Екінші деңгейдегі банктердің депозиттік саясаты және олардың несиелік қызметінде алатын рөлі


МАЗМҰНЫ
3. 2 Қазақстан Республикасының коммерциялық банктеріндегі депозиттерді сақтандыру жүйесінің даму келешегі
3. 3 Шетелдік тәжірибедегі депозиттік операцияларды ұйымдастырудың өзіндік ерекшеліктері
59
64
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Қазақстан Республикасы екінші деңгейлі банктеріндегі депозиттік операциялар жалпы банктік операциялардың ішінде өздігінше маңызды роль ойнайды. Коммерциялық ұйым түрлерінің бірі ретіндегі банктік мекеменің ерекшелігі оның ресурстарының көп бөлігі меншікті капиталы есебінен емес, тартылған қаражаттардың есебінен құралатындығында болып табылады.
Коммерциялық банктер шаруашылық қатынастардың басқа субъектілері тәрізді өзінің коммерциялық және шаруашылық қызметін қамтамасыз ету үшін белгілі-бір ақша қаражаттарын иеленуі керек. Қазіргі кезде ресурстарды қалыптастыру мәселесі алдыңғы қатарға қойылады. Өйткені, банк қызметінің көлемі ресурстардың көлеміне байланысты. Банктік ресурстар оның иелігіндегі және активтік операцияларды жүзеге асыруда қолданылатын меншікті және тартылған қаражаттардың жиынтығы болып табылады.
Коммерциялық банк кәсіпорындардың, ұйымдардың, мекемелердің, халықтың және басқа да банктердің қаражаттарын салым (депозит) түрінде тартады. Банктер тартатын қаражаттар құрамы бойынша әр түрлі болып табылады. Олардың негізгі түрлері - банктердің клиенттермен жұмыс істеу барысындағы тартқан қаражаттары (депозиттер) және банктердің меншікті қарыздық міндеттемелерін шығару жолымен жинақтаған қаражаттары (депозит және жинақ сертификаттары) болып табылады.
Банктің пассивтік операцияларды жүзеге асыру барысындағы ресурстық базасын қалыптастыруы оның активтік операцияларына қатысты маңызды роль ойнайды. Банктік ресурстардың негізгі бөлігі банктің депозиттік операцияларын жүргізуінен қалыптасатыны белгілі. Оның қызметінің тұрақтылығы депозиттік операцияларын тиімді жүргізуіне байланысты. Осыған байланысты ресурстық потенциалды өсіру және пассивтерді тиімді басқару арқылы оның тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері өзекті мәселеге айналады.
Сондықтан екінші деңгейлі банктердің депозиттік саясаттарын талдау және жетілдіру мәселелері өзектілігін жоймайды.
Дипломдық жұмыстың мақсаты - екінші деңгейлі банктердің несиелеу қызметіндегі депозиттік саясаттың рөлін айқындау және жетілдіру бойынша ұсыныстар жасау болып табылады.
Аталған мақсатқа жету үшін келесідей міндеттерін анықталды:
- банктік депозиттердің жіктелуін қарастыру;
- депозиттік саясаттың екінші деңгейдегі банктердің несиелік қызметіндегі алатын рөлін қарастыру;
- банктердің депозиттік саясатына әсер ететін факторларды талдау және бағалау;
- жеке тұлғалардың депозиттер нарығын жан-жақты зерттеу;
- «Казкоммерцбанк» АҚ-ның депозиттік саясатын талдау;
- шетел тәжірибесіндегі депозиттік опрерациялардың даму ерекшеліктерін зерттеу;
- коммерциялық банктердің депозиттік саясатын дамыту жолдары ұсыну.
Зерттеу пәні - екінші деңгейлі банктердің депозиттік саясатын жүргізуде қалыптасатын экономикалық қатынастар жүйесі болып табылады.
Жұмыстың зерттеу обьектісі - ҚР екінші деңгейдегі банктерінің, оның ішінде «Казкоммерцбанк» АҚ-ның депозиттік саясаты, қазіргі жағдайы және жүзеге асырылу механизмі болып табылады.
Әдістемелік және теориялық зерттеу жұмысы. Қазіргі кездегі отандық және шетелдік экономистердің депозиттік саясатында орын алатын мәселелер туралы және оның тиімді қызмет етуінің экономикалық дамудағы ролін сипаттайтын зерттеулері пайдаланылды.
Статистикалық және ақпараттар базасы ретінде ҚР Ұлттық Банктің статистикалық деректері, ҚР-ғы екінші деңгейлі банктердің есеп деректері қолданылды.
Сондай-ақ, жұмыста Ғ. С. Сейтқасымов, Н. Н. Хамитов, У. М. Искаков, C. Б. Мақыштың еңбектері пайдаланылды.
Құқықтық негізіне ҚР «Банктер мен банктік қызмет туралы» Заңы, ҚР Ұлттық Банктің нормативтік құжаттары мен әр түрлі әдістемелік нұсқаулары жатады.
Ғылыми жаңалығы:
- авторлық тұрғыдан депозиттік саясаттың екінші деңгейдегі банктердің несиелік қызметіндегі алатын рөлі қарастырылды;
- Қазақстандағы депозиттік нарықтың даму жағдайына баға берілді;
- Банктердің депозиттік саясатына әсер ететін факторларды талдауда корреляционды реггресиялық үлгі пайдаланылды;
- коммерциялық банктердің депозиттік саясатын дамыту жолдары ұсынылды.
Жұмыстың құрылымы. Дипломдық жұмыс кіріспеден, негізгі бөлімнен және қорытындыдан тұрады. Негізгі бөлім 3 тарауға бөлінген. Бірінші тарауында банктердегі депозиттік саясаттың теориялық негіздері, екінші тарауында Қазақстан Республикасындағы коммерциялық банктердің депозиттік саясаттарын талдауы қарастырылса, үшінші тарауда ҚР ЕДБ-дің депозиттік саясатын жетілдіру және олардың несиелеу қызметіндегі рөлін арттыру жолдары көрсетілген.
1 Екінші деңгейдегі банктердің депозиттік саясаты және олардың несиелік қызметінде алатын рөлі 1. 1 Депозиттердің ұғымы мен жіктелуіБанк ресурстарының құрылымында тартылған қаражаттар үлесі меншікті қаржаттармен салыстырғанда өте жоғары, олардың есебінен банктің активтік операцияларының басым бөлігі жүзеге асырылады.
Банк мекемесінің коммерциялық кәсіпорын түрлерінің бірі ретіндегі ерекшелігі оның ресурстарының басым көпшілігі өзінің жеке қаражатынан емес тартылған заемдық қаражаттардың есебінен қалыптастырылуында. Банктердің қаражатты тартуының шегі бар және ол кез келген мемлекеттің Орталық банкі тарапынан реттеліп отырады.
Нарықтық қатынастардың дамуына байланысты, сондай-ақ ескі банктік жүйе үшін уақытша бос ақшалай қаражаттарды тартудың дәстүрлі емес тәсілдерінің болуы, тартылатын қаражаттар құрылымын толығымен өзгертті десе де болады. Тартылған қаражаттар ішінде ең көп бөлігін депозиттер құрайды. Депозиттер, банк үшін бірден-бір арзан ресурс көзі болып табылады.
Депозит - латынның “depositum” деген сөзінен алынған - сақтауға берілген затты немесе депозиттік операциялардың субъектілері банкке енгізетін белгілі ақша қаражатын немесе банктік және қаржылық операцияларды жүргізу тәртібіне байланысты белгілі уақытқа банктердің есепшоттарында болатын қаражатты айтады [1] .
Қазақстан Республикасының «Банктер және банк қызметі туралы» Заңында депозиттің анықтамасы былай деп берілген - бұл бір тұлғаның (депозитордың) басқа тұлғаға - банкке (оның ішінде Ұлттық банкке) бірінші талап бойынша немесе қандай да бір мерзімнен кейін қайтарылуы тиіс пе, тиіс емес пе, оған қарамастан толығымен немесе бөлшектеліп, алдын ала айтылған үстеме ақымен немесе онсыз, тікелей депозиторға немесе оның тапсырысы бойынша үшінші тұлғаға ұлттық мәнде қайтарылу талаптарымен берілген ақшасы [2] .
Депозиттік операциялар - банктердің ақша қаражатын салымдарға (пассивтік депозиттерге) тарту немесе иеліктерінде бар қаражатты басқа банктерге немесе несиелік-қаржы институттарына (активті депозиттер) орналастыру.
Депозиттік операциялар активті және пассивті болып бөлінеді. Активті депозиттік операциялар - банктің уақытша бос ақша қаражаттарын Орталық банкте және өзге корреспондент-банктердегі шоттарда орналастыруымен байланысты операциялар. Олар банктің өтімді активтері ретінде, яғни жалпы активтердің өте аз бөлігін алады. Активтік депозиттер банктің өтімді қаражаттарына жатады.
Пассивті депозиттік операциялар - бұл клиенттердің уақытша бос ақша қаражаттарын белгілі уақытқа және пайыз төлеу шартымен тартумен байланысты операциялар. Бұл операциялар көмегімен тартылған депозиттер пассив жағының көп бөлігін алады және банктік ресурстарын қалыптастырудың негізгі көзі.
Нарықтық қатынастар жағдайында депозиттік банк мекемелерінің рөлі өсе түседі. Қазіргі банктік тәжірибеде салымдардың, депозиттердің және депозиттік емес ресурстардың шоттарының әртүрлері кездеседі. Салымдар санаттарына орай депозиттер былай бөлінеді:
- заңды тұлғалардың (кәсіпорындардың, ұйымдардың, банктердің және т. б. ) депозиттері;
- жеке тұлғалардың депозиттері [3] .
Экономикалық мазмұнына қарай депозиттер 3 топқа бөлінеді:
1) мерзімдік;
2) талап етілгенге дейін;
3) халықтың жинақ ақша салымдары (1-суретте келтірілген) .
1- сурет - Банк депозиттерінің жіктелуі
Қазіргі банктік тәжірибеде салымдардың, депозиттердің және депозиттік емес ресурстардың шоттарының әр түрлері кездеседі. Бұл банктердің жоғарғы бәсекелестік нарықта банк қызметтеріне деген клиенттер топтарының сұранысын қанағаттандыруға және олардың қаражаттары мен уақытша бос қаражаттарын банктік шоттарға тартуға ұмтылуына жағдай жасайды.
Мерзімді депозиттер - бұл банктерде белгілі бір мерзімге және пайыз төлеу шартында орналастырылған клиенттердің уақытша бос ақша қаражаттары. Мерзімдік депозиттердің өзі заңды және жеке тұлғалардың мерзімдік салымдары және алдын ала хабарлаумен жасалатын мерзімдік салымдары деп бөлінеді.
Бұл депозит түрі алдын ала хабарлаудан кейін немесе мерзім бойынша алынуы мүмкін. Мерзімді депозиттер чектің көмегімен пайдаланылмайды, бірақ қолма-қол ақша түрінде еркін аударылады немесе ағымдағы шотқа аударылады. Егер мерзімге дейін бұл салымды алатын болса, онда шот иесі айыппұл төлеуге міндетті.
Бұл салымның ерекшелігі - талап еткенге дейінгі депозитке қарағанда, оларға міндетті резервтердің төменгі мөлшері белгіленеді.
Депозиттің бұл түрін алдын ала хабарлау негізінде немесе уақыты жеткен кезде салым иесі ала алады. Мерзімді депозиттерді басқа ағымдағы шоттарға аударуға болады.
Мерзімді депозиттер мынадай түрлерге бөлінеді:
- меншікті-мерзімді депозиттер;
- алдын ала ескертілетін мерзімді депозиттер.
Меншікті-мерзімді депозиттер сақталу мерзіміне қарай жіктеледі:
- 30 күнге дейінгі;
- 30-90 күнге дейінгі;
- 90-180 күнге дейінгі;
- 180-360 күнге дейінгі;
- 360 күннен жоғары.
Мерзімді депозиттер бойынша, салым иесінен алдын ала хабарлау депозиті бойынша міндетті түрде өтініш талап етеді. Өтініш беру уақыты алдын ала келісіледі және депозит бойынша, соған сәйкес пайыз белгіленеді. Әдетте, алдын ала алуын хабарлау мерзімі жеті күннен жоғары болып келеді.
Мерзімді депозиттердің мынадай ерекшеліктері болады: есеп айырысу үшін пайдаланылмайды, әрі мұндай шоттарға ешқандай да есеп айырысу құжаттары толтырылмайды; шоттағы қаражат баяу айналады; тұрақты пайыз төленеді; пайыз мөлшерінің ең жоғарғы деңгейі Ұлттық Банкі тарапынан реттеліп отырады; ақшаны алуы туралы салым иесінің алдын ала хабардар етуі талап етіледі; бұл шоттағы қаражаттар бойынша ең төменгі мөлшерде резервтер белгіленеді.
Мерзімдік депозиттер банктің басшысы арқылы банк және клиент (салымшы) арасында жасалатын шартпен рәсімделеді. Банктер депозиттік шарттың нысанын дербес даярлап, салымның жекелеген түрлері бойынша өзгеше үлгілері болады. Шарт екі дана етіп жасалады: біреуі салымшыда, екіншісі - банктің кредиттік немесе депозиттік бөлімінде (бұл жұмыс қандай бөлімге тапсырылғанына орай) сақталады. Шартта салым сомасы, оның әрекет мерзімі, шарт мерзімі аяқталғаннан кейін салымшы алатын сыйақы, тараптардың құқықтары және міндеттері, олардың шарт мерзімін сақтау туралы жауапкершіліктері, дауларды шешу тәртібі белгіленеді. Көптеген банктер банктің ұсақ, орта және ірі клиенттерге қызмет етуіне байланысты мерзімдік салымның ең төменгі мөлшерін белгілейді. Банк өз тарапынан шарттың барлық талаптарын уақтылы орындауға және оларды бұзғаны үшін жауап беруге міндеттенеді. Бұл депозит иелеріне қаражатты немесе пайыздар төлеуді уақытында бермегені үшін өсімпұл немесе айыппұлдар төлеуде көрініс табады. Банк және салымшы арасында туындайтын даулар төрелік сотта немесе сот тәртібімен (егер салымшы жеке тұлға болса) шешілуі тиіс.
Талап етілгенге дейінгі депозиттер - белгісіз мерзімге салынатын, салымшы кез келген уақытта банкті алдын ала хабардар етпестен алатын немесе басқа тұлғаға аудара алатын қаражат [4] .
Отандық банктік тәжірибеде талап етілгенге дейінгі депозиттер қаражаттың сипаты және кімге тиесілілігі бойынша бөлінеді:
- кәсіпорындардың және ұйымдардың есепайырысу, ағымдағы есепшоттарында сақталған қаражаттары, әртүлі қорларда сақтауы бойынша арнайы есепшоттардағы қаражаттары; кәсіпорындардың капиталдық салымдарға арналған есепшоттарындағы, жергілікті бюджеттердің табыстары бойынша есепшоттардағы қаражат;
- әртүрлі мақсатқа тағайындалған қорлардың қаражаттары;
- жергілікті бюджеттердің қаражаты;
- басқа банктермен есеп айырысу бойынша корреспонденттік есепшоттардағы кредиттік қаражат қалдықтары және шетелдік банк-корреспонденттердің есепшоттарындағы қаражат.
Талап етілгенге дейінгі депозиттік шоттардың артықшылығы - олардың иелері үшін жоғарғы өтімділігіне байланысты сипатталады. Талап етілгенге дейінгі депозиттік шоттарға қаражаттар, шаруашылық және басқа да операциялардың жүзеге асырылуы барысында түседі және пайдаланылады.
Ал кемшілігі - бұл шот бойынша пайыз мүлде төленбейді немесе біршама төменгі мөлшерде төленеді. Міне осыдан келіп талап етілгенге дейінгі шоттардың төмендегідей өзіндік ерекшеліктері қалыптасады:
- ақша салу және оны алу кез келген уақытта ешқандай да шектеусіз жүзеге асырылады;
- шот иесі банктен осы шотты пайдаланғаны үшін пайыз түрінде немесе комиссиондық ақы алып отырады;
- банктер талап етілгенге дейінгі шоттарда ақшалай қаражаттарды сақтағаны үшін өте төменгі деңгейде пайыз төлейді, кейде төлемеуі де мүмкін;
- талап етілгенге дейінгі депозиттер бойынша, коммерциялық банк Орталық банкте сақталатын міндетті резервтерге жоғарғы мөлшерде аударымдар жасайды.
Қазақстандық көптеген коммерциялық банктерде талап етілгенге дейінгі депозиттердің үлесі тартылған қаражаттар құрылымында өте жоғары болып келеді. Бұл өте арзан ресурс болғанымен банктерде оларды ұзақ мерзімге орналастыруға байланысты қиындықтар туындайды. Халықаралық банктік тәжірибеде оларды ұзақ мерзімді активтерге айналдыруда депозиттік базаны сандық талдау әдісі қолданылады. Мұнда депозиттік базаны сипаттайтын көрсеткіштер есептелінеді.
- талданатын мерзім ішіндегі ресурстық базаның өсімін көрсететін қаражаттардың (талап етілгенге дейінгі депозиттердің) шоғырлану деңгейі;
- орташа сақталу мерзімі. Талап етілгенге дейінгі депозиттерде сақталатын қаражаттардың орта күнінің санын көрсететін көрсеткіш, сол арқылы тартылған қаражаттарды мерзімді активтерге айналдыру мерзімін анықтау;
- талап етілгенге дейінгі депозиттердің азаймайтын (тұрақты) қалдығы немесе олардың табысты активтерге орналастыруға болатын қаражаттарының бөлігі.
Талап етілгенге дейінгі депозиттерге банктердің бір жақты тәртіппен немесе бір бірінің тапсырмасы бойынша есепайырысу мен төлемдерді жүргізу мақсатында Орталық Банкте немесе корреспондент банктерде ашылған корреспонденттік есепшоттары да жатады. Банк басқа банкте ашқан корреспонденттік есепшот «НОСТРО» есепшоттары деп аталады, ал банк басқа банк үшін ашқан корреспонденттік есепшот «ЛОРО» есепшоты деп аталады. Бұл есепшоттарды ашу есепшоттардың қызмет ету талаптары және олар бойынша жүргізілетін операциялардың тізімі анықталған банктер арасындағы жасалған шарттар негізінде жүргізіледі. Көрсетілген есепшоттардан сондай-ақ клиенттердің есепшоттарынан да төлемдер олардағы қаражат шегінде жасалуы тиіс екендігін есте ұстаған жөн.
Талап етілгенге дейінгі депозиттерге өзінің классикалық нұсқасында отандық тәжірибеде қолданылмайтын, бірақ олардың қызмет етуі назар аударуға болатын контокорренттік есепшоттар тәрізді арнайы есепшоттарды жатқызуға болады.
Контокоррент (conto corrente италян тілінен - ағымдағы есепшот) - бұл банктің клиентпен барлық операциялары есептелетін біртұтас есепшот. Бұл есепайырысу және несиелік есепшоттарды бірге көрсететін активтік-пассивтік есепшот. Контокоррентте бір жағынан банктің несиелері және клиенттің тапсырмасы бойынша есепшоттан жасалған барлық төлемдер, ал екінші жағынан есепшотқа қолма-қол ақша, аударымдар, қайтарылып келген қаражат және басқа түрдегі қаражат көрсетіледі. Кредиттік сальдо дегеніміз клиенттің жеке қаражаты бар екенін білдіреді, ал дебеттік сальдо дегеніміз айналымға барлық заемдық қаражат қатыстырылған және есепшот иесі банкке кредит бойынша борышкер екендігін білдіреді [5] .
Талап етілгенге дейінгі есепшоттардағы сақталатын қаражат үлесін есептеу мерзімдік депозиттік есепшоттарға аударылуы мүмкін болатын мынадай формуламен жүргізіледі:
А=(Оср/Окр) × 100 %; (1)
мұндағы А - мерзімді депозиттік шоттарға ауыстыруға болатын қаражат үлесі;
- Оср - бір жылдағы ағымдық шоттағы орташа қаражат қалдығы;
- Окр - бір жылдағы ағымдық шот бойынша несиелік айналым.
Тағы бір кеңінен таралған депозиттердің түрі - халықтың жинақ салымдары. Олардың белгіленген мерзімі жоқ, қаражатты алуда ескертуін талап етпейді, салымның жоғарғы шегі шектелген, ақшаны салу және алу кезінде жинақ кітапшасын көрсетуі қажет.
Банктер үшін мұндай шоттар қосымша жұмыстарды талап етеді: операцияны рәсімдеу қиынырақ, кітапшаны жоғалту және ұрлатып алу жағдайына сай екі жақты тіркеу енгізу қажет және т. б. Компьютердің көмегімен жасалған жеке бет шоты туралы көшірмесі негізінде жинақ салымдарымен басқа салымдарды ауыстыруға мүмкіншілігі бар.
Мерзімді депозиттер және жинақ салымдары депозиттік ресурстардың біршама тұрақты бөлігін білдіреді.
Жинақ салымдарының тұрақты мерзімі болмайды. Бұл салымдардың түрі бойынша, мерзімді депозиттерге қарағанда төменгі мөлшерде пайыз төленеді. Жинақ салымары жинақ кітапшалары негізінде толтырылады.
Жинақ салымдарының төмендегідей ерекшеліктері болады:
- ақшалай қаражаттар сақтауда тұрақты мерзімі болмайды;
- шоттағы қаражатты алдын ала алу барысында ешқандай да ескерту талап етілмейді;
- ақшаны шотқа саларда немесе шоттан аларда міндетті түрде ақшалай қаражаттар қозғалысы көрсетілетін жинақ кітапшасының болуы талап етіледі.
Отандық банктік тәжірибеде жеке тұлғаларға ашылатын жинақ салымдары салым операцияларының мерзіміне және мазмұнына қарай төмендегідей түрлерге бөлінеді:
- мерзімді жинақ салымдары;
- қосымша жарна қосатын мерзімді жинақ салымдары;
- ұтыс салымдары;
- ақшалай-заттай ұтыс салымдары;
- мақсатты және ағымдық салымдар;
- алдын ала алуын хабарлайтын салымдар;
- валюталық салымдар [6] .
Мерзімді жинақ салымдарға тұрақты мерзімі белгіленетін және сол мерзім өткенше алуға мүмкін емес салымдар жатады. Мерзімді жинақ салымдарына басқа жинақ салымдарға қарағанда жоғарғы мөлшерде пайыз төленеді.
Қосымша жарна қосатын салымдар - бұл шоттағы қаражатқа алдын ала келісілген уәде бойынша үздіксіз ақшалай соманы қосып отыруға болатын салымды білдіреді. Бұл шотта жинақталған соманы белгілі бір күнде (жаңа жылдық салым, бойжеткен кезде және т. с. с. ) толық төленеді.
Ағымдық жинақ салымдар негізінен жалақы, зейнетақы, үздіксіз төлемдерді төлеу үшін жинақталатын және пайдаланылатын қаражаттарды білдіреді. Мұндай салымдар бойынша өте төменгі пайыз төленеді.
Банктердің депозиттік базасын нығайту мәселесін шешуде әртүрлі депозиттердің көлемін ұлғайту ғана емес, сонымен қатар депозиттік операциялардың ұйымдастырылуын жақсарту және салымдарды тартуды ынталандыру жүйесін арттырудың да үлкен маңызы бар. Бұл ең алдымен банктердің дәстүрлі емес банктік құралдарды: депозиттік және жинақтау сертификаттарды, чек депозиттерді, банктік вексельдерді шығару есебінен қол жеткізілуі мүмкін.
Мерзімді депозиттер мен жинақ салымдарының бір түріне депозиттік және жинақ сертификаттарын жатқызуға болады.
Депозиттік сертификат - заңды тұлғаның банкке салған қаражатын куәландыратын және оған салым мерзімінің өтуіне қарай банктен немесе оның филиалдарынан салған салым сомасы мен сыйақы мөлшерлемесін алуға құқық беретін бағалы қағаз.
Жинақ сертификаты - жеке тұлғаның банкке салған қаражатын куәландыратын және оған салым мерзімінің өтуіне қарай банктен немесе оның филиалдарынан салған салым сомасы мен сыйақы мөлшерлемесін алуға құқық беретін бағалы қағаз.
Депозиттік және жинақ сертификаттары иемденуіне қарай екі түрлі болып келеді:
- атаулы сертификаттар;
- мәлімдеуші сертификаттар.
Атаулы депозиттік және жинақ сертификаттары бұл салым иелерінің атына толтырылып беріледі. Ал, мәлімдеуші сертификаттарда салым иесінің аты-жөні көрсетілмейді, яғни оны кім иеленсе, сол қаражаттың иесі болып саналады.
Депозиттік және жинақ сертификаттары сатылған тауарлар және көрсетілген қызметтер үшін төлеуге болатын төлем құралы немесе есеп айырысу қызметін атқара алады. Депозиттік сертификаттар көбінесе ірі сомада шығарылатындықтан да, оларды заңды тұлғалар сатып алады.
Сертификаттарды салымшылардың санатына байланысты депозиттік және жинақтаушы сертификаттарға бөлуден басқа сертификаттарды басқа белгілері бойынша да жіктеуге болады:
- Шығарылу әдісі бойынша:
- бір рет қана шығарылатын;
- сериялармен шығарылатын;
- Рәсімделу әдісі бойынша:
- атаулы;
- ұсынушыға;
- Айналым мерзімдері бойынша:
- мерзімдік;
- талап етілгенге дейін [7] .
Депозиттік сертификаттар бойынша айналым мерзімі 1 жылдың шегінде белгіленген, ал жинақтаушы сертификаттар бойынша 3 жыл шегінде белгіленген.
Коммерциялық банктерге өз қызметі үшін ресурстар тарту мақсатында коммерциялық банктердің жарғысында бекітілген жоғары пайда табу мен қажетті банк өтімділігін сақтау мақсатына және міндеттеріне орай депозиттік саясат стратегиясын әзірлеу маңызды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz