Сөзжасам – лингвистика ғылымында жеке сала ретінде кеш дамып, жетіліп келе жатқан сала


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 49 бет
Таңдаулыға:   

КІРІСПЕ

Зерттеудің өзектілігі. Сөзжасамның дербес сала ретінде танылуы 1989 жылы жарық көрген «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» атты монографиялық еңбекпен тығыз байланысты. Аталмыш монографиялық еңбекте сөзжасам жүйесі синхронды аспектіде қарастырылып, сөзжасам жүйесінің жалпы теориялық мәселелері тұңғыш рет ғылымда анықталған болатын, соның ішінде сөзжасамдық ұя мәселесі көтеріліп, ғылыми айналымға түскен. Сөзжасам ұяларының бір мүшесі ретінде онда сөзжасамдық тізбек мәселесі де көтерілген.

Қазіргі қазақ тіл білімінде сөзжасамдық тізбекке алғаш ғылыми анықтама берген профессор Н. О. Оралбаева. Сөзжасамдық тізбекке берілген анықтамалар мен кішігірім сипаттамалар Ж. Есімсейітов, А. Салқынбай, З. Бейсембаева еңбектерінде де кездеседі. Бірақ ғылыми еңбектерінде сөзжасамдық тізбек негізгі нысанаға алынбаған. Бұл - сөзжасамдық тізбек мәселесінің қазіргі қазақ тіл білімінде арнайы зерттеу нысаны болмаған тың тақырып екендігіне дәлел.

Сөзжасамдық тізбек - қазақ тіліндегі сөзжасамдық ұялардың өзекті бір күрделі мүшесі, оның өзіндік құрылымы ұяда атқаратын қызметі, өзіндік белгілері бар. Сөзжасамдық тізбектік сыр-сипаты ашылмай, тілдің сөзжасам жүйесінің күрделі мәселесіне жататын сөзжасамдық ұя мәселесі шешілмейді. Бұл сөзжасамдық тізбектерді зертеудің өзектілігін дәлелдейді.

Зерттеудің нысаны. Дипломдық жұмыстың қазіргі қазақ тіліндегі бір буынды қимыл-қозғалыс салт етістіктері негізінде жасалған сөзжасамдық ұялардың құрамындағы сөзжасамдық тізбектерді зерттеу.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың негізгі мақсаты - бір буынды қимыл-қозғалыс салт етістіктері негізінде жасалған сөзжасамдық ұялардың құрамындағы сөзжасамдық тізбектерді теориялық негізде зерттеп, оның сөзжасам жүйесінен, сөзжасамдық ұялардан алатын орнын, атқаратын қызметін, тізбектердің құрылымын, өзіндік ерекшелігін анықтау, тілде жиі қолданылатын бір буынды қимыл-қозғалыс салт етістіктерінің сөзжасамдық қабілетін айқындау. Осы мақсатқа жету үшін, төмендегідей міндеттерді орындауға ұмтылыс жасалды:

  • сөзжасамдық тізбекке толық сипаттама беріп, оның тұлғалық және мағыналық құрылымын анықтау;
  • сөзжасамдық тізбектің сөзжасамдық ұядағы алатын орны мен маңызын анықтау;
  • бір буынды қимыл-қозғалыс салт етістіктер негізінде жасалған сөзжасамдық ұялардың құрамындағы сөзжасамдық тізбектерді ішкі мүшелері бойынша талдап, түп негіз сөздердің, тізбектегі мүшелердің сөз тудыру қабілетін анықтау;
  • сөзжасамдық сатылардың сөзжасамдық тізбектің құрылымын анықтаудағы қызметін көрсету;
  • сөзжасамдық жұптың тізбек құрамында атқаратын қызметін анықтау;
  • сөзжасамдық тізбек бойындағы туынды түбір сөздердің сөзтабылық құрылымын сөзтабылық үлгілер бойынша талдап, анықтау.

Зерттеудің дереккөздері. Зерттеу жұмысына қазақ көркемсөз шеберлерінің шығармаларынан, мерзімді баспа беттерінен, 10 томдық қазақ тілінің түсіндірме сөздігінен, терминологиялық т. б. сөздіктерден жиналған мысалдар дерек болды.

Зерттеу әдістері. Жұмысты жазу барысында ғылыми сипаттама, анализ, синтез әдістері, компоненттік, морфемалық талдау, салыстыру, статистикалық әдістер қолданылды.

Зерттеудің әдістанымдық негіздері. Ғылыми еңбекте мәселені зерттеуде тіл білімі ғылымының қол жеткізген жоғары жетістіктері негізге алынды. Нақты айтқанда, зерттеуге жалпы тіл білімі, орыс тіл білімі, түркология, қазақ тіл біліміндегі сөзжасамға қатысты сөзжасамдық ұя, сөзжасамдық тізбек, ситагма, негізділік, туынды түбір сөздер теориясы т. б. сөзжасамдық бірліктер теориясы негіз болды.

Еңбектің ғылыми жаңалығы. Бір буынды қимыл-қозғалыс салт етістіктер негізінде жасалған сөзжасамдық ұялардың құрамындағы сөзжасамдық тізбектерді зерттеу барысында мына төмендегі мәселелер ғылыми шешімін тапты:

  • Сөзжасамдық тізбек қазақ тіл білімінде бұрын-соңды арнайы зерттелмегендіктен, сөзжасамдық тізбек мәселесінің теориялық толық сипаттамасы жасалды.
  • Сөзжасамдық тізбектің сөзжасам жүйесінде алатын орны, атқаратын қызметі, өзіндік ерекшеліктері өз шешімін тапты.
  • Сөзжасамдық тізбектің тұлғалық, мағыналық құрылымы анықталды және олардың негізгі белгілері айқындалды.
  • Сөзжасам жүйесіне байланысты соның ішінде, сөзжасамдық тізбектерді топтастыруда және анықтауда қолданылатын термин сөздер анықталды.
  • Бір буынды қимыл-қозғалысты салт етістіктері негізінде жасалған сөзжасамдық ұялардағы сөзжасамдық тізбектер сөзтабылық құрылымы тұрғысынан бірнеше сөзтабылық үлгілер бойынша топтастырылды.

Зерттеудің теориялық маңызы. Зерттеу жұмысының нәтижелері сөзжасам теориясын толықтырады, сөзжасамдық ұя, сөзжасамдық тізбек және ондағы туынды сөздер теориясына қосылған үлкен үлес болып табылады. Жұмыс барысында жасалған теориялық тұжырымдардың осы мәселенің одан әрі зерттелуіне, басқа да сөзжасамдық ұялардың зерттелуіне әсері болады. Сөзжасамдық ұя теориясының дамуына үлес болып қосылып, оның келешегіне жол ашады.

Зерттеудің практикалық маңызы. Диссертация нәтижелерін жоғары оқу орындарында сөзжасам пәні бойынша арнайы курстар оқып, семинарлар жүргізуде пайдалануға болады. Сонымен қатар, зерттеу жұмысының нәтижелері болашақта сөзжасамның оқулық, оқу құралдарын жазушы, сөзжасамдық ұя сөздігін құрастырушы ғалымдарға пайдалы болмақ.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Дипломдық жұмыс кіріспеден, екі тараудан, әр тарауға байланысты жеке тұжырымдар мен қорытындыдан тұрады. Жұмыс соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен қосымша беріледі.

1. СӨЗЖАСАМДЫҚ ТІЗБЕКТЕР МӘСЕЛЕСІНІҢ ҒЫЛЫМИ СИПАТТАМАСЫ

1. 1. Сөзжасамдық тізбектердің зерттелу тарихына шолу

Сөзжасам - лингвистика ғылымында жеке сала ретінде кеш дамып, жетіліп келе жатқан сала. Қазақ тіл білімінде ол жеке сала ретінде 80, 90-жылдардан бері қарай зерттеле бастады. Бұрын жеке сала ретінде мән беріле қоймаған сөзжасам мәселесі грамматиканың морфология саласында, кейбір мәселелері лексикология салсында қарастырылып келді. Бұған сөзжасам жүесінің теориялық мәселелерінің назардан тыс қалып келгендігін білеміз. Бұл жөнінде профессор Н. Оралбаева «Сөзжасам жеке сала ретінде танылмай, жеке сөз таптарының құрамында қаралып жүргенде, сөзжасамның жалпы теориялық мәселелері зерттелмей, барлық назар жеке сөз таптарын жасау төңірегінде болды. Бұл сөзжасамның жеке проблемаларының зерттеліп, жалпы теориялық проблемаларының артта қалуына әкелді», - дейді [1, 5] .

Ғалым Қ. Қалиев жоғарыдағы мәселе жөніндегі өз ойын «Сөз тудыру - жеке сала» деген мақаласында былай көрсетеді: «Сөз тудырудың грамматикаға да, лексикологияға да қатысты екені даусыз, өйткені ол сөз жасау жағынан грамматикамен, сөздік құрамды толықтыру жағынан лексикологиямен ұштасып жатыр. Бірақ сөз тудыруды тек грамматикада болмаса, лексикологияда қарастыруда оның өзіне тән ерекшелігінен туатын аспектілері назардан тыс қалады» [2, 59] .

Қазіргі таңда сөзжасам - тіл білімінің жеке бір саласы. Сөзжасамның дербес сала ретінде танылып, теориялық дәлелдеулері белгілі бір деңгейге көтерілуі 1989 жылғы «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» - атты монографияға байланысты. Көрсетілген монографияда ғалымдар сөзжасамды тіл білімінің жеке, дербес саласына жатқызып, сөзжасамның негізгі объектісіне сөз жасаушы тәсілдерді, сөз жасаушы тілдік нұсқаларды, сөзжасамдық типтер мен тізбектер, сөздің жасалу үлгілерін, туынды сөздер мен олардың түрлерін, сөзжасамдық заңдылықтар мен сөзжасамның сөз таптарына қатысын жатқыза отырып, сөзжасам тілдегі сөз жасау процесімен байланысты барлық құбылыстар мен заңдылықтарды зерттейтінін көрсетті. Осы мәселе төңірегінде алғаш мағлуматтар беріліп, тұжырымдар жасалды [1, 368] .

Сонымен қатар, сөзжасамның жеке сала ретінде қалыптасуына кейінгі он жылдықта жазылған ғалымдардың еңбектерінің де қосқан үлесі көп. Олардың қатарына: Н. Оралбаеваның «Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімнің сөзжасам жүйесі» А., 1988 ж., С. Исаевтың «Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты» А., 1998 ж. атты еңбектері мен З. К. Ахметжанованың «Сопоставительное исследование лексики тюркских (казахского, киргизского, узбекского) и руского языков» деген диссертациялық жұмысын А., 1981 ж., Л. Жаналинаның «Сопоставительные словообазование русского и казахского языка» А., 1998 ж., З. Бейсембаеваның «Сөзжасамды оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» А., 1998 ж. монографияларын жатқызуға болады.

Н. Оралбаева «Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімнің сөзжасам жүйесі» атты еңбегінде сөзжасам жүйесінен жалпы мәлімет бере отырып, сан есімнің сөзжасам жүйесін жан-жақты қарастырады. Сан есім сөзжасамының негізгі жасалу тәсілдері көрсетіліп, олардың сөзжасам жүйесінен алатын орны сипатталады [3] .

С. Исаев жоғарыда аты аталған монографиясының 4-бөлімін толығымен сөзжасам және сөз тудыру тәсілдеріне арнаған. Автор еңбегінде «Сөзжасамның негізгі объектісі болып табылатын жаңа сөз жасау процесінің ерекшеліктерінен туындайтын өзіндік жүйелері бар, ол ең алдымен, сөзжасам тәсілдерімен бірге сөзжасам үлгілер, сөзжасамдық мағына, сөзжасамдық қатар, сөзжасамдық құрылым деген ұғымдармен байланысты» дей келе, сөзжасам тәсілдеріне жеке-жеке тоқталып өткен [4, 252] .

Л. Жаналинаның монографиясында орыс-қазақ тілдеріндегі сөзжасам мәселелері синхронды, диахронды аспектілер негізінде салыстырмалы түрде қарастырылады [5] .

З. Бейсембаеваның аталмыш монографиясында сөзжасамның ғылыми негізі, сипаты және осылардың негізінде сөзжасамды орта мектепте оқытудың жолдары көрсетіледі. Кітапта орта мектептердің 2-7 сыныптарына арналған сөзжасам бойынша жоба-бағдарлама жасалып ұсынылған [6] .

Кейінгі кезде сөзжасам мәселелері жөнінде өзіндік көзқарасын түйндеген бір қатар зерттеу жұмыстар қорғалды. Сөзжасамның жеке сала ретінде танылып, оның өзіндік ерекшеліктері айқындалуда бұл зерттеу жұмыстарының орны ерекше. Бұл ретте А. Салқынбайдың, Б. Қосымованың, Г. Жекембаеваның, Г. Шаһарманның, Ж. Отарбекованың, З. Умирзакованың зерттеу жұмыстарын атауға болады.

А. Салқынбайдың «Тарихи сөзжасам» атты докторлық диссертациясында сөзжасам семантикалық аспект тұрғысынан қарастырылған. Ғалым сөзжасам жүйесінің түркологияда, соның ішінде қазақ тіл біліміндегі зерттелуіне тоқтала отырып, сөзжасам жүйесімен байланысты бірнеше мәселелерді қарастырады. Олар төмендегіше: 1) сөзжасамның зерттеу нысаны; 2) сөзжасамның семантикалық табиғаты; 3) сөзжасам процесінің лингвогенездік негізі; 4) фонетика-семантикалық тарихи сөзжасам; 5) семантикалық сөзжасамның мотивациялық негізділігі; 6) синтетика-семантикалық сөзжасамның парадигматикасы мен ситагматикасы; 7) тіркестердің атаулық сипаты мен рөлі [7] .

Б. Қосымованың «Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі етістіктер» деген зерттеу жұмысында күрделі етістіктер сөзжасамының нысанасы тұрғысынан қаралып, оның жасалу жолы мен мағыналық ерекшеліктері ғылыми негізде дәлелденді [8] .

Г. Е. Жексембаеваның «Қазақ тіліндегі кірме сөздердің сөзжасам қызметі» атты кандидаттық диссертациясында қазіргі қазақ тіліндегі кірме сөздердің сөзжасам қызметі, тілде орнығуы, сөз тудыру ерекшеліктері қарастырылады. Моңғол, орыс, араб, парсы тілдерінің қазақ тіліндегі сөзжасамдық қасиеті анықталып, көрсетілген тілдердің қазақ тілінің дамуына тигізген әсері сөз болады [9] .

Г. Шаһарманның кандидаттық диссертациясында сан есім негізінде жасалған туынды сөздердің құрамы, өзіндік ерекшеліктері, жасалу жолдары жан-жақты қарастырылады. Диссертацияда сан есім сөздердің мағыналарына туынды мағыналардың қосылуы сөзжасамның мағыналық (лексика-семантикалық), синтетикалық (морфологиялық), аналитикалық (синтаксистік) тәсілдері арқылы жүзеге асатындығы туралы айтылады [10] .

Ал Ж. Отарбекованың зерттеу жұмысының негізінде ортағасырлық (1602) түркі жазба мәдениетінің тамаша үлгісі Қадырғали Қосымұлы Жалайыридың «Жами ат-тауарих» атты шежіресі алынған. Зерттеуші өз еңбегінде ескерткіш тіліндегі сөзжасамды қазіргі қазақ тіліндегі сөзжасам процесімен салыстыра қарайды. Шежіредегі сөздердің жасалу табиғатын, даму сипатын сөзжасам жүйесін зерттеуге арқау етеді [11] .

З. Умирзакованың «Словообразовательные поле наименований лиц по профессии русского и казахского языков» атты кандидаттық диссертациясында орыс және қазақ тілдеріндегі мамандық атауларының сөзжасам қабілетін салыстыра қарай отырып, орыс және қазақ тілдеріндегі сөзжасамның жетістіктерімен осы мәселе төңірегіндегі кейбір теориялық тұжырымдарды нақтылайды.

Жоғарыдағы еңбектерде сөзжасамның теориялық мәселелері қарастырылса, енді бір ғалымдар өздерінің еңбектерін әр кезеңдегі ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан асыл қазына төл туынды сөздерді жинақтап, басын біріктіріп, жүйеге келтіріп сөздік ретінде ұсынып отыр. Қандай да бір сөздік белгілі бір мақсат үшін, қоғамдық сұраныс пен қажеттілікті атқару үшін жасалатындығы белгілі. Олай болса мына ғалымдарды атап айтсақ, А. Ибатовтың «Қазақ тіліндегі туынды сөздер сөздігі» А., 1988, Р. Сыздықованың «Қазақ лексикасындағы жаңа қолданыстар» А., 1990, А. Алдашева, Ш. Сарыбаев, Н. Уәлиевтің «Жаңа атаулар» А., 1992, О. Тоққожаеваның «Қазақ тіліндегі сөзжасамдық ұялар сөздігі» А., 1996, Б. Қ. Қасымның «Күрделі зат есімдер сөздігі» А., 1999 сияқты еңбектердің сөзжасамдық ұя жасауда берер пайдасы мол.

А. Ибатовтың «Қазақ тілінің туынды сөздер сөздігі» қазақ тіліндегі туынды сөздердің жүйелі жиынтығын, сөздердің сөз тудыру мүмкіншілігін көрсетудегі арнайы жасалған еңбек болып табылады. Сөздікте 14 мыңға жуық сөз қамтылған. Автор туынды сөздердің қалай жасалғананын анықтауда туынды сөздерді түбірден қосымшаға қарай және керісінше қосымшадан түбір тұлғаға қарай қуалай отырып талдау жасау, амалын қолданған /12/.

Р. Сыздықованың 1985 жылы жарық көрген «Қазақ лексикасындағы жаңа қолданыстар» сөздігі толықтырылып, баспадан 1990 жылы қайта шықты. Алғашқы сөздікте 1973-1983 жылдар арасындағы жаңа қолданыстар қамтылса, кейінгі бсылымында 1984-1988 жылдар аралығында пайда болған жаңа сөздер енгізілген. Автор сөздіктің құндылығы туралы төмендегідей айтады: « . . . сөздік қазынаны молайтатын, тілдің ілгері даму процесін көрсететін бағалы дүниеліктер» /13, 7/.

А. Алдашева, Ш. Сарыбаев, Н. Уәлиев құрастырған «Жаңа атаулар» атты сөздік 1992 жылы толықтырылып қайта жарық көрді. Сөздік 1984-1991 жылдарда жиналған материалдар негізінде жасалған. Сөздікте сөзжасам тәсілдері арқылы жасалған жаңа сөздер, жаңа мағынада қолданылған бұрынғы сөздер, қазіргі қоғам өмірі тудырған жаңа құбылыс, зат, іс-әрекет т. б. атаулары болып келетін, мағынасын ашып беруді талап ететін тіркестер енді .

Ал О. Тоққожаеваның «Қазақ тіліндегі сөзжасамдық ұялар сөздігі» қазақ тіліндегі түбірлес сөздерді сөзжасамдық ұяларға топтастыру негізінде жасалған алғашқы еңбек. Бұл еңбекте бір буынды есім негізден тараған 511 ұяға кіретін 9 мың 980 туынды сөз қамтылған /14/.

Б. Қ. Қасымның «Күрделі зат есімдер сөздігі» тіліміздегі сөзжасамның аналитикалық амал-тәсілдері арқылы жасалған зат есімдерді қамтыған. Автор сөздіктің кіріспе бөлімінде «Күрделі зат есімдердің сөзжасамдық тізбегін бермедік:

Ақсақал - ақсақалдай

- ақсақалды

- ақсақалдық.

Келешек жұмыста күрделі зат есімдердің сөзжасамдық қосағын, сөзжасамдық тізбегін, сөзжасамдық ұясын жасау, морфемдік тұлғаларды анықтау мақсаты бар» деп ескертеді /15, 11/. Әр жылдары жарияланып, қазақ тілі сөзжасамының дамуына өз үлестерін қосқан Н. Оралбаева, Е. Жанпейісов пен С. Нұрханов, Ә. Ағманов, Қ. Есенов, Ж. Отарбекова, А. Салқынбай, Т. Тоқтарова, Н. Қоқышева т. б. ғалымдардың ғылыми мақалаларын да айта өткен жөн. Жоғарыда көрсетілген авторлардың ғылыми мақаларында негізінен сөзжасамның жеке сала ретінде қалыптасуы, сөзжасамның тілдің басқа салаларымен, әсіресе, морфология, лексикологиямен байланысы, айырмашылығы, сөзжасамдық ұя, тізбек, тарам, жұп т. б. сияқты сөзжасамның құрылымдық бірліктері негізінде зерттеу, олардың тарихына шолу жасау мәселелері қарстырылады.

Сонымен, жоғарыдағы келтірілген деректерге сүйенетін болсақ, қазіргі кезде қазақ тілінің әбден қалыптасқан өте күрделі сөзжасам жүйесі бар. Дегенмен, тілде сөзжасам мәселесіне байланысты жоғарыда келтірілген деректерден басқа мәліметтер жоқ екен деген ойдан аулақ болу керек. Сөзжасам жүйесіне арналып жазылған жоғарыда аталған ғалымдардың еңбектерінде сөзжасам жүйесінің зерттеуіне шолу жасалғандықтан, біз қысқаша тоқталып өттік. Біз тоқталған деректерді сөзжасам саласының жеке сала ретінде қалыптасқаннан кейінгі кезеңде жасалып жатқан іс-шаралар деп түсінген дұрыс. Ал сөзжасамның қазіргідей дәрежеге жетуінің негізі әріде. Басқаша айтар болсақ тіліміздің әбден қалыптасқан, орныққан, өте күрделі сөзжасамы - ұзақ уақыттағы дамудың нәтижесі. О. Отарбекова «Сөзжасам мәселелері және оның түркологияда зерттелуі» атты мақаласында сөзжасам проблемаларына қатысты еңбектерге шолу жасай отырып, түркологиядағы сөзжасамның зерттелуін мынадай кезеңдерге бөлуге болатындығын жазады.

  1. ХІХ ғасырға дейінгі кезең. Сөзжасам қосымшалары туралы ілімнің негізі қалануы.
  2. ХІХ ғасырдың басынан бастап Октябрь революциясына дейінгі кезең. Сөзжасам туралы ағаш зерттеулердің жарық көруі.
  3. ХХ ғасырдың бірінші жартысы. Көптеген ғылыми грамматикалардың жарық көріп, сөзжасамның морфологияның бір элементі ретінде қарастырылуы.
  4. 1950 жылдардан кейінгі кезең. Негізінде морфологияда қарастырылғанымен, сөзжасамның өзіндік қасиеттерінің (өнімді, өнімсіз, құнарлы, құнарсыздығы) зерттелуі, дербес сала ретінде арнайы зерттеу объектісіне айналуы, тарихи тұрғыдан зерттеле бастауы [16, 8] .

Ғалым Ж. Отарбекованың түркологиядағы сөзжасамның зерттелуін 4 кезеңге топтастыруын қолдай отырып, өз тарапымыздан осы топтастыруға 5- кезеңді қосуды ұсынамыз. Бұл кезеңдегі сөзжасамның тіл білімінің жеке саласы тұрғысынан зерттеле бастауы яғни сөзжасамның жалпы теориялық мәселелері оның ішінде сөзжасамдық ұя, сөзжасамдық тізбек, сөзжасамдық тарам, сөзжасамдық тип т. б. синхронды сөзжасам жүйесінің комплексті бірліктері тұрғысынан зерттеу негізге алынады. Сонымен, ғалым көрсеткен 4-кезең 1950 жыл мен 1989 жыл аралығындағы сөзжасамның зерттелуін қамтиды да, біздің қосқан 5-кезеңіміз 1989 жылдан бергі кезеңді қамтиды. 5- кезең профессор Н. Оралбаеваның басшылық жасауымен қазақ тіл білімінде алғаш арнайы жазылған «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» атты монографиямен байланысты. Сонымен, сөзжасам тілдің дамуымен бірге дами отыра, талай даму сатыларынан өтіп, әбден толығып, күрделеніп қазіргі өте жүйелі дәрежеге жеткен. Мәселен, ғалым А. В. Гладилин сөзжасамды зерттеу барысында ұстанған ғалымдар көзқарасын 3-ке жіктейді. Олар: 1) «морфологиялық» немесе «сөзтабылық» («морфологической» или «частеречной») ; 2) «реляторлы» немесе «генотипті» («реляторной» или «генотипической») ; 3) «ұялы» концепция. Ғалым әрбір концепцияға жеке-жеке тоқталып, олардың өзіндік ерекшелігін және сөзжасам жүйесінің дамуына қосқан үлесіне сипаттама жасай отырып, осы концепциялардың ішіндегі соңғы ұялы концепцияның сөзжасамды зерттеуде тиімді екендігін айтады. «Дело в том, что все ранее существовавщие взгляды на систему строились в основном на описании только одного типа системных связей - связей по тождеству формы. И система словообразовательных типов, и система моделей внутренного устройства, и система генотипов в конечном счете сводятся к классификации, группированию разрозненных, разнокорненных производных слов либо по тоджеству форманта, либо по тоджеству категорияльной принадлежности, либо по тоджеству морфемного устройства. Все эти системы не учитывают еще одного важнейшего типа системных связей - формально-семантических отношений между родственными словами. А этот тип связей наиболее полно, отчетливо и целостно проявляется в словообразовательном гнезде» [17, 21] .

Сөзжасам жүйесін ұялар арқылы сипаттаудың алғашқы жүйеленген тәжірибесін А. Н. Тихонов еңбектерінен көреміз [18, 32] . А. Н. Тихонов сөзжасамдық ұяларға қатысты жарық көрген еңбектерінде сөздерді ұялау теориясымен байланысты бірнеше мәселелерді талқылай отырып, сөзжасам жүйесін сөзжасамдық ұялардың жиынтығы ретінде қарастырады. 1970-80 жылдары ғалым А. Н. Тихонов көтерген мәселелер мыналар: 1) сөздерді синхрониялық ұяға жатқызу критерийлері; 2) ұядағы сөздердің өзара мағыналық қатынастары; 3) көп мағыналы түп негіздің мағыналарының ұядағы көрінісі; 4) түп негіз бен сөздің ұя жасаудағы өндірілімдік дәрежесі; 5) сөзжасамның комплексті бірліктері т. б.

Тілдің сөзжасам жүйесін сөзжасамдық ұялар тұрғысынан зерттеуде өз теориялық үлесін Е. Л. Гинзбург, П. А. Соболева, Е. А. Земская, И. С. Улуханов, А. Н. Немченко, Л. К. Жаналина және т. б. ғалымдардың ғылыми еңбектері қосты. Ғылыми еңбектер орыс тілі материалдары негізінде қарастырылды. Яғни ғалымдар зат есім, сын есім, етістік сияқты сөз таптарына қатысты лексика семантикалық топтар мен тақырыптық топтар негізінде жасалған ұяларға талдау жасай отырып, сөзжасамдық ұяның жалпы теориясын жасады. Мәселен, Е. Л. Гинзбург, П. А. Соболева сөзжасамдық ұяларды аппликативті жасалым үлгілері әдісімен зерттейді. Ғалымдар өз еңбектерінде сөздерді ұяларға топтау мәселелері, сөзжасамның құрылымдық бірліктерінің иерерхиясы, олардың сөзжасам жүйесіндегі орнын, сөзжасамдық ұялардың мағыналық құрылысын қарастырады.

Ал Е. А. Земская сөзжасамдық ұяны синхронды және диахронды аспектілер тұрғысынан қарастыра отырып, синхронды сөзжасам жүйесінің құрамды (комплексный) бірліктерін зерттейді.

Профессор Л. К. Жаналинаның еңбектерінде де сөзжасам мәселелері кеңінін қарастырылады. Ғалым мұнда сөзжасамдағы синхрония мен диахрония ұғымдарына қатысты мәселелерді, сондай-ақ, мотивация, сөзжасамдық қатынастар, семантиканың негізгі бірлігі - сөзжасамдық мағына т. б. көптеген күрделі мәселелерді зерттейді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Сөзжасамның қазақ тіл білімінде зерттелуі
Морфологиялық тақырыптарды дамыта оқытудың лингводидактикалық тұғыры
Сөзжасам
Лингвистикалық практика
Сөзжасамдық жұп және оның мағынасы
Аналитикалық формалы етістіктер
Сөзжасамдық жұп және оның семантикасы
Тілдің грамматикалық жүйесі
Когнитивтік парадигмадағы терминология
Жергілікті тілдің ерекшеліктері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz