Оқытушылар мен студенттердің тұлғааралық қарым-қатынастарын оқыту үдерісінде қалыптастырудың педагогикалық шарттары


Оқытушылар мен студенттердің тұлғааралық қарым-қатынастарын оқыту үдерісінде қалыптастырудың педагогикалық шарттары
КІРІСПЕ
Зерттеудің көкейкестілігі. Білім беру саласында жеке тұлғаның коммуникативтік мәдениетін, тұлғааралық қарым-қатынасын қалыптастыру маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Қазіргі қоғамның қарқынды дамуы әлеуметтік, экономикалық құндылықтарды, оның ішінде қарым-қатынас және адам мәдениетінің деңгейін түбегейлі жетілдіруді керек етіп отыр. Әсіресе, әлемдік деңгейде қарым-қатынас мәселелерінің шиеленісіп отырған шағында тұлғааралық қарым-қатынасты ізгілендіру, оны жоғары мәдениеттіліктің деңгейіне көтеру қажеттігі айқындала түсуде.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін, бәсекеге қабілетті ұлт үшін» деген Жолдауында «ұлттық бәсекелестің қабілеті бірінші кезеңде білімділік деңгейімен айқындалады» деп атауы білім беру саласында жаңаша көзқарас, кәсіби қарым-қатынас қалыптастыруды міндеттейді.
Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңында білім беру жүйесінің басты міндеті - «ұлттық және жалпы азаматтық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіптік шыңдауға бағытталған сапалы білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау» екендігі атап көрсетіліп, онда білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттері көзделеді. Осындай міндеттерді жүзеге асыру үшін Елбасы Н. Назарбаев «Интеллектуалды ұлт - 2020» ұлттық жобасын ұсынды. Интеллектуалды ұлт болу үшін тұлғаның ғылыми, кәсіби, мәдени ақпаратына, білімі және біліктілігіне, психологиялық, моралдық ерекшеліктері мен әлеуметтік ұжымда өзін-өзі ұйымдастыра, басқара алуына баса назар аудару қажеттігі туындап отыр.
Қазіргі кезеңде жоғары оқу орындарының оқытушылары білім беру мен тәрбие үдерісінің көп қырлы мақсаттарын көздей отырып, осындай мемлекеттік құжаттар аясында мұғалім кадрларын әзірлеуді міндеттейді. Осы орайда, оқытушылар мен студенттердің тұлғааралық қарым-қатынастарын оқыту үдерісінде қалыптасуын зерттеу әлеуметтік-экономикалық және мәдени дағдарыс жағдайында бірегей көтеріліп отырған өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Тұлғааралық қарым-қатынас - білім мен тәрбиенің нәтижесі болып қана қоймай, бүгінгі күннің өте маңызды әрі күрделі де ұзақ мерзімді қажет ететін көкейкесті мәселелерінің бірі. Қарым-қатынасқа түспей тұрып жеке адамды толық түсіну, оның адами қасиеттері мен дамып-жетілуін талдау мүмкін емес. Педагогика ғылымының кез келген мәселесі адамдардың жан дүниесімен, қоғам мен әлеуметтік өмірдің сан алуан сырларымен тығыз байланысты.
Оқытушылар мен студенттердің тұлғааралық қарым-қатынастарын оқыту үдерісінде қалыптастыру қажеттілігі оқытушының өз пәнін оқыту барысында жеке басының үлгісімен, сонымен қатар пәнді меңгертуде жеке тұлға ретінде өз мүмкіндіктерінің жаңа қырларын танытуға қызықтыру арқылы студенттерге зор ықпал ете алуымен байланысты. Осыған орай, студент оқыту үдерісіндегі басты субъект болғандықтан назардың барлығы оның тұлға ретінде қалыптасып, дамуына аударылады. Осындай сабақтастық қатынасқа қол жеткізу үшін оқытушы мен студенттің тұлғааралық қарым-қатынастарын оқыту үдерісінде қалыптастыруымыз қажет.
Бұл мәселені ғалымдарымыз да жан-жақты қарастырған. Мысалы, Әл-Фараби, Ж. Баласағұн, Қ. А. Ясауи және т. б. ғұлама ойшылдар адамгершілік-имандылық тәрбиесі арқылы адамдар арасындағы тұлғааралық қарым-қатынастың біртұтастығын қалыптастыруға болатындығына аса мән берсе, А. С. Макаренко мен Я. А. Коменский тұлғааралық қарым-қатынастың тәрбиелік ықпалына ерекше назар аударған.
Педагогикалық үдерістегі оқытушылар мен студенттердің іс-әрекетін ұйымдастыруда тұлғааралық қарым-қатынастың маңызы ерекше. Оны сапалы ұйымдастыру педагогтардың білім дәрежесі мен шеберлігіне байланысты. Педагогтарға қажетті мұндай қасиеттерді А. С. Макаренко «өнер» деп бағалаған.
ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ ғұламалары мен ағартушылары Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев және ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ зиялылары Ш. Құдайбердиев, А. Байтұрсынов өз шығармаларында адам мен қарым-қатынас мәселесін көтерсе, оны шетелдік және отандық философ, психолог, әлеуметтанушы және педагог ғалымдар да әр қырынан зерттеген. Мысалы, қарым-қатынастың философиялық негізін В. С. Библер, Г. С. Батишев, М. С. Каган, Ж. М. Әбділдин, Қ. Ә. Әбішев, Д. Кішібеков, қарым-қатынас мәдениетін В. С. Грехнев, Е. М. Семёнова, Р. М. Фатихова, Е. О. Омар, Ю. А. Сапарова, коммуникативтік мәдениет мәселелерін И. И. Зарецкая, А. Н. Васильева, В. В. Соколова, Г. Д. Аулбекова, қарым-қатынастың қоғамдық-әлеуметтік өмірде тілдесу, ортақтасу арқылы жүзеге асуын, қарым-қатынас барысында шиеленіс мәселелерін С. Елеусізова, А. Құдиярова, К. М. Арымбаева, психологиядағы қарым-қатынас туралы әлеуметтік зерттеулер төңірегінде Б. Д. Парыгин, Л. П. Буева, А. А. Леонтьев, тұлғаны дамытудағы қарым-қатынас мүмкіндіктерін Б. Г. Ананьев, А. А. Бодалев, Л. И. Божович, И. С. Кон, қарым-қатынастың мәдениет теориясын Э. А. Баллер, И. С. Злобин, В. Е. Давидович, Л. И. Рувинский, В. А. Кан-Калик, А. Н. Леонтьевтер зерттесе, қарым-қатынас мәселелерінің негіздерін зерттеген Л. Н. Коган, Л. М. Митина, Г. И. Саранцев, Р. Ж. Божбанова, Қ. Б. Жарықбаев, Э. А. Урунбасарова, Х. Т. Шерьязданова, Р. К. Кушембаева, этнографиялық зерттеулердегі қарым-қатынастың этномәдени деңгейін қарастырған С. А. Ұзақбаева, К. Ж. Қожахметова, Ж. К. Оңалбек, болашақ мұғалімдерге ұлттық тәрбие беру мәселелерін ұсынған Қ. Бөлеев, Б. А. Тойлыбаев, С. Қ. Қалиев, Ә. Қ. Қисымова, білім мазмұнын, оның ішінде жоғары мектептегі оқытудың теориялық-әдістемелік міндеттерін шешкен С. Пірәлиев, Л. Керімов, М. Н. Сарыбеков, К. М. Беркімбаев, Б. К. Момынбаев, С. М. Жақыпов, В. А. Ким, Б. Қ. Мухамеджанов, Р. С. Омарова және т. б. зерттеушілерді жатқызуға болады.
Диссертациялық зерттеу жұмыстары барысында А. М. Кенжанова бастауыш сынып мұғалiмi мен оқушыларының арасындағы қарым-қатынас стилiн, А. Ә. Капенова қазақ отбасындағы мектеп жасына дейінгі балалардың қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруды, ал Г. Т. Тасболатова қазіргі заманғы жалпы білім беретін мектеп ұжымында оқушылардың тұлғааралық қарым-қатынастарын қалыптастыру мәселелерін қарастырса, М. Н. Есенғұлова студенттердің қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруда халықтық педагогика идеяларын пайдаланудың, Ш. Т. Мұқанбетова болса тұлғалық-бағдарлы білім беру негізінде оқушылардың коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастырудың педагогикалық шарттарын көрсеткен, А. Б. Қабылова оқушылардың іскерлік қарым-қатынас тілін модульдік технология арқылы оқыту әдістемесін, Ш. Т. Тұрдалиева тұлғаның танымдық іс-әрекетін қарым-қатынас арқылы дамытуды, М. А. Еркінбекова біліктілікті арттыру жүйесіндегі этностық қарым-қатынастың психологиялық маңыздылығын анықтаған, ал Н. А. Есимханова оқытудың инновациялық технологияларын пайдалану арқылы педагогикалық оқу орындары студенттерінің кәсіби-педагогикалық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру мәселесін, Б. Б. Кенджаева болашақ мұғалімдердің коммуникативтік құзырлығын кәсіби даярлау үдерісінде қалыптастыруды, Ә. С. Әлметова қазақ тілі сабағында студенттердің сұхбаттық тілдесім мәдениетін қалыптастырудың ғылыми-әдістемелік негіздерін зерттеуді көздеген болса, ал біз бүгінгі таңда жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттерінің тұлғааралық қарым-қатынастарын оқыту үдерісінде қалыптастыру мәселесі әлі де болса толық зерттеуді қажет ететіндігіне назар аударуды және оның педагогикалық шарттарын айқындауды мақсат еттік.
Дегенмен жоғарыда аталған зерттеу еңбектерінде оқытушылар мен студенттердің тұлғааралық қарым-қатынастарын оқыту үдерісінде қалыптастыру және ғылыми тұрғыдан алғанда біртұтас мәселе ретінде арнайы зерттелмеген. Осыған байланысты зерттеу мәселесі аясында жарық көрген нақты ғылыми еңбектерге, оқу-әдістемелік құралдарға жүргізілген жан-жақты талдау жасау барысында айқындалғандай, қазіргі кезеңде бұл мәселенің ғылыми-әдістемелік еңбектерде жеткілікті деңгейде қарастырылмауы, оқыту үдерісіндегі тұлғааралық қарым-қатынастың анықтамалық, ғылыми-әдістемелік негіздемесінің жасалмауы, тұлғааралық қарым-қатынастың оқыту үдерісіндегі қалыптасу деңгейі мен қазіргі талаптар жүйесі арасындағы қайшылықтардың шешілуін қарастыру зерттеу тақырыбын «Оқытушылар мен студенттердің тұлғааралық қарым-қатынастарын оқыту үдерісінде қалыптастырудың педагогикалық шарттары» деп таңдауымызға себеп болды.
Зерттеудің нысаны: Оқытушылар мен студенттердің тұлғааралық қарым-қатынастарын қалыптастыру үдерісі.
Зерттеудің пәні: Оқыту үдерісінде тұлғааралық қарым-қатынастарды қалыптастырудың педагогикалық шарттары.
Зерттеудің мақсаты: Оқытушылар мен студенттердің тұлғааралық қарым-қатынастарын оқыту үдерісінде қалыптастырудың теориялық негізін анықтап, педагогикалық шарттарын зерттеу.
Зерттеудің ғылыми болжамы: Егер жоғары оқу орындарының оқыту үдерісінде тұлғааралық қарым-қатынастарды қалыптастыру теориялық тұрғыдан анықталып, педагогикалық шарттары айқындалса, тиімді әдіс-тәсілдер арқылы тәжірибеге ендірілсе, онда бүгінгі қоғамға қызмет ететін білікті және бәсекеге қабілетті оқытушылар мен студенттердің тұлғааралық қарым-қатынас сапасын, коммуникативтік және субъект-субъектаралық ынтымақтастық қабілеттілігін жоғары деңгейге көтеруге болады, өйткені ол оқыту үдерісінде үйлесімді тұлғааралық қарым-қатынастың қалыптасуына ықпал етеді.
Зерттеудің міндеттері:
- Оқытушылар мен студенттердің тұлғааралық қарым-қатынастарын қалыптастыруды теориялық тұрғыдан негіздеу, оның құрылымдық-мазмұндық моделін жасау;
- Оқыту үдерісінде тұлғааралық қарым-қатынас мәдениетінің қалыптасуына адамгершілік тәрбиенің ықпалы мен оқытушылардың қарым-қатынас стильдерін таңдау жолдарын айқындау;
- Тұлғааралық қарым-қатынастарды қалыптастырудың бағдарламасын, мақсат-міндеттері мен өлшемдерін анықтау;
- Оқытушылар мен студенттердің тұлғааралық қарым-қатынастарын оқыту үдерісінде қалыптастырудың педагогикалық шарттарын айқындап, оларды іске асыру әдістемесінің тиімділігін тәжірибе жүзінде тексеру.
Зерттеудің жетекші идеясы: Оқытушылар мен студенттердің тұлғааралық қарым-қатынастарын оқыту үдерісінде қалыптасуының теориялық-практикалық тұрғыда негізделуі кәсіби даярлықтың сапасын арттырып, білім беру үдерісіне қатысушылардың іс-әрекеттерінің өнімділігіне жағдай жасайды.
Зерттеу жұмысының әдіснамалық және теориялық негіздеріне философиялық, психологиялық, әлеуметтік және педагогикалық әдебиеттердегі жеке адамды дамыту туралы ілімдер, қарым-қатынас теориясы, таным теориясы және диалектика принциптері, тұлға дамуындағы қарым-қатынас үдерісінің маңыздылығы, тұлғааралық өзара әрекеттесу, саналы және мақсатқа бағытталған белсенді субъектілер арасындағы байланыстар мәселесі, біртұтас педагогикалық үдеріс теориясы, оқытушылар мен студенттердің тұлғааралық қарым-қатынастарын оқыту үдерісінде қалыптастыру теориясы және кәсіптік білім беру мазмұнын құрудағы қазіргі кездегі тұжырымдамалар алынды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық мәнділігі:
- оқытушылар мен студенттердің тұлғааралық қарым-қатынастарын қалыптастыру теориялық тұрғыдан негізделіп, оның құрылымдық-мазмұндық моделі жасалды;
- оқыту үдерісінде тұлғааралық қарым-қатынас мәдениетінің қалыптасуына адамгершілік тәрбиенің ықпалы мен оқытушылардың қарым-қатынас стильдерін таңдау жолдары айқындалды;
- оқытушылар мен студенттердің тұлғааралық қарым-қатынастарын оқыту үдерісінде қалыптастырудың бағдарламасы, мақсат-міндеттері мен өлшемдері анықталды;
- оқытушылар мен студенттердің тұлғааралық қарым-қатынастарын оқыту үдерісінде қалыптастырудың педагогикалық шарттары айқындалып, оларды іске асырудың әдістемелік жүйесі әзірленді және тәжірибелік-эксперименттен өткізілді.
Зерттеудің көздері: философтардың, психологтардың, әлеуметтанушылардың, педагогтардың таным, жеке адам және оның әрекеті, қарым-қатынас, тұлғааралық өзара әрекеттесу туралы ғылыми еңбектері, кәсіптік білім беру мазмұнын құрудағы қазіргі кездегі тұжырымдамалар, оқулықтар мен оқу құралдары; ресми құжаттар, ҚР «Білім туралы» Заңы, ҚР-ның 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы, Елбасы Н. Назарбаевтың «Интеллектуалды ұлт - 2020» ұлттық жобасы, жаңашыл педагогтардың және автордың жеке ғылыми ізденістері мен іс-тәжірибелері.
Зерттеудің әдістері: зерттеу мәселесі бойынша философиялық, психологиялық, әлеуметтік, педагогикалық әдебиеттерге теориялық талдау жасау, салыстыру, нақтылау және жинақтау, тестілеу, әңгімелесу, сауалнама жүргізу, сараптау, педагогикалық іс-тәжірибені талдау, тұжырымдау, педагогикалық эксперимент және оның нәтижелерін математикалық тұрғыда өңдеу, қорытындылау.
Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар:
1. Тұлғааралық қарым-қатынастарды оқыту үдерісінде қалыптастырудың құрылымдық-мазмұндық моделінің теориялық негізі - оқытушылар мен студенттердің іштей және сырттай өзін-өзі ұйымдастыра білуге, қабылданған ақпарат пен белсенді қатынас жасауға, оқыту үдерісіндегі субъектілік және тұлғааралық қарым-қатынас қиындықтарын іске асыру қабілеттілігін дамытуға жетелейді.
2. Оқыту үдерісінде тұлғааралық қарым-қатынас мәдениетінің қалыптасуына адамгершілік тәрбиенің ықпалы мен оқытушылардың қарым-қатынас стильдерін таңдау рухани-адамгершілік құндылықтарды иемдену арқылы өмірге деген эмоционалдық-құндылық қарым-қатынасты дамытуға негіз болады.
3. Жоғары оқу орындарында оқытушылар мен студенттердің тұлғааралық қарым-қатынастарын оқыту үдерісінде қалыптастырудың педагогикалық шарттары педагогикалық үдерістің дидактикалық тұғырын анықтап, тұлғааралық әрекетті жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
4. Тұлғааралық қарым-қатынастарды қалыптастырудың әдістемесі оқытушылар мен студенттердің оқу-тәрбие үдерістерінде, әлеуметтік ұжымда өзін-өзі ұйымдастырып, басқару шеберлігін қалыптастырады.
Зерттеудің нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі зерттеу проблемасын жан-жақты әдіснамалық және теориялық талдаумен, зерттеу мазмұнының ғылыми талаптарға сәйкес келуімен, зерттеу барысында педагогика әдіснамасының талаптарының сақталуымен, зерттеу пәніне сәйкес кешенді әдістерді жүйелі түрде қолдануымен, эксперимент бағдарламасының педагогикалық мақсатқа сәйкестігімен, бастапқы және соңғы нәтижелердің қорытындылануымен, тиімділігінің тәжірибелік-эксперимент жұмыстары арқылы тексерілуімен және олардың педагогикалық үдерісте кеңінен пайдаланылуымен қамтамасыз етілді.
Зерттеудің практикалық мәнділігі:
- оқытушылар мен студенттердің тұлғааралық қарым-қатынастарын оқыту үдерісінде қалыптастыруда маңызды болып табылатын зерттеу нәтижесінде алынған тәжірибелік-эксперименттік жұмыстар жоғары оқу орындарында көкейкесті мәселелерді шешуде құнды болып табылады;
- тұлғааралық қарым-қатынастарды қалыптастырудың бағдарламасы, мақсат-міндеттері мен өлшемдері негізінде педагогикалық шарттар анықталып, ғылыми-әдістемелік материалдар оқытудың дидактикалық мүмкіндіктерін жетілдіру мақсатында жоғары мектеп тәжірибесіне енгізілді;
- жұмыстың зерттеу мәселесіне орай оқу топтарында тұлғааралық қарым-қатынастарды қалыптастырудың әдістемелік нұсқаулары, «Тұлғааралық қарым-қатынастар» атты элективті курс бағдарламасы, «Оқыту үдерісіндегі тұлғааралық қарым-қатынастарды қалыптастырудың теориясы мен әдістемесі» және «Педагогикалық үдерісте тұлғалық ерекшеліктерді анықтауға арналған әдістемелер жинағы» атты оқу-әдістемелік құралдар даярланды;
- оқытушылар мен студенттердің тұлғааралық қарым-қатынастарын оқыту үдерісінде қалыптастыру туралы тұжырымдарды, әдістемелік ұсыныстар мен құралдарды және зерттеу нәтижелерін жоғары оқу орындарында, педагог кадрлардың біліктілігін жетілдіру институттарында, орта және жалпы білім беретін мекемелерде ұйымдастырылатын курстарда тікелей пайдалануға болады.
Зерттеудің кезеңдері:
Бірінші кезеңде (2005-2006 ж. ж. ) зерттеу тақырыбына байланысты философиялық, әлеуметтік, психологиялық, педагогикалық ғылыми және әдістемелік әдебиеттерге талдау жасалды. Білім мазмұнын айқындайтын мемлекеттік құжаттар сараланып, негізге алынды. Ғылыми аппарат анықталып, теориялық зерттеулер негізінде эксперименттік материалдар дайындалды. Айқындаушы эксперимент жүргізілді.
Екінші кезеңде (2006-2008 ж. ж. ) жинақталған ғылыми деректер мен әдістемелік материалдар тәжірибеде пайдаланыла бастады. Осыған сәйкес жоғары оқу орындарында оқытушылар мен студенттердің тұлғааралық қарым-қатынастарын оқыту үдерісінде қалыптастырудың құрылымдық-мазмұндық моделі мен педагогикалық шарттары айқындалды. Оқытушылар мен студенттердің тұлғааралық қарым-қатынастарын оқыту үдерісінде қалыптастырудың бағдарламасы, мақсат-міндеттері мен өлшемдері анықталды. Қалыптастыру эксперименті жүзеге асырылды.
Үшінші кезеңде (2008-2010 ж. ж. ) жүргізілген тәжірибелік-эксперименттік жұмыстардың нәтижелері қорытындыланып, жүйеленді. Соның нәтижесіне сәйкес әдістемелік ұсыныстар дайындалды. Бұл кезең диссертацияны талапқа сай рәсімдеумен аяқталды.
Зерттеу базасы: Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті.
Зерттеудің нәтижелерін сынақтан өткізу және тәжірибеге ендіру:
Диссертациялық жұмыстың негізгі нәтижелері Республикалық, Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда (Тараз, 2005, 2007, 2008, 2009, 2010; Павлодар, 2008; Қызылорда, 2008; Шымкент, 2010), сонымен қатар, Қ. А. Ясауи атындағы ХҚТУ хабаршысы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Хабаршысы, «Ізденіс», «ТИГУ хабаршысы», «Зерттеуші - Исследователь» ғылыми-педагогикалық басылымдарда және оқу-әдістемелік нұсқауларда көрініс тапты.
Диссертацияның құрылымы кіріспеден, 2 бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен, қосымшалардан тұрады.
Кіріспеде зерттеудің көкейкестілігі, нысаны, пәні, мақсаты, болжамы, міндеттері, жетекші идеясы, әдіснамалық және теориялық негіздері, ғылыми жаңалығы мен теориялық мәнділігі, зерттеудің көздері, әдістері, қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар, зерттеудің нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі, зерттеудің практикалық мәнділігі, негізгі кезеңдері көрініс алады.
«Тұлғааралық қарым-қатынастардың теориялық негіздері» атты бірінші бөлімде тұлғааралық қарым-қатынастарды қалыптастырудың теориялық негіздері айқындалып, мәнділігі мен маңызы анықталды. Оқытушылар мен студенттердің тұлғааралық қарым-қатынастарын оқыту үдерісінде қалыптастырудың құрылымдық-мазмұндық моделі жасалды. Оқыту үдерісінде тұлғааралық қарым-қатынас мәдениетінің қалыптасуына адамгершілік тәрбиенің ықпалы мен оқытушылардың қарым-қатынас стильдерін таңдау жолдары айқындалды.
«Оқыту үдерісінде тұлғааралық қарым-қатынастарды қалыптастырудың жолдары» атты екінші бөлімде тәжірибелік-зерттеу жұмыстарының бағдарламасына, мақсат-міндеттері мен өлшемдеріне, оқыту үдерісінде тұлғааралық қарым-қатынастарды қалыптастырудың педагогикалық шарттарына сипаттама берілді. Сонымен қатар оқу топтарында тұлғааралық қарым-қатынастарды қалыптастырудың әдістемелік нұсқаулары, ұсынылып отырған әдістеменің тиімділігін дәлелдейтін тәжірибелік-эксперименттік жұмыстардың мазмұны, әдістемесі тәжірибе жүзінде тексерілді.
Қорытындыда зерттеудің теориялық, қолданбалы және практикалық нәтижелері түйінделеді, қорғауға ұсынылған тұжырымдардың ақиқаттығын дәлелдейтін және болжамды растайтын негізгі қорытындылар мазмұндалды.
Қосымшада алғашқы жүргізілген зерттеу материалдары ұсынылып, диагностикалық әдістемелердің үлгісі берілді.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Тұлғаның қалыптасуындағы маңызды факторлардың бірі - қарым-қатынас мәселесі болып табылады. «Қарым-қатынас» түсінігі мен тұлғаның қалыптасуындағы қарым-қатынастың алатын рөлі туралы идея кеңестік психологтар А. Н. Леонтьев, А. Б. Добрович, И. А. Зимняя, Г. В. Казнова, М. И. Лисина, А. В. Мудрик, Л. А. Поварницынаның және т. б. ғалымдардың еңбектерінде қарастырылған. Ал жоғары оқу орындарында оқытушылар мен студенттердің тұлғааралық қарым-қатынастарын оқыту үдерісінде қалыптастыру мәселесінің теориялық негізі «оқыту үдерісіндегі тұлғааралық қарым-қатынастарды қалыптастыру» ұғымының мәні мен мазмұнын анықтауға байланысты. Сондықтан бұл ұғымның жан-жақты талқылануы маңызды. Мұның бәрі зерттеу жұмысының «Тұлғааралық қарым-қатынастардың теориялық негіздері» атты бірінші бөлімде қарастырылды.
Тұлғааралық қарым-қатынастың бірлігі мен қызметтік пайымы біркелкі түсінікті бермей, қарым-қатынастың қызмет түрі ретінде де қарастырылады. Себебі қарым-қатынас, біріншіден, бұл - қызметтің ерекше бір түрі (коммуникативтік қызмет), екіншіден, кез келген қызметті жүзеге асырудың шарты, үшіншіден, арнайы қойылған қызметтің нәтижесі болып табылады. Өзінің еңбектерінде М. Н. Ночевник «Адамның дамуын, жеке адамның тұлға болып қалыптасуын, оның қоғаммен байланысын басқа адамдармен қарым-қатынасынан тыс елестету мүмкін емес» деп атап көрсетсе, М. Жұмабаев «Педагогика» атты еңбегінде бұл мәселе жөнінде «Жеке адамның шын мәніндегі рухани байлығы оның іс жүзіндегі қарым-қатынастарының байлығына байланысты» деп жазған.
Тұлғааралық қарым-қатынас адамдар болмысының қажетті шарты болып табылады. Қарым-қатынассыз адамның жекелеген психикалық қызметтерінің, үдерістер мен ерекшеліктерінің, жеке тұлғаның және тұтас қоғамның толыққанды қалыптасуы мүмкін емес. Кейде «қарым-қатынас», «әлеуметтік қарым-қатынас», «тұлғааралық қарым-қатынас», «іскерлік қарым-қатынас» және «мәдени қарым-қатынас» түсініктері өзара байланысты болғанымен, бір-біріне тең келмейді, себебі олардың өзіндік өзгешеліктері болады.
Адамдар арасындағы қатынастардың қаншалықты айқын байқалуына байланысты қарым-қатынастар бірнеше түрге бөліп қарастыруға болады:
Қоғамдық қатынастар анағұрлым айқын көрінетін әлеуметтік бағдарлы қарым-қатынастар (дәріс оқу, баяндама және т. б. ) ;
Бірлескен іс-әрекеттерге байланысты қарым-қатынастар айқын байқалатын пәндік бағдарлы топтық қарым-қатынастар (бұған еңбек ету, оқу барысында қалыптасатын қарым-қатынастар жатады) ;
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz