Тасбақаның шөбі (әңгіме)


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 23 бет
Таңдаулыға:   

Тасбақаның шөбі

(әңгіме)

Сәті түсейін десе, бәрі оңынан орала кетеді екен. Әншейінде өз етегіне өзі сүрініп қапылып жүргенімен шайы қайнағанша еру ел көшін жөнелтіп, көшкен ел үйін тігіп үлгеретін борпы аяқ Сақыптың қара шайнегі сол күні ә дегенше бұрқ ете түсті. Таң атқанша ит арқасы қияннан бір-ақ шығатын зыр-зыбыл құла біреу әдейі қазықтап қойғандай ауылдың көк желкесіндегі қарағанды жүлгеге қадала қапты. «Асылы, жолым болады білем», - деп ойлады Қарабала, аяғын үзеңгіге салып жатып. Артынша қыл тізгіннен енді ұстай бергенде көңіліне: «Апырай, әлгі ойым күпірлік боп жүрмегей!» - деген күман қашқаны. Ішінен үш рет қайталап кәлима қайырды. Сосын: «Иә, алла, өзің жар бол!» - деп құланы бір тебініп қойды.

Міне екі-үш күн болды, керер таңды көзінен атқызды. Дүниеде ол үшін біреуден бірдеңе сұрағаннан қиямет ештеңе жоқ. Бетіңнің суын бес төккенде ала алсаң жақсы. Ал, алда-жалда талтаңдап кірген есігіңнен сүмпиіп құр қол шықсаң, одан асқан өлім бар ма? Құдайға шүкір, қара төс, қара балғаның арқасында өзіне жұрттың ісі түскенмен, өзінің жұртқа ісі түсіп жарымапты. Таң атқаннан күн батқанша ауылдың шетіндегі ұстаханадан шықпайды. Былайғы шалдар құсап, той-садақа жағаламайды да. Ара-тұра шақырушының көңілін жықпай, қаралы жерлерге баратыны рас. Ондайда оң жаққа өлік салып қойып, қайдағы-жайдағыны қозғап, сампылдап отырған көкімелерді көргенде қараптан-қарап зығырданы қайнайды.

Сөйткен, үйден шықпас, үндемес Қарабала енді міне, атқа қонды. Анау-мынау емес тура ауданның өзіне бармақ. Кеңсе жағаламақ . . .

Аза бойы қаза тұратын осы бір іске салып отырған әлгі ұрыншақ неме. Сорлы жиналыс болса тақтайға мініп тақылдап, қол қоятын ала қағаз болса алақанына түкіріп алдымен жүгіретін еді. Ауылға қанша бастық сайлансын мейлі, бәрімен елден бұрын Оңбай ұстасады. Кеңсенің маңында шаң-шұң шықса, ортасында Оңбай жүреді. Қанша көрсең де - әлдекімді жеті атадан бермен қарай сыбап келе жатқаны. Ол жағына келгенде ешкімге дес бермейді. Қазақшасының да, орысшасының да түбін түсіреді. Тігінші корей шал, осы ауылға келгелі бір жыл болған жоқ. Анада қоңыр күзде дүкеннің қасында Оңбай сонымен шүлдірлеп корейше боқтасып тұр.

Жуырда бұған баласын жүгіртіп жіберіпті. Табалдырығынан аттамай жатып шап еткені:

- Тумай кеткірлер, ағайын боп, амандығымызды да білмейсіңдер. Оңбайдың керегі айқайласып араларында жүргенде екен ғой. Омалып жатып қалғаныма жарты жыл болды. Ешқайсысың есіктен бас сұқпадыңдар. Қызын ұрайын мына бір қу таяққа асылып шойнақтап жүруге бұдан әрі қауқар қалмай барады. Өкімет біздерге машина беруге тиісті. Ауданға барып, сол шаруамды тиянақтап кел. Кеңседен кеңсе қоймай қырық қайтара кіріп, жарапазан айтып шықпасаң, бүгінде іс бітпейді. Олай етуге, өз бөксем өзіме жүк боп отырысым мынау. Аталарымыз бір кемпірдің көкірегін сорғанда сенен не көрем? Қу темірді бір күн тықытпағаннан ештеңең құрып кетпес, барып қайт. Егер осы айтқанымды істемейді екенсің, ертең мен өлгенде «Өй, бауырымдап» қоңқақ танауыңды қорсылдатып маңыма келдің бар ғой, қақ маңдайыңнан тарс еткізіп мына балдақпен бір қоям!

Қарабаланың қияқ мұрты бүлк ете қалды. Шіркіннің дәмесін қара, өліп жатып та жұрттың жағасына жармаспақ. Бірақ өзін аяп та отыр. Сылдырап сүйегі қапты. Аталастығына да сөз жоқ. Қыз алыспайтын жерлері. Оның үстіне бір жылы туған төл. Кішкентайынан ұрыншақ еді. Он беске келер-келеместе-ақ қызы бар үйлерге түнде тайлақ боп сүйкенетінді шығарған. Талай-талай ақ шұнақ шалдың таяғын да жеген. Соның бәрінен мертікпей аман қалып еді. Майданнан, міне, оң аяқты қыл түбінен қырқып беріп қайтты. Сыңар аяқтың өзімен-ақ ауылдың ол шетінен бұл шетіне сыдырады да жүреді. Үйіндегі алты жаман қараны былай қойғанда, осындағы үш-төрт жесір қатынның көлденеңнен тапқан балалары өңкей төстері қайқайып Оңбайдың аузынан түскендей.

Бала кезінде күрескенде жығылып қалса:

- Бәрібір Оңбайдың есебі түзу, - дейтін ол шалбарына жұққан топырақты қағып жатып.

Сол айтқанындай, азғантай шаруасы күні кешеге дейін шайқалмай-ақ келіп еді. Биыл қыс түсер-түспесте үйінен аттап шыға алмай жатып алғаны. Жасы ұлғайған соң ескі жара аруағына мінген сияқты. Оңбай төсек тартқалы кеңсенің маңы тыныш. Бірақ сөйлеп қалған ауыз үйде де қарап отырмайды. Әйтеуір «Оңбай өй депті», «Оңбай бұй депті» дүңк-дүңк жетіп жатады. Біреулер: «Өле алмай жатып сол ақсаққа не керек», - деп тыжырынса, біреулер: «Байғұс босқа жаманатты боп қайтеді», - деп мүсіркейді. Тыжырынатындар көп те, мүсіркейтіндер аз. Алысып-жұлысып әзер ер қара боп жүрген неме жарақатымен жағаласқалы азғантай күйінен көрер көзге айырылып барады. Балалары қақшаңдаған әкесіне тартпай, балағын жинай алмай жүрген шешесіне тартып туған. Өңшең бір аузынан сөзі түскен бозым. Үлкен ұлы шофер еді. Аяқ астынан айырылып қалды. «Бәрі менің мына жатысымнан. Балдағыма мініп, кеуде сүйретер дәрменім болса, ол бастықсымақтың өлген әкесін көкшірейтіп тұрып көзіне көрсетер ем ғой», - деп кіжінеді Оңбай. Өй демедің бе, бүй демедің бе деп баласын боқтайды. Онысы тұмсығының астынан естілер-естілмес қып: «Көке, қойшы!» - деп міңгірлейді. Қазір салпаңдап алыстағы отарға сақманшы боп кетті.

Ол бозымбайдан ештеңе шықпайтын болғасын бұны шақыртқан ғой. Ылғи құрдас қып иықтайды да жүреді. «Маңдай теріңді қанша ағызсаң да, анау ауыл қыдырып, карта ойнаған Қалиға жете алмайсың. Қойды қатын-баласына бақтырады да, абырой-атақты өзі иемденеді. Танауын кертитіп, қай жерін көрініске қоятынын Алматыға, Москваға көрмеге ылғи сол барады. Барған сайын кілем арқалап, үнді шайын үйіп қайтады. Өңшең игі жақсылардың сөзін сол естиді. Сен болсаң күні бойы қара тас пен қара балғаның атысын тыңдайсың».

Осы жасында Қарабала ауданға осымен екінші рет ат ізін салып отыр. Баяғыда соғыс басталған жылы жігіттермен бірге военкоматқа барған. Тізең шығып кеткен деді ме, тобығың қисық біткен деді ме, әйтеуір әскерге жарамай қалды. Оның бер жағында көрші ауылдағы қайын-жұртына екі-үш рет соқты. Содан басқа ауылынан аттап шығып отырғаны осы. Шыққан құрлы да жүрегінің басы май ішкен кісідей кілкіп келеді. Оңбайдың аузына іліккен кісінің оңды сөз естуі қиын еді, содан ба, әлде өздері де айтса айта қалғандай ма, бара жатқан кеңселерінің қожайындары да өңшең бірінен-бірі өткен белгілі бегейлер көрінеді. Біреуі - қақпан торыған қара тазыдай жемсауы бүлкілдеп тұратын жылмаңтөс жұтыр дейді. Екіншісі - туған әкесі келсе де, есігінің алдында екі сағат мөлитпей, табалдырықтан аттатпайтын аспандаған төре дейді. Үшіншісі - аузын қу шөппен сүрткен, бардың өзін жеті қат жердің астына жасырып қойып, қолыңа ұстап барған қағазыңның әр әрпіне сығалап қарайтын заң сапырған залым дейді. Оңбайға айтқызсаң, ауданның басында көзіңді қысып, саусағының арасына бір сарқұлақты қыстырып жіберсең тамақты алдыңа тау қылып үйіп, тентек суды кеңірдегіңнен келтіретін дарылдақ шайханашы қатыннан басқа іліп-алар адам жоқ секілді. Сөйте тұра, әлгіндей зымыстаннан көлеңдетіп мініп жүретін машина әкеп бер дейді. Ақ тауды айырып, қара тауды қайырып, жұрттың бермесін тартып әкелетін ондай құдіретті бұған кім беріпті! Ағайын ғой, ең болмаса, атыңның бір ащы терін қимадың деп өкпесі қара қазандай болады ғой деп, атқа амалсыз қонды.

Кісі мінсе кібіртік, бос жіберсең су аяқ құла жусан санатар мыжың жүрісіне сап, мимырт басады. Сала құлаш резіңке шыбыртқы Қарабаланың малынған ұзын жеңінің ішінде.

Ауылдың алдындағы қара жал қақырай сөгіліпті. Қайда қарасаң қарс айырылып жатқан жарық. Қайда қарасаң - шөп арасында әлдеқайда бөксесін сүйретіп тоңқаңдап бара жатқан тасбақа. Кешегі бір айқайдың ала шаңыты тасбақаның дауылы болды. Тұқшаңдаған немелер тұяқ дыбысын естігенде мойындарын іштеріне тығып бұға қалады да, сәл ұзасаң қайтадан тарбаңдай жөнеледі. Міне, керемет! Табаның орнындай бір үлкен жарықтан енді шыға берген тасбақа аяғы аспаннан кеп үйелеп қапты. Қыртыс-қыртыс қысқа мойнын әнтек созып, жан дәрмен тырбаң-тырбаң етеді. Аузында бір тал шөп. Бидайдың дәніндей екі шегір көз бетіңе бедірейе қарайды. Талай ғасырды басынан өткізген кәрі мыстан ат үстінде қорбиып отырған осы бір жалба тымақ қазақ қайтер екен деп сынап жатқандай.

Қарабала шыбын жаны көзіне көрініп азапқа түскен бейшараны етпетінен аударып салайын деп, шыбыртқысын созып еңкейе берді де, тасбақаның жазғытұрым жер астынан тістеп шыққан шөбін алған адамның қай қалауы да орындалады дейтін әңгіме ойына оралып атынан түсті. Қасына барды. «Біссімілә!» - деп шөпті алды. Инедей ғана бір тал шөп. Құмақтарда көп өсетін көсіктің сабағына келіңкірейді. Алақанына сап сипап көрді. Сосын көзі бақырайып үйелеп жатқан тасбақаны етпетінен аударды. Атына мінді. Анадай жерге барып артына бұрылды. Киелі тасбақа әлі бауыр көтере қоймаған қу жусандардың арасына қарай тырмыса жорғалап барады. «Апыр-ай, ә . . . Сенейін бе, сенбейін бе? Жаратқан иемнің сүйген құлы болғаным-ау! Қай қылығыммен жақтым екен!. . » Тосын күпті ойдан жүрегі алып ұшып барады. Манадан бері қинап келе жатқан. «Ауданға барып, ештеңе бітірмей қайтсам, Оңбай төбемнен құдық қазады-ау» деген күмән да жадынан шығып кетті. Алақанындағы жатқан бір тал шөпті әйелі: «Ауданға барасың ғой, ала қайт!» - деп тапсырған дәрінің қағазының арасына орап, қойын қалтасына салып қойды. Ұзын жеңнің ішінде тым-тырс жатқан резіңке-шыбыртқының китің құланың сауырынына қалай шып ете қалғанын қапелімде, өзі де аңғарған жоқ. Мимырт құла бүлкілдейін деді.

  • Қызыл азбан . . . Қыз бен жігіт бірігіп көмір қазған . . . Қарабаланың қара бұйра мұртын осы бір ызың сәл жыбырлатқандай болды. Көңілденгенде ылғи осылай. Оңбайдан естіген әлгі бір әрпіл-тәрпіл өлең жолы аузынан шығып кетеді. Жиын-тойда Оңбай әуелі жоқ жерден ілік шығарып, жанындағы біреумен керілдесіп алады. Сосын көйлектің жеңін шынтақтан асыра шиыршықтап түріп жіберіп, сілтейді-ай кеп. Жаңа ғана мәймеңдеп толып тұрған рюмка Оңбайдың қияқ мұртын бір сүзіп, түбі ағарып қайтып жатады. Біраздан соң әлгі дауда сөзден жеңілген болса, Оңбайдың көзі шытынап, шықшыты ойнап шыға келеді. Ал егер жеңіп шықса маңдайынан тер шығып бусанған соң, орнынан сыңар балдаққа сүйеніп қарғып тұрады да, шүпілдей арақ толы стакан ұстаған сол қолын бір сермеп қап, ащы дауыспен шырқап қоя береді:
  • Қызыл азбан!. .

Дастарқан басындағы әйел жағы жырқ-жырқ күле бастайды. Қарабала сол не қылған қызыл азбан екеніне, оның қайдағы бір қыз бен жігітке қандай қатысы бар екеніне, ал әлгі екі мұндарға заманның тынышында бірігіп көмір қазатындай не күн туып жүргеніне - түгіне түсінбейді. Мұнда осынша жырқылдап күлетіндей не тұрғаны тіпті миына кірмейді. Әйтеуір, осы бір еш қисыны келіп жатпаған екі-үш ауыз сөз жадында мықтап орнығыпты. Әлдеқалай бірдеңеге көңілденсе, Оңбай айтқандағыдай, жұрттың шек-сілесін қатыратындай боп ойнақтап шыға келмейді, кесір құланың мына бір ұйқыңды келтіретін сылбыр бүлкегіндей тым ынжық естіледі. Өзі бірақ соған да мәз. Ән жарықтықтың шыжыған шілдеде кенезең кеуіп келгенде тартып жіберген бір зерең мұздай шалаптай өн бойыңдағы барша зілді құлан таза қуып шығатын бір қасиеті бар-ау . . .

Қарабаланың әкесі ылғи жалғыз үй отыратын түйеші еді. Бұл да жұртты көрсе әке-шешесінің артына тығылып, ұялшақ боп өсті. Айдалада жападан-жалғыз ыңылдап келе жатқанын біреу-міреу естіп қап, ертең: «Білмейді екенбіз, Қарабала да оңашада қара өлеңді қайқайтады екен», - деп әжуа қып жүре ме деп төңірегіне жалтақ-жалтақ қарап қояды.

Көктемгі боз қылшық дала құлазып тұр. Төбеде қыста нілі тарқап, әлі өңі кіре қоймаған жадау аспан. Осынау ұлан-асыр кеңістікте қыбырлаған төрт аяқты бір өзі ғана екеніне масаттанғандай шілтік құла үсті-үстіне пысқырына береді.

Қарабала қараптан-қарап жымияды. Есіне қайдағы-жайдағы түсіп күледі. Ауыл советтің қақшаңдап қалған пысықай хатшысы әкесінің қолынан тартып алғандай қып, мұны мектепке ап кеткен-ді. Мектеп бұрын бір пірәдар кісінің бала оқытқан мешіті. Ақ бор тастан қиып салынған төрт құлақ кішкене үйдің ескі «ақ мешіт» атын өзгертіп, бүгінде «ақ мектеп» атандырған. Бірақ жұрт «ақ мешіт» те, «ақ мектеп» те демей, «ақ шкөл» дейді. «Ақ шкөлге» ойдан-қырдан жиырма шақты баланың басы құралыпты. Ішіндегі үлкендері он екідегі Оңбай мен Қарабала. Оңбай сабаққа жүйрік те, Қарабаланың онша маңдытып жатқаны шамалы. Есеп сабағында түйенің, жылқының, қойдың, ешкінің санын алып-қосқанда еш мүдірмейді, ал әлгі кітапта жазылатын сымға қонып отырған торғайларды, баудан үзіліп әкелінген жәшік-жәшік алмаларды, екі қаладан бір-біріне қарама-қарсы шыққан велосипедшілердің жылдамдығын есептеуге келгенде миы зеңіп жүре береді. Ал, Оңбай көк соққан көзін ашқаннан велосипед мініп, баудан алма теріп, ерінбей-жалықпай бағандардың сымына қонған торғайларды санап өскендей, «ал» десең де, «қос» десең де, «бөл» десең де, «көбейт» десең де аузы-аузына жұқпайды. «Ақ шкөлдің» білімін бір-ақ қақшып, көрші колхоздан жетінші класты бітірді. Қарабала көрші колхозға барып оқымақ түгілі «Ақ шкөлдің» азғантай оқуының өзін тауыса алмай, білімге күпті боп қалды. Оңбай кекілін бір жағына сұлата қайырып, мөлттей қара бешпент-шалбар, қайырма жаға ақ көйлек киіп қатқан жігіт боп шыға келді. Сулап тарайтын шашы да, ақсиған тісі де, күлімдеп тұратын көзі де, күнде бір тазалап қоятын былғары бәтіңкесі де қашан көрсең енесі жалап тастаған жас қозыдай жылтырап тұрғаны. Қарабала баяғы салпы етеқ жайдақ жаға. Ауылдағы кісі үрікпес қыз біткеннің Оңбайдан өлеңдетіп жазған хат алмағаны кемде кем. Ал, Оңбайдың қалтасы тола қыздар берген кестелі орамал. Алқалы жиын көрсе арқасы қызып кетеді. Көзі шоқша жайнап, екі беті бал-бұл жанып шыға келеді. Жиналыс атаулыдан сөйлемей қалмайды. Мерекелік жиналыс па, есеп беруге, қой қырқуға, шөп шабуға, мал төлдетуге, күйек алуға арналған жиналыс па - оған бәрібір. Басқарушы баяндамадан кейін-ақ соның атын атайды. Жұрт дуылдап қол соғады. Сол ду-ду бір ду-ду. Залда отырғандар да, төрде отырғандар да бастарын шайқап, таңдайларын тақылдатады. Жоғары жақтан келген өкілдер болайын деп тұрған өткір жас жігіттің қолын қысып, арқасынан қағады. Соғыс кеп қыстырылмағанда Оңбай болса болып та кетер еді. Соны ойлағанда Қарабаланың осы кезге дейін іші жидіп жүре береді. Құрдасы жұрттың аузына ілігіп жатқанда ешқашан іштарлық жасап көрген емес. «Оңбайды мақтамағанда кімді мақтайды, ондай жігіт қайда?» - деп ойлайтын ол. Бала кезінде әкесінің артына тығылатын Қарабала жігіт кезінде Оңбайдың қасынан бір елі ұзап шықпайды. Досына ел аузын ашып, көзін жұмып жатқанда анадайда екі езуі құлағына жетіп ыржия күліп тұрғаны. Дәрігерлер майданға жарамайсың деп қалдырып кеткенде де саптың алдында маңдайы сұп-сұр боп қалшиып қатқан да қалған Оңбаймен қоштасып жатқанда көзінің жасы бұршақ-бұршақ атып кетті. Оңбай ернінің ұшын ғана жыбырлатып, бұның қолын сілке қысып, состиып қала берген. Қарабала содан ауылға сүлдері құрып зорға жеткен. Көз алдынан Оңбайдың әлгі көгіс тартқан кең маңдайы кетпей қойған. Сүйектен қашап жасағандай сол бір сымбатты жігітті, өн бойында өртеніп тұрған от пен өнерді жауған оқтың астына жібере салу соншалықты обал көрінген оған. Әуелден-ақ былайғы өзекті жанды бір бөлек те, құрдасын бір бөлек санап өскен Қарабала қаз-қатар тізіліп тұрған қылқандай жастың ішінде тек жалғыз Оңбайды ғана аяған. Оңбай өлімге кеткенде, өзінің ауылда жүргеніне қатты ұялған. Жұрт: «Талай боздақ қан кешіп жүргенде мына жаман неменің озғанын-ай!» - деп мошқайды-ау деп, жан баласының көзіне түспейтін.

Содан төрт жыл бойы қызыл шоқ пен қара төстің қасынан бір елі ұзаған емес. Соғыс бітерден бір жыл бұрын Оңбай келді. Қарабала күйе-күйе ұстаханасынан сол күні ғана жарық барында шықты. Төрдің алдында құс жастыққа жантая сұлаған досын іргеге сүйеуді қос балдақты, босағадағы қисық табан сыңар етікті көргенде бойын билей алмай қалды. Әскер киімін киген соң тіптен көксұрланып алған досының қолынан ұстай бере абдырап отыра кетті.

- Иә, амансың ғой, - деді Оңбай әдемі қара мұртының бір қияғын саусағымен сипап.

Былайғы жұртқа ол сөз: «Ауылда жүрген сені қандай жау алсын» дегендей боп естілді ме, бір түрлі қозғалақтап қалды. Қарабала мән берген жоқ. Құрдасының шытынған қабағын өзінше ұқты. Кешегі елді аузына қаратқан ерке Оңбайға сыңараяқ боп шойнақтап қайтқан оңай ғой дейсің бе? Тостағандай қос жанарында маздап тұратын бұрынғы батылдық қазір бір өткір сұсқа, қаталдыққа айналғандай. Кім сөйлесе де тікесінен шорт кесіп тастап отыр.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Шығарма тақырыбы - жетпісінші жылдардағы ауыл өмірі
Мәтінді оқыту әдістемесі
Әбіш Кекілбаев шығармалары мол мұра
Әбіш Кекілбаев әңгімесіндегі адами қасиеттер
Жазушы шығармаларындағы ұлттық мінез бен қазақы болмыс
Оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру жолдары
Бастауыш сыныпта оқыту технологиялары арқылы балалардың шығармашылықтарын қалыптастыру
Әбіш Кекілбаев прозасы
Сын тұрғысынан оқыту
Бастауыш сынып оқушыларының танымдық ерекшеліктерін зерттеу жолдары
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz