Исламдағы діни төзімділік пен толеранттылық мәселесі


Мазмұны
Кіріспе . . . 3-7
І БӨЛІМ. Исламдағы діни төзімділік пен толеранттылық мәселесі
- Толеранттылық ұғымы . . . 7-12
- Исламдағы діни төзімділік . . . 12-19
ІІ БӨЛІМ. Білім мен дәстүрлі дүниетанымдағы толеранттылық
- Оқыту мен тәрбиедегі діни төзімділік . . . 20-32
- Дәстүрлі дүниетанымдағы діни төзімділік мәдениеті . . . 32-42
ІІІ БӨЛІМ. Қазақстанда діни төзімділікті дамыту жолдары
3. 1 Қазақстандағы діни мәселелер мен төзімділік қағидаттары . . . 43-51
3. 2 Қазақстан қоғамындағы діни төзімділік және оны дамыту жолдары . . . 51-59
Қорытынды . . . 60-62
Пайдаланған әдебиеттер тізімі . . . 63-64
Кіріспе
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Дипломдық жұмыста діни төзімділік ұғымының мәні мен тарихи ауқымдылығы кеңінен талданып, оның Исламдық негізі мен қазақ дүниетанымындағы көрінісі ғылыми тұжырым ретінде ұсынылады. Практикалық және тәрбиелік маңызына да мән беріле отырып, зайырлы қоғамның принциптеріне сай толеранттылық ұғымының діни үдерістердегі, өскелең ұрпақты тәрбилеудегі орны сараланды. Сан алуан аспектіде қарастырылатын бұл ұғымның діни танымдағы ролін зерделеу, көп дінді, көп ұлтты Қазақстан қоғамында тұрақтылық пен келісімнің одан әрі дамуы үшін маңызды іс болып табылады. Сондықтан Ислам діні мен дәстүрлі діни танымымыздағы төзімділіктің, бауырмалдық пен қонақжайлылықтың мәнін ашу маңызды. Ол үшін қазақ мұсылмандық түсінігіндегі өзгеге құрмет пен адамгершіліктің тәжірбиесімен таныс болу керек. Жұмыста сонымен қатар тарих ішінде қалыптасқан төзімділік құбылысының тәуелсіз еліміздің бүгінгі өміріндегі феноменологиялық қыры діни тәжірбиеміздің жемісі ретінде айқындалады. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұрудағы дәстүрлі діни танымымыздағы төзімділік дүниетанымының әлеуеті тұжырымдалады.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. ХХ ғасырда жаһандану құбылысының қарқын алуымен қоғамдық ғылым салаларында толеранттылық мәселесіне қатысты пікірталастар қызу талқыға түсті. Ең бастысы, бұл ұғым тек Батыстық ойлау қалпының дәстүрлі проблемасы ғана емес, әлемдік қауымдастықтың ортақ мәселесі ретінде көрініс тапты.
Халықаралық қатынастар мен қоғамның ақпараттық мүмкіншілігінің артуы - мемлекеттер мен ұлттар арасындағы шекаралық кедергілердің әлсіреуіне әсер етті. Сонымен қатар, адамзаттың келер күннен күткен үкілі үміттеріне қарамастан әлем қайшылықты, қақтығысты оқиғаларға толы бола бастады. Этникалық, діни және экономикалық мәселелер халықаралық масштабта да, жергілікті деңгейде де арта түсті.
Сондықтан, қазіргі таңда қоғамның дамуы үшін ең алдымен жалпы халықтың өмір сүруі мен еркін дамуына қажетті ойлар мен ұстанымдардың маңызы арта түсуде. Олар: қоғамдық қатынастардағы этика және күш қолданбау ұстанымы, бөтен көзғарастарға, құндылықтарға, мәдени ерекшеліктерге деген төзімділік идеясы және өзара түсіністік пен еркін сұхбатқа әрдайым ашық болу позициялары. Бұл өз кезегінде толеранттылық құбылысының тарихи тәжірбиесіне қайта қарау мен оның қазіргі заман адамының моральдық-этикалық тұрғыдан жетілуіндегі орнын бағамдауға итермелеуде.
Әртүрлі мәдениет пен дін өкілдерінің арасындағы қарым-қатынастарды реттеуде төзімділік проблемасын шешудің әжептеуір тәжірбиесі жинақталған. Сондықтан да, діни және мәдени дәстүрлердің өзара сұхбаттасу тәжірбиесін ғылыми тұрғыдан талдап, қазіргі жағдайда қолданысқа енгізу - өте жауапты міндет болып отыр.
Қазіргі таңда «толеранттылық» - адамзат қоғамының барлық саласында тұтастық пен келесімге қол жеткізуінің басты шарты ретінде маңызды орынға ие. Бұл контексте төзімділік әртүрлі құндылықтар мен көзғарастарға жағымды қатынас күйінде ғана емес, кейбір жағдайларда маңызды міндет (императив) түрінде саналуы тиіс.
Плюрализм мен тең сұхбатқа негіздеп, мемлекеттік құрылымын жаңаша қалыптастырған Қазақстан жағдайында толеранттылық құбылысы әлеуметтік топтасудың басты қағидасы болып, өте маңызды роль атқаруда.
Осы арада діни төзімділік мәселесін мемлекет құрушы өзек ұлттың діни тәжірбиесіне сүйене отырып қарастыру маңызды. Қазақ халқының дәстүрлі діни танымындағы өзге ұлт пен ұлысқа кең көзғарастың болуы Евразия кеңістігін еркін жайлаған көшпелі болмысының ерекшелігі мен ислам діні негізінде қалыптасқан мәдени дәстүрлерінің адамгершілік потенциялының тереңдігінде деп бағалауымыз керек. Зайырлы қоғам принциптеріне сай мемлекет құрудағы мақсатымызда қазақ мәдениетінің рухани бай мұрасын жаңа заман талаптарына сай түлету үдерістерімен байланысты жүріп отыруы тиіс. Мемлекеттің зайырлылығы оның дамуының және модернизациялануының кепілі болып табылады. Қазақстанда діни көзқарастардың руханисыздануы мен радикалдануына жол беруге болмайды. Мемлекеттің зайырлылығы әртүрлі діндерге деген құрмет пен діни төзімділікті айқындай отырып, қоғамда адамгершілілік пен ізгіліктің зайырлы түрін қалыптастыруға ықпал етеді. Өз отанын сүйетін, өз елінің патриоты болып табылатын зайырлы азаматтарды тәрбилейді және сонымен бірге сол мемлекетке тән дәстүрлі дінді және ұлттық мәдениетті нығайту үдерістерін жоққа шығармайды. Зайырлы қоғам қалыптастыру ісі өз кезегінде дінаралық толеранттылықты жоққа шығармайтын жаңа діни мәдениетті қалыптастыруға, сонымен бірге елдің ұлттық ерекшелігін сақтауға ықпал етеді.
Дипломдық жұмыстың зерттелу деңгейі «Толеранттылық» ұғымы қазіргі таңда мәдениеттану, психология, социология, дінтану, құқық теориясы секілді т. б гуманитарлық ғылымдарда кеңінен қолданылады. Сан түрлі аспектіде қарастырылатын, сонымен қатар әр ғылымға сай терминдік мазмұны құбылып отыратын төзімділік ұғымын діни аспектіде ашу үшін оны қоғамдық ғылымдармен байланысты қарастырмау мүмкін емес.
Толеранттылық мәселесі сонау антика дәуірінен бастап философиялық, антропологиялық зерттеулерде маңызды категория болып, зерттеу нысанына айналған. Аристотель, Гераклит, Платон шығармаларында «сабырлық», «төзімділік» және «алтын орта» секілді синонимдес ұғымдар арқылы қоғамдық келісім мен адамгершілілік қатынастардың тұжырымдамалары көрініс тапқан.
Орта ғасырдың діни-философиялық дәстүрінде А. Августин, К. С. Тертуллиан, қайта өрлеу және жаңа заман дәуірлерінде Н. Кузанский, Дж. Локк, М. Монтен, Э. Ротгердамский секілді философтар адам болмысындағы толеранттылық құбылысын антропологиялық негізде қарастырды.
Неміс классикалық философиясында И. Кант, Л. Фейербах, XX ғасырда З. Фрейд, Э. Фромм, М. Бубер, М. Шелер бұл тақырыпты психологиялық, антропологиялық философия шеңберінде талдап, ғылыми тұжырымдардың көкжиегін тереңдетті.
Орыс ғалымдарынан Н. А. Бердяев, И. А. Ильин, В. С. Соловьевтарды айтуға болады.
Ислам мәдениетінің негізгі ұстыны саналатын Құрандағы антропологиялық, моральдық және әлеуметтік, қоғамдық келісімге қатысты тұжырымдарды талдап жеткізу барысында діни төзімділік мәселесі феноменологиялық ақиқатқа айналды. Құрандағы толеранттылық ойларды интерпритация жасаған Пайғамбар хадистері Ислам дініндегі төзімділік қағидаларының бастау бұлағы болып табылады.
Сопылықтың теориялық негіздемесін жасаған Ибн Араби, Әл-Ғазали секілді ғалымдар адамды сүю, рухани кемелдену мәселелерін талдаған моральдық-этикалық тұжырымдамаларында төзімділік, сабырлылық, барша адамға сүйіспеншілік, басқа діндердегі рухани өлшемдердің салыстырмалы құндылығын бағалау секілді толеранттылықтың негізгі ұстыны саналатын категориялық құбылыстарды талдай білді.
Ислам философиясы өкілдерінен Әл-Фараби, Ибн Сина т. б. дін, саясат, этикаға қатысты еңбектерінен төзімділіктің, қоғамдық өмірдегі үйлесімділіктің антика философиясының қалыптары арқылы Ислам ұлағатына сәйкес ғылыми тұжырымдалғанын тануға болады.
Қарахан дәуіріне тән мұралардың ішінде діни дидактикалық шығармаларымен «толеранттылыққа» құнды үлес қосып, рухани сүрлеу қалыптастырған Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Ясауи, Ахмет Жүгнеки, Сүлеймен Бақырғани т. б. атаймыз. Қазақ ақын жырауларынан Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Шораяқтың Омары, Сәттіғұл Жанғабылұлы, Аралбай Оңғарбекұлы сынды дүлдердің жыр жолдарынан адамзаттың бірлігі мен терең сүйіспеншілікті паш еткен ойларды кезіктіреміз.
Отандық зерттеушілерден бұл тақырыпты діни-философиялық аспектіде Ә. Нысанбаев, Ғ. Есім, Д. Кенжетай, С. Әмірғазин, Б. Шапиевтер, Н. Нұртазина т. б. ғалымдар зерттеген. Саясаттану ғылымында Р. Джалилев, Р. Мамырбековтың еңбектері Қазақстандағы діни, мәдени, ұлттық интеграциялану процессінің жаһандану құбылысымен байланысты қырларын саралап көрсетті.
Дипломдық жұмыстың негізгі мақсаты Толеранттылық ұғымының қоғамдық тұрақтылық пен келісімнің басты шарты ретінде ролін діни аспектіде қарастыру. Қазақ мұсылмандық түсінігіндегі төзімділік дәстүрінің мәнін ашып, зайырлы, құқықтық мемлекетіміздегі діни экстремизмнің алдын алудың тұжырымдамасын анықтау.
Дипломдық жұмыстың мақсатына сәйкес мынадай міндеттер алға қойылды:
- Төзімділік ұғымының сан түрлі аспектідегі мәнін қарастыра отырып, оның діни үдерістер арқылы құбылысқа айналғанын тарихи-салыстырмалы түрде ашып көрсету;
- Зайырлы ел ретінде діни төзімділік дәстүрі мен қоғамдық келісім сүрлеуін құқықтық тұрғыдан негіздеп, бейбітшілікті саяси бағдарына айналдырған еліміздегі толеранттылық құбылысын теориялық және тәжірбиелік тұрғыдан сараптау;
- Қазіргі заманғы білім беру процесінде жастарды әртүрлі мәдениет пен діни дәстүрлердегі рухани өлшемдердің салыстырмалы құндылығын бағалауға үйрету. Жалпыадамзаттық құндылықтарға деген құрмет көрсетудің тәрбие саласындағы маңызын ашу;
- Ислам дініндегі төзімділік дәстүрінің негіздерін Құрандағы антропологиялық, моральдық тұжырымдарға сәйкес талдау. Өзге діндегілермен көркем диалогқа, тең сұқбатқа шақырған Құран үндеуінің аксиологиялық қырын қарастыру;
- Діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұрудағы дәстүрлі діни танымымыздың ролін бағамдау. Қазақ мұсылмандық түсінігіндегі төзімділік дүниетанымының ерекшелігін көрсету;
Зерттеудің теориялық және методологиялық мәні. Дипломдық жұмыста алынған негізгі нәтижелерді, тұжырымдарды, қорытынды ойларды дінтану, теология, Ясауитану пәндерін оқыту барысында қолдануға болады. Педогогика, психология пәндерінде төзімділік мәдениетін қалыптастыру бағытындағы ізденістерге пайдалануға болады. Саясаттану, құқықтану саласында да толеранттылық ұғымын талдауға пайдалы тұжырымдар ұсынады.
Зерттеу жұмысының нысаны - Қоғамдық қатынастар мен діни үдерістердегі толеранттылық ұғымының орны.
Зерттеу жұмысының пәні - Толеранттылықтың діни аспектідегі ролі мен қоғамдық келісімдегі маңызы.
Дипломдық жұмыстың құрылымы. Дипломдық жұмыс кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады. Жұмыстың жалпы көлемі - 65 бет.
І БӨЛІМ. Исламдағы діни төзімділік пен толеранттылық мәселесі
- Толеранттылық ұғымы
Толеранттылық (ағылш. tolerance - төзімділік, көнбістік) - басқа ойға, көзқарасқа, наным-сенімге, іс-әрекетке, әдет-ғұрыпқа, сезім-күйге, идеяларға төзімділік, жұмсақтық кәрсете білу қасиеті. Толеранттылық - адам құқығы мен бостандығы, плюрализммен қатар негізі демократиялық принциптердің бірі болып есептеледі. Толеранттылық - қоғамның жалпы және саяси мәдениетінің деңгейінің көрсеткіші. Сондықтан толеранттылықтың діни, саяси, қоғамдық, ұлттық, мәдени ерекшелікке, т. б. қатысты кең ауқымды түсіндірмесі орын алады. Адам бойындағы психологиялық көрсеткіш ретінде толеранттылық ұғымы педогогикалық, философиялық, дүниетанымдық, антропологиялық зерттеулерде маңызды категория болып саналады. Қазіргі таңда кең мағынаны қамтып, ашық қоғамдық құрылыстың көрсеткішіне айналған төзімділік ұғымы - діни үдерістерден бастау алатын қоғамдық құбылыс.
Өзара төзімділік, бөтенді шеттетпеу, толеранттық мінез таныту мәселесі XVI ғасырда Еуропада діни қозғалыстар мен діни жіктерге байланысты туған. Тарихта протестант пен католиктердің бір-бірін жатсынбауға, көзғарастарына түсіністік танытуына арналған декреттер, заңдар қабылданып, бөтен діндерді қудалауға, үстемдік жүргізуге тыйым салынғаны белгілі. Бірте-бірте конфессиялардың біржақты төзімділігі өзара діни төзімділікке, діни салт-жораларды еркін атқаруға, сенім бостандығына негізделе бастады. Діни көзғарастарға еркіндік берілуімен қатар оны сыйлауға, адамның сенім бостандығына құқықтық кепілдік көрсетуге қадамдар жасалды. Өзара сыйластық пен толеранттылық сананы қалыптастыруға әкімшілік, авторитарлық жолмен қол жеткізуге болмайтындығына көз жеткізілді. Сөйтіп, дінді уағыздаушылардың билігіне шек қойыла бастады. Ал, толеранттылық термин ретінде ғылыми айналымға XVIII ғасырда енді. Европада зайырлылық ұстанымына негізделген мемлекеттік модельдердің құрылуы осы категорияның қоғамдық ғылымдарда және саяси үдерістерде кең талқыға түсуімен байланысты көрініс тапты деуге болады. Кеңес үкіметі кезеңінде тотаритарлық жүйенің үстемдік етуімен бұл түсінік пен ұғымның саяси және қоғамдық өмірде қолданыстан шығып қалғаны шындық. XX ғасырдың 90 жылдары ТМД кеңістігіндегі елдердің тәуелсіздік алуларымын бұл үдерістің көрінісі қайта жанданды. Ең алдымен құқықтық тұрғыдан қайта жасақталған жас мемлекеттердің басты заң актілерінде әр азаматтың сенім бостандығына кепілдік берілді. Қазақстан Республикасының Конституциясында және «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» заңында зайырлылық нормаларға сәйкес діни төзімділіктің құқықтың шеңбері бекітілген.
Қазіргі таңда, аталмыш ұғымның құқықтық қырының мәнін тереңірек ашу үшін оның Халықаралық маңызы бар құжаттардағы түсіндірмелеріне де тоқтала кеткен жөн. БҰҰ жарғысына сәйкес «толеранттылық - азаматтардың төзімділік көрсету арқылы бірлікте өмір сүріп, тату көршілер ретінде бір-бірімен бейбітшілікте тіршілік етуі». Бұл жерде төзімділік түсінігі қоғамдық белсенділік сипатында ғана емес, әлеуметтенудің (социализация) маңызды шарты болып айқындалып тұр. Қоғамдық қатынастардың жағымды интеграциялануының басты құндылығы саналып, өзіңмен ғана емес қоршаған әлеммен, адамдар тобымен үйлесімділікте ғұмыр кешудің негізгі сипаты ретінде қарастырылған. ЮНЕСКО-ның «Толеранттылық принциптерінің Декларациясында» (1995 ж. ) : «Толеранттылық - саяси, діни, ұлттық және басқа да қоғамдық топтардың үйлесімді тіршілігін қаматамасыз ететін азаматтық қоғамның негізгі әлеуметтік қағидасы мен құндылығы, әр тұлғаның бірегейлігінің құқықтың көрінісі, әлемдегі мәдениеттердің, ұлттардың ерекшеліктеріне деген құрмет. Сонымен қатар, азаматтардың тілі, діні, дәстүрі мен көзғарастарының алуан түрлілігіне түсіністікпен қарау және әрдайым ынтымақтастыққа дайын болу» деп көрсетілген [1, 93б. ] . Демек толеранттылықты мәдениеттерде, діндерде, ұлттық тұрпаттарда көрінетін дүниенің сан алуандылығына деген сүйіспеншілік деп қабылдасақ болады. Алайда мұнда бір шектеудің бар екенін естен шығармаған жөн: бұл сан алуандылық адамзаттық ортаның жалпы мойындалған нормаларының шегінен шықпауы тиіс. Толеранттылық қағидатсыздық дегенді емес, мәмілеге келуді көздейді. Мұнда қайырымды Августиннің: “басты мәселеде - бірлік, даулы мәселеде - еркіндік, барлық мәселеде - сүйіспеншілік” деген сөздерін еске алу артық болмайды.
Философиялық сөздіктерде толеранттылыққа былайша анықтама береді: Толеранттылық - түрлі көзғарастарға, моральдық құндылықтар мен әдеттерге деген төзімділік. Толеранттылық - әртүрлі ұлттар мен діндердің ерекшеліктеріне деген қатынас барысында қажетті құбылыс. Ол өзіне деген сенімділік пен өз ұстанымдарының қолайлылығын, басқаларға жағымсыз әсері жоқтығын түйсіне білу, басқа көзғарастармен салыстырулардан қашпайтын және бәсекелестіктен қорықпайтын, сонымен қатар, әртүрлі идеялық бағыттарға ашықтық таныту дегенді білдіреді [2, 457б. ] . Яғни, бұл жерде басқа көзғарастарға кеңшілік таныту қасиеті, өз ұстанымыңа деген адалдық пен сенімділікті игеру барысында қалыптасатын қасиет ретінде бағаланып тұр. «Өзіне жаны ашымаған, өзгенің бетін шиедей қылады» деген мақалда айтылатын ұлағат, толеранттылық ұғымының мәнін ашып тұр деп айтуға болады. Саяси, діни, идеялық, ұлттық, мәдени т. б. құндылықтарды тұтыну барысында өзіндік болмыстық сипатына сай ерекшеліктерді қадірлей білгендер бұл айырмашылықтардың басқада формаларының салыстырмалы құндылықтық өлшемін сыйлай білетін, олармен өркениеттік өреде басекелестікке түсе білетін төзімділікке дағдыланады.
Енді бұл ұғымның әртүрлі аспектілерде қарастылыратын универсалды сипатына тоқтала кеткен орынды. Медицина, жаратылыстану ғылымдарындағы анықтамаларынан бөлек қоғамдық ғылымдардағы түсіндірмелерінің өзі де жетерлік. Бізге маңыздысы сол дін мен қоғам арасындағы байланыстардың желісі ретіндегі қоғамдық сипатқа ие түсіндірмелері. Себебі мәдениет, дүниетаным, қоғамдық қатынас, философия сынды дисциплиналардың барлығының негізінде діни үдерістердің орнын жоққа шығару мүмкін емес. Дін - мәдени құндылықтардың, дүниетымдық негіздердің ерекшелігін айқындайтын сенімдік институт. Әрбір халықтың ұстанатын дінінің өзегінде өзіне тән мәдени болмысы мен ұлттық ерекшеліктері қалыптасады.
Қоғамда толеранттылық әртүрлі мәдени-әлеуметтік байланыстар арқылы іске асады. Сондықтан әлеуметтік байланыстардағы торлеранттылықтың базалық негіздері ретінде оның мінез-құлықтық, діни, саяси, құқықтық және педогогикалық формаларын қарастыруға болады.
- Мінез-құлықтық толеранттылық индивидтердің өзара көмек пен бейбіт қатынасқа деген ішкі бейімділіне және олардың рационалды түрде басқалардың алдындағы міндетін сезінуімен байланысты болады.
- Педогогикалық толеранттылық баланы қалыптасып келе жатқан тұлға ретінде түсінуді, сонымен қатар тәрбие беруші мен тәрбиеленушінің арасында рухани теңдіктің болуын қамтамасыз етеді. Тәрбие мен білім беруде толеранттылықтың болуы үшін негізгі принциптер - плюрализмнің болуы, еркін тәрбиелеу, күш қолданбай тәрбиелеу, сұқбат пен бейбітшілікті сүюге дүниетанымдық ықпал жасау. Қазіргі заманғы мектептердің міндеті педогогикалық құрамның толеранттылық мәдениетін көтеру, ал практикалық жағына келетін болсақ, білім берудегі адамгершілік, сүйіспеншілік қатынастарды дамыту болып табылады.
- Саяси толеранттылық - прагматикалық ұстанымдарға сәйкес қоғамдағы түрлі топтар мен ұлттық азшылықтар арасындағы келісім, компромисс, консенсус көрінісінде саясаттың әлеуметтік-мәдени мазмұны болып айқындалады. Құқықтық тұрғыдан саяси толеранттылық азаматтардың тең құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін құқықтың актілерге, заңдарға негізделеді.
- Толеранттылық дәстүрін діни-философиялық аспектіде қарастыратын болсақ қоршаған ортаға деген төзімділік қағидаттары жаман қылықтар мен төзімсіздік мінезді сынға алумен көрініс табады. Екіжүзділік, зұлымдық, өтірік айту, менмендік секілді жаман қасиеттер төзімсіздік пен қоғамдағы тұрақсыздықтың көзі болып айыпталады.
Батыстық діни-философиялық ойлау қалпы бойынша адам қоршаған әлемді өзгерту арқылы өзі де өзгеріп, тұрақтылық пен үйлесімділікке қол жеткізе алады. Ал, шығыстық дүниетаным өзегінде өзін рухани кемелдену арқылы ғана адам әлемді өзгертіп, қоғамның дамуына ықпал етеді алады деген дүниетанымдық ұстаным бар. Құранда толеранттылық иман келтірушілердің Алланың қалауының өз өмірлерінде қатыстылығын сезінулері ретінде айқындалады.
Дін - қоғамдық қатынастарды реттеуші құбылыс ретінде әрі мәдени болмысының өзегі ретінде кез келген ұлт пен ұлыстың, тайпалар мен мемлекеттердің тарихында терең із қалдырып келеді. Қанша жерден дамып, технократтык өркениеттің өкілі ретінде жетістіктерге жетсек те, діни тіршіліктен тыс өмір сүре алмайтынмыз қазіргі күні дәлелденіп болды. Құдайды жоққа шығарған ең алғашқы әрі соңғы «Қызыл империя» шылпара ыдыраған соң, жаһандық мәдениеттің жойқын ықпалына тап келген Қазақстан қоғамында дін құбылысы өзінің жандылығын танытып келеді. Міне, осы арада әрбір азаматтың өзінің діни тамырымен, өз ұлтының даму тарихындағы рухани қайнарларымен таныс болуы - тарихи сабақтастық тұрғысынан да, қоғамның мәдени тұтастығын қамтамасыз ету тұрғысынан да маңызды іс болып табылады. Әрі тұрақтылық пен өзара түсіністіктің берік негізін қалауға ықпал етеді. Себебі, өткенің мен бүгінің тұтастықта қарастырылса, болашақтың бағдары да соншалықты айқын бола береді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz