СЫН ЕСІМНІҢ ГРАММАТИКАЛЫҚ КАТЕГОРИЯЛАРЫ


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 69 бет
Таңдаулыға:   

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

Қ. А. ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚ-ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІ

СЫН ЕСІМНІҢ ГРАММАТИКАЛЫҚ КАТЕГОРИЯЛАРЫ

ТҮРКІСТАН - 2013

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

Қ. А. ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚ-ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІ

Қорғауға жіберілді:

Қазақ тілі кафедрасының

меңгерушісі, ф. ғ. к., д. м. а.

С. Мағжан

(қолы)

___»20__ж.

Дипломдық жұмыс

СЫН ЕСІМНІҢ ГРАММАТИКАЛЫҚ КАТЕГОРИЯЛАРЫ

мамандығы: 050205- филология: қазақ тілі

Дипломшы А. Телқожаева

(қолы) (аты-жөні, тегі)

Ғылыми жетекшісі,

ф. ғ. к., доцент Г. Қ. Жылқыбай

(қолы) (аты-жөні, тегі)

ТҮРКІСТАН - 2013

Мазмұны

Кіріспе . . . . . . . . 4

Негізгі бөлім

І Сын есімнің жалпы сипаты

1. 1 Сөздерді таптастырудың принциптері туралы . . . 7

1. 2 Сын есім сөз табының зерттелуі . . . 10

1. 3 Сын есімнің мағыналық топтары. Сапалық сындар

мен қатыстық сындар . . . 19

ІІ Сын есімнің грамматикалық категориялары

2. 1 Грамматикалық категория ұғымы . . . 27

2. 2 Грамматикалық категориялардың сөз таптарына қатысы . . . 30

2. 3 Сын есімнің шырай категориясы . . . 40

Қорытынды . . . . . . … . . . 56

Пайдаланылған дереккөздер . . . ……. ………59

Кіріспе

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қазақстанда үздіксіз білім беру жүйесінің негізгі буыны жоғары мектеп бүгінде қарқынды даму үстінде. Ал білікті қазақ тілі маманын даярлау - жоғары мектептің біртұтас құрамдас бөлігі. Болашақ маманның кәсіби-теориялық даярлығын арттыруда негізгі арнаулы пәндер бойынша терең, жан-жақты білім берудің, бағдарлама, оқулық, оқу-әдістемелік құралдар, озық педагогикалық тәжірибелерден толық хабардар етудің, педагогикалық тәжірибе идеяларын жинақтап ұсынудың маңызы зор. Болашақ мұғалімнің кәсіби-әдістемелік даярлығы ең алдымен Мемлекеттік білім стандарты бойынша жоғары оқу орындарында оқу жоспарында белгіленген кәсіби арнайы пәндерді игеру негізінде қалыптасады.

Жоғары мектепте болашақ қазақ тілі мамандарының кәсіби-әдістемелік даярлығын қалыптастыруда қазіргі қазақ тілі ғылыми курсын оқытудың маңызы зор. Қазіргі қазақ тілі - тіл білімінің фонетика, лексика, сөзжасам, морфология, синтаксис салаларын құрайтын жоғары оқу орындарының қазақ тілі мен әдебиеті мамандарын даярлайтын филология факультеттерінде оқытылатын ғылыми курс.

Мектептің ертеңгі белді тұлғасы бүгінгі болашақ маманның құзырлы даярлығы ең алдымен мамандығы бойынша ғылыми білімді сапалы игеруіне байланысты. Оның жоғары мектепте жинақтаған әдістемелік-теориялық білім деңгейінің сапасы - болашақ жас ұрпақтың білім көрсеткіші.

Қазақстан Республикасының президенті - елбасы Н. Ә. Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында білім және кәсіби машық - заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары туралы: «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек», - деп атап көрсетеді [1] .

Осымен байланысты Қазақстандағы жоғары білім беруге негізделген қазақ тілі маманын даярлау жүйесінің көздейтін мақсаты - жан-жақты дамыған, шығармашылық ойлау қабілеті жоғары, өз бетімен білімін жетілдіре алатын, мамандығы бойынша қажетті білім, іскерлік, дағдысы қалыптасқан терең білімді, білікті, ізгілікті маман даярлау.

Қазақстандағы соңғы жылдары болып жатқан әлеуметтік-саяси өзгерістер білім беру жүйесінің барлық салаларына қарқынды өзгерістер алып келді. «Білім туралы заң», «Жоғары білім туралы заң», «Қазақстан республикасы гуманитарлық білім беру бағдарламасы», «Қазақстан республикасында жоғары білімді дамыту стратегиясы», «Білім беру туралы мемлекеттік бағдарлама», «Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы» т. б. мемлекеттік құжаттар білім беру мазмұнын анықтап беріп отыр. Аталмыш құжаттарға сәйкес жоғары білім беруді дамытуда көзделетін негізгі мақсат: «Оқытудың жоғары сапасын қамтамасыз етуге қабілетті және ғылым, мәдениет, білім беру процесін бірлікте тану негізінде жас ұрпақты тәрбиелейтін жоғары білім берудің тұңғыш жаңа ұлттық моделін қалыптастыру болып табылады» [2, 7] .

«Білім беру - қоғам мүшелерінің адамгершілік-интелектуалдық, мәдени және дене дамуы мен кәсіби біліктілігінің жоғары деңгейіне қол жеткізуді мақсат ететін үздіксіз тәрбиелеу мен оқыту процесі» [3, 180] .

Осыған сәйкес жоғары білім беру маманның болашақ қызметіне сәйкес біртұтас, жүйелі, іргелі білім, кәсіби іскерлік, дағдылармен қаруландыруды және арнайы шығармашылық және ғылыми ізденушілік қабілеттерін дамытуды көздейді. Осы мақсаттағы диссертациялық жұмыстың тақырыбы «Сын есімнің грамматикалық категориясы» деп аталады.

Зерттеудің өзектілігі. Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында оқитын студент - болашақ қазақ тілі пәнінен білім беретін мұғалім, сондықтан оның кәсіби даярлығының сапасын арттыру жоғары мектепте арнаулы пәндерді оқытудың жаңа ғылыми-әдістемелік тұжырымдарына негізделуіне байланысты. Демек, студенттің оқу белсенділігін, оқу-танымдық қызығушылығын арттыру, өз бетінше білім алуға ұмтылдыру, білімді саналы ұғып, оны тәжірибеде қолдана білуге даярлау, ақыл-ойын, ойлау қабілетін дамыту үдерісі жоғары білім беру мазмұнына, оның басты буындары оқытуды ұйымдастыру, оқытудың белсенді әдіс-тәсілдері секілді жаңа технологияны қолдану сапасына байланысты. Студент кәсіби-теориялық білім, іскерлік, дағдылармен қаруланып қана қоймай, шығармашылық еңбегімен ізденіп өздігінен білім алуға, ой қорытындысын жасауға қабілетті болуы тиіс. Қазіргі жағдайда оқытудың мақсаты, мазмұны, оқыту формалары мен әдіс-тәсілдерінің тиімділігі оның нәтижесімен өлшенеді.

Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында оқитын студент - болашақ қазақ тілі пәнінен білім беретін мұғалім, сондықтан оның кәсіби даярлығының сапасын арттыру, өз бетінше білім алуға ұмтылдыру, білімді саналы ұғып, оны тәжірибеде қолдана білуге даярлау, ақыл-ойын, ойлау қабілетін даму үдерісі жоғары білім беру мазмұнына, оның басты буындары оқытуды ұйымдастыру, оқытудың белсенді әдіс-тәсілдері секілді жаңа технологияны пайдалану сапасына байланысты.

Грамматиканың морфология саласы жан-жақты зерттеліп, мақсат-міндеттері біршама айқындалған, алайда морфологияны жоғары оқу орындарында оқыту үдерісінде назардан тыс қалған, талас туғызатын, соңғы зерттеу нәтижелерімен қайшы келетін, тап басып, дәл айтуға келмейтін түйткілді мәселелер де бар. Осындай мәселелердің бірі - сын есімнің шырай категориясы. Сын есімнің шырай категориясы туралы пікірлерді саралап, таразылау, бірізді тұжырымға келу - бүгінгі күнгі өзекті мәселелер қатарында.

Осы айтылғандар зерттеу нысанына алынып отырған тақырыптың өзектілігін көрсетеді.

Зерттеу жұмысының мақсаттары мен міндеттері. Зерттеуде көздейтін мақсатымыз - сын есім сөз табының сөз табы ретіндегі жалпы сипаты, мағыналық ерекшеліктері, грамматикалық категориясы туралы көзқарастарды саралап бірізді пікірге тоқтау. Осы мақсатқа орай жұмыс барысында мынадай міндеттерді шешу көзделді:

- сын есімнің жалпы сипатын айқындау мақсатында сөздерді таптастырудың принциптері туралы, сын есім сөз табының зерттелуі, сын есімнің мағыналық топтары, сапалық сындар мен қатыстық сындар туралы пікірлерді саралау, сараптау;

- сын есімнің грамматикалық категориялары ыңғайында грамматикалық категория, грамматикалық категориялардың сөз таптарына қатысы ұғымдарының мәнін ашу, сын есімнің шырай категориясы туралы көзқарастарды саралау.

Зерттеу нысаны - Сын есім сөз табы, зерттелуі, сын есімнің шырай категориясы туралы зерттеулер, пікірлер мен ізденістер.

Зерттеу әдістері мен тәсілдері. Жұмысты жазу барысында сипаттама, талдау, жүйелеу, жинақтау, саралау, тарихи-салыстырмалы, сараптау, қорыту әдістері қолданылды.

Зерттеудің дереккөздері. Мектеп оқулықтары, тақырыпқа қатысты ғылыми еңбектер бұл жұмысымыздың орындалуына тікелей жәрдемін тигізіп, ғылыми тірек-таяныш болды.

Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздемесі. Жұмыста морфологиялық еңбектердегі сөз таптастыру теориясы, сын есім сөз табы, грамматикалық категория, сын есімнің грамматикалық категориясы ұғымдарына қатысты пікір айтқан, зерттеу жүргізген ғалымдардың салмақты ойлары мен пікірлері, тұжырымдары теориялық және әдіснамалық негіз болды. Ұлттық тіл білімі бойынша сөз таптастыру териясының негізін қалаған, грамматикалық категория ұғымын қалыптастырған ғалымдар А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, С. Аманжолов, К. Ахановтан бастап, ғылыми пікірлер айтқан ғалымдар Ж. Шәкенов, Ғ. Мұсабаев, А. Ысқақов, Н. Оралбаева т. б. еңбектері басшылыққа алынды.

Жұмыстың ғылыми жаңалығы. Морфологиялық оқулықтардағы, ғылыми еңбектердегі сын есімнің грамматикалық категориясы ұғымы туралы пікірлердің бірізді емес екенін дәлелдеу арқылы ортақ тұжырымға келуге ұмтылыс жасалды.

Зерттеу жұмысының практикалық маңызы. Зерттеуде алынған нәтижелер және зерттеу материалдары оқулықтар мен оқу құралдарын жасауда, морфология пәні, функционалды грамматика бойынша лекциялар курсында кеңінен қолданылады.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертация кіріспе, екі тарау, қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланылған дереккөздер тізімі берілді.

1 Сын есімнің жалпы сипаты

1. 1 Сөздерді таптастырудың принциптері туралы

Платон мен Аристотельден басталған жоғарғы үш топ құрамына кіретін сөздерді ең аз болғанда бес, ең көп болғанда он бір топқа бөлу - тіл білімінде әбден орныққан, тұрақты үлгіге айналған дәстүр. Ғылымда орныққан сол даяр үлгіні түркологтар түркі тілдерін зерттеуде де қолданды. Сөздерді таптастырудың семантикалық, морфологиялық, синтаксистік аталатын үш принципі түркологияға өткен ғасырдың 30-жылдары енді. Кейін келе сол соқпақпен қазақ тілін зерттеушілер де жүрді [4. 95] .

Қазақ тілінің грамматикалық құрылысын ХІХ ғасырдың ІІ жартысында орыс түркологтары зерттей бастағаны белгілі. Осы бағыттағы алғашқы Н. И. Ильминскийдің еңбегінде сөз таптарының толық жүйесі берілмеген, есім сөздер аясында сын есім айтылады. Келесі М. Терентьев еңбегінде де тоғыз сөз табының қатарында сын есім айтылады. П. М. Мелиоранский еңбегінде сегіз сөз табы ажыратылып, қорытындысында сын есім зат есіммен бірге «есім» деп бір сөз табы ретінде қаралады. Орыс түркологтарының барлығында кездесетін зат есім мен сын есімнің, сын есім мен үстеудің қарым-қатынасына байланысты шешілуі қиын болған жалпы түркілік проблема бұл ғалымның да еңбегінде екіұшты қаралады, яғни автор, жоғарыда айтылғандай, зат есім мен сын есімді айырмай бір сөз табы десе, кейбір сөздерге қатысты сын есім мен үстеудің сөз табы ретіндегі басқа айырым-белгілерін жоққа шығарады [5, 13] .

Қазақ тіл білімінде де сөздерді түрлі тапқа жіктеу мәселесінің өзіндік қалыптасу, даму жолы бар. Қазақ тілі грамматикалық құрылысының ана тілімізде зерттеліп жарық көруі өткен ғасырдың алғашқы 10-15 жылдарынан басталады. Оның бастауы А. Байтұрсынов есімімен тығыз байланысты. ғалымның тіліміздегі сөздерді таптастыруындағы жалпы жүйе негізінен көп өзгеріссіз күні бүгінге дейін сақталып келеді [5. 18] .

Қазақ тіл білімінде сөз таптастыру мәселесіне оң ықпалын тигізген іс - әр сөз табын кандидаттық диссертация ретінде жеке зерттеу нысанына айналдыру ісі 40-жылдары басталды. Сөз таптастырудың семантикалық, морфологиялық, синтаксистік принциптерінің қазақ тіл білімінде сөз таптарын зерттеген Қ. Жұбанов, С. Аманжолов, Н. Сауранбаев, С. Жиенбаев, Ә. Хасенов, Ш. Сарыбаев, Ж. Шәкенов, Р. Әміров, Б. Кәтенбаева т. б. ғалымдардың еңбектерінде түрлі дәрежеде көрініс тапты [6] .

Бұл ғалымдар өздерінің зерттеулерінде тиісті сөз таптарын анықтауда қазақ тіл біліміне 30-жылдары енген сөз таптастырудың семантикалық, морфологиялық, синтаксистік принциптерін басшылыққа алады. Аталған авторлардың зерттеулері барысында, басқа да ғалымдардың еңбектерінде сөз таптарының семантика-құрылымдық табиғатын ашуда бұл принциптерді қолдану деңгейлерінің әр түрлілігі байқалды.

Сөз таптастыру ілімі проблемасы өзекті мәселе ретінде морфологияның күн тәртібіне 1950 жылдары қойылды. Бұл жылдары қазақ тіл біліміндегі сөз таптастыру проблемасын шешу ісіне белсене араласқан А. Ысқақов болды. 1950 жылы «Халық мұғалімі» журналында ғалымның «Қазақ тіліндегі сөздерді таптастыру туралы» атты мақаласы жарияланды. Ғалым сөздерді түрлі тапқа бөлудің мән-мақсатын «тілдің даму сатысын, грамматикалық құрылысын айқындаумен» байланыстыра отырып, «Сөздерді таптастыру жөніндегі көзқарастар мен бағыттар жалпы тіл ғылымының даму сатысына, қалса әрбір жеке тілдің зерттелуі дәрежесіне сәйкес өзгеріп те, дамып та отырады», - дейді [5, 36] .

Бұл ғалым да қазақ тілі сөздерін түрлі тапқа жіктеуде өзіне дейінгі айтылған үш принципті атайды: «Қазақ тіліндегі сөздерді таптастырғанда да, басқа тілдердегі сөздерді таптастырғандағыдай, негіз етіп алынатын белгілер және қолданылатын принциптер мыналар:

- сөздің семантикалық (лексикалық) мағынасы;

- сөздің морфологиялық (грамматикалық) мағынасы;

- сөздің сөйлемдегі (синтаксистік) қызметі».

Автор аталып отырған принциптерді басшылыққа алып сөз таптастырудың нәтижесінде пайда болған сөз таптарын «лексикалық топтар» деп атайды.

«Сөз таптары категориясы- сөздерді лексикалық топтарға бөлудің нәтижесі», -дей отырып [5, 36] , ғалым сөз таптары терминінің орнына лексикалық топтар терминін ара-тұра қолданып отырады.

А. Ысқақовтың бұл мақаласының алдыңғы ғалымдар еңбектерінен өзіндік жаңашылдық жақтары да бар:

біріншіден, мақала мазмұны сөз таптастырудың жалпы теориялық мәселесімен қатар, әрбір сөз табының семантика құрылымдық табиғатын егжей-тегжейлі толық баяндауымен ерекшеленеді;

екіншіден, автор осыған дейін одағайдың құрамында қаралып келген еліктеуіш сөздерді тұңғыш рет жеке сөз табы ретінде қатарға қосады. Ғалым тіліміздегі еліктеу сөздерді семантика жағынан еліктеуіш, бейнелеуіш сөздерге бөліп, олардың әрқайсысының мағыналық, дыбыстық ерекшеліктерінің барлығына және морфологиялық құрылысының өзгешеліктеріне талдау жасайды. Еліктеу сөздердің өзіндік сөз тобы болатын принциптерін айта келіп, еліктеулердің одағайларға қосылатын ұқсастығы жоқ, өзіндік жеке сөз табы етіп қарастыруға әбден болатын категория екенін автор: «Еліктеу сөздерді ешуақытта одағай сөздердің қатарына қосуға болмайды, өйткені еліктеу сөздердің лексикалық мағынасымен бірге грамматикалық, оның ішінде синтаксистік қасиеті аса күшті. Одағайларда ондай синтаксистік қасиет жоқ», -деп дәлелдейді [7] .

А. Ысқақовтың тағы бір жаңалығы қазақ тіл біліміне Қ. Жұбанов енгізген сөз таптастырудың үш принципін (семантикалық, морфологиялық, синтаксистік) бірлікте қарай отырып, оларды жетілдіре түскендігі болды. Ғалым морфологиялық принципті сөз ете отырып, әрбір сөз табының түрлену жүйесіне байланысты қосымша қабылдау қабілеті ішінде сөз тудырушы жұрнақтардың да сөз табын айырудағы қызметін көрсетеді .

«Сөзден сөз тудыратын формальдық бөлшектердің де(жұрнақтардың) сөз таптарының жіктерін ашуда атқаратын қызметі аса күшті», - дей отырып автор бір сөз табынан екінші сөз табына ауыстыруға қабілетті жұрнақтарды да әр сөз табының анық морфологиялық көрсеткіші болып танылатын сөз түрлендіруші (мысалы, сын есімнің шырай, етістіктің етіс, т. б. ) жұрнақтары секілді формальдық белгі ретінде таниды.

«Жұрнақтар арқылы басқа сөз таптарынан жасалған сын есімдердің формальдық белгілері(көрсеткіштері) сол туынды сын есімдерді жасаған жұрнақтар болады», - дейді ол [5, 37] .

Алайда бұл тұжырымның дұрыс бола бермейтіні қазақ тіл білімінің кейінгі даму барысында анықталды. Ғалым сол сияқты сөз таптастырудағы синтаксистік принципті айта отырып, әрбір сөз табының сөйлемде негізгі және қосымша қызметі болатынын ашып айтты.

А. Ысқақов кезінде Қ. Жұбанов айтқан идея ізімен сөз таптарын тарихи категория ретінде тани отырып, оларды таптастыруда саралану процесінің әлі жүріп жатқанын, бұл факторды сөздерді жіктеу ісінде мықтап ескеру керек екенін де айтып, дәлелдеп берді. Ғалым «Сөз таптарын анықтаумен қатар, әдеби тіліміздің күннен-күнге қарыштап өсуімен, дамуымен байланысты оның лексикалық құрамындағы сөздер де өзара дифференцияланып (сараланып) бітпегендігін, сөздердің саралану процесі тіліміздің қазіргі жағдайында төтенше күшті екендігін естен шығармау керек», - дей отырып [5, 37] , бұл пікірін нақты мысалдармен дәлелдейді.

50-жылдардан бергі дәуірде қазақ тіл біліміндегі сөз таптастыру теориясының қалыптасып, дамуының негізінен А. Ысқақовтың есімімен байланысты болуы ғалымның көп жылғы еңбегінің нәтижесі іспетті. 1954 жылғы «Қазіргі қазақ тілі» атты еңбекте, 1967 жылғы «Қазақ тілінің грамматикасында», 1964 жылы қорғаған «Морфологическая структура слова и именные части речи в современном казахском языке» атты докторлық диссертациясында, т. б. еңбектерінде сөз таптастыру теориясына қатысты ой-пікір, тұжырымдарын кеңірек сөз қылады. Ғалымның жоғары оқу орны филология факультеті студенттеріне арнап жазған «Қазіргі қазақ тілі. Морфология» оқулығының 1974 жылғы бірінші, 1991 жылғы өңделіп толықтырылған екінші басылымы да тіл біліміндегі сөз таптары туралы зерттеулерді қамтыған сүбелі еңбек болып есептеледі [8] .

«Морфологияға тән әр түрлі мәселелерді бөліп алып, жекелеп зерттеушілер қазақ тіл білімінде аз емес, бірақ солардың барлығы бірдей өздерін мрофологияның маманымын, ғылыми негізгі обьектім морфология дей алмаса керек. Ал олай болса, морфология, әсіресе оның есім саласын тұтас алып зерттеуші, оны өзінің ең негізгі ғылыми обьектісі деп есептейтін ғалым кім десе, оған қазақ тілі мамандарының көпшілігі А. Ысқақов деп жауап береді. Бұл жауапты мен де мақұлдаймын», - деген Т. Қордабаевтың пікірі [4, 102] қазақ тіл білімінің морфология саласының қалыптасуы мен дамуындағы ғалымның еңбегіне берілген лайықты баға.

Қазақ тіл білімінде сөз таптастырудың үш принципін өзгерту туралы басқа пікір бола қойған жоқ. Қ. Жұбановтан бастап, бұл мәселеге қалам тартқан ғалымдардың барлығы осы үш принципті атап, оны бірлікте қолдану керектігін айтады. Тек қазақ тілі үшін қай принцип жетекші болу керек дегенде ғана аздаған пікір алшақтығы кездеседі [9] .

Қорыта айтқанда, А. Ысқақов - ғылымда А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, Н. Сауранбаев сынды белгілі ғалымдардың сара жолдарын жалғастырып, сөздерді таптастыру теориясымен де, практикасымен де үздіксіз айналысқан ғалым. Ол сөздерді таптастыруды грамматиканың ең түйінді, өзекті мәселесі деп санаған, себебі ғалым сөз таптарынсыз грамматиканың ешбір мәселесін тану мүмкін емес деп біледі. Оны ғалымның: «Сөз таптары жайындағы мәселелер - тілдің грамматикалық құрылымының әрі кіндік қазығы, әрі негізгі арқауы сияқты мәселелер . . . Тілдегі сөздерді грамматикалық топтарға бөлу, оларға тиісті сипаттамалар беру, алды-алдына талдау грамматиканың негізгі өзегі, ең түйінді, ең басты мәселесі», - деген сөздерінен аңғаруға болады[9, 146] . Осындай көптеген тың ізденістерінің нәтижесі толық сақталып, ғылымда өз қызметін күні бүгінге дейін атқаруда.

Ғылым даму үстінде, ғылым дамыған сайын зерделеуді, қайта қарауды, саралауды, таразылауды қажет ететін тұстарының аңғарыла беретіні де ақиқат. Сол сияқты, сөздерді түрлі семантика-құрылымдық топтарға бөлу морфологияның ең өзекті мәселесі болып зерттеліп жатқанына біршама уақыт болғанына қарамастан, қазақ тілінде қалыптасқан сөз таптастыру теориясы бойынша сөздерді түрлі топтарға жіктеу барысында әлі де болса бірқатар қиыншылықтар, шешімін табар проблемалар кездеседі. Солардың бірі - сөз таптастырудың синтаксистік принципін қолдану кезінде әрбір сөз табының сөйлемде атқаратын қызметімен қатар жүйелі түрде олардың (белгілі бір сөз табына жататын сөздердің) тіркесу қабілетін нақты анықтаудың өз дәрежесінде емес екендігі болса, екіншісі - сөздердің бір сөз табынан екінші сөз табына ауысу процесін зерттеудің қажеттілігі болып табылады.

Көптеген ғалымдардың қатынасуымен әр саласы жеке-жеке зерттелгеніне қарамастан етістіктің кейбір бөлімдері күні бүгінге дейін бірізді шешімін таба қойған жоқ, Ондай ала-құлалық көсемшелер мен есімшелерді түрге бөлуде кездеседі. Осыған ұқсас ала-құлалық сын есім түрлері мен шырай түрлерін айқындауда да, Ондай ала-құлалық шылауларды түрге бөлуде де кездеседі. Сондықтан келешек зерттеу жұмыстарында осы жайлардың ескерілуі тиіс.

1. 2 Сын есімдердің зерттелуі

Қазақ тіл білімінде сын есімдер жеке - жеке еңбектер, мақалалар, мектеп, жоғары оқу орындарына арналған еңбектерде айтылғаны белгілі.

Профессор Н. К. Дмитриев сын есімнің морфологиялық жақтарын сөз етеді, түркі тілдеріндегі сын есімді тұлға жағынан негізгі және туынды деп бөлген[10, 146] .

Қазақ тіліндегі сын есімді алғаш сөз еткендердің бірі - М. Терентьев. Ол сын есімді жан - жақты қамтымағанымен, оның кейбір жеке мәселелері турасында дұрыс пікір айтады, мәселен, сын есімді ол өз алды сөз табы деп, оның салыстырмалы, таңдаулы шырайына, олардың жасалу жолына тоқтайды [11, 91] .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Тіл қарым-қатынас құралы
Қазақ тілі мамандығының магистратураға қабылдау емтиханның бағдарламасы
Зат есімнің грамматикалық категорияларын оқыту
Сөздің грамматикалық мағынасы
Есім сөздерге жалғанғанда, жіктік жалғаулары заттың кім
Әр түрлі тілдерде грамматикалық жақ категориясы
Грамматикалық категория
Тілдің грамматикалық құрылысы, оның қызметі
Грамматикалық категория және оның түрлері
Қазақ тілі сабақтарында сөз таптарын меңгертудің жолдары
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz