Қазіргі кезеңде Қазақстан Республикасының ұлттық білім беру салаларында қоғамның экономикалық – саяси және ғылыми-техникалық өркендеуі



Пән: Экономика
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 25 бет
Таңдаулыға:   
ӘОЖ 373.016:811.512.122
Қолжазба құқығында

МОЛДАБЕКОВА НҰРЖАМАЛ САЙДАЛЫҚЫЗЫ

САУАТ АШУДЫҢ ӘЛІППЕ КЕЗЕҢІН ОҚЫТУДЫҢ
ӘДІСТЕМЕЛІК НЕГІЗДЕРІ

13.00.02 – Оқыту және тәрбиелеу теориясы мен әдістемесі
(бастауыш, орта және жоғары білім жүйесіндегі қазақ тілі)

Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған
диссертацияның

АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы
Алматы, 2009

Жұмыс Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің
мектепке дейінгі және бастауыш білім беру теориясы мен әдістемесі
кафедрасында орындалды.

Ғылыми жетекшілер: Педагогика ғылымдарының докторы,

профессор С.Р.Рахметова

Педагогика ғылымдарының кандидаты,
доцент Ә.Е.Жұмабаева
Ресми оппоненттер: Педагогика ғылымдарының докторы
профессор К.Жақсылықова

Педагогика ғылымдарының кандидаты,
доцент Р. Ізғұттынова
Жетекші ұйым: Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық
қатынастар және әлем тілдер университеті

Диссертация 2009 жылдың 23 сәуірінде сағат 14.00-де Абай атындағы Қазақ
ұлттық педагогикалық университетінде (050010, Алматы қаласы, Достық
даңғылы, 13, кіші конференцзал) филология, педагогика ғылымдарының докторы
(кандидаты) ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 14.09.04 диссертациялық
кеңесінің мәжілісінде қорғалады.

Диссертациямен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық
университетінің кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы,
Қазыбек би көшесі, 30).

Автореферат 2009 жылы 21 наурызда таратылды.

Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы, филология
ғылымдарының докторы, профессор
Г.С.Қосымова

Кіріспе

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазіргі кезеңде Қазақстан
Республикасының ұлттық білім беру салаларында қоғамның экономикалық –
саяси және ғылыми-техникалық өркендеуіне орай жаңа жүйе қалыптасуда. Бұл
жүйе жалпыға бірдей білім беру мекемелеріндегі білім беруді қайта қарау,
саралау негізінде оқушылардың ойлау және шығармашылық қабілеттерін
дамытудың, қазіргі білім беру жүйесіне сәйкес жаңа инновациялық
технологияларды оқыту үрдісіне енгізуді талап етуде. Мұндай талап еліміздің
әлемдегі дамыған елдер қатарына қосылу саясатынан және ел экономикасының,
ілімі мен ғылымының қарқынды да орнықты даму саясатынан туындап
отырғаны белгілі. Бұл тұрғыда елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 2008 жылғы Қазақстан
халқына арнаған жолдауында: Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып қазақ
тілін оқытудың қазіргі заманғы озық бағдарламалары мен әдістерін әзірлеп,
енгізу қажет, – деп атап көрсеткен.
Бүгінгі күнде әртүрлі ғылымдардың өзара тоғысуы, бір-бірімен
ықпалдасуы оң нәтиже беруде. Қазақ тіліндегі мәтіндерге математикалық
әдістер арқылы қазақ дыбыстарының тілімізде қолданылу жиілігін, оның сандық
және сапалық ерекшеліктерін, тілдік заңдылықтарын айқындау, анықтау, осы
арқылы сауат ашудың әліппе кезеңін оқытуда жаңа жүйе жасау қажеттігі
туындады. Сондықтан мектеп есігін жаңа ашқан балаларды тез және сапалы
сауаттандырып, дыбыстардың дұрыс айтылу, жазылу заңдылықтарын оқушыларға
тез үйрету жолдарын іздестіру, оны зерттеу мәселесі алға шықты.
Әліппе – сауат ашудың негізгі саласы. Әліппе – баланы алғаш рет
оқуға, жазуға үйрету жөніндегі ғылым.
Дыбыстарды дұрыс айта алмайтын, әріп танымайтын баланың сауатын ашу
жұмыстарын жетілдіру, оны ойдағыдай іске асыру оңай шаруа емес екені
белгілі. Оны лингвостатистикалық әдістер арқылы анықтауға тура келді. Сауат
ашудың әліппе кезеңін оқытуды тіліміздегі дыбыстардың қолданылу
жиіліктеріне, өзіндік ерекшеліктеріне, табиғи заңдылықтарына негіздеп
жүргізу тақырыбымыздың өзектілігін дәлелдейді.
Зерттеу нысаны. Сауат ашудың әліппе кезеңін оқыту үдерісі.
Зерттеудің пәні. Сауат ашудың әліппе кезеңін оқытуды жаңаша
зерделеп, жүйелеу әдістемесі.
Зерттеу мақсаты. Сауат ашудың әліппе кезеңін оқытуды тіліміздегі
дыбыстардың сөздерде кездесу жиілігін, олардың бір-бірімен тіркесу
заңдылығын, өзіндік ерекшеліктерін және дыбыстардың жұпталып келу
мүмкіндіктерін лингвостатистикалық әдістермен зерделеу арқылы жаңа
әдістемелік жүйе жасау.
Зерттеу жұмысының міндеттері.
1. Сауат ашу жүйесінің әліппе кезеңіне қатысты педагогикалық,
психологиялық және әдістемелік әдебиеттерді шолу арқылы сауат ашудың
әліппе кезеңін жетілдірудің теориялық негізгі бағыттарын айқындау.
2. Әліппе оқулықтарына талдау жасау.
3. Ғылыми еңбектерге, көркем шығармаларға және күнделікті баспасөзде
жарияланған мақалаларға лингвостатистикалық зерттеу жүргізіліп, қазақ
тіл дыбыстарының сөздердегі қолданылу жиілігін, өзіндік
ерекшеліктерін, табиғи заңдылықтарын анықтау.
4. Дыбыстар мен әріптерді жаңа жүйе бойынша үйрету үшін сауат ашудың
әліппе кезеңінде оқытылатын дыбыстарды сұрыптау принциптерін анықтау.
5. Сауат ашудың әліппе кезеңінде оқытылатын дыбыстарды сұрыптау
принциптері негізінде оларды оқытудың жаңа жүйесін жасау.
6. Сауат ашудың әліппе кезеңін жаңа жүйеде оқытуға арналған тапсырмалар
мен жаттығулар жүйесін жасау.
7. Сауат ашудың әліппе кезеңін оқытуда қолданылатын әдіс-тәсілдер мен
құралдарды айқындау.
8. Ұсынылып отырған әдістемелік жүйенің тиімділігін педагогикалық
эксперимент арқылы дәлелдеу.
Зерттеу болжамы. Сауат ашудың әліппе кезеңінде оқылатын тіл
дыбыстарын жаңаша сұрыптау принциптері негізінде оқытса, оқушылардың
дыбыстарды меңгеру, сөз құрастыру қабілеттері артып, тілі дамиды,
жаттығулар мен тапсырмаларды шығармашылықпен орындауға үйренеді, олардың
орфографиялық және орфоэпиялық дағдылары жетіледі, сөздік қоры артады.
Жетекші идея. Сауат ашудың әліппе кезеңін оқыту жүйесін қазақ тіл
дыбыстарының табиғи заңдылықтары негізінде жетілдірудегі басты қағидаларды
анықтау; білім мазмұнын қазіргі заман талаптарына сәйкестендіріп,
оқушылардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына оң ықпал ететініне көз жеткізу.
Зерттеу жұмысының әдіснамалық негізі. Бірінші сыныптағы сауат
ашудың әліппе кезеңін оқытуға қатысты педагогикалық, психологиялық,
әдістемелік әдебиеттердегі ғылыми тұжырымдар мен қазақ тілінің дыбыстық
табиғи заңдылықтарына байланысты лингвостатистикалық негіздемелер.
Зерттеу әдістері. Зерттеу тақырыбына қатысты педагогикалық,
психологиялық, әдістемелік және лингвистикалық әдебиеттерді, дидактикалық
нұсқауларды зерделеу; бірінші сыныпта сауат ашудың әліппе кезеңін оқыту
үрдісін бақылау; бүгінгі күнге дейінгі және қолданыстағы Әліппе
оқулықтарын, топтамалар мен кешендерді талдау; ғылыми еңбектердегі, көркем
шығармалар мен күнделікті баспасөз беттеріндегі сөздерге
лингвостатистикалық зерттеу жүргізіп, дыбыстардың сөздердегі қолданылу
жиілігін статистикалық әдіспен анықтау; озат мұғалімдердің үлгілі
тәжірибелерін, сондай-ақ педагогикалық эксперимент нәтижелерін жинақтау;
алынған нәтижелерді жүйелеу; бастауыш мектепте сауат ашудың әліппе кезеңін
оқытуға арналған ұсыныстар мен тұжырымдарды қорыту әдістері қолданылды.
Зерттеу жұмысының кезеңдері. Бірінші кезеңде – (1991-2000 ж.ж)
зерттеу тақырыбына сай психологиялық, педагогикалық, лингвистикалық және
әдістемелік әдебиеттермен танысып, оларға талдау жасалынып, тақырыбымызға
қатысты теориялық тұжырымдар айқындалды. Осының негізінде зерттеу жұмысының
мақсаты мен міндеттері, нысаны мен пәні, болжамы мен жетекші идеясы
анықталды. Лингвостатистикалық әдіс арқылы ғылыми еңбектердегі, көркем
шығармалар мен күнделікті баспасөз беттеріндегі мәтіндерге зерттеу
жүргізілді; зерттеу тақырыбына қатысты материалдар жинақталды;
мектептердегі сабақтарға қатысып, мұғалімдер мен оқушыларға анкеталық
сұрақтар беріліп, бақылау жұмыстары жүргізілді; сауат ашудың әліппе кезеңін
оқытудың қазіргі жағдайымен танысу мақсатында анықтау педагогикалық
эксперименті жүргізілді.
Екінші кезеңде – (2000-2003 ж.ж) сауат ашудың әліппе кезеңін
оқытуды жетілдіруге арналған оқу-әдістемелік кешеннің өзіндік ерекшеліктері
айқындалды. Оқушылардың сауатын ашуда берілетін дыбыстарды сұрыптау
принциптері анықталып, сауат ашудың әліппе кезеңін оқытуды жетілдіруге
арналған жаттығулар, тапсырмалар жүйесі жасалды және оқытудың өзіндік
ұстанымдары белгіленді. Бірінші сынып оқушыларының сауаты мен ойлауын,
тілін жетілдіруге арналған әдістеме жасалды; эксперимент және бақылау
сыныптары белгіленді; оқыту педагогикалық эксперименті жүргізілді.
Нәтижелері әрбір кезең сайын салыстырмалы түрде талдаудан өткізілді.
Үшінші кезеңде – (2003-2008 ж.ж) сауат ашудың әліппе кезеңін
оқытуды жетілдіруге ұсынылған әдістеменің жетістіктері мен кемшіліктері
талданып, түзетулер енгізілді және қорытындыланды. Қол жеткен нәтижелер
ғылыми-теориялық конференцияларда, семинарларда, әдістемелік кеңестерде
талқыланды, нәтижелері баспасөз арқылы жарыққа шыға бастады.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы.
1. Қазақ тілін оқыту әдістемесінде алғаш рет сөздердегі дыбыстардың
қолданылу жиілігін анықтау үшін лингвостатистикалық зерттеу
жүргізілді.
2. Дауысты, дауыссыз дыбыстардың мәтіндерде қолдану жиілігі және
олардың бір-бірімен тіркесу ерекшелігінің классификациясы ұсынылды.
3. Оқушыларға дыбыстар мен әріп үйретуде берілетін дыбыстарды сұрыптау
ұстанымдары анықталды.
4. Сауат ашудың әліппе кезеңінде оқытылатын дыбыстардың жаңа жүйесі
жасалды.
5. Сауат ашудың әліппе кезеңін дамыта оқытуға арналған тапсырмалар мен
жаттығулардың түрлері (оқу, танымдық, ізденімдік және шығармашылық)
анықталып, негізгі белгілері ажыратылды.
6. Оқушылардың сауатын ашуды жетілдіруге арналған тиімді әдістер-
тәсілдер мен құралдар таңдалып, оларды сабақта тиімді қолдану жолдары
анықталды.
Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңызы.
Сауат ашудың әліппе кезеңін оқытудың тұжырымдамалық мәселелері сауат
ашу пәнінің мақсат-міндеттерін, білім мазмұнын жетілдіруге, сондай-ақ
сауат ашу пәнінің оқу бағдарламалары мен оқулықтарын қайта жасауға негіз
болады. Сауаттануды дыбыстарды сұрыптау ұстанымдарын ескеру арқылы
жүргізуге байланысты алынған ғылыми қағидалар мен тұжырымдар қазақ тіл
білімі мен қазақ тілін оқыту әдістемесін теориялық тұрғыдан толықтырады.
Зерттеу жұмысымызда ұсынылып отырған әдістеме оқушылардың қазақ
тілінің дыбыстарын меңгеру білімдерін тереңдетуге, орфографиялық және
орфоэпиялық дағдыларының дұрыс қалыптасуына, логикалық ойлау қабілеттері
мен тілінің дамуына игі ықпал етеді. Зерттеу жұмысының нәтижелері мектеп
мұғалімдеріне және қазақ тілін оқыту әдістемесін зерттеушілерге көмекші
құрал бола алады. Бірінші сыныпта дамыта оқытуды сауат ашудың әліппе
кезеңінен бастап іске асырып, Бастауышты оқытудың педагогикасы мен
әдістемесі мамандығында оқитын студенттерге арнайы курс ретінде
пайдалануға болады.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
- сауат ашудың әліппе кезеңін қазақ тіл дыбыстарының табиғи заңдылықтары
негізінде оқытудың тиімділігі;
- сауат ашудың әліппе кезеңінде дыбыстардың сөздерде кездесу жиілігі
және олардың бір-бірімен тіркесу негізінде оқыту оқушыларды тез
сауаттандырып, неғұрлым көп сөз құрастыруға, тілін дамытып, танымын
кеңейтетіндігі;
- оқушыларды сауаттандырудың сапасын көтеру, логикалық дамуын арттыру
үшін ұсынылған оқу, танымдық, ізденімдік және шығармашылық тапсырмалар
жүйесінің тиімділігі;
- ұсынылған жаттығулар түрлері оқушылардың орфографиялық, орфоэпиялық
дағдыларын дамытуға негіз болатындығы.
Педагогикалық эксперимент тірек ретінде Оңтүстік Қазақстан облысы,
Шымкент қаласындағы №47 Т.Тәжібаев атындағы тарихи-гуманитарлық гимназиясы
мектебі, №65 Ы.Алтынсарин атындағы гуманитарлық-эстетикалық гимназия
мектебі, Сайрам ауданындағы №83 А.Байтұрсынов атындағы орта мектебі,
Ордабасы ауданындағы Ә.Молдағұлова атындағы негізгі мектеп алынды.
Зерттеу жұмысының талқылануы және жариялануы. Диссертация жұмысы Абай
атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің мектепке дейінгі және
бастауыш білім беру теориясы мен әдістемесі кафедрасының және
Диссертациялық кеңес жанынан құрылған әдістемелік семинарда талқыланды.
Ұсынылған әдістеменің қол жеткізген жетістіктері мен нәтижелері М.Әуезов
атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің т.б. халықаралық
және республикалық ғылыми-теориялық конференцияларында баяндалды. Ғылыми
жұмыстың негізгі тұжырымдары мен қорытындылары халықаралық, республикалық
ғылыми-практикалық және ғылыми-теориялық конференция материалдары
жинақтарында 9 мақала, республикалық әдістемелік журнал-дарда 9 мақала
жарық көрді. Зерттеу тақырыбы бойынша барлығы 18 еңбек жарияланды.
Диссертацияның құрылымы.
Диссертация кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған
әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Диссертацияның бірінші бөлімі Сауат ашудың әліппе кезеңін оқытудың
теориялық негіздері деп аталады. 1.1 Сауат ашудың әліппе кезеңін
оқытудың қалыптасып, дамуы деп аталып, мұнда тақырыпқа қатысты ғылыми
зерттеулерге, баспадан шыққан педагогикалық, психологиялық, әдістемелік
еңбектерге, нұсқауларға және өз уақытында қолданыста болған Әліппе
оқулықтарына шолу жасалынды.
Сауат ашудың әліппе кезеңін оқыту мәселесінің тарихи қалыптасуында
Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынұлы, Е.Омарұлы, С.Кеңесбаев, Ә.Садуақасов,
Ғ.Бегалиев, М.Жұбановалардың еңбектерін ерекше атап көрсетуді қажет етеді.
Себебі аталған ғалымдардың еңбектері бірінші сыныпта сауат ашуды оқытуда
ғана емес, жалпы қазақ тілін оқыту әдістемесінде елеулі орын алады.
Ғалым М.Жұбанованың 1965 жылы жазылған Бастауыш мектепте сауат ашу
методикасы атты диссертациясы қазақ мектептерінде сауат ашу мәселесін
алғаш ғылыми тұрғыдан қарастырып, сауат ашу кезеңдерін саралап, дыбыстардың
өтілу ретін қазақ тілінің ғылыми жетістіктеріне негіздеген. Қазақ тілі,
педагогика және психология ғылымдарының соңғы жетістіктері негізге алынып,
көрші елдер мен озат мұғалімдердің тәжірибелері ескеріліп, 1992 жылы Білім
министрлігінің Әліппе оқулығына жариялаған байқаудың нәтижесінде жеңіске
ие болған М.Жұбанованың құрастырған оқулығы балаларды сауаттандаруда үлкен
жетістікке жетті.
Кейінгі кезеңде бастауыш мектеп әдістемесі С.Рахметқызы,
Т.Әбдікәрім, Г.Уәйісова, Ә.Жұмабаева, Б.Қабатай, Р.Ізғұттыновалардың
ғылыми зерттеу еңбектерімен толықты.
Әліппе оқулықтарын, әсіресе сауат ашудың әліппе кезеңін оқыту
мәселесінің тарихи қалыптасуын зерттей келе, оны бірнеше кезеңдерге бөлуді
жөн көрдік. 1910-1940 жылдар сауат ашу мәселесіне көп көңіл бөлініп,
әдістемелік жедел даму кезеңі болса, 1940-1960 жылдары сауаттану жүйесі
орыс тіліндегі сауат ашу жүйесіне негізделіп жасалғандықтан, бұл кезеңде
әдістеме бірсыдырғы, ешқандай жаңарусыз, керісінше, тапшылыққа ұшырады.
1960-1990 жылдары сауат ашу әдістемесіне алғаш рет ғылыми зерттеу
жүргізіліп, соның негізінде оқулықтардың сапасы көтерілді. Арнайы
журналдар, әдістемелік құралдар мен мақалалар көптеп жарыққа шыға бастады.
Ал 1990 жылдардан бастап ұлттық стандарт, бағдарламалар, оқулықтар және
әдістемелік құралдар балаларды жас кезінен халқымыздың дәстүрлі дүниетанымы
мен әдет-ғұрпына баулу негізінде құрылды. Олар халық ауыз әдебиеті
туындыларын ендіруімен құнды болды.
1.2 Сауат ашудың әліппе кезеңін оқытудың лингвистикалық негіздері.
Мұнда тіл дыбыстарының табиғаты туралы және олардың дауысты, дауыссыз
болып бөлінуінің әліппе кезеңін оқыту барысындағы ерекшеліні айтылады.
Сауат ашудың әліппе кезеңін оқытуда оқушыларға дыбыстарды дұрыс айту
мен оларды қатесіз жазу жолдары үйретіледі, яғни дыбыстардың орфографиялық
және орфоэпиялық негіздері меңгертіле бастайды. Ол ең алдымен тілдің
дыбыстық жүйесін, ондағы жеке дыбыстардың табиғаты мен фонетикалық
заңдылықтарын жете білуді қажет етеді. Бастауыш мектепте сауат ашудың
әліппе кезеңін оқытуды жетілдірудің лингвистикалық негіздерін анықтағанда
мынадай мәселелерге баса көңіл аудару қажет деп есептедік:
1. Сауат ашудың әліппе кезеңін оқытуда дыбыстардың табиғаты мен
фонетикалық заңдылықтарын қатаң сақтап, орфоэпиялық ерекшеліктерін дұрыс
ұғындыру.
2. Сөздерінің дыбысталуы мен жазылуындағы айырмашылықтарды ескеру.
3. Сауат ашудың әліппе кезеңіндегі сабақтарда оқушыларға дыбыс,
әріп, сөз, сөйлемнің анықтамасы арнайы ұғындырылмаса да, осы тілдік
тұлғалар жөнінде қарапайым түсініктер қалыптастыру.
Оқушылардың жазу дағдылары сауат ашудың әліппе кезеңінде қалыптасып,
кейін үнемі жетілдіріліп отырады. Балалар сауат ашу сабақтарында қазақ тіл
дыбыстарының жасалу, айтылу ерекшеліктерімен қатар оларды таңбалауды
үйренеді.
1.3 Сауат ашудың әліппе кезеңін оқытудың психологиялық
ерекшеліктері. Мұнда тіл дыбыстарын меңгеруде оқушылардың психологиялық
ерекшіліктерін ескеруге, оларды дамытуға және таным процестерін
қалыптастыруға баса көңіл аударылды.
Мектепке жаңа келген бала еріксіз зейін қоюға қабілетті болады,
бірақ ол орнықты емес, сондықтан бала іс-әрекеттің бір түрімен үздіксіз аз
уақыт қана шұғылдана алады, әрі сабақта тез шаршайды. Сондықтан мұғалім
сабақта түрлі амал - тәсілдерді пайдаланып, олардың зейінін сабаққа
аударып, ұстап тұруға әрекет жасауы қажет. Сондықтан сауат ашудың әліппе
кезеңіндегі сабақтарда баланың зейінін дамыту үшін төмендегідей формадағы
тапсырмаларды орындатуды ұсындық, мұндай тапсырмалардың тиімділігін өзіміз
экспериментте байқадық:
• Сөздерді есіңе сақта.
• Ақылды жұмбақтар.
• Қызықты сұрақтар.
• Сөздердің жұптарын есіңе сақта.
• Қай сөз басқалардан ерекше?
• Жұмбақты шеш.
• Не ортақ?
• Айырмашылығын ізде.
• Ұқсастығын тап.
• Айырмашылығын тап.
• Затты алдыңғы беттен тап.
• Лабиринттен шығудың жолын тап.
• Ерекшеліктері бойынша жүйелеу.
• Нүкте бойынша көшірме.
Қабылдау арқылы дыбыстарды меңгеру, буын құрастыру баланың дамуына
үлкен әсер етеді. Сауат ашудың әліппе кезеңіндегі сабақтарда мұғалім
баланың қабылдауын дамыту мақсатында төмендегі тапсырмаларды орындау жақсы
нәтиже берді:
• Қай сөз ерекше.
• Ең қысқа сөзді тап.
• Ең ұзын сөзді тап.
• Қажетті сөзді айтып жібер.
• Лабиринттер.
• Ұқсастығын ажырат.
• Айырмашылығын тап т.с.
Оқушылардың танымдық іс-әрекетінде ес үрдісі маңызды рөл атқарады.
Сондықтан сауат ашудың әліппе кезеңіндегі сабақтарда мұғалімдер баланың
есте сақтау қабілетін дамыту үшін оларға мазмұны төмендегідей тапсырмаларды
орындату экспериментте жақсы нәтиже берді:
• Сөздерді есіңе сақта.
• Сөздердің жұптарын есіңе сақта.
• Не өзгерді?
• Затты алдыңғы беттен тап.
• Нүкте бойынша көшірме т.с.с.
Алты жасар бала қоршаған ортадағы заттар туралы білуге құштар әрі
жаңа ақпаратты да жақсы қабылдайды. Мектепте баланың оқу мүмкіндігін
қамтамасыз ететін психикалық процесс – ойлау қызметі. Бұл жаста балаға
көркем-бейнелі және әсерлі-бейнелі ойлау тән, ойлаудың логикалық нышандарын
қалыптастырудың алғы шарттары да осы жаста жасалады. Сондықтан төмендегі
тапсырмаларды оқушылардың ойлау қабілетін дамыту үшін әрбір сабақта
қолданып отырдық:
• Жұп сөздерді тап.
• Не ортақ және қандай айырмашылықтары бар?
• Қай кезде осылай айтылады?
• Не дұрыс емес?
• Не артық?
• Керісінше айт.
• Сөйлемді қалай аяқтауға болады?
• Ақылды есептер.
• Сөз тізбегін есіңе сақта.
• Суретті кезегімен қой.
Бірінші сынып оқушыларында қайта жасау қиялы басым болады (сурет
салғанда, ойнағанда т.б.). Қиялға байланысты ұйымдастырылған жұмыстарда
мұғалім балаларға тапсырманы толық түсінуіне жағдай жасауы тиіс. Ал
балалардың сабақта өтілген материалдарды сапалы меңгеруі олардың сезіміне
тікелей байланысты. Сондықтан сауат ашу барысында түрлі-түсті бояулармен
салынған көрнекі құралдар, түрлі аудио-бейнетаспалар, қызықты тапсырмалар
оқушылардың эмоциялық жай-күйіне оң әсер етеді.
1.4 Сауат ашудың әліппе кезеңін оқытудың педагогикалық негізі. Мұнда
сауат ашудың әліппе кезеңін оқытуға қойылатын дидактикалық талаптар мен
оның тәрбиелік мәні жөнінде айтылады. Бірінші сыныпта сауат ашудың әліппе
кезеңін оқытуда сабақтардың дидактикалық негіздеріне: дамыта оқытудың
мақсаты мен мәні, мұғалім мен оқушының әрекеті, оқушы мен мұғалімнің өзара
ара қатынасы, сабақты ұйымдастыру түрлері, дидактикалық принциптер
жатқызылды.
Дидактикалық принциптер оқыту мазмұны мен мақсатын айқындайды. Оқыту
процесінде қолданылатын түрлі әдістер, сабақтарды ұйымдастыру формалары
заңдылықтарға, яғни дидактикалық принциптерге негізделеді. Бірақ дидактик-
ғалымдар өздері ұстанған көзқарасы мен әдістеріне сай, дидактикалық
принциптердің түрі мен санын өзгертіп отырады.
Дамыта оқыту жүйесінде дәстүрлі оқыту принциптерімен қатар теориялық
білімнің жетекші ролі, жоғары қиындықта оқыту принципі, кешенді дамытушы
жүйе негізінде мақсатты бағытталған даму принципі, мазмұнның толықтығы мен
жүйелілігі принципі, материалды игеруді қарқынды жүргізу принципі, оқытуда
эмоционалды үрдісті іске қосу принципі, мазмұнды проблемаландыру, оқыту
үрдісінің вариативтігі, барлық оқушыға бірдей дамыту жұмыстарын жүргізу,
оқушы мен мұғалімнің арасындағы жаңа қарым-қатынас принциптері жетекші
рөлде тұрады.
Ғалымдардың еңбектерін саралай келе, бастауыш мектепте сауат ашудың
әліппе кезеңін оқытуда: оқытудың көрнекілігі, оқыту барысында оқушыны
тәрбиелеу, білімнің беріктігі, оқытудың саналылығы және белсенділігі,
оқушылардың жас және дара ерекшеліктерін ескеру, оқытудың ғылымилық және
түсініктілік, оқытудың жүйелілік принциптерін негізге алдық.
Берілген дидактикалық принциптерге қоса, жұмысымыздың мақсаты мен
өзіндік ерекшелігіне байланысты сауат ашудың әліппе кезеңін оқытуда
дыбыстардың өтілу реті мен заңдылықтарын анықтау үшін мынадай принциптерді
алғаш рет қолданып отырмыз:
1. Сауат ашудың әліппе кезеңін оқытуды жетілдіруде дыбыстарды сұрыптау
принципі.
2. Сөздердегі дыбыстардың кездесу жиілігін ескеру принципі.
3. Дыбыстардың өзара тіркесу мүмкіндігін ескеру принципі.
4. Дыбыстардың өзіндік ерекшеліктерін ескеру принципі.
5. Дыбыстардың жұпталып келу құбылысын ескеру принципі.
Оқушыны барлық жағынан қоғам өміріне араласатын жеке тұлға етіп
тәрбиелеу бүгінгі күнгі оқытудың басты мақсаты болып табылады. Сондықтан
сауат ашудың әліппе кезеңін оқыту барысында жүргізілуге тиісті кейбір
тәрбие жұмыстарының үлгілерін атап көрсетпекшіміз. Мысалы, әлеуметтік
бағдарлы тәрбиелік істер, әдептілік тәрбие істері, эстетикалық және дене
шынықтыру тәрбие істері, балаларды ұлттық болмысқа тәрбиелеу. Бұл мәселе
жөнінде диссертацияда толық баяндалды.
Екінші бөлім Сауат ашудың әліппе кезеңін оқытуды жетілдіру жолдары
деп аталады. Оның Лингвостатистикалық зерттеу негізінде сауат ашудың
әліппе кезеңінде оқытылатын дыбыстарды жаңаша сұрыптау принциптері атты
бірінші бөлімшесінде мәтіндердегі дыбыстарға лигвостатистикалық зерттеу
жүргізіліп, дыбыстарды сұрыптау принциптері негізінде сауат ашудың әліппе
кезеңіндегі дыбыстарды оқытудың жаңа реті анықталды.
Сауат ашудың әліппе кезеңінде дыбыстардың өтілу ретін белгілеу
жолдарын және дыбыстарды дұрыс сұрыптау принциптерін айқындау мәселесі
дидактикада жеткілікті түрде зерттелмеген. Сондықтан сауат ашудың әліппе
кезеңінде дыбыстардың оқытылу ретін жүйелеуде қазақ тілі дыбыстарының
сөздерде қолданылу жиілігін, олардың басқа дыбыстармен тіркесу мүмкіндігін
(дыбыстың сөздің басында, ортасында, соңында) және өзіндік ерекшеліктерін
анықтау қажеттігін проблема етіп қойдық.
1. Сөздердегі дыбыстардың кездесу жиілігін анықтау. Ол үшін қазақ
тілі сөздерінде, мәтіндерінде дыбыстардың үш стильде қолданылу аясын
лингвостатистикалық әдіс бойынша зерттедік. Осы мақсаттан қазақ тілі
дыбыстарының 30 мың сөздегі (ғылыми стильден 10 мың, әдеби стильден 10 мың,
публицистикадан 10 мың сөз алынды) әрбір әріптің қолданылу жиілігі мен
пайыздық көрсеткішін есептедік. Нәтижесін төмендегі кестеден көруге болады.

1-кесте - Қазақ тілі дыбыстарының сөздерде қолданылу жиілігі

СТИЛЬ
Дыбыс Ғылыми Әдеби Публицистика
Саны Пайызы Саны Пайызы Саны Пайызы
А 1122 11,22 1283 12,83 1259 12,59
Ә 33 0,33 103 1,03 70 0,70
Б 266 2,66 268 2,68 277 2,77
В 3 0,03 17 0,17 87 0,87
Г 101 1,01 118 1,18 129 1,29
Ғ 130 1,30 170 1,70 143 1,43
Д 462 4,65 472 4,72 492 4,92
Е 753 7,53 796 7,96 781 7,81
Ё 1 0,01 2 0,02 5 0,05
Ж 85 0,85 202 2,02 164 1,64
И 150 1,50 80 0,80 130 1,30
Й 220 2,20 235 2,35 151 1,51
К 328 3,28 286 2,86 296 2,96
Қ 304 3,04 297 2,97 325 3,25
Л 466 4,66 429 4,29 529 5,29
М 362 3,62 415 4,15 313 3,13
Н 666 6,66 603 6,03 637 6,37
Ң 156 1,56 46 0,46 148 1,48
О 208 2,08 233 2,33 344 3,44
Ө 225 2,25 107 1,07 114 1,14
П 107 1,07 170 1,70 130 1,30
Р 581 5,81 456 4,56 567 5,67
С 694 6,94 408 4,08 395 3,95
Т 586 5,86 533 5,33 548 5,48
У 123 1,23 112 1,22 163 1,63
Ұ 110 1,10 85 0,85 79 0,79
Ү 59 0,59 96 0,96 77 0,77
Ф 4 0,04 6 0,06 12 0,12
Х 0 0 6 0,06 37 0,37
Һ 2 0,02 0 0 0 0
Ц 3 0,03 2 0,02 12 0,12
Ч 0 0 0 0 7 0,07
Ш 100 1 131 1,31 124 1,24
Щ 0 0 1 0,01 1 0,01
Ъ 1 0,01 2 0,02 5 0,05
Ы 740 7,40 686 6,86 675 6,75
І 731 7,31 668 6,68 576 5,76
Ь 1 0,01 2 0,02 5 0,05
Э 1 0,01 2 0,02 5 0,05
Ю 1 0,01 2 0,02 5 0,05
Я 15 0,15 50 0,5 22 0,22

Зерттеуден анықтағанымыз, мәтіндегі сөздерде жиі кездесетін а, е, ы,
і, л, м, н, с, т, р, т, д дыбыстары, сонан соң б, о, ө, к, қ, й, п, у, ұ,
ү, и, ж, г, ғ, ш дыбыстары, ал ең аз кездесетіндері қазақ тілі мәтіндерінде
сирек қолданылатын дыбыстар мен орыс тілінен енген дыбыстар.
2. Дыбыстардың бір-бірімен тіркесу мүмкіндігі. Бірінші сыныпта
сауат ашудың әліппе кезеңінде дыбыстардың өтілу ретін анықтауда олардың
көрші дыбыстармен тіркесу мүмкіндігі ескерілді. Мақсат ─ қазақ
дыбыстарының өзара тіркесу қабілетін айқындау, сол арқылы оқушылардың
сөздерді оқу дағдыларын жетілдіру, балалардың сөз құрау қабілеттері мен
дағдыларын тиімді қалыптастыру жолдарын анықтау. Ол үшін С.Мырзабековтың
Қазақ тілі дыбыс жүйесіндегі дистрибуциялылық пен функционалдылық атты
докторлық ғылыми зерттеу жұмысының нәтижелерін, қазақ дыбыстарының өзара
тіркесімділігін анықтау критерилерін (дауыссыз дыбыстар бойынша)
пайдаландық.
Әрбір дыбыстың бір-бірімен сөздің басында, яғни бірінші позицияда;
сөздің ортасында, яғни екінші позицияда; сөздің соңында, яғни соңғы
позицияда кесдесу мүмкіндіктері сараланды. Зерттеуден төмендегідей тұжырым
жасадық:
1. Қазақ тілінің а, е, ы, і, ж, з, қ, к, л, м, н, п, р, с, т, ш, и, у
дыбыстары үш позицияда да кездеседі.
2. Дауысты о, ө дыбыстары мен б, г, д дауыссыз дыбыстары тек сөз басында
ғана кездеседі.
3. Үнді ң дауыссыз дыбысы тек сөздің екінші және үшінші позицияларында
ғана кездеседі.
4. Ұяң ғ дауыссыз дыбысы сөз басында және ортасында ғана кездеседі.
5. Ә, ұ, ү дауысты дыбыстары сөз басында жиі ұшырасып, сөз ортасында
тек кейбір сөздерде ғана кездеседі.
3. Дыбыстардың өзіндік ерекшеліктерін, біріншіден, дауысты және
дауыссыз дыбыстардың әртүрлі стильде қолданылу жиілігін; екіншіден,
дауысты дыбыстардың іштей жіктелу түрлерінің қолданылу жиілігін;
үшіншіден, дауыссыз дыбыстардың іштей жіктелуінің қолданылу жиілігін
айқындауды мақсат еттік. Сөздерді лингвостатистикалық әдіспен зерттеуден
алынған нәтижелері төмендегі кестелерде берілді.

2- кесте - дауысты, дауыссыз дыбыстардың сөздерде қолданылу жиілігі

Дыбыс түрі СТИЛЬ
Ғылыми Әдеби Публицистика
Дауысты 4182 41,82 4297 42,97 4223 42,23
Дауыссыз 5818 58,18 5703 57,03 5777 57,77
Барлығы: 10.000 100 10.000 100 10.000 100

3- кесте - дауысты дыбыстардың сөздерде қолданылу жиілігі

Дыбыстың түрі Ғылыми Әдеби Публицистика
Жуан 2177 52,05 2414 ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақстан Республикасының жастар саясаты
Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясының алғышарттары
Қазақстан Республикасындағы адам қоғамның қалыптасуы мен дамуы
Табиғатты пайдалану жүйесін реформалау
Нарықтық экономиканы құрудағы ұсақ бизнестiң ролi
Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ 2020 ЖЫЛҒА ДЕЙІНГІ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ДАМУ ЖОСПАРЫ
Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік проблемаларды реттеудегі мемлекет функциясының басты бағыттары
Шағын кәсіпкерлікті дамыту жағдайында Қазақстан Республикасының экономикалық саясаты
Қазақстан Республикасында азаматтық қоғам
Пәндер