Сызуды оқыту әдістемесі



Пән: Педагогика
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 84 бет
Таңдаулыға:   
Ералин Қ. Матеева Т.

Сызуды оқыту әдістемесі

(Бейнелеу өнері және сызу мамандығы студенттеріне
арналған дәрісбаяндар мен практикалық тапсырмалар жинағы)

Түркістан 2011

А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ түрік университеті оқу әдістемелік
кеңесінде бекітілген.(Хаттама № 8. 20 сәуір 2011 жыл)

УДК741744(075.8)
ББК 30.11 я 73
С 94

Пікір жазғандар:
Сманов И.С. . –педагогика ғылымдарының докторы, профессор.
Кемешов Д.А. –педагогика ғылымдарының докторы, профессор.

С 94 Ералин Қ., Матеева Т. Сызуды оқыту әдістемесі. (Бейнелеу өнері және
сызу мамандығы студенттеріне арналған дәрісбаяндар мен практикалық
тапсырмалар жинағы). Түркістан. Тұран. 2011.- 85 бет

ISBN 978-601-248-111-7

Дәрісбаяндар мен практикалық тапсырмалар жинағында сызуды
оқытудың теориялық негіздері, техникалық сызбаларды ғылыми таным
әдістері, негізгі дидактикалық принциптері, сызуды оқытуды
ұйымдастыру мәселелері қарастырылған. Оқушыларды сызуға үйрету мен
оқушылардың сызуға қатысты ұғымдарын, сызба дағдыларын қалыптастыру
жолдары көрсетілген. Сонымен қатар болашақ мұғалімдер үшін сызу
пәнін оқытудың педагогикалық білімдерін, педагогикалық іскерліктері
мен дағдыларын меңгеру мен қалыптастыру мәселелері қарастырылған.
Дәрісбаяндар жинағы педагогикалық университеттердің бейнелеу өнері
және сызу мамандығының студенттері мен бейнелеу өнері және сызу
пәнінің мұғалімдеріне арналған.
УДК741744(075.8)
ББК 30.11 я 73

М

©Ералин Қ.Е., 2011

КІРІСПЕ

Болашақ бейнелеу өнері және сызу пәні мұғалімінің дайындығында оларға
сызу пәнін оқытудың педагогикалық мәселелерін меңгерту маңызды орын алады.
Бұл пәнді студенттерге оқытудың басты мақсаты болашақ мұғалімдерді
мектептегі сызу пәнін оқытуға дайындау, педагогикалық қызметтің ішіне
кіретін оқу әдістемелік жұмыстарының мазмұнымен, формаларымен әдіс
тәсілдерімен таныстыру болып табылады. Онымен қатар студенттерге сызу пәнін
оқытуды жоспарлау, ұйымдастыру, сабақ нәтижелерін жоспарлау және талдау
жұмыстарының практикалық дағдыларын қалыптастыру мақсаты қойылады.
Сызуды оқыту әдістемесі пәнінің типтік оқу бағдарламасына сәйкес
сызуды оқыту әдістемесі пәнінің дәрісбаяндық курсы бойынша сабақтар
тақырыптары жалпы білім беретін мектептердегі сызу курсының құрылымы,
сызуды оқыту әдістемесі, сызуды оқытудың шетелдік әдістеріне тарихи шолу,
Ресейде сызуды оқыту әдістемесі, Кеңес дәуіріндегі сызуды оқыту әдістемесін
талдау бағыттарына бөлінеді.
Сызуды оқыту әдістемесі пәнінің практикалық сабақтарында
стандарттармен танысу, жалпы орта білім беру мектептерінде сызуға арналған
оқулықтар мен бағдарламалардың мазмұнын талдау, сызбаны безендіру мен сызу
құрал жабдықтарымен жұмыс, проекция түрлері, екі немесе үш жазықтыққа
проекциялау түрлері, проекцияны шешу жолдары тақырыптарын оқытып үйрету
жолдары қарастырылады. Сонымен қатар аксонометриялық проекциялар тақырыбын
оқыту әдістері, техникалық сурет және эскиздер тақырыбын оқыту әдістері,
сызбаны оқыту сабағы және оның әдістері, қима мен тілік сабағын жүргізу
әдістері, аксонометриялық қиылысуды оқыту әдістері тақырыптары бойынша
эмпирикалық талдаулар жасау көзделеді. Сызуды оқыту әдістемесі пәнінің
практикалық сабақтарын өткізудің бір бағыты жалпы орта мектептердегі сызу
пәнін оқып үйрену негізінде репитициялық сабақтарды жүргізуге үйрету,
қорытынды сабақтарды өткізу жолдарымен таныстыру және оларға талдау
жасаудың педагогикалық білімдері беріледі.
Практикалық сабақтарда болашақ мұғалімдер мектептегі сызу пәнінің
жылдық тақырыптық күнтізбелік жоспарын, сабақ жоспарларын, сабақтың
құрылымындағы кезеңдерін жоспарлау, сыныптан тыс ұйымдастырылатын үйірме
жұмыстарының жоспарын жасау тақырыптары бойынша тапсырмалар орындайды.
Сонымен қатар практикалық сабақтар барысында студенттер сыныптан тыс сызу
пәніне қатысты мамандар жұмыс жасайтын кәсіпорындарға оқушылардың
экскурсиясын ұйымдастыру, сызудан апталық өткізу, сызу кешін жоспарлау,
сызуға арналған көрме ұйымдастырудың жоспарын жасаудың педагогикалық
іскерліктері мен дағдыларын меңгертуге бағытталған практикалық жаттығулар
орындалады.
Сызуды оқыту әдістемесі пәнінің практикалық сабақтарымен қатар
студенттердің өз бетінше жұмыс жасауына бағыт бағдар беріліп, өзіндік
жұмыстардың тапсырмаларын орындау студенттерден талап етіледі.
Студенттердің өз бетінше жұмыстарында қима сабағының әдістемесі, қарапайым
тіліктер сабағының әдістемесі, күрделі тіліктер сабағының әдістемесі,
сызбаларды оқу шарттары, күрделі сызбаларды оқу және оның ішінен белгілі
бір бөлшектің сызбасын бөліп алып орындау, құрастыру сызбасын оқу және оны
орындау, құрастыру сызбасын бөлшектерге бөлу сабағы, құрастыру сызбасымен
танысу тақырыптары бойынша өзіндік жұмыс тапсырмаларын орындау ұсынылады.
Сызуды оқыту әдістемесінің практикалық сабақтарында студенттер
мектептегі сызуды оқытудың бір жылдық немесе жарты жылдық күнтізбелік
тақырыптық жоспарын, сабақ жоспарын, белгілі бір тақырыптың әдістемелік
талдауларын жасап үйренеді. Сонымен қатар, сызуды оқыту әдістемесінің
практикалық сабақтарында студенттер педагогикалық практикаға шыққан кезде
қолдану қажеттігіне байланысты сыныптан тыс сызудан көрме ұйымдастыру,
сызудан апталық, сызудан кеш өткізудің жопарлары мен әдістемелік оқу
тәрбие іс шараларына қажетті талдауларын дайындайы.
Сызуды оқыту әдістемесі пәнінің сабақтарында студенттердің меңгерген
теориялық білімдері мен практикалық дағдылары, олардың болашақ
педагогикалық қызметіне қажетті әдістемелік дайындық болып табылады

1 дәрісбаян. Сызуды оқыту әдістемесі

Сызуды оқыту әдістемесі педагогика ғылымының бір саласы. Ол сызуды
оқыту мақсаттарына сай сызуды оқытудың дидактикалық мәселелерін зерттейді.
Әдістеме терминінің төркіні методика, метод, әдіс, жол деген грек
сөзінен шыққан. Сызуды оқыту әдістемесін басқаша сызу педагогикасы, сызу
дидактикасы деп те атайды. Бұлардың мағынасы бір біріне өте жақын,
сондықтанда оларды біз бір мағынада қолданамыз. Сызуды оқыту әдістемесі ең
алдымен мектептегі сызу пәнімен тікелей байланысты дамиды. Сызуды оқыту
әдістемесі бір қырынан алып қарағанда педагогика ғылымының бір саласы
болса, екінші бір қырынан қарағанда болашақ сызу пәнінің мұғалімдерін
педагогикалық қызметке әдістемелік тұрғыдан дайындайтын оқу пәні ретінде
танылады.
Мектептегі сызу пәнінің білімдері мен дағдылары молайып, мазмұны
тереңдеп, ауқымы кеңейген сайын, оны үйретудің мәселелері де өзгеріп,
күрделене береді, осыған сай жаңа тәсілдер пайда болып отырады. Жаңадан
қосылған тәсілдер жинақтала келе жаңа әдістеме құралады. Сызуды оқыту
әдістемесі сызуды оқытудың бірнеше әдістерінен құралады. Сызуды оқыту
әдістері сызуды оқытудың бірнеше тәсілдерін біріктіреді. Сызуды оқыту
әдістемесі сызуды оқытудың дәстүрлі әдістемесі және сызудың жаңа оқыту
әдістемесі болып бөлінеді. Сызуды оқытудың дәстүрлі әдістемесі бұрыннан
қолданыста келе жатқан сызуды оқыту әдістерінен құралатын болса, сызудың
оқытудың жаңа әдістемесі оқыту проблемаларын шешудің жаңадан ендірілген
әдіс тәсілдерінен құралады.
Сызуды оқыту әдістемесі өзара тығыз байланысты үш сауалға жауап беруге
тиіс: бірінші, сызуды не үшін оқыту қажет? екінші, нені оқыту керек? және
қандай тәртіппен, ретпен оқыту керек ? үшіншіден сызуды қалай оқыту керек?

Сызу пәні бойынша мектепте қандай материал қандай ретпен өтілуі тиіс
екендігі мектеп сызу пәні бойынша бағдарламалар мен оқулақтарда
көрсетілген. Сызуды қалай оқыту керек? деген мәселе сызуды оқыту
әдістемесі пәнінің еншісіне тиеді.
Сызуды мектепте оқыту әдістемесі пәнінің алғашқы дәрісбаяны мектептегі
сызу пәнін оқытудың мақсат міндеттері, тақырыптары, әдістері мен әдістемесі
туралы студенттерге түсініктер беруден басталады.
Мектептегі сызу пәнін оқытудың мазмұны сызуды мектепте оқытудың мақсат
міндеттеріне байланысты анықталады. Сызуды мектепте оқытудың мақсаты
оқушыларға машина құрылысы сызбаларын, машина құрылысы бөлшектерін, сәулет
құрылыс сызбаларын таныстырып, мектептерде сызуға арналған оқулықтар мен
бағдарламалар туралы түсініктер беріп, сызбалар туралы оқушыларға қарапайым
түсініктерді меңгертіп, оқушыларға сызудың ептейліктері мен дағдыларын
қалыптастыру міндеттері қойылады.
Сызуды мектепте оқытудың негізгі тақырыптары сызбаны безендіру мен
сызу құрал жабдықтарымен жұмыс істеу, проекциялау, проекция түрлері,
кескінді екі немесе үш жазықтыққа проекциялау әдістері, белгісіз проекцияны
табу, аксонаметриялық проекциялар, техникалық сурет және эскиздер
сызбалары, қима мен тілік сызбалары, аксонометриялық қиылысу сызбалары,
стандарттармен танысу, сызбаны безендіру мен сызу құрал жабдықтарымен жұмыс
істеу бағыттарын қарастырылады. Сонымен қатар оқушылар аксонаметриялық
проекциялар, техникалық сурет және эскиздер, сызбаны оқу, қима мен тілік,
аксонометриялық қиылысу, шрифт тақырыптары бойынша практикалық сабақтарда
түрлі сызба жаттығуларын орындайды.
Сызуды мектепте оқытудың негізгі тақырыптарына байланысты сызуды
оқыту әдістері таңдап алынады. Олар сызбаны безендіру мен сызу құрал
жабдықтарымен жұмыс істеуді үйрету әдістері, проекциялау, проекция түрлері,
екі үш жазықтыққа проекциялау түрлерін оқыту әдістері, проекцияны шешу
жолдарын оқытып үйрету әдістері болып бөлінеді. Сонымен қатар болашақ
мұғалімер жоғары оқу орынында сызуды оқыту әдістемесі пәнінің дәрісбаян
сабақтарында аксонаметриялық проекциялар тақырыбын оқыту әдістері,
техникалық сурет және эскиздер тақырыбын оқыту әдістері, сызбаны оқыту
сабағы және оның әдістері, қима мен тілік сабағын жүргізу әдістері,
аксонометриялық қиылысуды оқыту әдістері стандарттармен таныстыру әдістері,
жалпы орта білім беру мектептерінде сызуға арналған оқулықтар мен
бағдарламаларды талдау әдістері, сызбаны безендіру мен сызу құрал
жабдықтарымен жұмыс істеу әдістері, проекция түрлері, екі үш жазықтықтағы
проекциялау түрлері, проекцияны шешу жолдары тақырыптарын оқытып үйрету
әдістерімен таныстырылады.
Сонымен қатар студенттер сызуды оқыту әдістемесі пәнінің практикалық
сабақтарында аксонаметриялық проекциялар тақырыбын оқыту әдістері,
техникалық сурет және эскиздер тақырыбын оқыту әдістері, сызбаны оқыту
сабағы және оның әдістері, қима мен тілік сабағын ұйымдастыру әдістері,
аксонометриялық қиылысуды оқыту әдістері тақырыптары бойынша мұғалімнің
практикалық жұмысына қажетті педагогикалық іс әрекеттерге бағытталған
жаттығуларды орындайды.
Сызуды оқытудағы маңызды оқу мәселесінің бірі оқушыларды сызбаны
безендірудің негізгі ережелерімен таныстыру. Мектептегі сызу сабағын
оқыту ең басты екі бағытты қамтиды. Оның біріншісі оқушыларға сызудың
негізін құрайтын ұғымдарды, теориялық қағидаларды, терминдер мен
анықтамаларды меңгерту болса, оның екіншісі, проекциялау әдісін оқушыларға
үйрету және қарапайым сызудың ептейліктері мен дағдыларын меңгерту болып
табылады.
Сызу пәнінің алғашқы сабақтарының маңызды міндетіне оқушыларды
адамдардың іс жүзіндегі қызметіндегі сызудың маңызымен мақсатымен,
міндетімен, таныстыру көзделеді. Мысалдыр келтіру арқылы сызуды
білгеннің қандай мамандық иесі болмасын пайдалы екендігі туралы айтылады.
Сызудың даму тарихымен оқушыларды таныстыру үшін алдымен оқушыларға
ежелгі кемелердің көне машиналардың бөлшектерінің суреттерін көрнекті етіп
салып оны қарап шығу ұсынылады, оған практикалық тұрғыда талдау жасалады.
Ол суреттің ХVII ғасырға жататыны туралы айтылады. Ондағы кескіндер
қолдан салынғандығына, сызбаның мөлшері берілмегендігіне, онда
сызбаны безендіру туралы түсінік беру жазулары жазылмағандығына, бұлар
ерте кездердегі сызудың өзіндік ерекшеліктері мен даму деңгейінен хабар
беретіндігіне назар аударылады.
Мұнан ары қарай оқушыларға оқулықтағы суреттердегі кескіндерді
қарап шығу ұсынылады. Бұл суреттегі көпірдің бейнеленуіне назар
аударылады. Сызбада көпірдің жоспарының қарауыл мұнарасының фасадымен
бірге көрсетілген. Сызбаларды мұндай бейнелеу әдістері сол кездегі
Ресейде кеңінен қолданылған сызба әдістерінің бірі екендігіне мән беріп
қарау керектігі ескертіледі.
Ресей ХVII ғасыр мен кеңес дәуірінде графикалық бейнелеу
тәсілдерін жетілдіруден көптеген елдерді басып озғандығы сөз болады.
Бұған мысал ретінде ХVII ғасырға жататын құралдың сызбасын алуға
болады. Бұл құралдың сызбасында проекциялық байланыстар берілгендігіне
назар аударылады. Дегенмен бұл сызбада заттың сыртқы түрін көрсетумен
қатар оның ішкі құрылымын да бейнелеуге әрекет жасалғанына
оқушылардың назары аударылады.
Мектеп оқулығындағы осы және басқа да мысалдарды пайдалана
отырып, сызбаның бүкіл даму тарихын қысқаша шолу жасап, көрнекті
ғалым-графиктердің аттары аталады. Әңгімені қорытындылай келе, қазіргі
заманғы кескіндері, мәтіндері, мөлшері, негізгі жазулары бар сызбаның
үлгісі көрсетіледі, бұрынғы мен жаңа сызбалардың айырмаларына көңіл
аударылады.
Қазіргі кезде, жаңа заманғы, жаңа аппаратуралар мен техниканың
бөлшектерін сызбасыз жасау мүмкін емес. Сызбалар дегеніміз машина
бөлшектерін немесе құрылыс бөліктерін жасау жолдарын, олардың ішкі және
сыртқы формаларының сипатын көрсететін құжат болып табылады. Сабақта
мұғалім сонымен қатар сызбалар ғылыми-техникалық прогрестің дамуының
ажырамас бөлігі ретінде оның сипатын білдіретін өзіндік ерекшелігі бар
құжат болып табылатындығына назар аударады.

2. Дәрісбаян. Сызуды оқытудың тарихына қысқаша шолу.

Ресейде сызуды жүйелі түрде оқыту он сегізінші ғасырда басталған.
Бірінші Петрдің дәуірінде тау кен зауытының мектебінде сызуды оқыту
саласында алғашқы қадам жасалған. Мұндай мектеп 1721 жылы Екатиринбургте
ашылған болатын.Тау кен зауыт мектебінде сызу негізгі пәндердің бірі болып
есептелген. Ондағы оқушылар цехтардың жоспарын, машина бөлшектерін сызумен
шұғылданған. Бірақ бұл кездегі сызбаларда өлшемдер қойылған жоқ. Олардың
кейбір өлшемдері, сызбаның қосымша жазбаларында ғана берілді. Сонымен қатар
сызу он сегізінші ғасырда гимназияларда оқытылды. Осы кезеңде Ресейдегі
Петербургте (1725 ж.), Москвада (1755 ж.), Қазанда (1758 ж.) гимназиялар
ашылды.
Гимназиядағы сызу маериалдары геометрия курсының ішінде оқытылды.
Оқушылар сызба құралдарының көмегімен көпқырлы моделдер дайындауға қажетті
жалпақ фигураларды, сызба талдаулардың сызбаларын сызумен айналысты. Бұл
жердегі сызуды оқыту барысы дайын сызбаларды көшіріп сызу мен механикалық
жаттауға негізделді.1828 жылдан бастап сызуды оқыту орта мектепке
енгізілді. 1828 жылдан бастап сурет пен сызу жалпы бір бағдарламаға
біріктіріліп, оны сурет мұғалімі оқытатын болды. Гимназиялар
бағдарламаларында, ең бастысы сызғыш пен циркульді пайдалана отырып,
үлгілер бейнелерін көшіру жолымен сурет салу дағдысын дамыту
қарастырылды.Сызу курсының өзіндік міндеттері сурет салудың жалпы
міндеттерінің тасасында қалып қойды. 1871 жылы сурет мектептегі міндетті
емес пәндердің қатарына қосылды. Оның ішінде сызу да болды. Бұл сабақ
мектептегі жалпы сабақтар біткен соң, тек қана сызуға ынтасы мен
қызығушылығы бар оқушылар үшін ғана өткізілді. Кейінгі уақытта сызу
гимназияның оқу жоспарынан шығарылып тасталды.1872 жылдан бастап
гимназиялармен қатар реалдық учелищелер ашылды. Гимназияларда сызу сурет
пәнінің қосымшасы ретінде болса, учелищеде сурет сызудың қосымшасы етінде
танылды. Бірақ сызу суреттің қосымшасы болудан арылғанымен, ол қолданбалы
пән ретінде қалып, оны математика мұғалімі геометриялық сызу түрінде
өткізді.
Қазан төңкерісінен кейін жаңа біріңғай еңбек мектептері құрылды.
Кеңес мектебіндегі сызу курсының бағдарламасына геометриялық, проекциялық,
техникалық, аксонометриялық проектілеу мен тахникалық сурет тақырыптары
қосылды. Бірақ осы жылдардағы оқу жоспарларында сызудың дербестік мәні
болған жоқ. Мысалы, геомертиялық құрылым мен ортоганалдық проекциялауға
қатысты материалдар математика бағдарламасында болса, техникалық сызбаға
қатысты материалдар еңбек пен физика пәнінің бағдарламасында болды. Сол
сияқты, көрнекті бейнеге қатысты материалдардың барлығы бейнелеу өнерінің
бағдарламасында болды. 1932 жылдан бастап сызу дербес пән ретінде бөлініп
шықты. Оқу бағдарламасында Геометриялық сызу, Проекциялық сызу,
Аксонометриядығы сызба, Нұсқадан сызу атты төрт бөлім болды.Сызудан
алғашқы оқулық 1934 жылы жарық көрді. Ол В.О.Гордон жазған Техникалық сызу
негідері деп аталатын, оқулық еді. Оқулық проекциялық сызудан және
техникалық сызу элементтерінен басталып, онда жазықтық бетіне құрастыру
жүйелі түрде баяндалды. Сонымен сызуды бұл жылдардағы оқыту оқушыларды
жартылай техникалық дайындау міндеттеріне сай, ұйымдастыруға толық жағдай
жасалынды.
Бірақ ол кейінгі кезде мазмұны жағынанда, әдістері жағынанда елеулі
өзгерістерге ұшырады.1934-35 оқу жылындағы оқу жоспарында сызуды оқыту 6-10
сыныптарға бөлінді. Бағдарлама революцияға дейінгі ескі оқыту дәстүріне
қайта оралып, сызу көптеген геометриялық құрылымдарды орындау болып
табылатын сызу техникасының іскерлігі мен дағдыларын жетілдіретін пән
ретінде қарастырылды.
Соғыс және соғыстан кейінгі жылдары сызуды оқыту саласында елеулі
өзгерістер болған жоқ.Сызуды оқыту әдістері мен жүйесіндегі қалыптасқан
жағдайларды қайта қарауға 1947-48 оқу жылында басты қадам жасалды. Барлық
сызу курсы екіге бөлінді: біріншісі жетінші сынып, екіншісі сегіз бен
оныншы сыныптар аралығы болды. Жетінші сыныптағы сызуды оқыту бастауыш сызу
мәліметтерін меңгерту сипатында болды.Оқушылар бұл сыныптарда сызу
кұралдарын қолдануға үйреніп, геометриалық құрылымдарды орындауға жаттықты,
зат бейнесін жазықтық бетінде орындау тәсілдерімен танысты. Сызудың негізгі
курсы 8-10 сыныптарда оқытылып, оқушылар геометриялық және проекциялық
сызумен таныстырылды. Бұл сызба геометрия элементтерімен байланыстырылып
оқытылды. Бұл кезде сызу пәні біртіндеп, жоғары оқу орнында сызба
геометриясы мен техникалық сызуды оқуға дайындайтын пән ретінде қалыптаса
бастады.1958 жылы КСРО Жоғары кеңесі КСРО халыққа білім беру жүйесін онан
әрі дамыту, мектепті өмірмен байланыстыру туралы заң қабылдады. Бұл кездегі
сызу курсы алдындағылардан мүлдем өзгеше болды. Оқыту негізіне кеңістік
формаларын жазықтық бетінде бейнелеуді, техникалық сызбаларды орындаудың
ережелері мен шарттарын, бөлшектердің қосындыларының көріністерін оқып
үйрену алынды.
1960 жылы мектептегі білім беру мазмұны мен әдістеріне қайта құру
жасалды.Сызу пәні 6-8 сыныптарда оқытылатын болып оны оқыту бағдарламасы
қайта жасалынды. Бұл бағдарламаға өту 1972-73 оқу жылынан бастау
жоспарланды. Бірақ бұл орындалмады. Сызу 1980-81 оқу жылына дейін 7-8
сыныптарда ( 7 сыныпта - аптасына 1 сағат, 8 сыныпта аптасына 2 сағат)
оқытылды. Осы уақытта 9-10 сыныптарға арналған бір жылға 70 сағатқа
есептелген сызудан үш түрлі факультатив курсын оқытуға шешім қабылдады.
Бұл кезеңде сызу курсын оқытудың мақсат міндеттері өзгермей оқушыларға
техникалық сызбалар мен эскиздерді оқи білу мен сызбаларды орындау
дағдыларын дамыту болып өзгеріссіз қалдырылды.1980-81 оқу жылында 7-8
сыныптарда сызуды оқытуға бір жылға 68 сағат бөлінді.Курс бағдарламасынан
Жазықтық беттерінің тегістігін белгілеу, Тісті берілістер, доңғалақтар
мен берілістер атты тақырыптар алынып тасталды. 1986-87 оқу жылындағы
мектеп реформасына сәйкес сызуды оқытуды 7 сыныптан бастап жаңа құрылымға
сай ерте қолға алу көзделді. Осыған байланысты сызуды оқыту мазмұны
белгілі дәрежеде өзгерістерге түсті. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне
байланысты, материалдарды қабылдауды жеңілдету мақсатында оқыту
бағдарламасы қайта қаралып, жаңа оқулық дайындалды. Бағдарламадан күрделі
тақырыптар алынып тасталып, оқушылардың шығармашылық қабылеттерін дамытатын
жаңа тапсырмалар енгізілді.

3. Дәрісбаян. Сызу курсының құрылымы мен мазмұны.

Сызу курсы бойынша оқушылардың графикалық дайындығы екі кезең бойынша
жүзеге асады: біріншісі кезең, яғни, жетінші сыныпқа дейін математика,
еңбек және басқа пәндер бойынша сызбаларды оқу мен безендіру туралы
мәліметтерді менгерту; екінші кезең, жетінші және сегізінші сыныптарда
сызуды жүйелі түрде оқытып үйрету болып айқындалды.
Сызуды оқытудың мазмұны жалпы білім беретін мектептің оқу жоспары мен
бағдарламасында берілген. Оқу жоспары бойынша сызуды оқытуға барлығы 68
сағат берілген. Олар 9-10 сыныптардың әр сыныбына жылына 34 сағаттан
бөлінеді.
Сызу пәнінің оқу бағдарламасы оны оқыту мазмұнын анықтайды. Ол
оқушыларға сызудан беретін білім мазмұнын анықтаумен қатар мұғалімге
жетекшілік қызмет атқарады. 9 сыныпта Сызбаларды безендіру ережелері,
Проекциялау әдістері, Сызбаларды оқу және орындау атты негізгі үш
тақырып оқытылады. 10 сыныпта Қима мен тілік, Құрастыру сызбалары,
Құрылыс сызбаларын оқу атты негізгі үш тақырып оқытылады.

4. Дәрісбаян. Сызуды оқыту барысында сызбаны безендіру мен сызықтар
туралы түсініктер беру

Сызу пәнін оқыту барысында сызбаны безендіру мен сызықтар туралы
оқушыларға мәліметтер беру оқыту мазмұнының бір бір бөлігі болып табылады.
Сызбаны безендіру мен сызба сызығын оқып үйренуден бұрын, оқушыларға
мемлекеттік стандарттың мағынасы туралы айтып беру қажеттігі туындайды.
Әңгіме барысында стандарттау тарихынан, оның дамуы мен оны өмірде
қолдану тарихынан қызықты да сенімді мысалдар келтіру орынды.
Сызбаны безендіру мен сызықтар туралы материалды түсіндіруді
стандарт - норма , үлгі ұғымдарына анықтама беруден бастауға болады.
Стандарттау - алуан түрлі бұйымдардың өлшемдері мен формаларын
келісілген үлгіде бірдей өлшемдермен жасау мөлшері болып табылатындығына
назар аударылады.
Біздің еліміздің мемлекеттік стандарттары (қысқаша МЕМСТ) -
бұл кәсіпорындардың шығаратын бұйымдары үшін міндетті түрде орындалу
шарттарымен ерекшеленетін сипаттамалар тізімі берілген құжат ретінде
танылады. Сызбаларға да біздің елімізде құрастырушылық құжаттардың
бірегей жүйесінің стандарттары (ЕСКД) қабылданған жүйе бойынша
қолданысқа түседі.
Сабақта мұғалім стандарттарға енгізілген бірінші алғашқы машина
жасау бөлшектеріне болттар мен гайкалар жататындығы туралы мәліметтер
береді.VIII ғасырдың өзінде-ақ, қолөнершілік өндіріс зауыттың өніміне
орын берген кезде, әр жерде дайындалған өнімдердің өлшемдерінің әр
түрлі болуы сияқты қолайсыздық сезіле бастаған, өйткені әрбір зауыт
формалары мен мөлшерлері әртүрлі өнімдер қатарына жататын болттар
мен гайкаларды шығарып, бір машинаның болты мен гайкасы екінші бір
машинаға түспейтін жағдайлар болған. Сондықтан да ең көп таралған
болттар, гайка, шпоноктар сияқты бөлшектер үшін белгілі бір
мөлшерлер, формалар мен материалдар өлшемдері сипатталған осы
бөлшектердің бірнеше типінің біреуін үлгі ретінде белгіленген. Осы
таңдап алған өлшемдер стандарттық өлшемдер болып табылған.
Сонан соң мұғалім сабақта оқушыларға конструкторлық құжаттардың
бірегей жүйесімен, сызбаны орындау үшін сызықтардың түрлі типтері
болатындығы туралы түсініктер береді. Ол сызықтар типіне: тұтас жуан
негізгі сызықтар, тұтас жіңішке сызықтар, нүктелі жіңішке сызықтар
және штрих сызықтар жататындығы туралы мәліметтер береді. Бұл
келтірілген сызықтардың барлығын бірдей қамтиды деуге болмайды.
Қалғандарымен оқушылар кейінірек олардың қолданылуы қажеттілігіне
байланысты материалды оқып үйренумен қатар таныса алады.
Оқушыларға сабақта сызықтардың типі туралы алған білімдерін
бекіту үшін жаттығу ұсынылады. Ол жаттығу бойынша берілген зат
формасын пайдалана отырып, сызықтардың атын айтып және олардың жуан
немесе жіңішкелігін, олардың зат формасын айқындап оқудағы орны туралы
түсініктер беріледі.
Сызу пәнін оқыту барысында формат жиектері мен негізгі жазулар
туралы түсініктер беріледі. Форма дегеніміз сызба сызуға арналған қағаз
бен оның өлшемдеріне қатысты айтылатын ұғым туралы мқғалім оқушыларға
түсінік береді. Оқушылар барлық сызбалардың стандартпен бекітілген
белгілі бір үлгідегі, белгілі бір мөлшердегі қағаздың парағының төменгі
оң жағында негізгі жазулар орындалатынын жақсы білуі тиіс екендігі
айтылады. Мектеп тәжірибесінде негізінен А4 (297х210) формат үлгісі
пайдаланылады. Сондай-ақ, кейде А3 (297х420) формат үлгісіндегі
қағаздарды да пайдалануға болатындығы ескертіледі.
Оқушыларды сызбаны безендірудің негізгі ережелерімен таныстыру
сызуды мектепте оқытудың басты тақырыптарының бірі. Бұл тақырыпты оқып
үйренуге алты сағат бөлінеді. Тақырып бойынша екі графикалық жұмысты
орындау қарастырылған.
Қандай сызба болмасын сызбаның жиегі тұтас қалың сызықтармен
шектеледі. Сызбалар сызылатын формат жиекті жоғарыдан, оң жағынан және
төменгі жағынан қашықтығы 5 мм етіп сызады, ал сол жағының -
шетінен 20 мм қашықтықта сызылады. Бұл жиекті сызбаны альбом ретінде
тігу үшін қалдырады. Сыныптағы әрбір графикалық жұмыста оқушылар
талап етілген жиегі бар үлгідегі қағазды сызу үшін көп уақыт
жібермеу мақсатында форматты сабақтың алдын-ала дайындау туралы
оқушыларға кеңес беріледі.Оқу бағдарламасы бойынша оқушыларға сызбаның
негізгі жазуы қалай орындалатындығы және ол қай жерде ораласатындығы
туралы айтылады.

5.Дәрісбаян. Оқушыларды сызбалық шрифтпен жазуға үйрету

Сызу пәнін оқыту барысында оқу бағдарламасына сай сызбалық шрифт
туралы мәліметтер берілуі тиіс. Оқушыларды бөлінген бірнеше сабақ
ішінде сызбалық шрифтпен жазуды орындауға үйрету мүмкін емес.
Сондықтан оқушыларды әріптер мен жекелеген сөздерді жазуға жүйелі
түрде жаттықтыруға бүкіл оқу жылының ішінде үйретуге бағдар ұсталуы
тиіс. Бұл кезде ескеретін жағдай, адамның күнделікті жазудағы
қолтаңбасының сызбалық шрифтке әсер етпейтіндігін түсіндіру қажет.
Сабақ барысында оқушыларға сызбалардығы шрифттерді жазу белгілі бір ереже
бойынша жазылатындығы ескертіледі.
Жазулар яғни таңбалар, цифрлар, шартты белгілер, сөздер,
сөйлемдер кез-келген сызбаның ажырамас бөлігі болып табылатындығы,
олардың орындалуына мұқият көңіл бөлу керектігі оқушыларға сабақ
барысында түсіндіріледі.
Сызу сабағын өткізу барысында мұғалім алуан түрлі шрифт түрлері
туралы оқушыларға мәліметтер береді. Сызбалардағы жазулар арнайы
сызбалық шрифтпен орындалатындығы айтылады. Сонымен қатар бұрын
сызбалар олай болмағандығына, яғни ХIХ ғасырда сызбалардағы жазулар
құжаттарды жазған жазу үлгісімен жазылғандығына, кейде баспа
әріптері де қолданылғандығына назар аударылады.
Сабақ барысында мұғалім қазіргі кездегі сызбаларды сызу кезінде
ГОСТ 2.304-81 бойынша белгіленген шрифт қолданылатындығына назар
аударылады. Мұғалім оқушыларды жазу әріптерін сызумен, олардың
мөлшері мен орындаудың негізгі ережелерімен таныстырады. Әріптерді
жазуға үйретуді жеңілдету үшін оларды шартты түрде топтарға бөліп
көрсетеді.Олардың ерекшеліктеріне талдау жасайды.
Бірінші топқа Г, П, Т, Н, Е , Ц, Ш, Щ әріптері жатады. Ол
әріптерді жазу үшін негізінде көлбеу және горизонталь сызықтар
сызылып, әріптердің формалары сызықтар бағыты бойына орналастырылады. Осы
әріптер ішіндегі ең қиындауы Е әрпін жазу көрнекі құралдармен
үлкейтілген түрде көрсету арқылы түсіндіріледі.
Екінші топқа И, К, А, Ж, М, Х әріптері жатады. Оларды жазуға да
тік және көлбеу сызықтар қолданылады. Бұл топта жазылуы қиынырақ Ж
әрпін жазуды сабақта ерекше бөліп көрсету қажет болады.
Үшінші топқа Л, У, Д, Ч әріптері жатқызылады. Оларды жазуда
ойша кейбір бұрыштарды үлкен емес етіп, дөңгелектің төрттен бірі
шамасында дөңгелектеп сызу қажеттігі туындайды. Бұл әріптердің ішінде
ең қиыны Д әрпі болып табылады.
Төртінші топқа О, С, Ф, Э, Ю әріптері жатқызылады. Оларды жазу
негізіне О әрпі алынады.
Бесінші топқа Ь,Ъ, Б, З, В, Р, Ы, Я әріптері жатады. Оларды
сызып жазу негізіне әріптің жартысына дейін дөңгелектеу қажеттігі
туындайды. Аралас әріптер арасындағы мысалы, Т және А әріптері
арасындағы, сондай-ақ К және Л , Г және Д, Г және А, Р және А
әріптері арасындағы аралықтарды үлкейту керек.Сол сияқты Ъ, Ы әріптер
арасындағы қашықтықты азайту қажеттігі туралы сабақта оқушыларға
түсініктер беріледі.
Оқушыларға әріптерді жазуға дағдылану белгілі бір бірізділікпен
жүргізіледі. Жекелеген әріптерді айналдыра сызудың бірізділігін плакатта
көрсету қажет. Кіші әріптерді , цифр мен N таңбасын сызумен
оқушыларды таныстыру үшін плакат дайындау қажеттігі туындайды,немесе
видео аудио құралдарының көмегімен көрсетіледі.
Мұғалім сабақта оқушыларға кіші әріптердің мөлшерін анықтау үшін
және әріптердің құрылуының ерекшеліктерін көрсету үшін оларды үш
топқа бөліп тану қажеттігі туралы айтып берілуі тиіс.
Бірінші топқа о,а,с,б,в,д,е,э,ю,р,ф әріптері жатады. Бұл
әріптерді жазу негізіне о әрпі алынады.
Екінші топқа й,ш,щ,т,ц,п,у,г,з әріптері танылады. Бұл топтағы
әріптерді жазу негізіне и әрпі жатады.
Үшінші топқа ч,ъ,ь,я,к,л,м,н,ж,х әріптері жатады. Бұл топтағы
әріптерді жазуды әдістері жазу жазу үлгісіндегідей болып келеді.
Сызу пәнін оқыту барысында масштабтар туралы мәліметтер берілуі
тиіс. Масштабпен оқушылар бастауыш сыныпта танысады. Сондықтан да
сызу пәнінің мұғаліміне сызбаны орындау кезінде масштабты қолдану
туралы қысқаша мәлімет беруге болады.
Оқушылардың назарын бізді қоршаған заттар мен бұйымдар үлкен
мөлшерде немесе, керісінше онша үлкен емес мөлшерде болатындығына
назарын аударту қажет. Оларды сызбада өзінің табиғи мөлшерімен беру
мүмкін емес. Сызбада үлкен немесе кіші мөлшердегі заттардың нағыз
мөлшерін бейнелеп сызуға масштаб мүмкіндік береді. Осыған байланысты
оқушыларға міндетті түрде сызбаның қандай масштабта орындалғанына
қарамастан, сызбада бұйымның өлшемдерінің бір бірімен қатынастарын дәл
беруге болатындығы туралы түсініктер беріледі.
Сызу пәнін оқыту барысында сызылған бөлшектің өлшемдерін дұрыс қою
немесе түсіру туралы мәліметтер берілуі тиіс. Зат бейнесінің сызбасының
өлшемдерін оқушыларға түсіндіруден бұрын, оқушыларға сызбадағы
өлшемдерді белгілеу туралы мәлімет берілуі тиіс. Бұл тақырыпты оқу
барысында, машина жасау сызбалары тек миллиметрмен берілетін қажетті
өлшемдер болатындығы туралы айту қажет. Мысалы тарелканың сызбасының
үстіңгі бөлігінде тарелканы сызу және оның элементтерінің шамамен
алынған арақатынасын көрсету үшін, радиус пен диаметрдің белгісі мен
өлшемдері жазылады.
Бұл үшін форматтың ортасында бөлшектің сызбасы беріліп, ол
бойынша өлшемдерді қондырудың негізгі ережелерін түсіндіруге болады.
Өлшемдік сызықтарды бөлшектің суретін бүркемелемеу үшін суреттің
сұлбасынан тыс сызуға болады. Сызбада өлшемдер сызықтарының
қашықтығы оған параллель сызықтан және де параллель мөлшерлі
сызықтар арасындағы қашықтық 6...10 мм болуы тиіс.
Сызық астына жазылған сызықтар 1..5 мм мөлшерлі сызықтардың
тілінің (стрелка) ұшынан шығуы тиіс. Дәл осы жерде бұрыштар,
диаметрлер, төртбұрыш белгісінің мөлшерін сызу көрсетіледі.
Оқушылардың назарын ортадағы және осьтік сызықтардың суреттердің
нұсқасынан 3...5 мм тыс сызу дұрыс болатындығы оқушыларға ескертіліп
айтылады.
Оқушылар өлшемдік сандарды қондыру кезінде біршама қателер
жібереді. Бұл қателерді болдырмау үшін органикалық шыныдан жасалған
пластинканы пайдаланған ыңғайлы болады. Оны бейнеленіп отырған
бөлшектің сызықтарына басып отырып, әрбір мөлшер белгілі бір орын
алатындығын көрсетуге болады.
Сызуды оқытудың алғашқы кезеңінде оқушылар өлшемдерді қондырудың
тек қана негізгі ережелерімен таныстырылады. Басқа ережелер мен
шарттар туралы олар сызу курсын одан әрі оқып үйрену кезінде
біртіндеп игереді.
Сызу пәнін оқыту барысындығы оқушылардың орындайтын іс әрекетінің
маңызды бір бағыты графикалық жұмыстарды орындау болып табылады.
Сызбаны безендіру ережелері атты сызу курсының бірінші бағдарламалық
тақырыбын оқып үйрену кезінде оқушылар міндетті түрде екі графикалық
жұмысты орындайды. №1 графикалық жұмыс мазмұны сызықтардың түрлі
типтерін сызып үйренуге бағыттаған жаттығулар орындаумен сипатталады.
Оқушыларға бұл жұмысты орындау барысында: 120 мм сызықтардың түрлі
типтерін сызу жаттығуларын орындау керек. Бұл кезде оқушылар
сызықтардың түрлерін бөлшектердің сызбасын сызу барысында үйлесуін
көрсете алады.
№2 графикалық жұмыста жеке тапсырмалар бойынша жалпақ машина
бөлшегінің сызбасын, мөлшерін оның сызықтарының жуандығын шартты
белгімен көрсете отырып сызу жұмыстарын орындауы қажет.
Мұғалім тапсырма беру кезінде оқушының жұмысының жеке бағыты
туралы ескеруі қажет. Осыған байланысты тапсырманың түрлі
варианттары ұсынылуы мүмкін. Жақсы оқитын оқушыларға бөлшектің тек
төртінші бөлігі берілген тапсырманы, ал орташа оқушыларға -
бөлшектің жартысы берілген тапсырманы, ал нашар оқитындарға -
бөлшектің тұтас суретін сызу тапсырмасы беріледі.

6. дәрісбаян. Оқушыларға проекциялар туралы түсінік беру

Мектептегі сызу пәнін оқытудағы маңызды тақырып проекциялау тәсілдерін
оқыту болып табылады. Оқушыларға тікбұрышты проекция туралы түсініктер
берудің өзіндік жолдары бар. Сызу пәнінің мектеп курсындағы негізгі
тақырыптарының бірі тікбұрышты проекциялар туралы түсінік беру мен
проекциялар сызбасын сызу болып табылады. Оқушылардың одан әрі сызуды
оқуы сызу дағдыларын меңгеруіне яғни осы тақырыпты меңгеру сапасына
байланысты болады.
Бұл тақырыпты оқып үйренудің түрлі варианттары бар. Осылардың
ішінен жалпы білім беретін орта мектеп мұғалімдерінің
тәжірибесінде көп таралған екі вариантты бөліп қарауға болады.
Бірінші вариант - оқушыларды заттарды проекциялаудың бір, екі
немесе үш өзара перпендикуляр жазықтағы проекциясын түсіруді
бірізділікпен оқыту.Бұл бағыт бойынша материалды оқыту сызбаны құру,
түсіне білу және сызу дағдыларын біртіндеп қалыптастыруды, сонымен қатар
сызбалар өлшемдерін қондыруды оқушыларға үйретумен сипатталады.Бірінші
вариант бойынша материалды жоспарлау мына төмендегіше бірізділікпен
орындауды қажет етеді:1.Проекция туралы, проекциялау тәсілдері туралы
түсінік беру; Бір жазыққа зат көрінісін проекциялау, оның кеңістіктегі
орнын белгілеу. Басты көрініс түрін таңдау, оны құрудың алгоритмі.
Дәптерде тәжірибелік жұмысты орындау.
2.Екі өзара перпендикуляр проекция жазығын проекциялау төмендегіше
бірізділікпен орындауды қажет етеді: Көлденең жазықтық, оның кеңістікте
орналасуының белгіленуі. Проекцияның өзара байланысы. Өлшемдерді
қондыру. Дәптерге тәжірибелік жұмысты орындау.
3.Бөлшектің сызбасын құру дағдылары мен тәжірибелік шеберліктерін,
теориялық білімдерін тексеру.А4 сызба қағазына графикалық жұмысты
орындау.
4.Проекцияның перпендикуляр жазықтағы үш көрінісінің өзара
байланысын проекциялау. Профильді жазықтық, оның кеңістіктегі
орналасуы, белгіленуі туралы түсініктер беру. Проекцияның өзара
байланысы. Өлшемдерді қондыру. Дәптердегі тәжірибелік жұмыс.
Мұғалім сабақ барысында оқушыларға заттардың проекциясын
проекцияланатын сәулелер арқылы алу туралы, орталық және параллель
проекциялау туралы мәлімет береді. Бұл жерде душтың астына қойылған
немесе жауынның астына қойылған шелекті мысалға келтіруге болады.
Дәл осы жерде мұғалім оқушыларға тікбұрышты проекциялаудың
артықшылығы туралы айтылады. Заттың тікбұрышты проекциясын алу
үшін ең қарапайым тәсіл - бұл оның нұсқасын қағаздың парағының
бетіне сызып шығу болып табылады. Сабақта заттың (шәйнек, т.б.)
бірнеше көріністерін сызу жолдары көрсетіледі. Сонымен қатар, заттың
жазықтағы проекциясын салудың мынандай әдістері көрсетіледі:
- зат проекциясы параллель жазыққа орналастырылады;
- заттың әрбір ұшы арқылы проекцияның перпендикуляр жазығына
бағытталған проекцияланатын сәуле жүргізіледі;
- заттың (нүктенің) ұшының проекциясын қосады және сол заттың
жазықтағы проекциясы сызып алынады.
Кеңістіктегі жазықтың орналасуын қарастыра отырып, мұғалім
заттың проекциясы мен оның ұшын проекциялаудың үдерісін көрсетеді.
Материалды оқушылардың саналы қабылдаулары үшін, көрсету мұғалімның
мынадай бағыттарды қамтиды: Суреттің мөлшері модельдің мөлшерімен
сәйкес келеді ме ? Сызбада заттың бөлшегінің көлденең қырларын қалай
салуға болады? Бүйіріндегі тік қырлары қалай көрінеді? Проекцияда
бөлшектің қандай мөлшері көрсетілген? Бөлшектің қалыңдығы қалай
суреттелген? Неге дәл солай салынған? Бұл бөлшектің қандай мөлшерін
сызбада көрсетуге болады?-деген сұрақ қоюмен қатар жүзеге асырылады.
Нәтижесінде параллель проекциялау кезінде проекциясы беріліп отырған
заттың нағыз формасы мен мөлшері алынады. Әрі қарай мұғалім заттың
басты түрін таңдау туралы мәселені талдауға көшеді.
Оқушылардың басты көріністі қалай дұрыс таңдауға болатындығын
меңгерту үшін бірнеше ауызша жаттығу жүргізген дұрыс. Алдымен
объектінің басты көрінісі модель бойынша орнатылады, сонан соң -
көрнекі сурет бойынша: қарсы алдынан диаметриялық қисық бұрышты
және изометрлік тікбұрышты проекциялар беріледі. Дұрыс таңдалған
басты түрін оқушылар сынып тақтасында орындайды.
Сабақтың келесі кезеңі – дәптерде сызылатын бөлшектің басты
түрінің сызбасын құрумен тәжірибелік жұмыс орындалады. Жұмысты сынып
тақтасында суреттелген бөлшектің көрнекі суретін екі вариант
бойынша орындауды ұсынуға болады .
Мұғалім оқушылардың жұмысын қадағалай отырып, тапсырманы
орындаудағы жұмыстың әрбір кезеңіне талдау жасап кезекпен атап
көрсетеді:
1.Бөлшектің геометриялық формасын талдау, оның симметриялығын
анықтау.
2. Басты көрініс түрін анықтау.
3. Сызба құру үшін қағаздың парағының (горизонталь немесе
вертикаль) орналасуын таңдау және суреттің масштабын анықтау.
4. Бөлшектің үлкен тікбұрышты суретін салу және симметриялық
осін жүргізу.
5. Үстіңгі беті көрінетін бөлшектің сипатты элементтерін құру.
6. Призматикалық қиықтар, ойықтар мен тесіктердің суретін салу
мен белгілеу.
7. Өлшемдерін сызу.
8. Сызбадағы шеңберлерді сызу: а) доға, шеңбер; ә) барлық
көлденең; б) барлығы тік; в) барлық иілген сызықтарды сызу.
Келесі сабақта проекцияның екі жазықтығының проекциясы
қарастырылады. Сабаққа дайындалу кезінде мұғалім оның жалпы
құрылымын, теориялық материал көлемін, тәжірибелік жұмыстың сипаты
мен мазмұнын анықтап алуы тиіс. Сонымен бірге, жаңа материалдың
оқушылар өз бетімен шеше алатын мәселелері және мұғалімнің
оқушыларға түсіндіретін сұрақтары алдын ала бөліп алынады. Сонымен
қатар проекциялауды оқытудың төмендегідей әдістері мен тәсілдерін
анықтап алынады: олар, мәселені қою, оқу диалогы, мұғалімнің көрнекі
құралдарды пайдалана отырып әңгіме өткізуі, тәжірибелік жұмыстарының
мазмұны.
Сабақ сұрақ жауап әдістерін қолдана отырып, материалды
қайталаумен басталады. Оқушыларды алдында өтілген материалдар бойынша
сұрақ қою үшін тақтаға шақырады. Ол үшін мынадай тапсырма үлгілерін
беруге болады:
1. Қағаздың парағына жалпақ бөлшектің сызбасын құрудың
бірізділік кезеңін жазып алу.
2. Бөлшектің сызбасында Тесіктер мөлшерлерін дұрыс сызу.
3. Берілген проекция бойынша суреттің дұрыс масштабын таңдап,
оны жазып алып, Пластина бөлшегінің басты түрін анықтап және сызып
алу.
4. Сызбадағы өлшемдерді дұрыс сызу.
Ауызша қайталау мен пысықтау үшін мынандай тапсырмалар мен
сұрақтар беріледі:
1. Проекциялаудың бар тәсілдерін атап өту.
2. Орталық проекциялаудың ерекшеліктерін ашып көрсету.
3. Параллель проекциялау мен оның қандай түрі бар екендігіне
анықтама беру.
4. Параллель проекциялау ерекшеліктерін ашып көрсету.
5.Проекциялаудың қандай тәсілі басты тәсіл ретінде қабылданғанын
анықтау.
Сонан соң алдыңғы партада отырған оқушылардың жұмысын жинап
алып олардың жіберген қателері талданады және бүкіл сынып болып тақтаға
шығып жауап беруші оқушылардың жауабының дұрыс немесе дұрыс еместігі
талданады.
Оқушылардың ойлау белсенділігін дамыту үшін жаңа материалды өтуге
ауыса отырып, олардың алдына бөлшектің сызбасы бойынша оның пішінін
(формасын) анықтау және оның суретін салу тапсырмасын орындау талап
етіледі. Оқушыларды тақтаға жауап беру үшін шақырып, бүкіл сынып
болып оқушының жауабының, тапсырманың қалай орындалғанына талдау
жасауға болады. Сызбаны және берілген суреттердің бөлшектерін талдай
отырып, мұғалім мынадай қорытындыға келеді: бір проекциямен берілген
бұл сызба бірнеше бөлшектерге сәйкес келеді , сондықтан да ол
заттың пішіні туралы толық түсінік бере алмайды. Сондықтан да
мынадай сұрақтардың туындауы заңды: осы бөлшек сызбасын дайындау үшін
жұмысшы не істеуі керек? Суретте берілген бөлшектердің қайсысын
жасауы керек екендігін қалай анықтауға болады? Мұғалім ұйымдастырған
шешімді іздеу нәтижесінде бөлшектің екінші проекциясын сызу қажеттігі
туралы қорытындыға келеді. Заттың бөлшегіне үстінен қарағандағы
көрінісін сызу керек деген шешімге келеді. Мұнан соң горизанталь проекция
сызбасы сызылып көрсетіледі. Мұғалім сынып тақтасында бөлшектің
үстінен қарағандағы түрін салып, мәселенің шешімін көрсетеді. Одан
әрі проекцияның көлденең жазықтығы түсінігінің мәнін ашып, оның
кеңістіктегі орналасуын, Х өсін қарастыра отырып, проекция
жазықтығының көлденең және тік кесіп өту сызығы ретінде белгілеуі
тиіс. Бұл жұмысты дайындалған сызудың бірізділігін көрсететін кестені
пайдалану арқылы жүргізуге болады.
Сонан соң сынып болып екі түрде берілген сызбаға талдау
жасап оқушыларға сызбаны дұрыс орындау үшін басты проекция ретіндегі
проекцияның бірі жоғарыдан қарағандағы көріністің орналасуы қажеттігі
түсіндіріледі. Модельдердің көмегімен мұғалім проекция,
проекцияланатын сәулелер, байланыс сызықтары түсініктерінің мәнін
ашады.
Келесі міндет – оқушыларда заттың проекциясының екі түрін
құрудағы іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыру болып табылады.
Бұл үшін мұғалім оқушыларға кеңістікте түрліше орналасқан цилиндр,
конус, үшбұрышты призма, төртбұрышты пирамида, шар және т.б.
геометриялық денелерді көрсетеді және сызбада осы заттың үстінен
және алдынан қарағандағы түрі қандай болатындығын сұрайды. Дұрыс
жауаптан кейін мұғалім тақтаға бір оқушыны шығарып қолмен сызба
жұмысын орындауға шақырады. Оқушылардың нақты бірізділікпен жұмыс
істей білуге дағдыландыру үшін, мұғалім жаттығуларға дер кезінде
жетекшілік етеді, сыныпқа сызбаны құрудың алгоритмін білдіретін
сұрақтар қояды:
1. Бөлшектің пішіміне талдау жасаңыздар.
2. Оның басты түрін таңдаңыздар.
3. V және H жазықтығына қатысты бөлшектің орналасуын анықтаңдар.
4. Сызбаның басты түрінің сызылуын анықтаңдар және оны құрыңдар.
5. Форманың жоғарыдан қарағандағы көрінісінің сызылуын анықтау
және оны құру.
6. Сызбадағы проекцияның байланысы қандай жолмен жүзеге
асырылғандығын анықтау.
Осы аталған тақырып бойынша үшінші сабақ - тәжірибелік жұмыс
сабақ түрінде өткізіледі. Сабақтың басында осы тақырыптың өтілген
материалы бойынша құрастырылған сұрақтар қойылады. Тақтаның алдында
орындалатын тапсырма мынадай мазмұнда болуы мүмкін:
1.Сынып тақтасында бөлшектің екі түрінің суретін көрнекті етіп
қолмен сызу.
2.Ол проекцияның формаларының қандай геометриялық денеге ұқсас
келетіндігін анықтау.
3.Бөлшектердің сызбасының және көрнекі бейнелерінің сәйкестілігін
анықтау.
Сұрақ-жауаптан кейін оқушылар берілген варианттар мен жеке
тапсырмалар бойынша А4 форматтағы сызба қағазының парағында
орындалатын тәжірибелік жұмыс істеуге кіріседі. Тәжірибелік жұмысқа
деген тапсырмалар оншалықты қиын болмауы тиіс. Жұмыс көлемі әдетте
сынып тақтасына жазылады: 1) бөлшектің сызбасын құру; 2) өлшемдерін
сызу; 3) негізгі жазуларын толтыру.
Сондай-ақ практикалық сабақта бөлшектің алдынан қарағандағы
проекциясын сызу, проекциялық аппарат арқылы қарсы жақ беттегі
проекцияны жетекшілікке алып, көлденең қарағандағы көріністің
проекциясын құру сияқты тапсырмалар да ұсынылады.
Тақырыпты одан әрі оқып үйрену барысында - проекциялауды өзара
үш перпендикуляр проекцияның жазықтықтағы проекциялалануы
қарастырылады. Мұғалім оқушыларға бөлшектің екі түрінің оның пішіні
туралы толық түсінік бере алмайтындығын айтып береді. Бұл жағдайда
мынадай сұрақ туындайды: Сызбадағы бөлшектің суретін қалай
нақтылауға болады? Әдетте оқушылар бөлшектің түрін жанынан құруды
ұсынады. Материалды түсіндіру үшқырлы бұрыштың моделін пайдалану
арқылы жүргізуге болады. Осындай жолмен алынған сызба заттың үш
тікбұрышты проекциясын құрайды. Кешенді сызбадағы V өсінің
қосарлануына ерекше назар аударылады.
Одан әрі оқушылардың назарын проекциялар байланыстарына аудару
қажеттігі туындайды. Оқушыларға сынып тақтасында геометриялық
денелердің проекциясын құру және анықтау ұсынылады. Материалды
барынша белсенді түрде меңгеруді қамтамасыз ету үшін оқу диалогы
қолданылады. Мұғалім оқушыларға мынадай сұрақтар беруі мүмкін:
бөлшектің геометриялық пішініне талдау жасаңдар. Бөлшектің жоғарыдан
және сол жағынан басты түрін таңдаңдар? Бұл сабақтағы тәжірибелік
жұмыс бір немесе екі вариант бойынша орындалуы мүмкін. Келесі
сабақтарда материалды бекіту іс әрекеттері жасалып, заттардың пішінін
талдау, т.б. сызба жұмыстары бойынша түрлі жаттығулар орындалады. Бұл
кездегі тапсырманың күрделілігі арта түседі.
Оқыту әдістемесінің бұл берілген варианты бойынша оқушылардың
тапсырманы орындау барысында, оқытудың барлық кезеңдерінде
оқушылардың ойлау белсенділігі, шығармашылық белсенділіктерін арттыру
міндеттер шешіледі. Екінші вариант - проекцияның өзара үш
перпендикуляр жазықтығына біртіндеп затты проекциялауға оқушылар
үйретіледі, мұғалім мен оқушылар үшқырлы бұрыштың бірдей модельдері
мен проекцияланатын бөлшегімен жұмыс істейді.
Сызатын материалды жоспарлау мына төмендегіше болуы мүмкін:
1. Проекциялау тәсілдері. Қыстырғыш бөлшегінің жазба көрінісінің
сызбасын орындау.
2. Зат формасын өзара перпендикуляр үш жазыққа проекциялау.
3. Формасы геометриялық денелердің жиынтығынан құралған бөлшектің
сызбасын құру.
4. Формасы геометриялық денелердің жиынтығы ретінде
қарастырылған бөлшектің сызбасын орындау.
5. Бөлшектердің сызбасын орындаудың тәжірибелік жұмыстары.
Бірінші сабақта жазықтықтағы проекцияны, проекциялық аппарат
элементтері мен проекциялау тәсілдерін алу процесі қарастырылады.
Бұл материал бірінші варианттағыдай көлемде және бірізділікпен
берілуі мүмкін . Сонан соң оқушылар Тиек бөлшегінің жазба
сызбасын орындайды.
Сабаққа дайындалу кезінде мұғалім мен оқушыға сабаққа қажетті
көрнекілік құралдарды қолдану жағы жақсы ойластырылған болуы тиіс.
Сабақта мұғалім үшін үшқырлы бұрыштың моделі, Тиек бөлшегі,
геометриялық денелер; ал оқуышларға Тиек бөлшегінің моделі, қағаз,
қайшы қажет болады. Енді оқу үдерісін ұйымдастыруды қарастырайық.
Үш проекцияны пайдалану қажеттігі мен дұрыстығын көрсету үшін,
оқушыларға күрделі тапсырма берілуі мүмкін. Сонан соң заттың сұлбасы
көрсетілетін үш өзара перпендикуляр проекцияның жазықтығы туралы
түсініктер беріліп, кейіннен олардың белгіленуіне, кеңістіктегі
орналасуына талдау жасалады.
Сонан соң сабақ барысында мұғалімнің басшылығымен оқушылар сызба
қағаздың парақтарына үш қырлы бұрыштың жеке моделі бойынша,
жазықтығын белгілеу, осін, координатының басталуын және бөлшектің
үшқырлы бұрыш моделін проекциясын орналастыру керектігі туралы
тапсырма ұсынылады.
Бұдан кейін оқуышыларға проекциялаудың басты ережелерінің бірін
- үшқырлы бұрыштың жазықтықтағы проекциясының проекцияланып отырған
заттың қырларына параллельдігі туралы түсіндірілуі тиіс. Сонан соң
мұғалім көрсетуімен, оқушылар өздерінің модельдерін проекциялауға
кіріседі. Келесі кезең – бөлшектің толық проекциясын алу және олардың
өзара байланысын белгілеу болып табылады. Мұғалімнің басшылық етуімен
оқушылар үшқырлы бұрыштың моделін жазып, сонан соң нүктелерін
қосып, Тиек бөлшегінің проекциясының кескінін алады. Осыдан кейін
мұғалім фронталь, горизанталь, профиль проекцияларының берілген заттың
қарсы алдынан, үстінен, бір қырынан алынған бейнесі екендігін
түсіндіреді.
Сабақтың келесі кезеңі - оқушыларда жеке ... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Оқушылардың графикалық білімін, дағдысын қалыптастырудағы психология шеберлігі
Бөлшектердің сызбасын орындаудың тәжірибелік жұмыстары
Сызуды оқыту әдістемесінің жүйесі
Сызуды оқыту әдістемесі педагогика ғылымының бір саласы
Сызуды оқыту әдістерінің түрлері
Қазіргі кезеңдегі жалпы орта білім беретін мектепте сызуды оқытудың мақсаттары мен міндеттері
Графика және жобалау пәнінің мектеп бағдарламасындағы орны
ОҚУ - ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕН. Бизнесті бағалау
Сабақта оқытуды қамтамасыз ететін оқыту әдістерін қолдану
Графика және жобалау пәнінің маңызы
Пәндер