Мемлекет және құқық теориясы оқу құралы



Булгакова Д.А.

Мемлекет және құқық теориясы: оқу құралы

МАЗМҰНЫ
 
КІРІСПЕ
1 тақырып. Мемлекет және құқық теориясына жалпы сипаттама
2 тақырып. Мемлекет және құқық теориясының пәні және әдісі
3 тақырып. Мемлекеттің пайда болуы.
4 тақырып. Мемлекеттің түсінігі және мәні.
5 тақырып. Мемлекеттің функциялары
6 тақырып. Мемлекет механизмі
7 тақырып. Мемлекет нысаны..
8 тақырып. Мемлекет типтері
9 тақырып. Қоғамның саяси жүйесі..
10 тақырып. Құқықтық мемлекет
11 тақырып. Мемлекет және қоғам.
12 тақырып. Құқықтың пайда болуы.
13 тақырып. Құқықтың түсінігі және мәні
14 тақырып. Құқықты түсінудегі қазіргі кезгі бағыттар
15 тақырып. Құқықтың қағидалары және функциялары
16 тақырып. Құқықтың типтері
17 тақырып. Әлеуметтік нормалар жүйесіндегі құқық
18 тақырып. Құқық жүйесі
19 тақырып. Тұлға, құқық, мемлекет
20 тақырып. Құқықтың қайнар көздері
21 тақырып. Құқық нормалары
22 тақырып. Құқықшығармашылық
23 тақырып. Заңнаманы жүйелеу
24 тақырып. Құқықтық қатынастар
25 тақырып. Құқықты жүзеге асыру
26 тақырып. Құқық нормаларын түсіндіру
27 тақырып. Құқықтық мінез-құлық
28 тақырып. Құқықбұзушылық және заңды жауапкершілік
29 тақырып. Құқықтық сана және құқықтық мәдениет
30 тақырып. Заңдылық және құқықтық тәртіп
31 тақырып. Қоғамның құқықтық жүйесі
32 тақырып. Құқықтық реттеу механизмі

КІРІСПЕ

Мемлекет және құқық теориясы–заң білімдерін беретін жоғары оқу орындарының
бірінші курсында оқытылатын күрделі пәндердің бірі. Ол мемлекет пен құқық
туралы жалпыланған абсрактілі ережелерден құралған. Оның күрделілігі
мынада: студенттер бірінші курста нақты материалдармен– қолданыстағы
заңнамамен, заң тәжірибесімен, мемлекет және құқықтың тарихымен таныс
болмайды, сол себепті де, бұл оқу құралындағы жалпы теориялық мәселелер
салыстырмалы түрде қарапайым қалыпта берілген.
Мемлекет және құқық теориясы студенттерде мемлекет және құқық, құқықтық
және саяси мәдениет туралы терең шынайы ғылыми түсініктердің қалыптасуына,
олардың әртүрлі тарихи кезеңдердегі мемлекеттік-құқықтық құбылыстардың
дамуының басымдылықтары мен заңдылықтарын түсінуіне жәрдемдеседі. Алайда,
жалпы тарихи білімердің барлығын толық меңгеру мемлекет және құқықтың жалпы
теориясы бойынша оқулықтар мен мақалалармен дербес, өз бетімен жан-жақты
жұмыс істеудің нәтижесінде ғана жүзеге асуы мүмкін.
Мемлекет және құқық теориясы бойынша бұл оқу құралы өз қысқа мазмұны
бойынша жалпы теориялық әдебиеттердің барлығының орнын толтыра алмағанымен,
жалпы теориялық мәселелермен танысуда өзінше бір жол көрсетушінің ролін
атқаруға, студенттерді әрбір тақырып бойынша мейлінше маңызды теориялық
ережелермен, заң ғылымының ерекше тілімен, арнайы заң түсініктерімен
таныстыруға бағытталған. Бұл құралды қалған материалдарды меңгеру үшін
ақпараттық-әдістемелік негізді құрайтын негізгі заң түсініктері мен
санаттарының кеңейтілген сөздігі деп те атауға болады.
Оқу құралын дайындауда А.Б.Венгеров, С.С.Алексеев, С.А.Комаров,
В.В.Лазарев, Н.И.Матузов, А.В.Малько, А.С.Пиголкин, В.Н.Хропанюк және т.б.
сияқты ірі мемлекеттанушы-ғалымдардың еңбектері пайдаланылды.
Қараңыз: Алексеев С.С. Теория права. М., 1996; Венгеров А.Б. Теория
государства и права. М.,1995; Ч.2.М., 1996; Комаров С.А. Общая теория
государства и права. Саранск, 1994; Общая теория государства и права Под
ред. В.В.Лазарева. М., 1996; Марченко М.Н. Теория государства и права. М.,
1996; Теория государства и права Под ред. Н.И.Матузова и А.В.Малько.
М.,1997; Общая теория права Под ред. А.С.Пиголкина. М., 1995; Хропанюк
В.Н. Теория государства и права. М., 1993.
 
1 тақырып.  МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚ ТЕОРИЯСЫНЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ
 
1. Мемлекет және құқық теориясының анықтамасы.
2. Мемлекет және құқық теориясының ерекшеліктері.
3. Мемлекет және құқық теориясының функциялары.
 
 
1. Мемлекет және құқық теориясының анықтамасы. Мемлекет және құқық
теориясы–бұл мемлекет пен құқықтың жалпы заңдылықтары туралы, олардың мәні,
мақсаты және қоғамдағы дамуы туралы жалпыланған білімдер жүйесі.
 
2. Ғылым ретіндегі мемлекет және құқық теориясының ерекшеліктері  мынада:
Біріншіден, ол қоғамдық ғылым болып табылады, оның пәнін қоғамдық
құбылыстар–мемлекет пен құқық құрайды. Бұл ерекшелігі арқылы мемлекет және
құқық теориясы бірқатар басқа ғылымдардан (жаратылыстану, техникалық және
т.б.) ерекшеленеді.
Екіншіден, ол саяси-заңды ғылым бола тұрып, мемлекеттің биліктік қызметі,
саясаты саласымен тікелей қатысты қоғамдық құбылыстарды зерттейді. Бұл
ерекшелігі арқылы мемлекет және құқық теориясы мемлекеттік-құқықтық
құрылымды тікелей зерттемейтін басқа қоғамдық ғылымдардан ерекшеленеді.
Үшіншіден, ол жалпы теориялық ғылым бола тұрып, мемлекет пен құқықтың
негізгі және жалпы заңдылықтары мен сипаттарын зерттейді. Бұл ерекшелігі
арқылы ол арнайы заң ғылымдарынан ерекшеленеді.
Төртіншіден, ол әдістемелік сипаттағы ғылым болып табылады. Мемлекеттік-
құқықтық құрылымның жалпы заңдылықтарын көрсете отырып, ол мемлекеттік-
құқықтық құбылыстарды меңгеру әдісі мәселесін қарастырады.
 
3. Мемлекет және құқық теориясының функциялары. Мемлекет және құқық
теориясының үш негізгі функциясы бар:
1. Теориялық-танымдық функция–мемлекеттік-құқықтық құбылыстарды тек сыртқы,
техникалық-заңды жағынан ғана емес, сонымен қатар, олардың заңдылықтары,
терең, мәндік белгілері тұрғысынан да ғылыми түсіндіруге негізделген. Бұл,
өз кезегінде, ғылыми болжамдау міндеттерін шешуді, мемлекеттік-құқықтық
құбылыстардың дамуының басымдылықтары мен бағыттары туралы ғылыми
болжамдарды қалыптастыруды қамтамасыз етеді.
2. Тәжірибелік-қолданбалы функция. Мемлекет және құқық теориясы, басқа да
заң ғылымдары сияқты, мемлекеттің қызметін жетілдіруге, заңнама мен оны
қолдану тәжірибесін жақсартуға және дамытуға бағытталаған ұсыныстар жасауға
қызмет етеді.
 
 
3. Тәрбиелік функция. Мемлекет және құқық теориясы құқықтық тәрбиелеу
мәселелерін шешуге, адамдарда демократия, тұлғаның құқықтары мен
бостандықтары, заңдылық, тәртіп және т.б. күрделі мәселелерге қатысты
шынайы ғылыми көзқарастардың қалыптасуына жәрдемдесуі қажет.

2 тақырып. МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚ ТЕОРИЯСЫНЫҢ ПӘНІ МЕН ӘДІСТЕРІ
 
1. Мемлекет және құқық теориясының пәні.
2. Мемлекет және құқық теориясының әдістері.
3. Гуманитарлық ғылымдар жүйесіндегі мемлекет және құқық теориясы. 
4. Заң ғылымдары жүйесіндегі мемлекет және құқық теориясының орны.
 
1. Мемлекет және құқық теориясының пәні. Әрбір ғылымның өз зерттеу пәні
болады. Ол дегеніміз осы ғылымның  объективтік шындықты зерттеу жағы.
Мемлекет және құқық теориясының пәні болып мемлекет және құқықтың пайда
болуы, дамуы мен қызмет етуінің жалпы заңдылықтары мен заң ғылымдарының
негізгі түсініктерінің жүйесі табылады. Бұл жерде ерекше атап өтетін жайт,
мемлекет және құқық теориясы нақты бір мемлекет пен құқықтың емес, жалпы
мемлекеттіліктің пайда болуы, дамуы мен қызмет етуін, сонымен қатар, жалпы
заң ғылымдарына тән құқық нормасы, құқықтық қатынас, құқық субъектісі және
т.б. сияқты түсініктерді зерттейді.
2. Мемлекет және құқық теориясының әдістері. Ғылым әдісі–бұл пәнді түсінуге
мүмкіндік беретін тәсілдер мен бағыттардың жиынтығы. Мемлекет және құқық
теориясы өз пәнін зерттеу үшін көптеген әдістерді қолданады. Олардың ішінен
мыналарды ерекше атауға болады:
1. Жалпы әдістер–ойлаудың кешенді қағидаларын көрсететін философиялық,
дүниетанымдық бағыттар. Оларға мыналар жатады:
а) метафизика. Ол мемлекет пен құқықты мәңгілік және өзгермейтін
институттар ретінде қарастырады;
ә) диалектика. Өз ішінде материалистік және идеалистік болып бөлінеді.
Материалистік диалектика бұл құбылыстарды қоғамдағ әлеуметтік-экономикалық
өзгерістермен, нақты айтқанда, жеке меншіктің пайда болуымен және қоғамның
таптарға бөлінуімен байланыстырады, яғни, мемлекет пен құқық нақты бір
тарихи кезеңге сәйкес, бір-бірімен байланыстылықта, даму барысында
қарастырылады. Идеалистік диалектика, өз кезегінде, объективтік және
субъективтік идеализм болып екіге бөлінеді. Объективтік идеализм мемлекет
пен құқықтың пайда болу себептері мен өмір сүру жағдайын құдайдың күшімен,
ал  субъективтік идеализм адамның санасымен байланыстырады.
2. Жалпы ғылыми әдістер–жалпы әдістер сияқты бүкіл  ғылыми танымды
толығымен қамтымайды, оның жекелеген кезеңдерінде ғана қолданылады. Оларға
мыналар жатады:
а) талдау–күрделі мемлекеттік-құқықтық құбылысты шартты түрде жекелеген
бөліктерге бөлу;
ә) синтез–құбылысты оның құрамдас бөліктерін  шартты түрде біріктіре отырып
зерттеу;
б) жүйелік әдіс–объектінің тұтастығын ашуға, ондағы әртүрлі байланыс
түрлерін анықтауға бағыттайды;
в) функционалды әдіс–бір әлеуметтік құбылыстардың екіншілеріне қатысты
функцияларын анықтауға бағыттайды.
3. Жеке ғылыми әдістер–мемлекет және құқық теориясының техникалық,
жаратылыстаны және гумантарлық ғылымдардың ғылыми жетістіктерін қабылдауы
нәтижесінде пайда болатын әдістер. Оларға мыналар жатады:
а) нақты-әлеуметтанушылық әдіс–сұраудың, бақылаудың, сұхбаттасудың және
т.б. тәсілдердің көмегімен мемлекеттік-құқықтық саладағы субъектілердің іс
жүзіндегі жүріс-тұрысы туралы мәліметтер алуға мүмкіндік береді;
ә) статистикалық әдіс–нақты бір мемлекеттік-құқықтық құбылыстың сандық
көрсеткіштерін алуға мүмкіндік береді;
б) кибернетикалық әдіс–кибернетиканың түсініктері, заңдары және техникалық
құралдарының жүйесі арқылы мемлекеттік-құқықтық құбылыстарды тануға
мүмкіндік береді.
4. Жеке құқықтық әдістер–тек заң ғылымдарына ғана тән болып келеді, оларға
мыналар жатады:
а) формалды-заңды әдіс–заң түсініктерін,олардың белгілерін анықтауға,
түрлендіруді жүзеге асыруға, құқықтық ережелердің мазмұнын түсіндіруге және
т.б. мүмкіндік береді;
ә) салыстырмалы-құқықтық әдіс–әртүрлі құқықтық жүйелерді не олардың
жекелеген элементтерін олардың жалпы және арнайы қасиеттерін анықтау
мақсатында салыстыруға мүмкіндік береді.
 
3. Гуманитарлық ғылымдар жүйесіндегі мемлекет және құқық теориясы. Өз
жиынтығында ғылым жүйесін құрайтын ғылыми пәндерді шартты түрде үш топқа
бөлуге болады: 1) техникалық ғылымдар; 2) жаратылыстану ғылымдары; 3)
гуманитарлық ғылымдар.
Гуманитарлық ғылымдар қоғамды, адамды, әлеуметтік қатынастар мен
институттарды зерттейді. Заң ғылымдары–гуманитарлық ғылымдардың бір түрі,
себебі, мемлекет пен құқық әлеуметтік институттар болып табылады. Заң
ғылымдарын мынадай түрлерге бөлуге болады:
мемлекет және құқық теориясы;
тарихи-құқықтық ғылымдар (мемлекет және құқық тарихы, саяси және құқықтық
ілімдер тарихы);
салалық заң ғылымдары ( конституциялық, азаматтық, қылмыстық және т.б.
құқық салалары);
қолданбалы ғылымдар (криминалистика, сот медицинасы, сот психиатриясы және
т.б.).
Мемлекет және құқық теориясы гуманитарлық ғылымдар жұйесінде бола тұра,
философиямен, әлеуметтанумен, саясаттанумен және т.б. тығыз байланысқа
түседі. Солай, философияның көмегімен мемлекет және құқық теориясының
дүниетанымдық бағыттары қалыптасады, оның нәтижесінде мемлекеттік-құқықтық
шындықты танудың жалпы әдістемесі қалыптасады. Өз кезегінде, мемлекет және
құқық теориясы кеңейтілген философиялық жалпылаулар ұшін нақты материалдар
береді.
4. Заң ғылымдары жүйесіндегі мемлекет және құқық теориясының орны. Заң
ғылымдары жүйесіндегі мемлекет және құқық теориясының орнын оның тарихи-
құқықтық ғылымдармен арақатынасын мысалға ала отырып қарастыруға болады.
Мемлекет және құқық теориясы мен тарихи-құқықтық ғылымдарға тән ортақ
белгі–олар мемлекет пен құқықты зерттейді. Ал айырмашылықтары мынада–
тарихи-құқықтық ғылымдар мемлекеттік-құқықтық құбылыстардың даму үдерісін
хронологиялық тәртіпте зерттесе, мемлекет және құқық теориясы бұл
үдерістерге жалпы сипаттама береді, мемлекет пен құқықтың мәнін, олардың
қызмет ету заңдылықтарын және т.б. зерттейді.
Салалық заң ғылымдарына қатысты мемлекет және құқық теориясы жалпылаушы
сипатты иеленеді; ол мемлекет пен құқықтың пайда болуы, қызмет етуі мен
дамуының жалпы заңдылықтарын зерттейді. Ал кез-келген салалық ғылымның пәні
қоғамдық қатынастардың тек нақты бір саласымен ғана байланысты болады.
Сонымен қатар, мемлекет және құқық теориясы барлық салаларға ортақ
мәселелерді зерттейді, яғни, мемлекет және құқық теориясының түсініктері
мен институттарының негізінде салалық заң ғылымдарының түсініктері мен
институттары қалыптасады.
 

3 тақырып. МЕМЛЕКЕТТІҢ ПАЙДА БОЛУЫ
 
1. Мемлекетке дейінгі кезеңдегі әлеуметтік билікке жалпы сипаттама.
2. Мемлекеттің пайда болу себептері.
3. Мемлекеттің пайда болу нысандары.
 
1. Мемлекетке дейінгі кезеңдегі әлеуметтік билікке жалпы сипаттама.
Мемлекетке дейінгі кезеңдегі әлеуметтік биліктің ерекшеліктері болып
мыналар табылады:
- ол тек бір ру көлемінде ғана таралды, оның еркін білдірді және қандық
туыстыққа негізделді;
- тікелей қоғамдық болып табылды, алғашқы қауымдық демократияның, өзін-өзі
басқарудың бастамаларының негізінде қалыптасты;
- бұл биліктің биліктік органдары ретінде рулық жиналыстар, ақсақалдар,
әскербасылары және т.б. қызмет етті, олар алғашқы қауымдық қоғамның өмір
сүруінің маңызды мәселелерін шешіп отырды.
   
2. Мемлекеттің пайда болу себептері. Мемлекеттің пайда болуы туралы мәселе
даулы болып табылады, себебі, этнография және тарих ғылымдары оның пайда
болуы туралы күннен-күнге жаңа мәліметтер беруде. Мемлекеттің пайда болу
себептері туралы бірқатар теориялар бар, олардың негізгілері болып мыналар
табылады:
1. Діни теория–мемлекеттің, мемлекеттік биліктің пайда болуының құдайлық
бастамасын негізге алады, барлық билік құдайданң деген тұжырымдаманы
бекітіп, жақтайды. Өзінің діни мазмұнына қарамастан, бұл теория бірқатар
шынайы жағдайларды көрсетеді, нақты айтқанда, алғашқы мемлекеттердің
теократиялық нысандарын–абыздар билігін, шіркеудің ролін, діни және
әкімшілік орталықтар арасындағы билік бөлінісін. Бұл теорияның көрнекті
өкілдерінің бірі–Фома Аквинский.
2. Патриархалды теория–мемлекеттің пайда болуын отбасымен байланыстырады,
ал мемлекет басшысының билігін отбасы мүшелерінің алдындағы әке билігінен
туындатады. Бұл теория патшаның шексіз билігін негіздеуге бағытталған, ал
бұл биліктің қайнар көзі ретінде құдайды емес, отбасындағы әкенің,
патриархтың шексіз билігі орын алған отбасы нысанын таниды. Бұл теория
Грецияда пайда болған, өз негіздемесін Аристотельдің еңбектерінен иеленсе,
өз дамуын ағылшын ғалымы Филмердің еңбектерінен тапты.
3. Шартты теория–ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда кеңінен таралған. Оны жақтаушылардың
қатарынан Голландияда Гуго Гроций мен Спиноза, Англияда Д.Локк пен Т.Гоббс,
Францияда Ж.-Ж.Руссо, Ресейде А.Радищев орын алды. Мысалы, А.Радищевтің
ойынша, билік халыққа тиесілі, алайда ол мемлекет басшысына берілген және
оны халық бақылауы тиіс. Шарттық теорияға сәйкес, мемлекет шарт нәтижесі
ретінде пайда болады, оның қатысушылары болып адамдар табылады, олар
шарттың негізінде өз бостандықтарының, өз билігінің бір бөлігін мемлекетке
береді.
4. Күштеу теориясы–мемлекеттің пайда болу негізі ретінде күштеу әрекетін,
бір халықтың екінші халықты жаулауын таниды. Жауланған халықтың үстінен
билікті бекіту үшін, оған күштеу жүргізу үшін мемлекет құрылады. Күштеу
теориясы ХІХ ғасырда пайда болы, оның өкілдері–Л.Гумплович, К.Каутский,
Е.Дюринг.
5. Психологиялық теория–мемлекеттің пайда болуын адам психмкасының
көріністерімен: бағыну қажеттігімен, еліктеумен, алғашқы қауымдық қоғамның
жоғарғы топтарына тәуелділікті сезінумен, белгілі бір әрекет түрлерінің
әділдігін түсінумен және т.б. байланыстырады. Психологиялық теорияның
өкілдерінің қатарынан Л.Петражицкий мен Г.Тардты атауға болады.
6. Органикалық теория. Бұл теорияның өкілдері Г.Спенсер, Вормс, Х.Прейс
мемлекетті ағза ретінде түсіндіреді. Оның бөліктері арасындағы тұрақты
байланыстар тірі ағзаның бөліктері арасындағы байланысқа теңестіріледі,
яғни, мемлекет–биологиялық дамудың бір түрі ретінде көрініс табатын
әлеуметтік даму өнімі. Биологиялық ағзаның бір түрі ретінде мемлекеттің өз
миы (басшы)  мен оның шешімдерін жүзеге асыру құралдары (халық) болады.
7. Ирригациялық теорияға сәйкес мемлекеттердің алғашқы қанаушы нысандарының
пайда болуы шығыстық аграрлық аймақтардағы ірі ирригациялық құрылыстарды
жүргізу қажеттігімен байланысты. Бұл теория қазіргі кездегі неміс ғалымы К.-
А.Виттфогельдің еңбектерінен айрықша көрініс тапқан.
8. Материалистік теория–мемлекеттің пайда болуын әлеуметтік-экономикалық
факторлармен, яғни, жеке меншіктің пайда болуымен және қоғамның таптарға
бөлінумен, байланыстырады. Бұл теорияның өкілдері–К.Маркс, Ф.Энгельс,
В.И.Ленин–мемлекет бір таптың екінші таптың үстінен үстемдігін сақтау және
бекіту, қоғамның біртұтас ағза ретінде өмір сүруі мен қызмет етуін
қамтамасыз ету мақсаттарында пайда болған деп санайды.
     
3. Мемлекеттің пайда болу нысандары. Мемлекеттің қалыптасуы–әртүрлі
халықтарда түрліше жүзеге асқан ұзақ үдеріс.
Шығыста өндірістің азиялық тәсілің (Египет, Вавилон, Үндістан, Қытай және
т.б.) нысаны кеңінен таралды. Бұл жерде рулық құрылымның әлеуметтік-
экономикалық бөліктері–жердік үлес, ұжымдық меншік және т.б. тұрақты
сипатты иеленді. Ежелгі Шығыста пайда болған алғашқы мемлекеттер ауылдық
қауымдастықтарды қанай отырып, оларды басқарды, яғни, өндірісті
ұйымдастырушы ролін атқарды.
Афины мен Римде мемлекеттің пайда болу бағыты басқаша жолмен жүзеге
асырылды, бұларда құлиеленушілік мемлекет меншіктің пайда болуы және
қоғамның таптарға бөлінуі негізінде пайда болды. Афины–мемлекеттің пайда
болуының ең таза, классикалық нысаны, себебі, мемлекет рулық құрылым
ішіндегі таптық қарама-қайшылықтардың негізінде пайда болады. Римде
мемлекеттің пайда болуы плебейлердің римдік аристократтар–патрицийлерге
қарсы күресінің нәтижесінде тездетілді.
Ежелгі герман мемлекетінің пайда болуы көптеген жерлерді алып жатқан бөтен
аумақтарды жаулап алумен байланысты, бұл жерлерге үстемдік орнатуда рулық
қоғам әлсіз болды, сол себепті, мемлекеттің пайда болу қажеттігі туды.
Барлық нысандағы мемлекеттердің пайда болуына негіз болып 10-12 мың жылдар
бұрынғы неолиттік революция табылды. Оның мәні мынада: өз қажеттіктерін
қанағаттандыру мақсатында адам дайын өсімдік және жануарлық нысандарын
иемденумен байланысты құралдық қызметтен табиғатты өзгертумен және азық
дайындаумен байланысты  шынайы еңбек қызметіне ауысты, яғни, иемденушіден
өндіруші экономикаға өту орын алды.
Сонымен, мемлекет объективтік түрде, сырттан емес, ішкі факторлардың
негізінде пайда болады.       

4 тақырып. МЕМЛЕКЕТТІҢ ТҮСІНІГІ ЖӘНЕ МӘНІ
 
1. Мемлекеттің түсінігі және белгілері.
2. Мемлекеттік билік әлеуметтік биліктің ерекше түрі ретінде.
3. Мемлекеттің мәні.
 
1. Мемлекеттің түсінігі және белгілері. Мемлекет–бұл арнайы басқару және
мәжбүрлеу аппараты бар, қоғамның өкілі бола тұра, оны басқаратын және оның
дамуын қамтамасыз ететін, бұқаралық биліктің саяси-аумақтық, егеменді
ұйымы.
Мемлекетті рулық құрылымдағы әлеуметтік биліктен ажырататын төмендегідей
белгілері болады:
1. Бұқаралық биліктің болуы. Міндетті түрде мемлекеттің басқару және
мәжбүрлеу аппараты болуы тиіс, себебі, бұқаралық билік–бұл шенеуніктер,
әскер, полиция, түрме мен басқа да мекемелер.
2. Аумақтық бөлініс. Мемлекет өз аумағында өмір сүруші барлық адамдарды өз
билігімен және қорғау арқылы біріктіреді.
3.Салықтар жүйесі. Олар мемлекеттік аппараттың өмір сүруін қамтамасыз ету
үшін қажет.
4. Егемендік. Бұл мемлекетке тән  өз аумағындағы үстемдік пен халықаралық
қатынастардағы тәуелсіздік.
5. Құқықтың болуы.  Мемлекет  құқықсыз өмір сүре алмайды, себебі, құқық
мемлекеттік билікті заңдастырады.
2. Мемлекеттік билік әлеуметтік биліктің ерекше түрі ретінде. Мемлекеттік
билікке сипаттама берместен бұрын әлеуметтік билікке анықтама беріп алу
қажет. Әлеуметтік билік–бұл адамдарың кез-келген бірігуіне тән үстемдік пен
бағынушылық қатынастары, бұл кезде бір тұлғалардың–билік құрушылардың– еркі
мен әрекеттері басқа тұлғалардың–бағынушылардың–еркі мен әрекеттеріне
үстемдік құрады. Әлеуметтік билік кез-келген ұйымдасқан, белгілі бір
дәрежеде тұрақты адамдар тобына–руға, тайпаға, отбасына, қоғамдық ұйымға,
партияға, мемлекетке, қоғамға және т.б. тән.
Мемлекеттік билік әлеуметтік биліктің ерекше бір тұрі ретінде көрініс
табады. Бұл мемлекеттік мәжбүрлеуге сүйенген, субъектілер арасындағы
үстемдік және бағынушылық сипаттағы бұқаралық-саяси қатынас. Мемлекеттік
биліктің ерекшеліктері:
1. Бұқаралық билік. Ол бүкіл қоғамның, халықтың атынан қызмет етеді және өз
қызметінде бұқаралық негізге–қазына мүлкіне, өз кірістеріне, салықтарға ие.

2. Аппараттық билік. Ол аппаратқа, мемлекеттік органдар жүйесіне сүйенеді
және олар арқылы жүзеге асырылады.
3. Заң қолдайтын билік. Сол себепті, ол аппарат пен заң нормаларының
көмегімен елдегі барлық халық үшін міндетті сипатты иеленеді.
4. Егеменді билік–ол кез-келген биліктен дербес және тәуелсіз.
5. Заңдастырылған билік. Яғни, ол заңды негізді және қоғамдық тануды
иеленген.
Мемлекетте еңбек бөлінісі болған жағдайда ғана, яғни, ерекше қызмет түріне
негізделген дербес билік түрлері қалыптасқан жағдайда ғана, мемлекеттік
биліктің тиімділігі артады. Мұндай биліктің үш түрі бар: заң шығарушы
билік, атқарушы билік және сот билігі.
            
3. Мемлекеттің мәні. Мемлекеттің мәнін түсіну мемлекет және құқық
теориясының негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Мемлекеттің мәні–бұл
оның мазмұнын, мақсаттарын, қызмет етуін анықтайтын басты қасиеті.
Мемлекеттің мәнін бұл түсініктің кең және тар мағынасында анықтауға болады.

Кең мағынада мемлекеттің әлеуметтік мәнін биліктік-саяси ұйымдасқан қоғам,
құқықтық заңдарға бағынған көптеген адамдар бірлестігі ретінде анықтауға
болады. Мұндай бірлестіктердің  тұтастығы сәйкес мемлекеттік-құқықтық
институттар мен қатынастарда көрініс тапқан бұқаралық-биліктік құрылымдар
негізінде қалыптасады.
Тар мағынада мемлекеттің әлеуметтік табиғатын қоғамнан бөлектенген,
жекелеген класстар мен әлеуметтік топтардың да, қоғамның да мүддесін
білдіруші әрі қорғаушы басқару аппараты,    бұқаралық биліктің әртүрлі
мекемелерінің жүйесі ретінде анықтайды.
Жоғарыда аталғандардың негізінде, мемлекеттің мәнін қарастыруда екі
аспектіні ескерудің маңызы зор:
1) формальды–кез-келген мемлекеттің саяси биліктің ұйымы екендігі;
2) мазмұнды–осы ұйымның кімнің мүдделеріне қызмет ететіндігі.
Мемлекеттің мәнін анықтауда келесі бағыттарды атап өтуге болады:
- класстық, бұған сәйкес мемлекетті экономикалық үстемдік құрушы топтың
саяси билігінің ұйымы ретінде анықтауға болады;
- жалпы әлеуметтік, бұған сәйкес мемлекетті әртүрлі класстар мен әлеуметтік
топтардың мүдделерін ескеру үшін жағдай жасайтын саяси биліктің ұйымы
ретінде анықтауға болады.
Сонымен, мемлекеттің мәні саяси билік аппаратының көмегімен қоғамның
тұтастығын және қалыпты қызмет етуін қамтамасыз етуден көрінеді.     

5 тақырып. МЕМЛЕКЕТТІҢ ФУНКЦИЯЛАРЫ
 
1. Мемлекет функцияларының түсінігі.
2. Мемлекет функцияларының түрлері.
3. Мемлекет функцияларын жүзеге асырудың нысандары.
 
1. Мемлекет функцияларының түсінігі. Мемлекет функциялары–бұл мемлекеттің
қызметінің негізгі бағыттары, олардан мемлекеттің мәні мен мақсаты көрініс
табады.  Мемлекеттің функциялары оның міндеттерімен тығыз байланысты, олар
мемлекеттің мәніне тәуелді болып келеді және оның өзгеруіне қарай өздері де
өзгереді. Сонымен, мемлекет функциялары–ауыспалы сипаттағы категория. Олар
мемлекет түрінің басқа түрге ауысу жағдайында да өзгереді.
 
2. Мемлекет функцияларының түрлері. Мемлекет функцияларын түрлерге бөлуді
әртүрлі негіздер бойынша жүзеге асыруға болады:
а) әрекет ету ұзақтығына қарай функциялар тұрақты және уақытша болып
бөлінеді. Тұрақты функциялар  мемлекет дамуының барлық кезеңдерінде
жүзегеасырылса, уақытша функциялар төтенше сипаттағы белгілі бір міндетті
шешумен өз әрекетін жояды.
ә) маңыздылығына қарай–негізгі және қосымша функциялар;
б) қоғамдық өмірдің қай саласында жүзеге асырылуына байланысты–ішкі және
сыртқы функциялар.
Мемлекеттің ішкі функциялары–оның алдында тұрған ішкі міндеттерді шешудегі
қызметінің негізгі бағыттары. Ішкі функцияларға мыналар жатады: адам және
азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау, құқықтық тәртіпті қамтамасыз
ету функциясы, экономикалық функция, салық салу функциясы, әлеуметтік
қорғау функциясы, экологиялық функция және мәдени функция.
Мемлекеттің сыртқы функциялары–оның алдында тұрған сыртқы міндеттерді
шешуге байланысты қызметінің негізгі бағыттары. Сыртқы функцияларға мыналар
жатады: мемлекетті қорғау функциясы, бейбіт тәртіпті сақтау функциясы,
басқа мемлекеттермен одақтасу функциясы және т.б.
   
 
3. Мемлекет функцияларын жүзеге асырудың нысандары – бұл мемлекеттің
функцияларын жүзеге асыруға бағытталған оның органдарының біртектес
қызметі. Мұндай нысандарды екіге бөлуге болады: құқықтық және
ұйымдастырушылық нысандар. Құқықтық нысандарға мыналар жатады:
а) құқықшығармашылық–бұл нормативтік актілерді дайындау мен шығаруға
қатысты қызмет;
ә) құқыққолданушы–бұл құқық қолдану актілерін шығару арқылы нормативтік
актілерді жүзеге асыруға байланысты  қызмет, бұл заңдарды орындау мен
басқарушылық сипаттағы әртүрлі мәселелерді шешуге байланысты күнделікті
жұмыс;
б) құқыққорғаушы–бұл адам мен азматтың құқықтары мен бостандықтарын
қорғауға, құқықбұзушылықтардың алдын алуға және кінәлі тұлғаларды заңды
жауапкершілікке тартуға және т.б. байланысты қызмет.
Ұйымдастырушылық нысандарға мыналар жатады:
а) ұйымдастырушылық-реттеуші–бұл белгілі бір құрылымдардың құжаттар
жобаларын дайындаумен, сайлаулар жүргізумен т.б. байланысты мемлекеттік
органдардың қызмет етуін қамтамасыз етуге бағытталған ағымдағы жұмысы;
ә) ұйымдастырушылық-шаруашылық– бұл бухгалтерлік есеппен, статистикамен,
қамтамасыз етумен т.б. байланысты жедел-техникалық және шаруашылық жұмыс;
б) ұйымдастырушылық-идеологиялық–бұл жаңадан қабылданған нормативтік
актілерді түсіндірумен, қоғамдық көзқарасты қалыптастырумен және т.б.
байланысты мемлекеттің әртүрлі функцияларын орындауды идеологиялық
қамтамасыз етудегі күнделікті тәрбие жұмысы.

6 тақырып. МЕМЛЕКЕТ МЕХАНИЗМІ
 
1. Мемлекет механизмінің түсінігі.
2. Мемлекет механизмінің құрылымы.
3. Мемлекеттік аппаратты ұйымдастырудың және оның қызметінің қағидалары.
4. Мемлекет органдарының түсінігі және түрлері.
 
1. Мемлекет механизмінің түсінігі. Әдетте заң әдебиеттерінде мемлекет
механизмің және мемлекеттік аппаратң түсініктері синоним сөздер ретінде
қолданылады. Мемлекет механизмі–бұл мемлекеттің міндеттері мен функцияларын
жүзеге асыруға бағытталған мемлекеттік органдардың жүйесі. Мемлекет
аппаратының, оның барлық бөлімшелерінің мазмұнын қоғамдық өмірдің барлық
салаларының тиісті ұйымдаусы мен тиімді қызмет етуні қамтамасыз етуге
бағытталған басқарушылық, ұйымдастырушылық қызмет құрайды.
Бұл қызметтің нысандары көп жағдайда басқарудағы заңдар мен құқықтық
механизмдердің қолданылу шамасына байланысты. Осыған сәйкес мемлекеттік
аппарат қызметінің келесі нысандарын бөліп қарастыруға болады:
1) тікелей басқарушылық–бұл ғылыми ұсыныстар жасаумен, тәжірибе алмасумен
байланысты, құқықтық сипатты иеленбеген қызмет түрлері;
2) құқықтық нысандар–құқықтық заңды сипаттағы қызмет түрлері, яғни, олар
барлық субъектілер үшін міндетті болып табылады және мемлекеттік-міндетті
салдарды туындатады. Мемлекет аппараты қызметінің негізгі құқықтық
нысандарына мыналар жатады:
а) құқықшығармашылық қызмет–бұл нормативтік актілер жобаларын дайындауға,
оларды қабылдау мен жариялауға байланысты қызмет;
ә) құқыққолданушы қызмет–бұл құқықтық нормаларды жүзеге асырумен байланысты
қызмет;
б) құқыққорғаушы қызмет–бұл заңдардың сақталуын бақылаумен және
қадағалаумен, кінәлі тұлғаларды заңды жауапкершілікке тартумен т.б.
байланысты қызмет.
 
2. Мемлекет механизмінің құрылымы. Бұл құрылымға мыналар кіреді:
1) өздерінің тікелей биліктік функцияларын жүзеге асыру барысында тығыз
байланыстағы және өзара бағыныстылықтағы мемлекеттік органдар;
2) биліктік өкілеттіктерге ие емес, алайда, экономика, білім беру,
мәдениет, денсаулық қорғау, ғылым т.б. салаларда жалпыәлеуметтік
функцияларды атқаратын мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар;
3) басқарумен арнайы айналысатын мемлекеттік қызметшілер;
4) мемлекеттік аппараттың қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті
ұйымдастырушылық,қаржылық және күштеу құралдары.
  
3. Мемлекеттік аппаратты ұйымдастырудың және оның қызметінің қағидалары–
бұл мемлекеттік органдарды құру мен олардың қызмет етуіның негізгі
бағыттарын анықтайтын бастамашылық ережелер. Оларға мыналар жатады:
1) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының артықшылығы қағидасы,
бұл қағидаға сәйкес, мемлекеттік қызмешілер аталған құқықтар мен
бостандықтарды мойындауы және қорғауы тиіс;
2) демократиялық қағидасы, бұл қағида мемлекеттік органдар қызметін
қалыптастыру мен ұйымдастыруға азаматтардың кең көлемде қатысуын білдіреді;
3) биліктің тармақтарға бөліну қағидасы, бұл қағида билік органдары мен
лауазымды тұлғалар тарапынан заңсыз әрекеттерді болдырмауға негізделген;
4) заңдылық қағидасы, бұл барлық мемлекеттік қызметшілердің Конституцияны,
заңдар мен заңға сәйкес актілерді сақтау міндеттілігін білдіреді;
5) жариялылық қағидасы, бұл қағида нақты бір мемлекеттік органдардың 
тәжірибелік қызметіне қатысты құқық субъектілерінің ақпараттармен танысуын
білдіреді;
6) кәсібилік қағиадсы, бүл қағида мемлекеттік аппарат қызметінде мейлінше
кәсіби қызметкерлерді пайдалануға қолайлы жағдайлар жасайды,
7) алқалық пен жалғызіліктіліктің үйлесу қағидасы, бұл қағида мемлекеттік
аппараттың демократиялық және бюрократиялық бастамаларының саналы
сәйкестігін қамтамасыз етеді;
8) сайлаушылық пен тағайындаушылықтың үйлесу қағидасы, бұл қағида
мемлекеттік басқарудағы орталықтандыру мен орталықсыздандырудың тиімді
байланысын білдіреді;
9) бағыныстылық (иерархичность) қағидасы, бұл қағида мемлекеттік
органдардың мемлекеттік аппараттағы әртүрлі деңгейде орналасқанын
білдіреді.
 
4. Мемлекет органдарының түсінігі және түрлері. Мемлекеттік орган– бұл
мемлекеттік міндеттерді орындаушы және осы мақсатта сәйкес биліктік
өкілеттіктерді иеленген ұйым немесе мекеме. Әрбір мемлекеттік органға
мыналар тиесілі: а) оның оралымды басқаруындағы мемлекеттік, қазыналық
мүліктер; ә) қаржы құралдары, банктегі есепшот, бюджеттен қаржыландыру
көзі; б) өзіне тән ұйымдастырушылық құрылымы, онымен байланысты қызметтік
бағыныстылық және қызметтік тәртіп жүйесі; в) биліктік өкілеттіктердің
қажетті көлемі, олардың негізінде лауазымдық тұлғалар мен алқалық органдар
заңды міндетті әрекеттерді жүзеге асырады.
Мемлекеттік органдардың түрлері:
1. Мемлекеттік қызметті жүзеге асыру нысанына қарай мемлекет органдары
өкілдік, атқарушылық, сот, прокурорлық және басқа да бақылаушы-қадағалаушы
органдар болып бөлінеді.
2. Биліктің тармақтарға бөліну қағидасы бойынша– заң шығарушы, атқарушы
және сот органдары.
3. Қызметінің құқықтық нысандары бойынша– құқықшығарушы, құқыққолданушы
және құқыққорғаушы органдар.
4. Бағыныстылық деңгейіне байланысты–республикалық және жергілікті
органдар.
5. Өкілеттіктерінің мерзіміне байланысты–тұрақты (қызмет ету мерзімі
шектеусіз түрде құрылады) және уақытша (қысқа мерзімді мақсаттарға жету
ұшін құрылады).
6. Құзіретінің сипатына қарай–жалпы (мысалы, Үкімет) және арнайы (мысалы,
министрлік) құзіретті органдар.

7 тақырып. МЕМЛЕКЕТ НЫСАНЫ
 
1. Мемлекет нысанының түсінігі.
2. Басқару нысаны.
3. Мемлекеттік құрылым нысаны.
4. Саяси режим.
 
1. Мемлекет нысанының түсінігі.Мемлекет нысаны–бұл қоғамның басқару,
мемлекеттік құрылым және саяси режим нысандарынан  құралған құрылымдық
ұйымдастырылуы.
 
2. Басқару нысаны–бұл мемлекеттік биліктің жоғары органдарының
өкілеттіктерінің өзара қатынасы, олардың құрамы мен құрылу тәртібі. Басқару
нысаны жоғары билікті жалғыз адамның немесе сайланбалы алқалық органның 
жүзеге асыруына байланысты ерекшеленеді. Осыған сәйкес, басқарудың негізгі
түрлері болып монархия мен республика болып табылады.
Монархия–бұл жоғары мемлекеттік биліктің бір тұлғада ғана, монархта,
болуымен сипатталатын басқару нысаны. Монарх билікті мұрагерлік бойынша
өмір бойы иеленеді.
Егер монарх мемлекеттік биліктің жалғыз органы болып табылса, бұл монархия
шектелмеген деп аталады, ал жоғарғы билік монарх пен басқа бір органның
арасында бөлінсе, бұл монархия шектелген деп аталады. Шектелген
монархиялар, өз кезегінде, өкілдік (дуалистік) және парламантарлық болып
екіге бөлінеді. Өкілдік монархияда монарх атқарушылық билікті жүзеге асыра
алады, ол үкіметті құру, министрлерді тағайындау, вето және парламентті
тарату құқықтарын иеленеді. Ал парламентарлық монархияда монархтың құқықтық
жағдайы әлдеқайда шектелген болады, монарх тағайындаған министрлер
парламенттің сенімсіздік вотумына тәуелді болады және монарх заңда
көзделген жекелеген жағдайларда ғана парламентті тарата алады.
Республика–жоғары мемлекеттік билік белгілі бір мерзімге сайланатын
сайланбалы органға тиесілі басқару нысаны. Халықтың қай бөлігінің
мемлекеттік биліктің жоғары органдарын сайлауға қатыса алатынына байланысты
республика аристократиялық және демократиялық болып екіге бөлінеді.
Демократиялық мемлекеттер, өз кезегінде, төмендегідей түрлерге бөлінеді:1)
парламенттік, бұл мемлекетте  саяси  өмірдегі шешуші рөл парламент сайлаған
үкіметке тиесілі болады; 2) президенттік, бұл мемлекетте сайланға ел
басшысы үкіметтің де басшысы болып табылады, сол себепті, ол үкімет
мүшелерін тағайындайды және оларды қызметінен босатады; 3) аралас, бұл
мемлекетте үкіметті президент пен парламент бірлесе отырып
құрайды.         
3. Мемлекеттік құрылым нысаны– бұл мемлекеттің аумақтық құрылымы, оның
құрамдас бөліктерінің және осы бөліктердің әрбірінің мемлекетпен қарым-
қатынасының сипаты. Барлық мемлекеттер өздерінің мемлекеттік құрылымы
бойынша жай және күрделі болып екіге бөлінеді.
Жай немесе біртұтас мемлекет –бұл өз ішінде бөлінбейтін тұтас мемлекет,
оның өз ішінде дербес мемлекеттік құрылымдар болмайды, бұл мемлекетте
жоғары органдардың біртұтас жүйесі, заңнаманың ортақ жүйесі, ортақ сот
жүйесі, ортақ азаматтығы мен салықтардың бір каналды жүйесі болады.
Күрделі мемлекет – бұл белгілі бір дәрежедегі дербестікке ие жекелеген
мемлекеттік құрылымдардан құралған мемлекет. Күрделі мемлекеттерге
империялар, федерациялар, конфедерациялар, достастықтар мен одақтастықтар
жатады.
Империялар күштеу арқылы құрылатын күрделі мемлекеттер, бұларда құрамдас
бөліктердің жоғары билікке бағыныстылық деңгейі әртұрлі болған.
Империялардың басты ерекшелігі–олардың құрамдас бөліктерінің ешқашан ортақ
мемлекеттік-құқықтық мәртебесі болмаған.
Конфедерация империяға қарағанда ерікті негізде құрылады. Бұл нақты бір
тарихи кезең шегінде белгілі бір мақсаттарға жету үшін құрылған
мемлекеттердің уақытша одағы. Конфедерацияны құраған егеменді мемлекеттер
халықаралық-құқықтық қатынастар субъектісі болып қала береді, оларда өз
азаматтығы, билік, басқару және сот әділдігі органдарының жүйесі болады.
Федерация –бұл күрделі, одақтас мемлекет, оның бөліктері мемлекеттік
құрылымдар болып табылады және және белгілі бір дәрежеде мемлекеттік
егемендікке ие болады; федерацияда жоғарғы федералдық органдар мен
федералдық заңнамамен қатар федерация субъектілерінің жоғарғы органдары мен
заңнамасы да болады; федерауияда салықтың екіканалды жүйесі пайдаланылады,
оның белгілерінің бірі болып қосазаматтық табылады. Федерациялар аумақтық
немесе ұлттық-мемлекеттік қағида бойынша құрылуы мүмкін.
Достастық–бұл  ортақ белгілермен, біртектіліктің белгілі бір деңгейімен
сипатталатын  мемлекеттердің ұйымдастырушылық бірлестігі. Оларды
біріктіретін белгілер экономикаға, құқыққа, тілге, мәдениетке, дінге
қатысты болуы мүмкін. Достастықтың мүшелері–бұл толығымен тәуелсіз,
егеменді мемлекеттер, халықаралық қатынастардың субъектілері.
Одақтастық– бұл  қоғамды мемлекеттік ұйымдастырудағы ауыспалы нысан.
Одақтастықтың негізінде көп жағдайда мемлекетаралық шарт болады. Ол
одақтастыққа кіретін мемлекеттердің интеграциялық байланыстарын күшейте
түседі және оларды конфедеративтік бірлестікке қарай итермелейді.    
 
4. Саяси режим–бұл мемлекеттік билікті жүзеге асыруға жәрдемдесетін
тәсілдер мен әдістер. Мемлекеттік биліктегі тәсілдер мен әдістердің
жиынтығына қарай екі түрлі режимді бөліп атауға болады–демократиялық және
антидемократиялық режимдер.
Демократиялық режимнің белгілері:
1) халық мемлекеттік билікті жүзеге асыруға тікелей (азаматтардың
референдумға қатысуы) және өкілдік (халықтың билікті өзі сайлаған өкілдік
органдар арқылы жүзеге асыруы) демократия арқылы қатысады;
2) шешімді көпшілік азшылықтың мүдделерін ескере отырып қабылдайды;
3) мемлекеттік биліктің орталық және жергілікті органдарының сайланбалылығы
және ауыспалылығы, олардың сайлаушыларға есеп беруі, жариялылық;
4) сендіру, келісу, келісімге келу әдістері жиі қолданылады;
5) қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы заңның үстемдігі;
6) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары жарияланады және шын
мәнінде қамтамасыз етіледі;
7) саяси плюрализм, соның ішінде көппартиялылық;
8) биліктің тармақтарға бөлінуі және т.б.
Антидемократиялық режимнің бірнеше түрі болады: тирания, деспотизм, фашизм,
тоталитарлық және авторитарлық режимдер. Антидемократиялық режимге мына
белгілер тән:
1) бір саяси партияның үстемдігі;
2) бір ресми идеологияның болуы;
3) бір меншік түрінің болуы,
4) саяси құқықтар мен бостандықтарды жоққа шығару;
5) қоғамның сословиелік, касталық және т.б. белгілер бойынша бөлінуі;
6) халықтың төмен экономикалық деңгейі,
7) мәжбүрлеу мен жазалау шаралаының үстемдігі;
8) сыртқы саясаттағы агрессиялық сипаттағы әрекеттер және т.б.

8 тақырып. МЕМЛЕКЕТ ТИПТЕРІ
 
1. Мемлекет типінің түсінігі.
2. Мемлекеттерді типке бөлудегі формациялық тәсіл.
3. Мемлекеттерді типке бөлудегі өркениетті тәсіл.
 
1. Мемлекет типінің түсінігі. Мемлекет типі сәйкес тарихи кезеңде
туындайтын оның маңызды жақтары мен қасиеттерінің қатаң жүйесін білдіреді.
Белгілі бір кезеңдегі барлық мемлекеттерге белгілі бір сипаттар тән болып
келеді. Мемлекеттерді типке бөлу негізінен формациялық және өркениетті
тәсілдер тұрғысынан жүзеге асырылады.
   
2. Мемлекеттерді типке бөлудегі формациялық тәсіл. Формациялық тәсілдің
шегінде негізгі талап ретінде әлеуметтік-экономикалық факторлар, яғни,
қоғамдық-экономикалық формация орын алады. Бұл тәсіл тұрғысынан мемлекет
типі қоғамның экономикалық базисімен тығыз байланысты қоғамдық құрылымға
сәйкес мемлекеттің өзара тығыз байланысты белгілерінің жиынтығы ретінде
анықталады. Экономикалық базистің типтеріне қарай  мемлекеттің төмендегідей
типтерін бөліп қарастырады: құлиеленушілік, феодалдық, буржуазиялық және
социалистік мемлекеттер.
Бұл типологияның артықшылықтары болып екі мәселе табылады: мемлекеттерді
әлеуметтік-экономикалық негізінде бөлу идеясы өте дұрыс, себебі, шынымен
де  бұл факторлар қоғамға зор әсерін тигізеді, ол мемлекеттің дамуының
табиғи-тарихи сипатын, кезеңділігін көрсетеді. Ал формациялық теорияның
әлсіз жағы оның тарихтың әртүрлі сипаттарын ескермеуінен  және рухани
факторларды бағаламауынан көрінеді.
 
3. Мемлекеттерді типке бөлудегі өркениетті тәсіл. Өркениетті тәсіл шегінде
негізгі талаптар ретінде рухани факторлар– мәдени, діни, ұлттық және т.б.
факторлар орын алады. Өркениет–бұл  қоғамның діни, ұлттық, географиялық
және тағы да басқа белгілерінің ортақтығымен ерекшеленетін тұйық және
локальды сипаты. Өз дамуында өркениет бірнеше кезеңдерден өтеді:
 І кезең –локальды өркениеттер, олардың әрқайсысының өзара байланысты
әлеуметтік институттары, оның ішінде мемлекет те, болады (ежелгіегипеттік,
шумерлік, үнділік, эгейлік және т.б. өркениеттер).
ІІ кезең–белгілі бір мемлекет типтерімен байланысты ерекше өркениеттер
(үндлік, қытайлық, батыс еуропалық, исламдық және т.б. өркениеттер).
ІІІ кезең– өз мемлекеттілігімен ерекшеленетін қазіргі кезгі өркениеттер,
бұл өркениеттер енді-енді қалыптасып келе жатыр, бұларға әлеуметтік-саяси
құрылымдардың дәстүрлі және қазіргі кезгі түрлерінің қатар өмір сүруі тән.
Өркениеттер мен олардың мемлекеттіліктерін типке бөлудің басқа да негіздері
бар: хронологиялық, генетикалық, діни жән т.б.

9 тақырып. ҚОҒАМНЫҢ САЯСИ ЖҮЙЕСІ
 
1. Қоғамның саяси жүйесінің түсінігі.
2. Саяси жүйелердің түрлері.
3. Қоғамның саяси жүйесіндегі мемлекеттің орны мен рөлі.
 
1. Қоғамның саяси жүйесінің түсінігі. Қоғамның саяси жүйесі–бұл белгілі бір
саяси функцияларды атқарушы мемлекеттік және мемлекеттік емес әлеуметтік
институттардың жүйесі. Мұндай институттардың қатарына қоғамдық өмірдің
билікке байланысты саласына қатысушы мемлекет, партиялар, кәсіптік одақтар
және басқа да ұйымдар мен қозғалыстар жатады. Саяси жүйе сыртқы және ішкі
саясаттың жүзеге асуын қамтамасыз етеді, әлеуметтік топтардың мүдделерін
қалыптастырады, білдіреді және қорғайды. Оның сипаты, ең алдымен, осы саяси
жүйенің пайда болған және қызмет ететін әлеуметтік ортасы арқылы
анықталады:
1. Еңбек нәтижелері саналы түрде мемлекеттік ұйымдасқан адамдардың ерекше
тобымен бөлінетін әлеуметтік орта. Мұндай ортада меншіктің мемлекеттік және
қоғамдық түрлері орын алады; өзіндік меншікке рұқсат берілуі мүмкін, ал
жеке меншік мүлдем болмайды. Мұндай саяси жүйелерде мемлекеттік билік
қоғамның экономикалық өміріне тоталитарлы түрде араласады; мемлекет
идеологиясынан өзгеше ойлау басып-жаншылып отырады; мемлекеттік идеология,
дін, мәдениет, білім, ғылым қалыптасады. Билікте тек бір саяси партия
болады.
2. Әлеуметтік ортаның екінші түрі қоғамның экономикалық өмірінің нарықтық-
ақшалық негізіне, еркін кәсіпкерліктің тәжірибесі мен идеологиясына
негізделеді. Мұндай саяси жүйелерде мемлекет нарықтық экономика үшін
жағдайларды ұйымдастырушы ретінде көрініс табады, азаматтардың құқықтары
мен бостандықтарын қамтамасыз етеді. Мұндай жүйеде партиялар билікті сайлау
кампанияларына қатысу арқылы жаулап алуға тырысады; құқықтық нысандар саяси
мақсаттарға жетудің негізгі құралына айналады.
3. Әлеуметтік ортаны ұйымдастырудың үшінші түрі–аралас түр, ол конвергенция
деген атқа ие болды. Конвергенциялық саяси жүйелер бір әлеуметтік ортадан
екінші әлеуметтік ортаға өту кезінде пайда болады. Конвергенциялық саяси
жүйелерге әртүрлі мақсаттағы және мазмұндағы көптеген саяси институттардың
араласуы тән болып келеді.
    
2. Саяси жүйелердің түрлері. Саяси жүйелердің пайда болатын әлеуметтік
ортасының сипатына қарай мынадай саяси жүйе түрлері болады: тоталитарлық,
либералдық-демократиялық және аралас жүйелер; ал өзара байланысу сипатына
қарай ашық және жабық саяси жүйелер болады.
 
3. Қоғамның саяси жүйесіндегі мемлекеттің орны мен рөлі. Мемлекет саяси
жүйеге белгілі бір жекелеген органдары арқылы  емес, өзіндік бір саяси,
аумақтық, құрылымдық бөлік ретінде кіреді. Ол өз функцияларын басқа
әлеуметтік инстиуттармен, партиялармен, кәсіптік одақтармен, жергілікті
басқару органдарымен бірлесе отырып атқарады. Ол саяси жүйеде жетекші рөлді
иеленген, себебі:
а) оның аумақтық шекараларында азаматтық белгісі бойынша біріккен халықтың
жалғыз ресми өкілі рөлін атқарады;
ә) егемендіктің жалғыз иесі болып табылады;
б) қоғамды басқаруға бағытталған әлеуметтік аппараты болады;
в) қарулы құрылымдары болады;
г) құқықшығармашылыққа қатысты монополияға ие;
д) материалдық құндылықтардың ерекше жиынтығына (мемлекеттік меншік,
бюджет, валюта және т.б.) ие.

10 тақырып. ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТ
 
1. Құқықтық мемлекеттің түсінігі және қағидалары.
2. Биліктің тармақтарға бөлінуі құқықтық мемлекеттің қағидасы ретінде.
3. Мемлекет пен тұлғаның өзара жауапкершілігі.
 
1. Құқықтық мемлекеттің түсінігі және қағидалары. Құқықтық мемлекет–бұл
адам мен азаматтың құқықтар мен бостандықтарының толық түрде қамтамасыз
етілуіне және құқықбұзушылықтарды болдырмау мақсатында мемлекеттік билікті
құқықпен мейлінше байланыстыруға  жағдай жасаушы саяси билік ұйымы.
Құқықтық мемлекеттің мәнін қарастыруда оның негізгі екі жағын (екі негізгі
қағиданы) бөліп қарастыруға болады:
1) мазмұнды жағы– адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын мейлінше
толық көлемде қамтамасыз етуден, тұлға үшін құқықтық ынталандыру режимін
орнықтырудан көрінеді;
2) формальды-заңды жағы–мемлекеттік билікті құқықпен байланыстырудан,
мемлекеттік құрылымдар үшін құқықтық шектеу режимін орнықтырудан көрінеді.
Сонымен қатар, құқықтық мемлекеттің қағидасына мыналар да жатады:
- билікті заңсыз пайдалануды болдырмау мақсатында оны заңшығарушылық,
атқарушылық және сот тармақтарына бөлу;
- заңның үстемдігі, яғни, биліктің жоғары органымен барлық конституциялық
тәртіптерді сақтай отырып қабылданған заң атқарушылық билік актілерімен
жоққа шығарылуы, өзгертіліуі және       тоқтатылуы мүмкін емес;
- мемлекет пен тұлғаның өзара жауапкершілігі;
- қоғамдағы құқықтық сана мен құқықтық мәдениеттің жоғары деңгейі;
- азаматтық қоғамның болуы және тарапынан құқық субъектілерінің заңдарды
орындауына бақылау жүргізілуі.
 
2. Биліктің тармақтарға бөлінуі құқықтық мемлекеттің қағидасы ретінде.  Бұл
қағиданы алғаш рет Д.Локк пен Ш.Монтескье ұсынған болатын. Қағиданың басты
талабы–саяси бостандықты бекіту, заңдылықты қамтамасыз ету және белгілі бір
әлеуметтік топтың, мекеменің немесе жеке тұлғаның билікті асыра пайдалануын
болдырмау үшін мемлекеттік билікті заң шығарушылық (халық сайлайтын және
қоғамды дамытуды заңдар қабылдау жолымен жүзеге асыруға бағытталған),
атқарушылық (биліктің өқілдік органы тағайындайтын және заңдар мен
оралымдық-шаруашылық қызметті жүзеге асырумен айналысатын) және сот
(бұзылған құқықтарды қалпына келтірудің, кінәлілерді әділетті түрде
жазалаудың кепілі болып табылатын) биліктері деп бөлу қажет. Және осы әр
бір билік түрлері дербес және бір-бірін тежей отырып, өз функцияларын
органдардың ерекше жүйесі арқылы және арнайы нысандарда жүзеге асыруы тиіс.

Констиуцияда бекітілген тепе-теңдік және тежемелік жүйесің заң шығару,
атқарушы, сот билігінің нақты бір билік түріне қатысты құқықтық
шектеулерінің жиынтығын білдіреді. Мысалы, заң шығару билігіне қатысты
тежемелік жүйесінде ерекше рөлді Президент иеленген, ол заң шығарушыға
қатысты вето құқығын иеленеді; атқарушы билікке қатысты тежемелік сипатта
болып президент өкілеттіктерінің мерзімі, импичмент, сенімсіздік вотумы,
атқарушы органдардың жауапты қызметкерлеріне заңшығарушылық құрылымға
сайлануға тыйым салу, коммерциялық қызметпен айналысу табылады; сот билігі 
үшін конституцияда көрініс тапқан құқықшектеуші құралдар болып мыналар
табылады: кінәсіздік презумпциясы, қорғану құқығы, азаматтардың заң мен сот
алдындағы теңдігі, іс жүргізудің жариялылығы мен жарыспалылығы, соттарға
отвод жариялау және т.б.
 
 3. Мемлекет пен тұлғаның өзара жауапкершілігі. Бұл құқықтық мемлекеттің
дербес қағидасы болып табылады. Бұл саяси билікті шектеудің өзінше бір
тәсілі, ол сасяи биліктің иесі ретіндегі мемлекет пен оны жүзеге асырудың
қатысушысы ретіндегі азаматтың арасындағы қарым-қатынастардың адамгершілік-
заңды бастамаларын көрсетеді. Қоғам мен тұлғаның бостандығын заңшығарушылық
нысанда бекіте отырып, мемлекет  өз шешімдері мен әрекеттерінде белгілі бір
шектеулерді иеленеді. Заң арқылы ол өзінің азаматтармен, қоғамдық
ұйымдармен, басқа мемлекеттермен қарым-қатынастарындағы әділеттілік пен
теңдікті қамтамасыз ететін міндеттемелерді өз мойнына алуы тиіс.
Құқыққа бағына отырып, мемлекеттік органдар ондағы ережелерді бұза алмайды
және осы міндеттерді орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылады. Заңның
мемлекеттік билік үшін міндеттілігі әкімшіліктік қателіктерді болдырмауға
бағытталған кепілдіктер жүйесімен қамтамасыз етіледі. Оларға Үкіметтің
өкілдік органдардың алдындағы жауапкершілігі, мемлекеттің кез-келген
деңгейдегі  лауазымды тұлғаларының нақты бір тұлғалардың құқықтары мен
бостандықтарын бұзғандығы, билікті асыра пайдаланғаны, қызметтік жағдайын
асыра пайдаланғаны үшін тәртіптік, азаматтық-құқықтық және қылмыстық
жауапкершілігі, импичмент және т.б. жатады.
Жалпы қауымның мемлекеттік құрылымдардың өз міндеттерін орындауды
бақылауының нысандары болып референдумдар, депуттардың сайлаушылар алдында
есеп беруі және т.б. табылады.
Тұлғаның  мемлекет  алдындағы жауапкершілігі де дәл осы құқықтық бастамалар
негізделеді. Мемлекеттік мәжбүрлеуді қолдану құқықтық сипатта болуы, ол
тұлғаның бостандығын бұзбауы және жасаллған құқықбұзушылықтың ауырлығына
сай болуы тиіс. Сонымен, мемлекет пен тұлғаның арасындағы қарым-қатынастар
өзара жауапкершіліктің негізінде жүзеге асырылуы тиіс.

11 тақырып. МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ
 
1. Мемлекет пен қоғамның өзара қатынасы.
2. Азаматтық қоғамның түсінігі және құрылымы.
 
1. Мемлекет пен қоғамның өзара қатынасы. Қоғам–бұл, кең мағынада,
адамдардың бірлескен қызметінің тарихи қалыптасқан нысандарының жиынтығы
немесе, тар мағынада, әлеуметтік жүйенің тарихи нақты типі, қоғамдық
қатынастардың белгілі бір нысаны.
Мемлекет–бұл саяси биліктің саяси-аумақтық, егеменді түрде ұйымдастырылуы.
Қоғам мен мемлекет–әртүрлі түсініктер. Біріншісі екіншісіне қарағанда кең
болып келеді, себебі, қоғамда мемлекетпен қатар мемлекеттік емес құрылымдар
да (саяси партиялар, саяси қозғалыстар, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер,
еңбек ұжымдары және т.б.) болады. Мемлекет қоғамның саяси бөлігі, элементі
болып табылады.
Мемлекет қоғамда орталық орынды және басты рөлді иеленген. Мемлекеттің
сипаты бойынша бүкіл қоғамға. Оның мәніне сипаттама беруге болады. Мемлекет
қоғамға қатысты оның істерін шешу, басқару құралы рөлін атқарады. Қоғам мен
мемлекеттің хронологиялық шектері де әртүрлі болып келеді: біріншісі
екіншісіне қарағанда ерте пайда болған және бай даму тарихына ие. Дамыған
қоғамның негізінде пайда болған мемлекет оған қатысты салыстырмалы түрдегі
дербестікті иеленеді.
 
 2. Азаматтық қоғамның түсінігі және құрылымы. Азаматтық қоғамң түсінігін
Аристотель, Цицерон, Гроций, Т.Гоббс, Дж.Локк, Гегель, Маркс және т.б.
ойшылдар қалыптастырған. Барлық ғалымдар азаматтық қоғамдағы негізгі идея
ретінде адам идеясын таниды. Азаматтық қоғам–бұл олардың көмегімен жеке
тұлғалар мен топтардың мүдделері қанағаттандырылатын адамгершілік, діни,
ұлттық, әлеуметтік-экономикалық, отбасы институттары мен қатынастарының
жиынтығы.
Азаматтық қоғамның құрылымына мыналар кіреді:
1) мемлекеттік емес, әлеуметтік-экономикалық қатынастар мен институттар
(меншік, еңбек, кәсіпкерлік);
2) мемлекеттен тәуелсіз өндірушілердің жиынтығы (жеке фирмалар және т.б.);
3) қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер;
4) саяси партиялар мен қозғалыстар;
5) тәрбиелеу мен мемлекеттік емес білім беру саласы;
6) мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарының жүйесі;
7) отбасы;
8) шіркеу және т.б.
Азаматтық қоғамның белгілері:
- адам мен азаматтың құқықтар мен бостандықтарының мейлінше толық
қамтамасыз етілуі;
- өзін-өзі басқару;
- оның құрылымдары мен адамдардың әртүрлі топтарының бәсекелестігі;
еркін түрде қалыптасатын қоғамдық көзқарас пен плюрализм;
-  жалпы ақпараттану мен адамның ақпаратпен танысу құқығының шын мәнінде
жүзеге асырылуы;
- өмір сүру координация ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазіргі кездегі мемлекеттік функцияның түсінігі және жіктелуі
Мемлекет және құқықтың жалпы теориясының пәнінен дәрістер
Технократиялық мемлекет теориясы
Әлеуметтік және техникалық нормалардың айырмашылығы
Құқықтық мәдениет ұғымы
Конституциялық құқық жайында
Мемлекеттің құрылым нысаны
Мемлекет ерте таптық қоғамның саяси, құрылымдық, аумақтық ұйымы
Құқықтың пайда болу теориялары
Құқықты реттеу механизмі. Құқықтық құрал: түсінігі және түрлері
Пәндер