ПЕДАГОГИКА (сыртқы бөлім студенттеріне арналған қысқаша лекциялар курсы)


ПЕДАГОГИКА
( сыртқы бөлім студенттеріне арналған
қысқаша лекциялар курсы)
І -ТАРАУ. ПЕДАГОГИКАНЫҢ ЖАЛПЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ.
Педагогиканың ғылымдық мәні, оның ерекше білім саласына бөлінуі және зерттеу аймағы
&1. Тәрбие қажеттілігі мен педагогикалық теория
дамуының әлеуметтік-экономикалық факторлары.
Әрқандай ғылымды үйрену, әдетте, сол ғылымның пайда болуы мен дамуы, оның зерттейтін проблемаларын анықтап, түсінуден басталады. Шынында да, әр ғылым саласы өз тарихына, зерттелуі тиіс және сол ғылымның теориялық негізін түсінуге жәрдемдесетін табиғи немесе қоғамдық құбылыстардың нақты аймағына ие.
Бұл тұрғыдан көпке мәлім “Барша заттың бастауын тапсаң, көп нәрсе түсінерсің” - деген қанатты сөзде терең мағына бар. Осыдан, педагогика пәнімен танысуды да оның қысқаша болсада туындау және даму тарихымен, ол зерттейтін проблемаларды анықтап, түсінуден бастаған жөн.
Ескеретін жәйіт, аталған мәселелерді қарастыруда әрдайым екі тұжырымды жадтан шығармау лазым:
1. Өткен даму жолы қаншалықты шырғалаң және дәуір тозаңымен көмескіленседе, қай ғылым болмасын қоғам қажеттілігінен дамып, қалыптасады, әрі белгілі бір қоғамдық қызметті орындауға сай болуы тиіс.
2. Адамзат білімінің қай саласы болмасын ғылымдық дәрежеге көтерілуі үшін тек ерекше оған ғана тиіс зерттеу аймағы бөлініп, нақтылануы қажет.
Бұл тұрғыдан, педагогиканың жайы қалай? Оның ғылым ретінде пайда болып, дамуының себептері неде? Оның жалпы заттық дүние мен білім жүйесіндегі орны қандай?
Адамзат білімінің педагогика саласы ең ежелгілерден, әрі қоғам дамуынан тіпті ажырап көрген емес. Бұл тұжырым түсінікті болу үшін мәнді де маңызды жағдайға назар бұрған жөн. Педагогикалық білімдер өсіп келе жатқан әулетті тұрмысқа дайындауға, немесе тәрбиеге бағышталған адамзат іс әрекетінің ерекше бір саласына кіреді. Шынында да, педагогика жөнінде сөз болғанда, әдетте, бұл термин тәрбие, адамды қалыптастыру түсініктерімен баламалас қолданылады. Ал тәрбиенің өзі жас әулетті тұрмысқа дайындау құралы ретінде адамзат қоғамының ірге тасы қалануымен бірге пайда болды. Еңбек құралдарын жасау, табиғат өнімдерін меншіктеуге байланысты өндірістік және бірлікті іс-әрекет пен қызметтестік тәжірибелерді жинақтай келе, адамдар оларды келер ұрпаққа өткізуді мақсатты мүддесіне айналдырды. Қоғамдық ілгерілеудің (прогресс) өзі осы өмірге жаңадан енген әрбір әулеттің өз ата-бабаларының өндірістік, әлеуметтік және рухани құндылықтарын игерумен бірге, оларды жаңа, жоғары деңгейде байытып, өзінен соңғыларға жеткізіп беруінен іске асып отыр емес пе? Сонымен, жинақталған өндірістік, әлеуметтік және рухани тәжірибені келесі әулетке өткізіп отыру адамзат қоғамының жасауы мен дамуының алғышарттары және маңызды қызметіне айналды. Міне, сондықтан да тәрбие адамзат қоғамының дамуынан ажыралмайды және оған ежелден-ақ тән құбылыс, яғни тәрбие жастарды тұрмысқа дайындауға бағытталған ерекше іс-әрекет ретінде қоғам дамуының барлық кезеңдерінде де өз маңыздылығын жоймаған.
Өндірістік даму мен күрделену өріс алып, ғылым-білім қоры жинақталған сайын, өсіп келе жатқан әулетті тұрмысқа арнайы дайындаудың қажеттігі арта түсті де, оларды арнайы ұйымдастырылған тәрбиеге тартудың маңызы күшейіп шыға келді. Осылайынша, білім беру мен тәрбие қоғамның объектив қажеттігіне айналды және оның бұдан былай дамуының ең маңызды алғышарты болды.
Міне осыдан адамзат қоғамының белгілі кезеңінде, дәлірек, құл иеленуші дәуірдің аяғына таман, өндіріс пен ғылым едәуір дамыған шақта тәрбие ерекше қоғамдық қызметке айналды, арнайы тәрбиелік мекемелер пайда болып, кәсібі балаларды оқыту мен тәрбиелеу болған адамдар шыға бастады.
&2. Педагогиканың арнайы ғылым-білім саласына
бөлініп шығуы және оның көрнекті өкілдері.
Тәрбие теориясының қарқынды дамуына қарамастан, ХҮІІ ғасырдың басына дейін педагогика философияның бір бөлігі ретінде қарастырылып келді. Шынында, осы күннің өзінде де атақты философтардың қай-қайсысы да тәрбие мәселесін айналып өтпейді, осының өзі педагогикалық проблемалардың қоғам мен ғылым үшін аса маңызды екенінің кепілі.
Педагогика ерекше ғылым ретінде философиялық білімдер жүйесінен ХҮІІ ғасырдың басында бөлектеніп шықты. Ағылшын жаратылыстанушысы және философы Фрэнсис Бэкон /1561-1626/ 1623 жылы өзінің “Ғылымдардың қәдірі және жетілуі” атты трактатын жария етті. Бұл еңбегінде ол ғылымдарды сарапқа сала отырып, олардың арасында педагогиканы ғылыми білімдердің дербес саласы деп бөлектеді. Осы ғасырда-ақ педагогиканың өзіндік статусы аса көрнекті чех педагогі Ян Амос Коменскийдің /1592-1670/ еңбектерінде беки түсті. Оның теориялық идеялары дүние жүзіне кең танымал да, әрі осы күнге дейін өз маңызын жойған емес. Коменскийдің әйгілі “ Ұлы дидактика” атты еңбегінде балаларды оқыту жұмыстарының негізгі теориялық мәселелері мен оларды ұйымдастырудың жолдары баяндалды. Өз еңбектерінде Ян Амос Коменский балалардың адамгершілік тәрбиесіне өте үлкен мән берді, ол “Аналар мектебі” атты кітабында отбасы тәрбиесіне байланысты өз көзқарастарын паш етті.
Коменский ізімен батысевропалық педагогика тарихында елеулі еңбегімен көрінген ғылым өкілдері біршама болды. Олардың ішінде аса көрнектілері Англияда Джон Локк /1632-1704/, Францияда Жан-Жак Руссо /1712-1781/, Швейцарияда Иоганн Генрих Песталоцци /1746-1827/, Германияда Иоганн Гербарт /1776-1841/ және Адольф Дистервег /1790-1866/, т. б.
Джон Локк өзінің “ Тәрбие жөніндегі ойлар” деген еңбегінде тәрбиенің психологиялық негіздеріне және адамгершілік қалыптастыру мәселесіне үлкен мән берді. Баладағы тума қасиеттерді жоққа шығара отырып, ол нәрестені не сызса сол болатын “таза тақтаға” теңеумен, тәрбиенің үлкен әсерлі күш екенін баса айтты. Ал Жан-Жан Руссо, керісінше, баланы табиғаттан дарынды деп таныды. Осыдан, оның ойынша, тәрбие баладағы тума қасиеттердің дамуына кедергі болмай, оған толық еркіндік беріп, әрі оның қызығулары мен құмарлығына икемделуі тиіс екен.
М. Г. Песталоцци педагогикада алғашқылардың бірі болып тәрбие мекемелерінде теориялық қызмет пен тәрбие іс-әрекеті бірлігінің маңыздылығын көре білді. Өзінің “Лингард пен Гертруда” шығармасында ол тәрбиенің адамгершілікке негізделуі, балаларға сыйластық қатынас және оларда адамға деген мейірім мен қайырымдылықты баулу хақындағы демократиялық идеяларын дамытты. Күнделікті педагогикалық қызметінде Песталоцци балалардың оқуы мен тәрбиесін олардың мүмкіндігіне орай еңбекпен ұштастыруға көңіл бөлді., балалар қауымының тәрбиелік ықпалын пайдалана білуді уағыздады.
Өз педагогикалық теориясын прогрестік-демократиялық бағытта дамытқандардың бірі Адольф Дистервег . Ол өрістеткен аса құнды идеялар: балалардың оқу жұмысының белсенділігін арттыру, шәкірттердің өзіндік оқуына мән беру, сондай-ақ, халық мұғалімдерін дайындау.
Сонымен, ХҮІІ ғ. мен ХІХ ғ. аралығы педагогикалық теорияның үлкен қарқын алып дамыған, аса құнды тәрбиелік идеялардың өрбіген заманы болды. Педагогикалық ойдың аса кемелденген орталығы Россияда К. Д. Ушинский (1824-1870), Н. И. Пирогов (1810-1881), В. И. Водовозов (1825-1886), П. Ф. Лесгафт (1837-1909), Л. Н. Толстой (1828-1910) және т. б. еңбектері үлкен маңызға ие болды. Бүл қоғамдық құбылыс Қазақстан аймағында да елеулі көрініс берді. Ұлттық педагогикалық теориямыз бен тәрбие мәселелері Ы. Алтынсарин, С. Көбеев, А. Байтұрсынов, С. Асфандияров және т. б. сынды кемеңгер ағартушы-педагогтардың еңбектерінде өз көрінісін тауып, біздің дәуірімізге жетіп, егеменді ел ұрпағын тәрбиелеуде таптырмас құралға айналып отыр.
&3. Педагогиканың пәні және зерттейтін негізгі проблемалары.
Тәрбие қоғамдық құбылыс ретінде өздігінен пайда болып, жасамай, қалыптасушы адамды тұрмысқа дайындаудың және оған қажетті қоғамдық сана мен қасиеттерді дамытудың құралы ретінде көрінетінін жоғарыда айтқанбыз. Осыдан, тәрбие заңдылықтары, оның сипаты мен әдістемелік негіздері тәрбиелік қызметтің өзінде ғана көрінбей, әлеуметтік тұлға сипатына ие адамның даму және қалыптасу заңдылықтарымен негізделеді. Сондықтан педагогиканың шұғылданатын заты жеке адамның дамуы мен оның тәрбиесінің арасында болған заңдылықты байланыстарды зерттеу және оның негізінде тәрбиелік жұмыстардың теориялық және әдістемелік проблемаларын шешу, яғни педагогика адам дамуы мен қалыптасуының мән-мағынасын зерттей отырып, арнайы ұйымдастырылған процесс сипатындағы тәрбиенің теориясы мен әдістерін айқындайды.
Сонымен, педагогика тәрбие теориясы мен әдістемесін нақтылай отырып, жеке адам дамуының астарлы, тереңде жатқан тетіктерін және оның дайындығына қоғам тарапынан қойылған талаптар мен әлеуметтік сапаларға орай арнайы ұйымдастырылған қалыптасу процесін зерттейді. Бұл педагогика зерттейтін негізгі теориялық проблемаларды бөліп қарастыруға мүмкіндік береді. Ондай проблемалардың қатарына кіретіндер:
а) жеке адамның арнайы ұйымдастырылған тәрбие жағдайында дамуы мен қалыптасуының мән-мағынасы мен заңдылықтарын зерттеу;
б) тәрбиенің мақсатын анықтау;
в) тәрбиенің мазмұнын белгілеу;
г) тәрбие тәсілдерін зерттеу;
2. Педагогиканың әдіснамалық негіздері, оның басқа ғылымдармен байланысы және зерттеу әдістері
&1. Педагогикалық теориялардың әдіснамалық негіздері.
Педагогикалық теория дамуының ежелден-ақ маңызды факторы оның ғылымдық өрістеуіне арқау болған әдіснамалық (методологиялық) шарттар. Ғылым әдіснамасы деп табиғат пен қоғам құбылыстарын зерттеуге негіз болған, әрі сол құбылыстардың теориялық түсіндірмесіне шешімді ықпал етуші философиялық бастау идеялар жиынтығын айтамыз. Ұзақ уақыт философияның бір бөлігі болған педагогика екі негізгі философиялық әдіснама: идеалистік және материалистік - тұжырымдамаларға арқа сүйеп дамыды және қазір де дамып баруда. Ежелгі грек философия-педагогикалық ой-пікір саласында идеалистік бағдарды ұстанған Сократ пен Платон адам дамуының шешуші факторы бір Алла екенін мойындаса, материалистік бағдардағы Гераклит, Демокрит және Эпикур адамның қалыптасуын басқаша түсіндіріп, сыртқы ықпалдар мен тұрмыстық жағдайларға байланыстырады.
Педагогикалық теорияның бұдан былайғы да етек алуында осы екі әдіснамалық бағыттың маңызы үлкен болды. Осының салдарынан батыстық педагогикада қазіргі кезеңге дейін адамның дамуы мен тәрбиесі мәселелері бойынша белгілі бір қауымдастықтың мүддесін жақтаған идеалистік ойшылдар саны көбеймесе, азайған емес. Солармен қатар оқыту және тәрбие теориясына елеулі үлес болып қосылған, әрі жалпы адамзаттық маңызға ие болған материалистік идеялардың иелері де өз құндылығында.
Көп әдіснамалық алғышарттардың ішінде аса маңыздыларының бірі тәрбиенің барша табиғи және қоғамдық құбылыстар сияқты себепті байланысты (детерминатты) сипатта екендігі. Тәрбие әрқашан, бұрында атап өткенбіз, қоғамның және оның даму бағытының қажетінен туындаған. Осыдан материалистікке негізделген педагогика өз зерттеулерін тәрбие жұмысы мен оның теориялық тұғырнамасына ықпал жасаушы өндірістік-экономикалық және әлеуметтік-саяси факторларға байланыстыра жүргізеді.
Материалистік тәрбие теориясының шешімі үшін ең маңызды идея - бұл : адамның жеке адам болып дамуының көзі тіршілік иесінен сыртта, әрі оның қалыптасуы “әлеуметтік бағдарламаға” сәйкес, қоғамдық ықпалдың, соның ішінде тәрбиенің нәтижесінде іске асады. Сонымен қатар бұл әдіснама, адам дамуының көзі одан тыс екенін айта отырып, оның қоғамдық тұлға болып қалыптасуында өзінің ішкі жан дүниелік белсенділігінің де маңызды роль атқаратынын алға тартады, әрі зерттеушілерге осы өзіндік жан белсенділігін көтерудің жолдарын табудың қажеттігін түсіндіреді.
&2. Педагогиканың басқа ғылымдармен байланысы.
Педагогиканың дамуында оның басқа ғылымдармен байланысы ерекше маңызды роль атқарады. Педагогика өзінің ғылыми қалыптасуында философия, әлеуметтану, этика, эстетика, психология, анатомия мен адам физиологиясы, гигиена, этнография, математика, кибернетика және т. б. ғылымдардың идеяларын пайдаланып жетілуде. Аталған және басқа ғылым салаларынан көптеген идеяларды педагогика өзінің зерттеу аймағы тұрғысынан өңдеп тәрбиенің мән-мағынасын тереңірек түсінуге және соның көмегімен тәрбиенің теориялық негіздерін нақтылауға пайдаланады. Мысалы, жоғарыда айтылғандай, философия педагогикалық теорияларды бағыттауда әдіснамалық тараптан жәрдемдеседі, яғни ғалымдарға педагогикалық құбылыстардың сырын ашуда бастау жолды көрсетеді. Педагогикалық зерттеулердің осындай әдіснамалық бастаулары әлеуметтану, этика, эстетика және т. б. ғылымдардан алынады. Ал басқа ғылымдардың идеялары тәрбиенің нақты саласындағы педагогикалық проблемаларды шешуде тікелей негіз бола алады. Мысалы, психология деректері педагогика үшін адамның жеке басының ерекшеліктері мен оның ішкі жан-дүниелік заңдылықтарын балаларды оқыту процесінде дұрыс пайдалануға бағдарлайды. Физиологиядағы іс-әрекеттің шартты рефлекстігі жөніндегі идеялар адамда сыртқы әсерлердің ықпалымен болып жататын өзгерістердің және тәрбиеленушіде ептілік, дағды мен әдет қалыптасудың ғылыми негіздерін ашуда өз себін тигізеді.
Педагогиканың басқа ғылымдармен байланысы жөнінде айта отырып, оның сол ғылымдарға жасаған әсерін де елемеуге болмайды. Мысалы, педагогикада негіз тапқан ұжымның (коллектив) тәрбиелік ролі хақындағы идея осы проблема бойынша психология, философия, этика, социология және т. б. ғылымдар аймағында жүргізіліп жатқан зерттеулерге үлкен ықпалын тигізіп отыр.
&3. Педагогикадағы зерттеу әдістері.
Педагогика ғылымы дамуының маңызды факторы оның зерттеу әдістерінің көбейуі мен жетіліп баруы. Айта кетерліктей, бұл бағытта педагогика үлкен прогреске ие. Бір кезеңдерде педагогика үстүрт философиялық-әлеуметтік бақылау, пайымдаулар бойынша ғана зерттеліп, ал педагогикалық идеялар ұлы ойшылдардың тек шығармашылық қызметінің нәтижесінде ғана туындап келді. Ал ХҮІІІ ғ. бастап педагогиканың толық қанды ғылымға айналуына теориялық ізденулерді практикалық тәрбие істерімен байланыста жүргізген ғалымдардың белсенді үлесі болды. Бұл тәрбиелік ой мен істі біріктіріп ғылыми тұжырымдар жасағандардың ішінде бүгінге дейін танымал Я. А. Коменский, Г. Песталоцци, А. Дистервег, К. Д. Ушинский, Л. Н. Толстой, П. П. Блонский, А. С. Макаренко, С. Т. Шацкий сынды педагог-ғалымдар болды.
ХІХ ғ. оқыту және тәрбие теориясының бұдан былай тереңдеуіне ықпал жасаған эксперименталдық зерттеулер еді.
Қазіргі кезеңде педагогикалық зерттеулер әртүрлі әдістердің бүтін бір жүйесі жәрдемімен алып барылуда. Бүларға: педагогикалық бақылау, әңгімелесу, мектеп құжаттарын зерттеу, оқушылардың шығармашылық жұмыстарымен танысу, озат педагогикалық тәжірибені үйрену және қорытындылау, әлеуметтік талдау (сұрақ, анкета жүргізу, тестен өткізу, рейтингтік сараптау), математикалық статистиканы талдау, педагогикалық идеяларды теориялық талдаудан өткізу және т. б. әдістер.
Педагогикалық бақылау әдісі . Бұл әдіс педагогикалық зерттеудің қай-қайсысында да қолданыс табады. Себебі педагогикалық құбылыспен танысу зерттеушіге педагогикалық жұмысқа қатысы бар деректерді үйреніп, жинақтап, белгілеп алуды қажет етеді. Мысалға, ғалым сабаққа қатыса отырып, оқушылардың, егер мұғалім сабақ материалын қызықты түрде баяндаса, жым-жырт отырып, зейінді тыңдайтынын аңғарады. Одан әрі зерттеушіге аян болатыны: бір оқушылар өзін сабақта белсенділікпен көрсетіп, мұғалімнің сұрақтарына ықласпен жауап беруге тырысады, жолдастарының жауаптарына толықтырулар енгізеді, өздері сұрақ қоя отырып, сабақ мазмұнын тереңдете ұққысы келеді және т. т. Осы құбылыстарды бақылауы зерттеушіге алғашқы болжамдарын қорытындылауға мүмкіндік береді. Оның мән-мағынасы келесідей болуы ықтимал: 1) оқушылардың зейінділігі сабақтың мазмұндылығына байланысты, 2) сабақта зейінділік және белсенділік танытқан оқушылардың білімі біршама жоғары дәрежеде. Бақылау әдісі, осылайша, нақты теориялық ой-пікірлерге нәр беріп, кейін олар басқа да әдістердің көмегімен тереңдете зерттеліп, тексеріледі.
Әңгімелесу әдісі . Бұл әдіс те ғалым-тәрбиеші мен тәрбиеленушінің екеуінің де бірдей педагогикалық дерек пен құбылысқа деген ойы мен қатынасын айқындауға жәрдемін тигізеді. Соның арқасында ол көрініс берген құбылыстардың мәні мен септері жөнінде тереңдеу пайымдалған ғылыми тоқтамға келуге тырысады. Егер, мысалға, жоғарыда келтірілген оқушылардың сабаққа деген әртүрлі мінез-құлықтық қатынасын алар болсақ, зерттеуші бұл құбылыстың себептері жөніндегі өзінің пікірін мұғалімнің ойымен салыстырғанды жөн табады. Бүл үшін ол мұғаліммен әңгімелесуді бірден-бір жол деп, сабақта кезіккен құбылыстардың себебін түсіндіріп беруге мұғалімді ойыстырып, оның пікірін білуге ұмтылады. Белгіленген сұрақтар бойынша, мұғалім мен зерттеуші пікірлерінің өзара сай келуі немесе алшақтығы, өң берген педагогикалық жағдайдың түп төркінін айқындауға себін тигізері, әлбетте, сөзсіз.
Мектептік құжаттар мен оқушылардың шы-
ғармашылық өнімдерін зерттеу әдісі . Көптеген педагогикалық құбылыстарды зерттеу барысында мектеп құжаттары мен оқушылардың шығармашылық іс-құжаттарын көздеп отыру үлкен маңызға ие. Мысалы, оқушылардың күнделікті сабақ бағаларының олардың жалпы үлгеріміне ықпалын білу үшін мектеп жұрналымен, өткен жылдардағы үлгерім табельдерімен танысып шығу орынды. Мектеп кітапханасындағы балалардың оқырман карточкесімен танысу, олардың қызығу өрісінен хабар береді. Үй тапсырма дәптерлерін көре отырып, зерттеуші баланың үйге берілген жұмыстарды орындауға деген қатынасын байқайды. Белгілі бір тақырыпта еркін шығарма жаздырып немесе сурет салдырып, ғалым оқушының дүниеге, қоғамға көзқарасын болжауы мүмкін және т. т.
Педагогикалық эксперимент . Бүл арнайы ұйымдастырылып, алдын-ала зерттеу мақсаты белгіленген мұғалім мен оқушылардың педагогикалық іс-әрекеті. Бүл сипаттағы эксперименттер әртүрлі: жетіскен білім деңгейін анықтау, дамытып қайта жасау, бақылау эксперименттері.
Жетіскен білім деңгейін анықтау эксперименті зерттеу жұмыстарының бастапқы сатысы болып, зерттелінуі тиіс проблеманың жалпы жағдайымен танысуға негіз болады. Мысалға, егер оқу жұмысы барысындағы шәкірттердің өзін бақылауы зерттелінуі қажет болса, осы эксперимент арқылы және басқа әдістерді (әңгімелесу, анкета) қолдана отырып, ғалым оқушылардың өзіндік бақылау әдістерін қаншалықты білетінін анықтайды. Нәтижеде оқушылардың өз оқу жұмысына өзіндік бақылауының мүмкіндіктері жөнінде қорытынды жасайды.
Егер зерттеуші бұл проблеманың мектеп ісінде кері сипатқа ие болғанын анықтаса, ол зерттеуді одан әрі жалғастырып, дамыту - қайта жасау экспериментіне кіріседі, яғни алдын-ала түзілген жоспар бойынша оқушылардың білім игеру тәжірибесіне өзіндік бақылаудың тиімді тәсілдерін ендіреді. Егер нәтиже ұнамды болып шықса, алынған көрсеткіштер теориялық талдаудан өтіп, бұл әдістің мектеп жұмысында қолданылуы жөнінде қажетті қорытындылар жасалады.
Озат педагогикалық тәжірибені үйрену және жинақтау . Бұл әдіс оқыту мен тәрбие жұмыстарын табысты өткізіп жатқан озат мектептер мен мұғалімдердің тәжірибесін үйрену және оны теориялық пайымдауға негізделген. Көп жағдайларда мұғалімдер күнделікті сабақ тәжірибесімен эмпирикалық түрде маңызды педагогикалық жаңалықтарға жетісіп отырады, бірақ олардың бұл пайдалы істері педагогикада танылмай, тиісті зерттеуден тыс, жеке ынталы ұстаздың пайымы ғана болып, көпшілікке жетпей, қалып кете береді. яғни жеке мектеп тұрмысындағы педагогикалық практика теориялық ой-пікір мен әдістемелік қорытындысына жетпейді. Оқыту - тәрбиелеудің озат тәжірибесі теориялық пайымдау мен талдауға түссе ғана педагогикалық ғылым жүйесінде орнығуға мүмкіндік алады.
Педагогикадағы әлеуметтік зерттеу әдістері. Жоғарыда қарастырылған әдістер біршама құндылығымен қатар жалғыз-ақ елеулі кемшілікке ие: ғалым ол әдістерді қолдана отырып, тар өрісті деректерді ғана дамытуы мүмкін, яғни зерттеу қорытыныдысы болмашы сандағы мектептер мен оқушыларға байланысты жасалынады. Ал көп жағдайларда кейбір мәселелердің шешімі ауқымды зерттеуді талап етеді. Бүл ретте педагогтар әлеуметтік зерттеу әдістерін (анкета жүргізу, рейтингтік бағалау) алға тартады. Мұнымен қойылған мәселені жылдам әрі көп сандағы оқушыларға сұрақ қойып анықтауға болады.
Педагогикадағы әдістер тізбегі аталғандармен шектелмейді. Олардың түрі мен формасы педагогикалық теориямен айналысқан зерттеуші-ғалымдар мен озат мұғалімдердің ынта-ықылас, ізденуіне байланысты. Әдістердің жаман, жақсысы болмайды, олардың әрбірі өз орнында құнды.
&4. Педагогиканың бөлек ғылым салаларына жіктелуі.
Әрқандай ғылым дами отырып, өз теориясын байыта түседі, жаңа мазмұнмен толығады, осыдан өз ішіндегі зерттеу бағыттарына орай жіктеле бастайды. Бүл жағдай педагогиканы да айналып өткен емес. Қазіргі кезде “педагогика” түсінігі педагогикалық ғылымдардың біртұтас жүйесін танытады. Өз алдына дербестік сипатқа ие болған педагогика салаларынан төмендегілерді атауға болады:
1. Жалпы педагогика (тәрбие, білімдену және оқытудың жалпы заңдылықтарын зерттейді) .
2. Сәбилер және мектеп алды педагогикасы.
3. Мектеп педагогикасы.
4. Сурдо-тифло -, және олигофренопедагогика (керең, зағип және ақылы кем балалардың тәрбиесін зерттейді) .
5. Жеке пән әдістері.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz