ҰЛТТЫҚ МУЗЫКА ТУРАЛЫ КІТАП


Рахманқұл Бердібай
ӘР ЖЫЛДАР ОЙЛАРЫ
(Әдебиет-өнер, фольклор, түркология)
«Тұран» баспасы
2007
ББК 83. 3 Қаз
Б 45
Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті
Редакция алқасы: Пірәлиев С, Орал Ұ., Ергөбек Қ., Айменов Ж.,
Райымбердиев Т., Ибраев Ш.
Жауапты редакторы: филология ғылымдарының кандидаты Қыдыр Т.
Б 45 Бердібай Р. Әр жылдар ойлары. Көмекші оқу құралы. - Түркістан, «Тұран» баспасы, 2007. - 680 б.
ISBN 9965-840-12-1
Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Түркология ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері Рахманқұл Бердібайдың «Әр жылдар ойлары» атты жинағы -жеке тақырып немесе жанр табиғаты жөніндегі зерттеу емес, XX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ совет әдебиетінің, фольклорының және түркологияның дамуындағы маңызды тенденцияларын сөз ететін, теориялық-методологиялық сипаты бар зерттеулер мен мақалалар топтамасы. Еңбекте социалистік реализм дәуірі әдебиетінің ақырғы серпіні мен ізденіс өрісі сөз болады. Сондай-ақ «Әр жылдар ойларында» түрік халықтары әдеби байланыстары, өнер тағдыры жөніндегі проблемалар да орын алған.
Жинақ жоғары оқу орындары филология факультеттерінің студенттеріне, магистранттары мен аспиранттарына көмекші құрал ретінде ұсынылып отыр.
ББК 83. 3 Қаз
М 460302
00(05) -07
©Р. Бердібай, 2007
ҰЛТТЫҚ МУЗЫКА ТУРАЛЫ КІТАП
Қазақтың бұрын-соңды жасаған музыка қайраткерлерінің өмірімен, творчествосымен таныстыратын кітап немесе мақалалар жинағы осы күнге дейін жоқтың қасы. Профессор А. Жұбановтың қазақтың халық композиторларының өмірі мен творчествосы туралы еңбегі бұл саладағы алғашқы қадам еді. Бірақ, ол кітаптың да белгілі кемшіліктері байқалып, қолдан шығып қалды. Одан кейінгі ұзақ үзілістен соң баспадан шыққан еңбек - «Қазақстанның музыкалық мәдениеті» атты кітап.
Қазақ халқының музыкалық мәдениетімен жұртшылықты таныстыруға бұл кітаптың пайдалы болатыны сөзсіз. Өйткені қазақ музыка зерттеушілері күні бүгінге дейін музыка тарихын мүлде баяу зерттеп келеді. Сол себептен «жоқтан бар жақсы» дегендей осы жинақтың шығуына да қатты қуанамыз.
Егер қазақ әдебиетінің тарихы азды-көпті зерттелген десек, нақ музыка жөнінде мұны айтуға болмайды. Қазақ музыкасының келелі мәселелері әлі де қолға алынбай отыр. Тіпті, күрделі ғылыми еңбектерді айтпағанның өзінде, белгілі композиторлар жөнінде жеке кітапшалар, очерктер шығаруға әбден болады ғой. Қазіргі қазақ совет музыкасы халықтық шығармалардың ықпалынсыз өсе алмайтынын ескерсек, жұртшылықты ұлттық музыканың байлығымен, оның тарихымен, композиторлар өмірімен және творчествосымен таныстырудың аса қажеттігін түсінеміз. Дегенмен, осы мәселе музыка жұртшылығының кең талқысына түспей келеді. Ал қазіргі кезде музыка тарихын зерттеуді кешеуілдетудің ешбір реті жоқ. Бір кезде осы мәселе профессионал зерттеушілердің аздығынан қозғаусыз жатты. Қазір республикамызда арнаулы білімі бар зерттеушілер шығып отыр. Олардың алғашқы қарқыны жаман да емес. Халық қазіргі кезде музыка зерттеушілердің үлкен проблемаларға баруын, музыка тарихын нағыз ғылыми негізде батыл зерттеуін күтіп отыр.
Әрбір халықтың мәдени дамуында белгілі белестер болады десек, қазақ халқы қазір музыка мәдениетіне үлкен талаптар қоятын кезеңге жетіп отыр. Ендігі жерде «музыкамыз қарыштап өсіп келе жатыр» деген тәрізді жұбаныш сөзбен жұртшылықты алдандыра білуге болмайды. Совет жылдарындағы музыкалық табысымыз аз емес. Бұдан былайғы жерде сол табысты тілге тиек етіп отыра беруге тағы болмайды. Шынын айтсақ, соңғы бірнеше жылдың ішінде музыка дүниесіне жарқ етіп келген үлкен шығарма жоққа тән. Талантты композиторларымыздың жеке әндері қаншалықты табысты, сүйікті болғанымен, бұл қазақ музыкасының дамуындағы көптеген олқылықты жаба алмайды. Бізге жаңа опера керек. Халықтың көңілімен тілдесіп жататын сұлу, ойлы әндер қажет. Жұртшылыққа рухани ләззат беретін музыкалық шығармалардың түр-түрі зәру. Міне, осы тілек халқымыздың музыканың дамуына қаншалықты ықыласты екенін көрсетеді. Қазақ музыкасын жинауда және зерттеуде орыс зерттеушілерінің көп еңбек сіңіргені мәлім. Халқымыздың екі мыңнан астам әні мен күйін жинап, нотаға түсірген тамаша адам Александр Викторович Затаевичтің еңбегінің өзі таңғаларлық ерлік деуге болады. Зерттеушінің өшпес ерлігі қазіргі музыка мамандарына зор үлгі. Сөз еткелі отырған кітапта Затаевич туралы мақаланың берілуі де өте орынды. Халықтың асыл өнерін жан-тәнімен сүйе білген, сол жолға барлық өмірін бағыштаған адам ғана осыншама қаһармандық іске бара алады.
Жоғарыда біз Қазақстанның музыка мәдениеті жайындағы кітаптың пайдалылығын айтып кеттік. Бұдан музыкамен әуестенушілер, қала берді жұртшылық біраз мәлімет ала алады. Дегенмен осы тәріздес кітаптар бұдан талай жыл бұрын шығуға мүмкіншілігі бар еді. Оның үстіне бұл секілді жинақтарды әлденеше етіп шығаруға да қазір жағдай толық. Кітапта Қазақстанның халық әртістері Қ. Жандарбеков пен Е. Брусиловскийден басқа да тамаша шеберлеріміздің өмірі мен творчествосынан мәлімет беруге болар еді. Қазақстанның музыка мәдениеті туралы кітапты пайдалы, керекті еңбек дегенде, біз бұл тәрізді жинақтардың мүлде болмай келгенін ескеріп айтамыз. Шынында қазақ оқушысы ұлы композитор Құрманғазының өмірінен дерек беретін қымбат материал Н. Савьичтің естелігімен тұңғыш рет танысып отыр. Сол сияқты орыс зерттеушісі А. Ивановскийдің Ноғайбай ақын туралы жазғандарының да мәні бар. Кітаптағы аса қымбат материалдың бірі - академик Б. Асафьевтің қазақ музыкасы жөніндегі пікірлері деуге болады. Шынында жинақтың ең шынайы әрі терең ойлары да осы мақалаларда. Онда нағыз терең, әділ сыншының ойы бар. Асафьевтің қазақ музыкасына берген бағасы осы жөнінде айтылған бұрынғы-соңғы ой-пікірдің биігі десек қателеспеспіз. Мұнда жанашыр, адал адамдарға тән шыншылдық пен әділдік сезіледі. Осыған қарағанда қазақ музыкасы жөніндегі қазіргі айтылып жүрген бағалардың көбі жай жалпылама сөз екенін көрмеуге болмайды.
Жинақта қазақтың халық әндерінің музыкалық ерекшелігі (М. Ахметова), домбыра туралы (А. Алексеев) таныстыру мақалалары берілген. Асылы, бұл кітап орыс оқушысына арнап шығарылған тәрізді. Сондықтан да көп жағдайда мұндағы талдаулар тілмәштің бір тілден екінші тілге аударма жасағанындай тек таныстыру дәрежесінде қалған. Әрине, ол музыка тілімен және нотасымен берілгендіктен орыс музыканттары бұл жинақтан қазақ әндерімен күйлерінің құрылысымен таныса алады. Қазақ әндері мен күйлерін топқа, жікке бөліп таныстыруда авторлар едәуір еңбек еткен.
В. Дернованың Абай туралы қызғылықты мақаласы да оқушыға біраз мағлұмат бере алады. Бірақ Дернованың Абай әндері тек өлеңді насихаттау қажеттігінен туған деген пікіріне түгелдей қосылуға болмайды. Оның үстіне зерттеушінің негізгі ықыласы Абай өлеңдері мен орыс романстарының арасында қаншалықты ұқсастық бар дегенге ауып кеткен тәрізді. Оның мақаласында «пәлен ән, түген әнге ұқсаңқырайды екен» деген сияқты тұжырым басым. Біз әсте де Абай әндерінің көзсіз қорғаушысы болғымыз келмейді. Бірақ осы «әсер» деген мәселені иінді жерінде, дәмін кетірмей қозғаған жөн. Егер Абай әндері бастан-аяқ романстардың көшірмесі немесе «жанданған» түрі болса, оны зерттеудің қажеті шамалы ғой. Онда тек сөзді құрастырған тәрізді ұқсас әндерді қатар тізіп қойса болғаны. Бірақ нағыз ғылымның әдісі бұлай болмаса керек. Біздіңше, Абай әндерінің характерін оны қоршаған ортадан, сол кездегі жалпы жағдайдан, қазақ музыкасының заңдылығынан іздеген жөн.
Қазақ музыкасымен көптен таныс композитор Б. Ерзаковичтің орыс, қазақ музыкасының Октябрь революциясына дейін өзара байланысы туралы мақаласында кейбір қызықты факторлер берілген. Автор өткен ғасырдағы саяхатшылардың, ғалымдардың жазбаларына сүйене отырып, екі халықтың арасындағы достықты бейнелейтін мысалдар келтіреді. Мұның бәрі, әрине, жақсы нәрсе ғой. Алайда, Б. Ерзакович біраз жайларда мәселені тым атүсті айта салады. Оның мақаласынан әдебиет пен искусствоның өзіндік заңдылығын елемеушілік те байқалады. Автор бір халықтың екінші халыққа шаруашылық, жалпы мәдениет жөнінен еткен әсері лезде-ақ музыкада да көрінеді деп дәлелдемек. Бірақ ән мен күй адам басындағы қайғы немесе шаттық кезінде көп туатынын, олардың ұлттық дәстүр негізінде жаралатынын ол ескере бермейді. Онан соң, сезім деген нәрсе музыкаға жан-жақты әсер ететінін Б. Ерзакович тіпті ойға алмаған ба дейміз. Әрине, мұнымен мақала құнсыз деп қорыта салмаймыз. Жекелеп болса да фактілерге талдау бар, оның үстіне тұңғыш басылып отырғандықтан, бұл да белгілі дәрежеде қажетке жарайды деп білеміз.
Қазақстанның музыкалық мәдениетіне арналған алғашқы жинақтың шығуын құптаумен қатар тілек айту да орынды. Жинақта қазақтың бұрынғы-соңғы музыка қайраткерлерінің тым азғантай тобы ғана сөз болады. Мұнымен қанағаттануға әсте болмайды. Революциядан бұрын жасаған классикалық музыка өкілдерінің қалың тобы әлі де жұртшылыққа танылмай жатыр. Бұған, әрине, архив материалының табыла бермейтіндігі де кедергі. Сондықтан олар туралы ел аузында қалған әңгіме, аңыздардың өзін мұқият зерттеген мақұл. Осы ретпен Тәттімбет, Дәулеткерей, Ықылас, Біржансал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Мұхит, Естай сияқты көптеген халық өнерпаздарының үлкенді-кішілі еңбектерін жасауға болар еді. Бұған Қазақстан Ғылым академиясының музыка секторы инициатор болуға тиісті. Рас, соңғы жылдары сектор бірнеше еңбек басып шығарды. Бірақ бұл қазақ жұртшылығының музыка мұқтажын өтей алмады. Мәселені нағыз халықтық мүдде тұрғысынан батыл қоятын уақыт жетті. Сондай-ақ, совет заманында қазақ искусствосына зор еңбек сіңірген қайраткерлер жайында жеке кітапшалар, жинақтар шығару қажет.
Қазақ музыкасының өзіндік ерекшелігін ашатын терең ғылыми еңбектер керек. Музыка тарихын немесе жеке қайраткер жайын баяндағанда мәселені тым жалпылама қоюшылық көп еңбектерден-ақ көрініп жүр. Біздің композиторларымызға, әншілерге, күйшілерге көмек берерліктей, қазақ музыкасының характерін таныстырарлықтай парасатты зерттеулер аз. Бұл кемшілікті жою - музыка зерттеушілерінің қасиетті парызы. Мәселе қазақ халқының бүкіл музыкалық мәдениетін бүгінгі ұрпаққа танытуда, олардың өз елінің өнеріне деген сүйіспеншілігін арттыруда, жастар арасында музыка ісін жаңа сипатта алға алып барарлықтай өнерпаздарды даярлауда болып отыр. Осы тұрғыдан алып қарағанда қазақтың ән-күйін мол жинап, азаматтық ерлік жасаған Александр Викторович Затаевичтің өсиет сөздері бүгінгі күнге дейін қастерлі, қымбат. «Бұл қиын міндетті ойдағыдай дұрыс орындай алдым ба, жоқ па, оны бағалаушы мен емес. Бірақ менің бұл жұмысқа шын мәнінде жан салып, барлық қабілетімді жұмсап отырғаныма сіздер күмәнденбессіздер деп сенемін . . . Мен қартпын, келешек сіздердікі, өздеріңіздің ұлттық рухани байлығыңызды сақтай біліңіздер, оны зерттеп көбейте түсіңіздер» деген еді ол. Халықтың ғасырлар бойғы жасаған музыкалық мұрасын пайдаланып, дамыта отырып, жаңа заманға сай шығармалар тудыру - қазақ совет композиторларының ең үлкен міндеті.
1956
ӘЛЕМ КАРТАСЫ АЛДЫНДА
Дүние жүзіндегі ұлы өзгеріс
Осыдан он-он бес жыл бұрынғы дүние жүзінің саяси картасын қазір алып қараған кісі одан көптеген өзгерістерді таба алады. Ол кезде Азия мен Африка елдерінің барлығы дерлік Европа мен Америка байларының толық немесе жартылай отары болатын. Дүние жүзі елдерімен, олардың экономикалық, саяси құрылысымен таныстыратын география пәні мұндай теңсіздікке жауап таба бермейтін. Картада Азия мен Африканың ұлан-байтақ жерлері неше түрлі бояулармен бөлшектеніп жататын еді. Мәселен, Англия отарларының жасыл бояумен, Франция отарларының қызғылт бояумен, Америка Құрама Штаттарына бағынатын елдердің сары бояумен анықталатыны да есімізде. Тіпті экономикалық географияда отар елдердің шаруашылық, мәдени құрылыстары жайынан мәлімет те тым аз берілетін. Ол елдердің бәрі де ұзақ ұйқыда жатқандай, дүниежүзілік прогресс жолынан жырақ қалғандай сезілуші еді. Жан-жақтан қасқырша анталаған жаулардың қысымына қарамастан совет мемлекеті ондаған жылдар бойы дүниедегі бірден-бір социализм елі болып, жер жүзіне өзінің ықпалын тигізіп келді.
Біздің еліміз бүкіл жер шарындағы әлеуметтік және ұлттық езуге түскен халықтарға шам-шырақтай жол көрсетіп, олардың азаттық күресіне есепсіз зор әсер етті. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін көптеген елдерде саяси өзгеріс туды. Ұлы Отан соғысында Совет Армиясының фашистік Германияны жеңіп шығуы бұл өзгерістің негізі болды. Европа мен Азияда көптеген мемлекеттер капиталистік бұғаудан құтылып, социализм жолына түсті. Соғыстан кейінгі жылдарда бейбіт саясат ұстанған мемлекеттер де пайда болды. Осы күнде дамудың социалистік жолына түскен елдер жер шарының жиырма бес проценттен астамын алып жатыр. Онда бүкіл жер жүзі халқының отыз бес проценттен көбі тұрады. Бұған бейбітшіл саясат ұстанған, «бейбітшілік зонасы» деп аталатын елдерді қоссақ, бүкіл әлемдегі халықтың көпшілігі соғысқа қарсы, империализмнің үстемдігіне қарсы шығып отыр деуге болады.
Дүние жүзінің көпшілік елдерінің арасында барған сайын ұлғайып келе жатқан азатшылдық рухы империалистерді үлкен абыржуға душар етті. Олар өздерінің ғасырлар бойғы үстемдігінен айрылғысы келмей, қалай да болса отаршылдықтың ұзақ дәурен сүруін аңсап отыр. Өзінің бағыты социализмге қарсы НАТО, СЕАТО сияқты соғыс одақтарын құрып, олар өз еркін өз қолына алған халықтарға қарсы соғыс даярлығын жүргізіп келеді. Бірақ азат өмірдің дәмін тата бастаған халықтар, ешқандай қысымға, арандатушылыққа көнбек емес. Оны Америка империалистері Корей Халық Демократиялық Республикасына қарсы ашқан соғысының нәтижесінен де көруге болады. Монополистер Кореядағы орнаған демократиялық ққрылысты жоюға қанша ұмтылғанымен, азаттыққа қолы жеткен халық өзінің жеңісін сақтап қалғаны дүние жүзіне мәлім. Азия мен Африка елдерінің енді ешқашан да отаршылдыққа көнбейтіндігінің айқын белгісін Египет оқиғаларынан да көріп отырмыз. Биылғы жылы бейбітшілікті сүйгіш Египет өкіметінің өз елінің байлығы - Суэц каналын мемлекет меншігіне алғаны мәлім. Бұл оқиға Англия, Франция үкіметтері үшін адам естіп көрмеген астамшылық сияқты сезіледі. Олар еш уақытта да Египет халқы мұндай батылдыққа барады деп ойламаған тәрізді. Басқыншылар «көп асқанға бір тосқан» деген халық мақалын ескергісі келмей, барлық айла-амалын жұмсап, Суэц каналын қайтадан өз меншігіне алмақшы. Соңғы күндердің оқиғасы интервенттердің арам пиғылын дәлелдеп отыр. Олардың Египет қалаларын бомбалауы, Египетке қарсы Израиль әскерлерін жұмсау - империалистердің озбырлығын тағы да бір әшкерелейтін фактор. Англия, Франция өкіметі өздерінің соғыс техникасының басым екендігін пайдаланып, Египет елін жүндей түткісі келеді. Бірақ олар дүниеде атом қаруынан да күшті қару бар екенін ескермейді. Ол қару - бүкіл халықтың азаттықты қорғауға деген ауызбірлігі. Социализм жолына түскен немесе тәуелсіздікке қолы жеткен елдер де босқа қарап отырған жоқ. Олар агрессорлардың кез-келген басқыншылығына тойтарыс берерліктей өздерінің ұлттық экономикасын, оның ішінде ауыр индустрияны мықтап өсіруге кірісіп отыр. Қазірдің өзінде Қытай, Индия сияқты мемлекеттер өз елінде ауыр индустрияның негізін сала бастады. Мұның өзі бұл мемлекеттердің тарихында бұрын болып көрмеген ұлы прогресс екенін әркім-ақ сезсе керек.
Халықтардың өзін-өзі билеуге, азатшылдыққа ұмтылған күресі барған сайын ұлғая түсуде. Бір биылғы жылдың ішінде дүние жүзінің саяси картасына бірталай өзгерістер кіріп отыр. Тәуелсіздікке қолы жеткен бір топ араб елдерін, Азиядағы көптеген суверенді мемлекеттерді айтпағанда, биылдың өзінде Африканың солтүстігіндегі Тунис пен Марокконың тәуелсіздікке қолы жетті. Олар француз отаршылдарына қарсы күрескен ондаған жылдарда өздерінің ұлттық намысын қорғаудың үлгісін көрсетті. Қазіргі кезде Алжир халқы да азаттық үшін күресін күн санап дамытып келеді. Олардың да француз езушілігінен құтылатындығына сөз жоқ. Өйткені бостандық рухы қазір жер шарының ең езілген халықтарының арасында да күшейіп отыр. Адам баласын мындаған жылдар бойы теңсіздікте ұстаған система жыл сайын күйрей беретіндігіне халықтардың сенімі күшті.
Оянған Азия
Бүкіл адам баласының жартысынан көбі тұратын, ежелгі цивилизацияның мекені - ұлы Азия соңғы жылдарға дейін отаршылдықтың тұтқынында тұншығып келді. Европа империалистері Азияның есепсіз байлығын сүлікше сорды. Азия халықтары ондаған, жүздеген жылдар бойы ғылым мен техниканы өсіруге мүмкіншілік таппай, шетел байларының жемі болды. Тіпті, Азия деген ұғымның өзі надандықтың, дәрменсіздіктің белгісіндей көрінетін. Ең соңғы уақытқа дейін европа әдебиеттерінен Азияны қорлайтын көптеген сөздерді оқуға болар еді. «Қытай қорғаны», «қытайшылдық», «қытай шимайы» деген сөздер нағыз түпсіз қараңғылықтың, шегіне жеткен сорлылықтың анықтамасындай сезілетін. Буржуазия оқымыстыларының кітаптарында Азия елдерінің жайы тек отаршылдық мүддесінде ғана жазылатын. Шетел басқыншылары өздерінің үстемдік еткен кезінде Азияның материалдық байлығын алып, халықты рухани құлдыққа түсіріп қана қоймай, сол елдердің ең таңдаулы мәдени мұраларын да иемденіп келді. Азияның небір шебер суретшілері салған ғажап шығармалар Париж бен Лондонның музейінен орын тепті. Отаршылдар бұл елдердің халқының прогреске жетуіне қасақана кедергі жасап отырды. Олар Азия халқын бейне бір ұлы жұмыстарға икемсіз, тағдырына риза, үнсіз жандар деп есептеді. Бірақ ерте ме, кеш пе езушіліктің жойылатыны сияқты Азия елдеріне дерт боп жабысқан отаршылдықтың тігісі сөгіледі. Бүкіл Азиядағы халықтардың азатшылдық қозғалысына Қытайда халықтық республиканың орнауы зор қозғау салды. Дүниедей кең, еңбек сүйгіш, талантты қытай халқы өзінің ғасырлар бойғы көрген қысымына шыдамай, бүкіл отаршы атаулыны өз елінен қуып шықты. Алты жүз миллион халқы бар қытай елі қазір социализм құру жолында алып адыммен алға басып барады. Ендігі жерде буржуазия оқымыстылары қолданған «Қытай қорғаны», «қытай шимайы» деген мазақ сөз мүлде жойылып бітетін болады. Бұған Мао Цзе Дуннің «Қытай халқы енді еш уақытта да қорлық өмірге көнбейді, біз өз цивилизациямызды жасаймыз» деген сөзі де дәлел.
Қытайдың коммунистік партиясы бүкіл елдің экономикалық, мәдени, саяси мәселелерін әділ шешіп келеді. Соның бірі Қытай Коммунистік партиясының ұлт саясаты деуге болады. Қытайдағы бұрын езіліп келген аз ұлттар азаттыққа, еркін өмірге, өзін-өзі толық билеуге қолы жетіп отыр. Сондай аз ұлттардың бірі - қытай қазақтарының да автономияға ие болуы совет халқын, оның ішінде қазақ халқын қуандырмай қоймайды. Олардың экономикалық, мәдени саладағы табыстары - Қытайдағы ұлт саясатының тамаша шешілгендігінің айғағы.
Азияның екінші бір ұлы - Индияның да тәуелсіздікке қолы жеткеннен кейінгі табыстары бүкіл бейбітшілік сүйгішхалықтардың бәрін де сүйсіндіріп отыр. Индияның көрнекті қайраткерлері басқа елдермен тең праволы, бейбіт қатьінас жасау саясатын ұдайы жүргізіп келеді. Индия қазіргі кезде бүкіл халықаралық саясатта өзіндік орны бар мемлекетке айналды. Совет Одағы мен Индияның арасындағы достық байланыс екі елдің де өмірлік мүдделеріне сай екендігін бұл елдердің халықтары түсініп отыр. Ежелгі үлкен мәдениеті бар, тарихта талай тамаша адамдарды, ұлы мұраларды тудырған Индия халқы өзінің еркін еңбек етіп, ұлттық экономикасын өсіре беруіне мүмкіншілік алды. Қазірдің өзінде Индияның әдебиеті мен искусствосы көп елдердің тіліне аударылып отыр. Индия халқының кино искусствосы дүниежүзілік даңққа ие болды. Міне, азаттыққа қолы жеткен халық бүкіл цивилизацияның өсуіне өз үлесін, өз нақышын қоса бастады деген осы.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz