Мектепке дейінгі педагогика ғылымы. ЛЕКЦИЯ ТЕЗИСТЕРІ


Қ. А. ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚ-ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІ
ТАРИХ-ПЕДАГОГИКА ФАКУЛЬТЕТІ
ЖАЛПЫ ПЕДАГОГИКА ЖӘНЕ ЭТНОПЕДАГОГИКА КАФЕДРАСЫ
«Мектепке дейінгі педагогика» пәнінен
ЛЕКЦИЯ ТЕЗИСТЕРІ
Түркістан - 2013
ЛЕКЦИЯ ТЕЗИСТЕРІ
1. Лекция. Тақырыбы: Мектепке дейінгі педагогика ғылымы.
Лекция мақсаты: оқушы-студенттерді мектепке дейінгі педагогика пәнін оқытудың мақсат-міндеттерімен таныстыру, теориялық түсініктерін тереңдету, негізгі педагогикалық ұғымдарды түсініп, тәжірибеде қолдана білуге, мектепке дейінгі педагогиканың басқа ғылым салаларымен байланысын айқындап, ғылым жүйесіндегі орнын нақтылай білуге үйрету.
Жоспары:
1. Мектепке дейінгі педагогика пәні, оның мақсаты, міндеттері, мазмұны.
2. Негізгі педагогикалық ұғымдар.
3. Мектепке дейінгі педагогика ғылымының басқа ғылым салаларымен байланысы.
Лекция мәтіні: 1. Мектепке дейінгі педагогика пәні, оның мақсаты, міндеттері, мазмұны. Мектепке дейінгі педагогиканың ғылым ретіндегі бастамасы XVII ғасырға жатады. Бұл кезде чехтың ұлы педагогы Ян Амос Коменский (1592‒1670) мектепке дейінгі тәрбиенің алғашқы жүйесін жасады. Я. А. Коменский өз еңбектерінде бала тәрбиесі мен дамуындағы прогресшіл идеяларды басшылыққа алып, тәрбиеде баланың жеке басының дамуы мен ерекшеліктерін ескеру қажет деп есептеген. Тәрбие жұмысы дұрыс ұйымдастырылса, енжар бала да тәрбиелі, тәлімді болып өседі деген. Я. А. Коменскийдің пікірінде кейбір қателіктер де орын алған. Мысалы, баланың «қоғам мүшесі» екенін жете бағаламай, оның дамуы тек табиғат заңдары бойынша ғана өтеді, ‒ деп ағаттық жіберген. Я. А. Коменскийдің кейбір жайттерде тарихи жағынан шектелгендігі, діни көзқарасындағы қателіктерін ескермегенде, оның педагогикалық құнды идеялары мектепке дейінгі бала-ларды тәрбгіелеуде үлкен роль атқарған.
Француздың атақты жазушысы, философы, аса ірі ағартушыларының бірі Жан-Жак Руссо (1712‒1778) тәрбиенің өзіндік теориясын жасаған. Ол феодалдық қоғам тудырған әлеуметтік әділетсіздікті, баланың жас және жеке даму ерекшеліктерін, қажеттерін ескермеген тәрбиені қатты сынаған. «Эмиль немесе тәрбие туралы» еңбегінде бала дамуын жас шамасына қарай кезеңдерге бөлу, әр кезендегі тәрбие міндетін, мазмұнын, оқу-тәрбие әдістерін белгілеуге әрекет жасаған. Оның педагогикалық идеялары гуманизмге, демократизмге, балаға деген сүйіспеншілікке, жан-жақты дамытуға толы еді. Баланың өздігінен дамуына ерекше орын беріп, оларға екі жастан он екі жасқа дейін кітап оқып берудің, ой салудың қажеті жоқ, оның кітабы табиғат болу керек, табиғаттың өзі баланың ақыл-ойын дамытудың негізі, ал тәрбиешінің ролі оның әрекетін ұйымдастырумен ғана шектеледі деген Жан-Жак Руссо тәрбие арқылы қоғамды өзгертуге болады деп ойлаған. Руссоның тәрбие туралы бұл пікірлері идеалистік тұрғыда бола тұрса да, тарихи тұрғыдан алғанда прогресшіл еді.
Иоганн-Генрих Песталоцци (1746 ‒ 1827) Швейцарияның ұлы демократ-педагогы. Ол да Жан-Жак Руссо тәрізді баланың табиғи дамуына ерекше орын берген. Бірақ ол адамды адам ететін тәрбие деген пікірге сенген. И. Г. Песталоцци ана тілі, есеп, өлшеуді оқыту методикасын жасап, «Аналар кітабын» жазған. И. Г. Песталоцци тәрбиенің негізгі міндеті баланың адамгершілік қасиетін қалыптастыру деп санаған. Ол адамгершілікті өндірістегі еңбекпен, еңбек тәрбиесімен ұштастыруды қажет деп тапқан. Бала тәрбиесін дұрыс ұйымдастыруда отбасының, әсіресе ананың ролін зор бағалаған. Тәрбие алғашқы күннен басталу қажет, сондықтан әр ананы тәрбие әдістерімен қаруландыру керек деген. И. Г. Песталоццидің педагогикасы мен философиясының ұсақ буржуазиялық мәні тәрбиенің таптық сипатын түсінбегендігінде болды. Оның оқыту методикасы формализмнен де құр емес еді. Мысалы, баланың ақыл-ойын дамытуға арналған жаттығулары бірсарынды және көңілсіз болған.
Ең алғаш балаларға қоғамдық тәрбие беруді негіздеп, іс жүзіне асырып, мектепке дейінгі мекеме құрған ағылшын ғалымы Роберт- Оуэн (1771 -1858) еді.
Мектепке дейінгі педагогика ерекше ғылым ретінде XIX ғасырдың екінші жартысында бөлініп шықты. Оған себеп, біріншіден, балалар психологиясының дамып, өз алдына ғылым саласы ретінде сараланып шығуы болса, екіншіден, мектепке дейінгі қоғамдық тәрбие орындарының ашылуы еді. Соның нәтижесінде бай тәжірибе жинақталды. Сол тәжірибелерді талдап, жалпылап, қорытындылауда теоретиктердің көмегі бірден-бір қажет болды.
Мектепке дейінгі педагогиканың жеке ғылым саласы ретінде бөлінуінде неміс педагогы Фридрих Фребельдің (1782-1852) еңбегі зор. 1837 ж. Ф. Фребель мектепке дейінгі мекеме ашып, оны - «балабақша», тәрбиешіні - «бағбан» деп атаған. Алайда Ф. Фребель баланың дамуын немістің идеалистік философиясы тұрғысында ғана қарастырған.
Орыс педагогтары: К. Д. Ушинский, Н. И. Пирогов, Л. Н. Толстой және басқалары Фребель бақшаларының құрғақ уағыздылығы, балаға творчество мен қуаныш әкелмейтіндігі, шамадан тыс дидактизмі үшін сынаған.
Ұлы Октябрь революциясына дейін Россияда Фребель жүйесімен құрылған балабақшалар, фребельдік курстар мен тәрбиешілер дайындайтын институттар ашылды. Революциядан соң, советтік педагогикадан Фребель жүйесі жоққа шығарылып, балабақшалар жаңа мазмұнмен құрылды.
Капиталистік елдерде итальян педагогы, психиатр-дәрігер Марья Монтессори (1870 - 1952) жүйесі кең өріс алды. Оның балаға көзқарасы мистика мен идеализмге толы еді. Ол да баланың сезім мүшелерін тәрбиелеуге ерекше мән берді. Монтессоридің айтуынша, сыртқы орта балаға түсініксіз; ретсіз. Баланың ішкі күші де ретсіз, өмірден алатын әсері де күрделі, сондықтан оны қабылдауға, түсінуге дайындау үшін дидактикалық материал қажет. Бұлар баланың дамуында басты құрал болып табылады, қа-былдауын ретке келтіреді, психикалық қуатын үнемдейді.
Россияда мектепке дейінгі педагогикалық теорияның дамуына үлкен әсер еткен орыстың ұлы педагогы Константин Дмитриевич Ушинский (1824-1870) болды. Ол өзінің педагогикасын сол кезеңдегі физиология мен психология білімдеріне сүйене отырып құруға тырысты, орыстың халықтық тәрбие жүйесін құру қажет деп есептеді. Ол өзінің педагогикалық пікірлерінде ақыл-ой, адамгершілік және эстетикалық тәрбиелердің өзара байланысын, өлеңнің, суреттің эстетикалық тәрбие берудің құралы екенін, оның ұжымдық тәрбиедегі мәнін атап көрсетті. К. Д. Ушинский мектепке дайындау кезеңіндегі оқыту туралы көптеген педагогикалық мұралар қалдырды. Атап айтуымыз керек, сол кездегі педагогтардың бірде-бірі К. Д. Ушинский жеткен дәрежеге жете алған жоқ.
Мектепке дейінгі совет педагогикасын құруда белгілі педагог-қайраткерлер Луиза Карловна Шлегер (1863-1942) мен Елизавета Ивановна Тихееваны (1867-1943) атап өту жөн. Көптеген твррчестволық ізденістің иесі, ұстаз Л. К. Шлегер балабакшадағы тәрбие жұмыстарына көптеген жаңалықтар енгізді. Оның ойын мен сабақ өткізу туралы Фребель мен Монтессори ұсынған дйдактикалық материалдарды қайта қарауы, мектепке дейінгі советтік педагогикада аса бағалы. Ол бала өмірімен тікелей байланысты, оның мұқтажы мен мүддесін көздейтін, ақыл-ой, адамгершілік жағынан дамуына, творчестволық инициативасының өсіп жетілуіне қатысы бар материалдарды ұсынды. Л. К. Шлегер балабақшаның жұмысында: бала өмірін бақылау және оны зерттеу; балалардың творчестволық қабілеті мен қиялын дамыту, бала өмірін белсенді әрекеттерге сүйене ұйымдастыру, балалардың өзін қоршаған өмірден алған әсерлерін ретке келтіру сияқты принциптерді басшылыққа алуды жөн көрді. Балалар ойыны мен қол еңбегіне үлкен мән берді. Сол арқылы ақыл-ойын дамытып, қиялын өрістетті. Міне, осы тұрғыдан келіп, балшық, құм, құрылыс материалдарын ерекше бағалады. Ол «еркін» тәрбиені уағыздаушыларға қарсы педагогтың ролін жоғары қойды.
Л. К. Шлегер «Кішкентай балалармен әңгіме жүргізу үшін материалдар», «Балабақшадағы практикалық жүмыстар» атты кітаптар жазды.
Е. И. Тихеева - мектепке дейінгі тәрбиенің қоғамдық қайраткері, көрнекті педагог К. Д. Ушинскийдің жолын қуушылардың бірі. Тәрбиенің басты құралы ретінде тілдің дамуын алып, ол ана тілін оқытудың методикасын жасады. Ол мектеп жасына дейінгі балаларды мектеп қабырғасында оқуға дайындау балабақшадан басталады және балабақшадағы тәрбие жұмысында басшылыққа алатын программа болу керек деген құнды пікір айтқан. Е. И. Тихеева дене және ақыл-ой тәрбиесін берудің негізгі құралы ретінде ойынның тәрбиелік мәнін аса жоғары бағалаған, дидактикалық материалдардың өзіндік жүйесін құрған.
Е. И. Тихеева тәрбиешінің терең де жалпы білімі, оның үстіне арнаулы педагогикалық даярлығы болуы керек деген талап қойды. Е. И. Россияда мектепке дейінгі педагогиканың дамуына елеулі үлес қосқан.
Владимир Федорович Одоевский (1804 - 1869) . Оның жалпы творчестволық өмірінен ағартушылық пен тәрбие мәселелері негізгі орын алды. В. Ф. Одоевскийдің балаларға арнап жазған ертегі-әңгімелерін В. Г. Белинский жоғары бағалай келіп, былай деген: «Қазіргі уақытта орыс балаларының бүкіл басқа ұлт балалары қызығарлықтай Ириней атай сияқты өз жазушылары бар» 1 . . . Одоевскийдің педагогикалық және методикалық көзқарастары «Ғылымға дейінгі ғылым», «Балалар приюттарында қолдану үшін жазылған әліппе», «Ириней атайдың кітапшасы», «Балаларға ең алғаш білім бергендегі педагогикалық тәсілдер туралы тәжірибе» т. б. еңбектерінде берілген. Ол жас ұрпаққа жан-жақты білім беру, ақыл-ойын дамыту, дүниета-нымын кеңейту идеясын қолдаған.
Методикалық мәселелерді талдауда педагогтан өз жұмысын аса сүюді, ең күрделі ұғымның өзін балаларға түсінікті тілмен бере білуді талап еткен.
Мектепке дейінгі педагогиканың теориясына мәнді үлес қосқан орыс педагогы, анатом, дәрігер Петр Францевич Лесгафт (1837 - 1909) . Ол дене тәрбие теориясы мен қимыл ойындары теориясын қарастырған, педагогтарға ғылыми білім беру, тәрбиенің ғылыми негізделген әдістері мен тәсілдерін меңгерту керек деген
XIX ғасырдың ортасында марксизмнің шығуы ғылымның барлық саласында революциялық төңкеріс жасады. Марксизм негізін салушылар ірі өндіріс орындарының қаулап дамуы балаларға қоғамдық тәрбие берудің дамуын, қоғамдық тәрбие орындарының ашылуын сөзсіз тудыратынын дәлелдеді.
Надежда Константиновна Крупская (1869-1939) - мектепке дейінгі қоғамдық тәрбиені ұйымдастырған, негізін қалаған, баланың дамуында тәрбиенің ролін аса зор бағалаған педагог.
Н. К. Крупская: «Мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеушілердің алдында мектепке дейінгі істі барынша кеңінен өрістету міндеті тұр, өйткені балаларға қоғамдық тәрбие беру өте қажет» 1 , - деп мектепке дейінгі тәрбиенің міндеттерін белгілеп берген.
Ол балаға берілетін еңбек, ақыл-ой, адамгершілік тәрбиелері бір бағытта болуын, тәрбиенің мақсаты мен қоғам мүддесінің арасында алшақтық жоқ екенін үйретіп, ұжымдық тәрбие мен жолдастық, достық арасындағы тығыз байланыстылықты ерекше бағалаған Н. К. Крупскаяның балаларға көркемдік тәрбие беру туралы пікірі педагогиканың негізгі арқауы болып табылады.
Н. К. Крупская негізін қалаған жас ұрпақты идеялық жағынан сенімді етіп тәрбиелеуде отбасы мен қоғамдық тәрбие орындарының бірлесіп қызмет етуі - мектепке дейінгі педагогиканың негізгі приициптерінің бірі.
Н. К. Крупская «Негізгі тұрмыстық мәселе», «Мектепке дейінгі балалар тәрбиесі туралы», «Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған ойыншықтар туралы», «Мектепке дейінгі жұмысқа көбірек назар аударылсын», «Балалар кітаптары туралы мәселе жайында» т. б. көптеген еңбектерінде мектепке дейінгі қоғамдық тәрбие орындары, оның маңызы, ондағы тарбие жұмыстары, қоғамдық тәрбне мен семья тәрбиесінің
Антон Семенович Макаренко (1888-1939) идеяларының мектепке дейінгі педагогиканы дамытудағы ықпалы күшті болды. Ол мектепке дейінгі балалардың мінез-құлқына басшылық жасаудың қажеттілігі туралы айта келіп, бала дүниеге келген алғашқы күннен бастап, оның жеке басының қалыптасуының негізі қаланатынын үйреткен. Баланы еңбекке ойын арқылы тәрбиелеу, балалар ұжымы жайлы тамаша пікірлер айтып, мектепке дейінгі педагогиканың дамуына үлкен әсер еткен
Соғыстан кейінгі жылдары мектепке дейінгі педагогиканы - теориялық, практикалық жағынан дамытқан көптеген кандидаттық, докторлық диссертациялардың қорғалуы болды, В. А. Аркин, Е. А. Флерина, Б. И. Хачапуридзе, А. П. Уоова, А. М. Ооракина, Н. П. Сакулина және т. б.
Қазақстандағы мектепке дейінгі педагогика ғылымының дамуы туралы айтқанда бір атап өтерлігі, 1924 жылы Орынборда тұңғыш рет ғылыми-педагогикалық жинақ «Мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу жөніндегі нұсқау» жарыққа шықты. Мектепке дейінгі тәрбие мәселелеріне байланысты журналист Нәзипа Құлжанованың «Мектептен бұрынғы тәрбие», «Анамен бала тәрбиесі» атты еңбектері мектепке дейінгі педагогиканың алтын қорына қосылды. Ағартушы-ғалымдар: А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытовтардың мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу жөніндегі педагогикалық ой-пікірлері басшылыққа алынды.
1945 жылы мектепке дейінгі мекемелер алдындағы теориялық және тәжірибелік міндеттер анықталды. 1947 жылы республикалық деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, ғалымдар, балалар жазушылары, балабақша меңгерушілері, тәрбиешілер мен әдіскерлері қатысты. 1950 ж. Қазақ КСР Оқу министрлігінің Ы. Алтынсарин атындағы Педагогика ғылымдарының ғылыми-зерттеу институты құрылып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде зор үлес қосты.
Қазақстандағы мектепке дейінгі педагогиканың қалыптасуын айқындауда балабақшалардың ашылуы және дамуын, оқу-тәрбие процесін ғылыми педагогикалық тұрғыдан ұйымдастыру мәселелерін қарастыруға, сондай-ақ, мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту, тәрбиелеу оқыту және оның негізгі зандылықтарын айқындауға көңіл бөлу қажет.
Бүгінгі танда педагог ғалымдар: А. В. Андросова, Б. Арзанбаева, Б. Б. Баймұратова, С. Г. Бәтібаева, Н. Баримбеков, Ә. С. Әмірова, Г. Х. Дүкенбаева, З. Д. Еденбаева, А. К. Меңжанова, Г. Ж. Меңлібекова, Т. А. Макеева, Қ. М. Меңдаяңова, Г. Метербаева, Т. А. Левченко, А. Е. Манкеш, М. Т. Тұрыскелдина, Ж. А. Исмайлова, Т. Иманбеков, Ф. Н. Жұмабекова, С. Н. Жиенбаева, О. Жұмадиллаева, М. С. Сәтімбекова, А. Ж. Салиева, Ш. Сапарбаева, Н. Сайлауова, Ғ. З. Таубаева, Х. Т. Шерязданова, А. А. Нурахунова, т. б. мектепке дейінгі тәрбиенің әр түрлі салалары бойынша зерттеу жүргізіп, тәлім-тәрбиенің мазмұнын, әдістерін талдаған. Аталған ғалымдар еңбектерін оқып зерделеу арқылы мектепке дейінгі тәрбиенің даму, қалыптасу бағыт-бағдарын айқындауға болады.
Мектепке дейінгі педагогика үздіксіз іздену, болашаққа ұмтылу барысында өзінен бұрынғы теория мен тәжірибенің ең бағалы, озық жақтарын алып, сын көзбен қарап, қайта жасау үстінде. Бұл күнде ол толық мәнді ғылыми теория дәрежесіне көтеріліп, мектепке дейінгі тәрбие тәжірибесінде қолданылып келеді.
Мектепке дейінгі педагогика ‒ жалпы педагогиканың бір саласы. Мектепке дейінгі педагогиканың қарастыратын пәні мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу, оқыту, дамыту және оның негізгі қасиеттері мен заңдылықтары болып табылады. Ол жалпы педагогиканың басты қағидаларына сүйенеді, оны басшылыққа алады.
Мектепке дейінгі педагогика ғылым ретінде біріне-бірі ұқсамайтын үш негізгі элементтермен сипатталады: ғылымның пәні, ұғымдық-санаттық аппараты және зерттеу әдістері.
Мектепке дейінгі педагогика пәні мектеп жасына дейінгі баланың физиологиялық және психологиялық жағынан жетілу ерекшеліктерін қарастыратындықтан оның мазмұны да жалпы педагогикадан өзгешелеу. Бұл кезеңде бала ағзасының дамуы тез, үдемелі болғанмен, әлсіз де нәзік, кінәмшіл келеді. Алайда бала осы шақта қимылдауды, ойлауды, сөйлеуді меңгере бастайды. Мектепке дейінгі педагогика пәні алты жасқа дейінгі балаларды үй-іші мен балабақшада өмір талабына сай жетілдіру процестерін зерттеп, оларды оқыту мен тәрбиелеудің ең тиімді әдіс-тәсілдерін, сондай-ақ, балабақшадағы тәрбие жұмыстарын жан-жақты ұйымдастырудың теориялық, тәжірибелік жақтарын, ойын, оқу, еңбек әрекеттерін, күн тәртібін, бөбекжай (ясли) мен балабақша тәрбиешілерінің ата-аналарымен өткізілетін жұмыстарының түрлерін де қарастырады.
Мектепке дейінгі педагогика алдыңғы қатарлы балабақша тәрбиешілері мен отбасы тәрбиесінің озық тәжірибелерін жинақтап, қорытады. Ғылыми қорытындыларды халыққа педагогикалық үгіт-насихат арқылы таратады, тәрбиешілер мен ата-аналарды педагогикалық біліммен қаруландырады.
Мектепке дейінгі кезеңдегі тәрбие ‒ адам қалыптасуының алғашқы баспалдағы. Осы кезде игерген баланың рухани байланысы өмір бойына із қалдырып, оның дұрыс жетілуіне негіз болады. Сол себептен де мектепке дейінгі қоғамдық тәрбие орындарында мамандар даярлау ісіне ерекше көңіл бөлінеді. Айтылған ой-пікірлер ауызша толықтырылып, ойды жүйелеп тиянақтау үшін оқушыларға сауал қойылады, оны төмендегідей сызба үлгілер арқылы дәлелдеп көрсетеді:
а) Мектепке дейінгі педагогика ғылымы нені оқытады? Мектепке дейінгі педагогика мектепке дейінгі жастағы баланы оқыту заңдылықтарымен айналысады, енді оның негізгі педагогикалық ұғымдарына тоқталамыз.
2. Негізгі педагогикалық ұғымдар.
Кез келген ғылым саласының өзіне тән мәнін, байланыстарын, қатынастарын сипаттайтын ұғымдары болады.
Педагогика ғылымының негізгі ұғымдары: тәрбиелеу, оқыту, білім беру.
Тәрбиелеу дегеніміз ‒ алға белгілі мақсат қоя отырып, тәрбиеленушілердің психикасына жүйелі түрде әсер ету, бойына моральдық қасиеттерді, саналылықты, тәртіптілікті, қоғамдық өмірге, еңбекке көзқарасты қалыптастыру.
Тәрбне жұмысы мектепке дейінгі шақтан бастап балалардың Жас ерекшелігіне, түсінігіне лайықты жүргізілсе, балалар тәрбие үдерісінің, әсеріне көнгіш, еліктегіш, белсенді келеді, олар өзін қоршаған адамдардың іс-әрекетіне баға беруді үйренеді; алғашқы моральдық қасиеттер жайында түсінік алады, жақсы іс-әрекет істесем деген талпынысы пайда болады, бұл талпыныс күнделікті жаттығудың нәтижесінде бірте-бірте баланың тұрақты тәртібіне айналады. Баланың адам байындағы моральдық жақсы қасиеттерді білуі, ұнамды іс-әрекеттерге белсенді жаттығуы, өзінің тәртібіне қойған талапты саналы түсініп, сол талапқа сай өзін-өзі ұстауы ‒ оқу-тәрбие әсерінің нәтижесі, сонымен қатар моральдық тәжірибені қалыптастырудың негізі болып табылады.
Тәрбие ‒ балаға екі жақты әсер ететін процесс: 1) адамгершілік нормаларын меңгерту; 2) тәртіп пен мінез-құлықтың тәжірибесін жинақтату;
Оқыту дегеніміз белгілі жоспармен бағдарлама бойынша жүйелі түрде балаларға білім беру, іскерлік пен жағымды әдеттер мен дағдыларын қалыптастыру, баланың танымдық қабілетін, қызығушылығын дамыту. Оқыту ‒ баланың білімін молайтып, ой-санасын дамытудың, іскерлігі мен дағдысын қалыптастырудың маңызды құралы. Оқыту ‒ балаға білім беру, іскерлікті, дағдыны, таным әрекеті тәсілдерін игерту процесі. Оқыту процесі оқытушы мен оқушының іс-әрекетін қамтиды. Оқытудың ең негізгі формасы ‒ сабақ. Қазіргі кезеңдегі сабақтың түрлері: дәстүрлі және дәстүрден тыс типтер болып бөлінеді. Дәстүрлі сабақтар: кіріспе сабақ, аралас сабақ, жаңа білімді алғаш хабарлау, жаттығу, икемділік пен дағдыны қалыптастыру, есеп-бақылау, өз бетінше әрекет сабағы, тәжірибе сабағы, бақылау-бекіту, т. б. Дәстүрден тыс сабақтар: қиял-ғажайып сабақ, жарыс сабағы, ашық ой, турнир, диспут, тапқырлық, сынақ сабағы, шығармашылық, конкурс сабағы, конференция, интегративті сабақ, ертегі сабағы, айтыс сабақ, ойын сабақ, саяхат сабақ, өзара оқыту сабағы, КВН (КТК), аукцион сабағы, т. б. Аталған сабақ түрлерімен жеке пәндердің әдістемесінде жете танысамыз.
Ал енді мектепке дейінгі жастағы баланы оқыту оларды бастапқы элементарлық біліммен қаруландыру, ұнамды әдет-дағдылардың алғашқы нышандарына баулу, ақыл-ой қабілетін білуге құштарлығын дамыту. Балалардың зейін, ес, қиялдау, ойлау, сөйлеу сияқты дүниетанымдық қабілеттерін, мақсаттылық, белсенділік, қиыншылықты жеңе білу сияқты қасиеттерін тәрбиелейді. Оқу-тәрбие процестері тығыз байланысты, өйткені тәрбие міндеттері оқыту процесі мен тәрбие жұмыстары процесінде шешіледі. Әрқайсысының өзіндік ерекшелігі болғанымен, олар өзара тығыз байланысты, бір заттың екі жағы сияқты, біртұтас оқу-тәрбие процесін құрайды. Оқыта отырып тәрбиелейміз, тәрбиелей отырып білімді, іскерлікті, дағдыны меңгертеміз.
Білім беру ұғымы ҚР-ның «Білім беру туралы» Заңында жүйелі түрде қарастырылған. Білім беру дегеніміз жас ұрпаққа жүйелі ғылыми білім негіздерін меңгертіп, табиғат пен қоғамның даму заңдылықтарын игерту, іскерлік, әдет, дағдыларын, дүниеге көзқарасын қалыптастыру. Білім беру оқыту арқылы іске асады. Білім ‒ оқытудың нәтижесі.
Мектепке дейінгі педагогикада білім беру деген түсінік қолданылмайды, өйткені балабақшада балалар аяқталған білім жүйесін меңгермейді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz