Статистиканың жалпы теориясы


Пән: Статистика
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 70 бет
Таңдаулыға:   

МАЗМҰНЫ

1: 1
Глоссарий: Глоссарий
3: 3
1: 2
Глоссарий: Дәріс материалдары
3: 4
1: 3
Глоссарий: Тәжірибелік сабақтар
3: 54
1: 4
Глоссарий: Студенттердің өздік жұмыстары
3: 64

1. ГЛОССАРИЙ

Статистика - қоғамдағы құбылыстарды, процестерді сандық және сапалық жағынан тығыз байланыстыра отырып қай жерде және қай уақытта болғанын зерттейтін қоғамдық ғылымның бір саласы.

Статистикалық бақылау - қоғамдық құбылыстар, процестер туралы мәліметті жинау, тіркеу.

Статистикалық жинақтау - бақылауда жинақталған мәліметтерді ғылыми жүйеде өңдеуді және жиынтық бірліктерінің белгілері бойынша бөліп, қортынды көрсеткіштерді есептеу

Статистикалық бақылау бағдарламасы - бақылау процесінде жауап алуға қажетті сұрақтар тізімі

Статистикалық бақылау зерзаты - зерттеуге жататын әлеуметтік құбылыстар мен процестер жиынтығы.

Статистикалық топтау - қоғамдық құбылыстар мен процестерді өздеріне тән белгілеріне, өзара ұқсастығына, түрлеріне сәйкес бір-бірінен ажырату үшін топтарға бөлу.

Қайта топтау - алғашқы топтастырылған топтық көрсеткіштерді жаңа топтарға өзгерту әдісі.

Статистикалық таратпалы қатарлар - қоғамдық құбылыстар мен процестер туралы сандық көрсеткіштерді өздеріне тән өзгермелі белгілеріне қарай белгілі бір тәртіп бойынша ретке келтіріп топтарға бөлу.

Статистикалық кесте - сандық мәліметтерді ұтымды түрде қолдану.

Статистикалық нақты шамалар - қоғамдық құбылыстар мен процестердің белгілі бір жердегі және уақыттағы мөлшерін, көлемін, аумағын, деңгейін сипаттайтын нақты сандық көрсеткіштер.

Қатысты шамалар - қоғамдық өмірдегі әлеуметтік-экономикалық құбылыстардың сандық қатынасының мөлшерін көрсететін көрсеткіштер.

Әлеуметтік- экономикалық статистика - әлеуметтік- экономикалық құбылыстардың сандық жағын зерттейді, олардың пропорцияларын, экономикадағы және әлеуметтік сферадағы даму заңдылықтарды көрсетеді.

Орташа шамалар - біртектес жиынтықты белгілі бір жағдайда және уақытта өзіне тән белгілері бойынша жинақтап көрсететін орташа сан мөлшері, яғни біртектес жиынтық бірліктерінің орта есеппен алынатын белгісінің барлық бірліктерге жатқызылатын сандық шамасы.

Мода - статистикалық қатарлардың ішінде ең жиі кездесетін белгінің үлкен шамасы, яғни өзгермелі сандық қатарда жиіліктің үлкен мәні жатқан белгі.

Медиана -статистикалық қатардың ортасында жатқан белгі.

Статистикалық өзгерме - жиынтық бірліктерінің белгілеріне әртүрлі себептердің әсерінен болған сандық өзгеріс.

Әлеуметтік- экономикалық статистиканың қоғамдық дербес ғылым ретіндегі мақсаты - мемлекеттің жағдайын дамудың кешенді сандық сипаттамасымен қамтамасыз ету, нарықтық жағдайды бақылау, мемлекеттің саяси жүйесін баяндау.

Бақылаудың объектісі - барлық деңгейлердегі бұқаралық әлеуметтік- экономикалық құбылыстар мен процестер.

2. ДӘРІСТІК МАТЕРИАЛ

1- МОДУЛЬ: статистиканың жалпы теориясы

Бірінші тақырып. Статистика пәні, даму процестері және оның зерттеу әдістері.

Дәріс сұрақтары:

  1. Статистика туралы жалпы түсінік және оның даму процестері.
  2. Статистика пәні, міндеттері және оның зерттеу объектісі.
  3. Статистикалық әдістер және оның зерттеу кезеңдері.

1. Статистика туралы жалпы түсінік және оның даму процестері.

Статистика латынның «status» деген сөзінен шыққан. Ол заттың, құбылыстың, нәрсенің жағдайын жетік білу дегенді білдіреді. Осы сөздің негізінен италияның «stato» - мемлекет, «statisto» - мемлекеттің жағдайын жетік білу дегенді білдіреді. Статистика қоғамдық ғылым ретінде бертінде пайда болды. Оның даму процесінің бастамасы XVII ғ аяғынан Англияда басталады. Оның негізін алғашқы болып қалағандар-ағылшын ғалымдары Джон Граунд және Вильям Петти. Олар «Саяси арифметика» атты еңбек жазған.

Статистика тарихының екінші бір бастауы неміс ғалымы Конгридтің еңбектерінде қалыптаса бастаған «мемлекеттану» ғылымында жатыр. Статистиканың одан кейінгі дамуына да көптеген ғалымдар, яғни неміс ғалымы Ахенбал, бельгия ғалымы Кеплер, англия ғалымы Баули және т. б. өз үлестерін қосты.

XIX ғ. екінші жартысы мен XX ғ. басында статистика ғарыштап дами бастады. Оған көптеген ғалымдар мен статистиктердің еңбектері дәлел бола алады. Мысалы, математикалық статистиканың ықтималдық теориясын қолдану арқылы көптеген сандық көрсеткіштерді есептеу тәсілдері анықталады. Бұл салада Чебышев, Марков, Бернштейн сияқты атақты математиктердің еңбектерін атауға болады.

  1. Статистика пәні, міндеттері және оның зерттеу объектісі.

Статистика - бұл қоғамдық ғылымның саласы, оның өзіне тән жеке пәні мен зерттеу әдістері бар. Статистика қоғамдық құбылыстардың құрамы мен өзгеру процестерін, ондағы сандық қарым-қатынастар мен заңдылықтарды сапалық тұрғыда байланыстыра отырып, оның белгілі бір уақытта қай жерде болғанын зерттейтін ғылым Сонымен бірге әлеуметтік-экономикалық құбылыстардың сандық көрсеткіштеріне табиғи және техникалық факторлардың тигізген ықпалын немесе керісінше қоғамдық өндірістің табиғат пен қоршаған ортаға тигізген әсерін анықтайды. Статистика органы халық шаруашылығы саласының есебін жүргізу, мекеме ретінде жалпы мемлекеттің экономикалық саясатының жүргізілуі мен орындалуын қамтамасыз етеді және ол жүйелі түрде басшылық жасаудың маңызды құралының бірі болып табылады. Сондықтан да статистика қоғамдық құбылыстардың құрамын және ондағы сандық және сапалық тұрғыдан тығыз байланыстырып зерттейтін ғылым болып табылады . Статистиканың сандық жағы-зерттелген әлеуметтік-экономикалық құбылыстардың, процестердің көлемін, мөлшерін сандық көрсеткіштер түрінде көрсету . Сандық жағын оқып үйренудің келесідей түрлері бар:

  1. Статистика қоғамдық құбылыстар мен процестердің көлемін, мөлшерін зерттейді.
  2. Статистика қоғамдық құбылыстардың сандық көрсеткіштерінің өзгеруін уақыт арқылы көрсетеді.
  3. Статистика қоғамдық құбылыстардың өзара қарым-қатынасын немесе пропорциясын зерттейді.

Статистиканың негізгі қасиеті-құбылыстар мен процестердің өзгеруі сандық тұрғыдан қарастыра отырып оның сапалық мәнін анықтау. Сапа - әрбір сандық көрсеткіш өзіне тән ұғым түрінде берілуі. Статистикада қоғамдық құбылыстар мен процестерді зерттеуде біртектес элементтерден тұратын көрсеткіштер жиынтық бірлік, ал олардың әрқайсысын сипаттайтын ортақ қасиеттер белгі болып табылады. Оның екі түрі бар: сандық және сапалық. Белгілер жиынтықтың әрбір бөлігінде әртүрлі мәнге ие болуы өзгермелілік деп аталады(вариация) .

Статистиканың міндеттері:

1. Мемлекет, коммерциялық, акционерлік және басқа да органдарды сенімді, қажетті, нақтылы ақпараттармен және мәліметтермен қамтамасыз ету.

2. Іс жүзінде оперативтік перспективалық жұмыстардың артынан статистикалық бақылау жасау.

3. Статистикалық мәліметтерді талдау.

  1. Статистикалық әдістер және оның зерттеу кезеңдері.

Қоғамдық ғылым ретінде республикада болып жатқан жалпы әлемдік экономиканың құбылыстар мен процестердің өзгеру заңдылықтарымен есептеу талдау сияқты әдістермен анықтайды. Сонымен әлемдік экономикалық құбылыстар мен процестер туралы жаппай мәліметтерді жинау, топтау, талдау әдістерін үйретеді. Статистика әлеуметтік-экономикалық құбылыстар мен процестерде зерттеу жұмыстарын жүргізу кезінде қоғамдық ғылымның негізгі қағидалары мен заңдылықтарына сүйенеді, яғни құбылыстарды танып білудің диалектикалық әдісіне сүйенеді. Статистикалық әдістер өздерінің қолданылуы мен жалғасуына байланысты үш сатыдан тұрады:

1. Статистикалық бақылау, яғни алғашқы мәліметтерді жинау сатысы. Мұнда құбылыстар мен процестер туралы мәліметтер алдын-ала жасалған бағдарлама бойынша жиналады. Бақылаудың негізгі мақсаты-қоғамдық құбылыстардың өзгеруіне әсер ететін фактілерді өздеріне тән белгілеріне қарай анықтау және мәліметтердің толық, нақты, дәл, анық болуын қадағалау.

2. Жиналған мәліметтерді өздеріне тән белгілеріне қарай топтау, өңдеу және жинақтау. Бұл әдісті қолдану кезінде бақылау нәтижесінде жинақталған мәліметтер өздеріне тән жеке белгілері бойынша топтарға бөлінеді. Бұл кезеңде қоғамдық құбылыстар мен процестердің топтық көрсеткіштері іріленеді, жекелеген топтардың сапалық айырмашылықтары анықталады, сондай-ақ талдау, қорытынды жасау үшін сандық көрсеткіштер есептеледі.

3. Жинақталған, өңделген мәліметтерге талдау және қорытынды жасау. Бұл сатыда жинақталған, топталған, өңделген көрсеткіштер біртектес топтық белгілері бойынша жеке қарастырылады. Сонымен қатар олардың өзара байланысын анықтайды. Статистикалық мәліметтерге талдау жасау-жинақталған, топтастырылған, өңделген көрсеткіштерді салыстыру, қорытындылау және солар арқылы тұжырымдар мен ұсыныстар жасау.

Осы айтылған зерттеулердің үш сатысы арасында айырмашылық болғанмен де оларды бір-бірінен ажыратып қарастыруға болмайды.

Статистикада стаистикалық бақылау, жалпы қорытынды жасау, топтастыру, нақты және қатысты шамалар, орташа шамалар өзгерме көрсеткіштері экономикалық құбылыстардың арасындағы байланысты статистикалық зерттеу, өсіңкілік қатарлар, индекстер, іріктеп бақылау, статистикалық кестелер, графиктік әдістер және т. б. көрсетеді.

Өзіндік тексеруге арналған сұрақтар.

Тақырыпты қаншалықты меңгергеніңізді білу үшін келесідей сұрақтарға жауап беріңіз.

1. Статистиканың пайда болуы туралы не білесіз?

2. Статистика неліктен қоғамдық ғылымдарға жатады?

3. Статистиканың басқа қоғамдық ғылымдардан айырмашылығы қандай ?

4. Статистикалық зерттеудің кезеңдерін атап, сипаттама беріңіз.

5. Статистикалық жиынтық дегеніміз не?

6. Статистиканың қандай міндеттері бар?

Әдебиеттер: (1) 5-9 бет, (4) 8-21 бет, (5) 5-16 бет, (6) 7-40 бет

Екінші тақырып. Статистика агенттігінің ұйымдастырылуы және

оның міндеттері

Дәріс сұрақтары:

1. Біртұтас есеп жүйесі және статистика

2. Статистика органының Қазақстандағы ұйымдастырылуы.

3. Мемлекеттік Ұлттық статистика агенттігінің міндеттері мен атқаратын қызметтері

1. Біртұтас есеп жүйесі және статистика

Нарықтық экономикаға өту кезеңінде республикада болып жатқан әлеуметтік- экономикалық құбылыстар мен процестер туралы және олардың даму немесе кему жағдайын анықтау үшін; жалпы мемлекеттік саясаттың жүргізілуі мен орындалуын қамтамасыз ету үшін; көп салалы халық шаруашылығын басқару үшін түрлі статистикалық мәліметтер қажет. Мұндай мәліметтер кәсіпорындардың, ұйымдардың, мекемелердің және шаруашылықтардың және т. б. әр түрлі есептеу жолдары арқылы, яғни оперативтік жедел, бухгалтерлік және статистикалық есеп беру жүйелері арқылы жтнақталады, өңделеді және оған талдау жасалады.

Оперативті жедел немесе оперативті- техникалық есеп. Оның мақсаты сол кәсіпорындардың, шаруашылықтардың, бірлестіктер мен ұйымдардың бөліктері мен цехтарында болған жұмыс көрсеткіштеріне, яғни өндірілген өнімдер мен оның сапасына; жартылай даярланған фабрикаттар мен тетіктердің дайындалуына, шикізаттар мен материалдың жұмсалуына; еңбек құралдарының қолданылуына және басқа да операциялардың жүргізілуіне күнделікті бақылау жасау үшін жүргізіледі. Оперативті жедел есеп арқылы алынған көрсеткіштер күнделікті орындалған шаруашылық операцияларының жұмыс бабын, олардың дұрыстығын қадағалап отыру және басшылық жасау үшін қолданылады.

Оперативті есептің көрсеткіштері бастапқы құжаттар бойынша немесе телеграф, телефон арқылы жинақталады және онда бухгалтерлік есеп беру формасында ашық көрсетілмейтін негізгі мәліметтер қамтылады. Сондықтан оны дер кезінде берілетін жедел есеп деп те атайды.

Бухгалтерлік есеп. Есептің бұл түрі барлық кәсіпорындарда, мекемелер мен ұйымдарда, шаруашылықтар мен бірлестіктерде, шағын және жеке кооперативтар мен ұжымдарда жүргізіледі. Бухгалтерлік есеп арқылы әрбір кәсіпорындар, мекемелер және т. б. бойынша ақша қаражаттарының қозғалысын, өндірілген өнімнің өзіндік құнын, материалдық шығындар мен оның пайдаланылуын, еңбек ақы мөлшерін, кіріс пен шығыс және т. б. көрсеткіштердің нақты есебі жүргізіледі. Бұл есепте көрсетілген көрсеткіштер ресми құжаттарға сүйеніп жинақталады және оған экономикалық талдау жасалынып, қорытындыланады.

Бухгалтерлік есептің негізгі мақсаты жүйелі түрде біріңғай ережелер мен әдістерді қолдана отырып, шаруашылық операциялары туралы мәліметтер жинайды. Басқаруға қажет болатын көрсеткіштерді өз ішінде қолданады және сол арқылы белгілі бір шешімдер қабылдауға көмектеседі. Есептің негізгі әдістеріне бухгалтерлік баланс, тіркеу, бағалау, калькуляциялау жатады. Ең бастысы, құжаттылық принципін сақтай отырып, екі жақты жазу ережесіне сай жүргізілетіндігі.

Статистикалық есеп. Бұл есепте қоғам өміріне болып жатқан әлеуметтік- экономикалық құбылыстар мен процестердің барлық сандық көрсеткіштері мен сапалық жақтары есепке алынады, жинақталады, өздеріне тән белгілеріне қарай әр түрлі топқа бөлінеді және оған талдау жасайды. Бұл есептің негізгі мақсаты халық шаруашылығы салаларын дұрыс басқарып, материалдық игіліктерді өндіру және бөлуге бақылау жасау үшін қажетті мәліметтерді жинақтап, өңдеп дер кезінде Үкімет қарауына беріп отыру. Статистикалық есепте көрсетілетін көрсеткіштер бухгалтерлік және оперативтік жедел есептер арқылы тиісті құжат бойынша жинақталады.

Статистикалық есептің басқа есептермен салыстырғанда өзіне тән ерекшеліктері мен есептеу әдістері бар. Олар мәліметтерді жинау, топтау, өңдеу, талдау және нақты, қатысты, орташа шамалармен бірге индекстік, графикалық, баланстық, корреляциялық әдістерді қолданатындығында.

Бухгалтерлік, оперативтік және статистикалық есеп жүйелері бір- бірімен тығыз байланыста болады және олардың арасында ешқандай қайшылық болмайды. Осыған орай, бұл үш есеп жүйесі халық шаруашылық салаларын жан- жақты зерттейтін біртұтас есеп жүйесін, яғни халық шаруашылығы есебін құрайды.

2. Статистика органының Қазақстандағы ұйымдастырылуы.

Қазақстан Республикасында статистика органы алғашқы рет 1919 жылы «Далалық өлке» статистикасы басқармасы ретінде құрылып, оның міндеттері мен қызметтері туралы ереже бекітілді. Одан кейін статистика органы ұйымдастыру жүйесінде бірнеше рет өзгерістер болды:

  1. 1930 жылы Статистика басқармасы Жоспарлау комитетімен бірікті және ол халық шаруашылығындағы Есеп басқармасы болып саналды.
  2. 1931 жылы Жоспарлау комитетінің жанындағы Орталық Халық Шаруашылық Есеп басқармасы болып қайта құрылды.
  3. 1941 жылы қайтадан Статистика басқармасы комитеті болып өзгертілді.
  4. 1948 жылы ҚР министрлер советі жанындағы Орталық Статистика басқармасы болып қайтадан ашылды.
  5. 1987 жылы Статистика жөніндегі мемлекеттік комитет болып өзгертілді.
  6. 1995 жылы Статистика мекмесіне талдау қосылады. Сонымен ҚР Статистика және талдау жөніндегі мемлекеттік комитет болып құрылды.
  7. 1996 жылы ол комитет ҚР Ұлттық статистика агенттігі болып қайта ұйымдастырылды. Ұлттық статистика агенттігі статистикалық мәліметтерді жинау, талдау, өңдеу жұмыстары бірыңғай принципке сай ортақ бағдарлама және әдістеме бойынша қабылданған ережеге сәйкес өз қызметтерін жүзеге асырады.

3. Мемлекеттік Ұлттық статистика агенттігінің міндеттері мен атқаратын қызметтері

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 18- қаңтардағы қаулысы бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық статистика агенттігі туралы Ереже бекітілген. Ережеге сәйкес статистика органдарының жұмыстарының ұйымдастырылуы, оның негізгі міндеттері мен қызметтері көрсетілген.

Қазақстан Республикасының Ұлттық статистика агенттігінің негізгі міндеттері:

- статистикалық мәліметтерге сүйене отырып республикада болып жатқан экономикалық және әлеуметтік процестер мен олардың даму үрдісін жан-жақты зерделеу, қорыту мен талдау, статистика саласындағы жалпы мәліметтік саясаттың жүргізілуі мен орындалуын қамтамасыз ету;

- Қазақстан Республикасын егемен мемлекет ретінде сипаттайтын статистикалық көрсеткіштердің тұтастығы, объективтілігі және жеткіліктілігін қамтамасыз ету;

- халықаралық ережелер мен стандарттарға сай статистикалық деректердің әдістемелік салыстырмалылығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жүзеге асыру;

- мемлекеттік өкімет пен басқару органдарын, қоғамға жүйелі түрде республикада болып жатқан әлеуметтік-экономикалық құбылыстар мен процестер туралы мәліметтер, статистикалық ақпаратты тарату, халықаралық статистикалық ынтымақтастық орнықтыру және өзара статистикалық ақпарат алмасып отыру.

Ұлттық статистика агенттігінің атқаратын қызметтері. Қазақстан Республикасының Ұлттық статистика агенттігі жүктелген міндеттерге сәйкес мынадай шараларды жүзеге асырады: статистикалық заңдар мен нормативтік актілердің жаңа жобаларын жасайды; санақ және ішінара бақылау түрінде жүргізілетін статистикалық бақылау ұйымдастырады; елдегі статистикалық қызметті үйлестіреді және т. б.

Ұлттық статистика агенттігінің құқығы. Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес, алдына қойылған міндеті мен жүктелген қызметіне қарай Мемлекеттік Ұлттық статистика агенттігінің құқықтары мынадай: қаржы, банк, кеден, құқық қорғау және өзге де органдар мен қызмет орындарын қосқанда, меншік түрі мен ұйымдарқұқықтық нысанына қарамастан, ел аумағында жұмыс імтейтін заңды тұлғалармен жеке кәсіпкерлерден, одан тысқары жерлерден, жұмыс істейтін резиденттерден статистика агенттігі белгілеген көлемі мен мерзімінде дұрыс статистикалық деректер алуға; халық арасында статистикалық бақылау жүргізуге және азаматтардан статистика мақсаты үшін қажетті деректерді алуға; қажет болған жағдайда статистикалық деректердің дұрыстығын тексеруге және т. б. құқықтары бар.

Өзіндік тексеруге арналған сұрақтар.

Тақырыпты қаншалықты меңгергеніңізді білу үшін келесідей сұрақтарға жауап беріңіз.

1. Оперативті жедел есеп деген не?

2. Бухгалтерлік есеп деген не?

3. Біртұтас есеп жүйесі туралы не айтасыз.

4. Ұлттық статистика агенттігінің қандай құқықтары бар?

5. Ұлттық статистика агенттігінің міндеттерін айтыңыз.

6. Ұлттық статистика агенттігі қандай қызметтер атқарады?

7. Қазақстан Республикасында статистиканың ұйымдастырылуы туралы не білесіз?

Әдебиеттер: (1) 12-22бет, (4) 23-28бет

Үшінші тақырып. Статистикалық бақылау

Дәріс сұрақтары:

  1. Статистикалық бақылау туралы түсінік және оның міндеттері.
  2. Бақылау жүргізуді ұйымдастыру және бақылау бағдарламасы.
  3. Статистикалық бақылаудың формалары және түрлері.
  4. Статистикалық бақылаудың тәсілдері.
  5. Статистикалық бақылау кезінде жіберілетін қате және оны тексеру тәсілі.

1. Статистикалық бақылау туралы түсінік және оның міндеттері.

Статистикалық бақылау - қоғамдық өмірдің көптеген құбылыстары мен процестері туралы бастапқы мәліметтерді алдын-ала жасалған бағдарлама бойынша ғылыми ұйымдармен жүйеде тіркеу, жинау тәсілі . Статистикалық бақылаудың негізгі мақсаты -зерттелетін объекті туралы шындықты нақты дәлдікпен көрсететін ғылымға негізделген сапалы мәліметтерді белгіленген уақытта жинау. Бұл жөнінде статистикалық бақылаудың алдында келесідей талаптар орындалуы керек:

а) халық шаруашылығы үшін зерттеліп отырған қоғамдық құбылыстар мен процестердің негізгі мақсаты-ғылыми және тәжірибелік бағалылығы жоғары болуы керек.

б) жалпы жиынтыққа әсер ететін себептер анықталуы керек және құбылыстар мен процестер туралы ұдайы өндірісте болатын сапалы мәліметтермен қамтамасыз ету.

в) бақылау арқылы жиналған мәліметтер шындықты көрсетуі үшін оның сапалылығы тексерілуі керек.

г) Статистикалық бақылау ғылыми негізде және алдын-ала жасалған бағдарлама негізінде дұрыс ұйымдастырылған түрде жүргізілуі керек және одан алынған мәліметтер шешімдер қабылдау үшін қолданылуы керек.

Сонымен қатар статистикалық бақылау кезінде жиналған мәліметтерде кемшіліктер кездесуі мүмкін, яғни мұндай жағдайда бағдарлама жасап алған дұрыс. Мұны бақылау бағдарламасын дұрыс жасау негізінде, жоспар және алға мақсат қою негізінде дұрыс шешуге болады.

  1. Бақылау жүргізуді ұйымдастыру және бақылау бағдарламасы.

Статистикалық бақылауды жүргізбес бұрын оны ұйымдастыру жоспары жасалынады. Онда бақылаудың мәні, маңызы, мәліметтерді жинаудың формалары, түрлері мен тәсілдері, орнын анықтау сұрақтары қарастырылады. Сондықтан бұларды нәтижелі шешу үшін алдын-ала бағдарлама жасайды.

Статистикалық бақылаудың объектісі -зерттеуге жататын әлеуметтік құбылыстар мен процестердің жиынтығы. Статистикалық бақылаудың объектісі бөлек элементтерден тұрады және оларды нышандарына қарай бір-бірінен ажыратуға болмайды, сондықтан ол бақылау жүргізудің негізгі көзі болып саналады.

Бақылау бірлігі дегеніміз статистикалық мәліметтер жиынтығын зерттеуге жататын объект құрамының бір бөлігі. Бақылау бірлігін анықтау зерттеуге жататын жиынтық құрылымына, оның алға қойған мақсатына, атқаратын міндеттеріне байланысты.

Статистикалық жиынтық бірлік -жиынтықтың құрамына кіретін жеке белгісі.

Статистикалық бақылау бағдарламасы дегеніміз зерттеу кезінде алғашқы мәліметтерді жинау үшін ұғымды жинақы, ойға қонымды бақылау бірліктеріне берілетін сұрақтар тізімінің жиынтығы. Статистикалық бақылау бағдарламасына енгізілген сұрақтар мөлшері статистикалық органдардағы есеп беру формасы арқылы жинақталған көрсеткіштерге байланысты болады, өйткені әрбір өнеркәсіп орындарының, мекеменің, ұжымның, шаруашылықтың есеп беру формаларындағы көрсетілген көрсеткіштердің өзі бақылау бағдарламасы болып саналады. Бақылау бағдарламасын жасау кезінде бельгия ғалымы Кетленің ұсынған келесідей ережелерін ескеру керек:

  1. Бағдарламаға қажетсіз сұрақтар енгізілмеуі керек және онда көрсетілген сұрақтардың жауаптары бақылаудың алдына қойған мақсатын анықтау керек.
  2. Бақылау бағдарламасына дұрыс және нәтижелі жауап алынатын сұрақтар енгізілуі керек.
  3. Бағдпрламаға енгізілген сұрақтар жауап берушілерге кері әсер етпейтіндей, яғни оның болжамы бойынша қисынсыз жүргізілетін сияқты күдік туғызбауы керек.

3. Статистикалық бақылаудың формалары және түрлері.

Статистикалық бланк дегеніміз бақылау кезінде берілген сұраққа жауап жазуға және қажетті мәліметтерді жинауға арналған бет-қағаз. Статистикалық бланктің жекедара және тізімдік түрлері болады. Статистикалық бақылау кезінде қолданылатын құжаттар жұмыс жабдықтары деп аталады.

Статистика органдары алғашқы мәліметтерді жинауда ұйымның негізгі екі жолын қолданады: есеп беру және арнайы ұйымдастырылған бақылау.

Есеп беру дегеніміз кәсіпорындар, ұйымдар, мекемелер, жұмшарлар мен кеңшарлар және басқа да кәсіпорындар өздерінің қызметтері туралы міндетті түрде арнайы бекітілген құжаттар үлгісінде және белгіленген уақыт аралықтарында қажетті мәліметтерді тиісті органдарға және статистика органдарына тапсырып отыруы. Бухгалтерлік есеп беру формалары статистикалық мәліметтерді жинаудың негізгі көзі болып саналады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Статистика туралы жалпы түсінік және оның даму процестері
Статистикалық көрсеткіштерді талдау және қорытындылау
Арнайы кедендік статистика
Құқықтық статистика негіздері
Әлеуметтік статистика көрсеткіштері
Статистика туралы жалпы түсінік және оның даму кезеңдері
Педагогикадағы математикалық әдістер оқу пәні ретінде
Статистикалық график географиялық диаграмма
Әлеуметтік – экономикалық статистиканың мазмұны мен мақсаты
Математикалық статистиканың бірінші есебі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz