Философия ұғымы туралы түсінік


Гүлзира Әбіласанқызы Шадинова
Гүлбазар Батырханқызы Көлеген
Ф И Л О С О Ф И Я
Түркістан -2008
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Университетінің ғылыми координациялық кеңесінің шешімімен ұсынылған.
П і к і р ж а з ғ а н д а р:
Философия ғылымдарының докторы, профессор М. Әженов.
Философия ғылымдарының докторы, профессор А. Абуов.
Шадинова Г. Ә., Көлеген Г. Б. Философия. Жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқу құралы. - Түркістан: Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті, 2008. - 224бет.
Бұл лекциялық курс философия негіздеріне арналған оқу құралы болып табылады. Бұл еңбекте философия пәнінің тарихына, методологиялық теорияларының онтологиялық, гносеологиялық, аксиологиялық, мораль, әлеуметтік мәселелеріне қысқаша мәлімет берілді.
© Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті
Философия ұғымы туралы түсінік.
Кез келген адамның өзін қоршаған дүние жөнінде қалыптасқан белгілі бір көзқарасы болады , бірақ ол көзқарас көбінесе теориялық жағынан ой жіберілмеген, негізделмеген, түрлі қарама-қайшы түсініктердің үзінділерінен құралады. Ал, философия болса табиғат, қоғам, адам және оның дүниедегі орны жөніндегі идеялардың, көзқарастар мен түсініктердің жәй ғана жиынтығы емес, олардың жүйелі жиынтығы. Дүниеге философиялық көзқарас жәй өз принциптерін жариялап, оларды адамдардың санасына сіңіріп қана қоймай, ол принциптерді дәлелдеп, логикалық тұрғыдан қорытып шығарады.
Демек, философия дүниеге ғылыми көзқарастың, ойлаудың, диалектикалық жүйесін жасап, болашаққа сеніммен қарауды қалыптастырады. Бұл іліммен қарулану, әсіресе, қазіргі өмірдегі революциялық қайта құру процесіне бірден-бір сәйкес және қажет ілім. Философияның әдістемелік қағидаларын негізге алу өмір талабы. Сонымен қатар, қазіргі демократия, жариялыққа сәйкес, ол бұрынғы догматизмнен тазарып, шыңдала түсуде.
Ертең халық шаруашылығының тұтқасын ұстап, ел тағдырын шешуге, қоғам дамуының жауапкершілігін мойнына алуға ұмтылған әрбір жас үшін философия пәнін оқып үйрену қажет. Онсыз мынау күрделі, сан-салалы, қатпар-қатпар дүниенің, бүкіл әлемнің ішкі сырын, табиғатын, дамуының мән-мағынасын ұғыну мүмкін емес. Философияны оқып үйрену іске шығармашылықпен қараудың, ойлана-толғана білудің түрлі құбылыстарды талдап, маңыздысын ажырата білудің, ой-өрісін кеңейтудің, жан-жақтылық пен жоғары мәдениеттің кепілі.
Философия табиғаттың, қоғамның және адам ой-жүйесінің дамуының жалпы заңдарын зерттейтін ілім. Бұл анықтамадан көріп отырғанымыздай философия пәнінің басты ерекшелігі әлемді, бүкіл дүниені тұтас қарастыратындығында, оның ішкі байланысын өзара қарым-қатынасын, қарама-қайшылығын біртұтас алып көрсететіндігінде жатыр.
Философия - бұл ғылыми жүйелердің көнесі. Ол қауымдық құрылыс ыдырап, қоғам құл иленушілік дәуірге аяқ басар мезгілде, яғни, мифологиялық діни түсініктермен күрес барысында қалыптасып, сол кезде пайда болған барлық білімнің басын құрады. Көне грек тілінен аударғанда «философия» ұғымы «данышпандыққа құштарлық» деген мағына береді. Жалпы, философия өте ертедегі көне Үндістанда, Қытайда, Орта Азияда пайда болды, ал Грецияда тұңғыш рет біркелкі жүйеге түсірілді. Философияның одан әрі дамуы, философиялық түсініктер мен ұғымдардың көбейе түсуі, тереңдеуі, баюы әртүрлі философиялық теориялар мен бағыттардың пайда болуына негіз болды.
Айталық, философияның негізгі салалары ретінде: Онтология - болмыс туралы немесе бүкіл тіршіліктің мәні туралы ілім; гносеология - таным теориясы; логика - дұрыс, яғни байланысты, дәйекті, дәлелді ойлаудың формалары туралы ғылым; тарих философиясы, этика, эстетика, т. с. с. пәндер қалыптасты. Философиядан нақты ғылыми пәндер: математика, медицина, астрономия, табиғаттану, қоғамтану, тарих т. б. бөлініп шықты.
Философия дүниетанымдық, методологиялық жүйе болып табылады. Өйткені, ол дүниенің, бізді қоршаған орта - табиғат пен қоғамның және адам дамуының жалпы заңдылықтарын зерттейді. Сондықтан, философияның маңызын, құрылымын, пәнін тереңдеп білу үшін, ең әуелі, оның дүниеге көзқарас ұғымымен байланысын, арақатынасын өзара байланысын білген жөн.
Философия және дүниеге көзқарас.
Дүниеге көзқарас дегеніміз - айнала қоршаған орта, бүкіл әлем тұтас дүние туралы, ондағы адамның орны, тіршіліктің мән-мағынасы туралы көз-қарастардың, пікірлер мен түсініктердің жүйеленген жиынтығы.
Оның шығуының қайнар көзі, адамның тіршілік болмысы. Расында, дүниенің пайда болуы, оның эволюциялық тұрғыдан жетілу ерекшеліктері, адамның дүниедегі орны, болмыстың мән-жайы, адамзат өніп-өсуінің сипаты мен бағдары сияқты мәселелер қай дәуірде де адамдарды толғандырып, көкейлерінен кетпей, ізденіске салды. Сөйтіп әлем құбылыстарын түсіндіруге талпынған әрекеттер дами берді. Ал қоғамдық өмірдің ілгері басуы, бір кезеңнен екіншісіне өтуі, олардың сабақтастығы, өмір салтының материалдық және рухани деңгейінің жоғарылауы, яғни еңбек өнімділігінің артып, тәжірибесінің молаюы дүниге көзқарасқа қатысты ұғымдарды молайта берді. Үсті-үстіне жаңа түсініктер мен ұғымдар пайда болып, дамып жатты. Айталық, материя, сана, кеңістік, қарама-қайшылық, т. с. с. ұғымдар туралы түсініктер дамып, тереңдетіліп отырды.
Дүниеге көзқарастың негізгі ұғымдары дүние және адам. Олар ажырамас диалектикалық бірлікте. Яғни адамнан бөлектенген дүние және табиғат, сондай-ақ сыртқы дүниемен салыстырылмаған адамның іс-әрекеті, ішкі рухани өмірі болмайды. Дүниеге қатынасы арқылы адам өзінің тағдыры мен өмірлік позициясы, сүйіспеншілігі мен сенімі туралы белгілі бір көзқарастар қалыптастырды. Осыдан келіп, дүниеге көзқараста біріншіден: әлем, табиғат және қоғам туралы, олардың бірлігі туралы; екіншіден: адам және оның дүниедегі орны туралы; үшіншіден: болмыс пен болашақтың мән жайы туралы көңілге қонымды түсініктер қалыптаса бастады. Ертедегі ойшылдар дүниеге көзқарастың тұтастығын құрастыратын негіз тек білім ғана екенін, қала берсе халық пен халықты теңестіретін күш те білімде екеніне кәміл сенді. «Ештеңе білмейтін және бірдеңе білейін деп талпынбайтын адам - өте нашар адам» деп ертедегі грек философы Платон бекер айтпаған. Әл-Фараби бабамыз айтқандай: «Білімді болу деген сөз - белгісіз нәрсені ашу, игеру қабілетіне ие болу деген сөз». Ал, халқымыз «Білімді ырыс қазығы» дейді. Білім тереңдеген сайын, ғылыми арнаға түскен сайын одан бастау алатын дүниеге көзқарас та нақтыланып, екшеленіп, жүйелік, тұрақтылық сипатқа ие болады. Білім адамның көкірегіне қоныс теуіп, санасына ұялап, оның өмір тәжірбиесінің елегінен өтіп барып, сенімге айналды.
Сенім - дегеніміз көзқарастың түп қазығы, бағыттаушысы адамның өз позициясына, тоқыған ойына, істеген ісіне, ұмтылған мұрат-мақсатына деген беріктігі. Сенімі берік адамның көзқарасы, дүниетанымы нақты, ісі қонымды, бағыты қашан да айқын.
Дүниеге көзқарас адам қызметіне, оның белсенділігі мен әлеуметтік бағдарына шешуші ықпал тигізеді. Сондай-ақ дүниеге көзқарастың қалыптасып дамуының өзі табиғи, әлеуметтік және нақты мәдени ортаға тәуелді. Осы тұрғыдан алғанда дүниеге көзқарасты ғылыми және ғылыми емес деп бөлуге болады.
Дүниеге көзқарастың кең тараған түрі ғылыми емес, қарапайым көзқарастар. Олар күнделікті қызмет әрекет барысында қалыптасады, өмірдің қалған салаларына назар аудармайды, жеке дәлелдерден нәр алып, олардың сапалық ерекшеліктерін ескере бермейді. Дәйекті білімнен гөрі, жалпылама, сыдыртпа «білімпаздық» басым. Сөйтіп, қарапайым дүниетанымда мифологиялық, діни және ғылыми көзқарастар, материалистік және идеалистік ұғымдар араласып, шатасып жатады. Ал тарихи тұрғыдан алғанда қоғамдық өмірдің болмысы мен санасының жетілу дәрежесіне байланысты дүниеге көзқарастың мифологиялық, діни, натурфилософиялық және философиялық түрлері қалыптасты. Адамзат қоғамымен бірге қалыптасқан дүниеге мифологиялық көзқарасқа тән нәрсе - адамның қоршаған ортадан өзін ажырата алмауы, құбылыстардың құрамындағы ұқсастықты ғана пайымдау, сананың, өнердің, дәстүрдің бір ғана сипатына - символдық қызметіне ерекше көңіл бөлу. Осыдан келіп, мифтік көзқараста білімсіздік, ырымшылдық, аңқаулық, алданушылық, бұрмалаушылық пен соқыр сенім элементтері қат-қабатымен кезігеді. Миф - адам дүниетанымының алғашқы қауымдық қалыптасуының көрінісі. Ол ешбір құбылыстың түп негізін, шығу себебін ашпайды. Тек, ғажайып құбылыстарға көңіл аударады, оларды сол күйінде ұғынуды, қабылдауды талап етеді.
Дүниеге діни көзқарас мифологиялық сананың табиғи жалғасы. Дүниеге діни көзқарас табиғаттан тыс, құдіретті күшке адамның мүлтіксіз бағынуын уағыздайды. Кей жағдайда адам санасында табиғи құбылыстардың бұрмаланған бейнесін туғызады, оның табиғатын өзгерту мүмкіндігінен шеттетуге бейімдейді. Мифология мен діни сананың кемістіктеріне қарсы күресті біршама батылдықпен жүргізген натуралистік философия болды. Ол жеке жаратылыстану ғылымдарының тұжырымдарына сүйене отырып, табиғат туралы тұтас көзқарас қалыптастыруға тырысты. Бірақ онда табиғатқа бағынатын дүниені өзгермейтін нәрсе ретінде қарастыру басым еді.
Натуралистік дүниеге көзқараста жаратушының даралығын дәлелдейтін тұжырымдар да аз емес. Әйтсе де ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда бұл дүниетанымда табиғатқа деген материалистік көзқарас жүйеге келтірілді. Дегенмен, нақты философиялық ой толғамдар мен тұжырымдар таптық қоғамның орнығу барысында, яғни ертедегі Қытай, Греция, Үнді елдерінде айқынырақ қалыптасты. Осы кезеңдегі экономика мен мәдениет ошақтары ірі-ірі қалаларында шоғырланды. Жерге жеке меншік орнады. Өндіріс құралдарының шоғырлануы еңбек бөлінісін тездетті, әрі тереңдетті.
Біреулердің қолында өндіріс байлығы, саяси билік, жер мен ондағы бар мүліктерді иемденуге мүмкіндіктері сақталынды. Басым көпшілік бұқара қауым мұндай игілік пен құқықтан айырылды.
Өндіріс өсті, өндіріспен бірге өндіргіш күш те жетілді. Осындай адамның табиғи ортадан тәуелсіздігі дербестелінді, керісінше, адамдар арасында қарым-қатынас та, практикалық саяси тәуелділік те тұрақтанды. Қоғамдық қайшылықта адам тұлғаланып, қажетті күшке айналды. Сонымен қатар, адамның әлеуметтік жағдайы мен жеке билік өзімшілдікті орнықтырды, оған әлеуметтік мән берілді.
Таптық қайшылық қоғамдық өмірдің күрделі мәселелерін күн тәртібіне қойды. Қайшылық салдарынан таным мен өндіріс қызметі, ой еңбегі мен дене еңбегі бір-бірінен дараланып бөлінді. Білім жеке биліктің есебімен ғана практикалық қолдау тапты. Міне, осы жағдайда философиялық көзқарас қалыптасты.
Сонымен қатар, өмір мен сұлулық, бақыт пен болашақ жайлы сезімтал көзқарастар дами түсті. Жеке адамның артықшылығын мойындаушылық дамыды. Адамзат күші табиғаттағы ең керемет күш деп ұғынушылық негіз алды. Адам өз тағдыры үшін өзінің де, өзгенің де ой-пікіріне талғаммен қарайтын болды.
Екіншіден, шындық пен дүниені ұғыну өздігінен келмейді, бұл теориялық-практикалық күрес арқылы қалыптасады. Ал, күрес білімге қарағанда практиканың көкжиектерін кеңейтті, ал мифологиялық наным теріс ұғыныстардың қай-қайсысына болмасын бөгет жасады. Әлеуметтік дертке қарсы күресте адам да, қоғам да, олардың көзқарастары да мәдениеттің жаңа сатысына көтерілді. Билікке қарсы ымырасыздықтың барысында ескі мифологиялық санадан жаңа философиялық білімге бетбұрыс басталды. Дүниеге философиялық көзқарас қалыптасты.
Дүниеге философиялық көзқарастың мәні
Адамның ой жүйесінің ең жоғары деңгейі - дүниеге философиялық көзқарас. Дүниеге философиялық көзқарас дегенде дүниені, табиғи және қоғамдық құбылыстарды ой жүзінде түсініп, ұғыну, табиғат пен адам арасындағы байланыстар, әрекеттер және қарым-қатынастың санада ерекше бейнелену формасын айтамыз.
Адамдар жаһанды танып-білуге, тіршілік болмысының мән жайын ұғынуға және болашаққа көз жеткізуіне көмектесетін идеялар, принциптер, теориялар, мақсат-мұраттар дүниеге философиялық көзқарасты құрайды. Сонымен бірге сана қызметін реттеуші ой-пікірлер, адамның әлеуметтік тұлғасын бейнелейтін білімдер бағдары да оған негіз болады.
Философия адам санасының мазмұны мен табиғаты туралы мәселені зерттейді. Сана дүние туралы ой, бейне мен ол ойдан тысқары тұрған әлем арасындағы қатынас арқылы талдауға алынып, қарастырылады. Басқаша айтқанда, философ өз ойлауының жемісін өзінен тысқары тұрған тәуелсіз дүниемен салыстырады. Осы бағытта ол ақиқат пен адасудың, білім мен болжамның, болмыстың шындығы мен ол туралы қияли пікірдің ара жігін ажыратудың қажеттілігін және маңызын түсінетін еді.
Философия таным процесінде ненің дәлелді, дұрыстығын және керісінше, ненің дәлелсіз, қателегін көрсететін мәселелерді қарастырады, теориялық ойлаудың жалпы танымдық мәселелерімен шұғылданады. Философияның тарихында дүниеге көзқарас ұдайы түрленіп, толысып отырады. Дегенмен, дүниетанымдық процесте үнемі кезігіп отыратын мәселе де бар. Ол, Энгельстің айтуынша «…ойлаудың болмысқа қатынасы туралы мәселе». Бұл мәселені, Энгельс философияның негізгі мәселесі, - деді. Оның себебі мен мәнісі неде?
Адам дүниемен қарым-қатынаста болғанда, болмыстың екі жағы да материалдыққа және идеалдыққа душар болады. Материалды дүниеге айналадағы қоршаған заттардың бәрі, яғни адамның санасынан, ой-жүйесінен тысқары, әрі одан тәуелсіз, объективті түрде өмір сүргеннің бәрі жатады. Ал идеалды, яғни рухани дүниеге санадағы, ойдағы, көкейдегі субъективті құбылыстар (ойлар, сезімдер, психикалық қасиеттер) жатады. Осылардың арақатынасы, байланысы қандай? Ойдың болмысқа, материяның рухқа қатынасы қалай? Міне, осы сұрақ филсофияның негізгі мәселесі болып табылады.
Бұл мәселенің бірінші жағы - материя алғашқы ма, жоқ әлде рух, сана алғашқы болып табыла ма деген сұрақтарға кеп саяды.
«Осы мәселелерге қалай жауап берулеріне қарай, - дейді Энгельс - философтар екі үлкен лагерьге бөлінеді». Олардың ішінде рух табиғаттан бұрын өмір сүрді дегендері идеалистік лагерьді құрады. Ал табиғатты бірінші деп есептегендер материализмнің әртүрлі мектептеріне қосылды. Материализм мен идеализм негізгі осы мағынада қолданылады. Олардың арасындағы күрес философияның дамуының түбегейлі бағытын анықтады. Бірақ осы күрестің қалыптасуы адам қызметінің мазмұнына тәуелді және материализм мен идеализмнің түрлеріне байланысты. Сөйтіп, филсофияның негізгі мәселесінің бастапқы онтологиялық жағы бар. Онтологиялық мәселе материалистер үшін сыртқы дүниенің объективті өмір сүруін, оның мәңгі, шексіз тіршілігін мойындаушылық, ал идеалистер үшін рухтың болмысын алғашқы қозғаушы күш ретінде уағыздаушылық. Бірақ, сыртқы және ішкі дүниенің өзгерістері туралы көзқарастар үнемі жаңарып отырады. Осыдан келіп материализмнің негізгі үш тарихи түрін ажыратуға болады: тұрпайы материализм, механика-метафизикалық және диалектикалық материализм.
«Материализм» дегеніміз философияда, негізінен, ХҮІІ ғасырда тұрақтанса да, ол туралы көзқарастар ертедегі Үнді, Қытай, Грек елдерінде қалыптасқан еді. Тұрпайы материализм құлдық қоғамның туындысы. Оның өкілдері (Лаоцзы, Ян Чжу, Ваи Чун, Локаята мектебі, Гераклит, Анаксагор, Эмпедокл, Демокрит, Эпикур және т. б. ) дүниенің материалдығын және оның адамның санасынан тәуелсіздігін мойындады. Әйтсе де, дүниенің көрнекті көріністері мен елестетушіліктері оның қасиеттері мен құрамы туралы жалпылама түсініктерден құралады, соларға теңестіріледі. Дүниеге деген көзқарас жалпы бір деңгейге тиянақталса да грек философтары табиғатқа тән, ортақ бастаманы - дүниенің негізі саналатын түпкі субстанцияны табуға тырысты. Левкипп және Демокриттің материяның атомдық құрылысы туралы гипотезасы ертедегі материалистік ілімнің үлкен бір жемісі болды.
Материализмнің бір түрі капитализмнің қалыптасу кезеңінде, оның өндірісі мен ғылымның ХVІ-ХVІІғ. ғ. қарқындау барысында пайда болды. Оны механикалық- материализм дейді. Бұл материализмнің қалыптасуына механика, астрономия, математика, жаратылыстану ғылымдары ерекше ықпал етті. Ой қозғалысының ауқымы мен дәлдігі анағұрлым артты. Күш білімде екеніне механикалық-метафизикалық материализмнің өкілдері Бэкон, Галилей, Ньютон, Гоббс, Гольбах, Гассенди, Спиноза, Локк т. б. ешқандай күмән келтірмеді. Материяны олар үнемі қозғалыста деп қарастырады. Ал қозғалысты табиғаттың әмбебап ажыратылмас қасиеті деп түсіндірді.
Олардың дәлелдігі туралы нақты білімдерді тәжірбие арқылы, оның мәліметтерін талдау арқылы алды. Қазіргі материалистер үшін тәжірбие жасауға келетін нәрсе табиғи, ал талдау арқылы жинақталынған білім тиянақты, әрі дәлелді болады. Осыдан олар атеистік дүниетанымды дамытты, дін мен идеализмге қарсы күрес ымырасыз жүргізілді.
Метафизикалық материализм ілімі сыңаржақты еді. Оның басты үш кемшілігін Энгельс атап көрсетті. Метафизикалық материализм біріншіден табиғаттың күллі құбылыстарын тек механиканың заңдары арқылы түсіндіріп бақты. Механика заңын физикалық, химиялық, биологиялық процестерге таратты. Екіншіден, дүниені процесс ретінде, оның даму күйінде қарастыра алмады, яғни бұл философияда метафизикалық ойлану басым еді. Үшіншіден, қоғамдық құбылыстарды қоғамның тарихын қарастырғанда бәрібір идеалистік көзқарас пен идеалистік түсініктен арыла алмады.
ХІХ ғасырда материализмнің ең жоғары да жүйелі түрі - диалектикалық материализм қалыптасты. Диалектикалық материализм қайнар көздері - дүние туралы барлық ғылыми жетістіктіктерге сүйену, оларды тұжырымдау, материализм мен диалектиканы дамытудағы философиялық дәстүрлерді сын көзқарасымен жалғастыру, теорияны революциялық күрестің практикасымен жалғастыру, оны басшылыққа алу. Осы бағыттағы қағидалар мен тұжырымдар философиялық материализмді, материалистік диалектиканы дамытты, оларды өзара ұштастырды.
Философия тарихында идеализм материализмнің қашанда болмасын антиподы болды. Идеалистік лагерьдің де екі классикалық түрі бар. Олар объективті және субъективті идеалистік ағымдар. Объективтік ағымдағы идеалистік ілім (Веданта, Конфуцианство) - діни мифологиялық түсініктерден әрдайым нәр алады. Платон мен Гегель философиясында объективті идеализмнің жүйесі жасалынды, теориялық негізі анықталды. Объективті иделизм екі басты қағидаға сүйенеді; идея, рух қайсібір нәрсенің болмасын анықтаушы бастамасы және олар адамдардан тыс, тәуелсіз өмір сүре алады. Рух та, идея да, уақытпен де, кеңістікпен де санаспайды. Сонда оларды құдіретті күшпен, құдаймен пара-пар санау бекер емес.
Субъективті идеализм (Беркли, Юм, Мах т. б. ) санадан тыс өмір сүретін болмысты мойындамайды, қабылдамайды. Ол үшін, заттар адамның санасынан бөлек өмір сүрмейді, өйткені олар біздің түсініктеріміздің жиынтығы болып табылады. Сөйтіп, бүкіл дүниені адамның субъективтік санасына топтайды. Түйсік те, идея да тек санада ғана бар болады, сол арқылы ғана өзі жеке өзіндік түрге айналмақ. Адамның психикалық дүниесінен табиғат та, кейін қоғамдық сана да шығарылады.
Филсофияда дуалистік ағымдар да (Декарт, Кант) болды. Дуализм дүниенің екі бірдей бастамасын - материя мен рухты, материалдық және идеалдықты өзара тепе-тең субстанция ретінде қарастырды. Декарттың пікірінше, психи-калық және физиологиялық прцестер бір-біріне тәуелсіз, қатар өтіп жатады.
Дуализм философиялық ағымдардың аралық формасы. Ол материализм мен идеализмді өзара ымыраға келтірмек болды. Алайда ол әрекет аяқсыз қалды. Дегенмен дуалистік пікірде дүниетанымдық мағына бар. Бұл жайында Ленин былай деді: «Әрине, материя мен сананың қарама-қарсылығының да тек өте шектелген саланың шектерінде ғана абсолюттік маңызы бар: бұл ретте алғашқы деп нені, соңғы деп нені есептеу керек деген негізгі психологиялық мәселенің шегінде ғана абсолюттік маңызы бар. Бұл шектерден тыс ол қарама-қарсылықтың қатыстылығы даусыз».
Идеалистік түсініктердің негізгі мәселеге айналуының тағы бір себебі, олар, әсіресе орта ғасырда, дінмен ұштасып, үстемдігін жүргізді. «Осыдан - дейді Ф. Энгельс, - ойлаудың болмысқа қатынасы туралы мәселе, бірінші болып табылатын не рух па, әлде табиғат па деген мәселе?» - деген неғұрлым қатаң формаға көшті.
Тек буржуазиялық революцияның барсында ғана клерикализмнің рухани, діни диктатурасы әлсіреп, философияның негізгі мәселесі толығырақ қойылды. Нені және қалай өзгертуге болады деген көзқарасқа орай адам өзін табиғаттан тыс қарап, әлеуметтік өмірдегі өз орнын дұрыс түсіне бастады. Қоғамдық қызметінде болмыстың материалдық және идеялдық объективті және субъективті жақтарын қамтыды, не нәрсені рухани немесе материалдық дүниеге жатқызуға болатынын қарастырды, оларды тану жолдарын іздестірді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz