Смағұл Садуақасов – ұлттық элитаның көрнекті өкілі


Пән: Тарихи тұлғалар
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 63 бет
Таңдаулыға:   

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ШЫМКЕНТ УНИВЕРСИТЕТІ

ЗАҢ ЖӘНЕ ГУМАНИТАРЛЫҚ ПӘНДЕР ФАКУЛЬТЕТІ

«Тарих және география» кафедрасы

ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС

Тақырыбы: Смағұл Садуақасов - ұлттық элитаның көрнекті өкілі

Ғылыми жетекші: геог. ғ. к. доцент С. Құрбаниазов

Орындаған: 13-14 тобының студенті Ысқақ Ғани

Шымкент - 2009

МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ . . . 3

1. ТАРАУ. Смағұл Садуақасов ЖӘНЕ ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫ

1. 1. қАЙРАТКЕРДІҢ ҚАЛЫПТАСУ КЕЗЕҢДЕРІ . . . 6

1. 2. Смағұл Садуақасов ұжымдастыру мен отырықшыландыру жылдарында . . . 18

2. тарау. Смағұл Садуақасов және қазақ қоғамы

2. 1. ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ХХ ҒАСЫРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖАРТЫСЫНДАҒЫ РЕФОРМАЛАР . . . 36

2. 2. Смағұл Садуақасов ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ЭЛИТА . . . 45

ҚОРЫТЫНДЫ . . . 49

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 52

КІРІСПЕ

Тақырытың өзектілігі. Смағұл Садуақасов - соңғы кезге дейін ресми тарихта есімі еленбей келген, аты сөз етіле қалса бірыңғай мансұқталған ірі тарихи қайраткерлердің бірі. Ол 1900 жылы туып, небәрі 33 жыл ғана ғұмыр кешті. Соның өзіне тұлғалы қайраткер, әдебиетші, көсемсөзші ретінде танылып үлгерді. Солай бола тұрса да С. Садуақасовтың есімі 20-жылдары «оңшыл бағыт» ұстанған «байшыл» «жолбикелермен пікірлес» саясатшы ретінде айыпталына айтылды. 5 томдық Қазақ ССР тарихында 20-жылдары ірі мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілген Смағұл жөнінде бір-ақ ауыз ғана сөз жазылыпты. Бұл оның атын қаралаған сөз еді [1] .

Смағұлдың мемлекеттік және қоғамдық қызметі туралы кеңес дәуірінде қалыптасқан танымға байланысты біржақты бағаберілудің салдарынан оның әдеби мұралары да соңғы уақытқа дейін зерттелінбеді. Алайда қазақ жастарының тұңғыш ұйымы «Бірлік» пен оның бағытын дәйекті түрде жалғастырған «Жас азаматтағы», Алашорданың облыстық комитетін құрудағы еңбегін кеңес қоғамының мүддесіне байланысты ескермегеннің өзінде, Сібір төңкерісі комитетіндегі (1920), Кеңестік Күншығыс ұлттары жастарының орталық бюросындағы (1920), Қазақ Автономиялы республикасының Жастар одағындағы (1920), Қазақ ОАК-і төралқасындағы (1920-1921), Бүкілресейлік ОАК-індегі (1920-1921), Семей губернелік төңкерік комитетіндегі (1921), Қазақ ОАК-нің Түркістан Автономиялы республикасы өкілдігіндегі (1921), Қазақ Автономиялы республикасы Жоспарлау комиссиясындағы (1923-1924), Халық ағарту комисариятындағы (1925-1927) жауапты һәм жетекші қызметін елемеу, ескермеу тарихи әділетсіздік болар еді.

С. Садуақасов қазақ зиялылары жаппай тұтқындалған 1929 жылдың, одан кейінгі тегіс дерлік атылған 1937 жылдың қанқасап науқанына ілікпеді. Алғашқы науқан басталған кезде ол шеттетіліп, Қазақстаннан тысқары жерге (Мәскеуге) кеткен болатын, ал 30-жылдар қуғын-сүргіні өршіген кезде ол бұл пәни дүниеде жоқ еді.

Ағылшын кеңестанушысы Роберт Конкфест зерттеуіне қарағанда, 30-жылдардың басында Мемлекеттік Қаупсіздік комитеті жанынан жасырын түрде ерекше сектор ашылып, бұл құрылым сталиндік бағытқа қарсы болғандарды, ұлтшылдарды әр түрлі әдіс қолданып өлтірумен шұғылданған. Қазақстан Ұлттық Қаупсіздік комитетінде сақталған 1929 жылғы «Голощекин жолдасқа, Кеңес үкіметіне қастандық жасамақ ниеттегі топты залалсыздандыру» атты істе де С. Садуақасовты «әшкерлеген» сөздер жеткілікті. Әйткенмен қапыда қаза болғандықтан, оны НКВД-ның «үштігі» соттаған жоқ, оған РСФСР Қылмыстық істер кодексінің 58-бап, 10-тармағындағы айып тағылған жоқ.

С. Садуақасовтың өмірі мен қызметіне қатысты осындай маңызды ерекшеліктер отан тарихында арнайы тақырып ретінде зерттеліп келеді. Дегенмен бұл тақырыпты одан әрі тереңдете зерттеудің маңызы зор. Олай дейтін себебіміз - С. Садуақасовтың қызметі мен шығармашылығын жете тану арқылы біз отан тарихының мазмұнын толықтыра түскен болар едік.

Тақырыптың зерттелуі. Смағұл Садуақасовтың әдеби, көсемсөз мұралары арнайы зерттелінген емес. 20-жылдардағы әдеби процесте, қазақ қоғамының мәдени-ағарту тарихында елеулі орны бар азамат еңбегінің ғалымдар назарына ілінбеуіне, сөз жоқ, тоталитарлық системаның ықпалы болды. Сондықтан да к\төңкерістен кейінгі әдебиет тарихын зерттеген ғалымдар Смағұл есімін үстірт айтып өтуге мәжбүр болды. Смағұл Садуақасовтың қызметі мен шығармашылығы туралы А. Байтұрсынов [2], Т. Шонанұлы [3] алғашқылар болып жоғарғы баға берілген болатын. Ол 1933 жылы қаза болғаннан кейін шығармалары зерттеле қоймады. Дегенмен Ғ. Тоғжанұлы 1936 жылы Көркем әдебиет баспасынан С. Садуақасовтың кітабын шығаруды жоспарластырған [4] . Бірақ белгілі себептермен жоспарланған кітап жарық көре алмады. Смағұл Садуақасов халқымызға тек мемлекет қайраткері ретінде ұғыла бастады. Алайда бұл жерде Смағұлдың көзі тірісінде және ол қайтыс болғаннан кейін оны «ұлтшыл-байшыл әдебиетші» деп сынаған. Ғ. Тоғжанұлы, С. Мұқанұлы, Е. Бекенұлы, Ә. Бәйділдәұлы, І. Жансүгірұлы, С. Сейфоллаұлы, Ә. Тәжібайұлы және т. б. қаламгерлердің еңбектерін де қаперден шығармаған жөн.

Сөйте тұра жеке басқа табынушылық зардабы жойылғаннан кейін де С. Садуақасов туралы әділ сөз тарихшылар тарапынан да, әдебиетшілер арапынан да айтылмады. Оның шығармашылығын зерттеу әрекеті 1957 жылы ғалым Бейсенбай Кенжебайұлының тарпынан да жасалынды. «Жазушы, сыншы Смағұлды ұмытпайық» деп тек профессор Б. Кенжебайұлы ғана жазды. Б. Кенжебайұлының [5] «Өтелмеген парыз» атты мақаласы шығысымен, Қазақстан КП Орталық Комитеті авторды да, оның мақаласын басқан «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторымен қоса бірнеше қызметкерін «партияның басты бағытына қарсы болған адамды қайта көтерді» деп айыптап, әуре-сарсаңға салды.

С. Садуақасовтың өмірі мен қоғамдық қызметіне сыпаттама берген «Қайраткер Садуақасов» атты тұңғыш мақала 1988 жылы шықты. Оның авторы -жазушы, журналист-зерттеуші Б. Қойшыбаев [6] .

Сол жылдан бастап қайраткер-қаламгердің өмірбаянын нақты деректермен толықтырған алғашқы мақала авторы филология ғылымының кандидаты Б. Дәрімбетовтің [7], академик Р. Бердібайдың [8], тарих ғылымдарының докторы М. Қойгелдиевтің [9] соғыс және еңбек ардагері, экономист Н. Сансызбаевтың [10], Д. Қамзабековтың зерттеу еңбектері [11] баспасөзде жарияланды. Сондай-ақ мерзімдік басылымдарда ғалым Батырхан Дәрімбетов және Д. Қамзабековтың даярлаған С. Садуақасовтың мақалалары, әңгімелері, хаттары оқырман назарына ұсынылды. 1993 жылы Б. Дәрімбетовтың құратырып, даярлауымен С. Садуақасовтың 2 томдық таңдамалы шығармалары басылып шықты [12] . Міне, осы еңбектердің бәрі смағұлтанудың іргетасы қаланып келе жатқанын айғақтайды.

Осы тұрғыдан келгенде С. Садуақасовтың ғұмырбаянын, әдеби мұрасын зерттеудің, жазған еңбектерін қайта тасқа басып, халыққа жеткізудің көкейкестілігі айқын байқалады.

Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. С. Садуақасовтың өмірі мен шығармашылық және саяси қызметін жан-жақты қарастырудағы басты мақсат - қайраткердің отан тарихындағы өзінің лайықты орнын анықтау. Осы мақсатты іске асыру үшін мынадай міндеттер белгіленеді:

  • қайраткердің саяси тұлға ретіндегі қалыптасу жолын деректік материалдар негізінде қалпына келтіру;
  • ұлттық мүдде жолындағы ұлт зиялыларының арасындағы С. Садуақасовтың саясаткерлігіне талдау жасау;
  • қазақ мемлекеттілігі мәселесіндегі қайраткердің саяси, ұйымдастырушылық қызметтеріне бүгінгі күннің талаптары тұрғысынан баға беру.

Жұмыстың әдістемелік негізі ретінде қазіргі заманғы тарих ғылымында орныққан ғылыми зерттеу әдістері мен қағидалары басшылыққа алынды. Сол сияқты К, Нұрпейіс, Д. Қамзабеков, М. Қойгелдиев, Т. Омарбеков және тб. көрнекті ғалымдардың іргелі еңбектерінің әдістемелік негіздері пайдаланылды.

Жұмыстың құрылымы кіріспе, екі тарау, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1. ТАРАУ. Смағұл Садуақасов ЖӘНЕ ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫ

1. 1. қАЙРАТКЕРДІҢ ҚАЛЫПТАСУ КЕЗЕҢДЕРІ

Смағұл Садуақасов 1900 жылы сол шақтағы территориялық айырым бойынша Ақмола облысы, Шарлақ үйезі, Қараой болысы, Жарқын ауылында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Ұялы-Жарқын ауылы) туған. Әкесі Садуақас Тұрабайұлы (1872-1937) ұлтын сүйген Смағұлдай ұлды тәрбиелеп өсіргені үшін қаңқасап 37-жылы нақақтан атылған. Анасы Мәжікен (1879-1938) перзенті Смағұлдың жалғыз бауыры-қарындасы Орынбасар да (1916-1990) өмірден өгейлік, тағдырдан тәлкек көріп, өкіметтен бір тиын да зейнетақы алмай көз жұмған.

С. Садуақасов ұшқан ұяның қайғылы халі, міне, осындай. Бұл-тарих. Исі алаштың игі жақсыларының құрықпен ұсталып, қорада тұсалған жалқыдай үйірілген тұсындағы шынайы тарихының бір ұшқыны . . .

1912 жылы ауылындағы Әбіл молда Қуанышұлының Шығыс пен Батыс білімін қатар негіз етіп алған мектебін тәмамдаған Смағұл өмірінде түрлі дәрежедегі бірсыпыра оқу ордасының табалдырығын аттайды. 1912-1915 жылдары 2-класты Полтавка орыс-қырғыз (қазақ) училищесінде, 1916-1918 жылдары Омбы ауылшаруашылығы училищесінде, 1918 жылы Омбы политехникалық институты жанындағы кооперация курсында, осы институттың кооперация факультетінде оқиды. Ол саясаттан мүлдем шеттетілген 1928-1932 жылдары аралығында Мәскеудегі темір жол құрылысы институтында оқып бітіреді.

С. Садуақасов еңбек жолын мұғалімдік қызметтен бастаған. 15 жасында Шарлақ үйезі Сиыршы ауылындағы орыс-қырғыз (қазақ) мектебінде ұстаздық еткен. 1918 жылы Ақмола облыстық жергілікті Жер басқармасы жанындағы 2 айлық қазақ оқытушыларын даярлайтын курста кооперация қисыны мен табиғаттанудан, екі жылдық қазақ курсында жаратылыстану мен физикадан сабақ берген. Осы жылдың соңында аталған басқармадағы қазақ бөлімінің оқу ісі меңгерушісі болған. 1918 жылы желтоқсанда Омбыдағы «Центросибирь» кооперативтер бірлестігінде нұсқаушы болып бір жарым жыл қызмет жасайды. 1920 жылдан бастап С. Садуақасов 8 жыл өмірін Қазақ автономиялы республикасының қалыптасуы мен нығаюына жұмсайды.

С. Садуақасовтың қайраткерлік қызметі 1916 жылы Омбыдағы Қазақ жастарының «Бірлік» ұйымынан басталды. 1918 жылы оның саяси қызметі мынадай екі мәселеде айқындалды. Бірінші 17 жылғы төңкерістің ықпалымен қазақ жастары екі-үш жікке бөлінген де Смағұл бастаған жас қайраткерлер жастардың басым бөлігінен алашордашыл «Жас азамат» ұйымына топтастыра алды. Екінші, оқу мен қызметті қатар алып жүрген жас Смағұл Алаш орда үкіметінің Ақмола облыстық комитетін құруға белсене араласты. 1920 жылдың мамырынан бастап ол көздеген арман мұратын кеңес қызметінде жүріп орындауға бет бұрды. Сол жылы Ж. Аймауытов, М. Әуезов және т. б. сияқты ұлт зиялыларымен қатар коммунистік партияның қатарына өтеді. Оның бұл қадамы-аласапыран шақта тығырықтан өзін ғана емес көпті алып шығудың жолы еді.

С. Сәдуақасұлы Сібір төңкеріс комитеті қазақ-татар секциясының нұсқаушылығынан Қазақ автономиялы республикасы Халық ағарту комиссары дәрежесіне дейін өзінің қайраткерлік, әділдік және білімді де білікті қасиеттердің арқасында өсті. Кеңес өкіметінің идеологиясы ақиқат пен имандылықтан айнымағанда Смағұл үлкен саясаттан 1927 жылы кетпей елдің басшылығында ұзақ уақыт жүрген болар еді. С. Садуақасовтың қайраткерлік қызметпен бірге қаламгерлік қызметі де ерекше зерттелетін тақырып. Оның қаламынан шыққан алғашқы қолжазбалары «Бірлік» ұйымының «Балапан» атты қол жазба журналында жарияланды. Ол көсемкөздік пен жазушылық өнерді тынымсыз қайраткерлік қызметінің барысында меңгерді. Жас қаламгер 1918-1919 жылдары Алаш орданың Жас азамат газетін, 1920 жылы «Ұшқын» газетін, 1922 жылы Еуропа өркениетін уағыздаған «Өртең» газетін, 1923 жылы қазақ жастарын зиялылыққа үгіттеген «Жас қазақ» журналын шығаруға араласты. Бұдан бөлек ол 1920 жылы Омбы қаласында «Еңбекшіл жастар», «Кедей сөзі», «Еңбек туы», 1925-1926 жылдары «Еңбекші қазақ» газеттерімен «Қызыл Қазақстан» журналының редакторы болды. С. Сәдуақсұлының шығармашылығы 1916-1929 жылдар аралығын қамтиды. 1929-1933 жылдары шетте жүргендіктен бұл кезеңде қандай еңбектер жазғандығы анық емес.

Смағұлдың көзі тірісінде алты кітапшасы жарық көрді. Олар: «Жастарға жаңа жол» (Орынбор 1921), «Кооперация һәм қазақ шаруасы» (Орынбор 1924), «Салмақбайдың ауылында қалайша кооперация ашылды» (Орынбор 1924), «Жастармен әңгіме» (Орынбор 1925), «Ұлт театры туралы» (Қызылорда 1926), «Қазақстанда халық ағарту мәселелері» (Қызылорда 1927) бұларға қосымша С. Садуақасовтың мерзімді басылымдарында бірнеше повесть, әңгіме, ондаған зерттеу очерктері, жүздеген публистьикалық мақалалары, бір романнан үзінді жарияланды. Оның шығармашылық мұрасының қатары алдағы уақытта бұдан да толыға берері сөзсіз.

ХХ ғасырдың бірінші ширегі ұлт зиялыларының халықты жаппай тығылықты білім алуға тынбай шақырған шағы еді. Бұл кезде «Оян қазақ», «Оқы қазақ» деген ұрандар жиі көтерілді. 15 жасынан ұстаздық қызметке араласқан Смағұлға оқу ағарту мәселесі бейтаныс емес болатын. Содан да ол елді өркениетке сүйреуге қажетті ортақ істен күшін аяп қалмады. Ол «Нужды аула» (1919), «Бірінші мақсұттарымыз» (1920), «Халық ағарту мәселелері» (1925), «Оқу ісінің кемшіліктері, оларға қарсы шаралар» (1926), «Қазақстанда халық ағарту мәселелері және т. б. мақалалары елдегі оқу ағарту мәселесінің зәрулігін көтерді.

Тарих пен тағдыр 1925-1926 жылдары С. Садуақасовқа қазақтың мемлекеттік театрын ашуды және ел-елдегі өнерпаздарды топтастыруды бұйырды. 1926 жылы 13 қаңтарда ресми түрде шымылдығы ашылған ұлт театрының қалыптасуы Смағұлдың есімімен байланысты. Қайраткер қаламгер бұл жылдары ұлт театрының әртістік кәсіптің, пъеса танудың әліп биі сияқты «Ұлт театры туралы» (1925), «Алғашқы тәжірбиелер», «Баянды еңьек күитеміз», «Мәдениет тәрбиесі» (1926), «Ұлт театрына бір жыл» (1927) және т. б. бірнеше мақала жариялады. Оның бұл әрекеті үлгілі театрдың оның талапты әріптестерінің және ойлы көрерменнің қалыптауына ықпал жасады.

С. Садуақасовтың қызметінің бір саласы оның баспа ісін дамытуға қосқан үлесімен ерекшеленеді. Ол 1920 жылы 2 желтоқсанда Қазақстан мемлекеттік баспасы жанынан құрылған оқулықтар, саяси, көркем әдебиеттерді сұрыптайтын редакциялық алқаға кіреді. Жас қаламгер ендігі жерде өз жазғандарынан бөлек өзгелердің жазғандарына да қатаң талаппен қарай бастады. Ол әсіресе баспаға өткізілетін кітаппен баспа сөзде жарияланар арнаулы мақалалардың жүйелілігіне ғылыми негізділігіне, нақтылығына баса назар аударды.

Смағұл секілді ұлттың маңдай алды тұлғаларын, олардың еңбектерін жинақтап, жарыққа шығару оңай шаруа емес. «Ғылым-білім немен болады?. Ғылым-білімге қылушылар алдымен өзін тануды мақсат қылу керек», - дейді Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Шындығында қазақтың ой-аңсарын ілгерілеткен даналардың еңбегін түсіну үшін алдымен біз өз дәрежемізді біліп алғанымыз мақұл. Негізінен осы уақытқа дейін ұстанып келге ғылыми талаптарымызды азат пікірді, саф мұраны талдауда бұдан былай кәдеге жарамайтыны белгілі. Ендеше ендігі жерде мұраны, ол мұраны жасаушыларды белгілі бір топтың (мейлі ол партия болсын, мейлі билікке қолы жеткен жекелеген адамдар болсын) қалауы, немесе ұстанған бағыты бойынша саңыржақ зерттеуге орын жоқ. Мәшһүр Жүсіптің: «Бұ дүние - қараңғалықтай нәрсе. Оны жанды қылатұғын - ақиқат сөз» [13], - дегеніндей ғылыми шындық пен әділдікке, нақтылыққа сүүенгеніміз абзал.

Смағұл Садуақасов 1916 жылы Омбы ауыл шарушылығы училищесіне түсісімен, қолына қалам ұстап, көрген - түйгендерін қағазға түсіре бастады. Оның қаламының ұшталуына Омбыдағы қазақ жастары құрған, мақсаты: «қазақ халқын мәдени һәм әдеби жағынан ілгергі қатардағы жұрттарға қосу, ұлтшылдық сезімін туғызды һәм ұлттықты сақтау» болған «Бірлік» мәдени-ағарту ұйымының «Балапан» қолжазба журналы септігін тигізді. Бүгінге бірде-бір данасы жетпеген бұл журналда, Смағұлдың жазуынша; «Жас алаштардың көркем шығармалары басылып тұрған». Төңкерістен кейін 1918 жылы «Бірлік» мүшелері ала бүлініп, бағытынан жаңыла бастағанда, С. Садуақасов, Қ. Кемеңгерұлы, Г. Досымбекқызы сынды өрімдей азаматтар күллі қазақ жастарына сауын айтып, көбісінің басын қосып, «Жас азамат» атты ұйым құрады. Бұл ұйымның «алтын идеялы, әулие мақсұты, негізгі жолы - ұлт бостандығы, ұлт теңдігі» еді. С. Садуақасов алашшыл жастардың үні - «Жас азамат» газетіне атсалысады. 1919 жылы Омбыдағы «Центросибирь» аталынатын Батыс Сібір коперативтер бірлестігі одағына нұсқаушы болып қызметке тұрғанда, осы шаруашылық ұйымының органы - «Трудовая Сибирь» журналына орыс тілінде мақала, зерттеулер жазады, 1920 жылы Сібір РКСМ-ы бюросының қазақ-татар секциясына жұмысқа алынып, қазақ тілінде шығатын «Еңбекшіл жастар» (Омбы) атты апталық газтке редакторлық етеді. Сол 1920 жылы Омбыда шығатын «Кедей сөзі» газетінің жауапты шығарушысы болады. Қазақ Автономиясын жариялаған жалпы қазақ кеңестерінің І съезі (1920, 4-12 қазан) күндері «Ұшқын» (бүгінгі «Егемен Қазақстан) газетінің ғылым һәм шаруашылық бөлімін басқарады». «Ұшқын» съезден кейін «Еңбек туы» деген атпен шыға бастағанда, С. Садуақасов бұл газетке де жауапты шығарушы болады. Қазақ Автономиялы республикасы құрылысымен мемлекеттік баспа жанынан құрылған саяси және көркем әдебиеттерді сұрыптайтын 5 кісіден тұратын редакциялық алқаға А. Байтұрсынұлы, Ә. Бөкейханұлы, Х. Болғанбайұлы, Ж. Аймауытұлы сынды азаматтармен бірге С. Садуақасов да кіреді. 1922 жылы жастардың «Өртең» атты газетін шығаруға арналасады.

1923 жылы «Жас қазақ» журналының шығарушылар алқасының құрамына енеді. 1924-1925 жылдары «Қызыл Қазақстан» журналының (бүгінгі «Ақиқат» журналы) жауапты шығарушысы болады. 1925-1926 жылдары «Еңбекшіл қазақ» газетіне (бүгінгі «Егемен Қазақстан») редакторлық етеді.

Жоғарыда аталған мерзімдік басылымдардағы жауапты қызметтері, сондай-ақ өзінің азаматтық қасиеттері Смағұл Садуақасовты 20-жылдардың өзінде-ақ көсемсөзші, сыншы-әдебиетші, жазушы ретінде танытты.

1925-1927 жылдары аралығында С. Садуақасовтың Халық ағарту комиссары міндетін атқаруы оны ұлттық мәдениет ісі мен жазушы, ағартушыларға бағыт-бағдар беру жұмысын ұйымдастырушы ретінде шыңдады. Бұл уақыттағы қайраткер-қаламгердің тұңғыш мемлекеттік ұлт театрын ашуға мұрындық болуы, қазақтың ән-күйін хаттауға жәрдемдесуі, Абайдың, Сұлтанмахмұттың жазғандарын тірнектеп жинауға мамандарды жұмылдыруы мәдениет, әдебиет тарихындағы оның тұлғалық орнын айрықшалай түседі.

Біздің қолымыздағы Смағұл Садуақасов қаламынан туған шығармалардың басылған уақыты хронологиялық жағынан 1918 жыл мен 1928 жылдың арасын қамтиды. Қаламгердің шығармашылығын бар жағынан осы он жылмен шектеуге мүлдем келмейді. Шындығында ол 1916 жылдан бастап шығармашылықпен шұғылданған, ал Мәскеуде болған 1928-1932 жылдары Смағұл ештеңе жазбай қалуы мүмкін емес. Садуақасовтың жиналмай қалған жазба дүниелерін іздестіре беру - алдағы міндетіміз. 1991 жылдан бастап жазушы, ғалым Д. Қамзабеков С. Садуақасовтың мұрасы мен өзі туралы соны деректер іздестіру мақсатымен Санкт-Петербург, Мәскеу, Орынбор, Омбы қалаларында болып, қаламгерге қатысты қомақты материалдар және оның белгісіз боп келген көптеген еңбектерін жинап қайтты. Осы сапарлардан жазылған еңбегінде сол материалдар толық қамтылды. Тарихи жады қайта қайта жаңғырған кезеңде жаңа буынға Смағұл еңбегі арқылы өткеннің парасатты жағын ұғындыру, сол арқылы біліктілікке шақыру мұрағаттануымыздың абыройлы міндет болмақ.

Жақсы мен жаманның парқын айыра алатын ел мақтануға тұрарлық азаматтарын әркез ауызға алып, жаңаадан топ жарғандарға солардың биігінен қараған, солармен салыстырып баға берген. Қатарынан оза шапқан ерді бұлайша қадір-қасиеттеу халықтың арман тілегінен туындаса керек. Бір кездері қоғам мен қауымдағы берекесіздікті тыйған ел басшылары анталаған жаудың жүрегін шайлықтырған батыр-қаһармандардың бақи дүниеге аттанбай жатып-ақ жұрт аузындағы жұрт аузындағы ұрынға айналуы да-әлгіге дәлел. Халық өткеннің біртуарларынан өнеге алмайынша, солардың есімімен аруақтанбайынша, рухтанбайынша, өзін төрт құбылысы тең ел сезбейтіні анық.

Жетпіс жыл бойы кеңес өкіметі ұлттық ұйысуға мұрындық болған Абылай ханымыздың да, өркениетке қарай мойымай жетектеген Әлиханымызды да ұмыттырды. Абылай хан өзіне дейін және өзінен кейінгі хан, би, батырларымен, Әлихан алаш ұранды күллі оқыған зиялылармен ресми тарихтың тасасында қалды. Кейінгі екі-үш толқын олар хақында тас керең болып өсті. Міне, сөйтіп ұлттық рух, өршілдік пәсейді. Мұның арты қазақ заманақырға соқтырары сөзсіз еді. Бірақ олай болмады. Бізге құдай бағытымыз бен мұратымызды түзеуді бұйырды.

Осынау рухани жаңару тұсында бізге менменсушілік емес мәдениеттілік, көзсіздік емес көрегенділік қажет. Бұған дейін ұстанылып келген мұрат пен пір тұтылған тұлғалар жалпыадамзаттық парық-пайыммен қарағанда сын көтере алмауы себепті ендігі жерде орнытқы, бүгіндік те емес, бір күндік те емес - мәңгілікке жарайтын салт-сана (идеология) қалыптастырған жөн. Қандасымыздың әрбіріне Ататүрікше, жөргектен құлағына «Сен дүниеге қазақ болып келгеніңді мақтан тұт!» деп құя берген ләзім. Мәрттік ұлтжандылық, намысшылдық, арлылық мінез сонда ғана қалыптасары анық.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргін, басталуы мен себептері
Кеңестік шығармашылық интеллигенциясы өкілдерінің қызмет кезеңі (1917-1925 жж)
Қазақстандағы ұжымдастыру туралы ақпарат
Қазақстан Ұжымдастыру жылдарында. Ұжымдастырудың практикалық салдарлары
Алаштың ұлы – Смағұл Садуақасұлы
Күштеп ұжымдастыру
Жасасын Алаштың жаужүрек ұлтшыл жастары
Смағұл садуақасұлының өмірбаяны мен атқарған кәсіби қызметі
Қазақ зиялылары естеліктеріндегі тоталитарлық қоғам мәселесі
Смағұл Сәдуақасовтың дүниетанымының қалыптасуы және мемлекеттік қызметінің басталуы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz