Социологияның зерттеу методологиясы мен әдіс-тәсілдері


Пән: Социология, Демография
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 9 бет
Таңдаулыға:   

Социологияның зерттеу методологиясы

мен әдіс-тәсілдері

Жоспар:

1. Ғылыми методология және әдіс-тәсілдер ұғымы.

2. Социологиялық зерттеудің бағдарламасын, жоспарын жасау.

3. Әлеуметтік мәліметтер жинаудың әдіс-тәсілдері.

4. Жиналған мәліметтерді тәртіпке келтіріп, ғылыми

қорытынды жасау және оны тексеру әдістері.

Лекция мақсаты: Студенттерге социологиялық зерттеу методологиясы мен әдіс-тәсілдерін оқып үйрету. Социологиялық зерттеудің бағдарламасын, жоспарын жасау, әлеуметтік мәліметтер жинаудың әдіс-тәсілдері турасында мағлұматтар беру. Жиналған мәліметтерді тәртіпке келтіріп, ғылыми қорытынды жасау және оны тексеру әдістерімен таныстыру.

Лекция мазмұны: Ғылым алдын ала жоспарланған теориялық таным рпоцесі, зерттеу ретінде белгілі бір әдіс-тәсілдерді қолданады, онсыз ғылыми ақиқатқа қол жеткізу мүмкін емес. Осы жағынан алғанда, ғылым теория мен әдістің диалектикалық бірлігі болып табылады. Ғылыми танымның әдіс-тәсілдері жайлы ілім методология деп аталады.

Ғылымдар бір-бірінен тек зерттеу пәндері арқылы ғана айырылмайды, зерттеу әдістері арқылы да айрылады. Ешбір жеке ғылымның немесе ғылымдар тобының ерекше, басқалардан өзгеше, тек өзіне ғана тән ғылыми әдісі болмайды, керісінше, олардың бәріне ортақ жалпы методологиялық негізді басшылыққа алады. Осы жөнінен алғанда, барлық жаратылыстану және қоғамтану ғылымдары үшін ортақ екі негізгі таным методологиясы бар. Олар - диалектикалық және метафизикалық методтар. Бұларды әрбір ғылым өз зерттеу пәнінің ерекшеліктеріне ыңғайлап қолданады.

Бұл екі жалпы танымдық методтардың мазмұны мен принциптері студенттерге философия курсынан мәлім болуы тиіс. Диалектикалық метод шындық дүние құбылыстарының сапалық өзгерістерін басшылыққа ала отырып, дүниені терең танып білуге мүмкіндік береді. Сондықтан, біздің пікірімізше, жалпы социологияның танымдық әдіс-тәсілдерін қоғам құбылыстарының ерекшеліктеріне сәйкес диалектикалық-материалистік методологияның негізінде ғана жасауға болады.

Әлеуметтік философия методы мынадай мәселелерді зерттеуі тиіс:

1) қазіргі заманғы социологиялық теориялардың логикалық негізін; оларды адамдар өмір сүріп отырған нақты обективтік жағдайларда қарастыруы керек. Ол сондай-ақ әлеуметтік құбылыстарды жалпы байланыста және дамуда қарастыруы тиіс. Ол қоғамдық құбылыстардың өзгерісі мен дамуының негізі - ішкі қарама-қарсылықтардың күресінің нәтижесі, қоғамдық өмірдің өзгерісі біртіндеп жүретін эволюциялық түрде және революциялық жолмен секірмелі түрде де болатынын басшылыққа алуы қажет.

Диалектикалық-материалистік таным теориясына сәйкес социологияда ғылыми таным, шын мәніне келгенде біртұтас қоғамды танудан оның бөлшектерін, жеке қоғамдық құбылыстар мен қатынастарды танып білуге, ал бұл соңғыдан қайтадан бүтінге, бүкіл қоғамды тануға көшуі тиіс. Жалпы мен ерекшенің диалектикасы міне осындай.

Адамзат қоғамын зерттеудің осы диалектикасын басшылыққа ала отырып, социология өз әдіс-тәсілдерін (методын) тағайындайды: фактілерді жинау әдісін, жинақталған мәліметтерді ретке келтіру және ішінара жалпылау әдісін, ғылыми жалпылау (қорытындылау) әдісін т. б. ғылыми зерттеудің түрлі кезеңдеріне қолданылады.

Кез келген нақты социологиялық зерттеу мынадай бес негізгі кезеңдерден тұрады: 1/зерттелетін құбылыстарды анықтап, бастапқы гипотезаларды тұжырымдау; 2/зерттеу жоспарын жасау; 3/мәліметтер жинау; 4/жиналған мәліметтерді тәртіпке келтіру; 5/ғылыми түсіндірме жасап, оны тексеру.

2. Социологиялық зерттеудің бағдарламасын, жоспарын жасау. Зерттеу объектісін (зерттелетін құбылысты) анықтау және жоспарын жасау қоғамдық құбылысты ғылыми танып білудің бірінші кезеңі болып табылады, өйткені жинақталған фактілердің объективтілігі мен ақиқаттығы, қорытындының ғылыми дұрыстығы көп жағдайда зерттеу объектісін дұрыс анықтап алуға байланысты болады.

Зерттелетін құбылысты және оның байланыстарын анықтағаннан кейін зерттеудің нәтижесінде расталуға тиісті бастапқы гипотезаларды (ғылыми жорамалдарды) тұжырымдауға кіріседі. Бұл гипотезеларда зерттелуге тиісті құбылыстардың арасында белгілі бір себеп-салдар байланысы бар деп жорамалдап, олар зерттеу нәтижесінде расталуға тиіс деп топшыланады.

Ғылыми зерттеудің міндеті - қоғамдық құбылыстар арасындағы байланыстардың формасы мен беріктігін анықтау. Бұл байланыстар мен қатынастар тәжірибеде іс жүзінде тексеруге болатындай болуы тиіс. Гипотезаның мазмұнын (ұғымын) эмпириктік жолмен де тексеруге болады. Егер оны эмпириктік жолмен тексеру қажет болса, онда оны фактілермен салыстырамыз, ал теориялық тұрғыдан тексергенде ақиқаттығы бұрын негізделген қағидалардың, теориялардың көмегімен дедукциялық жолмен дәлелденеді.

Гипотеза әрдайым ақиқат бола бермейді, бірақ олардың мүмкіндігінше ақиқат болуына талпыну керек. Ғылымда қолданылатын гипотезалар төмендегідей талаптарға сәйкес келуі тиіс: 1/ол құрылатын ұғымдар анық, айқын болуы тиіс; 2/олар тәжірибе жүзінде (эмпириктік жолмен) тексеруге болатын объектілерге қатысты болуы қажет; 3/тиісті зерттеу техникасы мен теорияларға қайшы келмеуі керек.

Бірінші кезеңнің соңында енді осы бастапқы гипотезаға қатысты ұғымдарды дәл тұжырымдау қажет, өйткені зерттеуді ойдағыдай жүргізу үшін олардың маңызы зор. Бұл үшін екі түрлі анықтама: 1/жалпы логикалық (теориялық) анықтама және 2/жұмысшы анықтама қолданылады.

Ғылыми зерттеулердің бұдан кейінгі кезеңі - зерттеу жоспарын жасау. Жоспар жасаудың алдында, әрине тиісті қоғамдық қатынастармен және осы қатынастарға қатысушы адамдармен танысады. Зерттеудің жоспарында мәліметтер жинаудың қандай әдістері пайдаланылатындығы көрсетіліп, зерттелетін құбылыстардың ерекшеліктері және мәліметтер жинауда кездесуі мүмкін қиындықтар ескерілуі тиіс. Мәліметтер жинаудың әдістерінде зерттелетін құбылыстардың ерекшеліктері және олардың басқа жеке қоғамдық құбылыстармен және тұтас қоғаммен байланысу ерекшеліктері ескерілуі қажет.

Бұл кезеңде сондай-ақ анкеталар таратылатын адамдардың тобы да дәл анықталады.

Қоғамдық құбылыстарды зерттеу ісі - кғөп адам қатынасатын, көптеген мамандық иелері жүргізетін күрделі коллективтік іс. Сондықтан зерттеу объектісінің ерекшеліктері мен кездесуі мүмкін қиыншылықтарды ескере отырып, зерттеушілер тобының мүшелерін іріктеп алуға баса назар аударылуы тиіс. Коллективтік еңбек тиісті нәтиже беру үшін зерттеу жоспарында зерттеушілер тобының және әрбір зерттеушінің (коллектив мүшесінің) мұқият жұмыс жоспарын жасап, олардың бірінің жұмысын басқалары қайталамау жағын ескеру қажет. Топтың жұмысына маман социолог басшылық жасайды.

3. Әлеуметтік мәліметтер жинаудың әдіс-тәсілдері. Мәліметтер жинау социологиялық зерттеудің ең негізгі кезеңі болып саналады, өйткені болашақтағы ғылыми қорытынды осы мәліметтердің негізінде жасалады. Сондықтан мәлімет жинаудың әдіс-тәсілдеріне айрықша көңіл бөлінуі тиіс.

Қоғамдық құбылыстарды зерттеу барысында мәліметтер жинау әдістері бір қатар қиындықтарға тап болуы мүмкін. Ол қиындықтарды, бір жағынан алғанда, объективтік деп атауға да болады. Сол қиындықтардың бірі - қоғамның, қоғамдық құбылыстардың үздіксіз өзгерісте болатындығынан туатын қиындықтар.

Екінші қиындық - қоғамдық құбылыстардың аса кең ауқымдылығымен, кейде тіпті бүкіл адамзатты қамтитындығымен байланысты бақылау жүргізудің қиындығында.

Үшінші бір қиындық - қоғамдық құбылыстардың аса күрделілігіне байланысты, сол себепті ол құбылыстарға әсер ететін көптеген факторларды зерттеу қажет болды.

Ақыр соңында, мәліметтер жинау қиындығын тағы бір себебі сол, мәлімет жинаушы адамның өзі қоғамның мүшесі, құрамдыс бөлігі болып табылады. Сол себепті ол қоғамдық өқұбылыстарды кейде шындықта қандай болса, сол күйінде көрмей, өз қалауынша көріп, өз қалауына қарай бағалауға бейім тұрады, яғни субъективизмге жол беріледі.

Қоғам жайлы, әлеуметтік құбылыстар жайлы жиналған мәліметтер мүмкіндігінше шындыққа сәйкес, әділетті болу үшін қазіргі социологияды мәліметтер жинаудың бірқатар жетілген әдіс-тәсілдері қолданылады. Сондай әдіс-тәсілдерге бақылау, сұрау әдістері, салыстыру, математикалық-статистика әдістері жатады.

1. Бақылау - мәліметтер жинауда барлық ғылымдарда ежелден қолданылып келе жатқан кең тараған әдіс. Бақылау процесі белгілі бір қоғамдық құбылысты қабылдаудан, жазып қоюдан және түсіндірме жазудан тұрады.

Кез келген қабылдау бақылау бола бермейді. Ғылыми бақылау белгілі бір мақсатқа сәйкес құбылысты мұқият қабылдау болады. Жай бақылауға қарағанда, ғылыми бақылау жоспарлы да жүйелі түрде, белгілі бір зерттеу мақсатында қабылдау болып табылады.

Ғылыми бақылаудың түрлері: еркін бақылау және тексерілетін бақылау, тікелей және жанама бақылау, өзі қатыса отырып бақылау және сырттай бақылау, жаппай бақылау және жеке-дара бақылау.

Тікелей бақылау деп керекті керекті құбылыстарды зерттеуге зерттеушінің өзі қатысып өз көзімен көріп немесе құрал-сайманның көмегімен тікелей жүргізетін бақылауды айтады. Ал, жанама бақылау деп зерттеуші құбылыстың өзін тікелей бақыламастан, соған қатысы бар басқа құбылыстарды бақылау арқылы жанама қорытынды жасауды айтады.

Бақыланатын құбылыстардың сан мөлшеріне қарай жаппай немесе жеке-дара бақылау әдістері қолданылады. Жеке құбылысқа, жеке әлеуметтік топтың өміріне бақылау жүргізу керек болғанда, мәселен семьялық қарым-қатынасты немесе семьялық бюджетті зерттеу қажет болғанда, жеке-дара бақылау әдісі қолданылады. Ал жаппай бақылау әдісі белгілі бір салаға жататын қоғамдық құбылыстардың барлығын немесе көпшілігін зерттеу қажет болғанда, мәселен, белгілі бір елдегі немесе өндіріс саласындағы еңбекшілердің әлеуметтік жағдайын зерттегенде, жаппай бақылау әдісі қолданылады.

Ғылыми бақылаудың айрықша және аса күрделі формасын эксперимент деп атайды.

Эксперимент дегеніміз зерттелетін құбылысты жасанды түрде қолдан жасау (тудыру) арқылы бақылауды айтады. Мұның қиындығы сол, жасанды құбылыс табиғи құбылысқа дәл сәйкес келмейді, өйткені мұнда адамдардың өзара қатынасы, мінез-құлқы табиғи жағдайдағыдай болмайды. Оның үстіне, табиғат құбылыстарына қарағанда әлеуметтік құбылыстар әлдеқайда күрделі болғандықтан, әлеуметтік эксперимент жасау да оңай емес.

2. Сұрау да мәліметтер жинауда өте жиі қолданылатын социолдогиялық әдіс болып табылады. Ол зерттеуші мен зерттелушінің ауызша сөйлесуі түрінде жүргізіледі. Зерттеуші мен өзіне керекті құбылыстар жайлы сұрақтарды ауызша не жазбаша түрде қоюы мүмкін. Ауызша сұрақтар еркін түрде немесе алдын ала жазылып қойылған сұрақтар түрінде қойылуы мүмкін. Егер сұралуға тиісті адамдардың саны көп болса, онда сұрақтар алдын ала жалылып қойылады.

Қоғамдық құбылыстарды зерттеген кезде сұрау әдісін қолданғанда көбінесе анкета тарату әдісі, интервью мен тест әдістері жиі қолданылады.

3. Алдын ала дайындалған сұрақтар жазылған анкеталар тарату әдісі жиі қолданылады. Анкета тарату жолдары түрліше болады. Анкеталарды почта арқылы жеткізуге болады немесе баспасөзде жарияланып, оқушылардың қойылған сұрақтарға жауап қайыруына өтініш білдіріледі. Алайда зерттеуші анкеталарды тікелей өзі таратуы да мүмкін.

Анкетада берілген жауаптар неғұрлым дәлірек болу үшін, анкета әдетте анонимді болады, яғни жауап беруші өзінің аты-жөнін көрсетпейді.

4. Интервью дегеніміз белгілі бір мақсатпен бір немесе бірнеше адаммен әңгімелесу жолымен мәлімет жинау әдісі. Интервью әдісімен үлкен әлеуметтік топты зерттеу қажет болғанда, сол топтың ішінен бірнеше адам әңгімелесу үшін іріктеп алынады (анкета таратқанда да осылай жасалады) .

Іріктеу қарапайым және күрделі болады. Қарапайым іріктеуді қолданғанда әлеуметтік топтың ішінен кез келген (мәселен, әрбір оныншы) адам іріктеп алынады. Күрделі іріктеу кезінде әлеуметтік топқа жататын адамдар бірер белгісі бойынша (мәселен, жасына, мамандығына т. б қарай) кіші топтарға бөлініп, әңгіме осы топтардың өкілдерімен жүргізіледі.

5. Тест. Алдағы уақытта болуға тиісті белгілі бір жағдайда байланысты жеке адамдардың қандай ой-пікірде екенін білу үшін мәліметтер жинаудың құралы ретінде тест қолданылады. Тест көбінесе белгілі бір ретпен тізіліп қойылған сұрақтар немесе пікірлер түрінде болады да оған жеке адамдардың көзқарасы қандай екені анықталады. Тестілеу негізінен жеке адамдарға ғана қолданылатын әдіс болғандықтан, психология ғылымы үшін маңызы болады да, социология үшін мүлдем дерлік маңызы жоқ десе де болады, өйткені социология әлеуметтік, адамдық қатынастарды біртұтас түрінде зерттейді.

6. Математикалық -статистикалық әдіс қазіргі кезде социологиялық зерттеулерде кеңінен қолданылады. Кейде математикалық әдіс пен статистикалық әдісті жеке-дара атайды, шынында бұл екеуі көбінесе іс жүзінде бірге қолданылады, өйткені олар бір-бірімен іштей бірлікте-екеуі де қоғамдық құбылыстар жайлы дәл сан мәліметтерін жинаудың құралы. Бұл екеуін қолданудың арқасында көпшілік пен жеке-дара, ерекше мен жекеше, құбылыстардың сандық және сапалық жақтары өзара байланыста, бірлікте қаралып, сандық қатынастар арқылы сапалық жақтарын түсіндіруге мүмкіндік туады.

Кейбір әлеуметтік құбылыстарды сан жағынан өлшеу мүмкін емес. Оларды тек ұғымдармен түсіндіруге болады. Мәселен, қоғам ұғымы, тап немесе мемлекет ұғымы т. б сондай құбылыстар. Солай бола тұрса да социология кейбір құбылыстарды аз да болса «өлшеу» мүмкіндігін тудырады. Мәселен, «материалдық өндіріс», «тұрғын халықтың қозғалысы» ұғымдарын сандық өлшемдер арқылы зерттеу іске асты.

Әдетте өлшемнің екі түрін айыра білу керек: тар мағынада алғандағы өлшем және кең мағынадағы өлшем. Математикалық әдіспен бірге қолданылатын статистикалық әдістің көмегімен зерттелуші құбылыстардың структуралық элементтері және сондай-ақ ол структуралық элементтердің өзара әсері, ықпалы ашып көрсетіледі. Статистикалық әдістердің ішінен социологиялық зерттеулерде көбінесе статистикалық заңдар жиірек пайдаланылады. Бұл заңдар бір түрге жататындар көптеген әлеуметтік құбылыстарды зерттеген кезде белгілі бір заңдылық байқалатынын көрсетеді, яғни, бір тектес құбылыстардың көпшілік бөлігі бір түрлі сипатта көрінсе, аз бөлігі бұған керісінше көрініс білдіреді.

7. Социологиялық зерттеулерде сондай-ақ салыстыру әдісі де қолданылады. Бұл әдіс салыстыруға болатын ортақ белгілері бар құбылыстардың ұқсастығымен қатар айырмашылығын да табу үшін қолданылады. Бұл әдіс эксперименттің және басқа әдістердің қолданылу мүмкіндігі шектеулі болатын құбылыстарды зерттеуге қолданылады. Бұл әдіс бір құбылыстың бірнеше жағдайлардағы көрінісіне ортақ жалпы мәнді белгілерін анықтау үшін және сонымен бірге қоғам дамуының жалпы заңдарының ерекше көрініс формалары мен жағдайларын ашу қолданылады.

8. Документтердің мазмұнын талдау әдісі. Бұл әдіс ғылыми-зерттеу объектісі болып отырған құбылыстар жайлы жазбаша документтердің мазмұнын талдау үшін қолданылады. Қазіргі заманғы адамзат қоғамында әлеуметтік құбылыстар жайлы жазбаша мәліметтердің көлемі барған сайын артып келе жатқанын еске алсақ, қоғамдық құбылыстарды зерттеу үшін қажетті мәліметтер жинаудың әдісі ретінде документтердің мазмұнын талдауды қолданудың қаншалықты маңызды екендігі өзінен-өзі түсінікті болар.

Документтердің мазмұнын талдау сапалық және сандық талдау болып екіге бөлінеді. Сапалық талдау қоғамдық құбылыстар жайлы ой-пікірлердің мазмұнына қатысты болса, ал сандық талдау ол ой-пікірлердің қаншалықты және қалай кең тарағанын көрсетеді.

4. Жиналған мәліметтерді тәртіпке келтіріп, ғылыми қорытынды жасау және оны тексеру әдістері. Зерттелуші құбылыстар жайлы мәліметтер жиналып болған соң оларды ғылыми жағынан класификациялауға (жүйеге келтіруге) кіріседі. Класификацияның негізі ретінде құбылыстардың зерттелу мақсаты үшін айрықша мәнді белгілері алынады, өйткені сондай белгілер құбылыстарды мүмкіндігінше терең танып білуге негіз бола алады.

Зерттелуші құбылыстарды жүйелі түрде тәртіпке келтіріп, олардың заңдылығын білдіретін ішкі байланыстарын ашып көрсету үшін, класификация белгілі бір логикалық ережелер мен теориялық талаптарға сәйкес келуі тиіс. Олар мыналар:

1) класификация зерттеу үшін мәнді белгісі бойынша жасалуы тиіс;

2) класификация жүйелі болуы қажет, яғни, ол бірден бірнеше белгісі бойынша жасалмай, бір ғана белгі бойынша жасалуы тиіс;

3) класификация толық болуы тиіс, яғни, ол белгі бойынша сол құбылысқа қатысты жағдайдың бәрін қамтуы тиіс;

4) құбылыстардың әр тобының арасындағы айырмашылықтар елеулі болуы керек;

Зерттелуші құбылыстарды бұлайша класификациялауға кіріспес бұрын жиналған мәліметтерді мұқият ретке келтіріп, мәнді белгілерін анықтап алу керек.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Социология пәні және оның қоғам өміріндегі рөлі мен маңызы
СОЦИОЛОГИЯНЫҢ ЗЕРТТЕУ МЕТОДОЛОГИЯСЫ БОЙЫНША ЛЕКЦИЯЛАР КОНСПЕКТІСІ (ТЕЗИСТЕРІ)
Әлеуметтік зерттеу методологиясы мен әдіс-тәсілдері
Дін және ғылым пәнінен дәрістер
Әлеуметтану ғылымының қалыптасу және даму кезеңдері
Әлеуметтанулық білім жүйесіндегі әлеуметтанудың статусы
Әлеуметтанудың тарихи қалыптасу кезеңдері
Тарихи үрдіс және тарихи таным теориясы туралы
Әлеуметтік ой дамуының негізгі тарихи кезеңі
Социология ( оқу құралы )
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz