Ғылым философиясы мен методологиясы философиялық білімнің саласы ретінде


4. Лекция тезистері:
1-лекция.
Ғылым философиясы мен методологиясы философиялық білімнің саласы ретінде.
- Ғылым философиясының пәні және ғылыммен және философиямен байланысы.
- Ғылымды оқып-үйренудің негізгі аспектілері, олардың ерекшелігі мен өзара байланысы.
- Ғылым философиясының методологиялық негіздері.
Ғылым философиясының негізгі идеялары мен принциптері XVII ғасырда қалыптаса бастаған еді, өйткені классикалық ғылымның негізін құрған тәжірибелік, эксперименттік жаратылыстану сол кезде шыққан еді. Бірақ ол тек XX ғасырдың екінші жартысында ғана дербес философиялық пәнге айналды. Дүниежүзілік екінші соғыстан кейін ғылыми білімнің тез өсуі және жаңа ғылыми жаңалықтардың техникада кең қолданыс табуы өнеркәсібі дамыған көптеген елдерде ғылыми-техникалық прогрестің кеңінен өріс алуына алып келді. Ал бұл ғылымды дамыту, ғылыми білімнің даму қарқынын жылдамдату және ғылымның өнеркәсіппен, бүкіл халық шаруашылығымен байланысын күшейту істеріне деген қоғамдық мүддені жандандырды. Осындай қоғамдық қажеттіліктерге жауап ретінде түрлі ғылым салаларын зерттеуге бағытталған бір қатар жаңа пәндер туды: ғылымтану (науковедение), ғылым экономикасы мен социологиясы, ғылым тарихы және ғылыми зерттеу психологиясы сондай ғылымдар қатарына жатады. Бұл ғылымдардың ішінде жетекші орын алатын ғылым философиясы болды.
Ғылыми қызметтің түрлі жақтарын зерттеуші пәндер жүйесінде ғылым философияның орнын анықтау үшін оны басқа пәндерден айырып тұратын айрықша ерекшеліктерін ашып көрсету қажет. Егер ғылым тарихы деструкциялық, яғни тек баяндаушы ғылым ретінде түрлі ғылымдардың түрлі тарихи кезендерде ашқан жаңалықтарын ретіне қарай баяндап берумен айналысса, ғылым философиясының басты міндеті ғылыми таным процесін, оның заңдылықтарын зерттеу болып табылады. Одан ғылым социологиясының айырмашылығы сол, ол ғылыми мекемелер мен қауымдастықтарының құрылысын, ғылыми мекеме мүшелерінің арақатынасын, т. б. ұйымдасу жақтарын зерттейді. Алайда ғылым философиясынан басқа бір де бір ғылым ғылыми зерттеу процесінің өзін, ғылымның өсуі мен даму заңдарын арнайы зерттемейді.
Сөйтіп, ғылым философиясының негізгі пәні қоғам дамуының түрлі тарихи кезеңдерінде ғылыми білімдерді өндірудің, ақиқаттығын тексеріп, негіздеудің жалпы заңдылықтарын зерттеу болып табылады.
Ғылыми білімді негіздеудің, дамытудың жалпы заңдылықтарын зерттей отырып, ғылым философиясы қоғам тарихының түрлі кезеңдерінде объективтік ақиқат білімдерге қол жеткізудің рационалдық (тиімді) әдістері мен нормаларын табады. Алайда ғылым тарихшыларының мұқият зерттеп жинақтаған зерттеулерін пайдаланбайынша ғылым философиясы ол міндетті өз бетінше орындай алмайды. Соңдықтан ол бұл жерде ғылым тарихшыларының көмегіне сүйене отырып, ғылым дамуының жаңа бағыттарын анықтай алады. Ғылым социологтарының зерттеулері ғылыми білім өндірудің қазіргі нақты әлеуметтік-қоғамдық жағдайлары мен мүмкіндіктерін анықтауға жағдай жасайды. Ал ғылыми-творчестволық еңбекке психологиялық талдау жасаудың нәтижелері ғылыми ақиқат іздеудің логикалық-методикалық және психологиялық әдістерінің арасындағы айырмашықтарды анықтап, таным процесінің объективтік және субъективтік критерийлерін (өлшеуішін) ажырата білуге көмектеседі. Бұл бір жағынан.
Екінші жағынан алғанда, ғылым философиясы жеке ғылымдарды зерттеуші нақты пәндер үшін дүниеге көзқарастық және методологиялық тұрғыдан жалпы бағдар болып табылады. Ғылыми жаңалықтың нәтижелерін (ғылыми білімді) оны ашу процесіне (таным процесіне) қарама-қарсы қоюшы неопозитивистер мен сыншыл рационалистердің (К. Поппер т. б. ) әрекеті ғылымды зерттеуші ғалымдардың күшін біріктіріп үйлестіруге көмектеспеді. Сондықтан ғылым дамуының гипотезалық-дедукциялық әдісіне негізделген олардың бағыты сынға ұшырағаннан кейін оны талдаудың жаңа әдіс-тәсілдерін іздеу басталды. Ғалымдардың көпшілігі неопозитивистердің ғылыми білімді негіздеумен ғана шектелуі жаңа ғылыми идеялар мен гипотезалар табудың немесе жасаудың мүмкіндігін жоққа шығара алмайтынына баса назар аударды. Мұндай жұмысты ғылым философтары ғылыми творчество саласында психологиялық зерттеу жүргізуші ғалымдармен және сондай-ақ компьютерлік ғылымдардың өкілдерімен бірлесе жүргізуі тиіс. Жаңа ғылыми идеялар іздеп табу процесіне сын көзбен талдау жасау, жаңа зерттеу проблемалары міндеттерін ұсыну ғылыми зерттеудің нақты барысын дұрыс түсінуге мүмкіндіктер тудырады. Сол себепті де неопозитивизмді сынаушылар ең алдымен оның ғылым философиясына қарсы шықты, өйткені ол философия өзінің міндетін тек ғылымды негіздеу ісімен ғана байланыстырды.
Ғылым философиясы ғылым тарихымен өзара қарым-қатынасқа түскенде жеке тарихи фактілерді баяндаумен ғана шектелмеуі тиіс. Ол ғылымның даму тарихының заңдылықтары мен мәнді байланыстарын ашып беруі тиіс, ғылымның рухани мәдениетпен және практикалық қызметпен жан-жақты байланысын көрсететін зерттеу болашағына бағыт сілтеп, көмектесуі қажет. Сонымен бірге ғылым философиясының ойдағыдай дамуы үшін ғылым тарихыңдағы бай нақты факті материалдарына арқа сүйеп отыруы қажет. Мұндай өзара творчестволық байланыссыз ғылым философиясы құры бос сөзге айналар еді, ал ақиқат ғылыми дүниеге көзқарассыз ғылым тарихы айқын бағдарсыз, адасқан бірдеңе болар еді.
Ғылым автономиясын, яғни осы күнгі философиядан мүлдем тәуелсіз ғылым концепциясын ұсынушы позитивизмге қарсы қазіргі кезде ғылымды адамның басқа іс-әрекеттерімен тығыз байланысты құндылықтарды зерттеу проблемасы барған сайын алға тартылуда. Ғылым практикалық іс-әрекетте қажетті нәтижелерге жетуге көмектесетін техникалық құралдар, таным әдіс-тәсілдерін жасаумен ғана шектелмейді. Ол өзінің құндылықтар жүйесін басшылыққа алады. Бұл жүйедегі ең басты құндылық- объективтік ақиқатты іздеу процесі. Сондықтан қазіргі ғылым философиясында ғылымның ең басты мақсаты мен атқаратын қызметін ғылыми танымға тән құндылықтар тұрғысынан қайта қарау процесі жүргізілуде.
Қазіргі ғылыми-техникалық прогресс ғылыми білімнің өсуі мен дамуын аса маңызды проблемаға айналдырып отыр. Осыған байланысты ғылымды дамытудың көптеген түрлі жолдары мен концепциялары ұсынылуда. Солардың ішіндегі бір аса маңыздысы интерналистік деп аталатын, яғни ғылыми білімнің өсуінің ішкі себептері мен мүмкіндіктеріне, факторына негізделген концепциялар ерекше орын алады. Көптеген ғалымдар ғылым прогресі ең алдымен объективтік ақиқатты іздеумен және оған жетудің рациональдық (тиімді) әдіс-тәсілдерімен анықталады деген көзқарасты ұстанады. Алайда кейбір философтар ғылымның прогресін дүние жайлы объективті ақиқат білімнің өсуінен гөрі, нақты ғылыми проблемаларды шешуге ғылымның қаншалықты тиімді екендігімен түсіндіруге тырысады. Ал проблеманың тиімді шешілуі теорияның дамуымен қаншалықты байланысты екендігін еске алсақ, олардың арасындағы әлгіңде келтірілген қарама-қарсы қоюдың қисынсыздығын байқау қиын емес. Міне сондықтан да ақиқат білім ғылымның ең негізгі құндылығы болып табылады. Олай болса, ғылыми танымның бүкіл қызметі ақиқатты іздеуге және негіздеуге бағытталуы тиіс.
Ғылым философиясының қазіргі ғылыми-техникалық революциямен тығыз байланыстылығының екінші бір маңызды көрінісі - оның дамуында біртіндеп болатын эволюциялық өзгерістер мен бірден болатын түбірлі сапалық, революциялық өзгерістердің өзара байланыста болатындығы. Бұл проблеманы талқылау батыстың ғылым философиясында 1970 жылдары, американдық ғылым философы әрі тарихшысы Т. Кунның "Ғылыми революциялардың құрылымы" деген кітабы жарыққа шыққаннан кейін басталды. Ол бұл кітабында ғылым дамуына деген кумуляциялық көзқарасты сенімді түрде орынды сынады. Бұл теория бойынша, ғылым дамуы көп жаңа ғылыми ақиқаттардың үздіксіз жай жинақталуынан ғана тұрады; жаңа ақиқаттарды іздеу, жаңа зандардың ашылуы және жаңа ғылыми теориялардың құрылуы бұрын тұжырымдалған заңдар мен теорияларға ешқандай әсерін тигізбейді. Т. Кун астрономия, механика, физика мен химия ғылымдарынан көп нақты мысалдар келтіре отырып, ғылым дамуының кумуляциялық ұғымының қателігін көрсетіп, ғылым дамуында революциялық өзгерістердің қажетті түрде болатынын дәлелдеді. Ол ғылымдағы революция деп ғылымның даму барысында зерттеудің бір парадигмасынан екіншісіне өту арқылы бұрынғы түсініктердің қайта қаралуын, сөйтіп зерттеудің жаңа стратегиясына өтуді түсінді. Аталған кітаптың төңірегінде өрбіген айтыстар мен дискуссиялар ғылымның дамуына тарихи көзқарастың қалыптасуына көмектесіп, сонымен бірге ғылым тарихына тек баяндаушылық тұрғыдан ғана қарауға болмайтындығын көрсетті.
Сонымен, ғылым философиясы ғылымды әр түрлі тұрғыдан талдайтын жеке пәндер үшін дүниеге көзқарастық бағдар сілтеуші болып табылады, себебі ол ғылыми білімнің табиғаты мен құрылымын және сондай-ақ дүние туралы объективтік ақиқат білім алудың әдіс-тәсілдері мен нормаларын зерттейді.
2-лекция
Өркениет пен мәдениеттегі ғылым.
- Мәдениет жүйесіндегі ғылым және оның қоғамдағы орны мен функциялары.
- Философиялық концепцепциялардың ғылымның дамуына әсері.
- Ғылым тарихының әлеуметтік жақтары.
- Ғылымның шығармашылығындағы философияның рөлі.
- Ғылымның концепциялары.
Қазіргі заманы ғылым философиясының кейбір бастама идеяларын антик заманы философиясынан кездестіруге болады. Оған ертедегі Грецияның диалектикалық ойлау әдісін, математикалык, білімдерді құрудың аксиомалық әдісін және Аристотельдің формальдық логикасын жатқызуға болады. Ертедегі тәжірибелік білімдерінің дамыған жүйесі болмағандықтан, XVII ғ. Жаңа заман ғылымына тәжірибелік зерттеудің жаңа әдіс-тәсілдерін жасаудан бастауға тура келді. Осы мақсатта ағылшынның XVII ғ. философы Ф. Бэкон зерттеудің индукциялық әдісін жасады. Сонымен қатар италиян ғалымы Г. Галилей бақылау мен математикалық есептеу әдісін біріктіретін әлдеқайда күрделі де нәзік зерттеу әдістерін жасады. Олардың ішіндегі ең бір маңыздысы - эксперименттік әдісті Галилей механикалық қозғалыстың қарапайым формаларын зерттеу үшін қолданды. Бұл әдістің ерекшелігі сол, ол табиғат құбылыстарын натурфилософтар сияқты белгісіз бір күштердің және натурфилософиялық принциптердің көмегімен түсіндіруден бас тартты. Мұның орнына ол арнайы экспериментгер жасап, солардың көмегімен белгілі бір гипотезалар құру арқылы табиғатқа "сұрақтар қоя" бастады. Ол гипотеза-сұрақтарды тексеру үшін эксперименттердің нәтижесін математикалық тұрғыдан өндеу тәсілін қолданды. И. Кеплер планеталар қозғалысының заңдарын ашты және ақыр соңында И. Ньютон жасаған классикалық механика мен гравитация теориясы дүниенің механикалық көрінісін (бейнесін) жасауды аяқтады.
Дүниенің бұл ғылыми бейнесінің негізін құрған шындық дүниені ең жалпы детерминистік зандар басқарады деген түсінік болды, яғни дүниенің механистік көрінісінің мәні механикалық детерминизм принципінде деген ұғым берік орнады. Осы тұрғыдан қарағанда, шындық дүниеде барлық заттар мен құбылыстар механикалық себептер мен салдарлардың үздіксіз байланысынан тұрады, сондықтан олардың бәрі алдын-ала белгіленген деген түсінік үстем болды.
Астрономияда, физика мен химияда үстем идеяға айналған құбылыстардың өзара заңды байланысы туралы түсінік социология ғылымының бастамашысы болған және классикалық позитивизмнің негізін салған Огюст Контқа қатты әсер еткені сонша, ол механистік принципті қоғам өміріне қолдануға кірісті. Ол қоғамдық ғылымдардағы түрліше қияли-утопиялық жобалардан бас тартып, әлеуметтік өмірдің нақты фактілерін зерттеуге кірісу қажет, оларды мұқият талдау, жүйеге келтіру және жалпылау арқылы социологияны әлеуметтік физикаға айналдыруға болады деп есептеді. Ал ғылым философиясына келсек, ол ғылым ешқандай философияны қажет етпейді, нақты ғылымдардың үстінен қарайтын, сөйтіп оларға өз принциптерін жүктейтін метафизикадан ешқандай пайда жоқ деп санады. Сондықтан позитивтік (оң) философияның міндеті ғылыми танымның нақты нәтижелері мен қорытындыларын жай талдау, классификациялап, жүйеге келтіру ғана деп тұжырымдады О. Конт. Оның пікірінше, ғылым қайсы бір құбылыстар не себепті пайда болды деп сұрақ қоймастан, қалай пайда болғанын жай баяндап беруге міндетті. Осылайша құбылыстардың түпкі себебі мен мәнін зерттеуден бас тарту кейіннен позитивизмнің басты бір ережесіне айналды.
Белгілі ағылшын философы, экономисті Джон Стюарт Милль "Логика системасы" деген кітабында ғылымды индукциялық логиканың көмегімен тәжірибелік түрғыдан негіздеу дәстүрін жалғастыра отырып, өзінен бұрьш Ф. Бэкон тұжырымдаған индукцияның ережелерін жүйеге келтіріп, әрі қарай жетілдірді. Тәжірибеге жүгіну индукцияны негіздеу үшін жеткіліксіз екенін түсіне отырып, Милль табиғаттың біркелкі екендігі туралы априорлық принципті енгізді, сөйтіп эмпиризмнен алшақ кетті.
XIXғ. аяғы мен XX ғ. басына қарай ғалымдардың назары жаратылыстануда революция тудырған физика мен химияда болған ұлы жаңалықтарға ауды. Табиғи радиоактивтіктің ашылуы, энергияның сәулеленуі мен жұтылушының дискреттік сипаты, бұған дейін материяның әрі қарай бөлінбейтін ең кіші бөлшегі деп есептеліп келген атом құрылысының күрделі екендігінің ашылуы - мұның бәрі классикалық физика жасаған дүниенің ғылыми көрінісі жайлы ғалымдардың түсінігін түбірінен өзгертті. Оның орнына кванттық механика мен салыстырмалылық теорияға сүйенген дүниенің жаңа ғылыми көрінісі келді. Бірақ материя, энергия, кеңістік пен уақыт туралы бұрынғы түсініктердің түбірлі өзгерісі ғалымдардың кейбір тобының арасында ғылым зандары мен ұғымдарының объективтік мазмұнына күмәнданушылық тудырды. Мұндай релятивизмді жақтаушылар, егер ұғымдарымыз бен принциптеріміз өзгереді екен, онда олардың мазмұнында анық ақиқат ештеңе болмағаны деп пайымдады. Мұндай жағдайда ғылыми білімдердің салыстырмалылық мәселесі, салыстырмалы және абсолюттік ақиқаттардың арақатынас проблемасы бірінші қатарға шығатыны табиғи нәрсе.
XX ғасырдың 30 жылдарында ғылым философиясында XIX ғасырда позитивистер күн тәртібіне қойған проблемалар қайта көтеріле бастады. Ол проблемаларды шешу үшін зерттеудің жаңа әдіс-тәсілдері, атап айтқанда, сол кезге қарай жасалған математикалық (символдық) логика әдістері қолданыла бастады. Вена үйірмесінің және кейіннен неопозитивистер деп аталған эмпириктік философияның Берлиндік тобының өкілдері ғылым тіліне логикалық талдау жасау, сөйтіп теориялық физиканың тілі сияқты бір ізге келтірілген ғылыми тіл жасау - ғылым философиясының басты мақсаты деп жариялады. Осыған байланысты неопозитивистер логикалық позитивистер деген екінші атауға ие болды.
Тек тәжірибелік білімді ғана ақиқат білім деп санаған неопозитивистер теориялық ұғымдар мен пікірлерді қабылдау арқылы алынған сөйлемдерге жатқызуға тырысты. Осы сияқты мақсатты көздей отырып, қабылдауға негізделген таза тіл жасауға әрекеттенді. Бірақ олардың бұл әрекеті іске аспады, өйткені ғылым тілін теориялық терминдерден тазарта алмады. Верификация критерийінің көмегімен олар философиялық ой-пікірлер мазмұнсыз деп жариялауға әрекеттенді, өйткені оларды тәжірибелік жолмен тексеру мүмкін емес. Бірақ бұдан түк шықпады, өйткені оңда таза математикалық теоремаларды да, тіпті жаратылыстанудың негізгі теориялық қағидаларын да жалған деп жариялауға тура келер еді.
Неопозитивистік ғылым философисы жаңа білімді іздеу және дамыту проблемаларын мүлдем қарастырмай, дайын білімдерді тексерумен және негіздеумен ғана айналысуды өз міндеті деп санайтынын жоғарыда айттық. Ғылыми жаңалық ашу проблемаларымен ғылыми творчество психологиясы айналысуы тиіс деп санайды. Осындай міндетгі басшылыққа алған неопозитивистер ғылыми зерттеудің гипотезалық-дедукциялық әдісін қолданды. Бұл әдіс бойынша, ғылым философиясы гипотезалар жасаумен немесе ойлап табумен айналыспай, гипотезаларды, ғылыми жорамалдарды логикалық жағынан талдаумен, яғни олардан туатын қажетті логикалық салдардың бәрін қорытып шығарып, оларды эксперименттермен және бақылаулардың нәтижелерімен салыстыру ғана.
Карл Поппер ақиқатты анықтаудың верификациялық критерийіне қарсы шығып, оның орнына шын ғылымды жалған ғылымнан айырудың басқа критерийін ұсынды - ол ғылыми гипотезалар мен теорияларды фальсификациялауға, яғни бекерлеуге негізделді. Поппер бірақ ғылым философиясы ғылыми білімді негіздеу мәселелерімен ғана айналысуы тиіс деген неопозитивистердің басты тезисін теріске шығармады.
Ғылым философиясының неопозитивистік түсінігі қатаң сынға көп ұшырап, кейін басқа түсініктермен, көзқарастармен ауыстырылуға мәжбүр болды, сөйтіп оның орнына көптеген оған қарама-қарсы бағыттар, көзқарастар мен мектептер пайда болды. Солардың ішіндегі ең беделдісі ғылыми білімді зерттеу процесіне тарихи көзқарас тұрғысынан қарау болды. Қазіргі ғылым философиясын зерттеудің одан басқа да жаңа бағыттары шықты.
3-лекция
Ғылымның пайда болуы. Ғылымның тарихи дамуының негізгі кезеңдері.
- Ғылымның пайда болу проблемалары.
- Ежелгі мәдинет адамдарының дүниетанымдарының ерекшеліктері мен мәдениеті.
- Ежелгі Греция ғылымның отаны.
- Орта ғасырдағы Европадағы ғылыми таным.
- Шығыс ортағасыр ғылыми.
"Эпистемология" деген ертедегі грек сөзін қазақшаласақ, "episteme" білім дегенді, ал "1оgos" ілім, ғылым дегенді білдіреді екен. Сөйтіп ертедегі Грецияда эпистемология деп дәлелді, ақиқат білім туралы ілімді түсініпті. Олар мұндай білімге математика мен логиканы және астрономияның қайсы бір жақтарын жатқызды. Қалған басқа білімдердің бәрі жай пікір (dоха) деп саналды. Ертедегі грек философтары Парменид пен Платон эпистемологияны ақиқат туралы білім деп қарастырып, оны сезімдік бақылауларға негізделген пікірлерге қарсы қойды.
Қазіргі заманғы философиялық әдебиетте эпистемология көбінесе ғылыми таным теориясы мағынасында қолданылады, ал жалпы таным теориясын білдіру үшін әдетте "гносеология" термині пайдаланылады. К. Поппердің пікірінше, эпистемология дегеніміз "ғылымның болмысын және оның өсуін түсіндіруте тырысатын" ғылыми таным теориясы. Дәлелді ақиқат білімнің жай күнделікті білімнен айырмашылығы ертедегі гректерге де белгілі болғанымен, ғылыми білімнің эпистемологиялық проблемаларын зерттеу шын мәнінде тек Жаңа заманда ғана басталды. Шындық дүниені ғылыми тұрғыдан зерттеудің күнделікті қисыңды мәнге негізделген практикалық танымнан түбірлі айырмашылығы бар екендігі Жаңа заманда ғана анықталды. Мәселен, Аристотельдің физикасы бойынша және күнделікті қисынды мәніне қарай тұжырымдалған пікір бойынша да сыртқы күш әсер етпеген дененің қозғалысы бірден тоқтауы тиіс, ал Галилейдің инерциялық принципі бойынша ол түзу сызық бойымен қозғала береді. Галилей енгізген ең басты жаңалық ғылыми зерттеудің арнайы әдісі ретінде ғылымда экспериментті пайдалану болды. Галилей тарихта тұңғыш рет тәжірибеде байқалатын эмпириялық құбылысты оның логикалық талдауымен біріктіруді математикалық әдістердің көмегімен іске асырды. Ғылымның әрі қарай дамуы барысында математикалық әдіс табиғаттың түрлі құбылыстары мен объектілерін зерттеуде барған сайын кеңінен қолданыла берді. Галилейдің "табиғаттың кітабы математика тілінде жазылған" деген қанатты сөздері математикалық әдістің ғылымда зор маңызы бар екенін, сондықтан математика тілін білген адам ғана табиғат құбылыстарын ойдағыдай зерттей алатынын атап көрсету мақсатында айтылған.
XVII ғасырда классикалық ғылымның тууына байланысты классикалық эпистемиология туды. Ол көбінесе ғылыми білім алу, оны зерттеп, дәлелдеу проблемаларын талдауға көңіл бөлді. Кезінде ғылыми білім алудың теориялық және дедукциялық әдістерін талдаумен Р. Декарт пен Г. В. Лейбниц айналысты, ал Ф. Бэкон зерттеудің индукциялық әдісін тұжырымдады. Ол кездегі эпистемология өзінің таным әдістері мен принциптерін, ақиқат критерийлерін бұрынғы натурфилософия мен ортағасырлық схоластикалық философияны сынау барысында тұжырымдады. Жаңа индукциялық логиканы жасаудың бастамашысы болған Ф. Бэконның қызметі дәл сол мақсатқа бағытталған еді, өйткені Аристотельдің дедукцилық логикасы (силлогизмі) табиғат құбылыстарын зерттеуге жарамады. Табиғатты зерттеу мақсаттарына әсіресе Галилейдің эксперименттік әдісі дәл келді, өйткені Галилей эксперименті табиғат құбылыстарына жай бақылау жүргізу мағынасында түсінген жоқ, Белгілі мақсатқа сәйкес ұйымдастырылған зерттеу процесі мағынасында түсінді, өйткені мұндай эксперименттік зерттеуде құбылыстарды бақылаудың сезімдік-тәжірибелік әдісі мен олардың мәнін ашудың рационалдық әдістері өзара бірлікте қолданылып, бірін-бірі толықтырып отырады.
Дегенмен, ғылымның одан әрі даму барысында жаңа ақиқаттарды ашудың ешқандай логикасы жоқ екендігі анықталды. Сондықтан классикалық эпистемология содан кейін ғылыми білімді негіздеу пробемасына күш сала бастады. Білімді негіздеу деп ол жеке ғылымдардың даму барысында қалыптасқан зерттеу әдістерін, нормалары мен критерийлерді қатаң сақтауды түсінеді, ал бұл түсінік кейіннен классикалық эпистемология шеңберінде танымның эмпириялық және рационалдық әдістерінің арақатынасын кеңінен талқылауға жағдай жасады. Егер эмпиризмді жақтаушылар ғылыми білімнің бірден-бір сенімді көзі түйсік пен қабылдауға негізделген сезімдік тәжірибе деп есептеген болса, ал рационализмнің жақтаушылары ақыл-ой ғана және соған негізделген рациональдық таным әдістері ғана сенімді ақиқат білімге қол жеткізеді деп дәлелдеді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz