12 ЖЫЛДЫҚ БІЛІМ БЕРУ ЖАҒДАЙЫНДА МЕКТЕПАЛДЫ ДАЯРЛЫҚТЫҢ ҒЫЛЫМИ- ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ


МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . 3
І ТАРАУ 12 ЖЫЛДЫҚ БІЛІМ БЕРУ ЖАҒДАЙЫНДА МЕКТЕПАЛДЫ ДАЯРЛЫҚТЫҢ ҒЫЛЫМИ-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ
1. 1 Баланы мектепке психологиялық жағынан даярлау маңызы . . . 6
1. 2 12 жылдық білім беру жағдайында мектепалды даярлықтың ерекшеліктері . . . 23
Бірінші тарау тұжырымы . . . 40
ІІ ТАРАУ 12 ЖЫЛДЫҚ БІЛІМ БЕРУ ЖАҒДАЙЫНДА МЕКТЕПКЕ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ДАЯРЛЫҚ ЭКСПЕРИМЕНТТЕРІ
2. 1 Мектепке психологиялық даярлық диагностикасы . . . 41
2. 2 12 жылдық білім беру жағдайында мектепке психологиялық даярлықты қалыптастыру эксперименті . . . 46
Екінші тарау тұжырымы . . . 54
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 56
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 59
КІРІСПЕ
«Қазақстан Республикасы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» білім беру жүйесін дамытудың негізгі міндеттерінде белгіленген білім беру парадигмасын өзгерту, ең алдымен 12 жылдық оқыту моделіне көшуді қарастырады. Орта білімнің мақсаты «Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене бітімі және рухани дамыған азаматын қалыптастыру, оның тез өзгеретін әлемде табысқа жетуін қамтамасыз ететін білім алудағы қажеттіліктерін қанағаттандыру, еліміздің экономикалық игіліктері үшін бәсекеге қабілетті адами капиталды дамыту» болатын болса, оқыту-тәрбиелеу және білім беру сапасын арттыру мазмұнына оқушылардың әлеументтенуі және олардың денсаулығын сақтау міндеттері де кіреді [1] .
Білім беру жүйесінің алғашқы баспалдағы ретінде мектепке дейінгі тәрбиенің негізгі міндеті бала өмірін сақтау, денсаулығын нығайтумен қатар, оны мектепке даярлау болып табылады. Қазіргі кезде елімізде балаларды мектепке даярлау үрдісі екі жолмен жүзеге асырылуда: біріншісі, мектепке дейінгі мекемелердегі даярлық топтары арқылы болса, екіншісі, орта мектептер жанынан ашылған шағын орталықтар мен мектепалды сыныптары. Мектеп жаңа әлеуметтік орта ретінде балаға нақты талаптар қояды және одан белгілі бір ережелерге бағынуды талап етеді. Сондықтан баланы мектепке даярлау үрдісі оқу әрекетіне қатысты құзыреттіліктерді игеру ғана емес, оның жеке басының дамуы мен әлеуметтік ортадағы өзара қарым-қатынастарына да қатысты белгілі бір өлшемдерді меңгеруді қажетсінеді.
Білім берудің 12 жылдық моделіне көшу құзыреттілік тәсіліне негізделген жаңа стандарттарды әзірлеуді міндеттеуде. Білім беру стандарттарының ауысуы білім берудің жаңа мазмұнын әзірлеумен байланысты. Жаңа білім беру мазмұнының базалық принципі - әрбір мектепте тұлғаның адамгершілік-рухани қасиеттерін дамытуды ынталандыратын ізгі білім беру ортасын құру: өзін-өзі тану, өзін-өзі анықтау және өзін-өзі жетілдіру.
Баланың мектепке оқуға психологиялық даярлығы балалар психологиясы ғылымы мен білім беру жүйесі саласындағы өзектілігін жоймас, үлкен мәселелердің бірі. Осы тақырыпты зерттеумен айналысқан жүздеген ғалымдар еңбегі теңдессіз мәліметтер бергенімен, зерттеу нәтижелерін білім беру жүйесіне ендіру осы уақытқа дейін эксперименттік сипат алып отыр. Баланың жеке басын жан-жақты дамыту мен мектепке даярлау ісі - бүгінгі таңда білім беру саласындағы аса маңызды шаралардың бірі. Жалпы білім беретін мектептердің 1 - сыныбына қабылданған балалар, мектептік оқу жүйесінде айтарлықтай қиындықтарға ұшырайды. Олардың сәтсіздіктерінің басты себебі - мектептік оқуға даяр еместігінде. Оқуға берерде баланың тек биологиялық жасына немесе дене дамуының көрсеткіштеріне сүйенбей, мектепке психологиялық даярлығының өлшемін жасап шығару - уақыт талабы екенін тәжірибе көрсетіп отыр.
Мектептік оқуға даярлық үрдісінің қажеттілігі баланың бұдан ары қарайғы жалпы дамуы мен білім алуы барысында аса маңызды құрал, бұл бағытта Л. С. Выготский, К. Д. Ушинский, А. П. Усова, ФА. Сохина, Т. В. Тарунтаева, Л. П. Болтунов, А. Н. Леонтьев, Д. Б. Эльконин, Л. И. Божович, В. В. Давыдов, Ю. А. Левин, Е. Е. Кравцова, Е. Г. Сапогова, Қ. Қойбағаров, Қ. Сейсембаев, Б. Баймұратова, А. К. Меңжанова, Х. Т. Шериазданова, Г. М. Қасымова, Ж. Рысбекова, М. Сәтімбекова, М. А. Асылханова зерттеулерін атап өтуге болады [2-23] .
Білім беру жүйесінің жаңа тұжырымдамасында 1997 жылғы қабылданған Лиссабон конвенциясы бойынша әлемдік білім кеңістігін интеграциялау, отандық білім жүйесі білім берудің ұзақтығы факторын орындауы, яғни жаңа білім мен ақпаратты алу жағдайында, интелектуалдық мүмкіндіктерді дамытуда 12 жылдық орта білім беруге кезең - кезеңмен көшуді іске асыру қажеттілігі негізделді [24] .
Ел президенті Н. Ә. Назарбаев Қазақстан халқына жолдауында «Әйтсе де барлығы мектептен басталады. Сондықтан да біз 12 жылдық жалпы орта білім беруге көшуіміз керек, педагогтардың кәсіби деңгейін, оқулықтар мен білім беру бағдарламаларының сапасын арттыруымыз керек» деп нақтылап айтты [25] .
12 жылдық оқытудың балалар мен жасөспірімдердің әлеументтену үрдісіне әсері зор. 12 жылдық мектеп 2003 жылдың 1 қыркүйегінен біздің республикамызда білім беру сапасын көтеру, мазмұнды жеңілдету және жаңарту, оқушылардың денсаулығын сақтауға ықпал ететін жағдай жасау, тұлғалық-бағдарлы оқытуды, қызметтік біліктілік келістерді қамтамасыз ететін қазіргі педагогикалық технологияларды енгізу ҚР білім және ғылым министрлігінің «12 жылдық жалпы орта білім құрылымы мен мазмұнын жетілдіру жөніндегі экспериментті жүргізу тәртібі туралы» ережесіне сәйкес эксперимент ретінде жүзеге асырылуда. 12 жылдық жалпы білім беру мектебі «Жеке тұлға жетістігі» негізгі идеясы үлгісімен таңдалынып алынды. 12 жылдық оқытудағы басты мақсат - қарқынды дамып келе жатқан, ортада өмір сүруге қабілетті, өзін-өзі дамытуға, өз ойын еркін айта білуге, өз қалауы мен қоғам талабына сай, өзін көрсете білуге бейім, білімді, шығармашыл дамыған тұлғаны қалыптастыру. Жаңа тұжырымдамаға сәйкес 12 жылдық мектептің бастауыш сатысына бала арнайы танымдық, психологиялық даярлықпен келуі шарт. Сол себептен де мектепалды және мектепке даярлық кезеңіне ерекше мән беріледі [26] .
Ғасырдан астам тарихы бар және әлеуметтік қоғамдастықта балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың негізгі нысаны ретінде сыннан өткен балалар бақшасы бұл күндері де үздіксіз білім берудің бірінші сатысының және балалардың ерте бастан әлеуметтенуінің тиімді үлгісі болып отыр. Осындай ғылыми тұрғыда дәлелденген тұжырымдарға сүйене отырып мектеп жасына дейінгі балаларды міндетті мектепалды даярлықта оқыту қажеттілігі туындайды. Мектеп жасына дейінгі балалардың мектепке дейінгі сапалы білім бағдарламаларына қол жететіндігіне арттыру нысандарының бірі мектепалды институты болады, ол балаларды балалар бақшасында жалпы білім беретін мектепте және отбасында мектепалды даярлануды барлық жерде ұйымдастыруды қамтамасыз етеді. Мектепалды институты - бұл мектепке дейінгі ересек жастағы, негізінен бұрын балалар бақшаларына бармаған балалар үшін оқу-тәрбиелі үдісті мақсатты бағытта ұйымдастыру сатысы.
12 жылдық мектептің мектепалды даярлану қызметі мыналар: балалардың тән сұлулығы мен психикалық саулығын сақтау әрі нығайту; балалардың интеллектуал және тұлға ретіндегі дамуын қамтамасыз ету, олардың эмоционалдық салауаттылығы жөнінде қамқорлық; баланың толыққанды дамуын қамтамасыз ету үшін отбасымен өзара қимыл жасау. Жалпы мектепалды даярлықты дұрыс бағытта, сапалы жүргізуде мектеп, бала-бақша және отбасына үлкен жауапкершілікті жүктеп отыр. Отбасы баланы мектепалды даярлауды дербес, мектепке дейінгі ұйыммен немесе мектеппен бірлесіп ұйымдастыруды таңдауға хақылы. Отбасы мүшелері және т. б. тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында көзделген білімді дағдылар мен қарым-қатынастарды баланың меңгеруін, сондай-ақ, күш жігері мен психологиялық жағынан мектеп бағдарламасын игеруін қамтамасыз етуге міндетті. Яғни, отбасының балаға деген үлкен қамқорлығы мен жауапкершілігі негізінде оңды нәтижеге жететіні сөзсіз. Мектепалды даярлық топтары мен сыныптарының мұғалімдері мен тәрбиешілері жан-жақты, жарасымды тәрбие мен сапалы да, саналы білім беру жолында жаңа жобалар мен технологияларды қолдана алу, олардың тиімділігі мен қажеттілігін қарастыру, тәжірибеде қолданыс табу жұмыстарын жоспарлауы қажет. Сонымен қатар бұл жүйенің жүзеге асыруда мұғалімдер мен тәрбиешілерді даярлау ісіне ерекше көңіл бөліп, қолға алу қажеттілігі, яғни мектеп басқару органдарының педагог кадрлардың кәсіби біліктілігі мен педагогикалық шеберлігіне, педагогтік техникасымен педагогикалық қабілетінің дамуына ерекше көңіл бөліп, дамытуы мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру мен тәжірибелерін жетілдіру мәселесінің өзекті етіп қою. 12 жылдық мектеп - ғылым, білім, сапаға негізделген мектеп болғандықтан сол мектептің алғашқы сатысына ерекше көңіл бөлу қажеттілігі туындайтындықтан, зерттеу тақырыбы «12 жылдық білім беру жағдайында мектепалды даярлықтың психологиялық мәселелері» деп белгіленді.
Зерттеу мақсаты : 12 жылдық білім беру жағдайында баланың мектепалды даярлығының психологиялық мәселелерін зерттеу.
Зерттеу нысаны : 12 жылдық білім беру жағдайындағы мектепалды даярлық үрдісі.
Зерттеу пәні: 12 жылдық білім беру жағдайындағы мектепалды даярлықтың психологиялық аспектілері.
Зерттеудің ғылыми болжамы : мектепалды даярлық алғышарттарын және «мектепалды дағдарысы» нәтижесінде пайда болатын жаңа құрылымдарды мектеп талаптарымен ұштастыра зерттеу арқылы, 12 жылдық білім беру жағдайындағы мектепалды даярлықтың психологиялық мәселелерін анықтауға болады.
Зерттеу міндеттері:
- 12 жылдық білім беру жағдайында баланы мектепке психологиялық жағынан даярлау маңызын негіздеу;
- 12 жылдық білім беру жағдайындағы мектепалды даярлықтың психологиялық құрылымын анықтау; баланың мектепке психологиялық даярлық диагностикасын жүргізу; баланың мектепалды даярлығын психологиялық дамыту-түзету жолдарын нақтылау.
Зерттеудің теориялық-әдіснамалық негіздері: тұлғаның іс-әрекетте даму тұжырымдамасы (П. С. Выготский, Н. Е. Леонтьев, В. Давыдов, Е. Е. Кравцова, Е. И. Сапогова) ; мектеп жасына дейінгі кезеңді кезеңдеу теориялары (Д. Эльконин, Р. Буре, В. С. Мухина, Е. Костикова), 12 жылдық білім беру және мектепалды даярлық туралы нормативтік құжаттар(«ҚР білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы», «ҚР үздіксіз білім беру тұжырымдамасы» - 2004, «Қазақстан балалары» бағдарламасы - 2008, «Балапан» бағдарламасы - 2010) .
Зерттеу әдістері: тақырып шеңберінде қарастырылатын мәселелерге байланысты зерттеулерге ғылыми-теориялық талдау жасау әдісі, алынған нәтижелерді өңдеу, жинақтау әдісі, эмпирикалық материалдарды психологиялық талдау әдісі, эксперименталды-практикалық әдістер (тест, психогимнастика, психотренинг; психодрама, аутотренинг, арттерапия, ертегі терапиясы, психологиялық жаттығулар және ойындар) ; эксперименттік деректерді сандық және сапалық өңдеу әдістері.
Зерттеудің теориялық мәнділігі: 12 жылдық білім беру жағдайында мектепке психологиялық даярлықтың ғылыми-теориялық аспектілері ашылды.
Зерттеудің практикалық маңызы: 12 жылдық білім беру жағдайында мектепалды даярлықты жетілдірудің тәжірибелік-психологиялық жолдары анықталды.
Зерттеу базасы: Ш. Смаханұлы атындағы № 44 орта мектептің мектепалды шағын орталығы
Диплом жұмысының көлемі және құрылымы: зерттеу кіріспеден, екі тараудан, тарау тұжырымдарынан, қорытындыдан және әдебиеттер тізімінен тұрады; жалпы көлемі 61 бет.
І ТАРАУ 12 ЖЫЛДЫҚ БІЛІМ БЕРУ ЖАҒДАЙЫНДА МЕКТЕПАЛДЫ ДАЯРЛЫҚТЫҢ ҒЫЛЫМИ-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ
1. 1 Баланы мектепке психологиялық жағынан даярлау маңызы
«ҚР білім беруді дамытудың 2011-2020жж арналған Мемлекеттік бағдарламасы» мен Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңының талаптарына сәйкес, мектепалды даярлық мәселесі қайта жандандырылуда. Бұл игі шараның үлкен жетістігі баланы заманауи талаптар тұрғысынан дамыту ісінің мақсатты түрде, жоспарлы әрі қарқынды жүргізіле бастауында. Мектепке даярлық деңгейін анықтауда басшылыққа алынатыны, көбінесе, оқу және жазу іскерліктерінің шамасы. Ал, баланың жаңа ортаға түсуіне байланысты көңіл-күйінің сипаты; сынып-сабақтық жүйеге төзімін білдіретін еріктік қасиеттері; жазба білімдерді қабылдап, игеруге қажет таным процестерінің даму деңгейлері тексеріле бермейді. Бұдан шығар қорытынды - баланың мектептегі оқуға даярлық көлемінің педагогикалық тұрғыдан қарастырылатындығында.
Психологиялық сөздікте "мектепке психологиялық даярлық" ұғымын былай анықтайды: баланың мектептегі оқуды табысты бастауы үшін қажетті психикалық сапалар кешені. Ол мектеп пен оқуға жағымды қатынастан (мотивтік даярлық) ; мінез-құлықтың ырықтылығының барынша жоғары деңгейінен (еріктік даярлық) ; білім, іскерлік, дағдының белгілі бір қоры мен таным үрдістерінің даму деңгейінен (ақыл-ой даярлығы), сондай-ақ үлкендермен және кұрдастарымен өзара қарым-қатынас орнатуды, сынып ұжымы өміріне араласып кетуді, бірлескен әрекетті орындауды қамтамасыз ететін адамгершілік сапалардың қалыптасуынан тұрады. Баланың мектепке даярлығы оқып-үйренуді құрайтын біртұтас сапалар жиынтығынан тұрады деген тұжырымды қуаттайтын психологтар А. В. Запорожец, А. Н. Леоньтев, В. С. Мухина, Л. А. Венгер мектепке даярлық ұғымына баланың оқу тапсырмасын түсінуін; орындау тәсілдерін меңгеруін; өзін-өзі бағалай және бақылай алуын; мұғалімді тыңдап, материалды еске сақтау қабілеттерін жатқызады
Мектепке психологиялық даярлық бала өмірін оның табиғи қажеттіліктері мен әуесқойлықтарын қанағаттандыратындай етіп ұйымдастыруды, жаңа білімдер мен жаңа қызығушылықтардың қалыптасуы үшін, баланы үнемі жаңалықтармен қамтамасыз етіп отыруды көздейді. Бұл туралы И. В. Дубровина былай дейді: «мектептің 1-сыныбына барынша жақсы даярлықпен келетіндер - мектепке дейінгі кезеңде отбасында, бала бақшада жүйелі түрде үйрету жұмыстары жүргізілген балалар. Оқушының 1-сыныптың басындағы оқу үлгеріміне мұғалім де, , бағдарлама да емес, баланың мектепке даярлығы әсер етеді, сондықтан баланы дер кезінде мектепке даярлай білу керек; бірақ "даярлық" сыртқы сипатқа: баланың оқи, санай білу іскерлігі, сұрақтарға жауап бере алуы, т. б. емес, белгілі бір психологиялық ерекшеліктерге: мектептік оқуға қатынасы, танымдық белсенділігі, көңіл-күйінің тұрақтылығы т. б. негізделе жүргізілуі қажет», - деп қорытындылайды [27] .
Мектептегі оқуға психологиялық даярлық мәселесіне арналған зерттеулерде, мектептегі оқу мазмұны мен шарттарына баланың психикалық дамуының сәйкестігі қарастырылады. Бірақ, бұл мектепке психологиялық даярлық мәселесінің жалпы көрінісі. Осы тақырыпты зерттеумен айналыстын әр ғалым бұл ұғымға түрліше анықтама береді. Мәселен, В. Д. Шадриковтың зерттеуінде "мектепке психологиялық даярлық, бір жағынан, ағза мен психика дамуының генетикалық бағдарламасымен анықталса, екінші жағынан, баланың жеке тәжірибесі мен білімдер қорымен өлшенеді. Мұндағы мәселе - биологиялық даму мен психикалық дамуды қатар қарастыруда емес, оларды салыстыруда да емес, біртұтас зерттеуде", - делінеді [28] .
Н. Н. Лобанова мектепке психологиялық даярлық ұғымы құрамына мотивтік, эмоциялық-еріктік, танымдық сапаларды жатқыза отырып, мектепке психологиялық даярлық нақты тапсырмаларды орындау іскерлігімен емес, мектеп талаптарын орындауға негіз болар алғышарттар қалыптасуымен сипатталатынын атап көрсетеді. Және де, даярлықтың әр құрылымы ырықты түрде емес, балаға мектеп ұсынатын талаптар арқылы анықталатынын көрсетеді [29] .
Ал енді бір зерттеулер тобы, мектепке психологиялық даярлықты даму дағдарысының нәтижесімен байланыстыра қарастырады. «Ойыннан ішкі үрдістерге өту жолы - дамудың басты жолы; осы байланысты кім түсінсе, сол балалық шақтан мектептік кезеңге өтудегі ең бастыны ажырата алады» - деп, Л. С. Выготский атап көрсеткен. Баланың ойын әрекетінен оқу әрекетіне ауысу барысы өтпелі кезең, яғни «7 жас дағдарысы" деп аталған. Л. С. Выготский мектепке психологиялық даярлықтағы негізгі нәрсе білімдер мен ұғымдардың сандық қоры емес, психологиялық әрекеттің жаңа сапасы екендігін, ал мұндай жаңа құрылымдар баланың бүкіл психикалық өміріне өзгеріс әкелетін жинақтай алу жүйесінің пайда болуы екендігін негіздеді. Кейіннен, осы тұжырымды басшылыққа ала отырып, ғалымдар Л. А. Венгер, Г. Л. Выготская баланың жинақтап, топтастыра алу ұғымының қалыптасуын анықтау әдістемелерін жасады [30] .
Баланы мектепке психологиялық тұрғыда даярлау процесінің маңызы - оның оқушы позициясына жылдам әрі оңай бейімделіп, психикалық дамуы сапалы өзгерістермен толығып, жеке тұлға ретінде мазмұнды қалыптасуына негіз болатындығымен анықталады. Баланы мектепке психологиялық тұрғыда даярлау мәселесін ең алғаш көтерген белгілі дидакт К. Д. Ушинский болды: "Мектептік оқуға дайын бала - оқығысы келу тілегі мен іскерлігімен, ұзақ уақыт бойы зейінін шоғырландыра алу қабілетімен, дағдыланбаған жағдайда баяу меңгерілетін нәрселерді жылдам игеретіндігімен сипатталады". Бұл - мектепке барар баланың психологиялық даярлық сапасын дөп басып көрсете алуымен ерекшеленеді. Мәселен, осы күнгі мектепке даярлық мазмұнын құрайтын мотивтік даярлықты "оқығысы келу тілегі"; танымдық даярлықты "'зейінін шоғырландыру", "материалды игеру" ұғымдары арқылы белгіленген [31] .
Мектепке даярлық мәселесін, мектеп талабынан бөліп қарастыра отырып, А. Н. Леонтьев, мектептегі оқудың баланың есіне, қабылдауына және тілінің дамуына, яғни психикасының даму деңгейіне талап қоятындығын атап көрсетеді. Осы тұжырым негізінде бала психикасын тануға арналған зерттеулер жарық көре бастайды: Истомина З. М. - ырықты ес процесінің дамуы, Запорожец А. В. - ерікті қозғалыс процесінің дамуы, Мануйленко З. Б. - ырықты мінез-кұлық дамуы. Осы зерттеулер негізінде жатқан теориялық ой, яғни - психикалық әрекеттің ырықты процесстері үнемі әрекет ретінде қалыптасатындығы ендігі жерде баланың психикалық дамуын зерттеуде түбірлі мәнге айналды [32] .
Мектептегі оқуға даярлық мәселесінің психологиялық мазмұны 1960-жылдардың басында қалыптаса бастады. Ол мектепке дейінгі кезеңде тәрбие ықпалының негізінде қалыптасатын психиканың сапалық ерекшеліктері болып белгіленді. Сол кездегі зерттеулер барысында алынған жаңа құрылымдар былайша жіктелді: бұрын жеке-дара көрінетін психикалық әрекеттердің жүйеге топтастырылуы (Л. С. Выготский), психикалық процестердің ырықтылығы, яғни саналы түрде мақсатқа бағытталуы мен меңгерілуі (А. Н. Леонтьев), мотивтік-қажеттілік саласының жаңа сапалық құрылымы мен мазмұны (Л. И. Божович), "Өзіндік сананың" пайда болуы; оның құрылымында ерекше мәнге ие болатын өзіндік баға (Д. Б. Элъконин) . 1960-жылдардың басына дейінгі кезеңде мектептік оқуға даярлық мәселесі педагогикалық талап тұрғысынан ажыратылып, психология ғылымының зерттеу нысаны ретінде қарастырылу сипатына ие болды. Осы мерзімде жүргізілген зерттеулер нәтижесінде "мектепке психологиялық даярлық" ұғымы қалыптасты. Мектепке психологиялық даярлық мазмұны болып, әлі толық ашылмаған жаңа құрылымдар белгіленді, олар әлі күнге дейін өзекті болып табылады [33] .
Бастауыш білім жүйесінің өзгерісі кіші мектеп оқушыларының оқу әрекетін қарқындандыруға әкеп соқты. 1970ж. бастауыш оқу мерзімінің өзгеруімен және оқу материалының толықтыру мен жүйелену деңгейінің көтерілуімен, мектепке психологиялық даярлық мәселесінің зерттелу жағдайы күрт жоғарылады. Ол, өз кезегінде, бала бақша мен мектеп арасындағы сабақтастықтың нығаюына түрткі болса, екінші есепте балалардың мектепке психологиялық даярлығы мәселесіне жаңаша қарауға итермеледі.
Жоғарыда шолу жасаған зерттеулердің мазмұнынан мектепке психологиялық даярлық тақырыбының балалар психологиясы мен педагогикалық психология ғылымдарында қалай туындағанын байқауға болады. Ал осы тақырып төңірегіндегі көзқарастар мен пікірлердің қайшылықтары мәселенің 1980-90 жылдардың өзінде әлі шешуін таппағандығын, жүйеленбегендігін дәлелдейді. Мәселенің шешімі - мектепке даярлаудағы психологиялық тұрғыны іздестірумен өлшенеді. 1984ж. Кеңестер одағының білім беру саласында реформалар жүргізілді. Мұндағы басты өзгеріс балаларды мектеп қабырғасына қабылдау жасымен байланысты еді. Осы жаңалыққа орай, балалар психологиясының жас ерекшеліктері мәселесімен айналысып жүрген ғалымдардың қалыптасқан қағидаларды қайта қарауына тура келді [34] .
Мектепке психологиялық даярлық диагностикасы пәнінің шетелдегі даму жағдайына тоқталар алдында мына дерекке назар аударайық: балаларды мектепке даярлау Ресейде 1970-жылдардан басталса, батыс еуропа елдерінде 1950-жылдардың өзінде-ақ жалпы сипатқа ие болған, ал оған қойылатын талаптар уақыт ағымымен өзгере түсуде. Батыс Еуропада баланың мектептегі оқуға психологиялық даярлығының диагностикасы тәжірибелік әрекет ретінде қалыптасты. 1920ж. Германияда мектепке барар баланы сынақтан өткізетін екі орталық жұмыс істеді: Лейпциг қаласындағы Винклер зертханасы мен Мюнхендегі Гуд және Пеннингтер орталығы. Олардың міндеті - мұғалімнің баланың ақыл-ой қабілеті туралы мүмкіндігінше әрі тез, әрі батыл түрде мәлімет алуына жағдай туғызу еді. Әр оқушыны жеке тұлға ретінде дамытып, қалыптастыру және дидактиканың белгілі бір міндеттерін шешуге күш салу мақсатында балаға құрылатын жеке оқу бағдарламалары үшін бұндай деректер күші бүгінгі таңда да өзекті [35] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz