Туған халқына мәңгілік мұра болған Мұхтар Әуезов



Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 17 бет
Таңдаулыға:   
МҰХТАР ӘУЕЗОВ (1897-1961)

Туған халқына мәңгілік мұра болғандай ғасырлық туынды
сыйлау тек қадау-қадау ұлылардың ғана үлесіне тиген. Солардың бірі -
Мұхтар Әуезов.
(З. Қабдолов.)

Мұхтар Әуезов туындылары әлемдік әдебиеттің айдынына мөлдір
бұлақ болып құйылып, күллі адамзатқа ортақ рухани қазынаға
айналды.
Мұхтар Әуезов қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында 1897
жылғы 28 кыркүйекте дүниеге келді. Әкесі Омархан, атасы Әуез Абай аулымен
іргелес отырып, айналасындағы адамдармен достық көңілмен араласа білген.
Әуездің өзі Абайдың өлеңдерін сүйіп оқыған, түрік, парсы әдебиетінен
хабары мол, ескіше сауатты, еліне қадірлі адам болған.
Атасы Әуез, әжесі Дінәсіл немерелеріне Абай өлеңдерін қайта-қайта
айтқызып тыңдап отырған. Ол жөнінде жазушы: Бір қыс, бір жазда Абайды
түгелге жуық жаттап алдым деп кейін еске алады. Бұл жас Мұхтардың мейірін
қандырған қайнар бұлақтың мөлдір суындай болып, оның болашақ өміріне,
шығармашылық тағдырына игі әсерін тигізеді. Атасы Әуездің жәрдемімен, бір
жағынан сол кезде ел арасына көп таралған қиссалар мен аңыздарды, өлең-
жырларды, екінші жағынан Абайдың шығармаларын көп тыңдап, жаттап өскен
Мұхтардың бойында көркем әдебиетке деген ықылас, құмарлық ерте оянды.
1928 жылы жазылған "Өз жайымнан мағлұмат" атты өмірбаянында жазушы.
"Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен
асым, алған нәрімнің барлығы да Абайдан. Таза әдебиет сарынына бой ұрғанда
маған Абай деген сөз қазақ деген сөзбен теңбе-тең түскендей кездері бар
сияқты. Абайды сүюім үнемі ақылдан туған, сыннан туған сүйіс емес, кейде
туған орта, кір жуып, кіндік кескен жерді сүюмен барабар болатыны бар" деп
жазды.
Осы сөздердің өзінен-ақ жазушының бүкіл шығармашылығына, жан-дүниесіне
Абай туындыларының әсер-ықпалы, үлгі-өнегесі айрықша екені көрінеді. Әкесі
қайтыс болғаннан кейін он бір жасар Мұхтар Семей қаласында ағасы
Қасымбектің тәрбиесінде болып, 1908 жылы бес жылдық орыс училищесіне
түседі. Оны бітірген соң төрт жылдық мұғалімдер семинариясында оқып, 1919
жылы бітіріп шығады. Бұл кезең жазушының ғылым-білімге деген ізденісі, орыс
әдебиетімен, Батыс Еуропа әдебиетінің таңдаулы үлгілерімен өте жақын, терең
танысқан жылдары болды.
Семинарияның орыс тілі мен әдебиет пәнінің оқытушысы В.Попов өз
естелігінде: "М.О.Әуезовпен тұңғыш рет 1916 жылы таныстым. Алдыңғы партада
отыратын он сегіз жасар сыпайы, сұлу жас қазақтың денесі сыптай түзу, киімі
сәнді, тап-таза, қою шашы қап-қара, кең маңдайы кере қарыс, қоңырқай жүзі
байсалды, маңғаз, көзінде ақыл тұнып тұр... Қадір-қасиеті өз ортасынан
өзгеше бөлек осы жігіт орысшаға өте-мөте жетік. Ал эрудициясына бәріміз таң
қалатынбыз" дейді. Бұдан болашақ жазушының жан-жақты білімі, жоғары
мәдениеті, қарапайымдылығы мен адалдығы, ойының тереңдігі семинария
қабырғасында жүрген кезінде-ак ерекше байқалғанын көреміз.
1919 жылы Мұхтар Әуезов семинарияны бітіріп шығып, бірыңғай әдеби
қызметпен шұғылдана бастайды. Ауыз әдебиетінің асыл нұсқаларын өңдеп,
қазіргі өскелең өмір талабына сай әдебиеттің қажетіне пайдалану үлгісін
өзінің жазушылық тәжірибесімен көрсетті. "Еңлік-Кебек", "Айман-Шолпан",
"Қарақыпшақ Қобыланды" пьесалары соның куәсі.
М.Әуезов 1928 жылы Ленинград университетінің филология факультетін,
1930 жылы Ташкент қаласындағы Орта Азия университетінің аспирантурасын
бітіреді.
1917 жылдан басталған алғашкы шығармаларының өзінде-ақ жазушы қазақ
елінің тіршілігі мен тынысын зер салып, терең үңіліп, зерттей отырып
көптеген тарихи және әлеуметтік мәселелерді көрсетуге күш салды. Бұл
М.Әуезов талантының жан-жақтылығын, білім дәрежесінің молдығын
танытты.
1917 жылы алғашқы шығармаларының бірі "Қазақтың өзгеше мінездері"
Ташкентте шығатын "Алаш" газетінде жарияланды. "Адамдық негізі - әйел"
мақаласы Семейде шығатын "Сарыарқа" газетінде басылды.
Бұл мақалаларында, қазақ халқының ғасырлар бойы талай қиыншылықтарды
басынан өткізіп күресе білгенін, сонымен бірге кейбір мінезіндегі сүйекке
сіңген жаман әдеттерден арылу оңайға соқпайтынын дәлелдеп ашып көрсетеді.
Мысалы, ел арасындағы парақорлық, жалқаулық, сауатсыздык, т.б. сияқты
түрлі келеңсіз әдеттерді сынай келе, солардан құтылудын бір жолы оқып,
білім алуда жатқанын айтады. "Жалғыз-ақ үмітіміз, каруымыз - оқығандарда.
Оқығандар ендігі жас балаларды өздері үлгі болып, надандықтан
шығарып, адамшылықтың жарық жағына сүйреуге міндетті.
Соларға "қазақтың мінезін тастап, айнымай, қажымай, таза жүрекпен
кемшіліктерге қарсы түрьш, бірлік жібіне жармасуынан басқа не тілей аламыз"
деп жазған еді. "Адамдық негізі - әйел" атты мақаласында автор әйелдің
қоғам өмірінде атқарар рөлін дәлелдеп, ашып танытады. Әйелді қоғамдық
ортанын ұйытқысы ретінде бағалайды. Әйел басындағы тұман айықпай, халыққа
адамшылықтың, бакыттың күні күліп қарамайды. Өйткені адам қоғамындағы
адамгершілік - ана тәрбиесінің нәтижесі. Ал өмірде өділет, махаббат деген
нәрсенің атын естімеген ананың адамдыққа тәрбиелеудегі өрісі кандай болмак?
"...Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе! Оны
түзейін десең, әйелдің халін түзе!" деп нақты, дәлелді тұжырымдайды. М.
Әуезов қазақ әйелінің бүкіл болмысына, жан-дүниесіне, сезім сырына терең
үңіліп, ерекше ықыласпен суреттей білді. Әдебиеттің өшпейтін, мәңгілік
тақырыбы - әйел болса, оны жан-жақты танытып, әсемдік әлемін жеткізе
бейнеледі.
әсіресе, адамды өмір сүруге ұмтылдыратын, сол өмірді сүйіп, бағалауға
тәрбиелейтін "Абай жолы" сияқты таңғажайып шығармада жан тебірентер әр
түрлі қылық-мінездерімен, іс-әрекеттерімен бірін-бірі қайталамай толықтырып
отыратын, қиналыс-ізденісі, сүйініш-күйініші еріксіз елжіретіп, өзіне
тартатын бір топ әйелдер бейнесін жасады.
1917 жылы "Еңлік - Кебек" пьесасы қойылып, "Алаш", "Сарыарқа"
газеттерінде, 1918 жылы "Абай" журналында жиырмаға тарта еңбектері басылды.
Қазақ топырағында драматургиялық дәстүрінің жоқтығына қарамай, басқа
елдер әдебиетінен үйрене отырып, жанр шарттарына толық сай келетін "Еңлік-
Кебек" трагедиясын тудырды. Драма заңдылықтарын жете меңгергенін танытты,
оның іргетасын қалады. "Еңлік-Кебек" пьесасы Әуезов творчествосында да,
қазақ әдебиеті тарихында да айрықша орын алады.
1917 жылы мамыр айында Ойқұдық жайлауында Абайдың аяулы жары Әйгерімнің
сегіз қанат үйінде "Еңлік-Кебек" пьесасы қойылды.
"Еңлік-Кебек". Пьесаның негізгі мазмұнына арқау болған - Әуезов туып
өскен Абай елінде, Шыңғыстау жерінде XVIII ғасырдың 80-жылдарында болған
қанды оқиға. Бір-біріне жауласқан екі елдің батыры Кебек пен ару қызы Еңлік
бірін-бірі сүйіп табысқандарын екі жақтың да билеушілері кешірмейді. Мұның
аягы үлкен дау, ерегіске әкеліп, жан түршігер шешімге келеді де, екі жасты
ат құйрығына байлап сүйретіп өлтіреді.
Автор халықтық аныздың негізіне сүйене отырып, алғашқы нұсқаларға
жаңаша өзгерістер енгізіп, шын мағынасындағы сахналық шығарманы өмірге
әкелді. "Еңлік-Кебек" пьесасын автор бірнеше рет өңдеуден өткізіп,
толықтырудың аркасында шытырман оқиғасы шыңыраудай терең, тіл көркемдігі
керемет шұрайлы нағыз классикалық пьесаға айналдырды.
Пьеса Абыз монологынан басталады. Абыз өзінің өзек-жарды сырын
толғайды. Абыз бейнесі болашақты болжауды көксеген ел арманынан хабар
береді.
Абыз - халық арманының қасиетті идеясын арқалаушы жан. Мысалы, мәтінге
үңілсек:
Құйрығы жоқ, жалы жоқ.
Құлан қайтіп күн көрер.
Аяғы жоқ, қолы жоқ.
Жылан қайтіп күн көрер!
Жазушы Абыздың осы толғауын белгілі Асан қайғының үніне үн қосып айтқан
сөздерімен ұластырады. Асанша толғанып:
Тұнығым лай болды,
Уа, тұнығым лай болды.
Қуғыншым құмай болды,
Құтылар қайран жоқ,
Сор қамар сынай болды...

Алданар жоқ, арман көп.
Көріп қайтіп күн көрері
Жарастық жоқ, жалын жоқ,
Жарым қайтіп күн көрер!
Барары жоқ, байлау жоқ,
Ерім қайтіп күн көрер!
Бәріннің де нәрің жоқ,
Елім қайтіп күн көрер?..
Бүкіл халқының ой-арманын, мұң-шерге толған тағдырын зарлап, күңірене
жеткізуі тыңдаушыға ерекше әсер ететіні сондай, Абызбен бірге толғанып, үн,
қосып, күңіренесің.
Абыз - имандылықтың насихатшысы, бұл пьесада халық даналығының
символы ретінде көрінеді. Драмадағы әр кейіпкер сөзі өзін таны деп
тұрғандай. Қимыл мен диалогқа ғана құрылатын драматургияның жанрлық
ерекшелігі де айқындала түседі.
Батыр Кебек. "...Өз көңілімді барласам, дүниенің бәрі дос. Жарқыраған
күн де дос, тұнжыраған түн де дос. Бәріне де жаным шат! ...Сүйерім мен
сүйсінерім мүлде көп. Сауық құрам - ән сүйем, жалын ұрам - жар сүйем.
Қазір де, міне, сүйгендеймін, ынтығамын. Бірақ қайда сол, кім сол өзі,
кезікпедім, таппадым. Тек алдымда нәркес қана қара көз. "Ізде мені, тап
мені!" - деп, тұнжырап қана бір қарап, наз тастап қана бір кетеді!"
Бұл сөздер жалғыз Кебек сөзі емес, Кебек сияқты жас адамның ішкі
толғанысы, жан сыры екені толық көріне береді. Пьесада батырдың жігіттік,
адамдық қасиеттері, ақыл-парасаты Еңлік сөзіне берілген жауаптан анық
байқалады. Драманың барысы халық поэзиясының дәстүрлі ізімен астасып жатыр.
Еңліктің ата-анасымен қоштасу өлеңінен мұң боп төгілген көздің жасын
көреміз. Жылап тұрса да ертеңіне үміт артқан Еңліктің жүрек жарды сырын
танимыз.
Мысалы:
Ата-анам ақ батаңды аттап кеттім,
Тентек ел талқысына тастап кеттім.
Болсам да шұбар жылан іштен шыққан,
Қарғамас деген сенім сақтап кеттім.
Немесе:
Білмеймін қандай асу жолда жатыр,
Құз бе екен, қия ма екен таңдай татыр.
Сиынып аруақ пен бір Құдайға,
Ұстадым етегіннен баста, батыр! -
десе, енді бірде жас ару:
Жар көрсе, сүйінеді сағынған жас.
Толқытпай ауған көңіл ерікке қоймас.
Сұраймын уәдені ұстап келді ме деп,
Бауырына, жан батырым, айтшы, жартас! -
дей келе өз құпиясын білдіреді.
"...Мен төкпеген жас, шертпеген тер бар ма еді бауырыңда. Игілікпен
сәтті сәскеде келтір жалғыз арман жанымды ...жалғыз тірек жарымды!.." Осы
жолдардан-ақ оқырман алып ұшқан, асқақ албырт сезімді танып, қыз жүрегінің
лүпілін естігендей әсерге бөленеді.
Еңлік мінезінің ұстамдылығы, аз күндік қызыққа қызығу емес, баянды
сүйіспеншілікті аңсаған жүрек дүрсілі, арман-тілегі Кебекпен арадағы
диалогта жақсы ашылған. Осының бәрін жазушы мейлінше көркем бейнелейді. Сөз
сиқыры, суреткерлік шеберліктің құдіретті күшін тани түсеміз.
Батыр Есен. Ол даңғой, мақтаншақ, өркөкірек, алдауға оңай түсіп қалатын
аңғал адам түрінде суреттеледі.
Абыз сөзіне тосылып жауап таппай сасқалақтаған түрі: "Болды, баба!
Тоқта, баба, толас бер. Жеңілдім, жеңдің сен мені..."
Ел намысы үшін жаумен егесудің орнына, өзіндей батыр Кебекпен
бәсекелесуінен Есеннің үйтентек (ұсақ) батыр екеніне шүбә келтірмейміз. Бұл
азаматтыққа үлкен сын екенін түсінген оқырман ажуалай қарап, еріксіз
ойланады.
"Еңлік-Кебек" пьесасы - қазақ әдебиетінде ғана емес, тарихы үлкен ірі
әдебиеттердің осы жанрдағы үлгілерімен теңдес түсетін шығарма. М.Әуезовтің
драматургия саласындағы еңбегі қазақ көркем өнерін ілгері дамуытуда,
ұлттық театр шаңырақтарын көтеруде ерекше рөл атқарды.
Қазақ драма театры 1926 жылы тұңғыш реет өзінің шымылдығын "Еңлік-
Кебек" трагедиясымен ашты.
Әңгіме қазақ әдебиетінде нағыз көркем жанр ретінде Әуезов суреттеуінде
өзгеше жаңа, тың сипатқа ие болды.
Жазушының Еуропалық прозаның деңгейіндегі алғашқы көркем шығармасы -
1921 жылы жазылған "Қорғансыздың күні" атты әңгімесі. Жазушы өмір шындығын,
заман сипатын адамның тіршілік-тынысымен байланыстыра, сабақтастыра шебер
әңгімелеп жеткізеді. Оқиға басталғаннан-ақ оқушыны қорқынышты бір үрей
сезімі билейді.
Тағдыр тауқыметін арқалаған жүдеу үйде соқыр әйел, кәрі әже, жас
қыздың зарлап қалуы кімді болса да тебірентпей қоймайды. "Бұлардың
басынан тағдырдың дауылы жаңада ғана соғып өткен. Қораның алдындағы жас
бейіт сол дауылдың салдарынан туған. Бұл әйелдердін қуаныш-
қызығы да, үміт-қорғаны да сол суық қабірге өліктермен бірге көмілген. Ол
қабірде жатқан Ғазизаның әкесі Жақып және жалғыз кішкене бауыры Мұқаш". Тек
Ақан сияқты қатыгез, жауыз болыс қана міз бақпай, өзінің айуандық бет-
пердесін біртіндеп ашады. Жас қызды зәбірлеп, зорлық көрсетуі
Ақанның азғындығына, адамгершіліктен жұрдай екеніне оқушының көзін әбден
жеткізеді. Сондай-ақ, Ақан, Қалтай сияқтылардан ешқандай жақсылық
күтуге болмайтынын түсініп, ұғынады. Қорлыққа жаны төзбеген, жауыздықтың
құрбаны болған Газизаның әкесінің моласына барып, үсіп өлген
себебін жазушы өте дәл, шебер ашып суреттейді.
"...Ғазизаның шашы азырақ дудырап қапты. Денесінің жартысын қар басқан.
Әкесінің бейітіне жабысып, қасіретті өмірдің ақырғы қуатын сол жерде берген
екен. Өлер сағатына шейін қабағын басқан қайғы бұл уақытта ыдыраған, ізі
қалған жоқ. Балалық жүзінде: "Менде жазық жоқ, мен тазамын" деген ашық
тазалықтың белгісі, қайғы-қасіреттен сейілген жас баланың ажары бар".
Әңгімеде жазушы ескі өмірдің бір елесін көрсетіп, оқушыны пасық
әрекеттерден жеркендіре түседі. Мұнда автордың ең негізгі түйін-тұжырымы -
жауыздық ешқашан да адамшылықты, тазалықты жеңе алмайды.
"Жетім" әңгімесінде жетімдік тауқыметін тартқан он үш жасар Қасым,
өгейлік тепкісінен қашып, әке-шешесінің зиратына келіп қаза табады. Қараңғы
түндегі табиғат құбылысы үрейі ұшқан баланың ішкі сезімімен тұтасып, өте
әсерлі бейнеленген. "...Бір мезгілде, Қасым қорқып, дірілдеген жүрекпен
маңайына жалтақтап әр нәрседен үркіп келе жатқанда, күн жарқ етті".
...Жетім балаға рахымсыздық жасаған тас бауыр жандардан мейлінше түңілесің.
Сондай-ақ, әмеңгерлік салтқа лағынет айтқан Рабиға ("Қыр суреттері"), құса
болып өмірін қиған Ғазиза ("Кім кінәлі?"), т.б. тағдыры бір-біріне ұқсас
болғанмен, әрқайсысы өмір талқысында өзіндік ерекшелігімен әр қырынан
көрінеді. Бұл әңгімелердің бәрінде жағымды кейіпкерлер - бір-бірімен
тағдырлас, қорғансыз, жетім, жесір, көкірегі мұң шерге толған аяулы жандар.
Жазықсыз құрбан кейіпкерлер тағдыры бұлай болып қала бермейтініне жазушы
үлкен үміт, сеніммен қарайды. Бұлардың аянышты халінен құтылудың жолы
азаттық үшін күрес екеніне автор шындықты шынайы суреттеу арқылы жетеді. Ол
"Қараш-Қараш оқиғасы" повесінде анық көрініс тауып, әлеуметтік теңсіздік
тартысы үлкен суреткерлік күшпен бейнеленеді.
Демек, алғашқы мақала, әңгіме, пьесаларының өзінде-ақ М.Әуезов ешкімге
ұқсамайтын өзіндік даралығымен, көреген білімпаздығымен танылады. Өмірді
жан-жақты қамтып, терең сипаттайды, бұл дүниелер - жазушының реалистік
қолтаңбасының айғағы.
Әуезов қаламынан туған 30-40-жылдардағы әңгіме, повестердің қай-
қайсысында болмасын кездесетін нәзік психологизм, өзгеше үн мен тіл
көркемдігі, жаңа сапа, ой-қиял жүйріктігі табиғи дарынымен тоғыса келіп
автордың суреткерлік талантын паш етеді. Бұл туындылар қазақ прозасындағы
ерекше құбылыстың әсем үлгісі болумен бірге, ұлы эпопеяға бастар
жолдың, шығар шыңның алғашқы дайындық баспалдақтары екеніне күмән
келтірмейміз.
Ұлылық үлгісі. Мұхтар Әуезов Абай тақырыбын, Абай өмірі мен өнерінің
мән-мағынасын бар ынта-ықыласымен, асқан сүйіспеншілікпен терең зерттеді.
Жазушы ұлы ақынның өшпес мұрасын, тарихи тұлғасын өз халқының тыныс-
тіршілігімен, бүкіл өмір жолымен бірлікте алып суреттеп көрсетті.
Данышпан ақынды әлем жұртшылығына танытқан "Абай жолы" эпопеясы
барлығы 4 кітаптан тұрады. Мұнда Абайдай алыпты туғызған қазақ халқының
өзгелермен қай жағынан да терезесі тең, дарынды, ақылды, ақ жарқын,
жомарт, сері, өнерпаз халық екендігін, ешкімге ұқсамайтын өзіндік мінезі,
ұлттық рухы, салт-дәстүрі бар екені жан-жақты суреттеледі.
"Бұл тамаша эпопея бізге тұтас бір әлемді сыйға тартты, табиғғаттың,
тұрмыстың небір ғажайып картиналарымен, адам құштарлықтарын сипаттауымен
бізді іңкәр етті. Әуезов қаламымен тарих қайта тірілді, ауылдар өмірі,
адамдар тағдыры бой көрсетті. "Абай" эпопеясы - творчествоның тылсым
сырына, өмір мен өлеңнің өзара байланысына терең бойлаған туынды, ақын мен
поэзия жайлы әлем әдебиетіндегі ең шоқтығы биік үздік шығарма" (М.
Луконин).
Бұл роман арқылы жаңа ғасырдың жарқын жолына қадам басқан ұрпақтың
бүгінгіні танып білуі кешегі тарихымызды жете білуімен сабақтасатыны
дәлелдене түседі.
Абай өткен белестер. Шығармадағы әрбір ірілі-ұсакқты оқиға, тартыс,
олардың дамып, шешімін табуы, тіршілік ағымындағы әр түрлі іс-әрекеттер,
т.б. Абай арқылы көрінеді немесе оның тікелей қатысып, араласуымен
суреттелген.
Бас кейіпкер Абай - өнер адамы әрі ойшыл гуманист. Жас шағынан сезімтал
ақын - есейе келе жастардың салиқалы ұстазы, адалдық пен әділеттің жалынды
насихатшысы, азаттықтың ардагер күрескері, жалынды жаршысы.
Романның бірінші кітабының басында қаладағы 3 жылдық оқудан елге
қайтқан жас Абайдың туған аулына, елге, жерге, ата-анасы, туыстарына деген
сағынышын, алып-ұшқан көңілін көреміз. Бала жүрегінін лүпілін астындағы
жарау құла бестінің шабыс екпінінен, тұяғының дүрсілінен естіп сезгендей
боламыз. "Үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне бала шәкірт барын салды...
күн ұзын аттан да түспей, өзге жүргіншілерден оқ бойы алда отырған.
...Қауіпті деген Есембайға жеткенше, артына бірде-бір қараған жоқ. Көз
ұшына кетіп, ұзап алып, ылғи жапа-жалғыз шауып отырды. Жолдың бұл тұстары
ылғи белес-белес болатын" деп жалғаса береді.
Біз қаладан далаға (кең сахараға) асыққан бала шәкірттің бір белден
асым екінші белдің өріне қарай тоқтамай жарысуынан-ақ оның келешекте
шығатын бел-белестерін аңғарғандай боламыз. Он үш жасар баланың тегін емес
екенін жолдағы іс-әрекеттері арқылы біртіндеп тани түсеміз. Ауылға жететін
күні үлкендерді еріксіз қайта жүргізудің айласын табуы, оларды ұры болып
қорқытуы еріксіз оқырманды өзіне тарта бастайды. "Бұл жерде ұры бар,
сұмдық жер, бөле жатқан жер" деген үлкендер сөзіне бала жүрегі сенбейді,
жазушы суреттеуінде дала көршісі ерекше ыстық, жақын. Мысалы: "Жазықсыз
сары биік, көкшіл қоныс, аз кәделі әдемі өлке мұнарланады. Барлық
айналадағы кең дүниеге, әсіресе мынау өзі туған сахара, өлке белдеріне
соншалық бір туысқандық ыстық сезіммен, кешіріммен де қарайды. Жабыса,
сағына сүйеді. Үзілмей, қатаймай, бір қалыппен желпіп соққан әдемі салқын
қоңыр жел қандай рахат?! Осы желмен құлпыра, толқып су бетіндей жыбыр қағып
шалқып жатқан күрең көде мен селеу далалары... дала емес - теңіздейі
қандай! Сол даладан көз алмай, тоя алмай, үнсіз телміріп, ұзақ-ұзақ
қарайды. Шамасы келсе, бұл жерлерді құбыжық көріп емес, үрке қарап емес,
құшағын керіп аймалар еді"...
Осы суреттеудің өзі-ақ елге, жерге деген жүрегін сағыныш сезімі билеген
баланың жан-дүниесін анық танытады. Абай бойындағы сан-қырлы қасиеттердің
түпсіз тұңғиығына терең бойлай бастаймыз.
... "Бала ес білгеннен бері қарай әкесінің қабағын жұтаң қыста күн
райын баққан кәрі бақташыдай бағып, танып өскен. Әкесі де бұл баланың
сондай сезгіштігін өзге балаларынан артық санаушы еді. Ұялғанды, жауап
айтпағанды кешірмейтін әке мінезі Абайға мәлім"... Шәкірт Абай түсі суық
әкемен амандасып жүздескенде есейе түсіп, өзін ересектерше сезінеді. Ал
сүйікті аналар құшағы, бауыры Оспанмен жолыққандағы екеуінің балалық іс-
әрекеттері Абайды жасына лайық бала қалпына қайта түсіреді. Ол өзін
қоршаған дүниеге кіршіксіз сәби сезіммен, кінәсіз бала көзімен қарайды.
Бұл - әлі өмірдің қатал сабағына кездеспеген кезеңі. Абайдың ақыл-ойы,
мінезі, адамгершілік қасиеттері ұзақ өмір жолында, сан түрлі тартыс-күресте
қалыптасып шыңдалады. Өз халқының ортасында, олардың тікелей әсерімен
толығып жетіледі. Бұл жерде әжесі, анасы, Құнанбайдай әке тәлім-тәрбиесінің
ықпалы романда біртіндеп көрініп жалғаса береді.
Құнанбай туралы поляк ғалымы А.Янушкеевич: "Жаратылысынан ақыл дарыған,
зерек, қара сөзге шешен, ойлы, тыңғылықты кісі, халқының қамын ойлайтын,
қыр елінің әдет-ғұрып заңына және шариғат жолына жүйрік, орыс елінің
қырғыздар жөніндегі заң ережелерін де жақсы біледі, параға сатылмайтын әділ
би, үлгілі мұсылман қарадан шыққан Құнанбайды жұрт пайғамбардай көреді.
Оған алыс ауылдардан ақыл-кеңес сұрап үлкен-кішілердің бәрі келіп жатады"
деп жазады.
Үздіксіз өсіп, бел-белеске өрлеп келе жатқан Абайдың өмір жолы өз
ортасымен бірге үдемелі-өрлеу сипатта суреттеледі.
Әріден ойлайтын, көреген, ашуы мен ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
М.Әуезов және фольклортану мәселелері
Мұхтар Әуезовтың педагогикалық мұрасын зерттеу, оны оқу-тәрбие жұмысында қолдану
Мұхтар Әуезовтың өмірі туралы
«Абай жолы» эпопеясындағы кездесетін салт-дәстүрлердің қазақ әдебиетінде алатын орны
М.Әуезовтің «Абай жолы» роман – эпопеясы /жарыққа шығуы жайлы
Абай шығармаларындағы салт - дәстүрді дәріптеу
М.Әуезов өмірінің шығармашылығына әсері
Қазақ халқының әдет-ғұрыптарынығы қазақ әдебиетіндегі орны
Жамал-заман шындығын бейнелеген кейіпкер
МҰХТАР ӘУЕЗОВ ЖӘНЕ ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ
Пәндер