Т.ҚОРДАБАЕВ және ҚҰРМАЛАС СӨЙЛЕМ МӘСЕЛЕСІ


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ және ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті
Қолжазба құқығында
ОСПАНОВА АҚНҰР АБДУЖАПАРҚЫЗЫ
Т. ҚОРДАБАЕВ және ҚҰРМАЛАС СӨЙЛЕМ МӘСЕЛЕСІ
Мамандығы 6N0205-«филология»
Филология магистр академиялық дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация
Ғылыми жетекші: ф. ғ. к., доцент Н. Қошанова
Түркістан
2010
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . 3
І ТАРАУ
1 Т. Қордабаевтың қазақ тіл білімін зерттеудегі алатын орны . . . 5
1. 1 Т. Қордабаевтың түркітану саласындағы еңбегі . . . 6
1. 2 Т. Қордабаев және қазақ әдеби тілі туралы . . . 13
1. 3 Т. Қордабаев және поэзия синтаксисі . . . 18
1. 4 Т. Қордабаев және қазақ тілінің морфологиясының кейбір мәселелері . . . 24
ІІ ТАРАУ
Т. Қордабаев және құрмалас сөйлем синтаксисі мәселесі . . . 33
2. 1 Т. Қордабаев және салалас құрмалас сөйлем . . . 48
2. 2 Т. Қордабаев және сабақтас құрмалас сөйлем . . . 57
2. 3 Т. Қордабаев және қазақ тіліндегі күрделі синтаксистік тұтастық
мәселесі . . . 65
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 70
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 75
Кіріспе
Жұмыстың өзектілігі . Синтаксистің басты объектілерінің бірі - құрмалас сөйлем. Сондықтан да сөйлем синтаксисін, әдетте, жай сөйлем және құрмалас сөйлем синтаксисі деп екі топқа бөледі. Сөйлем деп аталатын бір бірлікке топтастырылғанымен, әрқайсысының өзіне тән белгілері болады. Алдымен, олар құрылымдық жағынан ерекшеленеді. Жай сөйлем - бір ғана ойды білдіріп, тиянақталған интонациямен айтылатын синтаксистік бірлік. Құрмалас сөйлем синтаксисінің негізгі объектісі жеке ойды білдіретін жай сөйлемдердің өзара тіркесіп, бір бүтінге айналуы, сол арқылы күрделі ойды білдіру жолдары мен тәсілдері болады. Құрмалас сөйлем синтаксисі жеке ойды білдіретін жай сөйлемдердің өзара тіркесіп, қүрмалас сөйлем болуын және құрмалас сөйлемнің түрлерін, жасалу жолдарын тексереді.
Құрмалас сөйлем жай сөйлемдерден құралады дегенге қарап, оны кез келген жай сөйлемдердің кездейсоқ тіркесе салған тобы деп түсінуге тағы да болмайды. Құрмалас сөйлем компоненттері бір-бірімен органикалық байланыста, берік бірлікте тұратын және біріне-бірі бағынышта өзара шарттас болып келетін күрделі мағыналық бір бүтін болып табылады.
Жай сөйлемнен кіші тілдік құрылымның ешқайсысы да құрмалас сөйлемге дербес компонент бола алмайды. Бірақ құрмаласқа енген әрбір жай сөйлемдерді мағыналық қатынастары бар сөйлемдер деп ұғыну керек. Өйткені күрделі ойды білдіру үшін тіркесетін сөйлемдер өзара мағыналық бірлікте болғанда ғана тіркесе алады. Мұның өзі басты фактор болуға тиіс. Әдеттегі жай сөйлемдерге қарағанда, негізгі бір айырмашылығы - осы [1, 233] . Құрмалас сыңарларының дербес жай сөйлемдерден ерекшелігін М. Балақаев былай түсіндіреді: «Құрмалас сөйлем мағыналық және тұлғалық жақтарынан алғанда жалпы алғанда, тұтас бір бүтін болғанымен, ол жеке сөйлемдерден құралады. Алайда сол жеке сөйлемдер құрмаластың қарамағында мағыналық және интонациялық тиянақсыз қалыпқа түседі. Әдеттегі жай сөйлемдерге қарағанда негізгі бір айырмашылығы -осы [2, 219] .
Ендігі бір мәселе жай сөйлемдердің барлығы құрмалас сөйлем компоненті бола ма деген сұрақ төңірегінде топтасады. Құрмалас сөйлемге байланысты туындап жүрген қиындықтардың көпшілігі осы мәселеге қатысты екендігіне шүбә жоқ. Өйткені ортақ бастауышты сөйлем, «әр компоненттің субъект-предикаттық қатынасқа негізделуі» не оны саралай қолдану сияқты тіл біліміндегі тартысты мәселелердің барлығы осыған қатысты.
Егер құрмалас сөйлемді кемінде екі жай сөйлемнің салаласа не сабақтаса байланысуы деген қағидаға сүйенсек, құрмалас құрамындағы атаулы сөйлемдер де, бөлшектелген сөйлемдер де, осы секілді күрделенген сөйлемдер мен телінбе компонентті құрылымдар да сол талапқа жауап береді. Егер күрделенген сөйлемдерді бір компонентінде субъект-предикаттық қатынасы бар, екіншісі жартылай предикаттық қатынасқа құрылғандықтан, құрмалас сөйлемдер аясында қарастыруға келмейтін тілдік құрылым деп танитын болсақ, жоғарыда аталған сөйлемдерді сол деңгейде қарастырған жөн сияқты. Өйткені құрмалас сөйлемге тән деп саналатын «әр компоненттің субъект-предикаттық» қатынасының болмауы бұл мәселеге байыппен қарауды талап етеді [3, 40] .
Құрмалас сөйлемді зерттеуде проф. Т. Қордабаев та көп еңбек сіңірген. Бұл жайындағы оның көлемді еңбегі - проф. М. Балақаевпен жоғары оқу орнына арнап жазған «Қазіргі қазақ тілі» оқулығындағы «Құрмалас сөйлем синтаксисі» бөлімі. Құрмалас сөйлемге қатысты кейбір мәселелер тарихи тұрғыдан проф. Т. Қордабаевтың жазба нұсқалардың негізінде жазылған еңбектерінде де қамтылған. Ғалымның құрмалас сөйлем туралы ғылыми көзқарастары - арнайы зерттеуді қажет ететін мәселелердің бірі.
Зерттеу жұмысының нысаны - қ ұрмалас сөйлемнің ғылым ретінде даму, қалыптасу жолындағы ғалымдардың, Т. Қордабаевтың еңбектері.
Жұмыстың мақсат, міндеттері. Құрмалас сөйлемнің ғылым ретінде даму, қалыптасу жолы, құрылымдық түрлері мен олардың өзіндік ерекшеліктерін, сол құрмалас сөйлемнің ғылым ретінде даму, қалыптасу жолында Т. Қордабаев еңбектерінің мәнін ашу - диссертациялық жұмыстың мақсаты болса,
құрмалас сөйлемнің зерттелуін өзіндік белгілеріне қарай ғалымның құрмалас сөйлем туралы көзқарастарын анықтау;
ғалымның ғылыми пікірлерінің қалыптасуын таразылау сияқты жұмыстар зерттеудің міндеттері саналады.
Тақырыптың маңыздылығы . Қазіргі қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдердің жасалуы, мағыналық, тұлғалық сипаттары тіл білімінде жеткілікті зерттелінгенімен, ғалым Т. Қордабаевтың құрмалас сөйлемнің зерттелуіндегі еңбектерін қарастыру арнайы зерттеуді қажет ететін мәселердің бірі екендігі анық.
Сол себепті де - қазіргі қазақ тіліндегі екіқұрамды, көпқұрамды құрмалас сөйлемдердің құрылымдық-семантикалық сипаты мен олардың құрылымдық түрлері, соның ішінде көбінесе өлең синтаксисінде кездесетін тек бағыныңқылы сабақтастардың көпқұрамды құрмалас сөйлемдердің бір түрі есебінде қарастырылуы сияқты мәселелердің ғылымда тұрақты қалыптасуына ғалым Т. Қордабаевтың сіңірген еңбегін арнайы қарастыру жұмыстың жаңалығы болып табылады.
Зерттеудің практикалық, теориялық мәні. Құрмалас сөйлем синтаксисінің теориясы міндетті түрде ғалымдардың ғылыми көзқарастарын саралаумен ажыратылады. Осы себепті де осындай жұмыстар құрмалас сөйлем синтаксисінің теориясына қосар үлесі мол, ал тілдік деректері практикалық мәнін толықтырады.
- Т. Қордабаевтың және қазақ тіліндегі күрделі синтаксистік тұтастық мәселесі // ХХI ғасыр білім беру жүйесі: Бәсекеге қабілетті маман даярлау мәселелері Профессор Әділ Ермековтың туғанына 100 жыл толуына арналған Халықаралық ғылыми конференция материалдары. Шымкент, 2009. 239-243б.
- Т. Қордабаев құрмалас сөйлем құрылымы // «Қазақ әдебиетіндегі кітаби ақындар дәстүрі» атты Майлықожа Сұлтанқожаұлының 175 жылдық мерейтойына арналған Халықаралық ғылыми-теориялық конференция жинағы. Түркістан, 2009. 180-184б.
- Т. Қордабаевтың салалас құрмалас сөйлемдер туралы көзқарастары // Қазақстанның ғылыми әлемі Халықаралық ғылыми журнал. 2-2010. 12-16б.
- Т. Қордабаевтың қазақ тіл білімін зерттеудегі алатын орны // Қазақтану Халықаралық ғылыми журнал. №1(14) 2010
І Т А Р А У
Т. Қордабаевтың қазақ тіл білімін зерттеудегі алатын орны
Түркітанушы, лингвист Қазақстан Республикасы ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, профессор Төлеубай Рақымжанұлы Қордабаевтың қазақ тіл білімінде еңбек етпеген саласы жоқ. Ғалымның ғылым, білімге қосқан қомақты еңбектерін саралайтын болсақ: тілді оқыту мәселелері (бағдарлама түзу, оқулықтар жазу т. б. ) ; тілдің жалпы теориясы; тілдік мағына мәселелері; қазақ тілінің морфологиясы; қазақ тілінің синтаксисі; қазақ тілінің тарихы; түркітану және қазақ тіл білімінің тарихы, сөздіктер (емле, орысша-қазақша) түзуге қатысу.
Профессор Т. Қордабаев еткен еңбегі жеке бастың қамы үшін емес, керісінше ғылым-білімнің қажетін өтеу үшін жазылған еңбектер еді.
Ғалымдық-ұстаздық жолы 1946-1949 жылдары ҚазПИ-де сабақ беруден басталды, ол қазақ тілі грамматикасының қолданымдық мәселелеріне арнап әдістемелік еңбектер жазды. Ғылыми жұмыстары 1949 жылғы қазақ тіліндегі етістіктің шақтары туралы ғылыми жетекшісіз жасаған кандидаттық диссертация қорғауынан басталды.
ХХ ғасырдың 50-жылдарында ғалым сол кездің ғылыми күн тәртібіндегі мәселелері сөз және оның мағынасы, грамматикалық құрылысы, сөздерді тастастыру мәселелеріне арнап бірнеше мақалалар жазды. Осы тұста түркі тіл білімі мен қазақ тіл ғылымында екі түрлі пікірталас өрбіді. Бірі - сөйлемнің толықтауыш мүшесі мен пысықтауыш мүшесі арасына ара жік қою туралы 1952 жылғы М. Балақаевтың «Халық мұғалімі» журналындағы мақаласы туралы пікірталас болды. Сөйлем мүшелері арасына ара-жік 1959 жылы қойылды. Осы пікірталасқа Т. Қордабаев та қатысты: «Халық мұғалімі», 1954, №2. Екіншісі - түркі тілдеріндегі сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңарының сипатын нақтылау түркітанудағы үлкен қомақты мәселелердің бірі ретінде 1956 жылы Алматыда түркітанушылардың бүкілодақтық кеңесі өтті. Осы тұста ұсынған Т. Қордабаевтың «бағыныңқының дербес бастауышы болуы қажет» деген түйіні қазақ тіл білімінде сабақтас құрмалас сөйлемнің басты критерийлерінің бірі болып қалды. Сол кезде Т. Қордабаевтың қазақ тілінен түзген бағдарламалары [4; 5; 6] толықтырулармен осы күнге дейін пайдаланылып келеді.
ХХ ғасырдың 60-жылдары Т. Қордабаев ғылыми еңбегін қазақ тілінің синтаксисіне арнады. 1961 жылы М. Балақаевпен бірге шыққан «Қазіргі қазақ тілі. Синтаксис» оқулығындағы оқулығындағы құрмалас сөйлем бөлімінің авторы болды. Бұл оқулық кейін қанша толықтырулардан өтті, ғалым құрмалас сөйлемді түгелдей қамтыған, бағдарламалық деңгейді толық берген оқулық болып табылады. Кейін А. Байтұрсынов ақталған тұста 1995 жылы «Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер синтаксисі» деп қайта шығарды. Құрмалас сөйлем туралы А. Байтұрсыновтың ғылыми пікірлерін салыстыра беріп отырады. Аталған оқулық осы күнге дейін жоғары оқу орындарының қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы студенттері үшін өте құнды оқулықтардың бірінен саналады.
Қазақ тілінің синтаксисінің зерттеу нысанын кеңіте түскен ғалым Т. Қордабаевтың ғылымдағы шәкірті Ж. Жақыпов осы туралы былай дейді: « . . . Т. Р. Қордабаевқа дейін қазақ грамматикасы сөйлем шегінен шыққан жоқ. Қазір мәтін, күрделі синтаксистік тұтастық деп атап жүрген тың тілдік бірлікті қазақ тілінде алғаш атын атап, түсін түстеген, оны зерттеу проблемасын алға қойған осы ғалым еді. [7, 191-196] . Тағы бір сонылық туралы. Ғалымның сөйлем тиянақты ойды емес, жеке ойды білдіретіндігі туралы жеке пікірі болатын [8] » [9, 6] .
Бұл жылдары қазақ тілі синтаксистік құрылысының тарихын алғаш зерттеген ғалым - Т. Қордабаев. Докторлық диссертациясын ғалым ХҮ-ХХ ғасырлардағы қазақ жазбалары тілінің синтаксисіне арнады. Тілдің тарихи синтаксисіне бірнеше еңбектер арнады: Тарихи синтаксис мәселелері, А., 1964; Қазақ жазбалары тілінің синтаксисі, А., 1966; Қазақ мақал-мәтелдерінің синтаксистік құрылысы (1964) ; Поэзиялық шығармалардың синтаксистік құрылысы (1964) т. б.
1. 1 Т. Қордабаевтың түркітану саласындағы еңбегі
Т. Р. Қордабаевтың түркітану саласына қатысты жазған еңбектері ғалым еңбектерінің бір бөлігі болып табылады. Ғалымның грамматика, әдеби тіл, тіл тарихына қатысты еңбектері, мектеп немесе жоғары оқу орындарына арналған оқулықтары мен оқу құралдары қазақ тіл білімінің мол мұрасы ретінде танылады.
Қазақ тіл білімінің шежіресіне айналған Т. Қордабаев ХХ ғасырдың 80-жылдарында қазақ тілін зерттеу мен оқытудың өзекті мәселелері төңірегінде «Қазақ тіл білімінің даму, қалыптасу жолдары» атты еңбек жазды. Автор еңбекте жазылған және жарық көрген мезгілдері сталиндік репрессияның жалыны бәсеңдей қоймаған тұсы болғандықтан, халық жауларын дәріптеп отыр деген үрейлі атаққа душар болмас үшін қазақ тіл білімінің негізін қалаушылар А. Байтұрсынов, Е. Омаров, Х. Досмұхамбетов, Қ. Кемеңгеров, М. Дулатов т. б. туралы пікір айта алмағандығына қынжылады. Бұлардың ішінде А. Байтұрсыновтың қазақ тіл білімі үшін еткен еңбегін зор бағалайды: «Ол - қазақ тілі туралы ғылымның негізін қалап, қабырғасын көтеруші, оның барлық мәселелері жайында да алғашқы пікір айтушы болатын. Сондық тан Ахаң еңбектерінсіз ғылымымыз тарихы туралы мәнді бірдеме айтам деу - жалғандық болар еді» деп, автор халық жауы А. Байтұрсыновтың атын атамастан «20-жылдарда жарық көрген еңбектерде» деп көрсеткенін айтады [10, 4] .
Қазақ тіл білімінің тарихын екі кезеңге бөліп қарастырған ғалым бірінші кезеңге арғы ғасырлардан бастап 1917 жылға дейінгі дәуірді, екінші кезеңге қазан төңкерісінен кейінгі кезеңді жатқызады. Мұндағы алғашқы кезеңді қазақ тіл біліміне жанама ғана қатысы бар жалпы түркілік көне дәуір еңбектерінен бастағандығын Т. Қордабаев: «Ол еңбектерді қазақ тілі, қазақ тіл білімі тарихымен ұштастырғанға таңдануға, . . . өзімізді көнелендіруге құмарлықтан деп қарауға болмайды. Ол - тарихтық жалғастық», - деп түсіндіреді [10, 11] . Осы кезеңде жазылған еңбектерге тән өзгешелік тіл білімі салаларын, әр саланың өзіне тән объектілерін даралап сөз етпей, бірін екіншісінің құрамында қарап араластырғаны, әрі бұл еңбектер қазақ тілін білмейтін, мейлінше нашар білетін орыстарға арналғандығы деп көрсетеді.
Ғалым Т. Қордабаев қазақ тіл білімінің қалыптасуы қазақ тіліне жанама қатысты зерттеулер және тікелей ана тілді зерттеулермен байланысты. Еңбекте қазақ тіліне жанама қатыс зерттеулерді араб тілді зерттеулер, еуропа тілді зерттеулер деп екі салаға бөледі.
Араб тілінде, араб графикасымен жазылған түркологиялық еңбектер ХІ-ХҮ ғасырлар арасын қамтыды, олар түркі тілдерінің салыстырмалы сөздіктерін жасау, шағын көлемді практикалық грамматикалық очерктер болып табылады.
Орыс тілді ғалымдар отандық түркология тарихы ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысынан орыс тілді зерттеулерден басталады деп көрсеткенін, түркі халықтары, олардың тілдері жайлы алғашқы пікірлердің біршамасы араб тілінде ХІ-ХҮ ғасырларда жазылғандығын және ол түркологиялық зерттеулерге ғалым өз еңбегінде егжей-тегжейлі тоқталады.
Ғалымның түркітану мәселелері туралы еңбектеріне «Тарихи синтаксис мәселелері», «Тарихи грамматика мәселелері» (автордың бірі), «Түркология ғылымының даму тарихына», «Түркология және қазақ тіл білімі» атты оқу құралы мені оқулықтары, монографиясы және әр кезеңде баспасөз беттерінде жарияланған ғылыми мақалаларын жатқызуға болады.
«Тарихи синтаксис мәселелері» атты монографиясында [11] қазақ тілінің жазба ескерткіштеріне тоқтала келіп, ескерткіштердің синтаксистік құрылысына жалпы шолу жасайды. Бұл еңбекте Қадырғали Қошымұлының «Жамиғ-ат тауарих», Әбілғазы Баһадүрдің «Шежіре түрік» шежірелері мен ХҮІІІ ғасырда қазақ тілінде жазылып сақталған хан, би жарлықтары, қатынас қағаздар, арыздар мен мәлімдемелердің синтаксистік құрылысына талдау жасайды. Еңбектерде оның зерттелуі, жарияланымы сияқты жалпы мәлімет беріліп, фонетикалық, грамматикалық ерекшеліктері қазіргі түркі тілдерімен салыстырылып, ғылыми мысалдармен дәлелденген. Шығармалардың синтаксистік құрылысы ретінде шылаулар синтаксисі, сөз таптарының сөйлем мүшесі болу және сөйлемде бір-бірімен тіркесу қасиеттері, сөйлем мүшелері, құрмалас сөйлем мәселелері әр еңбекке қатысты талданған.
ХҮ-ХІХ ғасырлардағы қазақ тілінің синтаксистік құрылысын зерттеген еңбектерде қазақ тіл білімінің қалыптасуына табысты еңбек еткен ғалым, түрколог Т. Қордабаевтың «Тарихи синтаксис мәселелері» (1964) еңбегі түркологиялық сипатта ерекшеленіп тұрады.
XVI ғасырда жазылған «Жамиғ-ат тауарих» (авторы - Қадырғали Қошымұлы) Т. Қордабаевтың айтуы бойынша, « . . . жазба материалдардың қай тілге жататынын, оны жазған автордың тайпасы, ұлты, мекені шешпейді, ескерткіш тілінің қазіргі тілге жақындық дәрежесі, оған ұқсастық шамасы, грамматикалық құрылысындағы бірлігі шешеді» делінеді. Сол себепті еңбек «Тарихи синтаксистік мәселелері» деп аталған.
Тілдің әр дәуірдегі синтаксистік құрылысын зерттеу - тарихи синтаксис үшін маңызды мәселе. Т. Қордабаев сөзімен айтқанда, « . . . тарихи синтаксис жазба ескерткіштер тілінің синтаксистік құрылысын зерттегенде, төмендегі негізгі мәселелер тұрғысынан қарау керек. Олар:
- сөз тіркестері, олардың тіркесу амал-тәсілдері;
- сөйлем мүшелері, олардың формалық құбылыстары, құрамдары, орналасу, басқа мүшелермен байланысу жолдары;
- сөйлем құрылыстары, олардың мағыналық және структуралық типтері, оларға жай және құрмалас сөйлемдер, т. б. түрлері жатады. [11, 19] .
Синтаксистік жүйе тілдік деректерге сүйенсек, тарихи тұрғыдан жетіліп отыратын, белгілі даму тарихы бар тілдік жүйе болып табылады. Қазіргі синтаксистегі сөйлем мүшелері, түрлері, олардың бір-бірімен байланысу жолдары онша көп өзгеріссіз жазба нұсқаларда көрініс табады.
Әдетте, қазіргі тіліміздегі секілді сөйлемнің бастауышы бұрын, ал баяндауышы одан кейін орналасқан. Сонымен қатар, анықтауыш пен толықтауыш өздерінің анықтайтын немесе толықтыратын сөзінен бұрын келген. Мысалы: Бұ кітапны оқығлы, бұ бәйтләрні мағлұм қылғылы кітапдин яхшы, ғазызырақ тұрор (Бұл кітапты оқушы, бұл жырларды мәлімдеуші (таратушы) кітаптан жақсырақ, ұлылырақ) . Бұл келтірген мысалда лексикалық жағынан ерекшелік болмаса, сөйлем мүшелерінің орналасу тәртібінде айтарлықтай өзгешелік байқалмайды. Бұдан қазіргі қазақ тілі синтаксистік құрылысының орта ғасыр жазба мұралары тілдеріндегіден айырмашылығы, ерекшелігі жоқ деген ұғым тумайды. Ондай ерекшеліктерді синтаксистік амал-тәсілдердің өн бойынан кездестіре аламыз. Мысалы, ғалым-түрколог Т. Қордабаев сұраулы сөйлем немесе жай сөйлемдердің бір-бірімен себептестік я қарсылықты мағыналық қатынастарда құрмаласуы ерте заманда да болған, қазір де бар. Бірақ берілу жолдары, құрылыстары, структуралық типтері жағынан қазіргі тіліміздегісі әлдеқайда жетілген, толыққан, дифференцияланған екенін аңдатады.
Ғалым Т. Қордабаев жай сөйлем синтаксисін сөз еткенде, жай сөйлем «Жамиғ-ат тауарихтағы» ең негізгі және ең көп кездесетін синтаксистік бірлік және үнемі ықшамды, аз сөзділігіне баса назар аудартады: «Шығармада («Тауарихта») кездесетін сөйлемнің негізгі түрі - жай сөйлем. Ол құрылысы жағынан толымды, толымсыз және жалаң, жайылма түрлерінде кездеседі», - дей келе, толымсыз сөйлемдердің бастауышы жасырын тұратынын, толымсыз сөйлемнің басқа түрлері кездеспейтінін, ал бір бастауышқа ортақтасып, біріне-бірі тіркесіп келе беретін толымсыз сөйлемдер жиі ұшырасатынын айтады [11, 70] .
Мысалы: Күнләрдә бір күн Қара хан келінләрін иығды. Ұлығ той қылды. Анларны орұнда олтұртты. Ол халда Оғұз нөкәрләрі билән, бағзы достлары билән языда аңға шығып ерді. Қара хан бұ сөзні ештігәш, ағаларын, ағасының ұғланларын уа һәм ұлұғларын иығды.
Келтірілген сөйлемдердегі һәм (парсы тілінен енген), билән жалғаулықтарының ерекшелігі - біріне-бірі тіркесіп уа һәм , ва һәм, уа билән тәрізді қабаттасып келеді. «Тауарихта» һәм жалғаулығы жеке сөздерге мағына үстеу үшін де, сөйлем арасын жалғастыру үшін де қолданған.
Ғалымның зерттеп отырған жазба ескерткішінде сөйлем мүшелерінің барлық түрлері кездеседі. Мүшелері морфологиялық жағынан да, басқа мүшелерімен синтаксистік қатынасы тұрғысынан да қазіргі әдеби тілімізге өте ұқсастығы аңғарылады. Сөйлемнің негізгі ұйытқысы - бастауыш пен баяндауыш, әсіресе баяндауыш. «Тауарихтағы» тұлғалық белгісі жағынан бастауыштың қазіргі тіліміздегіден еш өзгешелігі жоқ, яғни атау тұлғаның жай, тәуелді және жекеше, көпше түрде қолданылуы. Мысалы: Алан-Қуанның ері Добон-Баян иігітлікдә офат болды. Андин Алан-Қуан тұл қалды. Дүние падшаһлары, ұлұс ләшкәр башлағанлар анлар тұрор. Аның екі ұғлы бар ерді. Ұлығының аты - Боқа, кішісінің аты - Боқтай ерді. Боқа атасының орныда падшаһ болды. Атасының орнын ол билер ерді. Мұнша қауымлар пайда болды. Бір анадан беш ұғыл тұғды. Шақсауаның үш ұғлы бар еді. Бұ үшісі үш қауым болды [11, 72] .
Демек, «Тауарихта» бастауыштар сөз табы жағынан әр түрлі: зат есімді бастауыш, сан есімді бастауыш, есімдіктен болған бастауыш, есімшеден болған бастауыш. Аталған бастауыштар құрамы жағынан жеке сөзден болса дара, екіден көп сөзден болса күрделі бастауыштар болып келеді.
Т. Қордабаев «Тауарихта» екіден артық сөздерден құралған күрделі бастауыштың кездеспейтінін, оның есесіне бірыңғай бастауыштар өте көп қолданылғанын мысалдар арқылы дәлелдей түседі:
Ерінің қарындашлары, ағалары, інілері иығылып келіп айдылар. Ата-анасының оты, юрты, малы, туары қарасы, үй тірлігі кішік ұғлыға қалор.
Ғалым сөйлем сайын кездесіп отыратын негізгі мүше - баяндауыш. Баяндауыштың есім сөзден болған түрі де, етістіктен болған түрі де кездеседі, - дейді. Мысалы: Уа һәр заманда һәр ұрұғдин һарбірісидин бірер-бір ұрұғ болып, бір-бірсидин айрылдылар. Иолұн тосып, иолда сегіз ұғлын өлтірді. Ол ұғлының аты - Темучин. Толой ханның төртінші ұғлы - Қойлай хан. Бұл мысалда есім сөзден, етістіктен болған баяндауыштар да бар, сондай-ақ олар - жеке бір сөзден болған дара баяндауыштар.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz