс те реалистік тәсіл секілді көркем әдебиет жаралғалы бері қатарласа келе жатқан құбылыс. Тіршілік заңдылықтарының ағысын емес, өмір-бақыт туралы алдын-ала қалыптасқан ұғым мен сенімді бірінші кезекке шығарып айту романтизмге тән нәрсе. Басқаша айтқанда, романтиктер өмір процесін тәптіштеп тексеріп жатпайды, "Өмір осылай болса дейтін арманды ғана ардақ тұтады". Сондықтан да олар ұнамаған көріністерді барынша жексұрын етіп, жақсылық деп ұғынғандарын асқақтатып жырлайтыны әзелден бері мәлім [3, 366 б. ] десе, осы пікірді әдебиетші ғалым С. Қирабаев былайша жалғастырады: "Мағжан Жұмабаев романтикалық қуат күшке, фантазияға, қиялға, қанатты ойға ерік берген. Мұны оның бүкіл шығармашылық болмысынан, өлеңдері мен поэмаларынан айқын аңғаруға болады. Мағжан романтикасы оның поэзиясын ажарландыра түседі" [14, 371 б. ], - дейді.

Мағжан көкжиегінің кеңдігі ол өз замандастары сияқты тап тартысын, кедей теңдігін жырлаған жоқ. Мағжанды толғандырған ұлт тағдыры. Ол өз ұлтының тыныс тіршілігін басқа халықтармен салыстыра отырып, қазақ елінің отарлау саясатының құрбаны болып отырғанына күйінді. Осыдан келіп, оның өлеңдерінде сары уайым, трагедия басым. Екіншіден, батыстың символистеріне еліктеуі ақын поэзиясының екінші бір ерекшелігін ашты. Яғни, әшекейі, еуропалығы.

Романтик ақын кейде символистерге, кейде сентименталист ақындарға еліктеп жазған. Бұл жөнінде Ж. Аймауытов: "Мағжан еліктегіш ақын. Еліктеу - ақынға мін емес, қандай күшті ақындар алдыңғы ақындарға еліктемей жаза алмаған. Еліктеу алдағандық не адасқандық емес, іздену соқпағына өзін - өзі салып, сан түрлі сырлы саздарды қазақ поэзиясына әкелу әрекетінің басы"

[15], - деп атап көрсетеді.

Мағжан шығармашылығынан кең орын алған құбылтудың бір түрі символ деп аталады. Оған "Толқын" өлеңіндегі ақынның бермек астарлы ойы ағып жатқан, бірін - бірі қуып, сырласып жүрген, еркелеп жүрген, кеңескен - егескен адамдар жайлы айтқаны дәлел.

Мағжан үйренген орыс символистерінің артында Еуропаның үздік ойшылдары, ағартушылары, ақын-жазушылары: С. Данте, Петрарка, Байрон, П. Верлен, Роллан т. б тұрды. Осылардың ішінен Мағжанға ең жақыны француздың Поль Верлені еді. Екеуінің тағдырлары да, поэзияларының тамыр дірілдері ұқсас.

Мағжан орыс символистеріне сырттай еліктегенімен, ішкі мазмұны жағынан олардан бөлек. Оны символизммен әуестеніп жүрген кезде жазған "Пайғамбар", "Біраз Фетше", "Александр Блок", "Мені де өлім, әлдиле" т. б өлеңдерінен кездестіруге болады.

Жас Мағжан неге "Мені де, өлім әлдиле", - дейді. Мағжан өлеңінде күңіренген жел, суық жел өтінен құлаған жас қайың, майданнан қайтқан жас ұлан, көз тиіп өлген нәзік құрақтай жас нәресте, алтын уық, жібек бу ақ отау, өлім тезіне құштар болған лирикалық "мен" бар. Ақын жаны да жас қайың, жас нәресте. Бальмонт мотивін Мағжан қазақшаландырып, ұлттық вариантқа айналдыра білген. Бальмонт өлімге өтініш жасап, "Мені тербетіп ұйықтат" - десе, Мағжан "Әлдиле, өлім, әлдиле"-, дейді. Біріншісінің айтпақ ұғымы батыс, орыс табиғатына етене де, Мағжандікі "әлдилесі" нағыз қазақи сөз. Бальмонт тербетіп ұйықтатып кетсе, Мағжан әлдилеп отырып, аяла, ая, мәңгі ұйқыға жіберме дегендей наз білдіреді.

Романтик Г. Гейне, Гете, А. С. Пушкин, М. Ю. Лермонтов шығармаларын оқып қанаттанса, символист М. Д. Мережковский, К. Бальмонт, В. Брюсов, А Блоктың есілген жырларын жадында сақтап, өзінше самғайды.

Д. Мережковскиймен, В. Брюсовпен айтысып, олардың өлеңдеріне қарама-қарсы жырлар жазады.

Жалпы символистерді үш топқа бөліп қарастырсақ, олардың лирикаларымен түпкілікті әрі жан - жақты танысқан Мағжан "Поэзиялар атымен" аталатын символистердің үлкендер тобынан: В. Брюсовтан, К. Бальмонттың, Ф. Сологубадан; "қоғамдық - символистер" тобынан: Д. Мережковскийден, З. Гипплустен; Д. Философовадан және "кіші" топтан: А. Белог, А. Блок, Вяч Ивановтардан көзқарастары ұқсас, ойлары ортақ жақтастарды, пікірлестерді тапты [16, 23-43 б. б. ], - дейді әдебиетші ғалым Б. Жетпісбаева.

Мағжанның сырлы сазды сөзге деген махаббаты ерекше. Д. Мережковскийдің "Дети ночи", В. Брюсевтің "Грядущие гунны", К. Больмонттың "Убаюкой меня смерть" өлеңдерінің ізімен жырлаған Мағжан жолма - жол жыр жазып кетпей, мұң мен сырдан мөлдір мрамор жыр жазып шығарды.

Сондықтан, Мағжан Жұмабаевтың қазақ өлеңіне әкелген өлшемдері, формалары өлең теориясына қосқан үлесінің салмақтылығын көрсетеді.

Мағжан поэзияға тартымды формалар әкелумен қатар, оның мазмұнын тың тақырыптармен байытты. Жеке адам баласын толғандырған әлемдік күрделі мәселелер арасындағы сан қилы ой - толғаныстар Мағжан поэзиясынан табылатын қасиеттер.

Оның шығармашылығында тарих тұңғиығын терең түсіну, болашақты болжау, бүгінгі күннің шындығына көз жеткізу сияқты терең толғаныстар бір - бірімен астасып жатады. Оның өлеңдерін оқи отырып, тылсым сырға еніп, таңғаларлық күйге түсіп, әсем суреттер дүниесіне кіресің, ақынның құдіретті шеберлігіне бас ұрасың.

Эстетикалық талғам талабымен айрықша көзге түсуі, жүрекке жылы тиіп, жанды тебірентуі - ақынның өзгеге ұқсамас дарындылығынан.

Мағжан махаббатты, табиғатты жалпы қай тақырыпты жырламасын сөз етіп отырған мәселесін биік эстетикалық деңгейге көтеріп алып кетеді. Оған әлеуметтік астар дарытып, өмір-тіршіліктің даму заңдылықтарымен шебер байланыстыра біледі. Ақын жырларында табиғат пен адамның жан дүниесі бірге өріліп, бірге қанаттасып жатады. Әлем құбылысы санамен, көңілмен үндесіп, сұлу, сырлы, кейде ақыл-ойға сыймайтын фантастикалық суреттерді көз алдына келтіреді. Сондықтан да табиғатты жырлап отырып оның адамға қатысты жақтарын, адамды оның көңіл-күйін айта отырып адам баласының табиғаттағы мәңгілік орнын іздеу-Мағжан лирикаларының негізгі ерекшеліктерінің бірі.

Мағжан шығармаларында қарапайымдылықтың ізі басым. Тума дарын иесі оқырманға ойлы сауал тастап, өзін қалай қабылдасаң, солай қабылда дегендей, түпкі шешімге ұзын арқау, кең тұсау тастайды. Мағжан поэзиясынан өмірді біртұтас құбылыс, көрініс ретінде алып, адамды сол ұлы табиғат, жаратылыстың бір бөлшегі ретінде қабылдайтын ақын екенін байқаймыз.

Бұл әдіс Мағжан өлеңдерін көркем кестелендіріп, шындыққа әсем ажар, байсалды философиялық астар дарытты. Сондықтан Мағжан өлеңдері көңіл ұйытып, көкірекке терең ұялайды.

Дегенмен, Мағжан шығармашылығын зерттеп - зерделеген Ш. Елеукеновтің, Х. Абдуллиннің, С. Қирабаевтың, Т. Кәкішевтің, З. Қабдоловтың, М. Базарбаевтың, Р. Бердібаевтың, Б. Дәрімбетовтың т. б. ғалымдардың еңбектері Мағжантанудың тұрақты арнаға түсе бастауына елеулі ықпал еткенін атап айтамыз.

М. Жұмабаев шығармаларының жалпы білім беретін мектептердің әдебиет пәні бағдарламаларына 1990 жылдан бастап енгізілуі оны оқытуды міндеттеді. Бұл кезеңде ақын шығармашылығын әдебиеттану тұрғысында зерделенген еңбектердің әлі дүниеге келе қоймаған кезі болғандықтан, пән мұғалімдерінің Мағжанның мұраларын шығармашылық деңгейде оқып-үйретуіне елеулі қиындықтар туғызды. Бұл зәрулік бүгінгі күнге дейін сезіліп келеді. Себебі, Мағжан шығармашылығын әдістемелік тұрғыда зерттеу ісі әлі де жүйелі түрде қолға алынған жоқ, Мағжан ақталғаннан бері он бес жылдай уақыт өткеніне қарамастан Ш. Елеукеновтің 11-сыныпқа арналған жалғыз көмекші құралы мен әр түрлі Республикалық басылымдарда жарияланған мектеп мұғалімдерінің он шақты шағын мақалаларынан басқа ақын шығармашылығын мектепте оқыту мәселесіне тікелей арналған іргелі ғылыми-әдістемелік зерттеу еңбегі жарық көрген жоқ.

Мағжан шығармашылығын жалпы білім беретін орта мектептердің орта және жоғарғы буын сыныптарында оқытуды жоғары сапалық деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін оқу-әдістемелік кешенмен жабдықтау ісі де өткір күн тәртібінде тұр.

Оқушы - оқырманның оқырмандық тәжірибесі мен мәдениетін көтеру арқылы ұлттық сана тәрбиелеу міндетін жүзеге асыруға Мағжан Жұмабаевтың шығармалары әбден сай келеді.

Жалпы білім беретін қазақ орта мектептерінің әдебиет пәні бағдарламаларына енгізілген ақын-жазушылардың таңдаулы туындыларын қазіргі әдістеме ғылымының талаптарына сай оқып-үйрету ісі - жеке шығармашылық тұлға шығармашылығын оқытуға қатысты оқыту әдістемесі ғылымындағы анықталмаған теориялық мәселелердің эксперименттік жұмыстар арқылы қаншалықты дәрежеде тексерілгендігіне тікелей байланысты.

Мектепте көркем шығарманы оқыту оқушылардың әдеби қабілетін дамыту мақсатын көздейтіндіктен, эксперименттік жұмыстарымызды ақын шығармашылығын оқытудағы тиімді әдістемелік жүйені анықтауды, жас оқырмандардың оқырмандық қабылдау ерекшеліктерін айқындайтын психикалық құбылыстарды, олардың оқырмандық тәжірибесі, жас ерекшелігі тағы да басқа күрделі мәселелерді тәжірибелік жұмыстардың негізгі өзегі ретінде қарастырдық.

Мағжан Жұмабаев шығармашылығын жалпы білім беретін қазақ орта мектептерінде оқыту мәселесі оқыту әдістемесі ғылымы тұрғысында арнайы зерттелмегендіктен, ақын шығармашылығын оқыту жайына арналған эксперименттік жұмыстар 1997-2003 жылдар аралығында Алматы қаласындағы және осы облыстағы ауыл мектептері мен Батыс Қазақстан облысы Жалпақтал ауданындағы ауылдық мектепте төмендегі арнайы бағдарлама бойынша жүргізілді.

Жалпы білім беретін қазақ орта мектептерінің жоғарғы және орта сыныптарында М. Жұмабаев шығармашылығын оқып-үйрету әдістемесін жетілдіруге арналған эксперименттің бағдарламалық жоспары:

1. М. Жұмабаев шығармашылығын оқыту әдістемесін жасауда эксперименттік жұмыстардың қажеттілігі мен маңыздылығы жөнінде дәлелдеме.

Ақынның әдебиет оқулықтарына енгізілген шығармалары және олардың қазіргі кездегі оқытылу дәрежесі жөнінде осы еңбектің алғашқы тарауында арнайы тоқталатындықтан, қайталап жату артық деп білеміз.

Мағжан шығармашылығы, оның оқытылуы жөніндегі жарық көрген әдістемелік еңбектерді, түрліше ой-тұжырымдарды жүйеге түсіріп саралай келгенде, бүгінгі таңда мектептерімізде ақын шығармаларын оқыту жәйінің қазіргі талап деңгейінен төмен жатқандығы аңғарылды. Сараптау, байыптау нәтижелері жағдайдың бұлайша қалыптасуы мынадай себептерге байланысты екендігін көрсетті:

  1. Әдебиеттанушы ғалымдарымыздың Мағжан шығармашылығы жөніндегі зерттеулерінің, жекелеген ой-пікірлерінің шектеулі мерзімде жүйеленбеуі, ортақ арнаға түсіп үлгермеуі және бұл еңбектердің әдебиетші мұғалімдерге кеңінен таралып, насихатталмауы.
  2. Мағжан шығармашылығын мектепте оқыту мәселесіне тікелей арналған арнайы әдістемелік оқу құралдарының жоқтығы. Сонымен бірге, поэзиялық шығармаларды оқытудың бұрыннан бар қалыптасқан әдістемелік тәжірибелерін місе тұту.
  3. Әдебиетші мұғалімдердің уақыт талабына сай өнер туындысының жалпы адамзаттық мәні, қоғамдық маңызы, шығармашылық тұлға мен оның шығармалары турасындағы жаңаша ойлау дәрежесінің төмендігі, әрқилылығы.

Соңғы он екі-он үш жыл көлемінде Мағжан шығармашылығын мектепте оқытудың жалпы бағыт-бағдарын, ізденістер мен кемшіліктердің жай-күйін таразылай келгенде осындай іркілістердің, кемшіліктердің орын алғандығы айқындалды.

Мектепте Мағжан шығармашылығын оқыту жәйін жетілдіруге қолбайлау болып отырған осы кемшіліктер мен жүйесіздіктерден арылу үшін, ақын шығармаларын қазіргі талапқа сай оқыту ісін тәртіптеп, белгілі бір жүйеге түсіру аса қажет.

Поэзиялық туындыларды оқытуға арналған әдістемелік еңбектердегі жалпылама қағидалардың оның лирикаларын оқытуға жарай бермейді.

Осы тұрғыдан келгенде, Мағжан Жұмабаев шығармаларын жалпы білім беретін мектептерде оқыту мәселесін тікелей зерделеген арнайы әдістемелік еңбектің қажеттілігі айқындала түседі.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері.

Жалпы білім беретін қазақ орта мектептерінің орта және жоғары сыныптарында М. Жұмабаев шығармашылығын оқытудың әдістемесін жасау.

Осы мақсатты жүзеге асыру үшін мынадай міндеттер алға қойылады:

  1. Орта және жоғары сыныптарда Мағжан шығармаларының оқытылу

жәйін анықтау;

  1. Ақын шығармашылығын оқыту тиімділігін арттыру көздерін, әрі

тәсілдерін, құралдарын, қорытынды нәтижелерін ғылыми жүйеге

түсіру;

  1. Зерттеудің құнды нәтижелерін, ұсыныстарын даярлау.
  2. Сыныптан тыс жұмыс түрлерін белгілеу, әдеби шараларды өткізудің үлгілерін ұсыну.

Зерттеудің нысаны.

Жалпы білім беретін қазақ орта мектептерінің орта және жоғарғы сыныптарындағы әдебиет сабақтарында Мағжан Жұмабаев шығармаларын (шығармашылығын) оқыту процесі.

Зерттеудің болжамы.

Мағжан шығармаларын орта және жоғарғы сыныптарда арнайы әдістемелік жүйе арқылы оқытқан жағдайда, оқушылардың көркем туындыны эстетикалық қабылдауын жетілдіруге, әдеби дамуын жаңа сапалық деңгейге көтеруге болады.

Осы болжамның дұрыстығын дәлелдеу мақсатындағы эксперименттің төмендегідей мақсат-міндеттері белгіленді:

  • поэзиялық туындыларды оқытуда пайдаланылып жүрген қолданыстағы әдістемелік тәжірибенің Мағжан шығармашылығын оқып-үйретудегі рөлін анықтау;
  • оқыту әдіс-тәсілдерін ақын өлеңдерінің табиғатына сәйкестендіре құрудың әсер-ықпалына бақылау жүргізу;
  • Мағжан шығармаларын бірін-бірі толықтырып, дамытып отыратын біртұтас әдістемелік жүйе арқылы оқытудың тиімділік дәрежесін анықтау;
  • оқушылармен топтық және дара жұмыс жүргізуді қамтамасыз ететін шаралар жүйесін белгілеу;
  • ақын шығармаларының тіл көркемдігін оның туындыларымен бірлікте, контекстік сипатқа қарай бағалаудың маңыздылығын айқындау;
  • қолданылған (ұсынылған) әдістемелік жүйенің классификациясын жасау.

Тәжірбиелік сынаулар, байқаулар арқылы шешілетін бұл мақсат-міндеттерді жүзеге асыру үшін, оңтайлы эксперимент түрін таңдап ала білудің маңызы зор.

Негізгі мақсат - Мағжан Жұмабаев шығармаларын оқыту сапасын арттыру арқылы оқушылардың әдеби материалды неғұрлым толық игеруін қамтамасыз ету, сол арқылы әдеби дамуын қалыптастыру болғандықтан бақылау (констатирующий) және қалыптастырушы (формирующий) эксперимент түрлерін таңдадық.

Жетекші идея.

Жеке тұлғаның әдеби қабілетін дамытуда, рухани әлемін байыту жолында Мағжан Жұмабаев шығармашылығын тиімді жолдармен меңгерту әдебиет сабағының құндылығын арттырады.

Зерттеудің әдіснамалық негіздері.

Қазіргі заманғы педагогика, әдебиеттану, оқыту әдістемесі ғылымдары қол жеткізген құндылықтар және осы саладағы ғылыми зерттеулер мен әдістемелік еңбектер.

Зерттеудің әдістері.

  • әлеуметтік-педагогикалық (ғылыми-теориялық, ғылыми-әдістемелік еңбектерді талдау, сауалнамалар алу, сынамалар (тест) алу, бақылау жұмыстарын жүргізу, әңгімелесу) ;
  • теориялық (теориялық ұғым-түсініктерді жүйелеу, ғылыми болжам жасау, қорытындылау) ;
  • салыстырмалы (поэзиялық шығармаларды оқытуға байланысты әдістемелік бағытта жазылған еңбектердің тиімді нәтижелерін салыстыру) ;
  • тәжірибелік (анықтау, бақылау тәжірибелерін жүргізу) ;
  • статистикалық (тәжірибе нәтижелеріне талдау жасау) .

Зерттеудің ғылыми жаңалығы.

- жалпы білім беретін қазақ орта мектептерінде Мағжан Жұмабаев шығармашылығын жаңа сапада оқыту тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін, оқушылардың ақын шығармаларын сөз өнері ретінде түсінуіне жол ашатын біртұтас ғылыми-әдістемелік жүйе ұсынылады.

- Мағжан Жұмабаев туындыларының оқушыларды жеке тұлға ретінде дамытуда ұлттық рухани тәрбие берерлік күш-қуатқа ие шығармалар екені нақты мысалдармен ғылыми негізде дәйектелді.

- Мағжан Жұмабаев шығармаларын сыныптан тыс жұмыстар арқылы терең меңгертудің жолдары, әдіс-тәсілдері көрсетіліп, нақтыланды

- өздік жұмыстарының ұтымды жолдары қарастырылып, әдістемелік нұсқаулар әзірленіп, эксперимент арқылы дәлелденді.

Зерттеудің теориялық маңызы.

Зерттеу жұмысында Мағжан Жұмабаев шығармашылығын меңгерту әдістемесінің мазмұны анықталды. Мағжан Жұмабаев шығармашылығын оқыту әдістемесінің оқушының жеке тұлға ретінде жан-жақты дамып қалыптасуына көмегі зор. Тәжірибе ретінде жүргізілген сабақтарда бұл жүйенің тиімділігі аңғарылып, ақын шығармашылығын шығармашылықпен меңгертудің әдістемесі бойынша тың тұжырымдар жасалды. Зерттеу жұмысымызда мектепте Мағжан Жұмабаев шығармашылығын меңгертудің теориялық алғы шарты жасалды.

Зерттеудің тәжірибелік маңызы.

Зерттеу еңбекті жалпы білім беретін қазақ орта мектептеріндегі әдебиет пәнінің мұғалімдері, ізденушілер, әдебиетті оқыту әдістемесімен шұғылданушы мамандар көмекші оқу құралы ретінде қолдана алады. Мұнымен бірге, зерттеуде ұсынылған ұсыныстар мен қорытынды нәтижелерді жоғарғы оқу орындарындағы қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің арнайы курс, семинар, лекцияларында пайдалануға болады.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар.

1. Жалпы білім беретін қазақ орта мектебінің орта және жоғарғы сыныптарында Мағжан Жұмабаев шығармашылығын оқытуды әдебиеттану ғылымы тұрғысынан әр түрлі аспектіде қарастырған еңбектерді пайдаланудың оқыту тиімділігін арттыра түсудегі ұтымдылығы;

2. Мағжанның ағартушылық, философиялық көзқарастар жүйесінің оқыту үрдісінде алатын орнының педагогикалық - психологиялық тұрғыдан зерделенуі;

3. Ақын шығармашылығын оқытудың оқу - тәрбие үрдісіндегі мәнділігі;

4. Мағжантанушы ғалымдардың, әдіскер ұстаздардың Мағжан ақталғаннан бергі соңғы он үш - он төрт жыл көлемінде жарық көрген негізгі еңбектеріне жасалған талдаулар сипаттамасының оқытудағы тиімділігі;

5. Мағжан шығармаларының әдеби білім мазмұнының жаңаруына қосылған ірі үлес екендігі және оны жетілдіру мүмкіндіктерінің қазіргі оқыту үрдісімен үйлесімділігі;

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақтың атақты біртуар ақыны Мағжан Жұмабаев
АҒАРТУШЫЛЫҚ ӘДЕБИЕТ ӨКІЛДЕРІНІҢ ШЫҒАРМАЛАРЫН ОҚЫТУ ЖОЛДАРЫ
М. Жұмабаев еңбектеріндегі жалпы психология мәселелері
Мағжан Жұмабаевтың педагогикалық, психологиялық мұралары
Қазақ әдебиеті жазушыларының шығармаларын меңгертудің тиімді жолдары
Мектепте Жүсіпбек Аймауытовтың шығармаларын оқыту
М.Жұмабаев қазақ педагогикасының негізін қалаушы
Мағжан Жұмабаев Анама өлеңі
Қанипа Бітібаева - жаңашыл ұстаз
Көркем мәтінді оқытуда авторлардың өмірбаянын оқытудың маңыздылығы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz