Қазіргі заман психологиясы мақсат-міндеттері, ғылымдар жүйесінде алатын орны



Пән: Психология
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 210 бет
Таңдаулыға:   
-лекция
Жоспары:
1. Қазіргі психология ғылымы туралы түсінік.
2. Психологиялық құбылыстар (психикалық процестер, психикалық
қасиеттер, психикалық қалып)
3. Психология ғылымының салалары мен тармақтары.
4. Қазіргі заман психологиясы мақсат-міндеттері, ғылымдар жүйесінде
алатын орны.
(Қосымша деректер)

Біздердің әрқайсысымыз күнбе-күн адамдармен кездесе отырып, олармен
қарым-қатынас жасаймыз, олардың айтқан сөздеріне көңіл күйіміз қобалжу, не
орнықты жағдайда жауап береміз, адамдар кейде бізге сүйкімді көрінеді,
ұнатамыз, ал кейбіреулерін жақтырмаймыз.
Қоршаған дүниеде белгілі бір заттар немесе құбылыстар туралы біздер
ойланамыз, ой елегінен өткіземіз, көңіл-күйімізге әсер етеді немесе ол
құбылыстарға қалай болса, солай қараймыз, демек, бір жағдайлар біздерді
қызықтырады, басқалары бізге бәрібір сияқты көрінеді.
Әрқайсысымызды жақсы кітап, әсем әуен, бейнелеу өнері шығармалары
қанағаттанғандық сезімге бөлейді. Біз адамның жағымсыз іс-әрекеттері мен
мінез-құлқын көре отырып, қынжыламыз, оны сынаймыз, жағымсыз сезім пайда
болады, ал жағымды іс-әрекет пен қасиеттер бізді қуантады, көтеріңкі көңіл-
күйде боламыз.
Еңбек ету барысында біз табанды түрде, ерекше жігерленіп, белгіленген
жоспарды іске асыруға қол жетеді, кейде баяу жұмыс істеуге тура келеді.
Әртүрлі заттар мен құбылыстарды көре отырып, олар бізге ұнауы немесе
ұнамауы мүмкін, кейбіреулерін еске сақтаймыз немесе ұмытамыз, біреулеріне
зейін аударамыз, басқаларына көңіл бөлмейміз. Осы құбылыстардың барлығы –
біздің психикамыз.
Біздің психикалық өмірімізді, рухани дүниемізді психология ғылымы
зерттейді. Психология сөзі гректің екі сөзінен пайда болды: псюхе -
жан, психика және логос - ғылым, ілім. Олай болатын болса, психология –
адамның жан дүниесін зерттейтін ғылым.
Психология танымдық психикалық үрдістерді зерттейді (оның көмегімен
адамдар қоршаған ортаны танып біледі): түйсіктер, қабылдау, ес, ойлау,
қиял; ол адамның сезімі мен ерік-қайратын және жеке тұлғаның дара
ерекшеліктерін зерттейді; атап айтқанда, темперамент, мінез, қабілеттілік,
қажеттілік, қызығуы. Психология ғылымы сонымен қатар адамның іс-әрекетінің
ерекшеліктерін зерттейді (дағдылары, әдеттері, еңбек және шығармашылық
қызметі, кез-келген іс-әрекеттің қажетті саласы ретінде зейінді
қарастырады).
Психиканың өмір сүруі органикалық өмірдің жоғарғы түрлерімен
байланысты, психиканың пайда болуы тек ғана жануарлар мен адамдарға тән.
Бір ерекше айта кету керек, бақылаулар мен ғылыми зерттеулер көрсеткендей,
адам психикасына қарағанда жануарлар психикасы ерекше қарапайым келеді.
Адам психикасының жануарлар психикасынан сапалық айырмашылығы бар.
Адам психиканың ең жоғарғы түрі – сананың болуымен ерекшеленеді. Адам
саналы құбылыс болып табылады. Сана адамның мақсатты еңбек қызметінде, іс-
әркеті мен мінез-құлқында аңғарылады. Адам белгілі бір іс-әрекетті
орындамастан бұрын, оны ой елегінен өткізеді, алға қойған мақсатқа жетудің
жолдары мен тәсілдерін жоспарлайды.
Психикалық өмірдің құбылыстары жан-жақты, бірақ олар бір-бірінен
томаға тұйық өмір сүрмейді, бір-бірімен байланысты.
Психология ғылымының ең негізгі міндеттерінің бірі – барлық
психикалық құбылыстарды зерттеу және түсіндіру болып табылады, демек,
олардың пайда болу, қалыптасу және даму негізіне жататын объективтік
заңдылықтарды ашып көрсету. Психикалық өмірдің заңдылықтарын білу, оны
оқыту және тәрбие тәжірибесінде пайдалану үшін қажет. Тек қана психикалық
үрдістер мен құбылыстардың заңдылықтарын білу және оларға арқа сүйеу,
белгілі-бір шәкірттің дара психикалық ерекшеліктерін ескере отырып, оқыту
және тәрбие үрдісін дұрыс ұйымдастыруға болады.
Сонымен, психология – психика және оның қалыптасу және даму
заңдылықтары туралы ғылым. Психология ертеде қалыптасқан ғылымдардың
қатарына жатады: ол 2500 жылдан астам бұрын ертедегі Грецияда
пайда болған.
Ертедегі гректің данышпан ғалымы Аристотель өзінің Жан туралы атты
еңбегінде алғаш рет психикалық құбылыстарға бір жүйелі талдау жасайды.
Аристотелді психологияның негізін салушы деп атауға болады. Екінші жағынан,
психологиялық құбылыстарды және оның заңдылықтарын ғылыми эксперименталдік
түрде зерттеу шын мәнінде XIX ғ. ортасынан бастап, қалыптаса бастады.
Психикалық құбылыстарды 3 үлкен топқа жіктеуге болады:
Психикалық үрдістер – бұл объективтік шындықты субъективтік
бейнелеудің әртүрлі формасы. Психикалық үрдістерді сонымен қатар психикалық
функциялар деп атайды. Психикалық үрдістердің көмегімен қоршаған ортаны
тану іске асады, білім мен дағдыны, оқыту мен іс-әрекетті меңгереді.
Төмендегідей психикалық үрдістердің негізгі түрлері қарастырылады:
түйсіктер, қабылдау, ес, елес, қиял, ойлау,

Психикалық қасиеттер – бұл адамдардың бір-бірінен айырмашылығын
білдіретін жеке тұлғаның дара психологиялық ерекшеліктері. Психикалық
қасиеттерге темперамент, мінез, қабілеттілік жатады.
Психикалық жағдайлар (қалып) психикалық іс-әрекеттің уақытша дамуын
сипаттайды. Оқыту мен іс-әрекеттің жемісті орындалуына ерекше ықпал ететін
адамның ішкі дүниесінің негізгі саласы болып табылады. Мәселен, белсенділік
немесе енжарлық, шаршау, стресс т.б. психикалық жағдайлар. Барлық
психикалық құбылыстар бір-бірімен өзара байланысты. Сонымен, психикалық
құбылыстардың жіктелуін төмендегіше кесте түрінде беруге болады: Кесте –
1:
Ғасырлар бойы адам ғалымдардың көптеген ұрпақтарының зерттеу пәні
болып келді. Адамзат өзінің тарихын, пайда болуын, биологиялық табиғатын,
тілін және салт-дәстүрін танып біледі және оны танып білуде психология
ғылымына ерекше орын береді. Адам үшін басқа адамдардан қызықты нысана
болуы мүмкін емес деген екен ертедегі бір данышпан. Ол қателеспепті.
Психологияның дамуының негізіне адамзаттың тұрмыс табиғатына, адамзат
қоғамындағы оның дамуы мен қалыптасу жағдайларына, оның басқа адамдармен
өзара қарым-қатынасы ерекшеліктеріне әруақытта да өсіп отырған қызығушылық
жатады. Қазіргі кезде өндірісте, ғылымда, медицинада, өнерде, оқытуда,
ойында және спортта психологиялық заңдылықтарды білмей және түсінбей
көптеген іс-әрекеттің түрлерін іске асыру мүмкін емес. Адамның даму заңдары
туралы ғылыми білімдердің жүйесі, оның потенциалдық мүмкіншіліктері туралы
барлық қоғамдық даму үшін қажет. Бірақ адам әртүрлі ғылымдардың кешенді
зерттеу құралының нысаны болып табылады. Олардың әрқайсысының өзіндік
ерекшелігі бар мәселелері болады. Гуманитарлық ғылымдар әлеуметтік
үрдістерді зерттегенде психологиялық факторларды ескеру қажеттігі
туындайды, әрбір ғылым басқа ғылымдардан өз пәнінің ерекшелігімен
сипатталады. Кезінде белгілі психолог-ғалым С.Л.Рубинштейн Жалпы
психология негіздері атты кітабында былай деп жазды: Психологияның
зерттейтін өзіндік құбылыстардың ішінен анық та айқын, ереше бөлініп
тұрғандары – біздің қабылдауларымыз, сезімдеріміз, ойларымыз,
талпыныстарымыз, қажеттіліктеріміз және т.б. демек, біздің өміріміздің ішкі
мазмұнын құрайтындар жатады.
Психология ғылым ретінде нені зерттейді? Оның зерттеу пәніне не жатады?
Біздің ойымызша, бұл сұрақтарға жауап беру оңай еме. Оған жауап беру үшін
психология ғылымдарының тарихын, оның дамуының әрбір кезеңін қарастыра
отырып, мән беруіміз қажет. Бір жағынан, оны өте ертеде қалыптасқан ғылым,
сонымен қатар тіпті жас ғылым ретінде қарастыруға болады. Мыңдаған жыл
тарихы бола тұрып, оның болашағы алда.
Жанды зерттеу, түсіндіру психология пәнінің қалыптасуының алғашқы
кезеңі болып табылады. Демек, алғаш рет психология жан туралы ғылым ретінде
қарастырылады. Психиканың мәні туралы ғылыми көзқарастың қалыптасуы мен
дамуы әр уақытта философияның негізгі мәселесі – материя мен сананың,
материалдық және рухани бастаманың арақатынасын шешумен тығыз байланысты.
Осы мәселені шешудің төңірегінде екі бір-біріне қарама-қарсы
философиялық бағыттар пайда болады: идеалистік және материалистік.
Идеалистік философияны жақтаушылар психиканың материяға тәуелсіз, өз
бетімен өмір сүретін бірінші алғашқы құбылыс деп қарастыру. Психиканы
материяның туындысы бойынша психиканы екінші құбылыс, материядан туады деп
қарастырады. Идеалистік философияның өкілдері материямен байланыссыз ерекше
діни бастаманың өмір өмір сүретіндігін мойындайды, олар психикалық іс-
әрекетті материалдық және өлмейтін жанның көрінісі ретінде қарастырады тек
ғана біздің түйсіктеріміз бен елестетулеріміз немесе кейбір белгісіз
абсолюттік рухтың, әлемдік ерік-қайраттың, идеялардың байқалуы деп
түсіндіреді.
Адам психикасын матералистік тұрғыдан түсінуді идеалистік философтар
көптеген ғасырларға ығыстырды, адам психикасын оның рухани өмірінің
көрінісі ретінде қарастырады, ол барлық материалдық табиғат сияқты заңдарға
бағынбайды деп есептеді. Тек қана XVII ғасырда Рене Декарт
психологиялық білімдерді дамытуда жаңа дәуірді бастады. Оның түсіндіруінше,
тек ішкі органдардың жұмысы емес, сонымен қатар ағзаның сипаттамасы,
олардың басқа да ішкі денелермен өзара іс-әрекеті жанды қажет етпейді
деген болатын-ды. Оның идеялары психология ғылымының кейінгі тағдырына
ерекше үлкен әсер етті. Декарт бір уақытта екі ұғымды енгізді: рефлекс және
сана. Оның түсіндіруінше, бір-біріне байланыссыз, екі бастама материя мен
рух өмір сүреді. Сондықтан да психология тарихында бұл ілімді дуализм
(duali - гректің сөзі, қазақшалағанда екіжақты мағынасын береді).
Философияда бұл бағыт объективтік идеализм деген атпен дамыды.
Психология — психикалық құбылыстардың (жан қуаттарының) пайда болу, даму
және қалыптасу заңдылықтарын зерттейтін ғылым.
Психикалық құбылыстар бізді қоршап тұрған сыртқы дүние заттары мен
құбылыстарының мидағы әр түрлі бейнелері болып табылады. Олар (түйсік,
елес, ой, сезім, тілек, қабілет, қызығу, мінез, әдет т.б.) көпшілігімізге
өз тәжірибемізден жақсы мәлім, тілімізде жиі кездесетін ұғымдар. Бір
қарағанда бұлардың мәнін әрқайсымыз тез ажырататын да, білетін де
сияқтымыз. Бірақ психикалық құбылыстардың мәнін ғылыми тұрғыдан түсіну
арқылы ғана жан–жақты ажыратуға болады. Осы мәселені ғылыми жолмен
баяндауды, олардың өзіндік заңдылықтарын айқындауды сөз болып отырған
психология ғылымы қарастырады. Психология ерте замандардан келе жатқан
білім салаларының бірі. Оның дүниеге тұңғыш келген жері ежелгі Греция.
Психология термині гректің екі сөзінен тұрады: оның біріншісі — псюхе
(жан), екіншісі — логос (сөз, ілім). Сөйтіп, бұл сөз жан туралы ілім
деген ұғымды білдіреді.
Ерте замандарда пайда болып, ғасырлар бойы соқыр сенім нанымдар мен
кейбір зиялылардың көзқарастарында насихатталып келген түсініктер бойынша,
адамда тәннен тәуелсіз жан болады, мәңгі бақи жасайтын жан адамның барлық
психикалық тіршілігінің (ойының, сезімінің, еркінің) иесі де, себепшісі де.
Жан туралы осындай жалған түсініктің пайда болуына алғашқы адамдардың
табиғат сырларын дұрыс түсіне алмауы себеп болды.

Олар дүниеде табиғатқа бағынбайтын, одан оқшау тұратын ерекше бір
сиқырлы күш бар, ал жан болатын болса, соның бір көрінісі, ұйқы кезінде ол
денеден уақытша шығып кетеді де, адам оянған кезде қайтып келеді, егер
келмей қалса, адам өледі деп тұжырымдады. Жан туралы осындай анимистік
(барлық нәрседе де жан бар дейтін түсінік) пікірлер кейбір тайпалардың
арасында күні бүгінге дейін кездеседі. Мәселен, Лусан аралының (Филиппин)
тұрғындары тагалдар ұйықтап жатқан адамды еш уақытта оятпайды. Өйткені олар
ұйқы кезінде адамның жаны басқа жақта жүреді дейді. Тасманиялықтардың
тілінде жан мен көлеңкенің ұғымы бір сөзбен беріледі, өйткені олардың
ойынша, жан мен көлеңке бір іспеттес нәрсе. Абипон тайпасының индеецтері
лоакаль деген сөз арқылы көлеңкенің, жанның, дыбыс берудің, бейненің
ұғымын береді. Жан туралы осы тектес қарапайым түсініктердің пайда болуы
адамдардың өздерінің дене құрылысы жайында ғылыми түсінігі жоқ кездерде,
яғни жан мен тәннің толысуы бір–бірінен байланысын дұрыс ажырата алмай, жан
өлгеннен кейін денеден шығып кететін, мәңгібақи өмір сүретін нәрсе деп
ұғынудың нәтижесі еді.
Жан туралы ғылыми түсінік ежелгі гректердің әмбебап ғалымы Аристотель
(б.з.д. 384 – 322) есімімен байланысты. Екі жарым мың жылға созылған
осынау кезеңде психология басқа ғылымдармен (философия, медицина, әдебиет,
жаратылыстану т.б.) аралас, астарласа дамып келді. ХІХ – ғасырдың екінші
жартысынан былай қарай ғалымдар жан құбылыстарын тәжірибе жүзінде әртүрлі
құрал–жабдық аспаптардың көмегімен зерттей бастады. Осы кезден бастап,
психология өз алдына дербес отау тігіп, тәжірибелік ғылым ретінде дамыды.
Ғылымның осы саласына экспериментті тұңғыш енгізген неміс ғұламасы В.Вундт
(1832 – 1920) болды.
Психология ғылымының тарихы да біріне–бірі қарама–қарсы жоғарыда
аталған екі бағыттың үздіксіз ой–пікір тартысына толы. Мысалы, ертедегі
грек ойшылдарының бірі Демокрит (б.э.д. 460 – 370) сол кездің өзінде–ақ
психика оттың атомдарындай қозғалмалы қасиет деп түсіндірді. Ол жанның
мәңгі еместігін, оның өсіп, өшіп отыратындығын айтып, материалистік тұжырым
жасады. Сол заманның екінші бір ойшылы, идеалист Платон (427 – 347)
керісінше Жан мәңгі өлмейді, өшпейді, – деп тұжырымдады.
Психикалық әрекетті осылайша екі түрлі көзқарас тұрғысынан түсіну,
қоғам дамуының кейінгі кезеңдерінде, әсіресе орта ғасырлар заманынан бермен
қарай кең өріс ала бастады. Шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл–Фараби (870 –
950) дүние материядан құралады, ол жойылмайды, бір түрден екінші түрге
көшіп, өзгере береді, жан денеден бұрын өмір сүрмейді, бір денеден екінші
бір денеге барып орналаса да алмайды деп материалистік тұрғыдан дұрыс
пайымдаса, батыс ойшылы Фома Аквинский (1225 – 1274) жанның мәңгі
өлмейтіндігі, оның денеден бөлек өмір сүретіндігі жайлы пікірлерді ары
карай дамытып, осы көзқарастың кең өріс алуына мүмкіндік береді.
Психологиялық ғылыми білімдердің тарихы екі кезеңге бөлінеді. Оның
біріншісі — шамамен 2500 жылға созылған, көш басы Аристотельден басталатын
жан дүниесі жайлы түрлі ой пікірлердің ілкі тарихы. Осы кезең ішінде
психология басқа ғылымдармен, әсіресе, философиямен қосақтаса дамып келеді.
Оның екінші тарихы 1879 жылдан басталады. Осы жылы неміс ғалымы В.Вундт
(1832 – 1920) Лейпцигте тұңғыш лаборатория ұйымдастырып, мұның дербес
эксперименттік ғылым болуына себепкер болды. Психологияның даму тарихы
жоғарыда аталған ғұламалармен қатар Герофил, Эразестрат, Гиппократ, Гален,
Әбу әлі Ибн Сина, Декарт, Гоббс, Спиноза, Лейбниц, Локк, Гартли, Дидро,
Вольф, Галлер т.б. оқымыстылардың есімімен тығыз байланысты.
Жан дүниесінің сыры жайлы дәйекті пікірлерді қазақ ойшылдары да айтқан.
Тіпті мұндай ой–пікірлер фольклорда, әсіресе, мақал–мәтелдерде көптеп
кездеседі. Мәселен, Тән ауырса, жан ауырады, Тәні саудың жаны сау, Тән
өледі, демек жан да өледі, Жан бар жерде қаза бар, Жан – кеудеге қонақ
т.б. осындай мақалдарда жан мен тәннің ара қатынасы шындыққа сәйкес дұрыс
пайымдалғанын байқау қиын емес. Жан қазақ ұғымында жан–жануарға, адамға
тіршілік, күш–қуат беретін рух. Ал Асан қайғы, Шалкиіз, Жиембет,
Ақтамберді, Бұқар, Шал, Дулат, Махамбет т.б. қазақ ақын–жыраулары мен
ойшылдарының толғауларында да көшпенді ата–бабаларымыздың жан дүниесінің
сырлары әр қырынан сөз болып, осылар жайлы сындарлы пікірлер айтылған.
Өресі биік, материалистік психологиялық ой–пікірлерді Шоқан, Ыбырай, Абай,
Сұлтанмахмұт шығармаларынан да көптеп кездестіруге болады: Мәселен,
С.Торайғыров (1893 – 1920) жан мен тән ылғи да бірлікте, байланыста болады
(Дене азыққа тоюдан жан ер жетер, жан ер жетіп, дүниенің сырын табар),
адамның тәні өсумен қатар, жаны да (ақыл–ой, сана–сезім) бірге өсіп,
жетіліп отырады, осы екеуінің қоса өзгеруінің негізі тәнде, адам өлгеннен
кейін, онда қимыл жоқ, сезім жоқ, жек көру жоқ, махаббат жоқ... Өмір жоқ,
яғни, бір сөзбен айтқанда, тәннен бөлінген жанда еш уақытта өмір болмайды
деп тамаша материалистік қорытынды жасайды. Осы іспеттес пікірді Шәкерім
Құдайбердиев те (1858 – 1931) айтқан болатын. Жан тәнге, ақыл жанға маталып
тұр. Психикалық құбылыстың табиғи ғылыми негізін жасауда, оны материалистік
тұрғыдан түсіндіруге орыстың ұлы ғалымдары И.М.Сеченовтің (1829 – 1905)
рефлекстер жөніндегі пікірлері мен И.П.Павловтың (1849 – 1936) жоғары жүйке
қызметі туралы ілімінің маңызы зор болды.[1, 4-7 беттер]. Талай ғасырлар
бойы адам көптеген ғалымдар әулетінің зерттеу объекті болып келді. Өз
тарихы мен қалай пайда болғанын, биологиялық табиғатын, тілі мен әдет-терін
танып білуге деген адамзат құштарлығының шегі бол-ған емес. Ал осы таным
жолында жантану ғылымының алатын орны аса ерекше. Қазіргі кезеңде өндіріс,
ғылым, медицина, өнер, оқу, ойын және спорт салаларындағы бірде-бір іс-
әрекет психологиялық заңдылықтарды түсініп, танып білмей тиімді орындалуы
мүмкін емес. Л.С.Рубинштейн "Жалпы психология негіздері" (1940) атты
еңбегінде ”Психология зерттеуін-дегі ерекше құбылыстар ауқымы анық көрініп
тұр - олар біздің қабылдауымыз, сезіміміз, ойларымыз, ықлас-ниет-теріміз
бен тілектеріміз, т.б., яғни біздің өміріміздің ішкі мазмұнын құрап, біздің
жан толғаныстарымыз үшін денімізге ажырамастай болып сіңген құбылыстар
жиыны” - деген. Психологиялық дүниенің бірінші ерекшелігі - әр тұлғаның
(индивид) өз меншік толғанысының болуы - ол түйсік, сезімнен ғана көрінеді
де оның басқаша пайда болу жолы жоқ.
Психология ерекшеліктерін танудың қиындығы олардың адам ақылына сиып
болмайтын, қалыптан тыс, тылсым құбылыс болуында. Себебі әрқандай нақты
заттың өзі мен оның қабылданған кейпі бір-бірінен ажыралып тұ-ратыны
даусыз.
Адам психика жөніндегі кейбір түсініктерді өз өмір тәжірибесі
негізінде топтайды. Әлеуметтік қатынастар мен еңбек барысында түсінісуге,
бірлікті тұрмыс құруға, іс-әрекет арқылы адамды тануға қажет болудан
жинақталған жай психологиялық пайымдаулар ғылыми психологияға дейінгі
білімдер ауқымын қүрады.
Психологияның жантану ғылымы ретінде мәні неде? Оның ғылыми дені
(предмет) не?
ХІХ ғ. соңы - ХХ ғ. басында танымал ғалым Г.Эббингауз психология
жөнінде қысқа да дәл былай деген: Психологияның тарих алды ұланғайыр, ал
тарихы өте қысқа. Психика зерттеулерінің тарихы деп отырғанымыз
психологияның пәлсападан бөлініп, жаратылыстану ғылымдарымен ұштасып,
өзінің эксперименттік зерттеулерін ұйымдастыра бастаған дәуірі. Бұл ХІХ ғ.
кейінгі шерегі болғанымен, психология бастаулары көз жетпес ғасырлар
тереңінде өріс алды.

1. Психологияның ғылым ретінде анықтамасы
Пән атының өзі де грек тілінен аударуында психология - жан туралы
ғылым (психо - "жан", логос - "ғылым") дегенді аңғартады. Осыдан, жан
жөніндегі зерттеулер мен түсініктер психологияның пәндік аймағының
кемелденуінде бірінші кезең болды да психология әуел бастан жан туралы
ғылым деп танылды. Бірақ бұл жанның не зат екеніне жауап табу оңайға
соқпады. Әр тарихи дәуірлерде ғалымдар бұл сөз мағынасын сан қилы
түсіндірді. Психика мәніне байланысты көзқарастардың қалыптасуы мен дамуы
философияның өзекті мәселесін - материя мен сана, заттық және рухани
болмыстардың ара қатынасын - шешуге тәуелді болып келді.
Ғылым ретінде психологияның міндеті – психикалық өмірдің негізгі
заңдарын зерттеу. Бұл заңдарды білу әрбір адамға қажет. Психологияны зер
салып зерттеген адамның қай–қайсысы болса да өзінің күшті және осал
жақтарын көре біледі, өзін–өзі тәрбиелеп, жақсы қасиеттерін жетілдіруге,
кемшіліктерін жоюға мүмкіндік алады. Психологияны үйреніп білу – адамға
еңбек және оқу істерінде тигізер көмегі мол. Ой–әрекетін жақсы түсінуге,
еске сақтауға, зейін аударуға жол ашып береді. Адамның психикалық өмірін
бейнелейтін әдебиетті, тілді, тарихты және басқа қоғамдық ғылымдарды
зерттеп білуде психологияның маңызы зор. Балалардың психикалық
ерекшеліктерін білмейінше, оларды ойдағыдай оқытып тәрбиелеуге болмайды.
Жалпы психологиямен қатар психологиялық ғылымның жеке салалары да болады.
Мұғалімдер мен тәрбиешілер үшін, бала және педагогикалық психологияны
білудің маңызы зор. Педагогикалық психология оқу–тәрбие жұмысы процесінде
балалардың психикасын зерттеумен шұғылданады. Ол оқушыларды ойдағыдай
оқытып тәрбиелеудің психикалық шарттарын зерттейді.
Психологияның, әсіресе, мұғалімдер үшін маңызы зор. Анатомия мен
физиологияны жөнді білмейтін дәрігердің жұмысы қандай пәрменсіз болатын
болса, психологияны білмейтін мұғалімнің де оқу–тәрбие саласындағы еңбегі
нәтижелі болмайды. Осы жайды Украинаның аса көрнекті педагогы, психолог
А.С.Макаренко (1888 – 1939) бізге талай рет ескерген болатын.
Ғылыми–техникалық прогресс елімізде осы ғылымның ұдайы дамуына ерекше ықпал
жасап келеді. Кеңес психологтары, әсіресе оқу–ағарту, тәлім–тәрбие
мәселелерінің көптеген қырларына замана талабына сай зерттеулер жүргізді.
Мәселен, төменгі сынып оқушылары оқудың жаңа жүйесіне көшіруде психологтар
(Л.Б.Занков, В.В.Давыдов, Д.Б.Эльконин, т.б.) елеулі еңбек сіңірді.
Психологияның салиқалы проблемалары Мәскеу, Киев, Тбилисидегі
ғылыми–зерттеу институттарында, университеттер мен пединституттардың
арнаулы кафедраларында зерттелуде, осы ғылым саласындағы үздік ғылыми
еңбектері үшін С.Л.Рубинштейнге 1940 жылы, Соколянский мен Мещеряковтарға
1980 жылы Мемлекеттік сыйлықтар берілді. Елімізде психология кадрлары
көптеген университеттерде даярланады. 1957 жылдан бастап психологтардың
Бүкілодақтық қоғамы жұмыс істеді. Диссертациялық зерттеулер үшін психология
ғылымының кандидаты, докторы деген арнайы ғылыми атақтар беріледі.[2, 14-16
беттер].
Дәл осы мәселенің шешімі төңірегінде бір-біріне тікелей қарсы
философия бағыттары - идеализм мен материализм - пайда болды. Идеалистер
психиканы болмыс бастауы, өз бетінше жасайтын, материяға тәуелсіз, белгісіз
бір зат деп қарастырды. Ал материалистік танымда психика - туынды,
материяға тәуелді құбылыс.
Идеалистік бағыт өкілдері материяға қатысы жоқ ерекше рухани
бастаманың барын мойындап, психиканың әрекеті тәнсіз, мәңгі жойылмас жанның
көрінісі деп біледі. Ал барша заттасқан дүние мен процестер, оларша, біздің
түйсігіміз бен елестеріміздің нәтижесі.
Адам психикасы - рухи өмірдің көрінісі, сондықтан ол материалдық дүние
заңдылықтарына бағынбайды деп санаған идеализм мен діни догматтар адам жан
дүниесін материалистік тұрғыдан түсіндіруге ұмтылған ғылыми ой-пікірлерді
көп ғасыр кейінге ысырып тастады.
Тек ХҮІІІ ғ. психология білімінің дамуында Рене Декарт жаңа дәуір
есігін ашты. Ол адамның ішкі мүшелері ғана емес, тіпті дене әрекетінің де
жанға ешқандай қатысы болмайтыны жөнінде пікір айтып, дәлелдеді. Бұл
жантану ғылымының кейінгі желісіне үлкен ықпал жасады. Декарт ғылымға екі
түсінікті - рефлекс және сана - бірдей енгізді. Бірақ ол өз тағылымында жан
мен тәнді бір-біріне қарсы қойды, өзара тәуелсіз екі болмыс - материя және
рух - жасайтынын уағыздады. Сондықтан да психология тарихында бұл Декарт
тағылымы "дуализм" (екі тарапты) атауын алды.
Шамамен осы дәуірде психология дені жөнінде жаңа түсініктер қылаң
бере бастады. Ойлау, сезу, қалау қабілеттеріне сана атауы беріліп, психика
санамен баламаластырылды. Осыдан жан психологиясы орнына сана психологиясы
жүзеге келді. Мұндай түсінім кең етек алып, ал бұл бағыттағы идеализм
интроспекттік (ішке үңілу) сана тағылымы атын алды. Осыдан сана өзімен өзі
шектеліп, психика объектив болмыс пен субъекттің өзінен де толығымен ара
байланысын үзді.
ХІХ ғ. екінші жартысында дербес ғылымға айналған психологияның дамуы
өз алдына әртүрлі мақсаттарды белгілеп, әртүрлі зерттеу тәсілдерін
қолданған, бір-бірін ауыстырып отырған теориялар таласында жүріп отырды.
ХІХ ғ. аяғындағы барша теориялар, ХХ ғасырдағы біршама тағылымдар сананың
осы интроспекттік психологиясы шеңберінде зерттелді. Бұл теориялар бойынша
психологиялық зерттеулердің бәрі қоршаған орта мен адам іс-әрекетіне
байланыссыз жан толғаныстарымен көріністеріне негізделді. Ал сана мен ми
арасындағы қатынас бұл теорияларда дуализм бағытында шешімін тапты.
Бірақ бұл бақылаулардың ерекшелігі: адам өзінің ішкі жан-күйін, се-
зімін, ой толғанысын өзі бақылайды, осыдан мұндай зерттеуде интроспекттік
аталған әдіс қолданылды. Мұндай бақылау, әлбетте, басты ғылыми талап-
обьективтілікке сай келмейді. Осының салдарынан ХХ ғ. басында, бір жағынан
- ғылыми объектив білімдер дамуына орай та-лаптардан, екіншіден -
әлеуметтік-экономикалық өркендеу сұраныстарынан интроспекттік психологияның
дағдарысы көрініс берді.
Адам әрекет-қылығын қадағалап, бақылау құрал-жабдықтарын дайындауды
қажет еткен капиталистік өндіріс әдістерінің дамуына байланысты практикалық
міндеттер алдында "сана психологиясы" өз дәрменсіздігін байқатты.
Осыдан ХХ ғ. екінші он жылдығында психологияның және бір бағыты пайда
болып, оның өкілдері психологияның жаңа пәнін жариялады: ол психика да
емес, сана да емес, ал сырттай бақыланатын, негізінен адам қозғалысының
жиынтығы - әрекет-қылық (поведение) еді. Бұл бағыт "бихевиоризм" (ағылш.
behavіour-қылық) аталып, психология пәні жөніндегі түсініктер дамуының
үшінші кезеңін қалады. Бихевиоризмнің ірге тасын қалаушы Дж.Уотсон
психологияның міндетін қоршаған ортаға бейімделуші тіршілік иесінің қылық-
әрекетін зерттеу деп білді.
Сонымен, психология өз даму жолында бастапқыда - жан туралы ғылым,
кейін - жансыз ғылым, ақырында - санасыз ғылымға айналды. Психология пәнін
осылай пайымдаудан оның келесі, және бір дағдарысқа кезігуінің мәнін
түсінеміз.
Психология пәнін (предмет) нақтылауда болған дағдарыстар себебі
аталған теориялардың негізге алған әдіснамалық тұжырымдарында болып отыр.
Атап айтсақ, саналық психология болмыс пен сананың, объектив дүние мен
субъектив болмыстың ара қатынасын идеалистік тұрғыдан шешті. Бихевиористер
болса, сол мәселені дөрекі материализм көзқарасымен түсіндірді. Олар үшін
психикалық құбылыс пен материалдық дүние арасында айырмашылық болмады.
Осылай, қате әдіснамалық бастаулар өз пәнін дұрыс анықтауда психологияның
жолына кесе-көлденең тұрып алды. Бұл тығырықтан шығудың жолын диалектикалық
материализм тапты. Диалектикалық материализм үшін барша дүниенің негізі
жалғыз-ақ - материя, ал психика, ойлау, сана одан туындағын екінші сатыдағы
құбылыс.
Диалектикалық материализм тұрғысынан материя алғашқы, ал сана -
екінші, одан туындаушы, яғни объектив дүниенің мидағы бейнесі. Осы
түсінікке орай материалдық болмыс (заттар, дүние құбылыстары) пен идеалдық
(заттық дүниенің сезім, ой т.б. түрінде бейнеленуі) бір-біріне тікелей
қарама-қарсы. Бірақ бұл қайшылық салыстырмалы сипатта, себебі түйсік, ой,
сезімдер т.б. - материалдық органның - мидың әрекеті, сыртқы тітіркендіру
энергияларының сана өміріне айналуының нәтижесі.
Ғылыми психология тірек еткен диалектикалық материализм категориялары
жүйесінде бейнелеу теориясы басты маңызға ие. Себебі осы категорияға орай
психиканың жалпылама және мәнді сипаты ашылады: әрқандай психикалық
құбылыстар объектив шындықтың субъектив бейнеленуінің түрлі формалары мен
деңгейлерін көрсетеді. Бейнелеу теориясы психология ғылымының мәнін
анықтауда, оның әдістерін таңдауда, деректер, түсініктер, тұжырымдар
тобынан қажеттісін ажыратуда жалпы әдіснамалық бағдар ролін атқарады.
Сыртқы, заттасқан дүние болмайынша тіршілік иесінің ішкі психикалық
өмірі болуы мүмкін емес, яғни сана, психика өзінен тыс және тәуелсіз
жасайтын танымды бол-мыстың бейнесі. Егер де осы қоршаған объектив шындық
болмаса, санадағы оның бейнесі жөнінде әңгіме қозғау қажетсіз. Әрқандай
психикалық акт - нақты болмыстың бір бөлшегі де және оның бейнесі де.
Сонымен, психиканың қызметі, біріншіден - қоршаған дүние заттары мен
құбылыстарының қасиеттерін, байланыстарын бейнелеу, екіншіден - осының
негізінде адам қылығы мен қызмет - әрекетін реттестіру. Психиканы
диалектика-материалистік тұрғыдан қарастыру - әрқандай ішкі жан-күйлік
құбылыстардың өзімен өзі шек-телмегенін, шындықтан бөлінбей, онымен
түбегейлі әрі тығыз байланыста екенін танытады.
Ғылымдағы күрделі міндеттердің бірі - заңдылықты сипатқа ие
байланыстар мен қатынастарды көре білу. Ғылымдық қатал талап - объектив
заңдарды ашып қана қоймастан, олардың әрекеттік аймағы мен қолдану
жағдайларын көрсете алу. Сондықтан да психология зерттеулерінің объекті -
психологиялық деректер мен қатар психологиялық заң, заңдылықтар.
Сонымен бірге ескеретін жәйт, заңдылық байланыстарды білу өздігінен
заңдылықтарды іске асыратын нақты тетіктерді (механизм) ашып бере алмайды.
Осыдан психологияның міндеті - психологиялық деректер мен заңдылықтарды
аша отырып, психологиялық іс-әрекетті қозғаушы механизмдерді де анықтап
білу. Ал енді сол механизмнің қандайда да психологиялық процесті орындайтын
нақты анатомия-физиологиялық аппаратты іске қосуына байланыстылығынан, ол
механизмнің табиғаты мен әрекетін психология басқа ғылымдармен бірлікте
зерттейді.

Психологияның салалары және басқа ғылымдармен байланысы
Психология объективтік шындықты бейнелеудің ерекше түрі ретінде
психиканы, сананы қарастырады. Психологияның міндеті адам мен жануарлардың
деңгейінде психиканы филогенетикалық және онтогенетикалық даму тұрғысынан
зерттеу болып табылады. Психология адамның психологиялық үрдістерін, қалпын
және қасиеттерінің әртүрлі кезеңдерін, оның дамуын, сонымен қатар оның
қалыптасуының заңдылықтарын әлеуметтік үрдістің белсенді әрекеті ретінде
зерттейді.
Психологияның негізгі қағидаларының бірі детерминизм қағидасы болып
табылады. Детерминизм қағидасы дегеніміз адамның барлық іс-әрекеті, қылығы
сыртқы әсердің себептік жағдайына тәуелділігі. Бұл қағиданың мәні,
біріншіден, барлық психикалық құбылыстар, оның ішінде психика объективтік
шындықты бейнелейтін себептік жағдайларға байланысты болып табылады.
Екіншіден, бұл қағиданың мәні мен барлық психикалық құбылыстар мидің
қызметімен байланысты қарастырылады. Үшіншіден, қарастырылып отырған қағида
психикалық құбылыстарды зерттеуде бұл құбылыстардың себебін міндетті
анықтауды қажет етеді.
Қазіргі психологияда сана мен іс-әрекет бірлікте қарастырылады. Сана
мен іс-әрекеттің бірлігі қағидасы сонымен қатар ғылымның бастапқы
қағидаларының бірі болып табылады. Аталған қағиданың мәні мынада: іс-
әрекетті адам санасының пайда болу шарты, қалыптастыру факторы және қосымша
нысаны деп түсінуіміз керек. Екіншіден, іс-әрекетті сананың белсенділігінің
түрі ретінде түсінеміз. Сана мен іс-әрекеттің бірлігі қағидасы сана адамның
мінез-құлқы мен іс-әрекетінің реттеушісі болып табылады.
Генетикалық (тарихи) қағида, біріншіден, барлық психикалық
құбылыстар әруақытта да сандық және сапалық өзгерісте және даму үстінде
қарастырылады. Екіншіден, бұл қағиданың мәні мынада: кез келген психикалық
құбылысты дұрыс және толық сипаттау сол жағдайда мүмкін, егер де қазіргі
жағдайда бір уақытта оның өзіндік ерекшеліктері анықталса, психикалық
құбылыстардың пайда болу тарихы немесе себептері, оның кейіннен
өзгерістерінің мүмкіндіктері шешіледі.
Психология ғылым ретінде жай ғана әртүрлі психикалық құбылыстарды
сипаттау емес, сонымен қатар оларды жинақтау, түсіндіру және мәнін, белгілі
заңдылықтарды ашу, соның негізінде психикалық құбылыстардың себептерін
анықтау және болашақта олардың пайда болуын болжау.
Психологияны ғылым ретінде сипаттауда психологиялық білімдердің
кейбір ерекшеліктерін атап өткен жөн. Біріншіден, бұл құбылыстар туралы
білім, әрқайсысымызға тән, әрбір адамның түйсіктері бар, оның есінде
әрқашан әртүрлі елестер сақталады, әрбір адам әртүрлі сезімдерді басынан
кешіреді және т.б. Психология ғылымында осы құбылыстар туралы жинақталған
және дерексіз білімдер берілетіндігі жөнінде айта аламыз. Психологиялық
білімдердің бірінші ерекшелігі бұл жинақталған және дерексіз білімдер
әрқайсымызға тән психикалық құбылыстар болып табылады. Екіншіден,
психологиялық білімнің күнделікті және ғылыми мағынасының сәйкес келуімен
сипатталады. Тұрмыста дамдар психологияның терминдерін және ұғымдарын
кеңінен пайдаланады. Бұл ұғымдардың шекарасы айқын көрсетілмегендіктен,
әртүрлі адамдар бір терминдер мен ұғымдарды әртүрлі мағынада қолданады.
Ғылыми ұғымдар белгілі мағынада, мазмұнда бірдей қолданылады.
Психологиялық білімнің үшінші ерекшелігі – адамның дүниетанымын,
көзқарасын қалыптастыру өзін-өзі тәрбиелеу үшін өте қажеттілігі.
Қазіргі психология ғылымы әртүрлі тәжірибе саласымен байланысты
қалыптасудың әртүрлі сатысында тұрған ғылыми пәндердің тармақталған жүйесін
құрайды.
Психологияның осындай көптеген салаларын қалай жіктеуге болады?
Жіктеудің мүмкіндіктерінің бірі іс-әрекеттегі психика дамуының жоғарыда
тұжырымдалған қағидаларында айтылған. Осыны ескере отырып, психология
салаларын жіктеуде негізге алынатыны – мәселенің психологиялық жағы: нақты
іс-әрекет, даму, адамның қоғамға қатынасы (субъектінің дамуы және іс-
әрекеті).
Егер де жіктеудің бірінші негізін алатын болсақ, онда адамзат іс-
әрекетінің нақты түрінің психологиялық проблемаларын зерттейтін
психологияның бірнеше салаларын атауға болады.
Еңбек психологиясы адамның еңбек іс-әрекетінің психологиялық
ерекшеліктерін, еңбекті ғылыми (ЕҒҰ) ұйымдастырудың психологиялық
астарларын зерттейді. Еңбек психологиясының міндетіне адамның кәсіби
ерекшеліктерін, еңбек дағдыларын дамытудың заңдылықтарын, өндірістік
жағдайдың ықпалын анықтау жатады. Еңбек психологиясы бірнеше бөлімдерден
тұрады: олар сонымен қатар өз бетінше дербес, бір-бірімен байланысты
психология ғылымдарының салалары. Олар: инженерлік психология негізінен
адам мен машинаның қызметін бөлу және үйлесім проблемаларын шешетін
автоматтандырылған жүйелерді басқарушы оператордың қызметін зерттейді;
авиация психологиясы ұшуды үйрету мен ұшуды орындау үрдісінде адамның іс-
әрекетін психологиялық зерттейді; космос психологиясы организмге шамадан
тыс психологиялық ауыртпалық түскен ауасыз кеңістік жағдайында адам іс-
әрекетінің психологиялық ерекшеліктерін зерттейді.
Педагогикалық психологияның зерттеу пәні адамды оқыту мен
тәрбиелеудің психологиялық заңдылықтарын зерттеу пәні адамды оқыту мен
тәрбиелеудің психологиялық заңдылықтарын зерттеу болып табылады.
Педагогикалық психологияның бөлімдеріне немесе салаларына мыналар жатады:
оқыту психологиясы (дидактиканың психологиялық негіздерін зерттейді);
тәрбие психологиясы (мектептегі тәрбие жұмысының психологиялық негіздерін
зерттейді); ұстаз психологиясы мұғалім мен шәкірттердің арасындағы қарым-
қатынасын, мұғалімге қойылатын талаптардың психологиялық мәселелерін
зерттейді.
Педагогикалық психология саласындағы зерттеулер оқыту мен тәрбие
мазмұнын дұрыс анықтаған оқулықтар мен оқу құралдарына әртүрлі талаптарды
белгілеуге, оқыту мен тәрбиенің тиімді әдістерін тауып, негіздеуге
көмектеседі.
Медициналық психология дәрігер қызметінің және ауру мінез-құлқының
психологиялық мәселелерін зерттейді. Ол нейропсихологияға,
психофармокологияға, психотерапияға, психопрофилактика мен психогигиенаға
бөлінеді. Нейропсихология психикалық құбылыстардың физиологиялық ми
құрылымдарынмен арақатынасын зерттейді. Психофармакология дәрі-дәрмек
заттарының адамның психикалық іс-әрекетіне әсерін зерттейді; психотерапия
ауруды емдеу үшін психикалық әсер ету тәсілдерін қолдануды зерттейді;
психопрофилактика мен психогигиена адамдардың психикалық денсаулығын
қамтамасыз ету үшін шаралар жүйесін талдауды зерттеу болып табылады.
Заң психологиясы заң жүйесін іске асырумен байланысты психологиялық
мәселелерді қарастырады. Ол сот психологиясы, криминалді психология,
пенитенциарлық немесе еңбекпен тузету психологиясы. Сот психологиясы тергеу
үрдісіне қатысушылардың мінез-құлқының психологиялық ерекшеліктерін
зерттеумен айналысады; криминалді психология мінез-құлықтың психологиялық
проблемаларын және қылмыскер тұлғасын қалыптастыру мен қылмыстың себептерін
анықтайтын саласын айтады; пенитенциарлық немесе еңбекпен түзеу
психологиясы еңбекпен түзеу колониясында ұсталғандардың психологиясы,
сендіру және көндіру әдістері арқылы тәрбиенің психологиялық проблемалары
және т.б.
Әскери психология соғыс іс-әрекеттері жағдайында адамның мінез-
құлқын, бастықтар мен қарамағындағылардың өзара қарым-қатынастарының
психолгиялық жағын, психологиялықнасихаттың және қарсы насихаттың
әдістерін, әскери техниканы басқарудың психологиялық проблемаларын
зерттейді және т.б.
Спорт психологиясы спортшылардың жеке басы мен іс-әрекетінің
психологиялық ерекщеліктерін, психологиялық даярлықтың шарттары мен
тәсілдерін, спортшылардың жаттығуының және даярлығының психологиялық
өлшемдерін, жарыстарды ұйымдастыру мен өткізуге байланысты психологиялық
факторларды зерттейді.
Жас психологиясы әр жастағы адамның психикалық дамуының
заңдылықтарын, әртүрлі психикалық үрдістер мен қасиеттерінің қалыптасуын
зерттейді. Жас психологиясы мынадай бөлімдерге бөлінеді: балалар
психологиясы, жеткіншек психологиясы, жастық шақ психологиясы, ересектер
психологиясы. Жас психологиясының міндеті – жас ерекшеліктерін ашып
көрсету, бір жастан екінші жасқа өтудің заңдылықтарын анықтау, жеке
тұлғаның әртүрлі психикалық қасиеттері қалыптасуының сензитивтік (ерекше
қолайлы) кезеңдерін табу болып табылады. Жас психологиясы педагогикалық
психологиямен байланысты.
Арнаулы психология бірнеше бөлімдерге бөлінеді: патопсихология,
олигофренопсихология, сурдопсихология, тифлопсихология.
Патопсихология адамдардың дұрыс психикалық іс-әрекеті бұзылуының
әртүрлі түрін зерттейді; Олигофренопсихология мидың туғаннан болған ақауына
байланысты психикалық дамудың патологиялық сипатын зерттейді.
Сурдопсихология есту сезімінің бұзылуына байланысты психологиялық
ерекшеліктерін зерттейді; Тифлопсихология көру сезімінің бұзылуына
байланысты психологиялық ерекшелігін зерттейді.
Салыстырмалы психология жануарлардың психикасын зерттейтін
психологияның саласы.
Психологияның бұл бағытының мәні мынада: жануарлардың психикасын
зерттей отырып, әсіресе, жоғары сатыдағы жануарлардың, адам санасының
тарихын жан-жақты қарастыруға көмектеседі, салыстырмалы психология
саласында жануарлар мен адам психикасын салыстыру іске асады, олардың мінез-
құлқындағы қасиеттері мен айырмашылығының сапалы белгілері мен себептері
анықталады.
Әлеуметтік психология әртүрлі әлеуметтік қауымдастықтардың
психологиялық ерекшеліктерін (топ, ұжым, олардың көңіл-күйін, қоғамдық
пікірін, еліктеуін т.б.), топтар мен ұжымдардағы адамдардың өзара қарым-
қатынастарын, ондағы жеке тұлғалардың жағдайын, олардың лидерлері мен
қарамағындағылардың проблемаларын зерттейді. Соңғы жылдары әлеуметтік
психологияға ерекше мән берілуде. Әлеуметтік психология әртүрлі ұйымдасқан
және ұйымдаспаған қоғамдық топтардағы адамдардың өзара қатынасынан
туындайтын психикалық құбылыстарды қарасытырады.
Осы айтылғандардан психология ғылымының практикалық қолдану аясының
қаншалықты жан-жақтылығын аңғаруға болады. Психология ғылымы - өмірдің
әртүрлі саласында кеңінен қолданылып келе жатқан практикалық мәні ерекше
ғылым. Жоғардағы психология ғылымдарының салалары және оларға берілген
сипаттамадан психологияда әруақытта да жаңа бағыттардың пайда болу үрдісін
көре аламыз. Бұл түсінікті де. Қазіргі кезде адамның мүмкіндіктерін
білудің, адамзат іс-әрекетінің әртүрлі салаларына олардың психологиялық
ерекшеліктерін ескерудің мәні ерекше.
Дегенмен, қазіргі психология оның жаңа салаларының пайда болуымен
ғана сипатталып қоймайды, сонымен қатар оның әртүрлі слаларының арасында
бірден бір тығыз байланыстың қалыптасуымен ерекшеленеді. Бұл үрдіс екі
бағытта іске асады. Өзара қарым-қатынастың нәтижесінде бір салаға екінші
саланың ықпалымен жаңа дамуы аңғарылады, екінші жағынан, әрбір сала
біртұтас және біржүйелі сипатқа ие болады.
Психологияның басқа салараының арасында жалпы психология ерекше орын
алады. Жалпы психология психологияның саласы емес, психологияның басқа
салалармен бір қавтарға қоюға болмайды. Жалпы психология ересек адамның
психикалық іс-әрекетінің жалпы заңдылықтарын зерттейді. Жалпы психология
психологияның міндеттерін, әдіснама мәселелері мен әдістерін, психикалық
құбылыстардың қалыптасуы мен практикалық іс-әрекетті зерттейді. Жалпы
психология психология ғылымының барлық салалары мен бөлімдерінің дамуының
іргелі негізі болып табылады. Жалпы психология курсында жалпы теориялық
қағидалар және негізгі әдістер туралы ғылыми түсінік беріледі,
психологияның негізгі ғылыми ұғымдары, заңдылықтары туралы сипатталады.
Психология ғылымы көптеген жаратылыстану, әлеуметтік және
философиялық ғылымдармен байланысты. Ғылымдар жүесінде психология ғылымына
қандай орын беріледі, басқа ғылымдарда психолгияның мәліметтерін пайдалану
мүмкіншіліктерін түсінуге көп нәрсе байланысты немесе керісінше, қандай
деңгейде психология басқа ғылымдардың нәтижелерін пайдалана алады? Қоғамдық
ғылымдардың ішінде философия, саяси экономика, тарих, өнертану, педагогика
ғылымдарымен байланысты. Бұл ғылымдардың барлығында да адамның саналы іс-
әркеті зерттеледі, демек, психология айналысатын мәселелер қарастырылады.
Педагогика ғылымы үшін психологияның жүйесі, мәні ереше, себебі жек
тұлғаның даму заңдылықтарын, баланың жас және дара ерекшеліктерін білу
теориялық негідеуге көмектеседі және оқыту мен тәрбиелеудің ерекше тиімді
әдістерін жасауға практикалық жол көрсетеді.
Психологиялық білім мұғалімге шәкірттердің жас және дара
ерекшеліктерін ескере білуге, уақытында оларда таным қызметінің жағымды
дағдыларын қалыптастыруға, жаңа сезімдерді, ерік-қайраи қасиеттері мен
мінез бітісін уақытында аңғаруға көмектеседі.
Психологиялық білім мұғалімге өзін-өзі талап қою үшін және оқушыларды
тиімді оқыту мен тәрбиелеуге қажетті сапаларды дамыту үшін қажет.
Психологиялық білім өзін-өзі тәрбиелеуге де өте керек. Психикалық
құбылыстарды ғылыми түсіну әрбір адамға өзінің жеке басындағы қасиеттерінің
күшті және әлсіз жақтарын дұрыс айыруына бағыт береді. Жеке басындағы
жағымды қасиеттерді ілгері дамыту, ал кемшілік жақтарын болдырмау үшін
көмектеседі. Психологияның педагогикамен байланысына ерекше тоқталуды қажет
етеді. Сөз жоқ, бұл байланыс әруақытта да болады, К.Д.Ушинский кезінде
былай деп атап көрсетті: Адамды жан-жақты тәрбиелеу үшін оны жан-жақты
зерттеу қажет). Бұл жерде психологияның практикалық мәнін нақты түрде
көрсетіп тұр. Егер педагогика психологиялық құбылыстардың табиғаты туралы
білімге сүйенбейтін болса, онда ол педагогикалық кеңестер мен нұсқаулардың
қарапайым жиынтығына айналар еді және мұғалімге көмектесуге қабілетті ғылым
болудан қалар еді.
Педагогиканың барлық саласын дамытуда (жалпы педагогика, дидактика,
жеке пәндерді оқыту әдістемелері, тәрбие теориясы) психологиялық
зерттеулерді қажет ететін мәселелер пайда болуда.
Осы айтылғандардың барлығы қазіргі психология ғылымдардың түйіскен
жерінде екендігін дәлелдейді. Психология бір жағынан, философия
ғылымдарымен, екінші жағынан, жаратылыстану ғылымдарымен, үшіншіден,
әлеуметтік ғылымдармен байланысты аралық жағдайда орналасқан ғылым
екендігін дәлелдейді.
Қазіргі психологияның міндеттері
Қазіргі кезде алдында тұрған теориялық және тәжірибелік міндеттердің
көптігіне байланысты психология ғылымының тез қарқынмен дамуы байқалады.
Психологияның негізгі міндеті психикалық іс-әрекеттің және оның дамуының
заңдылықтарын зерттейді, соңғы онжылдықтың көлемінде психологиялық
зерттеулердің қамтитын мәселелері кеңейді, жаңа ғылыми бағыттар мен пәндер
пайда болды. Психология ғылымының ұғымдық аппараты өзгерді, үздіксіз жаңа
жорамалдар мен тұжырымдамалар пайда болды, психология жаңа эмпирикалық
мәліметтермен байыды.
Б.Ф.Ломов Психологияның әдіснамалық және теориялық проблемалары
атты еңбегінде қазіргі ғылымның жағдайын сипаттай келіп, былай деп жазды:
Қазіргі кензде психология ғылымының және оның жалпы теориясының
әдіснамалық проблемаларын болашақта жан-жақты, тереңірек талдау қажеттілігі
ерекше арта түседі.
Психологияның зерттейтін құбылыстарының саласы жан-жақты. Ол адамның
әртүрлі қиындық сатысы бар психикалық үрдістерін, психикалық қалпын және
психикалық қасиеттерін қамтиды.
Өткен онжылдықтарда психология негізінен теориялық (дүниетанымдық)
пән ретінде белгілі болды. Қазіргі кезде оның ролі қоғамдық өмірде ерекше
өзгерді. Психология бірте-бірте білім беру, өндіріс, мемлекеттік басқару,
медицина, мәдениет, спорт және т.б. жүйеде кәсіптік-практикалық іс-
әрекеттің ерекше саласы болып табылады.
Бүгіндері қоғамның барлық саласында адам факторының мәні арта
түсуде. Адам факторы деп адамдардың меңгеретін әлеуметтік-психологиялық,
психологиялық және психо-физиологиялық қасиеттердің жан-жақты көлемін
түсінеміз.
Психология ғылымының алдында тұрған міндеттер туралы айтқанда, адам
бар жерде, әртүрлі міндеттерді орындау барысында адам факторы әруақытта
да ескерілуге тиісті. Халық ағарту жүйесінің барлық салаларынды (мектепке
дейінгі білім беру, арнаулы орта білім беру, жоғары мектеп) психологтарға
бағытталған проблемалар туындауда.
Психология ғылымының шешетін қолданбалы міндеттерінің рөлін қоғамның
түсіну халық ағарту органдарында әртүрлі тармақталған психологиялық қызмет
көрсетуді жасау идеясына алып келді. Қазір ондай қызмет көрсету жасалып,
ғылым мен тәжірибеде қолданудың байланыстырушы буыны болып келеді.
Психологияның негізгі міндеті адамның психикалық іс-әрекетінің
заңдылықтарын зерттеу болып табылады.
Психологияның заңдылықтары көрсеткендей, адам миында объективтік
дүниені қалай бейнелеуге, адам қоршаған ортадағы объективтік дүниені қалай
танып білуге болады? Психологиялық заңдылықтар, психикалық іс-әркет қалай
дамиды, жеке тұлғаның психикалық қасиеттері қалай қалыптасады, міне,
осыларды ашып көрсетеді.
Пчихология психикалық үрдістерді мидың бейнелеу іс-әрекетінің негізі
болып табылатын жүйке-физиологиялық үрдістерімен бірлікте зерттейді.
Жоғарыда айтылғандардан біз психологияны практикалық қолдану
мүмкіндіктері орасан зор екендігін білеміз. Ерекше атап айту керек, бұл
бағытта әртүрлі деңгейдегі міндеттерді шешуге тура келеді.
Қазіргі адамзаттың алдында тұрған жаһандық проблемаларды шешуде де
психологияның атқарар жүгі ерекше. Бүгінгі күннің ғаламдық проблемаларының
психологиялық астарын анықтауда (дүниеде бейбітшілік сақтау үшін күрес,
қошаған ортаны қорғау, космосты игеру), оның ішінде, адамдардың күнделікті
өмір мәселелері (эмоциялық қиыншылықты жеңу, адамдар арасындағы даудамайды
шешу т.б.) психология ғылымның алдында тұрған басты міндеттердің бірі болып
есептеледі. Психологияның адам туралы ғылымдар жүйесінде алатын орнын
бағалай келіп, проф. Б.Ф.Ломовтың айтуынша, зерттеу нысаны адам туралы
барлық ғылыми пәндердің интеграторы психологияның алатын орнын дұрыс
бағаланды.
Психологиялық ілімдердің тарихынан
Қоғамдық өмірдің қажеттілігі ерте кезден бастап, адамдарды өздерінің
іс-әрекетінде қоршаған ортаның психикалық келбетінің ерекшеліктерін айыра
білуте және ескеруге мәжбүр етті. Алғашқы кезде бұл ерекшеліктер "жанның"
іс-әрекетімен түсіндірілді "Жан" ұғымының пайда болуы алғашқы қауымдық
құрылыстағы адамдардың анимистік көзқарастарымен байланысты.
Алғашқы қауымдық кезендегі адамдардың түсінігінде "жан" адам
денесінен айқын бөлінбейді. Бұл көзқарастар тіршілік құбылыстары мен сананы
ғылымға дейінгі қарапайым материалистік талдау нәтижесінде қалыптасты, оның
ішінде ұйқы, өлім т.б. Осындай құбылыстардың себебі мен сырын түсіндіре
білмегендіктен, алғашқы адамдар оларды шындықтың мәні ретінде қабылдады.
Мәселен, түс көруді жанның ерекшеліктерімен түсіндіруте ұмтылды, түс
кезінде жан адамның денесін тастап, әлемде сапар шегетінін түсінді. Алғашқы
адамдарда өлім өмір үрдісінің ең соңғы кезеңі екені туралы түсінік болмады.
Сондықтан да өлім түс көрудің түрі ретінде қабылданды. Бұл жанға тәуелділік
туралы түсініктер алғашқы адамдардың табиғат алдындағы әлсіздіктеріне
байланысты қалыптастын.
Одан әрі қоғамның дамуына, дене еңбегі мен өндірістің рухани
күштерінің саралануына, таптық қоғамның пайда болуына байланысты жанның
материалдық табиғаттан тыс екендігі туралы идеялары қалыптасты. Бұрынғы
анимистік, мифологиялық түсініктер жанды натурфилософиялық дүние тұрғысынан
түсіндіру көзқарасына жол бере бастады.
Бізге дейінгі ерте кезде, ғасырлар қойнауынан бізге жеткен жазба
ескерткіштердің материалдары дәлелдегендей, психологиялық құбылыстарға
қызығушылық адамдарда ерте пайда болды. Ол біздің заманымызға дейінгі
бірінші мыңжылдықтың орта кезінен бастап қалыптасты, оған ертедегі ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Психологияның ғылымдар жүйесіндегі орны
Қазіргі кездегі психология ғылымы
Психологияның құрылысы және зерттеу әдістері
Жалпы психология және психология ғылымының зерттеу əдістері
Қазіргі замандағы психологияның даму жолдары
Ғылыми психологияның принциптері мен жалпы зерттеу әдістері
Тіл мәдениетінің сипаты
Психолгия ғылым реттінде құрлу тарихы
Психология ғылымының зерттеу әдістері мен салаларын анықтау әдістер
Психологияның ғылымдар жүйесіңцегі орыны
Пәндер