Өлең ойындар


Өлең ойындар .
Бұл топтағы жырлардың қимыл-қозғалыс ойындарымен байланысы жоқ. Ойын сөзге, өлеңге негізделіп құрылады. Балалар диалог арқылы сөз қақтығысына, ой жарысына түседі. Сөзбен ойнай жүріп тілдерін сындырып, қиялдарын ұштайды, білім-біліктерін байытады, түрлі дағдылар қалыптастырады. Мұндай өлеңдерді М. Н. Мельников «ермектік фольклор» «потешны фольклор» деп топтастырады, бұл орайда ол Г. С. Виноградов жіктеуін негізге алады. Ал, Э. С. Литвин сөздік ойын өлеңдері («песни словесные-игровые») деп топтауды жөн көреді. А. Сафаров болса бұл топтағы жанрлық түрлерді «Сөз - ойындар»-(«суз уйынлар») деп атайды. Басқа зерттеушілер де бұл өлеңдерді арнайы топтастырмағанмен, олардағы ойындық элементтердің басымдығын жоққа шығармайды. Бірақ жанрлық түрлерді қай топқа жатқызу жөнінде бірізділік байқалмайды. Мәселен, тәжікелесуді (поддевки) зерттеушілердің барлығы да ойындық фольклорға қосса, жаңылтпашты (скорого-ворки) біреулер ойындық фольклорға (Ю. Г. Рочев., А. Сафаров енді біреулер ойыннан тыс фольклорға (В. А. Василенко, Р. Ф. Ягафаров жатқызып жүр. Әрине, бұл жерде зерттеушілердің қай-қайсысының да болмасын дәйектемелерін жоққа шығару өте қиын. Жанрлық синкретизм, яғни түрлі белгілердің тоғысып келуі фольклорға тән құбылыс. Оның ішіндегі ең басты, негізгі, айқынырақ белгілерді бөліп көрсету, әрине, оңай емес. Ғалымдар пікіріндегі ауытқушылықтар да осыдан туындап жатыр.
Біздің ойымызша, бұл топтағы өлеңдерге тән негізгі белгі - ойындық элементтің басымдығы. Оған бұл шығармалардың диалогқа негізделіп құрылуы, балалардың кезектесіп орындауы, бір-бірінен жауап күтісіп, өзара сөз жарысына, ой жарысына түсу, сол сөз ойындарының күлкі, қызыққа кенеліп, өздерінше рухани қанағат табуы. Бұл ойындар өлеңге, ұйқасымды сөзге негізделіп құрылады. Рольді ойындарда балалар әлдеқандай затты, түрлі ойыншықтарды ермек етсе, мұнда халық арасында ұрпақ тан-ұрпаққа ауысып келе жатқан өлең сөздер ойыншықтың, ойын құралының қызметін атқарады. Сондықтан оларды өлең-ойындар (песни-игры) деп атаған жөн.
Сонымен бірге, бұл орайда пікірталастарға жетелейтін тұстар да жоқ емес. Мәселен, жаңылтпаш, жұмбақ тәрізді жанрлардың шығу тегі, алғашқы функциялары мүл-де басқа мақсатты көздеген. Біз оның балалар репертуарына көшкеннен кейінгі жаңа функциясын негізге алдық
Сонымен, өлеңді сөз бен ойды ермек етуге негізделген бұл өлең-ойындардың құрамына мынадай жанрлық түрлерді топтастыруға болады. тәжікелесу, жаңылтпаш, жұмбақтар, балалар айтысы.
Тәжікелесу (ІІоддевки) . Диалог арқылы балалардың бірін-бірі қажап, күлкіге айналдыруы, сөзбен іліп-қаруы, қай халықта болмасын бар. «Это - веселые шутки - балагурки, средство забавы»- за счет товарища», основанное на игре словом и вспомогательным действием»., - деп жазады М. Н. Мельников. Қазақ балаларының сөзбен аңдысып, жеңіл күлкі туғызатын әзіл оспақтарының осы қағида аумағына дәл келеді. Олардың көлемі әртүрлі, көбінесе, ұйқастырылған тақпақ түрінде келеді. Тәжікелесудің қимыл-әрекетке негізделген түрлері де болады. Мысалы, теріс қарап отырған құрбысының байқатпай келіп көзін баса қойып:
- Айна ма, тарақ па? деп сұрайды.
Егер «айна» десе, «көзің жайна» деп босатып жібереді. Тарақ десе, «тарақ тарайды» деп көзін ауырта «тарап» босатады. 0. Сафаров осыған ұқсас ойынның өзбек халқында да бар екендігін жазады. Тек ойынның өзбекше нұсқасында «айна ма, тарақ па?» деудің орнына «Сүт пе, қаймақ па?» деген тіркес қолданылады екен. Екі баланың диалогынан құрылатын тәжікелесудің ішкі формалары сан алуан болып келеді. Орыс балалар тәжікелесулерін іштей саралай келіп М. Н. Мельников поддевки-заманки, поддевки искусственного диалога, поддевки-загадки, поддевки-шутки, поддевки-присловья» деп алтыға бөлсе. өзбек балалар фольклорын 0. Сафаров: жасанды диалогқа құрылған тәжікелесу (суньий диалог шаклидаги чандишлар), шынайы диалогқа құрылған тәжікелесу (табиғи диалог шаклидаги чандишлар), қыстырма тәжікелесу. (қыстырма чандишлар) деп төртке бөледі.
Формалық жағынан зерделегенде осы аталған формалық түрлердің баршасы қазақ балаларының репертуарында бар. Біз қолымызға жинақталған мәліметтерді «жасанды диалогқа негізделген тәжікелесулер, » «табиғи диалогқа негізделген тәжікелесулер», «тәжіке-жұмбақтар», «тәжіке-сауалдар, «тәжіке-тұзақтар» деп беске бөлдік.
Жасанды диалогқа негізделген тэжікелесулерді балалар арнайы ойын ретінде алма-кезек айтысады. Балалардың бірі екіншісіне әлдебір сөзді айтуды өтінеді де, мұның жасандылығы осында жолдасын мұқататын ұйқасты әзіл сөзді дайындап отырады. Осылайша кезекпе-кезек айтыса береді. Мысалы:
- Қасық деші!
- Қасық!
- Аузың сасық.
- Жәшік деші!
- Жәшік!
- Сенің әкең әжетханаға піркәшік.
Бұл балалар арасында тәжікелесудің ең көп тараған формасы. Және олар көбінесе арнайы түрде айтылады. Оның психологялық сыры да бар. Ол жөнінде шетел психологтары арнайы зерттеу де жүргізген. Табиғи диалогқа негізделген тэжікелесулер балалар арасыңдағы әңігімеде, қарым-қатынас кезенде кездейсоқ айтылады. Мәселен, өзара әңгімелесіп отырған балалардың бірі әлде нені естімей қалғанда:
- Немене?
- Тегене, төмен қарай дөңгеле, -
Немесе әңгіме арасында бір-біріне оқыс сұрақ беріп қалады. Мысалы;
- Мынау кандай ағаш?
- Қайың.
- Сыбағың дайын, -
деп бір қояды, немесе:
- Төрт жерде бес қанша?
- Жиырма,
- Пәленше сіздің сиыр ма?
Тэжіке-жұмбақтардың мазмұны басқалардан күрделірек. Мұнда бала жұмбақ арқылы өзінің серігіне керекті сөзді айтқызуға тырысады. Яғни, тәжікелесудің бұл түрінің композициялық құрылысы да күрделі: ол - жұмбақтан, оның шешуінен және соған ұйқастырылған сөзден, үш компоненттен құрылады. Мысалы:
- Белі бүкір, алысқа түкір.
- Мылтық.
- Аузыңа жүн тық.
- Дауысы - тырау-тырау,
Денесі - қ ырау-сұрау
- Тырна.
- Бас салып «тырна», -
деп, жолдасын тырнай бастайды.
Әрине, балалар үшін қажетті сөзге орайлас келетін жұмбақ құрастыру оңайға түспейді, сондықтан да балалар кей жағдайда жұмбақты қара сөзбен де жасырады.
Яғни, жұмбақ жасанды диалогқа құрылған тәжікелесудегі «пәлен деші» деген өтініштің орнына жүреді. Мәселен, «шынжыр деші» деудің орнына «ит мойнында сұр жылан» дейді.
- Шынжыр,
- Жүре алмай шыңғыр.
Тәжіке-сауалдар басталуы қаламаққа ұқсас. Балалар бір-біріне әлденені таңдауды ұеынады. Мысалы:
- Ақ па, қара ма?
- Бетіңе батпақ жақ.
- Қара.
- Басыңа шықсын жара
немесе:
- Ат па, айғыр ма?
- Ат.
- Арам қат.
- Айғыр.
- Міне алмай қайғыр т. б.
Алдамшы тәжікелесулерде балалар бір-бірін алдап алаңдатады. Мәселен:
- Марат, ананы қарашы.
Марат жалт қарайды.
-- Қараттым, қараттым,
қарғаның саңғырығын жалаттым, -
дейді.
Тәжікелесудің бұл түрінде бала өз қарсыласын алдап «сөз тұзағына» түсіруді мақсат тұтады. Алданған баланы «алдадым, алдадым, қара суды жалдадым» деген сияқты ұйқасты тіркестермен келеке етеді. Кейде оны іс-әрекетпен де жасайды. Мысалы, «әне самолет, самолет ұшып барады»-деп айғайлайды балалардың біреуі. Қалған балалар «қане, қане?» деп шуласады. Ал ол болса «міне, міне!» деп мұрнын көрсетеді, балалар оны жабыла қуады.
Тәжікелесудің сөздің мағынасын бұра сөйлеуге құрылған дәстүрлі формалары да бар. Мысалы, үлкен кісінің сауалдарына бала мынадай қиқар жауаптар қайырады:
Кісі: Кімнің баласысың?
Бала: Әкемнің баласымын.
Кісі: Әкеңнің аты кім?
Бала: Әкемнің аты жылқыда. Құла ат.
Кісі: Ауылыңның үлкені кім?
Бала: Түйе!
Кісі: Ақсақалы?
Бала: Теке . . .
Осылайша жалғаса береді. Бұл жерде тәжікелесудің баланы тауып сөйлеуге, ой, тіл ұшқырлығын тәрбиелейтін қуаты белең береді. Мұндай тәжікелесулердің өтірікке құрылған қызғылықты формалары да кезігеді. «Суайт бала мен қарттың» тәжікелесуі осындай сипатты танытады.
Түйіндей айтқанда, тәжікелесу - формалық құрылымы алуан түрлі, балалардың күнделікті тірлігінде өткен кең тараған ермек өлеңдердің бір түрі. Олардың көлемі негізінен шағын ұйқасқа құрылған екі, төрт жолды шумақтардан тұрады. Мазмұнында балалардың бір-бірін келекелеп, қағытқан азіл жатады.
Жаңылтпаш - қай халық фольклорында болмасын кең таралған жанрлық түр. Қазақ жаңылтпаштарына да зерттеушілер ертеден назар аударып келеді. Оның тұңғыш хатқа түскен үлгілерін Ә. Диваев, М. Ф. Гаврилов жазбаларынан кезіктіреміз. Кейінгі кезеңде жаңылтпаштар балаларға арналған мерзімді басылымдарда да жиі жарияланып, жеке кітап та болып басылып шықты.
«Жаңылтпаш деген аты жаңылтудан шыққан. Қатарынан қайта-қайта шапшаң айтқанда, иә тіл келмейтін, иә тіл басқа сөз қылып бұзып кететін сөздердің басын құрап, келістірген шығарма жаңылтпаш деп аталады», - деп дәйектейді алғаш рет оның ғылыми анықтамасын А. Байтұрсынов.
Жаңылтпаштардың ғылыми маңызына алғаш назар аударған адамның бірі - С. Сейфуллин еді. «Жастардың, бала-шағаның жиналып ойын-күлкі «дүкенін» Құрған орында айтылатын айтыстың бірі - жаңылтпаш. Бұл да - ертек, өлең, жұмбақ айтысу тәрізді жастардың, балалардың тілге ұстауларына, ойнақы, қырлы сөздерді қақпақылша атқылап, билеп еркін сөйлеуге төселулеріне өз әлінше әдемі сабақ, тәжірибе болатын ойын, - деп жазады ол 1931 жылғы жазған «Қазақ әдебиеті» атты зерттеуінде. Кітапта зерттеуші жаңылтпаштың тәрбиелік мәні мен атқаратын қызметін айқын аша отырып оның ойындық сипатына да назар аударады. Яғни, жаңылтпаш жеке баланың ермегі емес, ол - көбінесе жұрт жиналған жерлерде балалардың тез де, жаңылыссыз, дыбыстарды анық сөйлеуіне дағдылануына үйрететін өлең-ойын. Оның ойындық сипаты балалардың бір-бірімен жарыса кезекпе-кезек айтысуында жатыр. Ол тіл жаттықтыру мақсатын ғана көздемейді, жаңылтпаштағы сөздері дұрыс айтылмаса, құлаққа мүлде басқаша естіліп, күлкі де туғызады. Мәселен:
Ақ тай ақ па?
Қара тай ақ па?
деген сияқты жаңылтпашты интонацияны дұрыс сақтамай, жылдамдата айтса,
Ақ таяқ па?
Қара таяқ па?
болып мағыналық жағынан мүлде өзгеріп кетеді.
Ертеректе, жаңылтпаш балалар ғана емес, ересектердің де ермегі болған. Бірақ үлкендер арасында ол басқашалау қызмет атқарған.
«Ерте кезде ойын-сауықтарда жаңылтпаш айтқызу қазақтың салты болған. Жаңылтпаш жиналған жұртты күлдіру, тіл ұстартуды көздеумен қатар, ол өлең, ән біл-мейтін жастарға берілетін жаза есебінде қолданылған» деп жазады белгілі фольклорист ғалым М. Ғабдуллин, жаңылтпаштың үлкендер арасындағы қолданысы жөнінде. Дегенмен, жаңылтпаштар негізінен балаларға тән мұра. Ол жөнінде қазақ балалар әдебиетінің білгірі Ш. Ахметов: «Бұл жанр тек қана балалар әдебиетіне арналған, көбіне мектеп жасына дейінгі балалар мен бастауыш мектеп оқушыларына лайықты. Олай дейтініміз жеке дыбыстармен айтылуы қиын кейбір сөздерді дұрыс сөйлеуге үйрету - көбіне балаға ғана тән нәрсе. Мұнда міндетті түрде оқыту арқылы ғана емес, баланы талғамы күшті кызық та көркем сөздерге әуестендіру, соған еліктіру арқылы жаттығу жүргізу үшін қолданылған шеберлік бар», - дейді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz